2012 жылғы 23 тамызда Бішкекте жасалған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының қаржылық қағидалары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕСІ
ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ЕРЕЖЕЛЕРІ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
Әзербайжан Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Түркия Республикасының Үкіметтері, бұдан әрі - «Тараптар»,
Халықаралық құқықтың ортақ танылған қағидалары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
2009 жылғы 3 қазандағы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімінің 11-бабының ережелерін жүзеге асыруды көздей отырып,
2011 жылғы 27 желтоқсанда қол қойылған Түркия Республикасының Үкіметі мен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығы арасындағы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Хатшылығы туралы қабылдаушы мемлекет келісіміне тиісті құрметпен,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтаулар
«Түркі кеңесі» Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін білдіреді;
«Хатшылық» Түркі кеңесінің Хатшылығын білдіреді;
«Бюджет» Хатшылықтың міндеттері мен функцияларын жүзеге асыруға арналған қаражаттарды құруды және оған иелік етуді білдіреді;
«Қаржы жылы» күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан басталып 31 желтоқсанында аяқталатын уақыт кезеңін білдіреді;
«Жарналар» Хатшылықтың ағымдағы қаржы жылындағы қызметіне байланысты шығыстарды өтеуге арналған Тараптар үшін белгіленген сомаларды білдіреді.
«СІМК» Түркі кеңесінің Сыртқы істер министрлерінің кеңесін білдіреді;
«АК» Түркі кеңесінің Ақсақалдар кеңесін білдіреді;
«АЛТК» Түркі кеңесінің аға лауазымды тұлғалар комитетін білдіреді;
«Қабылдаушы мемлекет» аумағында Хатшылықтың штаб-пәтері орналасқан Түркі кеңесіне мүше мемлекетті білдіреді;
«Сыртқы аудит» СІМК тағайындаған тәуелсіз аудитор/аудиторлар жүзеге асыратын Хатшылықтың қаржылық және экономикалық қызметін тексеруді білдіреді;
«Кіріс» Хатшылық тарапынан бюджетке белгіленген жарналар ретінде қабылданған қаражатты білдіреді;
«Өзге кірістер» белгіленген жарналарды, ақша түріндегі жәрдемдерді сондай-ақ ағымдағы қаржы жылындағы шығыстарды тікелей өтеудің нәтижесінде қабылданған сомаларды қоспағандағы барлық түсімдерді білдіреді;
«Шығыстар» Хатшылық өз міндеттері мен функцияларын қаржыландыру үшін бюджеттен алатын қаражатты білдіреді;
«Айналым қаражат қоры» міндетті жарналардың толық төленуіне дейінгі Хатшылықтың шығыстары үшін пайдаланылатын бюджеттің бөлігі болып табылады.
2-бап
Жалпы ережелер
Осы келісім АК-ға қатысты шығыстарды қоса алғанда Хатшылық бюджетінің қаржыландыру көзін, құрылуы мен орындалуы тәртібін анықтайды және олардың қызметтерінің негізгі қаржылық аспектілерін реттейді.
3-бап
Бюджет
1. Хатшылықтың АК шығыстарын қоса алғандағы бюджеті қаржы жылындағы ақша және/немесе басқа түрлердегі барлық кірістер мен шығыстарды өтейді.
2. Хатшылықтың бюджеті АЛТК мақұлдағаннан кейін СІМК тарапынан бекітіледі.
3. Кірістер мыналардан тұрады:
a) Негізгі табыс ретінде мүше мемлекеттердің міндетті жарналары.
і) Жарналардың шәкілі мынадай мөлшерде белгіленген:
Әзербайжан Республикасы - 2/15
Қазақстан Республикасы - 4/15
Қырғыз Республикасы - 1/15
Түркия Республикасы — 8/15
іі) Алайда, мүше-мемлекеттердің экономикалық мүмкіндіктерінің өзгеруіне және/немесе ұйымның ұлғаюына байланысты қажеттіліктер пайда болған жағдайда СІМК АЛТК арқылы осы шәкілге түзетулер енгізуге құқылы. Бұл түзетулер келесі жылғы бюджет үшін күшіне енуі және жарналар тиісті түрде жасалуы тиіс.
ііі) Жаңа жарналардың шәкілі бойынша консенсус болмаған жағдайда осы бапта көрсетілген шәкілдер күшінде қалады.
iv) Осы Келісім ратификацияланғанға дейін ерікті жарналар ағымдағы шәкілге сәйкес төленеді.
b) Тараптардың мөлшері шектелмеген ерікті жарналарынан құралған Хатшылық бюджетіне төлемдер.
c) Тараптардың мақұлдауына жататын Түркі кеңесіне бақылаушы мемлекеттерден, басқа мемлекеттерден, Түркі кеңесіне бақылаушы ұйымдардан, басқа халықаралық ұйымдардан және форумдардан, заңды және жеке тұлғалардан да қабылдануы мүмкін ақшалай және/немесе басқа түрлердегі ерікті жарналар.
d) Хатшылықтың міндеттері мен функцияларына қайшы келмейтін өзге кірістер.
4. Шығыстарға мыналар енеді:
a) Бас хатшының сыйақысы, соның ішінде:
4.a.1. медициналық сақтандыру, 4.a.2. асырауындағы жандарға жәрдемақы, 4.a.3. балаларға жәрдемақы, 4.a.4. білім гранты, 4.a.5. тұруға жәрдемақы, 4.a.6. ротация жәрдемақысы, 4.b.7. демалыс жәрдемақысы, 4.b.8. өкілдік шығыстар, 4.а.9. әлеуметтік қамтамасыз ету төлемдері.
b) Бас хатшы орынбасарының сыйақысы, соның ішінде:
4.b.l. медициналық сақтандыру, 4.b.2. асырауындағы жандарға жәрдемақы, 4.b.З. балаларға жәрдемақы, 4.b.4. білім гранты, 4.b.5. ротация жәрдемақысы, 4.b.6. демалыс жәрдемақысы (жылына бір рет) 4.b.7. өкілдік шығыстар, 4.b.8. әлеуметтік қамтамасыз ету төлемдері.
c) Хатшылық персоналының сыйақысы, соның ішінде:
4.с.1. медициналық сақтандыру, 4.с.2. асырауындағы жандарға жәрдемақы, 4.с.З. балаларға жәрдемақы, 4.с.4. білім гранты, 4.с.5. ротация жәрдемақысы, 4.с.6. демалыс жәрдемақысы (жылына бір рет) 4.с.7. әлеуметтік қамтамасыз ету төлемдері, 4.с.8. тілдік білім жәрдемақысы (Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының Штат ережелеріне сәйкес G санатындағы персонал үшін).
d) Қызмет мерзімін аяқтайтын персоналдың қызметінің аяқталуына байланысты өтемақы.
е) Қызмет көрсетуші персоналдың еңбек шарттары аяқталған жағдайдағы шығу жәрдемақысы.
f) Бас хатшының, Бас хатшы орынбасарының, Хатшылық персоналының және АК мүшелерінің іссапарларына арналған шығыстар, соның ішінде, тәуліктік, көліктік және қонақүйде тұру шығыстары.
g) Хатшылық үшін тауарлар мен қызмет көрсетулерді сатып алу;
h) Кеңcе жиһаздары мен жабдықтарды, автокөліктерді және Хатшылық қызметі үшін қажетті басқа да заттарды сатып алу;
і) Хатшылықтың күнделікті қызмет етуіне арналған шығыстарды қоса алғандағы басқа шығыстар:
- үй-жайға, кеңсе жиһаздарына, жабдықтарға, автокөліктерге және басқа да құралдарға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу;
- персоналарды оқыту;
- лауазымға үміткердің шығыстары;
- жобаларға арналған шығыстар;
- протоколдық шығыстар;
- консалтинг.
5. Персоналдың рангі және жалақыларына сәйкес қаржы жылына арналған шығыстар көрсетілетін Хатшылықтың штаттық матрицасы Хатшылық тарапынан дайындалады және АЛТК мақұлдауынан кейін СІМК тарапынан бекітеді.
4-бап
Бюджеттің атқарылуы
1. Бюджет Хатшылық тарапынан атқарылады.
2. Әр Тараптың міндетті жарнасының нақты сомасы бюджетте көрсетілуі тиіс.
3. Бюджетке жыл сайынғы жарналар АҚШ долларында есептеледі және төленеді.
4. Хатшылық отырыстар барысында СІМК-ін бағаланған жарналардың бюджетке толық көлемде түскені жөнінде хабардар етеді.
5. Тиісті жарналар қаржы жылының алғашқы үш айы ішінде төленеді. Алайда, бұл ұлттық заңнамаға байланысты мүмкін болмаған жағдайларда төлемдер төрт кезең ішінде жасалып, әр үш айдың алғашқы күнінде жүзеге асырылуы мүмкін.
5-бап
Шығыстар сметасы
1. Хатшылықтың бюджеті қаржы жылына арналған шығыстарды қамтитын құжат - шығыстар сметасына сәйкес орындалады.
2. Хатшылық өз смета жобасын құрайды және оны әр бап бойынша есептеулермен және негіздемелермен бірге жаңа қаржы жылының алдындағы жылдың бірінші жартысында Тараптардың қарауы үшін жолдайды.
3. Жергілікті валютадағы шығыстар үшін бюджетті бағалау үшін валюта бағамдары қабылдаушы мемлекеттің Орталық банкінің алдыңғы жылғы орташа валюта бағамы бойынша негізделеді.
4. Бекітілген бюджеттің шегінде, жалақы позицияларынан басқа, бір позициядан екіншісіне кез келген трансферт Тараптарды алдын-ала хабардар ету арқылы Хатшылық тарапынан жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Хатшылықтың қаржы жылының соңына дейін мақсаты бойынша пайдаланылмаған бюджет қаражатының қалдықтары келесі қаржы кезеңінің бюджет кірісіне енгізілуі тиіс. Әр мүше мемлекеттің жарналары тиісінше есептелуі және олардың таза жарналарының көлемдері туралы Тараптарға хабарлануы тиіс.
6. Жабдықтарды және ұзақ мерзімді қолданысқа арналған заттарды сатып алу үшін алдыңғы жылы толық пайдаланылмауына байланысты 1 қаңтардағы ахуал бойынша құралған бюджет қаражатының қалдықтары кейінге қалдырылған тапсырыстарды төлеу үшін пайдаланылуы тиіс.
6-бап
Ақшалай қаражаттарды орналастыру
1. Бас хатшы Хатшылықтың ақшалай қаражаты сақталатын банк шотын/шоттарын белгілейді.
2. Хатшылықтың шоттары АҚШ долларында және Қабылдаушы мемлекеттің ұлттық валютасында жүргізіледі. Алдыңғы кезеңдегі шығыстарға арналған валюталық бағамдардың бухгалтерлік есебі Қабылдаушы мемлекеттің Орталық банкінің үш орташа айлық валюта бағамдарына негізделеді.
7-бап
Есептілік
1. Бас хатшы Хатшылықтың қаржылық қаражатын бақылайды және оған иелік ету бойынша АЛТК арқылы СІМК алдында есепті.
2. Бас хатшы АЛТК арқылы СІМК-не әр қаржылық кезең үшін жыл сайынғы есепті/баяндаманы алдыңғы қаржы жылынан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсынады.
3. Әр қаржы жылының нәтижесі бойынша қаражаттың оң қалдығы немесе тапшылығы кірістердің шығыстардан артуын немесе шығыстардың кірістерден артуын есептеу арқылы анықталуы мүмкін. Хатшылықтың қолдағы қаражат тапшылығы болған жағдайда Бас хатшы бұл туралы АЛТК арқылы СІМК-ін хабардар етеді және қажетті қаржылық шараларды қабылдауға қатысты ұсыныстар енгізеді.
8-бап
Аудит
1. Хатшылықтың қаржылық қызметінің сыртқы аудиті АЛТК мақұлдауы арқылы СІМК өкілдік берген тәуелсіз аудитор/аудиторлар тарапынан кемінде жылына бір peт жүзеге асырылады. Бас хатшы өкілеттік берілген органға сыртқы аудит жүргізу үшін қажетті құжаттарды ұсынады.
2. Сыртқы аудит жүргізілгеннен кейін аудиттік есеп Бас хатшы тарапынан барлық Тараптарға жолдануы тиіс.
9-бап
Айналым қаражат қоры
1. Айналым қаражат қоры бюджеттің бөлігі болып табылады және жыл сайынғы міндетті жарналарды алғанға дейін бюджет қаражатын қаржыландыру үшін ғана пайдаланылуы тиіс.
2. Айналым қаражат қорының сомасы жылдық бюджеттің 3/12 бөлігінен төмен емес көлемде бекітілуі тиіс. Болжалды жыл сайынғы міндетті жарналар алынғаннан кейін аванстық сома айналым қаражат қорына қайтарылады.
10-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Түркі кеңесінің жаңа мүше мемлекеттерінің қосылуы үшін ашық болады.
Ол қосылушы мемлекет үшін депозитарий қосылу туралы құжатты алғаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.
2. Түркия Республикасы осы Келісімнің Депозитарийі болып табылады. Депозитарий Тараптарды Келісімнің күшіне енуінің күні, сондай-ақ тиісті Тараптардан ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттарды дипломатиялық арналар арқылы алғаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
3. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қабылдауға байланысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер арқылы шешеді.
4. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалар түрінде өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгертулер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болуы тиіс.
5. Тараптардың кез келгені кез келген уақытта Депозитарийге жазбаша түрдегі хабарламаны жолдау арқылы осы Келісімнен шыға алады. Осы Келісім бұл Тарап үшін мұндай хабарламаны Депозитарийдің алған күнінен бастап 6 ай өткеннен кейін өз күшін жоғалтады.
2012 жылғы 23 тамызда Бішкек қаласында бір түпнұсқа данада әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік және ағылшын тілдерінде жасалды. Келіспеушілік болған жағдайда ағылшын тіліндегі нұсқа басым күшке ие болады.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасын Депозитарий сақтайды, ол оған қол қойған әрбір Тарапқа куәландырылған дананы жолдайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
Түркия Республикасының Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің әзербайжан, қырғыз, түрік және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.