Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери мақсаттағы өнім жасауға қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 23 сәуірдегі № 13-V Заңы

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери мақсаттағы өнім жасауға қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери
мақсаттағы өнім жасауға қатысатын кәсіпорындар мен
ұйымдардың мамандануын сақтау туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (бұдан әрі - ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер,
      қалыптасқан өндірістік және ғылыми-техникалық кооперация базасында әскери мақсаттағы өнімді жасау саласындағы ынтымақтастықты қолдау мен дамыту қажеттігін мойындай отырып,
      Тараптар өнеркәсібі қорғаныс салаларының ықпалдасуын ұзақ мерзімдік негізде дамытуға өзара ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттер арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы 2000 жылғы 20 маусымда қол қойылған келісімнің ережелерін дамыта отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар ұйымдастырушылық-құқықтық және меншік нысанына қарамастан, екі жақты өндірістік және ғылыми-техникалық кооперация шеңберінде әскери мақсаттағы өнім (бұдан әрі - ӘМӨ) жасауға және ол үшін қажетті материалдар мен жартылай фабрикаттар, жиынтықтаушы элементтер мен бұйымдар, мүлкі мен қосалқы мүлік беруге, сондай-ақ әскери мақсаттағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау бойынша қажетті жағдайды қамтамасыз етеді.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай мағыналары бар негізгі терминдер қолданылады:
      «ӘМӨ өндіру» - кәсіпорындардың ӘМӨ-ні регламенттеу жұмыстары мен жаңғыртуды, сондай-ақ кәдеге жаратуды қоса алғанда, әзірлеу, дайындау, пайдалануды қолдау жөніндегі қызметі;
      «материал» - бұйымды дайындауды немесе пайдалануды қамтамасыз ету үшін қолданылатын бастапқы еңбек заты;
      «жартылай фабрикат» - жеткізуші кәсіпорынның тұтынушы кәсіпорында қосымша өңделуге немесе жиналуға тиісті бұйымы;
      «жиынтықтаушы элементтер мен бұйымдар» - өнім беруші кәсіпорындар шығаратын және дайындаушы кәсіпорындар шығаратын бұйымдардың құрамдас бөліктері ретінде қолданылатын элементтер мен бұйымдар;
      «оқу мүлкі және қосалқы мүлік» - оқу-материалдық база ретінде қолданылатын, сондай-ақ жеке құрам мен персоналды оқыту кезінде оны пайдалануды және жөндеуді қамтамасыз ететін материалдар, бөлшектер, тораптар, агрегаттар;
      «қабылдау» - ӘМӨ-нің оған белгіленген талаптарға сәйкес келуін тексеру және ӘМӨ-нің беруге және/немесе пайдалануға жарамдылығы туралы құжаттарды ресімдеу.

3-бап

      Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары мыналар:
      Армения Республикасынан - Армения Республикасының Экономика министрлігі;
      Беларусь Республикасынан - Беларусь Республикасының Мемлекеттік әскери-өнеркәсіптік комитеті;
      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
      Қырғыз Республикасынан - Қырғыз Республикасының Экономикалық реттеу министрлігі;
      Ресей Федерациясынан - Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі;
      Тәжікстан Республикасынан - Тәжікстан Республикасының Энергетика және өнеркәсіп министрлігі;
      Өзбекстан Республикасынан - Өзбекстан Республикасының Экономика министрлігі.
      Уәкілетті орган өзгерген жағдайда әр Тарап ҰҚШҰ-ның Бас хатшысын дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді, Бас хатшы бұл туралы қалған Тараптарға белгіленген тәртіппен хабарлайды.

4-бап

      ҰҚШҰ-ның Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясы Тараптар уәкілетті органдарының ұсыныстары бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер әскери-экономикалық ынтымақтастығының мүддесі үшін мамандануын сақтау орынды кәсіпорындар мен ұйымдардың тізбелерін (бұдан әрі - Тізбелер) қалыптастырады және Тараптар Үкіметтерінің бекітуі үшін оларды ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге жібереді.

5-бап

      Тараптардың Тізбелерде көрсетілген кәсіпорындары мен ұйымдары шығаратын ӘМӨ-ні өндірістен алу тәртібі мен мерзімін белгілеу, бұл кәсіпорындар мен ұйымдардың құрамын өзгерту, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдардың қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерін бірлесіп әзірлеуге және жасауға қатысуы туралы шешім қабылдау Тараптардың уәкілетті органдарының келісімі бойынша олардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6-бап

      ӘМӨ-ні жасау үшін қажетті материалдар мен жартылай фабрикаттарды, жиынтықтаушы элементтер мен бұйымдарды, оқу және қосалқы мүлікті беру, әскери мақсаттағы жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету екі жақты келісімдер (шарттар, келісім-шарттар) негізінде жүзеге асырылады.

7-бап

      Берілетін ӘМӨ-ні қабылдау және оның сапасын бақылау өнеркәсіптің қорғаныс салалары кәсіпорындарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы екі жақты үкіметаралық келісімдерге сәйкес, сондай-ақ қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған материалдарды, жартылай фабрикаттарды, жиынтықтаушы бұйымдарды, құжаттама мен ақпаратты беруші Тараптың алдын ала келісімінсіз үшінші мемлекеттерге, олардың азаматтары мен ұйымдарына, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға бермеуге (сатпауға) міндеттенеді.

9-бап

      Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес ӘМӨ-ні жасауға, бірлескен жұмыстарды орындау үшін қажетті көлемде жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге қатысты мәселелер бойынша ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
      Құпия ақпаратты құрайтын мәліметтерді өзара беру және қорғау 2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімге және Тараптар арасында жасалған екі жақты халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап

      Осы Келісім шеңберінде Тараптар бір-біріне берген немесе ынтымақтастық процесінде жасалған зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды пайдалану және қорғау тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды өзара қорғау туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

11-бап

      Осы Келісім өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

12-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

13-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін және осы Келісімнің 14-бабында көзделген тәртіпте күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарлама депозитарийге сақтауға тапсырылған күннен бастап күшіне енеді.
      Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийге тиісті құжаттар тапсырылған күннен бастап күшіне енеді.

15-бап

      Осы Келісім, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолданылу мерзімі ішінде қолданылады.
      Әрбір Тарап осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, шығу күніне дейін алты айдан кешіктірмей депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады.
      Мәскеу қаласында 2010 жылғы 10 желтоқсанда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның расталған көшірмесін жіберетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады.

      Армения Республикасы үшін           Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін          Тәжікстан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін         Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери мақсаттағы өнім жасауға қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады