Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 3аңы 2014 жылғы 18 ақпандағы № 174-V ҚРЗ

      2009 жылғы 15 қыркүйекте Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік
Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды
көтермелеу және өзара қорғау туралы
келісім

(2014 жылғы 7 сәуірде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 2, 14-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Уағдаласушы Тараптар),
      өзара экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін және атап айтқанда, бір Уағдаласушы Тараптың инвесторларының екінші Уағдаласушы Тарап аумағындағы инвестициялары үшін қолайлы жағдайлар жасауға ниет білдіре отырып;
      осындай инвестицияларды көтермелеу мен өзара қорғау Уағдаласушы Тараптардағы іскерлік бастаманы ынталандыруға және әл-ауқаттың өсуіне ықпал ететінін мойындай отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаты үшін:
      1. «Инвестициялар» термині бір Уағдаласушы Тараптың инвесторлары екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттың заңнамасына сәйкес соңғы Уағдаласушы Тараптың аумағына салатын активтердің барлық түрлерін білдіреді және мыналардан тұратын немесе мынадай:
      а) қатысу үлестері, акциялар мен жарғылық капиталға қатысудың басқа нысандары, сондай-ақ облигациялар, борыштық міндеттемелер мен борыштық мүдделердің басқа да нысандары, басқа борыштар мен кредиттер, Уағдаласушы Тараптың кез келген инвесторы шығарған бағалы қағаздар;
      b) ақша талаптары, қандай да бір басқа активтер бойынша талаптар, экономикалық құндылығы бар келісімшартты орындау талаптары;
      с) авторлық құқықтарды, тауар белгілерін, патенттерді, өнеркәсіп үлгілерін, модельдерді және техникалық процестерді, ноу-хауды, сауда құпияларын, фирмалық атаулар мен гудвилді қоса алғанда, зияткерлік меншік құқықтары;
      d) ұлттық заңнамаға, шартқа сәйкес немесе ұлттық заңнамаға сәйкес берілген лицензияларға немесе рұқсаттарға орай кез келген құқықтар, оның ішінде табиғи қазбаларды барлау, игеру, өндіру және пайдалану құқықтар;
      е) кез келген басқа материалдық және материалдық емес, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ онымен байланысты кез келген мүліктік құқықтар, мысалы жалға, ипотекаға, кепілге және кепілгерлікке беру құқығы нысанындағы активтерді өзіне қамтиды.
      Алайда, «инвестициялар» термині тек қана мыналардан туындайтын ақшалай талаптарды білдірмейді:
      f) резиденттің немесе кәсіпорынның бір Тарап аумағындағы тауарлар мен қызметтерді екінші Уағдаласушы Тарап аумағындағы кәсіпорынға сатуға коммерциялық келісім-шарттардан; немесе
      g) коммерциялық мәмілеге байланысты кредит беру, мысалы саудалық қаржыландыру сияқты; немесе
      h) осы тармақтың а)-е) тармақшаларында жазылған активтерді қамтымайтын өзге ақшалай талаптар.
      Активтерді инвестициялау немесе кері инвестициялау нысанындағы немесе құқықтарды кез келген өзгертулер олардың инвестициялар ретіндегі сипаттамасына қабылдаушы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына және ережелеріне сәйкес жүргізілген шарттарда әсер етпейді.
      2. «Инвестор» термині Уағдаласушы Тарапқа қатысты:
      а) оның қолданыстағы ұлттық заңнамасына сәйкес осы Уағдаласушы Тараптың азаматтығына ие жеке тұлғаны;
      b) осы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына және ережелеріне сәйкес құрылған корпорация, серіктестік, траст, қоғам, бірлестік немесе кәсіпорын сияқты заңды тұлғаны білдіреді.
      3. «Пайда» термині олар төленетін нысанға қарамастан, инвестициялардан түсетін пайданы білдіреді және капиталдың өсуінен түсімдерді, проценттерді, кірістерді, дивидендтерді, роялтиді, сондай-ақ басқаруды, техникалық көмекті және басқа төлемдерді немесе оның түріне қарамастан, заттай нысандағы жарналар мен төлемдерді қамтиды, бірақ олар ғана емес.
      4. «Аумақ» термині:
      а) Қазақстан Республикасына қатысты - Қазақстан Республикасы ұлттық заңнамаға және халықаралық құқыққа сәйкес егемендігін, егеменді құқықтарын және заңдық құзыретін іске асыратын теңіз түбін және оның жер қойнауын қоса алғанда, аумақтық жерді, ішкі суларды, аумақтық суларды (теңізді) және олардың үстіндегі әуе кеңістігін, аумақтық судан (теңізден) тысқары теңіз аймағын;
      b) Вьетнам Социалистік Республикасына қатысты - Вьетнам Социалистік Республикасы ұлттық заңнамаға және халықаралық құқыққа сәйкес теңіз түбін және оның жер қойнауын қоса алғанда, егемендігін, егеменді құқықтарын және заңдық құзыретін іске асыратын аумақтық жерді, аралдарды, ішкі суларды, аумақтық теңізді және олардың үстіндегі әуе кеңістігін, аумақтық теңізден тысқары теңіз аймағын білдіреді.
      5. «Еркін айырбасталатын валюта» термині Халықаралық валюта қоры келісімінің баптарына және оған түзетулерге сәйкес еркін пайдаланылатын валюта ретінде Халықаралық валюта қоры уақыт өткен сайын айқындап отыратын валютаны білдіреді.
      6. «Мемлекеттік мақсаттар» термині Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының ұлттық заңнамасына сәйкес пайдаланылады.

2-бап
Қолданылу саласы

      1. Осы Келісім бір Уағдаласушы Тараптың инвесторлары екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында осы Келісім күшіне енгеннен кейін жүзеге асырылған және қабылдаушы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес келетін инвестицияларға қолданылады.
      2. Осы Келісім күшіне енгенге дейінгі әрекеттерден туындайтын инвестициялық дауларға немесе реттелген немесе сот немесе төрелік талқылау мәні болған инвестициялық дауларға осы Келісім қолданылмайды.
      3. Осы Келісім мыналарға:
      а) салық салуға;
      b) мемлекеттік сатып алуға;
      с) Уағдаласушы Тарап берген субсидияларға немесе гранттарға; жәнe
      d) Уағдаласушы Тараптың тиісті органы немесе ведомствосы мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру үшін жеткізетін қызметтерге қолданылмайды. Осы Келісімнің мақсаттары үшін мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру үшін жеткізілетін қызметтер бір немесе бірнеше қызметтерді жеткізушілер коммерциялық емес негізде және бәсекелестік емес шарттарда жеткізетін кез келген қызметті білдіреді.

3-бап
Инвестицияларды көтермелеу және қорғау

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың мемлекеті инвесторларының инвестицияларын көтермелейді және олар үшін қолайлы жағдайлар жасайды әрі өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мұндай инвестицияларды таниды.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тараптар инвесторларының инвестициялары әділ және тең құқықты режимге ұдайы ие және екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында толық қорғауды және қауіпсіздікті пайдаланады. Уағдаласушы Тараптардың бір де біреуі өз аумағында екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының өз инвестицияларын негіздемесіз немесе кемсітушілік шаралар немесе басқа қандай да бір тәсіл арқылы басқаруына, қызмет көрсетуіне, пайдалануына немесе иелік етуіне кедергі болмайды.

4-бап
Инвестициялар режимі

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап бір Уағдаласушы Тарап аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларды пайдалануға, басқаруға, қолдануға, сатуға немесе кез келген басқа иелік етуге қатысты кез келген үшінші мемлекет инвесторларының инвестицияларына осындай жағдайларда қолданылатынға қарағанда қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
      2. Осы баптың ережелері Уағдаласушы Тараптардың біреуін екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларына мыналардың:
      а) кез келген кеден одағының, экономикалық одақтың, еркін сауда аймағының, валюталық одақтың немесе экономикалық шарттың өңірлік және екі жақты басқа да нысандарын, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптың кез келгені тараптардың бірі болып табылатын немесе болуы мүмкін басқа да осындай халықаралық келісімдердің;
      b) қандай да болмасын халықаралық, өңірлік немесе екі жақты келісімдердің немесе басқа да осыған ұқсас уағдаластықтардың немесе салық салуға толық немесе негізінен қатысты қандай да болмасын ішкі нормативтік құқықтық актілердің нәтижесінде режим, преференциялар немесе артықшылықтар қолдануға міндеттемейді.

5-бап
Залалдарды өтеу

      Егер Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторы жүзеге асырған инвестициялар екінші Уағдаласушы Тарап аумағында соғыстың, қарулы қақтығыстың, төтенше жағдайдың, көтерілістің, азаматтық толқулардың, бүліктің немесе басқа да осыған ұқсас жағдайлардың салдарынан шығын шексе, қабылдаушы Уағдаласушы Тарап реституцияға, орнын толтыруға, өтеуге немесе басқа да орнын толтыру нысандарына қатысты өз инвесторларына немесе кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынатыннан инвесторлар үшін қай режимнің қолайлылығына қарай қолайлылығы кем емес режимді қамтамасыз етеді.

6-бап
Экспроприация

      1. Бір Уағдаласушы Тарап мемлекеті инвесторларының инвестициялары ұлттық заңнамаға сәйкес және жылдам, барабар және тиімді өтемақы төлей отырып, кемсітпейтін негізде мемлекеттік мақсаттарда қабылданатын шаралардан басқа, екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында экспроприацияланбауы, ұлт меншігіне алынбауы немесе басқа түрде ұлт меншігіне алу немесе экспроприация (бұдан әрі - экспроприация) әсері бар кез келген шараларға ұшырамауы тиіс.
      2. Өтемақы қайсысының бұрын басталуына қарай экспроприация өткізілетін күннің алдындағы күнгі не экспроприация туралы жалпыға мәлім болғанға дейінгі экспроприацияланған инвестициялардың нарықтық құнына тең болуы тиіс. Мұндай өтемақы экспроприациялау күнінен бастап төлем күніне дейін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық ставка бойынша процентті қамтуға тиіс. Өтемақы толық іске асырылатын және шектелмей әрі артық кідіртілмей еркін аударылатын болуға тиіс.
      3. 1 және 2-тармақтардың ережелеріне қарамастан, жерді экспроприациялауға байланысты және экспроприациялаудың өзіне және өтемақы төлеуге қатысты кез келген шаралар инвестицияларды қабылдайтын Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасы мен ережелеріне сәйкес болуға тиіс.
      4. Экспроприациялаудан зардап шеккен бір Уағдаласушы Тарап  инвесторларының өзінің ісін екінші Уағдаласушы Тараптың сот немесе басқа да тәуелсіз органының тез арада қарауына, сондай-ақ олардың инвестицияларын осы бапта және экспроприациялайтын Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасында жазылған принциптерге сәйкес бағалауға құқығы бар.
      5. Уағдаласушы Тарап оның ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған және екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторының немесе инвесторларының акциялары, қатысу үлестері, облигациялары немесе басқа қатысу нысандары тіркелген компания активтерін экспроприациялаған жағдайларда осы баптың ережелері мұндай инвесторлардың осы компаниядағы акцияларына, қатысу үлесіне қолданылады.

7-бап
Инвестицияларға байланысты төлемдерді аудару

      1. Әрбір Уағдаласушы Тараптың өз ұлттық заңнамасын сақтауы шартымен екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына өз аумағына және оның аумағынан төлемдердің еркін аударылымына, оның ішінде:
      а) жарғылық капиталды және инвестицияларды қолдау, басқару және дамыту үшін қосымша қаражатты;
      b) пайданы;
      с) келісімшарт, оның ішінде кредиттік келісімге сәйкес негізгі борыш амортизациясы мен төлеуге есептелген проценттер бойынша төлемдерді;
      d) 1-баптың 1-тармағының с) тармақшасында аталған құқықтар бойынша роялти мен төлемдерді;
      е) инвестицияларды толық немесе қандай да бір бөлігін сатудан немесе жоюдан түскен кірістерді;
      f) инвестицияларға байланысты шетелдерден тартылатын персоналдың кірістері мен басқа да сыйақыларын;
      g) 5 және 6-баптарға сәйкес өтемақылар бойынша төлемдерді;
      h) дауларды шешуге байланысты төлемдерді аударуға кепілдік береді.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы баптың 1-тармағында аталған аударымдарды инвестициялар жүзеге асырылатын аумақта аудару күні қолданыстағы сол Уағдаласушы Тараптың нарықтық бағамы бойынша еркін айырбасталатын валютамен жүргізуді қамтамасыз етеді.
      3. 1 және 2-тармақтардың ережелеріне қарамастан, бір Уағдаласушы Тарап төмендегілерге қатысты өз ұлттық заңнамасы мен ережелерін тең, кемсітпейтін және адал қолданудың негізінде аударымды болдырмауы немесе шектеуі мүмкін:
      а) банкроттық, төлем қабілетсіздігі немесе кредит берушілердің құқықтарын қорғау;
      b) шығарылым, бағалы қағаздармен, фьючерстермен, опциондармен немесе туынды қаржы құралдарымен сауда немесе операциялар;
      с) криминалдық немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар және қылмыстық жолмен алынған кірістерді қайтару;
      d) құқық қорғау органдары мен қаржылық бақылау органдарына жәрдем көрсету үшін қажеттілігіне қарай ақша қаражаты қозғалысының қаржылық есептілігі мен есебін жүргізу;
      е) сот немесе әкімшілік процестердегі қаулылардың немесе  шешімдердің сақталуын қамтамасыз ету;
      f) салық салу;
      g) әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттік зейнетақымен қамтамасыз ету немесе міндетті жинақтаушы аударымдар; және
      h) қызметкерлердің демалыс жәрдемақылары.

8-бап
Суброгация

      1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе оның уәкілетті органы (Өтеуші тарап) өтемақы міндеттемесіне немесе екінші Уағдаласушы Тарап (Қабылдаушы тарап) аумағындағы инвестицияларға қатысты өзіне қабылдаған кепілдіктерге сәйкес төлемдерді жүзеге асырса, Қабылдаушы тарап:
      а) Қабылдаушы тараптың заңды ұлттық заңнамасы мен заң мәмілесіне сәйкес мұндай инвестициялардан туындайтын барлық құқықтар мен талаптардың Өтеуші тарапқа берілетінін;
      b) Өтеуші тараптың барлық осы құқықтарды жүзеге асыру және талаптарды өндіріп алу, сондай-ақ суброгацияға орай инвестицияларға байланысты барлық міндеттемелерді өзіне қабылдау құқығын мойындайды.
      2. Өтеуші тараптың кез келген жағдайларда:
      а) құқықтар мен шағымдарға, сондай-ақ осы баптың 1-тармағында аталған құқықтардың берілуіне орай осы Уағдаласушы Тарап қабылдаған міндеттемелерге;
      b) осы құқықтарға және аталған инвестицияларға қатысты осы Келісімге орай бастапқы инвесторға қандай құқықтар мен талаптарда ұсынылған болса, сондай шамаға тең талаптарға сәйкес алынған кез келген төлемдерге қатысты сондай режимнің ұсынылу құқығы бар.

9-бап
Уағдаласушы Тарап пен инвестор арасындағы дауларды шешу

      1. Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасында инвестордың инвестицияларын басқаруға, жүргізуге, пайдалануға, сатуға немесе өзге иелік етуге байланысты және залалдар немесе инвестицияларға зиян келтіретін осы Келісім шеңберінде осы инвестордың міндеттемелерін болжамды бұзуға қатысты туындайтын кез келген құқықтық даулар бар мүмкіндігінше дау тараптары арасында келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілуі тиіс.
      2. Егер мұндай дау инвестор Уағдаласушы Тарапқа жазбаша хабарлама жіберген күнінен кейін 6 (алты) ай ішінде реттелмесе, дау:
      а) аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың құзыретті сотының;
      b) 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтонда жасалған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің жеке немесе заңды тұлғалары арасындағы Инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға (бұдан әрі - Вашингтон конвенциясы) сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың (бұдан әрі - Орталық ); немесе
      с) егер Уағдаласушы Тараптардың біреуі ғана Вашингтон конвенциясының қатысушысы болып табылса, Орталықтың Қосымша қызметтеріне сәйкес Төреліктің; немесе
      d) егер дау тараптары өзгеше көздемесе, Біріккен Ұлттар  Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) Төрелік регламентіне сәйкес құрылуы тиіс Арнайы төрелік соттың (ad hoc) қарауына берілуі мүмкін.
      Инвестор жоғарыда көзделген кез келген рәсімдерге сәйкес дауды жібергеннен кейін мұндай таңдау түпкілікті болып табылады.
      Нақтылау мақсатында осы Келісімнің мейлінше қолайлы режимі туралы ережелері осы Келісімде жазылғаннан басқа дауларды реттеу рәсімдерінің екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына қолданылуын өзіне қамтымайды.
      3. Дауды 2-тармаққа сәйкес төрелік талқылауға ұсыну мұндай дауды осы Келісімге сәйкес міндеттемелердің бұзылуы туралы, сондай-ақ инвестор шеккен немесе инвестицияларға келтірілген залал немесе зиян туралы инвесторға белгілі болған немесе объективті белгілі болуға тиіс сәттен бастап 2 (екі) жыл ішінде төрелікке ұсынуға негізделген.
      4. Төрелік сот өз шешімдерін осы Келісімнің ережелеріне, дауға қатысатын және аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына және ережелеріне (оның ішінде құқық жанжалдары бойынша нормаларға), инвестициялар бөлігінде және халықаралық құқықтың тиісті принциптерімен жасалған кез келген арнайы келісімге сәйкес қабылдайды.
      5. Бір де бір Уағдаласушы Тарап төрелік талқылаудың кез келген сатысында не төрелік шешімді орындау ішінде қорғау мақсатында қарсы өтініштер енгізуге және екінші Уағдаласушы Тарап инвесторы сақтандыруға немесе кепілдік шартқа сәйкес басқа да барлық немесе қандай да бір болжамды шығасыларға қатысты өтемақыны немесе басқа өндіріп алуды алғандығын немесе алатындығын көрсетуге құқығы жоқ.
      6. Осы бапқа сәйкес шығарылған кез келген төрелік шешім даудың екі тарапы үшін де түпкілікті және міндетті болып табылады және төрелік шешім орындалатын аумақтағы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындалуы тиіс.

10-бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды шешу

      1. Уағдаласушы Тараптар осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дауды мүмкіндігінше консультациялар немесе басқа дипломатиялық арналар арқылы шешеді.
      2. Егер дау Уағдаласушы Тараптардың бірі консультациялардың басталғаны туралы жазбаша сұрау салуды дипломатиялық арналар арқылы жіберген күннен кейін алты ай ішінде реттелмесе, онда, егер Уағдаласушы Тараптар жазбаша нысанда өзге туралы уағдаласпаған болса, кез келген Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлау жолымен бұл дауды осы баптың келесі ережелеріне сәйкес арнайы төрелік соттың қарауына ұсына алады.
      3. Төрелік сот мынадай түрде қалыптасады: әрбір Уағдаласушы Тарап бір мүшені тағайындайды және осы екі мүше қандай да болсын үшінші елдің азаматы болып табылуы тиіс және екі Уағдаласушы Тарап  тағайындайтын төрелік соттың Төрағасын келіседі. Екі мүше екі ай ішінде және Төраға Уағдаласушы Тараптардың бірі екінші Уағдаласушы Тарапқа дауды арнайы төрелік соттың қарауына беру ниеті туралы жазбаша хабардар еткен күннен бастап төрт ай ішінде тағайындалуға тиіс.
      4. Егер 3-тармақта көрсетілген мерзімдер сақталмаса, кез келген Уағдаласушы Тарап қандай да бір басқа уағдаластық болмаса, БҰҰ Халықаралық Сотының Төрағасына қажетті тағайындаулар жүргізуді ұсына алады. Егер БҰҰ Халықаралық Сотының Төрағасы Уағдаласушы Тараптардың бірінің азаматы болып табылса немесе егер ол қандай да бір түрде көрсетілген функцияларды орындауға қабілетсіз болса, онда қажетті тағайындауларды жүзеге асыру үшін БҰҰ Халықаралық Сотының вице-президенті шақырылады. Егер БҰҰ Халықаралық Сотының вице-президенті Уағдаласушы Тараптардың бірінің азаматы болып табылса немесе егер ол да көрсетілген функцияларды орындауға қабілетсіз болса, БҰҰ Халықаралық Сотының Уағдаласушы Тараптардың ешбірінің азаматы болып табылмайтын, лауазымы жағынан келесі мүшесі қажетті тағайындауларды жүргізуге шақырылады.
      5. Төрелік сот өзінің шешімдерін көпшілік дауыспен қабылдайды. Мұндай шешім осы Келісімге, халықаралық құқықтың танылған, қолданыла алатын нормаларына сәйкес қабылдануы тиіс және Уағдаласушы Тараптардың екеуі үшін де түпкілікті әрі міндетті болуға тиіс. Әрбір Уағдаласушы Тарап төрелік соттың өзі тағайындаған мүшесінің шығыстарын, сондай-ақ төрелік талқылаудағы өкілдік шығыстарын мойнына алуға тиіс. Төрағаның шығыстарын, сондай-ақ төрелік талқылауға байланысты кез келген басқа да шығыстарды екі Уағдаласушы Тарап теңдей үлестерде көтереді. Алайда төрелік сот өз қалауы бойынша Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы үшін үлестерді айқындауы мүмкін. Басқа барлық қатынастарда төрелік сот өзінің меншікті рәсімдерін айқындайды.

11-бап
Күшіне енуі

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап 30 (отыз) күн ішінде күшіне енеді.

12-бап
Қолданылу мерзімі және бұзу

      1. Осы Келісім 10 (он) жыл мерзімге жасалады, ол аяқталған соң белгісіз мерзімге өздігінен ұзартылады.
      2. Кез келген Уағдаласушы Тарап осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 10 (он) жыл өткен соң оның қолданылуын тоқтата алады.   Бір Уағдаласушы Тарап Келісімнің мерзімін тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Уағдаласушы Тараптың жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап бір жыл өткен соң Келісімнің қолданылуы тоқтатылады.
      3. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтатқан күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің басқа барлық баптарының ережелері ол тоқтатылған күннен бастап 10 (он) жыл бойы әрекет етуін жалғастырады.

      Осыны куәландыру үшін өздерінің Үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
      Астана қаласында 2009 жылғы 15 қыркүйекте әрқайсысы қазақ, вьетнам, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін қолдану және түсіндіру кезінде даулар туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының              Вьетнам Социалистік
           Үкіметі үшін                  Республикасының Үкіметі үшін

      2009 жылғы 15 қыркүйекте Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                         Б. Пискорский

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің вьетнам және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады