2012 жылғы 25 қаңтардағы № 548–IV
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман
шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи
аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу
туралы» Қазақстан Республикасы Заңына
баспасөз релизі
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын 2010 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес аталған салалардағы заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірледі.
Заңмен 7 кодекс пен 4 заңға 200-ден астам өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Әзірлеу барысында Заң жобасы облыстардың әкімдіктерімен келісілді, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен талқыланды, ол бойынша ғылыми, экологиялық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамалар жүргізіліп, оң қорытындылар алынды.
Заңды қабылдаудың мақсаты:
Орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы қазіргі әлеуметтік және экономикалық жағдайлармен сәйкес келтіру;
көрсетілген салалардағы құқықтық қатынастарды одан әрі жетілдіру;
сыбайлас жемқорлық сипатындағы тәртіп бұзушылықтар туғызуы мүмкін құқықтық нормаларды жою;
қоғамдық қатынастардың ортақ нысанына – биологиялық әртүрлілікті сақтауға және пайдалануға ие үш заң нормаларының арасында нақты үйлесімділікке қол жеткізу болып табылады.
Заңсыз аң аулаумен, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесумен, жануарлар мен өсімдіктердің барлық түрлерінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстарға неғұрлым тиімді түрде қарсы түру үшін Қылмыстық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қылмыстық әрекеттер объектісі, қылмыс жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті міндетті түрде тәркілеу бойынша норма енгізілді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де осындай түзетулер енгізілді.
Жер заңнамасына енгізілген өзгерістермен Қазақстан Республикасы Үкіметіне Орман шаруашылығын жүргізумен байланысты емес мақсаттар үшін мемлекеттік орман қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру тәртібін белгілеу құзыреті берілді. Шоқ ормандар орналасқан жер учаскелерін есепке алу және кадастрға бөлу өлшемін белгілеу үшін әрбір жеке шоқ орманға емес, есептік орамға кадастрлық нөмір берілетін ұқсастыру құжатын тапсыруды көздейтін норма енгізілді.
Жекеше орман қорын дамыту үшін жер заңнамасына жекеше орман өсіру үшін мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне сауда-саттық пен аукциондар өткізбей меншік құқығын немесе оларды жалға беру жөніндегі тетік қолданылатын түзету енгізілді.
Орман кодексіне ерекше қауіпті орман зиянкестерімен және ауруларымен күреске республикалық бюджеттен қаражат бөлу тетігін көздейтін нормалар енгізілді, бұл ормандардың өспей қалу немесе жойылу қатерлеріне уақтылы және жедел шара қолдануға мүмкіндік береді. Жалды ормандар аумағында ағаштыҢ заңсыз кесілуіне жол бермеу мақсатында мемлекеттік орман табиғи резерваттарының күзет аймағына ағаш тілу құрылғыларын орнатуға тыйым салынды. Орман кодексіне орман қорын қорғау, күзетуді, пайдалануды, ормандарды молықтыруды және орман өсіруді қамтамасыз ету жүйесін нақтылайтын нормалар енгізілді, осы саладағы құқық қатынастарының барлық субъектілері осы нормаларға енгізілген. Сондай-ақ орман қорын қорғауды, күзетуді, пайдалануды, ормандарды молықтыруды және орман өсіруді қамтамасыз ету жөнінде жұмыс істеп тұрған республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың функциялары Заңмен бекітілді.
Орман кодексі жекеше орман өсіруді дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі жаңа 18-1-тараумен толықтырылды, мұның өзі өнеркәсіптік және энергетикалық мақсаттарда жекеше орман питомниктері мен плантациялық екпелер құруға және дамытуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді. Жекеше орман өсіруді мемлекеттік қолдау субъектілері Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғалары болып табылады.
Жеткіншек ұрпақтың бойында табиғатқа жанашырлықпен қарауды тәрбиелеу және орман бағытындағы мамандықтарға қызығушылықты қалыптастыру мақсатында мектеп орманшылықтарын ұйымдастыруға және дамытуға мүмкіндік беретін норма енгізілді.
Орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру кезінде объектілер салу мәселелерін реттейтін нормалар енгізілді.
«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда балық аулау мәселелері бойынша өзгерістер енгізілді, оларда орналасқан су айдындары, балық шаруашылығы су айдындары санатынан шығарылды. Заңмен Қазақстан Республикасының құзыреті өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін алуға шешімдер қабылдау, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің учаскелерін құрылыс объектілері үшін пайдалануға рұқсат беру қағидаларын, Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын жүргізу қағидаларын, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесін бекіту жөніндегі жаңа нормалармен толықтырылды.
«Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңға өзгерістер енгізілді, онда бүркіт пен ителгі секілді қыран құстарды алу мәселелері регламенттелген. Аңшылық ісін пайдаланушының қорықшылық қызметтің қызметкерлерін міндетті түрде қызметтік қарумен, байланыс құралдарымен, айырым белгілері бар арнайы киіммен, нөмірлі төс белгімен және қызметтік куәлікпен қамтамасыз ету жөнінде норма көзделген. Заңда жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында қызметпен айналысатын жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін қорғау мақсатында аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастықтарын, сондай-ақ балық аулаушылар мен балық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерін құру көзделген.
Заңды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2012 жылғы 20 наурыздағы № 57-ө өкімімен қазірдің өзінде негізінен қабылданған Заңға қосымша актілердің тізбесі бекітілді. Ол Үкіметтің 34 қаулысын және Ауыл шаруашылығы министрінің 29 бұйрығын қамтиды.
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылық министрлігі