Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 19 қазандағы № 45-V Заңы

      2011 жылғы 17 маусымда Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Қылмыстық icтep бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                    Н.НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы
Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенция

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі
      екі мемлекетті біріктіретін байланысты қолдауға және нығайтуға ниет білдіре отырып,
      қылмыстарды болдырмау, тергеу және соттық қудалау ісінде, әсіресе ұйымдасқан қылмысқа және терроризмге қарсы күресте екі мемлекет арасындағы аса тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,
      екі мемлекет арасында қылмыстық істер бойынша үйлестіруді және өзара көмек көрсетуді өз заңнамалары мен қағидаларына сәйкес жақсатруға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

I бөлік. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қолданылу саласы

      1. Осы Конвенцияның мақсаты екі Тараптың құзыретті органдары арасында қылмыстық істерге байланысты өзара құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттеу болып табылады.
      2. Осы Конвенцияның ережелері және өз заңнамалары мен қағидаларына сәйкес Тараптар бір-біріне қылмыстардың алдын алуда, тергеуде және қылмыстық қудалауда кез-келген құқықтық көмек, сондай-ақ осындай көмек қажет етілген кезде сұрау салушы Тараптың құқық қорғау органдарының құзыретіне кіретін қылмыстық процесс шеңберінде өзге де көмек көрсетеді.
       3. Осы Конвенцияға сәйкес көмек салықтарға, кеден баждарына, валюталық бақылауға және басқа да қаржы мәселелеріне байланысты қылмыстық әрекеттерге де қатысты көрсетіледі.
      4. Осы Конвенция:
      a) ұстап беру мақсатында адамдарды қамауға алуға немесе ұстап беру туралы сұрау салуға;
      b) қылмыстық істер бойынша, оның ішінде сотталған адамдарды  беру туралы сот шешімдерін орындауға;
      c) жекелеген адамдарға немесе үшінші мемлекеттерге тікелей көмек көрсетуге қатысты қолданылмайды.
      5. Осы конвенция Тараптар арасында өзара көмек көрсету мақсатында ғана жасалады. Оның ережелері жеке тұлғаларға айғақтарды алуға, алып қоюға, жасыруға немесе жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындауға кедергі жасауға қандай да бір құқықтар бермейді.
      6. Талап етілетін көмек сұрау салынатын Тараптың аумағында жасалған қылмыстық әрекет бойынша қылмыстық қудалаудың негізі болған мән-жай ретінде саралауға қажетті іздестіруді, қамауды немесе босатуды көздейтін жағдайларды қоспағанда, ол үшін негіз болған мән-жайдың сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыстық әрекет болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, көмек көрсетіледі.

2-бап. Орталық органдар

      1. Әрбір Тарап осы конвенцияға сәйкес жәрдемдесу туралы сұрау салуды жіберу және алу үшін тікелей жауапты болатын орталық органды тағайындайды.
      2. Бас прокуратура Қазақстанның орталық органы болып табылады.  Әділет министрлігі Испанияның орталық органы болып табылады. Тараптардың әрқайсысы көрсетілген орталық органды өзгертуге құқылы.
      3. Осы конвенцияның ережелерін тиімді іске асыру үшін орталық органдар жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау барысында туындайтын мәселелерді шешу мақсатында қазіргі заманғы технологияларды пайдаланып, бір-бірімен тікелей байланысып отырады.
      4. Тараптар, егер істің ерекше мән-жайларына байланысты қажетті деп есептесе, жәрдемдесу туралы сұрау салуды жіберу немесе алу немесе оны орындауға байланысты ақпаратты алу үшін дипломатиялық арналарды пайдалана алады.

3-бап. Көмектің қолданылу саласы

      1.Көмек:
      а) адамдардың орналасқан жерін анықтауды және оларды сәйкестендіруді анықтау;
      b) сот құжаттарын тапсыруды;
      c) дәлелдемелерді, оның ішінде вексельдерді, құжаттарды немесе мұрағаттарды алуды;
      d) заттарды іздестіруді және алып қоюды жүзеге асыруды;
      e) тікелей не бейнебайланыс арқылы куә және сарапшы айғақтарын, сондай-ақ айыпталушы айғақтарын алуды;
      f) сұрау салушы Тарапта өз еркімен келу үшін куәларға, сарапшыларға және айыпталушыларға хабарламалар жіберу;
      g) сұрау салушы Тарапқа жәрдемдесу мақсатында ұсталған адамдарды уақытша беруді жүргізуді;
      h) қылмыстардан түсетін табыстарды және осындай мақсаттарда пайдаланылатын құралдарды іздеуді, тоқтатып қоюды, тәркілеуді және оларға тыйым салуды;
      і) заттарды қайтару және сотта ұсыну үшін дәлелдемелерді  уақытша пайдалануға беруді қоса алғанда, мүлікті жеткізуді;
      j) сұрау салынатын Тараптың аумағындағы қылмыстар және қылмыстық сот ісін жүргізудің басталуы жөнінде ақпарат алмасуды;
      k) екінші Тарап азаматтарының соттылығына және криминалистикалық есепке алынуына қатысты ақпарат алмасуды;
      l) осы Конвенцияда көзделген және сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмейтін көмектің кез келген басқа да нысандарын қамтиды.
      2. Осы Конвенция оның 14-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарына сұрау салатын Тараптың аумағында осы Тараптың заңнамасына сәйкес оның құзыретті органдарына бекітілген функцияларды орындауына құқық бермейді.

4-бап. Көмек көрсетуден бас тарту

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапқа мынадай жағдайларда:
      а) жәрдемдесу туралы сұрау салу саяси сипаттағы қылмысқа қатысты болса бас тартуы мүмкін. Сұрау салынатын Тарап өзі қатысушысы болып табылатын халықаралық шартқа сәйкес саяси сипаттағы қылмыстар санатынан алынып тасталуы мүмкін деп есептей алатын террористік және  өзге де қылмыстар «саяси сипаттағы қылмыстар» ретінде түсіндірілмейді;
      b) жәрдемдесу туралы сұрау салу қылмыстық заңнамаға сәйкес қылмыс болып табылмайтын әскери қылмысқа қатысты болса;
      с) жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да маңызды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса;
      d) жәрдемдесу туралы сұрау салу адамды оның нәсіліне, дініне, ұлтына, этностық шығу тегіне, саяси көзқарасына, жынысына қарай немесе осы адамды кемсітушіліктің кез келген нысанына ұшырату ниетімен тергеуге немесе адамды қылмыстық қудалауға бағытталған немесе көрсетілген кез келген себептер бойынша осындай адамның жағдайына нұқсан келтірілуі мүмкін деп ойлауға елеулі негіздер болса;
      е) жәрдемдесу туралы сұрау салу айыптау шешіміне жүгінсе, яғни соның негізінде сұрау салынатын Тараптың аумағында сотталған, рақымшылық жасалған немесе ақталған адамға қатысты болса немесе егер ондай қылмыс сұрау салынатын Тараптың юрисдикциясы шегінде жасалып, мерзімнің өтуіне байланысты адам сотқа келе алмаса;
       f) жәрдемдесу туралы сұрау салу мәжбүрлеу шараларын көздеп, сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес айып болып тағылған әрекет немесе әрекетсіздік қылмыстық әрекет ретінде сараланбаса, бас тартуы мүмкін.
      2. Сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тараптың өлім жазасы үкімі шығарылмайтыны немесе шығарылған жағдайда да орындалмайтыны туралы жеткілікті деп есептейтін кепілдіктер бермесе, сұрау салушы Тараптың аумағында өлім жазасымен жазаланатын, бірақ сұрау салынатын Тараптың аумағында ол үшін өлім жазасы белгіленбейтін немесе қолданылмайтын қылмысқа қатысты жәрдемдесу туралы сұрау салуға сілтеме жасаса, сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуден бас тартады.
      3. Сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес өмір бойы бас бостандығынан айыруға немесе белгісіз мерзімге бас бостандығынан айыруға байланысты жазамен жазаланатын қылмысқа қатысты жәрдемдесу туралы сұрау салу болған жағдайда, сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тарапқа ондай жаза шығарылмайды немесе бас бостандығынан өмір бойына айырылмайды деп есептеуге жеткілікті кепілдіктер бере алмаса ғана, сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуден бас тарта алады.
      4. Егер сұрау салушы Тарап осы Конвенцияның 9-бабының ережелеріне сәйкес берілген материалды пайдалануға қатысты құпиялылыққа немесе қандай да бір шектеулерге байланысты шарттарды орындай алмаса, сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуден бас тарта алады.
      5. Егер жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тарапта жүргізіліп жатқан тергеуге немесе талқылауға кедергі жасауы мүмкін болса, сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуді кейінге қалдыра алады.
      6. Осы бапқа сәйкес сұрау салынатын Тарап көмек көрсетуден бас тартқанға немесе кейінге қалдырғанға дейін өзінің орталық органы арқылы:
      a) сұрау салушы Тарапқа бас тарту немесе кейінге қалдыру себептері туралы дереу хабарлайды;
      b) сұрау салынатын Тарап қажетті деп есептейтін мерзімдер мен жағдайларда көмек көрсету мүмкіндігін айқындау үшін сұрау салушы Тараппен консультациялар жүргізеді.
      7. Егер сұрау салушы Тарап осы баптың 6-тармағының b)-тармақшасында айтылған мерзімдер мен талаптарға сәйкес көмек көрсетіледі деп белгілесе, онда осы мерзімдер мен талаптар орындалуға тиіс.

II бөлік. ЖӘРДЕМДЕСУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУЛАР РӘСІМІ
ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ОРЫНДАУ

5-бап. Жәрдемдесу туралы сұрау салулар жөніндегі
құзыретті органдар

      Сұрау салынатын Тараптың құқықтық жүйесіне сәйкес жәрдемдесу туралы сұрау салудың мәні болып табылатын қылмыс үшін тергеуді және қылмыстық қудалауды жүргізуге құқығы бар тұлғалар осы конвенцияға сәйкес сол Тараптың жәрдемдесу туралы сұрау салулар жөніндегі құзыретті органдары болып саналады.

6-бап. Жәрдемдесу туралы сұрау салудың нысаны

      1. Жәрдемдесу туралы сұрау салулар құзыретті орган басшысының қолы қойылып, жазбаша түрде ресімделеді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда жәрдемдесу туралы сұрау салулар факс, электрондық пошта арқылы немесе кез келген басқа да тәсілмен берілуі және олардың мазмұнының жазбаша дәлелдемелерімен қамтамасыз етілуі мүмкін. Осы жәрдемдесу туралы сұрау салулардың санкциялануы олар жіберілген кезден бастап 10 күн ішінде құжаттың түпнұсқасымен расталады.
      2. Жәрдемдесу туралы сұрау салулар және оған қоса берілетін барлық құжаттар сұрау салынатын Тараптың тіліне аудармасымен қоса жүруге тиіс.

7-бап. Жәрдемдесу туралы сұрау салудың мазмұны

      1. Жәрдемдесу туралы сұрау салулар мынадай мәліметтерді:
      а) жәрдемдесу туралы сұрау салу қатысы бар тергеу, өндіріп алу немесе сот талқылауын жүргізетін органның атауын;
      b) аталған қылмыстың қысқаша сипаттамасын қоса алғанда, тексеру сот талқылауы немесе тергеу мәнінің және сипатының сипаттамасын;
      с) дәлелдемелердің, ақпаратты немесе сұратылған көмектің кез келген басқа түрінің барынша толық сипаттамасын;
      d) дәлелдемелер, ақпарат немесе көмектің кез келген басқа түрі сұратылатын мақсат туралы мәлімдемені олардың сол кезде тергеліп жатқан мән-жайлармен байланысын;
      е) тексеру немесе сот талқылауы негізделіп отырған өтінішті немесе тиісті заңдардың мәтіндерін қамтиды.
      2. Жәрдемдесу туралы сұрау салулар қажет болғанда:
      а) көмек сұратылған адамның жеке басы мен орналасқан жері туралы ақпаратты;
      b) осы адамның қылмыстық іспен байланысын көрсетуді және қажет болған жағдайда тапсырылған хабарлама немесе қабылданған өтініш рәсімделген нысанды көрсетуді;
      с) куәға қойылуға тиіс сұрақтардың тізбесін немесе куәдан жауап алынатын істің толық сипаттамасын;
      d) сұрау салушы Тарапқа шақырылатын, оларды алуға құқығы бар адамның шығындары мен өтемақылары туралы ақпаратты;
      e) тінтуге жататын орынның немесе адамның, алынуға жататын объектілердің және тәркіленуге немесе тыйым салынуға жататын мүліктің толық сипаттамасын;
      f) жәрдемдесу туралы сұрау салудың құпиялылығына қатысты талаптарды;
      g) жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау кезінде сұрау салушы Тарап орындалуын қалайтын кез келген арнайы әрекеттердің сипаттамасын;
      h) сұрау салынатын Тарапта жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындауға қатысатын сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының тізімін;
      і) жәрдемдесу туралы сұрау салу орындалуға тиіс мерзімді және аса шұғыл болған жағдайда негіздемені;
      j) жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау кезінде сұрау салынатын Тарап үшін пайдалы болуы мүмкін кез келген басқа да ақпаратты қамтуы мүмкін.

8-бап. Жәрдемдесу туралы сұрау салуларды орындау

      1. Жәрдемдесу туралы сұрау салулар тікелей сұрау салынатын Тараптың орталық органына жіберіледі, ол жедел түрде құзыретті органдарға орындау үшін береді.
      2. Сұрау салынатын Тарап жәрдемдесу туралы сұрау бойынша жауапты дайындауда едәуір кідіртуді тудыруы мүмкін кез келген мән-жайлар туралы сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.
      3. Осы Конвенцияның 4-бабының ережелеріне сәйкес сұрау салынатын Тарап жәрдемдесу туралы сұрау салуды қанағаттандырудың мерзімін ұзарту немесе одан бас тарту себептері және қажет болғанда, оның орындалуы үшін қажетті жағдайлар туралы да жедел хабарлайды.
      4. Жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау кезінде сұрау салынатын Тарап осы Конвенцияның 9-бабында баяндалған талаптарға сәйкес құпиялылықты сақтау үшін шаралар қабылдайды.

9-бап. Құпиялылық және ақпаратты пайдалануға шектеулер

      1. Сұрау салушы Тараптың сұратуы бойынша сұрау салынатын Тарап жәрдемдесу туралы сұрау салуға, оның мазмұны мен ілеспе құжаттарына және жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау кезінде қабылданған кез келген шараларға қатысты құпиялылықты сақтайды. Егер жәрдемдесу туралы сұрау салуды құпиялылықты бұзбай орындау мүмкін болмаса, сұрау салынатын Тарап ол туралы сұрау салушы Тарапқа хабарлайды, ал ол жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындаудың мүмкіндігін айқындайды.
      2. Жәрдемдесу туралы сұрау салуда көрсетілген сот ісін жүргізу немесе тексеру үшін дәлелдемелер мен ақпарат қажет болған жағдайларды қоспағанда, сұрау салынатын Тараптың жәрдемдесу туралы сұрау салуы бойынша сұрау салушы Тарап жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау кезінде алынған дәлелдемелер мен ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтайды.
      3. Сұрау салынатын Тарап жәрдемдесу туралы сұрау салудың орындауын ақпаратты немесе дәлелдемелерді пайдалануға байланысты белгілі бір шарттарға қарай негіздеуі мүмкін. Кез келген жағдайда сұрау салушы Тарап алынған дәлелдемелерді сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының алдын ала келісімінсіз жәрдемдесу туралы сұрау салуда көрсетілгеннен өзге мақсаттарда пайдалана алмайды.

10-бап. Қолданылатын заңнама

      1. Жәрдемдесу туралы сұрау салу сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес және осы конвенция шеңберінде орындалатын болады.
      2. Сұрау салушы Тараптың талабы бойынша сұрау салынатын Тарап  жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау кезінде жәрдемдесу туралы сұрау салуда көрсетілген тәртіп пен формалдылықты сақтайды, бұл ретте олар сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмеуге тиіс.

11-бап. Жәрдемдесу туралы сұрау салудың жай-күйі туралы ақпарат

      1. Сұрау салушы Тараптың орталық органының жәрдемдесу туралы сұрау салуы бойынша сұрау салынатын Тараптың орталық органы жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау тәсілдері немесе жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау кезеңі туралы ақпаратты орынды мерзімде жібереді.
      2. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы жәрдемдесу туралы  сұрау салуды орындау кезінде алынған нәтижелер туралы сұрау салушы Тараптың орталық органына дереу хабарлайды және көрсетілген орталық органға келіп түскен барлық ақпарат пен дәлелдемелерді жолдайды.
      3. Егер сұрау салынатын Тарап жәрдемдесу туралы сұрау салуды толық көлемде немесе оның бір бөлігін орындай алмаса, сұрау салынатын Тараптың орталық органы сұрау салушы Тараптың орталық органына осы мән-жайлар мен себептер туралы дереу хабарлайды.

12-бап. Шығыстар

      1. Сұрау салынатын Тарап жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді.
      2. Жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау кезінде жұмсалған күтпеген шығыстар болған жағдайда, сұрау салынатын Тараптың орталық органы сұрау салушы Тарапқа қаржыландырудың басқа да нысандарын ұсына алады.
      3. Кез келген жағдайда сұрау салушы Тарап сарапшылардың тиісті есептері, аудармалар үшін шығыстар мен қаламақыларды, арнайы рәсімдерді пайдалануға байланысты төтенше шығыстарды, сұрау салушы мемлекетке жіберілетін адамдардың іссапар және жол жүру шығыстарын осы конвенцияның ережелеріне сәйкес төлейді.

III бөлік. ЖӘРДЕМДЕСУ НЫСАНДАРЫ

13-бап. Хабарламалар

      1. Егер жәрдемдесу туралы сұрау салудың мақсаты сот шешімі туралы хабарламаны тапсыру болып табылса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары осы хабарламаны өзінің іс жүргізу заңнамасына сәйкес жеткізуге тиіс.
      2. Егер жәрдемдесу туралы сұрау салудың мақсаты заттарды немесе құжаттарды жеткізіп беру болып табылса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары өздеріне сұрау салушы Тарап осы мақсатпен жіберген заттарды немесе құжаттарды жеткізуге міндетті.
      3. Хабарламалар сұрау салынатын Тараптың заңнамасында көзделген тәсілдердің бірімен немесе егер ол оның заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салушы Тарапта көзделген тәртіппен ресімделеді.
      4. Жеткізіп беру оның күні, айы, жылы және адресаттың қолы қойылған алу туралы хабарлама арқылы немесе құзыретті органның рәсімді өткізуі арқылы расталады. Осы растау сұрау салушы Тарапқа жіберіледі. Жеткізіп беру мүмкін болмаса, себептері түсіндірілген хат жіберіледі.

14-бап. Сұрау салынатын Тараптағы келу

      1. Сұрау салынатын Тарап аумағында жүрген және мәлімдеме жасауға немесе айғақтар беруге, дәлелдемелер ұсынуға немесе сараптама қорытындысын беруге шақырылған кез келген адам сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарының алдында оның заңнамасына сәйкес келеді. Сұрау салынатын Тарап өз заңнамасына көзделген жазалау санкциялары қолданылуы мүмкін адамға сотқа шақыру қағазын жібереді.
      2. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сот талқылауы барысында өзі бақылау жасау арқылы жәрдемдесу туралы сұрау салуда көрсетілген сұрау салушы Тарап өкілдерінің қатысуын санкциялайды және  олардың сұрақтар қоюына құқық береді. Тыңдау сұрау салынатын Тараптың заңнамасында көзделген сот рәсімдеріне сәйкес немесе Сұрау салушы Тараптың жәрдемдесу туралы сұрау салуы бойынша арнайы тәсілмен жүргізіледі.
      3. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адам сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес иммунитетіне, артықшылықтарына немесе еңбекке қабілетсіздігіне сілтеме жасаса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындағанға дейін осындай сілтеменің заңдылығы туралы шешім қабылдайды және аталған шешімді орталық орган арқылы сұрау салушы Тарапқа жібереді.
      4. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адам сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес иммунитетіне, артықшылықтарына немесе еңбекке қабілетсіздігіне сілтеме жасаса, сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының тиісті шаралар қабылдауына мүмкіндік беру үшін сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы осы факт туралы оның орталық органы арқылы сұрау салушы Тарапты хабарлайды.
      5. Осы бапта көзделген жағдайларда сұрау салынатын Тарап жәрдемдесу туралы сұрау салуды орындау күні, айы, жылы және орны туралы сұрау салушы Тарапқа алдын ала хабарлайды. Құзыретті органдар қажеттілігіне қарай екі Тараптың құзыретті органдарына да ыңғайлы мерзімді белгілеу мақсатында орталық органдар арқылы бір-бірімен консультация жүргізеді.

15-бап. Сұрау салушы Тараптың органдарына келуі

      1. Егер Сұрау салушы Тараптың сот органдары айғақтар беру үшін куәнің, сарапшының немесе айыпталушының өз аумағына келуін талап етсе немесе түрлі сипаттағы ақпарат беруді талап етсе, бұл жәрдемдесу туралы сұрау салуда ескертіледі.
      Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары көрсетілген адамды  сұрау салушы Тараптың аумағындағы құзыретті органға келуге шақырады және мүмкіндігіне қарай оның берген жауабы туралы сұрау салушы Тарапты хабарлайды.
      2. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына келуге тиіс куәні, сарапшыны немесе айыпталушыны сотқа шақыру жөнінде жәрдемдесу туралы сұрау салуларды сұрау салынатын Тараптың орталық органы келу үшін белгіленген күннен бұрын алдын ала алуға тиіс.
      3. Осы бапта көрсетілген сотқа шақыру қағаздарында өндіріп алу шараларын немесе жазалау санкцияларын қолдану қаупі болмауға тиіс, керісінше жағдайда мұндай ережелер куә, сарапшы немесе айыпталушы келмеген кезде қолданылмайды.
      4. Жәрдемдесу туралы сұрау салуда сұрау салушы Тараптың құзыретті органдары өздері төлейтін жол жүру және тұру шығыстарын көрсетеді.

16-бап. Қамауға алынған адамдардың сұрау салушы
Тараптың органдарына келуі

      1. Сұрау салынатын Тараптың аумағында ұсталған осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес көмек көрсету мақсатында сұрау салушы Тараптың аумағында болуы талап етілетін, кез келген адам осы адаммен сұрау салынатын Тараптың орталық органы өзінің белгілі бір айқын келісімін берген жағдайда, сұрау салушы Тараптың аумағына тапсырылады. Егер ұсталған адам келісімін бермесе, оған қандай да бір санкциялар немесе жазалау шараларын қолдануға болмайды.
      2. Егер ұсталған адамның сол бір уақытта сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыстық іс бойынша болуы қажет етілсе, егер ұстап беру оны қамауда ұстау мерзімін ұлғайтуға әкеп соқтыруы мүмкін болса немесе егер қандай да бір себептер бойынша сұрау салынатын Тараптың орталық органы ұстап беруде орынсыз деп есептесе, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.
      3. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдары берілген адамды олардың мемлекетінің аумағында болған уақыты бойына қамауда ұстауға тиіс. Ұсталған адамның сұрау салынатын Тарапта өткізген уақыт кезеңі оны алдын ала қамау уақытынан немесе үкімнен алынып тасталады. Егер сұрау салынатын Тараптың органдары осы адам әрі қарай қамауда ұсталмауға тиіс деп сұрау салушы Тарапқа хабарласа, аталған адам тез арада босатылуға тиіс және оған қатысты осы Конвенцияның 15-бабының ережелері қолданылады.
      4. Сұрау салушы Тараптың органдары ұстап берілген адамды сұрау салынатын Тарап белгілеген мерзімде және егер сұрау салушы Тараптың аумағында оның одан әрі қарай болуы міндетті болмаса, кез келген жағдайда қайтарады.

17-бап. Бейнеконференция

      Тараптар әрбір нақты жағдайда көрсетілген талаптарға сәйкес бейнеконференция арқылы өтініштерді қабылдау туралы уағдаласа алады.

18-бап. Иммунитет

      1. Сұрау салушы Тараптың сот органдарына келуге шақырылатын бірде-бір куә немесе сарапшы өз азаматтығына қарамастан, оның сұрау салынатын Тараптың аумағынан кетуіне дейін орын алған әрекеттері немесе бұрынғы соттылығы үшін осы Тараптың аумағында айыпталуы, қамауға алынуы немесе кез келген басқа да бас бостандығынан айырылуы мүмкін емес.
      2. Сот талқылауына негіз болған оқиғалар үшін сұрау салушы Тараптың сот органдарына жауап беруге шақырылатын бірде-бір адам азаматтығына қарамастан, оның сұрау салынатын Тараптың аумағынан кетуіне дейін орын алған, шақыру қағазында көзделмеген әрекеттері немесе бұрынғы соттылықтары үшін осы Тараптың аумағында айыпталуы, қамауға алынуы немесе кез келген басқа да бас бостандығынан айырылуы мүмкін емес.
      3. Адам оның қатысуы талап етілмегеннен кейін сұрау салушы Тараптың аумағынан кетуге мүмкіндігі бола тұра, күнтізбелік 15 күн бойы аталған аумақтың шегінде қала берсе немесе одан кеткеннен кейін қайтып оралса, осы бапта көзделген иммунитет сол кезден бастап тоқтатылуға тиіс.

19-бап. Сақтандыру шаралары

      1. Тараптардың бірінің құзыретті органы өзінің орталық органы арқылы екінші Тараптың аумағындағы қылмыстың тікелей немесе жанама құралдары немесе нәтижелері болып табылатын активтерге қатысты сақтандыру шараларын белгілеу немесе қабылдау туралы өтініш жасай алады.
      2. Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасында көзделгендей, көрсетілген мүлікке қатысты сақтандыру шараларын қабылдайды.
      3. Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген шаралардың объектісі болып табылатын мүлікке қатысты адал үшінші Тараптардың құқықтарын қорғау туралы кез келген сұрау салуларды өзінің заңнамасына сәйкес шешуге міндеттенеді.
      4. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы мән-жайларға байланысты сұратылып отырған шараларды қолдану мерзімін шектейтін орынды мерзімдер белгілейді.

20-бап. Ерікті түрде ақпарат алмасу

      1. Тараптар қылмыстық істі қозғауда немесе тергеуде не сот талқылауын жүргізуде қылмыстық әрекеттерге қатысты ақпаратты пайдалы деп есептесе, жәрдемдесу туралы алдын ала сұрау салусыз, оларға қатысты ақпаратпен алмаса алады.
      2. Ақпаратты ұсынатын Тарап қабылдаушы Тараптың осындай ақпаратты пайдалануына қатысты талаптар қоя алады. Көрсетілген ақпаратты қабылдау оны қабылдаушы Тараптың оған қойылған талаптарды орындауға міндеттенетінін білдіреді.

21-бап. Қылмыстық істерді беру

      1. Егер Тараптар екінші Тараптың қылмысты тергеу және сот талқылауын жүргізу бойынша неғұрлым басым жағдайы бар деп есептесе, осы Тараптың құқық қорғау органдарының талқылауға бастамашылық жасауы мақсатында іс материалдарын өздерінің орталық органдары арқылы жолдай алады.
      2. Сұрау салынатын Тарап іс бойынша жіберілген материалдарға қатысты қабылданған іс жүргізу жөнінде сұрау салушы Тарапқа хабарлайды және қажет болған кезде қабылданған шешімдердің көшірмелерін жібереді.

22-бап. Түпнұсқалықты сертификаттау және тексеру

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшін орталық органдар арқылы жіберілген құжаттар түпнұсқалылығын растауды, тексеруді немесе кез келген басқа да осыған ұқсас формалдылықтарды талап етпейді.

23-бап. Консультациялар

      Екі Тараптың орталық органдары осы Конвенцияны неғұрлым тиімді орындауды қамтамасыз ету мақсатында консультациялар өткізеді және оны орындауға жәрдемдесу үшін қажетті практикалық шаралар туралы уағдаласады.

24-бап. Дауларды шешу

      Осы Конвенцияны түсіндіру немесе қолдану бойынша даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды орталық органдар арасында консультациялар жүргізу арқылы шешеді. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дипломатиялық арналар қолданылады.

IV бөлік. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

25-бап. Басқа халықаралық шарттармен немесе
ынтымақтастық нысандарымен үйлесімділігі

      1. Осы Конвенция Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес олардың бір-біріне жәрдемдесуіне кедергі болмайды.
      2. Осы Конвенция Тараптардың өз заңнамаларына сәйкес ынтымақтастықтың басқа да нысандарын дамытуға кедергі жасамайды.

26-бап. Күшіне енуі

      Осы Конвенция Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.

27-бап. Қолданылу мерзімі мен тоқтатылуы

      1. Осы Конвенция белгісіз мерзімге жасалады.
      2. Осы Конвенция Тараптардың бірі оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады. Осы Конвенцияның қолданысын тоқтату іс жүргізудегі жәрдемдесу туралы сұрау салулардың орындалуына әсер етпейді.
      ОСЫҒАН ОРАЙ, осы мақсат үшін өз үкіметтері тиісінше уәкілеттік берген төмендегілер осы Конвенцияға қол қойды.
      2011 жылғы 17 маусымда Астана қаласында әрқайсысы орыс және испан тілдерінде, екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасы             Испания Корольдігі
            үшін                               үшін

      2011 жылғы 17 маусымда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы конвенцияның мемлекеттік тілдегі мәтіннің орыс және испан тілдеріндегі мәтіндермен дәлме дәлдігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Бас прокуратурасының
      Халықаралық ынтымақтастық
      департаменті бастығының м.а.                     Ә.Нұрбеков

      2011 жылғы 17 маусымда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы конвенцияның куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                                 Н.Сәкенов

      РҚАО-ның ескертпесі! Бұдан әрі Конвенцияның испан тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады