2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының қалыптастырылу және жұмыс істеу тәртібі туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. НАЗАРБАЕВ
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының қалыптастырылу және жұмыс істеу тәртібі туралы
келісім
(2012 жылғы 13 маусымда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 4, 64-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (бұдан әрі - ҰҚШҰ және/немесе Ұйым) мүше мемлекеттер,
1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты және 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысын негізге ала отырып,
барлық Тараптардың Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 51-бабына сәйкес жеке немесе ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын мойындай отырып,
ұжымдық қауіпсіздік жүйесін коалициялық және өңірлік негізде қалыптастырылу принципін ескере отырып,
бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қарулы шабуылға (агрессияға), сондай-ақ басқа да қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге барабар ден қоюды қамтамасыз ететін ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру және жетілдіру жөніндегі іс жүзіндегі шараларды қабылдау қажеттігіне сүйене отырып,
халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудағы Ұйымның рөлін одан әрі нығайтуға, БҰҰ Жарғысының, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қабылданған принциптері мен нормаларының және қару-жарақты бақылау және әскери саладағы сенімді нығайту мәселелері жөніндегі халықаралық шарттардың негізінде жанжалдарды болғызбауда және реттеуде оның тиімділігін арттыруға белсенді және лайықты үлес қосуға өзінің ұмтылысын растай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мыналарды білдіреді:
"ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесі" - халықаралық құқық пен ұлттық заңнамаға сәйкес Тараптардың мүдделерін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын ұжымдық қорғауды қамтамасыз ететін ҰҚШҰ органдарының және Тараптардың ұлттық мемлекеттік басқару органдарының, сондай-ақ Тараптардың күштері мен құралдарының жиынтығы;
"ҰҚШҰ жауапкершілік аймағы" - ҰҚШҰ-ға мүше болып табылмайтын басқа мемлекеттермен ішкі суларды, аумақтық теңіз бен олардың әуе кеңістігін қоса алғанда, мемлекеттік шекара учаскелерімен (сыртқы шекаралармен) шектелген, шегінде Тараптардың ұлттық және ұжымдық қауіпсіздігінің мүдделері қамтамасыз етілетін Тараптардың аумақтары;
"ұжымдық қауіпсіздік өңірі" - бір немесе бірнеше Тарап аумағының геостратегиялық жағдайын ескере отырып қамтылатын, шегінде олардың ұлттық және ұжымдық қауіпсіздік мүдделері қамтамасыз етілетін ҰҚШҰ жауапкершілік аймағының бөлігі;
"әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасы" - арнаулы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдарын қоса алғанда, Тараптардың ҰҚШҰ шеңберінде көпжақты (ұжымдық) негізде құрған әскерлер (күштер) топтамасы;
"әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріккен) топтамасы" - Тараптар ұжымдық қауіпсіздіктің тиісті өңірінің шеңберінде екіжақты немесе көпжақты негізде құрған әскерлер (күштер) топтамасы;
"әскери контингенттер" - Тараптар әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріккен) топтамасының құрамына бөлген Тараптардың қарулы күштерінің бірлестіктері, құрамалары, әскери бөлімдері;
"арнаулы мақсаттағы күштердің құралымдары" - Тараптар әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасына бөлген ішкі істер (полиция) органдарының, ішкі әскерлердің, қауіпсіздік органдарының және арнаулы қызметтердің, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою саласында уәкілеттік берілген органдардың арнаулы мақсаттағы бөлімшелері (мамандар топтары);
"жеке құрам" - әскери қызметшілер, қауіпсіздік, ішкі істер (полиция) органдарының, ішкі әскерлердің, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою саласында уәкілеттік берілген органдардың қызметкерлері, сондай-ақ Тараптар бөлген әскери бөлімдерде, ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істейтін немесе әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріккен) топтамасы құрамына уақытша іссапарға жіберілген адамдар;
"біріккен (бірлескен) әскери жүйелер" - функционалдық қызметі бойынша біртекті және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау мақсатында Тараптар бөлетін күштер мен құралдардың жиынтығы;
"ұжымдық бітімгершілік күштері" - Тараптардың бітімгершілік контингенттері құрамынан бітімгершілік операцияларын жүргізу кезеңіне бөлінетін бөлімдер (бөлімшелер);
"төтенше жағдай" - адамдардың қаза табуына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған табиғи ортаға залал келтіруге, едәуір материалдық шығындарға және адамдардың өмір сүру жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан авария, қауіпті табиғат құбылысы, апат, дүлей немесе өзге де зілзала нәтижесінде қалыптасқан жағдай;
"төтенше жағдайларды жою" - төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін құтқару мен денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға залалдың және материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдай аймақтарын оқшаулауға, оларға тән қауіпті факторлардың әрекетін тоқтатуға бағытталған авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар.
2-бап
ҰҚШҰ ұжымдық күштері жүйесінің әлемге төнген қауіп-қатердің болғызбау және жою, соғыстар мен әскери жанжалдарды оқшаулау, бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қарулы шабуылдан (агрессиядан) бірлесе қорғану, басқа да қыр көрсетулер мен қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерлерге қарсы тұру, ал ол тұтанған (басталған) жағдайда - Тараптардың ұлттық және ұжымдық мүдделерін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын кепілді қорғауды қамтамасыз ету жолымен Тараптардың орнықты және жан-жақты дамуы үшін қолайлы бейбіт жағдайларды қамтамасыз ету мақсаты бар.
Осы мақсатты басшылыққа ала отырып, Тараптар:
бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қарулы шабуылды (агрессияны), өзге де қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерді барлық Тараптарға қатысты қарулы шабуыл (агрессия), өзге де қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлер ретінде қарастырады және өздерінің қарамағындағы барлық күштер мен құралдарды пайдалана отырып, тиісті қарсы шаралар қолданатын болады;
халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары мен принциптері негізінде барлық мемлекеттермен және одақтас мемлекеттермен өздерінің қарым-қатынастарын құрады, әскери саладағы сенім шараларын кеңейтуге жәрдемдеседі, соғыстар мен қарулы жанжалдардың болғызбауға бағытталған жүйелі саясат жүргізеді;
өңірлік және жаһандық деңгейде ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде әскери қауіп-қатерлерді болғызбау, оқшаулау және бейтараптандыру үшін әскери-дипломатиялық және өзге де әскери емес құралдарға басымдық береді;
ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастырады.
3-бап
ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің қалыптастырылуының және жұмыс істеуінің принциптері:
ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің қорғаныстық сипаты;
барлық Тараптар үшін ұжымдық қауіпсіздікті бөліп-жармау және қауіпсіздіктің тең деңгейі;
ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Тараптардың тең жауапкершілігі;
қарулы шабуылға (агрессияға) коалициялық және/немесе өңірлік негізде тойтарыс беруге Тараптардың қатысуын көздейтін өзін-өзі қорғау ұжымдылығы;
аумақтық тұтастықты сақтау, егемендік пен ұлттық мүдделерді құрметтеу, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау;
ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын Тараптардың арасындағы дауларды шешу үшін пайдалануға жол бермеу;
ұжымдық қауіпсіздік жүйесін коалициялық және өңірлік негізде қалыптастыру мен дамыту болып табылады.
4-бап
Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары:
бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қауіп-қатерді болғызбауға және қарулы шабуылға (агрессияға) тойтарыс беруге, қарулы акциялар мен жанжалдарды оқшаулауға;
халықаралық терроризмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының, қару мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы күресті қоса алғанда, Тараптардың қауіпсіздігіне қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру жөніндегі іс-шараларға;
әскери іс-қимылдарды жүргізу кезінде немесе осы іс-қимылдардың салдарынан туындайтын қауіптерден халықты қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауға, төтенше жағдайларды жоюға және төтенше гуманитарлық көмек көрсетуге;
Тараптардың мемлекеттік шекараларын, сондай-ақ мемлекеттік және әскери объектілерін күзетуді күшейтуге;
бітімгершілік операцияларына;
сондай-ақ ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындаған өзге де міндеттерді шешу үшін қатысуға арналған.
5-бап
ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құрамына:
ұлттық басқару органдарына бағынысты және ҰҚШҰ органдарының шешімі бойынша пайдаланылатын, Тараптардың ұлттық қарулы күштері мен басқа да әскерлерінің бірлестіктері, құрамалары, әскери бөлімдері мен бөлімшелері, сондай-ақ ішкі істер (полиция) органдарының, ішкі әскерлердің, қауіпсіздік органдарының және арнаулы қызметтердің арнаулы мақсаттағы бөлімшелері (мамандар топтары), Тараптардың төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою саласында уәкілеттік берілген органдарының құралымдары;
әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасы;
әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріккен) топтамалары;
біріккен (бірлескен) әскери жүйелер топтамалары;
ұжымдық бітімгершілік күштері кіреді.
Ресей Федерациясының стратегиялық ядролық күштері бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қарулы шабуылды (агрессияны) жүзеге асырудың ықтимал әрекеттерін тоқтату функциясын орындайды.
6-бап
Әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасын Ұйымның ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдарының үнемі әзірліктегі құрамдасы болып табылатын және ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға арналған арнаулы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдарын қоса алғанда, Тараптардың күштері мен құралдары құрайды.
Әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасының қалыптастырылу, жұмыс істеу тәртібін және құрамын ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды.
7-бап
Әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріккен) топтамасын ықтимал қарулы шабуылға (агрессияға) тойтарыс беру үшін бейбіт уақытта орналастырылған немесе қауіпті кезеңде өрістетілген ұжымдық қауіпсіздіктің тиісті өңірі Тараптарының қарулы күштері мен басқа да әскери құралымдарының басқару органдары мен әскерлері (күштері) құрайды.
Тараптың әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріккен) топтамалары ретінде:
ұжымдық қауіпсіздіктің Шығыс Еуропа өңірі әскерлерінің (күштерінің) өңірлік топтамасы (Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы Одақтас мемлекеттерінің шеңберінде қалыптастырылады);
ұжымдық қауіпсіздіктің Кавказ өңірі әскерлерінің (күштерінің) біріккен топтамасы (Армения Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы екіжақты келісімдердің негізінде қалыптастырылады);
ұжымдық қауіпсіздіктің Орталық Азия өңірі әскерлерінің (күштерінің) топтамасы (ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы екіжақты және көпжақты (өңірлік) келісімдер негізінде қалыптастырылады);
ұжымдық қауіпсіздік өңірлеріндегі (аудандарындағы) біріккен (бірлескен) әскери жүйелер топтамалары (ӘШҚ, барлау, байланыс, басқару және т.б.) қарастырылады.
8-бап
Біріккен (бірлескен) әскери жүйелер топтамалары Тараптар ұжымдық қауіпсіздік мүдделеріне бірлесіп пайдалану үшін функционалдық қызметі бойынша (әуе шабуылына қарсы қорғаныс, барлау, байланыс, күштерді (құралдарды) автоматтандырылған басқару, зымыран шабуылы туралы ескерту, химиялық радиациялық және биологиялық жағдайды бақылау, ғарыш кеңістігін және басқалар) біртекті ұлттық күштер мен құралдарының бір бөлігін ұйымдастырушылық-техникалық біріктіру жолымен қалыптастырады.
Біріккен (бірлескен) әскери жүйелердің негізгі міндеттерін, қалыптастырылу және қолданылу принциптерін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды.
9-бап
Әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріккен) топтамасы мен біріккен (бірлескен) әскери жүйелердің құрамын ұжымдық қауіпсіздіктің тиісті өңіріне кіретін Тараптар айқындайды.
Әскерлердің өңірлік (біріккен) топтамасы мен біріккен (бірлескен) әскери жүйелердің құрамына бөлінетін бірлестіктердің, құрамалар мен әскери бөлімдердің тізбесін ұжымдық қауіпсіздік өңірінің мемлекет басшылары бекітеді.
Қалыптасқан әскери-стратегиялық жағдайға қарай әскерлердің өңірлік (біріккен) топтамасы мен біріккен (бірлескен) әскери жүйелердің құрамына бөлінетін бірлестіктердің, құрамалар мен әскери бөлімдердің тізбесі ұжымдық қауіпсіздіктің тиісті өңірінің (ауданының) Тараптар күштері мен құралдары есебінен нақтылануы және толықтырылуы мүмкін.
10-бап
Бітімгершілік операцияларына қатысу үшін Тараптар олардың жұмыс істеуі тиісті Келісіммен регламенттелетін ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерін құрады.
11-бап
Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын жасақтау Тараптардың ұлттық заңнамасына, ҰҚШҰ шеңберінде қабылданған халықаралық шарттарға, ҰҚШҰ органдарының шешімдеріне және Тараптар қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Арнаулы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдары әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріккен) топтамасын, сондай-ақ біріккен (бірлескен) әскери жүйелерді өрістетуге және қолдануға шешім қабылданғанға дейін тұрақты орналасу пункттеріндегі ұлттық юрисдикция қарауында болады және олардың қойылған міндеттерді орындауға әзірлігінің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін Тараптардың тиісті министрліктері мен ведомстволарының тікелей бағынысында қалады.
Коалициялық және/немесе өңірлік (біріккен) топтама мен біріккен (бірлескен) әскери жүйелердің басқару органдары мен әскерлерінің (күштерінің) жауынгерлік әзірлігін ұстау мақсатында арнаулы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдарын жедел (жауынгерлік) даярлау ұйымдастырылады және жүргізіледі, ол келісілген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады.
12-бап
Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құрамы, оларды өрістету және қолдану мерзімдері туралы шешімді ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі бір немесе бірнеше Тараптың ресми өтінішінің негізінде қабылдайды.
Әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріккен) топтамасы мен біріккен (бірлескен) әскери жүйелерді өрістету жанжалдың басталуына тікелей ықпал ететін жағдайдың шиеленісуі кезеңінде тиісінше ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі немесе Ұжымдық қауіпсіздік өңірі ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мүшелері бекітетін, алдын ала әзірленген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады. Жоспардың құрылымын, мазмұнын, оны әзірлеу, сақтау және нақтылау тәртібін мүдделі Тараптардың қорғаныс министрлері және/немесе қауіпсіздік кеңесінің хатшылары айқындайды.
Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру, ұлттық құрамдастарды коалициялық және/немесе өңірлік (біріккен) қолбасшылыққа қайта бағындыру, әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасын және/немесе өңірлік (біріккен) топтамасы мен біріккен жүйелерді өрістету және қолдану тәртібі жекелеген ережелермен айқындалады.
13-бап
Әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріккен) топтамасының құрамына бөлінген Тараптар күштері мен құралдарын өрістетуге және қолдануға ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін іске асыру, оларды операцияларды дайындау мен өткізу кезінде басқару, Тараптардың мүдделі министрліктері мен ведомстволарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру үшін қолбасшылықтар құрылады.
Операцияны жүргізу үшін күштер мен құралдарды өрістетуге және қолдануға шешім қабылданған кезде әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасы қолбасшылығының жалпы санын, оны қалыптастыру, өрістету және орналастыру тәртібін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды.
Әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріккен) топтамасы қолбасшылығын қалыптастыру, қаржыландыру және оның қызметін ұйымдастыру тәртібін ұжымдық қауіпсіздіктің тиісті өңірінің Тараптары алдын ала айқындайды.
14-бап
Тараптар өздерінің арнаулы мақсаттағы күштерінің әскери контингенттері мен құралымдарын техникалық және тылдық қамтамасыз етуді дербес жүзеге асырады, материалдық құралдар қорларын жасайды және белгіленген тәртіпке сәйкес келісілген нормаларға дейін толықтырады. Техникалық және тылдық қамтамасыз етудің өзге тәртібі Тараптардың келісімі бойынша әрбір нақты жағдайда белгіленуі мүмкін.
15-бап
Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийдің тиісті жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім күшіне енгеннен бастап 2001 жылғы 25 мамырда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі туралы хаттама қолданысын тоқтатады.
16-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкін даулы мәселелер мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.
17-бап
Осы Келісімге Тараптардың кез келгенінің ұсынысы бойынша және басқа Тараптардың келісімімен оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Келісімнің 15-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның расталған көшірмесін жолдайды.
Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін
Орыс тіліндегі мәтінге сәйкес мемлекеттік тілге аударылды.
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлігі
Халықаралық ынтымақтастық
департаменті бастығының
орынбасары
полковник Ә. Кулбаев
Көшірмесі дұрыс:
ҰҚШҰ Хатшылығы
Құқықтық бөлімінің бастығы
_________________ К. Голуб
2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының қалыптастырылу және жұмыс істеу тәртібі туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық департаментінің
Басқарма бастығы Д. Есентаев