Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 8 қаңтардағы № 62-V Заңы

      2011 жылғы 20 қазанда Алматыда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан
Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің
ғимараттары құрылыстарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы
КЕЛІСІМ

(2013 жылғы 6 ақпанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2013 ж., N 2, 21-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі,
      екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту,
      Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасында және Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Дипломатиялық өкілдіктерінің болуы мен жұмыс істеуінің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету мақсаттарында,
      1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Қазақстан Тарапы әзербайжандық Тарапқа Қазақстан Республикасында Әзербайжан Республикасы Елшілігінің ғимараттары құрылыстарын салу үшін Астана қаласындағы Президенттік саябақ ауданында Ш. Қалдаяқов көшесінің оңтүстігіне қарай орналасқан жалпы алаңы 0,5 га жер учаскесін қырық тоғыз (49) жыл мерзімге, жылына 1 теңге мөлшеріндегі жалға алу ақысымен жерді өтемді пайдалануға (жалға алу) береді.
      Әзербайжан Тарапы қазақстандық Тарапқа Әзербайжан Республикасында Қазақстан Республикасы Елшілігінің ғимараттары құрылыстарын салу үшін Баку қаласы Хатаин ауданының Н. Рафиев көшесінің 1210 кварталында жалпы алаңы 0,5 га жер учаскесін қырық тоғыз (49) жыл мерзімге, жылына 1 манат мөлшеріндегі жалға алу ақысымен жерді өтемді пайдалануға (жалға алу) береді.
      Тараптар осы бапта көрсетілген жер учаскелерінің жалға алу төлемін біржолғы тәртіппен осы Келісімнің күшіне енген күнінен бастап 180 күннен кешіктірмей төлеуге міндеттенеді.

2-бап

      Тараптардың осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін кеңейтуге, сатуға, ауыртпалық түсіруге немесе үшінші тараптарға қосалқы жалға тапсыруға құқылы жоқ.

3-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелері қарыздардан, ауыртпалықтардан және үшінші тараптардың құқықтарынан азат түрде, олар осы Келісімнің мақсаттарында пайдалануға кедергі келтірмейтіндей сипатта беріледі.

4-бап

      Тараптар дипломатиялық өкілдіктердің объектілерін жобалау және құрылысын салу кезінде болу мемлекетінің қала құрылысы және сәулет өнері саласындағы ұлттық заңнамаларын сақтауға міндеттенеді.

5-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу жер учаскелерін пайдалануға арналған төлемді қоспағанда, болу мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес өндірілетін барлық салықтардан, алымдардан, баждардан тепе-теңдік негізінде босатылады.

6-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде салынған ғимараттар мен құрылыстар болу мемлекетінің оларды сатып алуға ерекше құқығын ескере отырып сатылуы мүмкін.
      Осы Келісімнің қолданысы сатылған жылжымайтын мүлікке қатысты өздігінен тоқтатылады.

7-бап

      Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде жерге орналастыру және топографиялық-геодезиялық, ғимаратты жобалау және құрылысын салу сараптамасы сияқты нақты жұмыс түрлеріне арналған барлық шығыстарды, сондай-ақ оны күтіп ұстау және жөндеу, электр қуатымен, газбен, сумен және жылумен қамтамасыз ету, байланыс қызметтері және басқа да нақты қызмет көрсету түрлері үшін болу мемлекетінің қолданыстағы нормативтері мен тарифтеріне сәйкес дербес түрде төлейді.

8-бап

      Тараптар болу мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген барлық қолданылатын рәсімдерді міндетті түрде сақтаған жағдайда, Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде жобалық құжаттаманы келісуде және бекітуде, ғимараттар мен қосалқы құрылыстарды салуға рұқсат беруді ұйымдастыруда бір-біріне жәрдем көрсетеді.

9-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өзара негізде ғимараттар мен құрылыстарға меншік құқықтарын және осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін жалға алу құқығын заңды түрде ресімдеуді қамтамасыз етеді.

10-бап

      Өз мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметін қамтамасыз ету мақсаты үшін осы Келісімнің 1-бабында көрсетілгеннен басқа жер учаскелерін Тараптардың жалға алуы жеке халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылады.

11-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындауы мүмкін барлық дауларды өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.

13-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар бойынша алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім қырық тоғыз (49) жыл ішінде қолданыста болады, егер Тараптардың бірде-бірі осы мерзім өтісімен дипломатиялық арналар арқылы оның қолданысын өзінің ұзартпау ниеті туралы ағымдағы қырық тоғыз жылдық кезең өтуден кем дегенде 1 жыл бұрын екінші Тарапты жазбаша нысанда хабардар етпесе, келесі қырық тоғыз жылдық кезеңдерге  өздігінен ұзартылады.

       Алматы қаласында 2011 жылғы 20 қазанда әрқайсысы қазақ, әзербайжан және орыс тілдерінде екі данада жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде пікір алшақтығы туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының            Әзербайжан Республикасының
            Үкіметі үшін                         Үкіметі үшін

      2011 жылғы 20 қазанда Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттары құрылыстарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                                    Д. Есентаев

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің әзербайжан тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады