2013 жылғы 25 қазанда Минскіде жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі құпия ақпаратты қорғау туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттер мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету қажеттігін негізге ала отырып,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдарында құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
1993 жылғы 22 қаңтардағы Мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімді ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Терминдер және олардың анықтамалары
Осы Келісімнің мақсаты үшін пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
«құпиялылық белгісі» - құпия ақпаратты жеткізгіште және (немесе) оған ілеспе құжаттамада қойылатын, олардың жеткізгішінде қамтылған мәліметтердің құпиялылық дәрежесі туралы куәландыратын деректеме;
«лауазымды адамдар» - әрбір Тарапқа бекітіп берілген лауазымға арналған квоталарға сәйкес Тараптардың ұсынуы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдары бекіткен адамдар;
«құпия ақпаратқа рұқсат беру» — жеке тұлғаның құпия ақпаратқа қол жеткізу құқығы немесе уәкілетті органның не Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органының қызметті осы Келісімге қатысушы мемлекеттің заңнамасына және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттер басшыларының кеңесі бекіткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарында Құпия ақпаратпен жұмыс істеу қағидаларына (бұдан әрі - Қағидалар) сәйкес берілген құпия ақпаратты пайдалана отырып жүзеге асыру құқығы;
«құпия ақпаратқа қол жеткізу» - жеке тұлғаның құпия ақпаратпен белгіленген тәртіппен санкцияланған танысуы және (немесе) онымен жұмыс істеуі;
«құпия ақпаратты қорғау» - құпия ақпаратты санкциясыз таратуға жол бермеу және оның жеткізгіштерінің сақталуы мақсатында қабылданатын құқықтық, әкімшілік, ұйымдастырушылық, инженерлік-техникалық және өзге де шаралар;
«құзыретті органдар» - Тараптардың осы Келісімнің іске асырылуына жауапты органдары;
«құпия ақпаратты санкциясыз тарату» - құпия ақпаратты онымен танысуға құқық берілмеген заңды және жеке тұлғаларға хабарлау, беру, ұсыну, жіберу, жариялау немесе кез келген басқа тәсілдермен жеткізу не оның жеткізгіштерін жоғалту немесе жымқыру;
«құпия ақпараттың жеткізгіштері» - құпия ақпарат нышандар, үлгілер, белгілер, техникалық шешімдер және процестер түрінде өз көрінісін табатын материалдық объектілер, оның ішінде физикалық өрістер;
«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдары» - 1993 жылғы 22 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысында (бұдан әрі - Жарғы) көзделген тәртіппен және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа да құжаттарымен құрылған, қызметті құпия ақпаратты пайдалана отырып жүзеге асыратын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының жарғылық және өзге де органдары;
«құпия ақпаратты құпиясыздандыру» - құпия ақпаратты таратуға және оның жеткізгіштеріне қол жеткізуге қойылған шектеулерді алып тастау жөніндегі іс-шаралардың жиынтығы;
«құпия ақпарат» - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі ынтымақтастық процесінде алынған, берілген және (немесе) пайда болған, кез келген нысанда білдірілген, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінің мемлекеттік құпияларын (мемлекеттік құпиясын) құрайтын, осы Келісімге қатысушы мемлекеттер ұлттық заңнамаға сәйкес қорғайтын, ал Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдарында - осы Келісімге және Қағидаларға сәйкес қорғалатын, санкциясыз таратылуы Тараптардың қауіпсіздігі мен мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін мәліметтер;
«құпиялылық дәрежесі» - осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасында, ал Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдарында осы Келісімде және Қағидаларда белгіленген, ақпараттың аражігін ажырату критерийі;
«уәкілетті органдар» - осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің құпия ақпаратқа рұқсаты бар, құпия ақпаратты беруге, алуға, сақтауға, қорғауға және пайдалануға уәкілетті мемлекеттік органдары және (немесе) ұйымдары.
2-бап
Келісімнің нысанасы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету осы Келісімнің нысанасы болып табылады.
3-бап
Құзыретті органдар, уәкілетті органдар және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдары
1. Құпия ақпаратты қорғау саласындағы ынтымақтастық құзыретті органдар арқылы жүзеге асырылады.
2. Әрбір Тарап құзыретті органдарды айқындайды және олар туралы ақпарат осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны сақтауға тапсыру кезінде депозитарийге жіберіледі. Тарап бір ай ішінде депозитарийге құзыретті органның өзгергені туралы жазбаша хабарлайды.
3. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құзыретті органы болып табылады.
4. Құзыретті органдар өз өкілеттіктері шегінде тікелей өзара іс-қимыл жасасады.
5. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қызметті құпия ақпаратты пайдалана отырып жүзеге асыратын органдарының тізбесін (бұдан әрі - тізбе) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті қалыптастырады.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап 3 айдан кешіктірмей тізбені осы Келісімге қатысушы мемлекеттерге жібереді.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитеті тізбенің өзгергені туралы бір ай ішінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттерге жазбаша хабарлайды.
6. Уәкілетті органдардың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыру құзыретті органдармен келісім бойынша жүзеге асырылады.
4-бап
Құпия ақпаратты қорғау
1. Осы Келісімге қатысушы мемлекеттер ұлттық заңнамаға сәйкес құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолданады.
2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдары осы Келісімге және Қағидаларға сәйкес құпия ақпаратты қорғауды жүзеге асырады.
3. Осы Келісімге қатысушы мемлекет өзі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдарына жіберетін лауазымды адамдарға, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органы қалыптастыратын, алмастырылуы құпия ақпаратқа қол жеткізуді көздейтін лауазымдар тізбесінің негізінде құпия ақпаратқа рұқсат береді және оны ресімдейді және бұл туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тиісті органына жазбаша хабарлайды.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдарында өздерімен жасалған еңбек шарттары және келісімшарттар негізінде мамандар ретінде жұмыс істейтін адамдарға (әкімшілік-техникалық персоналдан басқа) рұқсат Қағидаларға сәйкес беріледі және ресімделеді.
4. Тараптардың әрқайсысы құпия ақпаратқа басқа Тарап берген және ресімдеген рұқсатты мойындайды.
5-бап
Құпиялылық дәрежелерінің арақатынасы
1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдарында құпия ақпараттың мынадай құпиялылық дәрежесі және оның жеткізгіштері үшін оларға сәйкес келетін құпиялылық белгілері белгіленеді: «Аса маңызды», «Өте құпия» және «Құпия».
2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі ынтымақтастық процесінде пайдаланылатын құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесі мен осы дәрежелерге сәйкес келетін құпиялылық белгілерінің арақатынасы мынадай түрде болады:
Құпиялылық дәрежелері мен құпиялылық белгілері |
|||
«Аса маңызды» |
«Өте құпия» |
«Құпия» |
|
Армения Республикасында |
«Аса маңызды» |
«Өте құпия» |
«Құпия» |
Беларусь Республикасында |
«Аса маңызды» |
«Өте құпия» |
«Құпия» |
Қазақстан Республикасында |
«Аса маңызды» |
«Өте құпия» |
«Құпия» |
Қырғыз Республикасында |
«Аса маңызды» |
«Өте құпия» |
«Құпия» |
Молдова Республикасында |
«Өте құпия» |
«Құпия» |
«Құпиялы» «Қолдануы шектеулі» |
Ресей Федерациясында |
«Аса маңызды» |
«Өте құпия» |
«Құпия» |
Тәжікстан Республикасында |
«Аса маңызды» |
«Өте құпия» |
«Құпия» |
Түрікменстанда |
«Аса маңызды» |
«Өте құпия» |
«Құпия» |
Өзбекстан Республикасында |
«Аса маңызды» |
«Өте құпия» |
«Құпия» |
Украинада |
«Аса маңызды» |
«Өте құпия» |
«Құпия» |
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарында |
«Аса маңызды» |
«Өте құпия» |
«Құпия» |
6-бап
Құпия ақпаратты қорғау шаралары
1. Осы Келісімге сәйкес Тараптар:
алынған құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесін және оның жеткізгіштеріндегі құпиялылық белгісін оны берген Тараптың жазбаша рұқсатынсыз өзгертпейді;
Тараптан алынған құпия ақпаратты оны беру кезінде көзделген мақсаттарда және жағдайларда ғана пайдаланады;
құпия ақпаратты оны берген Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз бермейді;
құпия ақпаратқа тиісті қол жеткізу құқығы бар адамдарға лауазымдық (функционалдық) міндеттерін орындауы үшін қажетті көлемде құпия ақпаратқа рұқсат береді.
2. Ынтымақтастық процесінде пайда болған ақпараттың құпиялылық дәрежесі уәкілетті немесе құзыретті органдардың өзара келісуі бойынша анықталады немесе өзгертіледі.
3. Ынтымақтастық процесінде пайда болған құпия ақпаратты құпиясыздандыру уәкілетті немесе құзыретті органдардың келісуі бойынша жүзеге асырылады.
4. Алынған құпия ақпаратты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдарында көшіру немесе көбейту оны берген Тараптың уәкілетті органының келісуімен жүзеге асырылады және ол құжат жүзінде ресімделеді.
Құпия ақпаратты көшірген немесе көбейткен жағдайда, құпия ақпараттың жеткізгішіне түпнұсқаның құпиялылық белгісіне сәйкес құпиялылық белгісі қойылады.
Көшіру, көбейту нәтижесінде алынған құпия ақпаратты жеткізгіштердің саны туралы ақпарат құпия ақпаратты берген Тараптың уәкілетті органына жіберіледі.
5. Құпия ақпаратты жеткізгіштерді жою құжат жүзінде расталады, ал жою процесінің өзі оны қайта жаңғыртудың және қалпына келтірудің мүмкін болмауын қамтамасыз етуге тиіс. Құпия ақпаратты жеткізгіштерді жою туралы оны берген Тараптың уәкілетті органына жазбаша хабарланады.
Тараптар қажет болған жағдайда құпия ақпаратты қорғаудың қосымша шараларын белгілей алады.
7-бап
Құпия ақпаратты беру
1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдарына құпия ақпаратты беру әрбір нақты жағдайда, жеке мүдделер негізге алына отырып, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдарында құпия ақпарат осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдары жанындағы өкілдеріне, аталған адамдар өздерінің тиісті құпиялылық дәрежесіндегі құпия ақпаратқа қол жеткізу өкілеттіктерін растағаннан кейін беріледі немесе ол уәкілетті немесе құзыретті органдарға ақпаратты беретін Тарап айқындайтын көлемде жіберіледі.
3. Құпия ақпаратты беру дипломатиялық арналар, фельдъегерлік қызмет арқылы немесе құзыретті органдар келіскен өзге тәсілмен жүзеге асырылады.
Едәуір көлемдегі құпия ақпаратты жеткізгіштерді беру үшін уәкілетті орган өз Тарапының құзыретті органымен келісім бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органымен әрбір жеке жағдайда тасымалдау тәсілі, алып жүру бағыты және нысаны туралы уағдаласады.
8-бап
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарында болу
1. Құпия ақпаратқа рұқсаттың берілуі жоспарланатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органында болуды ұйымдастыру кезінде құзыретті немесе уәкілетті органдар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тиісті органына іссапарға жіберілетін адам туралы мынадай мәліметтер:
тегі, аты, әкесінің аты, туған күні мен жері, азаматтығы, паспортының сериясы мен нөмірі;
лауазымы, құзыретті немесе уәкілетті органның атауы;
тиісті құпиялылық дәрежесіндегі құпия ақпаратқа рұқсатының бар-жоғы туралы ақпарат;
барудың болжамды күні мен болу ұзақтығы;
сапардың мақсаты қамтылған жазбаша хабарламаны алдын ала жібереді.
Іссапарға жіберілетін адамдар туралы көрсетілген хабарлама осы адамдардың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органында құпия ақпаратпен жұмыс істеуіне рұқсат беру үшін негіз болып табылады.
2. Іссапарға жіберілетін адамдар осындай болу барысында өздері сақтауға міндетті Қағидалармен қол қойып танысады.
9-бап
Шығыстар
Егер Тараптар өзгеше ескертпе жасамаған болса, олар осы Келісімді іске асыру процесінде туындайтын барлық шығыстарды дербес көтереді.
10-бап
Құпия ақпаратты қорғауға қойылатын талаптарды бұзу
1. Құпия ақпаратты қорғауға қойылатын талаптарды бұзудың анықталған фактісі туралы дереу құпия ақпаратты берген Тараптың құзыретті органына хабарланады.
2. Құпия ақпаратты санкциясыз тарату фактісі бойынша талқылауды, әдетте, өзінде санкциясыз тарату фактісін анықталған Тарап жүргізеді. Құпия ақпаратты берген Тараптың құзыретті органы нәтижелер мен қабылданған шаралар туралы хабардар етіледі.
3. Құпия ақпаратты санкциясыз тарату фактісі бойынша талқылау жүргізілген кезде құзыретті немесе уәкілетті органдар, қажет болған кезде өздерінің өкілдерін жібере отырып, көмек көрсетеді.
4. Құпия ақпаратты санкциясыз тарату салдарынан келтірілген нұқсанның мөлшері мен оны өтеу тәртібі әрбір нақты жағдайда уәкілетті органдардың және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының келісуі бойынша қажет болған жағдайда құзыретті органдарды тарта отырып анықталады.
5. Құпия ақпаратты санкциясыз таратуға жол берген адам өзі азаматы болып табылатын, осы Келісімге қатысушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жауапты болады.
11-бап
Басқа халықаралық шарттармен арақатынасы
1. Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан өзі үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
2. Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің нысанасы болып табылатын және оның мақсаттарына қайшы келмейтін мәселелер бойынша өзге халықаралық шарттар жасасу құқығын шектемейді.
12-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Осы Келісімге Тараптардың келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.
13-бап
Даулы мәселелер, консультациялар
1. Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың құзыретті органдарының консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі. Осындай консультациялар мен келіссөздер кезінде құпия ақпаратты қорғаудың осы Келісімде көзделген шараларының қолданылуы жалғасады.
2. Құзыретті органдар осы Келісімді іске асыру мақсатында бірлескен консультациялар жүргізеді, құпия ақпаратты қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді алмасады, сондай-ақ өзге де ынтымақтастықты жүзеге асырады.
14-бап
Күшіне енуі
Осы Келісім оған қол қойған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді. Осы күннен бастап осы Келісім Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үшін күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кеш орындаған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
15-бап
Қосылуы
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кез келген қатысушы мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы қосылуы үшін ашық. Қосылатын мемлекет үшін Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
16-бап
Қолданыс мерзімі, қолданысын тоқтату
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің әрқайсысы осы Келісімнен шығуға дейін 6 айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып және осы Келісімнің қолданысы уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.
2. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі Тараптардың ынтымақтастығы процесінде берілген немесе пайда болған құпия ақпаратқа қатысты осы Келісімде көзделген оны қорғау шаралары оны берген Тарап ақпаратты құпиясыздандырғанға дейін қолданылуын жалғастырады.
17-бап
Келісімнің тілі
Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезіндегі жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
2013 жылғы 25 қазанда Минск қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Армения Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін Түрікменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін
Молдова Республикасы үшін
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үшін
Қоса беріліп отырған мәтіннің 2013 жылғы 25 қазанда Минск қаласында болған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қабылданған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісімнің теңтүпнұсқа көшірмесі екенін куәландырамын.
Атқарушы комитеті төрағасының
- ТМД Атқарушы хатшысының
бірінші орынбасары В. Гаркун
Қоса беріліп отырған мәтіннің 2013 жылғы 25 қазанда Минскіде жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісімнің түпнұсқа көшірмесі екенін куәландырамын.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі кеңсесінің
Мемлекеттік құпияларды қорғау
бөлімінің меңгерушісі М. Толымбеков