Орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 17 ақпандағы № 563-IV Заңы

      1961 жылғы 26 қазанда Римде жасалған Орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н. НАЗАРБАЕВ

Орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың және хабар
тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы
халықаралық конвенция

      Уағдаласушы мемлекеттер орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау ниетімен мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Конвенция бойынша қорғау әдеби және көркем туындыларға авторлық құқықтарды қорғауды қозғамайды және оларға ешқандай зиян келтірмейді. Тиісінше, осы Конвенцияның бірде-бір ережесін осындай қорғауға зиян келтіретіндей түсіндіруге болмайды.

2-бап

      1. Осы Конвенцияның мақсатында ұлттық режим Уағдаласушы мемлекеттің ішкі заңнамасы беретін құқықтық режимді білдіреді, онда:
      (a) оның азаматтары болып табылатын орындаушыларға оның аумағында жүзеге асырылатын орындаушылықтарға, оларды эфирге немесе алғашқы рет жазуға беруге қатысты;
      (b) оның азаматтары болып табылатын фонограмма жасаушыларға оның аумағында алғашқы рет жазылған немесе алғашқы рет жарияланған фонограммаларға қатысты;
      (c) штаб-пәтерлері оның аумағында орналасқан хабар тарату ұйымдарына оның аумағында орналасқан хабар таратқыштардың көмегімен жүзеге асырылатын эфирге хабар таратуға қатысты қорғау талап етіледі.
      2. Ұлттық режим осы Конвенцияда ерекше ескертілген оны шектеуді көздейтін жағдайларда қорғау талаптарына сәйкес беріледі.

3-бап

      Осы Конвенцияның мақсатында:
      (a) «Орындаушылар» рөлде ойнайтын, ән салатын, оқитын, мәнерлеп оқитын немесе әдеби және көркем туындыларды орындайтын немесе қандай да бір жолмен орындауға қатысатын актерлерді, әншілерді, музыканттарды, бишілерді немесе басқа да адамдарды білдіреді;
      (b) «фонограмма» қандай да бір орындаушылықтың немесе басқа да дыбыстардың кез келген дыбыстық жазбасын ғана білдіреді;
      (c) «фонограммаларды жасаушы» орындаушылықтың немесе басқа да дыбыстардың алғашқы дыбыс жазбасын жүзеге асырған жеке немесе заңды тұлғаны білдіреді;
      (d) «жариялау» фонограмма даналарын жеткілікті мөлшерде көпшілікке ұсынуды білдіреді;
      (e) «қайта шығару» жазбаның бір немесе бірнеше даналарын көпшілік қабылдау үшін сымсыз құралдармен жасауды білдіреді;
      (g) «ретрансляциялау» бір хабар тарату ұйымының жүзеге асыратын эфирге хабар берулерін басқа хабар тарату ұйымының бір уақытта эфирге беруін білдіреді.

4-бап

      Әрбір Уағдаласушы мемлекет мынадай шарттардың бірі сақталғанда:
      (a) басқа Уағдаласушы мемлекетте орындаушылық орын алғанда;
      (b) орындаушылық осы Конвенцияның 5-бабына сәйкес қорғалатын фонограммаға қосылғанда;
      (c) орындаушылық фонограммаға жазылмай тұрып, осы Конвенцияның 6-бабына сәйкес қорғалатын эфирге хабар беру арқылы таратылғанда орындаушыларға ұлттық режимді береді.

5-бап

      1. Әрбір Уағдаласушы мемлекет мынадай шарттардың бірі сақталғанда:
      (a) фонограммаларды жасаушы басқа Уағдаласушы мемлекеттің азаматы болғанда (жасаушы азаматтығының өлшемі);
      (b) дыбыстың алғашқы жазбасы басқа Уағдаласушы мемлекетте жүзеге асырылғанда (алғашқы жазба орнының өлшемі);
      (c) фонограмма басқа Уағдаласушы мемлекетте алғашқы рет жарияланғанда (алғашқы жариялау орнының өлшемі) фонограммаларды жасаушыларға ұлттық режим береді.
      2. Егер фонограмма алғашқы рет осы Конвенция қатысушысы болып табылмайтын мемлекетте жарияланса, бірақ, егер ол алғашқы рет жарияланған күнінен бастап, отыз күн ішінде Уағдаласушы мемлекетте де жарияланған болса (бір мезгілде жариялау), ол алғашқы рет Уағдаласушы мемлекетте жарияланған болып есептеледі.
      3. Кез келген Уағдаласушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына жіберілген хабарлау арқылы алғашқы жариялау орны өлшемін немесе, балама ретінде, алғашқы жазу орны өлшемін қолданбайтынын мәлімдей алады. Ондай хабарлау ратификациялау грамотасын, қабылдау туралы құжатты немесе қосылу туралы актіні сақтауға беру кезінде немесе кез келген неғұрлым кеш уақытта берілуі мүмкін; соңғы жағдайда хабарлау оны сақтауға тапсырған күннен кейін алты айдан соң күшіне енеді.

6-бап

      1. Әрбір Уағдаласушы мемлекет мынадай шарттардың бірі сақталғанда:
      (a) хабар тарату ұйымының штаб-пәтері басқа Уағдаласушы мемлекетте орналасқанда;
      (b) эфирге хабар беру басқа Уағдаласушы мемлекетте орналасқан хабар таратқыштың көмегімен жүзеге асырылғанда хабар тарату ұйымына ұлттық режим береді.
      2. Кез келген Уағдаласушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына жіберілген хабарлау арқылы, егер хабар тарату ұйымының штаб-пәтері басқа Уағдаласушы мемлекетте орналасса және осы хабар беру сол Уағдаласушы мемлекетте орналасқан хабар таратқыш арқылы жүзеге асырылса ғана эфирге хабар беруді қорғауды жүзеге асыратын болады деп мәлімдей алады. Ондай хабарлау ратификациялау грамотасын, қабылдау туралы құжатты немесе қосылу туралы актіні сақтауға беру кезінде немесе кез келген неғұрлым кеш уақытта берілуі мүмкін; соңғы жағдайда хабарлау оны сақтауға тапсырған күннен кейін алты айдан соң күшіне енеді.

7-бап

      1. Орындаушыларға осы Конвенцияға сәйкес берілетін қорғау:
      (a) эфирге хабар беру үшін немесе жалпы жұрттың назары үшін пайдаланылатын орындаушылық эфирге беріліп қойған немесе жазба пайдаланылып жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда, олардың орындаушылығын олардың келісімінсіз эфирге хабар беруді немесе жалпы жұрттың назары үшін жүзеге асыруға;
      (b) жазылмаған орындаушылық жазбасын олардың келісімінсіз жүзеге асыруға;
      (c) мына жағдайларда:
      (i) егер бастапқы жазбаның өзі олардың келісімінсіз жүзеге асырылған болса;
      (ii) егер қайта шығару орындаушылар өзінің келісімін бергеннен өзге мақсаттарда жүзеге асырылса;
      (iii) егер бастапқы жазба 15-баптың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылса, ал қайта шығару осы ережелерде көрсетілгендерден өзге мақсаттарда жүзеге асырылған болса, олардың орындаушылықтарын олардың келісімінсіз қайта шығаруға жол бермеу мүмкіндігін қамтиды.
      2. (1) Егер эфирге хабар беру орындаушылардың келісімімен жүзеге асырылатын болса, онда ретрансляциялауға, эфирге беру мақсатында жазбаны жүзеге асыруға немесе осындай жазбаны эфирге беру мақсатында қайта шығаруға қатысты қорғау осындай қорғау сұратылып отырған Уағдаласушы мемлекеттің ішкі заңнамасында реттеледі.
      (2) Эфирге хабар беру мақсатында жүзеге асырылған жазбаларды хабар тарату ұйымдарының пайдалануын реттейтін ережелер мен шарттар қорғау сұратылып отырған Уағдаласушы мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес белгіленеді.
      (3) Алайда осы тармақтың (1) және (2) тармақшаларында аталған ішкі заңнама орындаушылардың хабар тарату ұйымдарымен қатынастарын шарт бойынша бақылау мүмкіндігінен оларды айырмауы тиіс.

8-бап

      Егер дәл сол орындаушылыққа бірнеше орындаушы қатысса, кез келген Уағдаласушы мемлекет өзінің ішкі заңнамасында және ережелерінде орындаушылардың өздерінің құқықтарын жүзеге асыруға байланысты қалай болатынын көрсете алады.

9-бап

      Кез келген Уағдаласушы мемлекет ішкі заңнама мен ережелерді қабылдау арқылы осы Конвенция беретін қорғауды әдеби және көркем туындыларды орындамайтын әртістерге қолдана алады.

10-бап

      Фонограммаларды жасаушылар өздерінің фонограммаларын тікелей немесе жанама қайта шығаруын рұқсат беруге немесе тыйым салуға құқылы.

11-бап

      Егер Уағдаласушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы фонограммаларды жасаушыларға немесе орындаушыларға, не осы екі санатқа құқықтық қорғауды беру шарты ретінде белгілі бір формальдылықтардың сақталуын талап етсе, осы формальдықтар егер жарияланған фонограмманың сатудағы барлық даналарында немесе олардың орамасында «Р» белгісінен және одан кейін тұратын алғашқы жариялау жылынан құрылатын және фонограмманың қорғалатыны туралы анық ескертуді қамтамасыз ететіндей орналасқан жазу болса, орындалған болып есептеледі; егер даналарда немесе олардың орамасында фонограмманы жасаушы немесе лицензия иесі аталмаса (оның атауының, тауар таңбасының немесе басқа да тиісті белгіні көрсету арқылы), онда жазуда да фонограмма жасаушының құқықтарын иеленген тұлғаның атауы қамтылуы тиіс; және бұдан басқа, егер даналарда немесе олардың орамасында негізгі орындаушылар аталмаса, онда жазуда да жазба жасалған елде осындай орындаушылардың құқықтарына ие тұлғаның атауы қамтылуы тиіс.

12-бап

      Егер коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмма немесе осындай фонограмманы қайта шығару эфирге беру үшін немесе кез келген тәсілмен жалпы жұрттың назарына хабарлау үшін тікелей пайдаланылса, пайдаланушы орындаушыларға немесе фонограммаларды жасаушыларға не құқық иеленушілердің екі санатына да бір жолғы әділ сыйақысын төлейді. Осы тараптар арасында келісім болмаған кезде осы сыйақыны бөлісу шарттары ішкі заңнамада белгіленуі мүмкін.

13-бап

      Хабар тарату ұйымдары:
      (a) эфирге өздерінің хабарларын ретрансляциялауға;
      (b) өздерінің хабарларын жазуға;
      (c) мыналарды:
      (i) эфирге берілетін хабарларының олардың келісімінсіз жасалған жазбаларын;
      (ii) егер қайта шығару 15-баптың ережелерінде көрсетілгендерден өзге мақсаттарда жүзеге асырылған болса, осы ережелерге сәйкес жасалған өздерінің эфирге берілетін хабарларының жазбаларын қайта шығаруға;
      (d) егер телевизиялық хабар көпшілік үшін кіру ақысына қол жеткізетін орындарда жүзеге асырылса, өздерінің осындай хабарларын жалпы жұрттың назарына хабарлауды рұқсат беруге немесе тыйым салуға құқылы; ол жүзеге асырылуы мүмкін шарттарды белгілеу осы құқықты қорғау сұратылып отырған мемлекеттің ішкі заңнамасында реттеледі.

14-бап

      Осы Конвенцияға сәйкес берілетін қорғау мерзімінің ұзақтығы:
      (a) фонограммаларды және оларға енгізілген орындаушылықтарды жазу жүзеге асырылған;
      (b) фонограммаларға енгізілмеген орындаушылықтар орын алған;
      (c) эфирге хабар беру орын алған жылдың соңынан есептегенде кемінде 20 жылды құрайды.

15-бап

      1. Кез келген Уағдаласушы мемлекет өзінің ішкі заңнамасы мен ережелерінде:
      (a) жеке мақсатта пайдалануға;
      (b) ағымдағы оқиғалар туралы хабарлау мақсатында қысқаша үзінділерді пайдалануға;
      (c) хабар тарату ұйымы өзінің жабдығында және өздерінің хабарлары үшін жүзеге асыратын қысқа уақыттық дыбыс жазбасына;
      (d) оқу немесе ғылыми-зерттеу мақсатында ғана пайдалануға қатысты осы Конвенция кепілдік беретін қорғаудан ерекше жағдайларды көздей алады.
      2. Кез келген Уағдаласушы мемлекет осы Баптың 1-тармағының ережелерін ескермей, өзінің ішкі заңнамасы мен ережелерінде орындаушылардың, фонограммаларды жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғауды шектеудің оның ішкі заңнамасы мен ережелерінде әдеби және көркем туындыларға қатысты көзделген шектеулерді қарастыра алады. Алайда мәжбүрлі лицензияларды беру осы Конвенция ережелеріне сәйкес келетін мөлшерде ғана көзделуі мүмкін.

16-бап

      1. Кез келген мемлекет осы Конвенцияға қатысушы болғанда одан туындайтын барлық міндеттемелерді өзіне қабылдайды және одан туындайтын барлық артықшылықтарды пайдаланады. Алайда, ол Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына жіберілген хабарлау арқылы кез келген уақытта:
      (a) ол 12-бапқа қатысты:
      (i) осы Баптың ережелерін қолданбайтынын;
      (ii) осы Баптың ережелерін пайдаланудың белгілі түрлеріне қатысты қолданбайтынын;
      (iii) осы Бапты басқа Уағдаласушы мемлекеттің азаматы жасаушысы болмайтын фонограммаларға қатысты қолданбайтынын;
      (iv) жасаушысы басқа Уағдаласушы мемлекеттің азаматы болатын фонограммаларға қатысты осы Бапқа сәйкес берілетін қорғауды осы мемлекет жазбасын алғашқы рет тиісті мәлімдемені жасап отырған мемлекет азаматы жүзеге асырған фонограммаларға беретін қорғауды шектейтін көлемде және мерзімде шектейтінін мәлімдей алады; алайда, фонограммаларды жасаушы азаматы болып табылатын Уағдаласушы мемлекеттің сол бенефициарийге немесе бенефициарийлерге мәлімдеме жасап отырған мемлекет сияқты қорғауды бермеу фактісі қорғаудың көлеміне әсер ететін фактор ретінде қарастырылмайды;
      (b) 13-баптың (d) тармағын қолданбайтынын мәлімдей алады; егер Уағдаласушы мемлекет сондай мәлімдеме жасаса, онда Уағдаласушы мемлекеттер 1-баптың (d)-тармағында көзделген құқықты штаб-пәтері осы мемлекетте орналасқан хабар тарату ұйымдарына беруге міндетті емес.
      2. Егер осы Баптың 1-тармағында аталған хабарлау ратификациялау грамотасы, қабылдау туралы құжат немесе қосылу туралы акт сақтауға тапсырылған күннен кейін жасалса, онда мәлімдеме ол сақтауға тапсырылғаннан кейін алты ай өткен соң күшіне енеді.

17-бап

      1961 жылғы 26 қазандағы жағдай бойынша фонограммаларды жасаушыларға қорғауды бірінші жазылу орны өлшемінің негізінде ғана беретін кез келген мемлекет ратификациялау грамотасын, қабылдау туралы құжатты немесе қосылу туралы актіні сақтауға тапсыру кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына арналған хабарлауында ол 5-баптың мақсатында бірінші жазылу орны өлшемін ғана, ал 16-баптың 1-тармағы (a) (iii) және (iv) тармақшаларының мақсатында жасаушы азаматтығының өлшемі орнына бірінші жазылу орны өлшемін пайдаланатынын мәлімдей алады.

18-бап

      5-баптың 3-тармағына, 6-баптың 2-тармағына, 16-баптың 1-тармағына немесе 17-бапқа сәйкес хабарлау жасаған кез келген мемлекет оны қолдануды шектей алады немесе кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына жіберілген хабарлау арқылы оны кері қайтарып ала алады.

19-бап

      Егер орындаушы өзінің орындаушылығын бейнежазбаға немесе дыбыстау-бейнелеу жазбасына қосуға келісімін берген болса, осы Конвенцияның ережелері ескерілмей, 7-баптың қолданылуы тоқтатылады.

20-бап

      1. Осы Конвенция осы мемлекетке қатысты осы Конвенция күшіне енген күніне дейін кез келген Уағдаласушы мемлекетте алынған құқықтарға шектеу жасамайды.
      2. Бірде-бір Уағдаласушы мемлекет осы Конвенцияның ережелерін бірінші жазбасы осы мемлекетке қатысты осы Конвенция күшіне енген күніне дейін жүзеге асырылған орын алған орындаушылықтарға, эфирге хабар беруге немесе фонограммаларға қолдануға міндетті емес.

21-бап

      Осы Конвенция беретін қорғау орындаушыларға, фонограммаларды жасаушыларға немесе хабар тарату ұйымына берілетін кез келген басқа қорғауға зиян келтірмейді.

22-бап

      Уағдаласушы мемлекеттер арнайы келісімдер орындаушыларға, фонограммаларды жасаушыларға немесе хабар тарату ұйымдарына осы Конвенция беретін құқықтардан неғұрлым кең құқықтарды беруді көздейтіндіктен немесе осы Конвенцияға қайшы келмейтін басқа ережелерді қамтитындықтан, ондай келісімдерді өзара жасауға құқықты сақтап қалады.

23-бап

      Осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылады. Ол Орындаушылардың, фонограммаларды жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын халықаралық қорғау жөніндегі дипломатиялық конференцияға қатысу үшін шақырылған Авторлық құқық туралы дүниежүзілік конвенцияға қатысушы немесе Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі халықаралық одақтың мүшесі болып табылатын кез келген мемлекеттің қол қоюы үшін 1962 жылғы 30 маусымға дейін ашық.

24-бап

      1. Осы Конвенцияға қол қойған мемлекеттер оны ратификациялауы немесе қабылдауы тиіс.
      2. Осы Конвенция 23-бапта аталған Конференцияға қатысуға шақырылған кез келген мемлекеттің және Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық, бұл ретте екі жағдайда да мұндай мемлекет Авторлық құқық туралы дүниежүзілік конвенцияға қатысушы немесе Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі халықаралық одақтың мүшесі болуы тиіс.
      3. Ратификациялау грамоталары, қабылдау туралы құжаттар немесе қосылу туралы актілер Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылады.

25-бап

      1. Осы Конвенция алтыншы ратификациялау грамотасы, қабылдау туралы құжат немесе қосылу туралы акт сақтауға тапсырылған күннен үш ай өткеннен кейін күшіне енеді.
      2. Осыдан кейін осы Конвенция әрбір мемлекетке қатысты ратификациялау грамотасын, қабылдау туралы құжатты немесе қосылу туралы актіні сақтауға тапсырған күннен үш ай өткеннен кейін күшіне енеді.

26-бап

      1. Әрбір Уағдаласушы мемлекет осы Конвенцияны қолдануды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды өзінің Конституциясына сәйкес қабылдауға міндеттенеді.
      2. Әрбір мемлекеттің өзінің ратификациялау грамотасын, қабылдау туралы құжатын немесе қосылу туралы актісін сақтауға тапсырған кезде осы Конвенцияның ережелерін өзінің ішкі заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға жағдайы болуы тиіс.

27-бап

      1. Кез келген мемлекет ратификациялау, қабылдау немесе қосылу кезінде немесе кез келген басқа уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына арналған хабарлауда осы Конвенция барлық аумақтарға немесе ол жауапкершілік көтеретін халықаралық істер үшін аумақтардың кез келгеніне қолданылады, бұл ретте осы аумақтарға Авторлық құқық туралы дүниежүзілік конвенция немесе Әдеби және көркем туындыларды қорғау туралы халықаралық конвенция қолданылуы тиіс. Бұл хабарлама ол алынған күннен үш ай өткеннен кейін күшіне енеді.
      2. 5-баптың 3-тармағында, 6-баптың 2-тармағында, 16-баптың 2-тармағында17 және 18-баптарда аталған хабарламалар осы баптың 1-тармағында аталған барлық аумақтарға немесе олардың біріне қолданылуы мүмкін.

28-бап

      1. Кез келген Уағдаласушы мемлекет өзінің атынан немесе 27-бапта аталған бір немесе барлық аумақтардың атынан осы Конвенцияның күшін жоя алады.
      2. Күшін жою Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына жіберілген хабарлау арқылы жүргізіледі және хабарлама алынған күннен он екі ай өткеннен кейін күшіне енеді.
      3. Уағдаласушы мемлекет осы Конвенция оған қатысты күшіне енген күннен бес жыл өткенге дейін күшін жою құқығын жүзеге асыра алмайды.
      4. Уағдаласушы мемлекет Авторлық құқық туралы дүниежүзілік конвенцияға қатысуды немесе Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі халықаралық одаққа мүшелікті тоқтатса, осы Конвенцияға қатысушы болуды тоқтатады.
      5. 27-бапта аталған кез келген аумаққа Авторлық құқық туралы дүниежүзілік конвенцияның немесе Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияның қолданылуы тоқтатылған уақыттан бастап, осы Конвенцияның сол аумаққа қолданылуы тоқтатылады.

29-бап

      1. Осы Конвенция күшіне енгеннен бес жыл өткеннен кейін кез келген Уағдаласушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына жіберілген хабарлау арқылы Конвенцияны қайта қарау бойынша конференцияны шақыра алады. Бас Хатшы осындай өтініш туралы барлық Уағдаласушы мемлекеттерге хабарлайды. Егер Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы хабарлаған күннен бастап алты ай ішінде Уағдаласушы мемлекеттердің кемінде жартысы өздерінің осы өтінішті қолдауы туралы оған хабарласа, Бас Хатшы бұл туралы Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының Бас директорына және Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі халықаралық одақ бюросының Директорына хабарлайды, олар 32-бапта көзделген Үкіметаралық комитетпен ынтымақтастықта осы Конвенцияны қайта қарау жөніндегі конференцияны шақырады.
      2. Осы Конвенцияны кез келген қайта қарауды қабылдау қайта қарау жөніндегі конференцияға қатысатын мемлекеттердің үштен екісінің көпшілік дауысымен жүзеге асырылады, бұл ретте аталған көпшілік Қайта қарау бойынша конференцияны өткізетін күні Конвенцияға қатысушылар болуы тиіс.
      3. Осы Конвенцияны толығымен немесе ішінара өзгертетін Конвенция қабылданған жағдайда және егер қайта қаралған Конвенцияда өзге қайта қаралмаса,
      (a) қайта қаралған Конвенция күшіне енген күннен бастап, осы Конвенция ратификациялау, қабылдау немесе қосылу үшін ашық болуды тоқтатады;
      (b) қайта қаралған Конвенцияға қатысушы болмаған Уағдаласушы мемлекеттер арасындағы немесе солармен қатынастарға қатысты осы Конвенция күшін сақтайды.

30-бап

      Осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға қатысты екі немесе бірнеше Уағдаласушы мемлекеттер арасындағы кез келген және келіссөздер арқылы реттелмеген дау, егер мүдделі мемлекеттер дауды реттеудің басқа тәртібі туралы уағдаласпаса, даудың кез келген тарапының талабы бойынша Халықаралық сотқа беріледі.

31-бап

      5-баптың 3-тармағының, 6-баптың 2-тармағының, 16-баптың 1-тармағының және 17-баптың ережелеріне нұқсан келтірілмей, осы Конвенцияға ешқандай ескертпелерге жол берілмейді.

32-бап

      1. Үкіметаралық комитет құрылады, оның міндеттеріне:
      (a) осы Конвенцияның қолданылуына қатысты мәселелерді зерттеу; және
      (b) осы Конвенцияны ықтимал қайта қарау үшін ұсыныстар жинау және құжаттама дайындау кіреді.
      2. Комитет Уағдаласушы мемлекеттердің өкілдерінен тұрады, оларды сайлау әділетті географиялық бөлу қағидаты тиісінше ескеріліп жүзеге асырылады. Егер Уағдаласушы мемлекеттердің саны он екі немесе одан аз болса, Комитет алты мүшеден, егер Уағдаласушы мемлекеттердің саны он үштен он сегізге дейін болса, тоғыз мүшеден және егер Уағдаласушы мемлекеттер саны он сегізден асса, он екі мүшеден құрылады.
      3. Конвенция күшіне енген күннен бастап он екі ай өткеннен кейін Комитет әрқайсысы бір дауысқа ие болатын Уағдаласушы мемлекеттер арасынан сайлау өткізу арқылы құрылады, сайлауды Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының Бас директоры және Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі халықаралық одақ бюросының Директоры Уағдаласушы мемлекеттердің абсолютті көпшілігі алдын ала мақұлдаған ережелерге сәйкес ұйымдастырады.
      4. Комитет төраға мен лауазымды тұлғаларды сайлайды. Ол, атап айтқанда, Комитеттің болашақ функцияларын және оның құрамын жаңарту тәртібін белгілейтін рәсімнің ережелерін қабылдайды; бұл ережелер сонымен бірге түрлі Уағдаласушы мемлекеттердің Комитеттегі мүшелігінің кезегін қамтамасыз етуі тиіс.
      5. Комитеттің хатшылығы Халықаралық еңбек бюросының, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының және Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі халықаралық одақ бюросының қызметкерлерінен құрылады, оларды, тиісінше, осы үш ұйымның екі Бас директорлары мен Директоры тағайындайды.
      6. Комитет мүшелерінің көпшілігі отырысты өткізуді жөн санағанда шақырылатын Комитеттің отырыстары Халықаралық еңбек бюросының, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының және Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі халықаралық одақ Бюросының штаб-пәтерлерінде кезек-кезек өткізіледі.
      7. Комитет мүшелерінің шығыстарын тиісті үкіметтер көтереді.

33-бап

      1. Осы Конвенция ағылшын, француз және испан тілдерінде жазылған, бұл ретте барлық үш мәтін толығымен тең түпнұсқалық болып табылады.
      2. Осы Конвенцияның ресми мәтіндері неміс, итальян және португал тілдерінде де әзірленеді.

34-бап

      1. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы 23-бапта аталған Конференцияға қатысу үшін шақырылған мемлекеттерге, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше әрбір мемлекетке, Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының Бас директорына және Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі халықаралық одақ бюросының Директорына:
      (a) ратификациялау грамоталарын, қабылдау туралы құжаттарды немесе қосылу туралы актілерді сақтауға тапсыру туралы;
      (b) осы Конвенцияның күшіне ену күні туралы;
      (c) осы Конвенцияда көзделген кез келген хабарламалар, мәлімдемелер немесе хабарлар туралы;
      (d) 28-баптың 4 және 5-тармақтарында аталған жағдайлардың туындағаны туралы хабарлайды.
      2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының Бас директорына және Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі халықаралық одақ бюросының Директорына оған 29-бапқа сәйкес хабарланған, сондай-ақ Конвенцияны қайта қарауға қатысты Уағдаласушы мемлекеттерден алынған кез келген басқа да хабарламалар туралы өтініштер жөнінде де хабарлайды.
      Осыларды куәландыру үшін тиісті уәкілеттігі бар мына төмендегілер осы Конвенцияға қол қойды.
      Рим қаласында, 1961 жылғы жиырма алтыншы қазанда ағылшын, француз және испан тілдерінде жасалған. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы тиісті куәландырылған түпнұсқа көшірмелерді 23-бапта аталған Конференцияға қатысу үшін шақырылған барлық мемлекеттерге және Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше әрбір мемлекетке, сондай-ақ Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының Бас директорына және Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі халықаралық одақ бюросының Директорына береді.

      1961 жылғы 26 қазанда Римде жасалған Орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенциясына нұсқаулықтың мемлекеттік тілдегі дәлме-дәл көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екенін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Әділет министрлігі
      Зияткерлік меншік құқығы комитеті
      төрағасының міндетін атқарушы                  Ш. Әбдіреева

      РҚАО-ның ескертпесі! Бұдан әрі Конвенцияның ағылшын, француз және испан тілдеріндегі мәтіндері берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады