2012 жылғы 21 қарашада Мадридте жасалған Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. НАЗАРБАЕВ.
Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт
(2013 жылғы 1 тамызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2013 ж., N 4, 44-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі
екі мемлекет арасындағы құқықтық қатынастарды одан әрі дамытуға ұмтылу, халықаралық құқықтық ынтымақтастық саласында жәрдемдесу мақсатында, сондай-ақ осы мемлекеттердің кез келгенінде сотталған адамдарды әлеуметтік оңалтудың маңыздылығын мойындай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап. Анықтамалар
Осы Шарттың мақсатында мынадай анықтамалар пайдаланылады:
a) «Үкімді шығарушы мемлекет» жазасын өтеу үшін берілуі мүмкін немесе берілген адамға қатысты сонда үкім шығарылған мемлекетті білдіреді;
b) «Үкімді орындаушы мемлекет» адам жазасын өтеу үшін берілуі мүмкін немесе берілген мемлекетті білдіреді;
c) «үкім» сот бас бостандығынан айыру көзделетін жазаны соған сәйкес белгілейтін сот шешімін білдіреді;
d) «сотталған адам» өзіне қатысты үкім шығарылған адамды
білдіреді.
2-бап. Жалпы қағидаттар
1. Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес бір-біріне
сотталғандарды беруге қатысты барынша мүмкін болатын жәрдемді
көрсетуге міндеттенеді.
2. Қазақстан азаматтарына қатысты Испанияда шығарылған үкімдер осы Шарттың ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының қадағалауымен Қазақстанда пенитенциарлық мекемелерде орындалуы мүмкін.
3. Испан азаматтарына қатысты Қазақстанда шығарылған үкімдер осы Шарттың ережелеріне сәйкес Испания Корольдігінің құзыретті органдарының қадағалауымен Испанияда пенитенциарлық мекемелерде орындалуы мүмкін.
4. Үкімді шығарушы мемлекет немесе Үкімді орындаушы мемлекет беруге бастамашы бола алады.
3-бап. Беру шарттары
1. Сотталған адам осы Шартқа сәйкес мынадай жағдайларда ғана:
a) сотталған адам Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болса;
b) үкім түпкілікті болса;
c) беру туралы сұрау салуды алған кезде сотталған адам бас бостандығынан айырудың кемінде алты айын өтемеген болса;
d) ауыстыру сотталған адамның келісімімен немесе ол әрекетке қабілетсіз болған жағдайда оның заңды өкілінің келісімімен жүзеге асырылатын болса;
e) үкім шығарылған әрекет немесе әрекетсіздік, егер олардың жіктелуі екі мемлекетте әртүрлі болса да, Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылса;
f) Үкімді шығарушы мемлекет және Үкімді орындаушы мемлекет
беруге келіссе, беріледі.
2. Ерекше жағдайларда Тараптар, егер сотталған адамның жазаны өтеу мерзімі осы баптың 1-тармағының с) тармақшасында көрсетілгеннен кем болса да, беру туралы уағдаласуы мүмкін.
3. Тараптар өздерінің тиісті заңнамасының шеңберінде кәмелетке толмаған сотталғанның атынан әрекет етуге құқығы бар адамның келісімін алған жағдайда, кәмелетке толмаған сотталғанға қатысты қолданылған жазаларға осы Шарттың ережелерін қолдану туралы уағдаласуы мүмкін.
4-бап. Ақпарат беру жөніндегі міндет
1. Осы Шарт өзіне қатысты қолданылуы мүмкін кез келген сотталған адамды ол жөнінде Үкімді шығарушы мемлекет хабардар етеді. Үкімді орындаушы мемлекет сотталған адамға берудің құқықтық салдарын түсіндіреді.
2. Егер сотталған адам осы Шартқа сәйкес беруге өз келісімін
білдірсе, Үкімді шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекетке осы
Шарттың 8-бабының 2-тармағында көзделген ақпаратты береді.
3. Сотталған адам осы Шарттың ережелеріне сәйкес Тараптар қабылдаған кез келген шаралар туралы, сондай-ақ беру туралы сұрау салуға сәйкес мемлекеттердің бірі қабылдаған кез келген шешім туралы жазбаша түрде хабардар етіледі.
5-бап. Беруден бас тарту
1. Егер:
a) бір Тарап беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіреді немесе ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттарына қайшы келеді деп шешсе;
b) сотталған адамға қатысты үкім мемлекеттік қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыс үшін шығарылса;
c) сотталған адам Үкімді шығарушы мемлекеттің аумағында талап қою рәсімдеріне тартылған болса, сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін.
2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайларға
қарамастан, екінші Тарап сұрау салып отырған беруге келісетінін немесе келіспейтінін өз қалауы бойынша шеше алады. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап өз шешімін дәйекті етуге міндетті.
6-бап. Орталық органдар
1. Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура, Испания
Корольдігі үшін - Әділет Министрлігі Тараптардың осы Шарттың
ережелерін іске асыру жөніндегі орталық органдары болып табылады.
2. Орталық органдар дипломатиялық арналарды пайдалану мүмкіндігімен өзара тікелей қатынас жасасады.
7-бап. Сұрау салулар мен жауаптар
1. Тараптардың беру туралы сұрау салулары жазбаша түрде
ресімделеді және осы Шартта көрсетілген орталық органдарға жолданады.
Қажет болғанда, ақпарат берудің қазіргі заманғы технологиялары
қолданылуы мүмкін, бірақ сұрау салулардың түпнұсқалары кейіннен
міндетті түрде почта арқылы жіберілуі керек.
2. Сұрау салуларға жауаптар дәл осындай тәсілдермен беріледі.
3. Тараптар жауаптың оң немесе теріс болғанына қарамастан, беру туралы өз шешімі туралы бір-біріне дереу хабарлайды.
8-бап. Растайтын құжаттар
1. Үкімді орындаушы мемлекет Үкімді шығарушы мемлекеттің сұрау
салуы бойынша:
a) сотталған адамның Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болып табылатынын растайтын құжаттың көшірмесін;
b) Үкімді шығарушы мемлекетте сол үшін үкім шығарылған әрекеттің немесе әрекетсіздіктің Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатынын растайтын тиісті заңның үзінді көшірмесін ұсынады.
2. Үкімді шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекеттің сұрау
салуы бойынша мынадай құжаттарды:
a) сотталған адамның жеке басы туралы мәліметті (тегін, атын, әкесінің атын, туған күні мен жерін, сондай-ақ, мүмкіндігінше, сотталған адамның азаматтығын растайтын жеке басы құжаттарының көшірмелерін);
b) түпкілікті үкімнің және ол соған негізделген заңның расталған көшірмесін;
c) сотталған адамның немесе қажет болғанда оның заңды өкілінің беруге келісуі туралы өз еркімен берген арызын;
d) сотқа дейінгі ұстау мерзімін қоса алғанда, жазаның өтелген бөлігі және жазаның одан әрі өтелуге тиіс бөлігі туралы құжатты және үкімді орындау үшін маңызы бар өзге мәліметтерді;
e) егер қосымша жаза тағайындалған болса, оның орындалғаны
туралы құжатты;
f) сотталған адамның денсаулығы туралы медициналық
қорытындыны және оған мінездемені береді.
Қажет болған жағдайда Үкімді орындаушы мемлекеттің құзыретті органдары қосымша құжаттарды немесе мәліметтерді сұрата алады.
9-бап. Үкімді орындау
1. Сотталған адам беруден кейін Үкімді шығарушы мемлекетте тағайындалған жазаны Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес Үкімді орындаушы мемлекетте өтеуді жалғастырады.
2. Үкімді шығарушы мемлекетте тағайындалған жаза өзінің сипаты
мен ұзақтығы бойынша өзгертіле алмайды.
Егер Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасы Үкімді шығарушы мемлекеттің соты тағайындаған жазаның ұзақтығын барынша шектеуді белгілесе және Үкімді шығарушы мемлекеттің үкімі бойынша жаза мерзімі осы шектеуден асса, Үкімді орындаушы мемлекет үкімді осы шектеуге дейін орындайды.
3. Жаза алдыңғы тармақтың ережелеріне сәйкес өзгертілген кезде Үкімді орындаушы мемлекет Үкімді шығарушы мемлекетке жазаны өзгертудің нәтижелері туралы хабарлайды.
4. Үкімді шығарушы мемлекет шығарған үкім Үкімді орындаушы мемлекетте қатаңдатыла алмайды.
5. Үкімді шығарушы мемлекет өзінің соттары шығарған үкімдерді қайта қарау бойынша өз юрисдикциясын сақтайды.
Егер соттың шешімін Үкімді шығарушы мемлекет өзгертсе, онда ол жөнінде Үкімді орындаушы мемлекетке оны өз аумағында орындауы үшін хабарланады.
10-бап. Қосарланған жазаға жол берілмеушілік
Үкімді орындау үшін осы Шартқа сәйкес берілген сотталған адам өзі сотталып отырған дәл сол қылмыс үшін Үкімді орындаушы мемлекетте қайта қамауға алынбауы, сотқа берілмеуі және сотталмауы керек.
11-бап. Кешірім жасау, рақымшылық жасау, жазаны жеңілдету
Үкімді шығарушы мемлекет немесе оның келісімімен Үкімді орындаушы мемлекет оған заңды негіздер болғанда рақымшылық жасауды, кешірім жасауды немесе жазаны жеңілдету жөніндегі өзге де шараларды қолдана алады.
12-бап. Жазаны орындауды тоқтату
Үкімді орындаушы мемлекет Үкімді шығарушы мемлекеттен үкімді орындау соларға байланысты тоқтатылатын кез келген шешімді немесе шараны алғаннан кейін үкімді орындауды дереу тоқтатады.
13-бап. Сотталған адамды беру
Сотталғандарды беру кезінде Үкімді шығарушы мемлекеттің құзыретті органдары әрбір нақты жағдайда Үкімді орындаушы мемлекеттің органдарымен уақыт пен орынды келіседі.
14-бап. Шығыстар
Сотталған адамды беруге байланысты шығыстарды оны алған кезден бастап Үкімді орындаушы мемлекет көтереді.
15-бап. Транзиттік тасымалдау
1. Бір Тарап үшінші елмен ынтымақтаса отырып, сотталған адамдар транзитін екінші Тараптың аумағы арқылы жүзеге асыратын жағдайда біріншісі соңғысына осындай транзитке рұқсат беру туралы сұрау салуды жіберуге тиіс.
2. Әуе көлігін пайдаланған және екінші Тараптың аумағына қону жоспарланбаған жағдайда мұндай рұқсат талап етілмейді.
3. Сұрау салынатын Тарап, егер бұл өзінің ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы Тараптың транзит туралы өтінішхатын қанағаттандыруға тиіс.
4. Сотталған адамды транзиттік тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты шығыстарды осындай тасымал туралы сұрау салу арқылы жүгінген Тарап көтереді.
16-бап. Тілдер
Осы Шарттың 8-бабында көзделген құжаттарды беру, сондай-ақ орталық органдар арасындағы байланыстар ағылшын тілінде жүзеге асырылады.
17-бап. Шарттың уақытша қолданылуы және күшіне енуі
Осы Шарт Тараптардың ұлттық заңнамаларына қайшы келмейтін бөлігінде оған қол қойылған күннен кейін отыз (30) күн өткен соң уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
18-бап. Шарттың қолданылу мерзімі және оны тоқтату
1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.
2. Әрбір Тарап дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде
хабарлама жіберу жолымен осы Шарттың қолданылуын тоқтатуға құқылы.
Осы Шарт осындай хабарлама алынған күннен бастап алты (6) ай өткенге
дейін күшінде қалады.
3. Осы Шарт бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделетін, ол күшіне енгенге дейін және енгеннен кейін шығарылған үкімдерге қатысты қолданылады.
2012 жылғы 21 қараша Мадридте әрқайсысы қазақ және испан тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасы Испания Корольдігі
үшін үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Шарттың испан тіліндегі мәтіні берілген.