1-бап. 2013 жылғы 10 желтоқсанда Конакриде қабылданған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының жарғысы ратификациялансын.
2-бап. Осы Заң 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӨНІНДЕГІ ИСЛАМ ҰЙЫМЫНЫҢ ЖАРҒЫСЫ
КІРІСПЕ
Осы Жарғы бойынша Тараптар болып табылатын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің Үкіметтері,
Өздерінің әл-ауқатын, өркендеуін және әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында ИЫҰ-на мүше мемлекеттердің халықтары арасындағы бірлікті, ынтымақтастықты және тілектестікті күшейту туралы ИЫҰ жарғысының ережелерін басшылыққа ала отырып,
2012 жылғы 15-17 қарашада Джибути Республикасы, Джибутиде өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Сыртқы Істер Министрлері Кеңесінің Отыз тоғызыншы Сессиясында қабылданған Қазақстанда ИЫҰ Азық-түлік Қауіпсіздігі Институтын құру туралы № 3/39-Е қарарға сәйкес,
Өздеріне мүше мемлекеттер бетпе-бет келіп отырған, атап айтқанда аштықтың белең алуы, дұрыс тамақтанбау, ашығу, өскелең халықтың жаппай кедейшілігі, тамақ өнімдерінің жетіспеуі, шөлейттенуі, орман алқаптарының азаюы, топырақтың сортаңдануы және қолда бар әлеуеттерді тиімсіз пайдалану сияқты азық-түлік қауіпсіздігімен байланысты негізгі проблемаларды шешу жолдарын іздеу қажеттігін мойындай отырып,
Өз елінің шегінде барлық қолжетімді ресурстарды жұмылдыру арқылы ұзақ мерзімді негізде азық-түлік қауіпсіздігін ілгерілету және дамыту, ауылды және ауыл шаруашылығын дамыту, тәжірибемен және ең жақсы озық практикамен алмасу, инвестицияларды дамыту және тиісті технологияларды беру үшін ұжымдық тұғырнама құруға ұмтыла отырып,
Осымен осы жарғыны белгілейді:
I ТАРАУ
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап
Айқындамалар
Осы Жарғыда төмендегі терминдердің олардың әрқайсысының тұсында келтірілген мағынасы болуға тиіс:
1. Ұйым Азық-түлік Қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымын білдіреді.
2. Бас Ассамблея Азық-түлік Қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының Бас Ассамблеясын білдіреді.
3. Атқарушы Кеңес Азық-түлік Қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының Атқарушы Кеңесін білдіреді.
4. Хатшылық Азық-түлік Қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының Хатшылығын білдіреді.
5. Төраға Азық-түлік Қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының Төрағасын білдіреді.
6. Бас директор Азық-түлік Қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының Бас директорын білдіреді.
7. ИЫҰ Ислам Ынтымақтастығы Ұйымын білдіреді.
8. Мүше мемлекеттер - осы жарғының 5-бабына сәйкес Азық-түлік Қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымына кірген ИЫҰ-ға қатысушы елдер.
9. СІМК ИЫҰ Сыртқы Істер Министрлерінің Кеңесін білдіреді.
10. Жоғары деңгейдегі Ислам Саммиті ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің корольдері және мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының Саммитін білдіреді.
11. Аккредиттелген өкіл жарғыға қол қою үшін мемлекеттің тиісті органы уәкілеттік берген кез келген тұлғаны білдіреді.
12. Азық-түлік адамның тұтынуы үшін өңделген, жартылай өңделген немесе шикі түріндегі кез-келген өнімді білдіреді.
13. Азық-түлік қауіпсіздігі барлық адамдар кез-келген уақытта белсенді және салауатты өмірді қамтамасыз ету мақсатында өз диеталық қажеттіліктерін және тағамдық талғамдарын қанағаттандыру үшін жеткілікті, қауіпсіз және нәрлі азық-түлік өнімдеріне физикалық, әлеуметтік, экономикалық және қаржылай қолжетімділігі болатын жағдайды білдіреді.
2-бап
Штаб-пәтер
1. Ұйымның штаб-пәтері Қазақстан Республикасы, Астана қаласында орналасатын болады. Қабылдаушы ел, дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтарды қоса алғанда, оның кедергісіз жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдайларды жасауы тиіс.
2. Ұйым Бас Ассамблеяның қарарына сәйкес және Атқарушы Кеңестің ұсынысы бойынша кез-келген елде өз бақылауындағы өзінің филиалдары ретінде орталықтарды, кеңселерді немесе институттарды құра алады.
3-бап
Құқықтық мәртебе
1. Ұйым ИЫҰ жарғысының 24-бабына сәйкес Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мамандандырылған мекемесі болып табылады.
2. Ұйым халықаралық ұйым ретінде толыққанды заңды тұлға мәртебесін пайдаланатын болады және өзінің толық құқық және әрекетке қабілеттілігін пайдалана отырып, осы жарғыда айқындалғандай өз функцияларын жүзеге асырады және өз міндеттерін орындайды.
3. 2-баптың 2-бөлігіне сәйкес қандай да бір филиалға берілетін иммунитеттер және артықшылықтар, оның ішінде заңды қол сұғылмаушылық пен салық салудан босату Ұйымның және тиісті қабылдаушы елдің арасындағы екіжақты Келісімде айқындалуға тиіс.
4-бап
Ұйымның мақсаттары мен міндеттері
1. Ұйымның мақсаттары мен міндеттері:
(а) ауыл шаруашылығын, ауылдық жерлерді, азық-түлік қауіпсіздігін тиімді дамытудың және биотехнологияларды дамытудың, сондай-ақ шөлейттенуден, орман алқаптарының азаюынан, топырақтың эрозиясы мен сортаңдануынан туындаған проблемаларды шешудің түрлі аспектілері бойынша мүше мемлекеттерге сарапшылық тәжірибені және техникалық ноу-хауды ұсыну, сондай-ақ орнықты әлеуметтік байланыстарды қамтамасыз ету;
(b) мүше мемлекеттермен үйлестіре отырып, қажетті шұғыл және гуманитарлық көмекті айқындау және көрсету мақсатында, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі қорын құру арқылы мүше мемлекеттердегі өндірістік қауіпсіздік саласындағы ахуалды бағалау және оған мониторинг жүргізу;
(с) мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін арттыру мақсатында қаржылай және ауыл шаруашылығы ресурстарын жұмылдыру және басқару; және
(d) ортақ ауыл шаруашылығы қағидаттарын, оның ішінде тиісті технологиялармен алмасу және оларды беру арқылы үйлестіру, тұжырымдау және іске асыру болады.
2. Жоғарыда көрсетілген міндеттерге қол жеткізу үшін Ұйым функцияларды атқарады:
(а) тамақтануға, өнімдерге және ауыл шаруашылығына қатысты ақпаратты жинау, зерделеу, түсіндіру және тарату;
(b) тамақтану, азық-түлік және ауыл шаруашылығы саласында ғылыми, технологиялық, әлеуметтік және экономикалық зерттеулерді жүргізу және оларға жетекшілік ету;
(с) ауыл шаруашылығын, биотехнологияларды және өндіріс практикалары модельдерін, оның ішінде суаруды, тұқым өндірісін, пестицидтерді және агрономиялық басқаруды тұрақты дамытуға қатысты ақпаратпен, деректермен, зерделеумен және зерттеулермен алмасу;
(d) ауыл шаруашылығы процестерін жаңғыртуға және институционалдық қуаттарды өрістетуге ықпал ету;
(е) мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты дамыту үшін ресурстарды жұмылдыруға және басқаруға ықпал ету;
(f) микро-қаржылық жобалар, қуаттарды кеңейту, халықаралық жобалар және Ислам қаржы өнімдеріне жетілдірілген қолжетімділік арқылы ауыл шаруашылығына және азық-түлік қауіпсіздігіне ИЫҰ ішінде инвестицияларды ынталандыру;
(g) тиісті өңірлік және ұлттық жобаларды, халықаралық бағдарламаларды, құқықтық және басқа да нормаларды, сондай-ақ Ұйымның міндеттерін іске асыру үшін азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ережелерді дамыту және іске асыру;
(h) ауыл шаруашылығы саласында ортақ қағидаттарды дамыту және жүзеге асыру;
(і) ИЫҰ Бас хатшылығынан түскен тиісті сұраулар негізінде гуманитарлық бағдарламаларға қатысу;
(j) әрбір мүше мемлекеттің ерекшеліктерін назарға ала отырып, азық-түліктің жетіспеуі, табиғи және техногендік зілзалалар, апаттар, құрғақшылық пен осыған ұқсас мән-жайлар нәтижесінде мүше мемлекеттерде азық-түлікке жедел қажеттілік туындаған жағдайда қажетті көмек көрсету үшін қажетті өңірлік тетіктерді құру;
(k) 7-бапқа сәйкес басқа халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтасу;
(l) осы қатынаста жоғары деңгейде Ислам Саммиттері, СІМК және Азық-түлік Қауіпсіздігі және Ауыл Шаруашылығын Дамыту мәселелері жөніндегі ИЫҰ-ның министрлерінің министрлік кездесулері шығаратын ИЫҰ қарарлары мен ұсынымдарын орындау; және
(m) Ұйымның міндеттерін орындау үшін барлық қажетті және тиісті шараларды қабылдау.
5-бап
Ұйымға мүше болу
1. ИЫҰ-ның әрбір мүше мемлекеті мүшелілікті ресімдеу бойынша барлық заңды ресімдер аяқталғаннан кейін оның ішкі заңнамасына сәйкес және Ұйымның Хатшылығына жазбаша түрде хабарлап, осы жарғыға қол қойылған жағдайда Ұйымның мүшесі бола алады. ИЫҰ-ның мүшесі болып табылмайтын немесе ИЫҰ жанындағы байқаушы болып табылатын мемлекет Ұйымның мүшесі бола алмайды.
2. Ұйымның мүшесі болып табылмайтын мүше мемлекет немесе ИЫҰ жанындағы байқаушы Ұйым жанындағы байқаушы мәртебесін алуға өтінім бере алады. Өңірлік және халықаралық ұйымдар өтініш бергеннен және оны Бас Ассамблея бекіткеннен кейін байқаушы құқығын пайдалана алады.
3. Тек Ұйымға мүше мемлекеттердің ғана Бас Ассамблеяда дауыс беру құқығы болады. Шешімдер консенсуспен қабылдануға тиіс. Егер консенсуске қол жеткізілмесе, шешім қатысушы және дауыс беруші мүше мемлекеттердің үштен екі көпшілігімен қабылданады.
4. Мүше мемлекеттер құқықтарының және жауапкершілігінің сипаты мен шектері осы жарғыда, сондай-ақ Ұйымның қағидалары мен нормативтік құжаттарында айқындалады.
6-бап
Мүше мемлекеттердің баяндамалары
1. Барлық мүше мемлекеттер ұлттық заңнамамен қорғалған ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік органдар жариялаған немесе қандай да бір басқа түрде басып шығарған немесе ұсынған статистикалық, техникалық және басқа да ақпаратты қоса алғанда, Ұйымның құзыреті саласына жататын мәселелерге қатысты заңдардың және нормативтік актілердің мәтіндерін Атқарушы Кеңеске және Хатшылыққа мерзімділікпен жолдауға тиіс.
2. Бас Ассамблея, Атқарушы Кеңес және Хатшылық мүше мемлекеттерден Ұйымның құзыреті саласына жататын мәселелерге қатысты өзге де ақпаратты, есептерді немесе құжаттарды сұрата алады.
7-бап
Ұйымның басқа ұйымдармен өзара іс-қимылы
1. Ұйым ИЫҰ барлық органдарының арасында өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ ИЫҰ саясатының қағидаттарын және бағдарламаларын іске асыру кезінде байланыс және синергия сапасын арттыру мақсатында олармен тығыз ынтымақтастықты сақтап отырады.
2. Ұйым өз қызметінде жоғары деңгейде Ислам Саммиті, сондай-ақ СІМК қабылдаған шешімдердің ережелеріне сәйкес ИЫҰ-ның ортақ міндеттерін басшылыққа алуға тиіс.
3. Ұйым Бас Ассамблеяның мақұлдауын алған кезде және ИЫҰ-ның мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес өз мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге жәрдемдесу мақсатында ИЫҰ-ға осындай мүшелігі бар өңірлік және халықаралық ұйымдармен тығыз өзара іс-қимылды дамытуға тиіс. Осылайша, ол ауыл шаруашылығы, ауылдық жерлерді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігі саласында жұмыс істейтін кез келген басқа мемлекеттік немесе үкіметтік емес өңірлік және халықаралық ұйымдармен тығыз өзара іс-қимыл орнатуға да тиіс.
8-бап
Конвенциялар және Келісімдер
1. Бас Ассамблея дауыстардың үштен екісімен шешімдер қабылдаған жағдайда, олар азық-түлік және ауыл шаруашылығы саласында конвенциялар мен келісімдерді қабылдауға және мүше мемлекеттердің бекітуі үшін оларға беруге тиіс.
2. Жоғарыда келтірілген 1-бөліктің мақсаттары үшін конвенциялар және келісімдер:
(а) олардың күшіне енуі туралы, сондай-ақ мүше мемлекеттер шығарған оң шешімдердің саны туралы ережелерді қамтуға; және
(b) осы жарғыға қол қоймаған мүше мемлекеттер үшін қандай да бір қаржылық міндеттемелерге әкелмеуге тиіс.
3. Бас Ассамблеяның конвенциялар мен келісімдерді әзірлеу үшін мүше мемлекеттердің үкіметтерімен консультациялар өткізу, сондай-ақ техникалық қолдау көрсету қағидаларын әзірлеу құқығы бар.
II ТАРАУ
ҰЙЫМ ОРГАНДАРЫ
9-бап
Ұйым органдары
Ұйым органдары:
(а) Бас Ассамблея;
(b) Атқарушы Кеңес; және
(с) Хатшылық болып табылады.
10-бап
Бас Ассамблея
1. Бас Ассамблеяға Ұйымның мандаты шеңберіндегі мәселелерге жауапты министрлер немесе тиісті мүше мемлекеттер ұсынған олардың өкілдері кіреді. Бас Ассамблея жоспарлы сессияларды жылына бір рет шақырады. Егер қажет болса, Ұйымға қатысушылардың үштен екісі осыған өз келісімін берген жағдайда бес қатысушының өтініші бойынша кезектен тыс сессиялар өткізілуі мүмкін. Әрбір мүшеге бір дауыс беру құқығы беріледі.
2. Бас Ассамблеяның өкілеттіктері мен міндеттері:
(а) Төраға мен вице-төрағаны әділ географиялық бөлу қағидатын назарға ала отырып, бір рет қайта сайлау құқығымен бір жыл мерзімге сайлау;
(b) әділ географиялық өкілдік ету қағидатын негізге ала отырып, Атқарушы Кеңес Төрағасын және оның мүшелерін сайлау;
(с) Ұйымның жалпы бағытын және саясатын әзірлеу;
(d) бюджетті қабылдау, Ұйымның қаржылық саясатын және жалпы жұмыс бағдарламасын, сондай-ақ осы бағдарламаны іске асыру әдістерін белгілеу және бақылау;
(е) осы жарғының 15 (2)-бабына сәйкес Ұйымның Бас директорын сайлау; және
(f) Бас Ассамблея сессияларының қарарларын, ұсынымдарын және есептерін, сондай-ақ оны өткізу Қағидаларын қабылдау.
11-бап
Бас Ассамблеяның Төрағасы өзіне мынадай міндеттерді алады:
1. Төраға Ұйымның сессияларын шақырады, өткізеді және оларға төрағалық етеді.
2. Төраға Ұйым сессияларын өткізу арасындағы кезеңдерде оның атынан өкілдік етеді.
3. Төрағаға өзіне жүктелген міндеттерді атқарған кезде мүше мемлекеттердің өкілдері тарапынан көмек көрсетілуі мүмкін.
4. Төраға өз қалауы бойынша өзінің вице-төрағасына кез келген өкілеттіктерді бере алады.
5. Қандай да бір себеп бойынша Төраға лауазымы бос қалған жағдайда, Төраға болмаған кезеңде оның функцияларын вице-төраға атқарады.
12-бап
Атқарушы Кеңес
1. Атқарушы Кеңес Төрағаны қоса алғанда, 8 мүшеден тұруға тиіс. Мүшелерді әділ географиялық бөлу қағидаты бойынша Бас Ассамблея сайлайды. Ұйымның штаб-пәтері орналасатын ел перманенттік мүше болуға тиіс, ал дауыс беруге құқығы жоқ бір позиция Бас директорға беріледі. Атқарушы Кеңес мүшелері үш жыл мерзімге бір рет қайта сайланумен сайланады. Мүше мемлекет Атқарушы Кеңестегі өз өкілін өз қалауы бойынша ауыстыру туралы шешім қабылдауы мүмкін.
2. Атқарушы Кеңестің кворумы мүшелер санының үштен екісінен тұруға тиіс және қарарларды мүшелердің үштен екісінің көпшілігімен қабылдауға тиіс.
13-бап
Атқарушы Кеңестің жиналыстары
Атқарушы Кеңес жиналыстарды Ұйымның штаб-пәтерінде немесе уағдаластыққа сәйкес кез келген басқа кездесу орнында кемінде жылына екі рет өткізуге тиіс. Атқарушы Кеңестің кезектен тыс жиналыстары қажет болғанда Төрағаның немесе оның мүшелерінің қарапайым көпшілігінің өтініші бойынша шақырылуы мүмкін.
14-бап
Атқарушы Кеңестің міндеттері мен өкілеттіктері
1. Атқарушы Комитет Бас Ассамблеяға бағынады. Оның міндеттері мен өкілеттіктері мыналар:
(а) Бас Ассамблеяның жалпы саясатына сәйкес ұйымның әртүрлі органдарының тиімді қызметін қамтамасыз ету;
(b) жиналыстардың (сессиялардың, жұмыс және сарапшылар топтарының) жалпы күнтізбесін бекіту;
(с) мүше мемлекеттермен және Бас директормен консультация өткізе отырып, жоспарлы және кезектен тыс сессиялардың алдын ала бағдарламасын және мәселелер тізімін дайындау;
(d) Ұйым сессиясына сарапшы немесе байқаушы ретінде қатысу үшін қандай да бір тұлғаны немесе ұйымды шақырудың орындылығына байланысты мәселелерді шешу;
(е) Ұйымның бюджетіне және бухгалтерлік есептілігіне шолу жүргізу, сондай-ақ оларды Бас Ассамблеяға жолдау;
(f) қажеттігіне қарай Мамандандырылған Комитеттерді қалыптастыру және олардың іс-қимылдарының бағдарламасын дайындау, олардың мүшелерін тағайындау және олардың жұмыс мерзімін белгілеу;
(g) Бас Ассамблеяға Ұйым органдарының қызметіне жататын нақтыланған есептерді ұсыну;
(h) Ұйым қызметіне қадағалауды жүзеге асыру және Бас Ассамблеяның қарарларына, Атқарушы Кеңестің шешімдеріне және ішкі нормалар мен қағидаларға сәйкес оның барлық функцияларын орындауын қамтамасыз ету;
(і) тамақтану, азық-түлік және ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми, технологиялық, әлеуметтік және экономикалық зерттеулерді жүргізу және бақылау;
(j) ауыл шаруашылығын, биотехнологияларды және өндірістік практикалар модельдерін тұрақты дамытуға, оның ішінде суаруға, тұқым өндірісіне, пестицидтерге және ауыл шаруашылығын басқаруға қатысты ақпаратпен, деректермен, зерделеумен және зерттеулермен алмасу;
(k) ауыл шаруашылығы процестерін жаңғыртуды ынталандыру және институционалдық әлеуетті өрістету;
(l) мүше мемлекеттердегі ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаржы және ауыл шаруашылығы ресурстарын жаңғыртуға және басқаруға ұмтылу;
(m) микро-қаржылық жобалар, әлеуетті кеңейту, халықаралық жобалар және ИЫҰ-ның қаржылық өнімдеріне қолжетімділікті оңайлату арқылы ИЫҰ ішіндегі инвестицияларды ауыл шаруашылығына және азық-түлік қауіпсіздігіне ынталандыру; және
(n) Ұйымның міндеттерін орындау мақсатында тиісті ұлттық және өңірлік бағдарламаларды, халықаралық бағдарламаларды, құқықтық және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзге де нормалар мен қағидаларды әзірлеу және жүзеге асыру болып табылады.
15-бап
Хатшылық
1. Хатшылыққа Бас директор мен тұрақты штаб-пәтерде және басқа да құрылған кеңселерде жұмыс істейтін ресми персонал кіреді. Бас директор Ұйым қызметкерлерінің ресми тізімін айқындайды.
2. Бас директорды Бас Ассамблея мерзімін бір рет ұзартуымен төрт жылдық кезеңге тағайындайды. Бас директор мүше мемлекеттер ұсынған кандидаттар арасынан барлық мүше мемлекеттер үшін тең мүмкіндік қағидатына сәйкес тиісінше біліктілігі, әдептілігі және тәжірибесі ескеріле отырып тағайындалады.
3. Бас директор Атқарушы Кеңестің және Бас Ассамблеяның алдында есеп беруге тиіс және оның Хатшылықтың барлық қызметкерлеріне басшылық етуге тікелей өкілеттігі бар.
4. Егер Бас директордың лауазымы оның өкілеттігінің мерзімі аяқталғанға дейін тоқсан (90) күннен артық кезеңде бос болған жағдайда Бас Ассамблея қалған мерзімге оның орнына мирасқорын тағайындауға тиіс.
16-бап
Бас директордың лауазымдық міндеттері
1. Атқарушы Кеңес және Бас Ассамблея бекіткен кез-келген басқа да міндеттерге қосымша Бас директор:
(а) Хатшылықтың персоналын тағайындауға және қызметкерлер үшін лауазымдық нұсқаулық ережелерінің орындалуын бақылап отыруға;
(b) Хатшылық қызметіне қадағалауды жүзеге асыруға;
(с) бюджет және қорытынды жиынтық шот бойынша жылдық есеп дайындауға;
(d) Атқарушы Кеңеске Хатшылықтың қызметі туралы жылдық есепті ұсынуға;
(e) Ұйымның Қаржылық қағидаларының ережелеріне сәйкес Ұйымның қаражатына және оның жұмсалуына жауап беруге;
(f) тамақтану, азық-түлік және ауыл шаруашылығы туралы ақпаратты жинауға, зерделеуге, түсіндіруге, таратуға;
(g) қажетті гуманитарлық көмек көрсетуге, сондай-ақ ИЫҰ тарапынан тиісті сұраулар және талаптар негізінде гуманитарлық бағдарламаларға қатысуға; және
(h) азық-түліктің жетіспеуі, табиғи және техногендік зілзалалар, апаттар, құрғақшылық және осыған ұқсас өзге де мән-жайлар нәтижесінде туындаған мүше мемлекеттердің азық-түлік проблемаларын шешу үшін қажетті өңірлік тетіктерді жасауға міндетті.
III ТАРАУ
БЮДЖЕТ ЖӘНЕ ҚАРЖЫ РЕСУРСТАРЫ
17-бап
Бюджет
1. Ұйымның бюджеті үш жылға жоспарланады және әр жылдың 1 қаңтарынан бастап және сол жылғы желтоқсанның аяғына дейін қолданыста болады. Ұйымның Қаржы Регламентінің ережелеріне сәйкес оны Бас Ассамблея қабылдағаннан кейін ол орындалуға тиіс.
2. Бас директор Атқарушы Кеңеске есепті қаржы жылы аяқталғаннан кейін оның келесі сессиясына ұсынуға тиіс бюджеттің орындалуы және қорытынды жиынтық шот туралы жылдық есепті дайындауға міндетті. Қаржы жылы туралы есепте бюджеттің орындалуы бойынша оның ұсыныстары, сондай-ақ қорытынды жиынтық шотқа қатысты оның қадағалағаны қамтылуға тиіс.
18-бап
Қаржы ресурстары
1. Ұйымның қаржы ресурстары мыналарды:
(а) Ұйым мүше мемлекеттерден алатын және Бас Ассамблея бекіткен белгіленген мөлшердегі жыл сайынғы жарналарды;
(b) барлық сыртқы көздерден түсетін жарналар Ұйымның мақсаттары мен қағидаларына қайшы келмеген жағдайда мүше мемлекеттерден, мүше емес мемлекеттерден, институттардан және серіктестерден түсетін қайырымдылық жарналарын және ерікті жарналарды;
(с) Ұйымның ерекше жобалары үшін мүше мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан жиналған қаражатты;
(d) Ұйымның құзыреті саласына жататын жарияланымдарды, өнімдерді, көрсетілетін қызметтерді сатудан түсетін түсімдерді қамтуға тиіс; және
(е) мүше мемлекеттер ИЫҰ пайдаланатын бағалау шәкіліне немесе Бас Ассамблея бекіткен қандай да бір өзге формулаға сәйкес бюджетке жарналар енгізеді деп болжанады.
19-бап
Қаражатты жұмсау
1. Мынадай мақсаттар үшін көзделген Ұйым қаражаты шығыстарының баптары:
(а) Хатшылықтың және Ұйымның басқа да құрылған кеңселерінің жұмысы, оның ішінде штаттық және жалданған персоналға қатысты міндеттемелер;
(b) бірлескен жобаларды үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүргізу нәтижесінде туындайтын міндеттемелер;
(с) өзінің бақылауындағы институттар мен ұйымдарға субсидиялар және көмек; және
(d) Ұйым үшін міндетті сипаттағы бұрынғы келісімшарттар, қарарлар немесе бағдарламалар нәтижесінде туындайтын міндеттемелер.
20-бап
Есептілік
1. Бас директор бюджет туралы жылдық есепті дайындауға және оны қаржы жылы аяқталған соң Атқарушы Кеңеске ұсынуға тиіс. Атқарушы Кеңес бюджет бойынша түпкілікті жылдық есепті дайындайды және оны Бас Ассамблеяның жоспарлы сессиясын өткізуі кезінде оған жібереді. Атқарушы Кеңес Қаржылық бақылау жөніндегі Комитетті тағайындайды, оның құрамына Ұйымның есептік құжаттарының аудитін жүзеге асыру, сондай-ақ Ұйымның тұрақты штаб-пәтерін және оның кеңселерін сапалы басқаруды қамтамасыз ету үшін кезектесу негізінде үш жыл кезеңге бес мүше мемлекеттен өкілдер кіреді. Комитет қажеттігіне қарай тиісті салаларда жәрдемдесу үшін сарапшыларды тарта алады.
2. Қаржылық Бақылау жөніндегі Комитеттің барлық тиісті бухгалтерлік кітаптарды және жазбаларды зерделеу, сондай-ақ Атқарушы Кеңестен, Бас директордан немесе Ұйымның қызметшілерінен оның пікірі бойынша өз функцияларын орындау үшін қажетті кез келген ақпарат ұсынуды талап ету құқығы болуы тиіс. Бухгалтерлік құжаттарға бюджеттің дұрыстығын және есептіліктің дәйектілігін растау мақсатында жыл сайынғы негізде Қаржылық бақылау жөніндегі Комитет аудит жүргізуге тиіс.
3. Қаржылық бақылау жөніндегі Комитет өзінің есебін Бас директорға беруге тиіс, ол өзінің барлық ескертулерімен бірге оны Атқарушы Кеңеске қайта жібереді. Атқарушы Кеңес есепті Бас Ассамблеяға оның келесі сессиясында қарауға жолдайды.
IV ТАРАУ
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
21-бап
Күшіне енуі
1. Жарғы жоғары деңгейде Ислам Саммиті немесе СІМК оны қабылдағаннан кейін ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық болуға тиіс. Ол ИЫҰ-ның кемінде он (10) мүше мемлекеті өздерінің аккредиттелген өкілдері арқылы қол қойғаннан кейін алдын ала қолданылуға және ратификациялау немесе бекіту туралы 10-шы құжат ұсынылған күннен бастап 30 күннен кейін нақты күшіне енуге тиіс. Осы жарғы күшіне енгеннен кейін оған қол қойған, оны ратификациялаған немесе бекіткен әрбір мүше мемлекет үшін ратификациялау немесе бекіту туралы құжат берілген күннен бастап 30-шы күні қолданыла бастайды.
2. Осы жарғыны ратификациялау немесе бекіту туралы құжаттар ИЫҰ-ның Бас Хатшылығында сақталуға тиіс.
3. ИЫҰ-ның Бас Хатшылығы барлық мүше мемлекеттерге ратификациялау немесе бекіту туралы құжаттардың қажетті санын алғаны туралы хабарлауға тиіс.
4. Жарғының түпнұсқасы араб, ағылшын және француз тілдерінде жалғыз данада ИЫҰ-ның Бас Хатшылығында сақталуға тиіс. ИЫҰ-ның Бас хатшылығы жарғының куәландырылған көшірмелерін барлық қол қойған қатысушыларға жіберуге тиіс.
22-бап
Жарғыдағы өзгерістер мен толықтырулар
1. Жарғыға өзгерістер мен түзетулерді Бас Ассамблея дауыстардың үштен екісі көпшілігімен мүше мемлекеттер мақұлдағаннан кейін енгізуі мүмкін. Алайда, Бас Ассамблея бекіткен және Ұйымның мақсаттары мен міндеттерінің түбегейлі өзгеруіне немесе мүше мемлекеттерге қатысты жаңа міндеттемелерге әкеп соғатын өзгерістер мүше мемлекеттердің үштен екісі оларды ратификациялағаннан кейін ғана күшіне енуі мүмкін.
2. Нәтижесінде мүше мемлекеттерге қатысты жаңа міндеттемелердің туындауына әкеп соқпайтын өзгерістер мен толықтырулар, егер түзетулерді бекіту туралы қарарда өзгеше белгіленбесе, тез арада күшіне енуге тиіс. Жаңа міндеттемелерді белгілейтін түзетулер оларды бекітетін әрбір мүше мемлекет үшін мүше мемлекеттердің үштен екісі мақұлдағаннан кейін қолданысқа енеді, ал қалған мүше мемлекеттер үшін оларды өздері бекіткеннен кейін күшіне енеді.
3. Жарғыға түзетулер енгізу жөніндегі ұсыныстарға мүше мемлекет бастамашылық етеді және олар Төрағаға жолданады. Төраға жарғыға түзетулер енгізу жөніндегі барлық ұсыныстар туралы мүше мемлекеттерді тез арада хабардар етеді.
4. Егер Төраға тиісті хабарламаны мүше мемлекеттерге сессияның басталуына дейін 120 күннен ерте жолдаса, жарғыға өзгерістер енгізу туралы ешбір ұсыныс Бас Ассамблеяның мәселелер тізіміне және сессия бағдарламасына енгізілмеуге тиіс.
23-бап
Түсіндіру
Осы жарғыны түсіндіруге қатысты кез келген мәселе немесе дау Ұйымның Бас Ассамблеясына ұйғарым шығару үшін жолдануға тиіс. Бас Ассамблея осындай даулы мәселелер бойынша мүше мемлекеттер дауыстарының үштен екісінің көпшілігімен шешім шығарады.
24-бап
Құрамнан шығу
1. Кез-келген мүше мемлекет Ұйымның құрамынан шығуға дейін бір жыл бұрын Төрағаға хабарлама жіберу және оны барлық мүше мемлекеттерге жолдау арқылы одан шығу құқығы бар.
2. Құрамнан шығуға ниеттенген мемлекет құрамнан шығуға сұрау беретін қаржы жылының аяғына дейін өзінің қаржылық міндеттемелерін орындауға, сондай-ақ Ұйымның алдындағы барлық тиесілі міндеттемелерін төлеуге тиіс.
3. Мүше мемлекет осы жарғыға сәйкес өз міндеттемелерін орындауға қабілетсіз болған жағдайда, Бас Ассамблея оның мүшелігін тоқтата тұру немесе тоқтатыла тұрған күннен бастап бір жыл ішінде мүшелігін қайта қалпына келтіру құқығын өзінде сақтайды.
4. Мүшелігі тоқтатыла тұрған мемлекет жарғыда айқындалған өзінің барлық құқықтарынан айырылады, бірақ барлық міндеттемелерін сақтайды.
25-бап
Таратылуы
1. Ұйым осы жарғының 10-бабына сәйкес өткізілетін кезектен тыс сессиясында Бас Ассамблея құрамының бестен төртінің көпшілігімен қабылданған шешім негізінен өзге негізде таратыла алмайды және басқа ұйыммен біріге алмайды.
2. Таратылғаннан кейін Ұйымның активтері мен қаржылық міндеттемелері Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Бас Хатшылығына берілуге тиіс.
26-бап
Жарғының мәтіні
Осы жарғының араб, ағылшын және француз тілдеріндегі редакциясының заңды күші бірдей деп есептелуге тиіс.
27-бап
Ресми тілдер
Ұйымның ресми тілдері араб, ағылшын және француз тілдері болып табылады.
Осымен 2013 жылғы 10 желтоқсандағы ағылшын тіліндегі Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Жарғысының қазақ тіліндегі аудармасы Жарғының мазмұнына сәйкес келетінін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігінің
Экономикалық интеграция және
аграрлық азық-түлік нарықтары
департаментінің директоры А. Құсайынова
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Жарғының араб, ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіні берілген.