2013 жылдың 14 қаңтарында Елбасы Н.Ә. Назарбаев "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Заңға қол қойды.
Мемлекет халыққа мемлекет сыйлықақыларымен ынталандырылатын және мемлекеттік гранттармен қатар жүретін білім алуға қаржылай қолдаудың жаңа әдісін – білім беру қорларын жинақтауды ұсынуда.
"Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Заң Елбасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!" Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында дайындалды.
Жүйені құрудың негізгі мақсаты – білім алудың қолжетімділігін қолдау және кеңейтудің жаңа қаржы-экономикалық құралын енгізу.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МББЖЖ) мемлекеттік білім беру гранттарымен және мемлекеттің кепілдігімен екінші деңгейдегі банктер беретін білім беру кредиттерімен қатар жұмыс істейтін болады. Бұл жинақтау жүйесі әр азаматқа екінші деңгейлі банктердегі депозиттерде келешекте балаларының немесе туыстарының қазақстандық жоғары, кәсіби және техникалық, орта білімнен кейінгі оқу орындарында, шетелдік оқу орындарында жоғары білім алуына қажетті оқу ақысын төлеу үшін жоспарлы түрде қаражат жинауға мүмкіндік береді.
Жаңа Заңда білім беру жинақтау жүйесінің төмендегідей жұмыс істеу қағидаты қарастырылған:
- Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы жас ерекшелігіне қарамастан жобаға қатысушы банкте салым ашылатын адамның пайдасына салымшы бола алады. Салымшы қатысушы банкпен мемлекеттік білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасасып, есеп-шот ашады. Содан соң кем дегенде 3 АЕК көлемінде бастапқы жарна енгізеді. 2013 жылы бұл 5 193 теңгені құрады.
- Осыдан кейін салымшы немесе енгізуші адам жинақтау есеп-шотына мезгіл мезгілімен салым жасап тұрады және ерікті түрде өз күшімен жинақтаудың мүмкін болатын мерзімін, болжанатын сомасын және салымдардың жиілігін анықтайды.
- Білім беру жинақтау салымының салымшылар ортасына шектеу қойылмайды.
- Бұл жинақталған қаражат Қазақстан Республикасында, сондай-ақ шет елдерде тек қана білім алуға пайдаланыла алады. Банктік салым шартта банктің сыйақы мөлшерлемесі және заңда қарастырылған мемлекет сыйлықақысы белгіленеді. Жиналған ақшалай сомаға банктің ай сайынғы капиталдандырылған сыйақысы және жыл сайынғы мемлекет сыйақысы есептеледі. Салым бойынша сыйақы мөлшерлемесі – нарықтық, банк өзі белгілейді.
Сонымен қатар, Заңмен білім беру жинақтау жүйесін мемлекеттік қолдау шаралары белгіленген. Мемлекет азаматтардың білім беру жинақтау қорларын сыйлықақылар түрінде ынталандыруға кепілдік береді. Мемлекет сыйлықақысының мөлшері – 5%, белгілі артықшылықтары бар санаттағыларға – 7%, бірақ екі жағдайда да 100 АЕК-тен аспайды.
Шарттың мерзімі аяқталған кезде оқудың ақысын төлеуге қажетті сома оқу орынның есебіне аударылады. Жинақталған қаражат жеткіліксіз болған жағдайда жетпеген соммаға білім беру несиесін алуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, семестрлар бойынша оқу ақысын төлеумен бірге жинақтауды жалғастыруға мүмкіндік бар.
Салымшыға білім беру гранты берілген жағдайда салымшының мынадай құқығы бар:
1) білім беру жинақтау салымына қаражат жинақтауды жалғастыруға;
2) білім беру жинақтау салымындағы қаражатты Қазақстан Республикасы азаматы болып табылатын басқа адамның атына ашылған немесе ашылатын білім беру жинақтау салымына аударуға;
3) білім беру жинақтау салымының қаражатын білім берудің өзге деңгейлерін алу мақсатында білім беру қызметтерін төлеуге бағыттауға;
4) білім беру жинақтау салымындағы қаражатты қатысушы банктің капиталдандырылған сыйақылары мен есептелген мемлекеттік сыйлықақыларымен бірге алуға.
Салымшы шетелдік білім беру ұйымына оқуға түскен жағдайда салымшы шетелдік білім беру ұйымына қабылданғандығын растайтын құжаттарды ұсынып, оқудың ақысын есептелген мемлекет сыйлықақысы мен банктің сыйақыларын қоса есептегендегі жинақталған қаражаттың есебінен төлеуге құқылы. Сонымен қатар, қаражат шетелдік білім беру ұйымына аударылған сәттен бастап мемлекеттік сыйлықақылар есептеу тоқтатылады.
Сондай-ақ, есептелген мемлекет сыйлықақыларын бюджетке қайтарудың негіздемелері белгіленген:
1) салымшының бастамасымен салым шарты бұзылғанда немесе салым шарты бойынша нысаналы мақсат сақталмай мерзімнің аяқталуына байланысты міндеттемелер тоқтатылғанда;
2) салымшы білім беру ұйымынан шығарылған күннен күнтізбелік үш жыл өткен соң;
3) Осы Заңмен белгіленген мерзімнен аз мерзімде мемлекет сыйлықақысының төлену жағдайының анықталуы;
4) салымшы Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылса.
Заңжобада білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылардың өзара әрекеттестік механизмі, олардың қызметтері, сондай-ақ білім беру жинақтау жүйесінің шеңберінде операторлардың қатысушы банктермен және білім беру ұйымдарымен әрекеттестігінің тәртібі мен шарттары айқын көрсетілген. Құжаттандыру бойынша және әлеуметтік қорғау саласында құзыретті органдармен өзара әрекеттесу шарттары белгіленген.
Жинақтау жүйесіне қатысу үшін екінші деңгейдегі банктерге мынадай талаптар қойылады:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің депозиттер қабылдау, жеке тұлғалардың банктік есепшоттарын ашуға және енгізуге, кассалық операциялар жүргізуге лицензиясының бар болуы;
2) депозиттерді міндетті түрде кепілдендіру жүйесіне қатысуы;
3) облыс орталықтарында, астанада және республикалық маңызы бар қалаларда филиалдарының бар болуы;
4) Ынтымақтастық туралы келісім жасалған (қайта жасалған) кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі қабылдаған ынтымақтасуға шек қоятын заңды күшіне ие шаралардың және (немесе) санкциялардың болмауы.
Мемлекет банк жабылуға мәжбүр болған жағдайда салымшыларға кепілді қайтарымын төлеу арқылы азаматтардың білім беру жинақтауларының сақталуына кепіл береді. Салымшылар білім беру салымына есептелетін мемлекеттік сыйақылар бойынша дербес табыс салығынан босатылады.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің осы жағдайлары халыққа айтарлықтай қаржылай қолдау көрсетеді. Оқуға түскен сәтте жиналған жалпы сома құрамындағы "банктің сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысы" жинақтау мерзіміне қарай 20 пайыздан 50 пайызға дейін құрау мүмкін.
Осылайша, білім беру мақсатында жинақтау жүйесін енгізу білім алуға қолдау көрсетудің қосымша түрі ретінде ұсынылады. Халық үшін байқау негізінде берілетін грант алу арқылы жоғары және кәсіби білімді тегін алу мүмкіндігі сақталады.
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі