Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 22 сәуірдегі № 307-V ҚРЗ

      2014 жылғы 28 мамырда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық
Республикасының Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын
алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі
      2002 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарттың мақсаттары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып, екі Мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ниет білдіре отырып,
      2005 жылғы 26 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісімнің мақсаттары мен міндеттеріне сүйене отырып,
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің әл-ауқаты мен ұлттық қауіпсіздігіне жәрдемдесе алатынын мойындай отырып,
      Тараптар мемлекеттері үшін төтенше жағдайлардан болатын қауіпті сезіне отырып,
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ғылыми техникалық ақпарат алмасудың Тараптар мемлекеттері үшін пайдасын ескере отырып,
      Тараптардың бірінің күштерімен және құралдарымен жойылуы мүмкін емес төтенше жағдайлардың туындау мүмкіндігін және төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында осыдан туындайтын екі мемлекеттің үйлесімді іс-қимылдарының қажеттілігін назарға ала отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа да халықаралық ұйымдардың төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы рөлін ескере отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
      сұрау салушы Тарап — екінші Тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтарды және қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы өтініш беретін Тарап;
      ұсынушы Тарап - екінші Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтарды және қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы өтінішін қанағаттандыратын Тарап;
      уәкілетті орган - осы Келісімді іске асырумен байланысты жұмыстарға басшылық ету және оларды үйлестіру үшін Тараптардың әрқайсысы тағайындайтын орган;
      көмек көрсету жөніндегі топ - төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетуге арналған және қажетті жарақтармен қамтамасыз етілген, сұрау салушы Тарап келіскен кезде әскери персонал қосылуы мүмкін ұсынушы Тарап мамандарының (қажет болған кезде кинологиялық тобы бар) ұйымдасқан тобы;
      төтенше жағдай - адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізу объектілеріне залал келтіруге, елеулі материалдық шығынға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін аварияның, зілзаланың немесе апаттың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай;
      төтенше жағдайлардың алдын алу - төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін мүмкіндігінше барынша азайтуға, сондай-ақ адамдардың денсаулығын сақтауға, қоршаған ортаға залал мен материалдық шығындар мөлшерлерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;
      төтенше жағдайды жою — төтенше жағдай туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін құтқаруға және денсаулығын сақтауға, қоршаған ортаға залал мен материалдық шығындар мөлшерлерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдай аймағын оқшаулауға, оған тән қауіпті факторлардың әрекетін тоқтатуға бағытталған авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар;
      төтенше жағдай аймағы - сұрау салушы Тарап мемлекетінің төтенше жағдай қалыптасқан аумағы;
      авариялық-құтқару жұмыстары - төтенше жағдайлар аймағында адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайларды оқшаулау және оларға тән қауіпті факторлардың әсерін жою немесе ең төменгі мүмкін болатын деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимылдар;
      жарақ - материалдар, техникалық және көлік құралдары, қару мен оқ-дәрілерді қоспағанда, төтенше жағдайды жоюға арналған көмек көрсету жөніндегі топтың керек-жарағы мен топ мүшелерінің жеке керек-жарағы;
      қамтамасыз ету материалдары - төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен халық арасында тегін бөліп беруге арналған материалдық құралдар.

2-бап
Уәкілетті органдар

      1. Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін мынадай уәкілетті органдарды тағайындайды:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Төтенше  жағдайлар министрлігі;
      Қытай тарапынан Қытай Халық Республикасының Азаматтық әкімшілік министрлігі, Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі.
      2. Тараптар өздерінің уәкілетті органдарының атауларындағы өзгерістер туралы және олардың функцияларының басқа органдарға берілгендігі туралы және/немесе жаңа уәкілетті органдардың тағайындалғаны туралы дипломатиялық арналар бойынша бірін-бірі дереу хабардар етеді.

3-бап
Ынтымақтастық қағидаттары мен нысандары

      Тараптар халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларын сақтай отырып, осы Келісімнің ережелеріне, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес төтенше жағдайларды жоюға дереу көмек көрсету мақсатында ынтымақтастық жасайды. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық Тараптардың әрқайсысының қажетті қаражатының болуына негізделеді және мыналарды:
      қауіпті техногендік процестер және табиғи құбылыстар мониторингін ұйымдастыруды және жүргізуді;
      төтенше жағдайлардың туындау қаупі және туындауы кезінде әлеуетті қауіпті объектілердің және қоршаған ортаның жай-күйі, төтенше жағдайлардың өршу барысы мен ықтимал салдары, оларды жою бойынша қолданылатын шаралар туралы өзара құлақтандыруды;
      табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың мониторингі және болжамы туралы ұдайы ақпарат алмасуды;
      халықты төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарға, оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша дайындауды ұйымдастыруда тәжірибе алмасуды;
      төтенше жағдайларды жою кезінде тиісті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылдарын ұйымдастыруды және үйлестіруді;
      өнеркәсіптік авариялардың, апаттар мен дүлей зілзалалардың салдарынан ықтимал ластануларға байланысты қоршаған орта мен халыққа келетін тәуекелді бағалау бойынша тәжірибе алмасуды;
      трансшекаралық өзендерде дүлей зілзалалардың алдын алу және туындау ықтималдығы туралы жедел құлақтандыруды;
      ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жоспарлауды, әзірлеуді және жүзеге асыруды, ғылыми-техникалық әдебиет және зерттеу жұмыстарының нәтижелерін алмасуды;
      ақпарат, мерзімді басылымдар, әдістемелік және басқа да әдебиет, бейне- және фотоматериалдар, сондай-ақ технологиялар алмасуды;
      бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс жиналыстарын, оқу-жаттығулар мен жаттығулар ұйымдастыруды;
      уәкілетті органдар арасында өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз етуді;
      көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру кезінде өзара көмек көрсетуді;
      төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсетуді;
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында уәкілетті органдармен келісілетін басқа да қызметті көздейді.

4-бап
Ұйымдар мен мекемелер арасындағы ынтымақтастық

      1. Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік органдары, өзге де ұйымдары, заңды және жеке тұлғалары арасындағы ынтымақтастыққа Тараптар жәрдемдеседі.
      2. Тараптардың төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдары, өзге де ұйымдары мен мекемелері осы Келісімді іске асыру жөніндегі қызметке қатыса алады.

5-бап
Көмек көрсету

      1. Тараптар мемлекетінің бірінің аумағында төтенше жағдай туындаған немесе оның туындау қаупі пайда болған жағдайда, осы Тарап екінші Тарапқа көмек көрсету туралы сұрау сала алады.
      2. Тараптар өз мүмкіндіктеріне сәйкес және еріктілік негізінде бір-біріне көмек көрсетеді. Көмек көрсету шарттары Тараптардың уағдаласуы бойынша айқындалады.
      3. Көмек сұрау салушы Тараптың төтенше жағдайлардың орны, уақыты, сипаты, ауқымы мен ағымдағы кездегі жай-күйі, сұратылатын көмектің басымдықтары, сондай-ақ көрсетілген немесе көрсетіліп жатқан халықаралық көмек туралы ақпарат көрсетілген жазбаша сұрау салу хатының негізінде көрсетіледі.
      4. Ұсынушы Тарап сұрау салуды қысқа мерзімде қарайды және сұрау салушы Тарапқа көмек көрсету мүмкіндігі, көлемі мен шарттары туралы хабарлайды.
      5. Сұрау салушы Тарап зардап шеккен халық арасында нәсілдік, ұлттық, діни, тілдік немесе басқа белгілері бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз қамтамасыз ету материалдарының әділ және ұтымды бөлінуін қамтамасыз етеді. Сұрау салушы Тарап көмек ретінде алынған қамтамасыз ету материалдарының мақсатқа сай пайдаланылғаны туралы ұсынушы Тарапқа хабарлайды.

6-бап
Көмек түрлері

      1. Төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақтарды, қамтамасыз ету материалдарын жіберу арқылы не өзге де сұралатын нысанда көмек көрсетіледі. Жарақтар мен құтқарушылардың киімдеріне ұсынушы Тарап мемлекетінің айырым белгілері салынуға тиіс.
      2. Көмек көрсету жөніндегі топтарға басшылық етуді осы топтардың басшылары арқылы сұрау салушы Тараптың уәкілетті органы жүзеге асырады.
      3. Сұрау салушы Тарап ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының басшыларына төтенше жағдай аймағында және нақты жұмыс учаскелерінде қалыптасқан жағдай туралы хабарлайды, қажет болған кезде осы топтарды аудармашылармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ қауіпсіздікті, медициналық жедел жәрдемді қамтамасыз етеді және олардың іс-қимылдарын үйлестіруді жүзеге асырады.
      4. Көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру кемінде 72 сағат бойы төтенше жағдай аймағында дербес іс-қимылдар жүргізу үшін жеткілікті болуға тиіс. Жарақ қорлары біткеннен кейін сұрау салушы Тарап көрсетілген топтарды олардың одан әрі жұмыс істеуі үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

7-бап
Көмек көрсету жөніндегі топтарды мемлекеттік шекарадан өткізу
шарттары және олардың сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында
болу режимі

      1. Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасын халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттармен бірінші кезектегі тәртіппен кесіп өтеді. Қажет болған жағдайда сұрау салушы Тарап оларға кіру визаларын уақтылы ресімдеуді қамтамасыз етеді. Топ басшысында көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерінің тізімі, жарақтардың тізбесі және ұсынушы Тараптың уәкілетті органы берген, оның өкілеттіктерін растайтын құжат болуға тиіс.
      2. Кинологиялық топтарды мемлекеттік шекарадан өткізу тәртібі және олардың сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында болу тәртібі сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында қолданылатын карантиндік қағидаларға сәйкес айқындалады.
      3. Көмек көрсету жөніндегі топтар төтенше жағдай аймағында авариялық-құтқару жұмыстарын орындайды.
      4. Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында болған кезде сол мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті. Бұл ретте, олар еңбек заңнамасы және онымен байланысты мәселелер саласында ұсынушы Тарап мемлекетінің юрисдикциясында болады. Көмек көрсету жөніндегі топ құрамына кіретін әскери персоналға еңбек құқықтық қатынастары мен әлеуметтік-экономикалық кепілдіктер бөлігінде әскери қызметшінің мәртебесін реттейтін ұсынушы Тарап мемлекеті заңнамасының күші қолданылады.
      5. Көмек көрсету жөніндегі топтардың орын ауыстыруы, олардың жарақтарын және қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау автомобиль, теміржол, су немесе әуе көлігімен жүзеге асырылады.
      Көрсетілген көлік түрлерін көмек көрсету үшін пайдалану тәртібін ұсынушы және сұрау салушы тараптардың уәкілетті органдары айқындайды.

8-бап
Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсетуге арналған
жарақтарды және қамтамасыз ету материалдарын әкелу және әкету

      1. Жарақтарды және қамтамасыз ету материалдары ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағынан ұсынушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес шығарылады.
      2. Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдары сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына сұрау салушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес әкелінеді. Оларды төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсету мақсатында және көмек көрсету жөніндегі топтардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін ғана пайдалануға жол беріледі. Жарақтар мен қамтамасыз ету материалдарын коммерциялық мақсаттарда пайдалануға тыйым салынады.
      3. Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсету үшін сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына әкелінетін және ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағынан әкетілетін жарақтар және қамтамасыз ету материалдары кедендік баждардан, алымдар мен салықтардан босатылады.
      4. Жарақтарды және қамтамасыз ету материалдарын кедендік ресімдеу және оларға карантин көмек көрсету жөніндегі топтардың құрамы, әкелінетін немесе әкетілетін жарақтардың және қамтамасыз ету материалдарының тізбесі көрсетілетін, Тараптардың уәкілетті органдары беретін хабарламалардың негізінде бірінші кезектегі тәртіппен жүргізіледі.
      5. Көмек көрсету жөніндегі топтарға жарақтардан және қамтамасыз ету материалдарынан басқа, қандай да бір тауарларды тасымалдауға тыйым салынады.
      6. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына әкелінген жарақтар (толық пайдаланылғанды немесе жойылғанды қоспағанда) Тараптардың құзыретті органдары келіскен мерзімде ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағына әкетілуге жатады.
      Жарақтарды жою немесе толық пайдалану және зардап шеккен халық арасында қамтамасыз ету материалдарын бөлу фактісі құжат жүзінде расталуға тиіс.

9-бап
Әуе кемелерін пайдалану

      1. Ұсынушы Тараптың уәкілетті органы сұрау салушы Тарапқа әрбір әуе кемесінің мемлекеттік тиесілігін, ұсынушы Тараптың тасымалдаушысын, әуе кемелерінің типін, моделі мен нөмірін, тану белгілерін, шақыру белгілерін және ұшу типін, көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерінің санын, оның басшысының аты мен лауазымын, экипаж мүшелерінің санын, аттары мен лауазымдарын, жүктің сипатын, ұшу және қону әуежайларын, ұшудың соңғы пунктін, маршрутты қосалқы әуежайды, әуе дәліздерін, ұшу биіктігін, ұшу және қону уақытын, жердегі қызметтермен байланыс арналарының жиіліктерін, осы рейсті жүзеге асыру үшін рұқсат етілетін ең нашар ауа райы жағдайын көрсете отырып, әуе кемелерін көмек көрсету үшін пайдалану шешімі туралы хабарлай отырып, өтінімді дипломатиялық арналар арқылы алдын ала жібереді.
      2. Сұрау салушы Тараптың рұқсатымен көмек көрсету үшін пайдаланылатын әуе кемелері сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағындағы белгілі бір пунктке ұшуды бекітілген маршрут бойынша жүзеге асырады. Сұрау салушы Тарап көмек көрсету үшін пайдаланылатын әуе кемесінің өз мемлекетінің аумағы арқылы ұшып өтуі, сондай-ақ оның қонуы және ұшуы үшін жағдайды қамтамасыз етеді.
      3. Көмек көрсету үшін пайдаланылатын әуе кемелерінің ұшуы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы және Тараптар мемлекеттері белгілеген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап
Шығыстарды өтеу

      1. Ұсынушы Тараптың шешімі бойынша көмек өтеусіз көрсетілуі мүмкін. Бұлай болмаған жағдайда, сұрау салушы Тарап ұсынушы Тарапқа көмек көрсетумен байланысты шығыстарды өтейді.
      2. Сұрау салушы Тарап кез келген кезде көмек көрсету туралы өз өтінішін кері қайтарып алуы мүмкін, бірақ бұл жағдайда, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, ұсынушы Тарап көмек көрсету бойынша шеккен шығыстарының өтемін алуға құқылы.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында айтылған шығыстарды өтеу Тараптардың уәкілетті органдары қол қойған көмек көрсету жөніндегі қаржы шығыстары туралы екіжақты акт негізінде еркін айырбасталатын валютада, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, сұрау салушы Тарап ұсынушы Тараптан бұл жөніндегі талапты алғаннан кейін он күндік мерзімде жүргізіледі.
      4. Ұсынушы Тарап көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелерін сақтандыруды қамтамасыз етеді. Сақтандыруды ресімдеу бойынша шығыстар көмек көрсету жөніндегі жалпы шығыстарға қосылады.
      5. Ұсынушы Тарап әуе кемелерінің ұшып өткені, қонғаны, әуеайлақта тұрғаны және одан ұшқаны үшін ақы төлеуден, сондай-ақ аэронавигациялық қызметтерге ақы төлеуден босатылады.
      6. Отын және әуе кемелерінің техникалық қызмет көрсетуге жұмсалған шығыстар, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, көмек көрсету жөніндегі жалпы шығыстарға қосылады.
      7. Тараптардың ынтымақтастықтың басқа нысандары бойынша шығыстары Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес немесе Тараптардың уағдаласуы бойынша жүзеге асырылады.

11-бап
Залалды өтеу

      1. Сұрау салушы Тарап адамдар қаза тапқан немесе мертіккен жағдайда, сондай-ақ осы Тараптың жарағы немесе басқа меншігі жойылған немесе оған залал келтірілген жағдайда, егер мұндай залал осы Келісімді іске асырумен байланысты міндеттерді орындау барысында келтірілсе, ұсынушы Тарапқа өтемақы төлейді. Өтемақы мөлшері әрбір нақты жағдайда жеке ескеріледі.
      2. Құтқарушылар сұрау салушы Тараптың аумағында осы Келісімді жүзеге асыру барысында қаза тапқан немесе мертіккен жағдайда Сұрау салушы Тарап медициналық және көліктік шығыстарды төлейді.
      3. Егер ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топ мүшесі сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісімді іске асырумен байланысты міндеттерді орындау кезінде заңды немесе жеке тұлғаға залал келтірсе, онда сұрау салушы Тарап залалды өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес өтейді.
      4. Көмек көрсету жөніндегі топ мүшесі әдейі немесе өрескел ұқыпсыздығымен келтірген зиянды ұсынушы Тарап өтейді.

12-бап
Ақпаратты пайдалану

      Егер Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары жазбаша нысанда алдын ала өзгеше келіспесе, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жария етуге жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келісімнің шеңберінде жүргізілетін қызметтің нәтижесінде алынған ақпарат жарияланады және Тараптардың әрқайсысының әдеттегі практикасы мен нормативтік ұйғарымдарының негізінде пайдаланылады.

13-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың уәкілетті органдары арасында келіссөздер мен консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.

14-бап
Басқа халықаралық шарттарға қатысы

      Осы Келісім қатысушылары Тараптар мемлекеттері болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

15-бап
Қорытынды ережелер

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім Тараптардың бірінің екінші Тараптан өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісім қолданысының  тоқтатылуы оның қолданысы тоқтатылғанға дейін басталған, бірақ аяқталмаған, оған сәйкес жүзеге асырылатын қызметті қозғалмайтын болады.

      2014 жылғы 28 мамырда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының      Қытай Халық Республикасының
            Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің қытай тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады