Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 2 шілдедегі № 224-V ҚРЗ.

      2013 жылғы 24 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ (2014 жылғы 29 шілдеде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 5, 51-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі

      2002 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мұнай транзиті туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және Кеден одағын қалыптастыру туралы шартты, 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді негізге ала отырып,

      ресейлік мұнайды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты ресейлік мұнайды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына тасымалдау үшін жағдай жасау болып табылады.

2-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін мынадай құзыретті органдарды тағайындайды:

      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі.

      Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі;

      Тараптардың уәкілетті ұйымдары:

      Қазақстан Тарапынан - магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамы болып табылады.

      Ресей Тарапынан - "Роснефть" мұнай компаниясы" жария акционерлік қоғамы.

      Құзыретті органдар және (немесе) уәкілетті ұйымдар өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.05.2024 № 84-VIII Заңымен.

3-бап

      Тараптар Ресей Тарапының уәкілетті ұйымы жылына 10 миллион тонна мөлшеріндегі ресейлік мұнайды ұзақ мерзімді тасымалдауы үшін жағдай жасайды және оған "Ресей Федерациясының шекарасы - Қазақстан Республикасының шекарасы ("Туймазы - Омбы - Новосибирск-2" магистральдық мұнай құбыры) - Қазақстан Республикасының шекарасы - Ресей Федерациясының шекарасы ("Туймазы - Омбы - Новосибирск-2" магистральдық мұнай құбыры) - Ресей Федерациясының шекарасы Қазақстан Республикасының шекарасы (Ертіс) - Атасу (Қазақстан Республикасы) - Алашанькоу (Қытай Халық Республикасы) тасымалдау бағыты бойынша магистральдық құбырлар жүйесіне қол жеткізу құқығын береді".

      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда – ҚР 20.05.2024 № 84-VIII Заңымен.

4-бап

      Осы Келісімнің 3-бабында көзделген тасымалдау бағыты бойынша мұнайды ұзақ мерзімді тасымалдау:

      "Ресей Федерациясының шекарасы - Қазақстан Республикасының шекарасы ("Туймазы - Омбы - Новосибирск-2" магистральдық мұнай құбыры) - Қазақстан Республикасының шекарасы - Ресей Федерациясының шекарасы ("Туймазы - Омбы - Новосибирск-2" магистральдық мұнай құбыры)" бағытының қазақстандық бөлігі бойынша (бұдан әрі - 1-тасымалдау бағыты) - Қазақстан Тарапының уәкілетті ұйымы мен бағыттың көрсетілген бөлігі бойынша мұнайды тасымалдау бойынша қызметтер көрсету бөлігінде Ресей Тарапының уәкілетті ұйымының агенті ретінде әрекет ететін "Транснефть" жария акционерлік қоғамы арасындағы шартқа сәйкес;

      "Қазақстан Республикасының шекарасы - Ресей Федерациясының шекарасы ("Туймазы - Омбы - Новосибирск-2" магистральдық мұнай құбыры) - Ресей Федерациясының шекарасы - Қазақстан Республикасының шекарасы (Ертіс)" бағытының ресейлік бөлігі бойынша Ресей Тарапының уәкілетті ұйымы мен Ресей Федерациясының магистральдық құбырлары жүйелерінің техникалық мүмкіндігін ескере отырып, Ресей Федерациясының магистральдық құбырлары арқылы мұнайды тасымалдау бойынша қызметтер көрсету жөніндегі оператор болып табылатын "Транснефть" жария акционерлік қоғамы арасындағы шартқа сәйкес;

      "Ресей Федерациясының шекарасы - Қазақстан Республикасының шекарасы (Ертіс) - Атасу (Қазақстан Республикасы) - Алашанькоу (Қытай Халық Республикасы)" бағытының қазақстандық бөлігі бойынша (бұдан әрі - 2-тасымалдау бағыты) - Тараптардың уәкілетті ұйымдары арасында мұнайды тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартқа (бұдан әрі - тасымалдау туралы шарт) сәйкес жүзеге асырылады, оның талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген мұнайды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған үлгілік шарттың талаптарынан ерекшеленуі мүмкін.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда – ҚР 20.05.2024 № 84-VIII Заңымен.

5-бап

      1-тасымалдау бағыты бойынша Ресей Тарапының уәкілетті ұйымына заңды негізде тиесілі жылына 10 миллион тонна мөлшеріндегі мұнайды тасымалдау құны 1 тонна үшін 2,1 АҚШ долларын құрайды және Қазақстан Тарапының уәкілетті ұйымы төлем жасауға тапсырма берген күні Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы негізінде теңгемен төленеді. Тасымалдаудың мұндай құны және есептеу тәртібі тиісті тасымалдау туралы шартта белгіленеді және осы Келісімнің қолданылу мерзімі ішінде өзгертілуге жатпайды.

      2-тасымалдау бағыты бойынша Ресей Тарапының уәкілетті ұйымына заңды негізде тиесілі жылына 10 миллион тонна мөлшеріндегі мұнайды тасымалдау құнын Тараптардың уәкілетті ұйымдарының уағдаластықтары негізінде Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы 1 тонна үшін АҚШ долларымен осы Келісімнің бүкіл қолданылу мерзіміне бекітеді. Тасымалдаудың мұндай құны тасымалдау туралы шартта белгіленеді және Тараптардың уәкілетті ұйымдарының келісімінсіз осы Келісімнің қолданылу мерзімі ішінде өзгертілуге жатпайды.

      Қазақстан Тарапы 1 және 2-тасымалдау бағыттары бойынша (оның ішінде оның учаскелерінің кез келгені бойынша) мұнай тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерге нөлдік мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығын салады. Бұл ретте Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын қайтару мақсаты үшін мұнайды тасымалдау бағыты бойынша (оның ішінде оның учаскелерінің кез келгені бойынша) тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді халықаралық тасымал ретінде қарастырады.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда – ҚР 20.05.2024 № 84-VIII Заңымен.

6-бап

      Ресей Тарапының уәкілетті ұйымы тасымалдау бағытының соңғы пунктінде (Алашанькоу) мұнайды тасымалдау туралы шартта көзделгендей көлемде және сапада берген жағдайда, Қазақстан Тарапының уәкілетті ұйымы Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарын мұнаймен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының магистральдық құбырлары жүйесінде ресейлік мұнайды қазақстандық мұнаймен ауыстыруды дербес жүзеге асыруға құқылы.

7-бап

      Осы Келісімнің шеңберінде Ресей Тарапының уәкілетті ұйымы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Кеден одағының кеден аумағынан тыс жерлерге әкететін мұнай үшін кедендік әкету бажын Ресей Тарапының уәкілетті ұйымы Ресей Федерациясының бюджетіне төлеуге тиіс.

      Ресей Тарапының уәкілетті ұйымы осы Келісімде көзделген мұнай тасымалдауға байланысты Қазақстан Республикасының бюджетіне кез келген салықтарды, алымдарды, кедендік және өзге де төлемдерді төлеуден босатылады.

8-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.

      Тараптардың уәкілетті ұйымдарының арасындағы дауларды реттеу тәртібі, оның ішінде осы даулардың соттылығы олардың арасындағы шарттарда айқындалады.

9-бап

      Осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

10-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді және осы Келісімнен туындайтын құқықтық қатынастарға 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.

      Осы Келісім 2034 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.

      Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғаннан кейін оның ережелері осы Келісім қолданылған кезеңде Тараптарда және Тараптардың уәкілетті ұйымдарында туындаған міндеттемелер толық орындалғанға дейін қолданылады.

      2013 жылғы 24 желтоқсанда Мәскеу қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланатын болады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.05.2024 № 84-VIII Заңымен.

Қазақстан Республикасының

Ресей Федерациясының

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады