2015 жылғы 1 сәуірде Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы қылмыстық істер
бойынша өзара құқықтық көмек туралы
ШАРТ
(2016 жылғы 10 ақпанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 1, 10-құжат)
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Мажарстан
егемендік пен теңдікті өзара құрметтеу негізінде қылмыстылыққа қарсы күрес саласында екі мемлекет арасындағы өзара тиімді іс-қимылға ықпал етуге ниет білдіре отырып,
осы мақсатқа қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету тәртібін белгілейтін халықаралық екіжақты шарт жасасу арқылы қол жеткізуге болатынын назарға ала отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Қолданылу аясы
1. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес сұрау салулар бойынша Тараптар жазасы көмек туралы сұрау салу келіп түскен кезде Сұрау салушы Тараптың құзыретті әділет органдарының юрисдикциясына жататын қылмыстарға қатысты қылмыстық іс жүргізулер бойынша бір-біріне өзара құқықтық көмек көрсетуге міндеттенеді.
2. Осындай құқықтық көмек:
а) адамдардың немесе заттардың орналасқан жерін анықтауды және оларды сәйкестендіруді;
b) қылмыстық іс жүргізуге қатысы бар құжаттар мен материалдарды табыс етуді;
c) Сұрау салушы Тараптың құзыретті әділет органының алдына өз еркімен келуі үшін куәларды, жәбірленушілерді, күдіктілерді, айыпталушыларды және сарапшыларды шақыруды;
d) құжаттарды, материалдар мен дәлелдемелерді алуды және беруді;
e) жауап алу жүргізуді және айғақтар алуды;
f) күзетпен ұсталатын адамдардың айғақтарын алу немесе басқа да процестік әрекеттерге қатысуы үшін оларды уақытша беруді;
g) сот сараптамаларын жүргізуді, құжаттарды немесе заттарды қарап-тексеруді;
h) тінтуді жүзеге асыруды, дәлелдемелерді алып қоюды және активтерді тәркілеуді;
і) ұлттық заңнама бойынша ақпарат алмасуды;
j) осы баптың 3-тармағына нұқсан келтірмей, Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін кез келген басқа да құқықтық көмекті қамтиды.
3. Осы Шарт:
a) адамды қамаққа алуға сот шешімдерін және адамның жеке бас бостандығын шектейтін басқа да кез келген шараларды орындауға;
b) адамдарды ұстап беруге;
c) тәркілеу туралы шешімдерді қоспағанда, үкімдерді орындауға;
d) жазасын өтеу мақсаттары үшін сотталған адамдарды беруге; және
e) қылмыстық іс жүргізуді беруге қатысты қолданылмайды.
2-бап
Қосарлы қылмыстылық
Құқықтық көмек Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына да сәйкес жазаланатын болып табылатын осындай қылмыстар бойынша қозғалған іс жүргізулер бойынша беріледі.
3-бап
Құқықтық көмек көрсетуден бас тарту немесе оны кейінге қалдыру
1. Сұрау салынатын Тарап, егер:
a) сұрау салуды орындау өзінің ұлттық заңнамасына немесе осы Шарттың ережелеріне қайшы келетін болса;
b) құқықтық көмек туралы сұрау салу адамның діни сенімі, жынысы, нәсілдік тиесілілігі, ұлты немесе саяси көзқарасы себептері бойынша қылмыстық қудалау, жазалау немесе өзге де қысым көрсету мақсатында бағытталған не осы адамның жағдайына осы себептердің кез келгені бойынша нұқсан келтірілуі мүмкін деп пайымдауға елеулі негіздер болса;
c) Сұрау салынатын Тарапта сұрау салуда көрсетілген нақ сол қылмыс үшін нақ сол бір адамға қатысты қылмыстық талқылау басталып қойса немесе соттың түпкілікті шешімі шығарылған болса;
d) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса не оның салдары өзінің ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттарына қайшы келетін болса;
е) тергеп-тексеру немесе қылмыстық іс жүргізу:
i. Сұрау салынатын Тарап саяси қылмыс немесе саяси қылмысқа байланысты қылмыс деп есептейтін қылмысқа; немесе
іі. әдеттегі қылмыстық заңнамаға сәйкес қылмыс болып табылмайтын айрықша әскери қылмысқа жататын болса, сұрау салынатын құқықтық көмекті көрсетуден толық не ішінара бас тартады.
2. Сұрау салынатын Тарап, егер сұрау салуды орындау оның аумағында жүргізіліп жатқан қылмыстық талқылауға кедергі болса, оны кейінге қалдыра алады.
3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындаудан бас тарту немесе оны орындауды кейінге қалдырудан бұрын құқықтық көмекті белгілі бір шарттарда көрсету мүмкіндігін қарауға тиіс. Осы мақсатта Тараптардың осы Шарттың 4-бабына сәйкес айқындалған орталық органдары өзара консультациялар жүргізеді және Сұрау салушы Тарап келіскен жағдайда оған құқықтық көмек келісілген шарттарда көрсетілуге тиіс.
4. Сұрау салынатын Тарап құқықтық көмек көрсетуден бас тартқанда немесе оның орындалуын кейінге қалдырғанда, ол Сұрау салушы Тарапты осындай бас тарту немесе кейінге қалдыру себептері туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
4-бап
Орталық органдар
1. Осы Шартты іске асыру мақсатында құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салулар Тараптар тағайындаған орталық органдар арқылы ұсынылуға тиіс.
Орталық органдар:
- Қазақстан Республикасы үшін: Бас прокуратура;
- Мажарстан үшін: сот терелігіне жауапты Министр және Бас прокурор болып табылады.
2. Тараптар бір-бірін орталық органдардағы кез келген өзгерістер туралы дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
3. Осы Шарттың мақсаттарында орталық органдар бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
5-бап
Сұрау салулардың нысаны мен мазмұны
1. Сұрау салу жазбаша нысанда жасалады, Сұрау салушы Тараптың құзыретті әділет органы оған қол қояды және оны мөрімен куәландырады.
2. Құқықтық көмек туралы сұрау салуда мыналар:
a) Сұрау салушы Тараптың құзыретті әділет органының атауы;
b) қылмыстың жасалған уақыты мен орны және болған жағдайда, келтірілген зиян көрсетіле отырып, қылмыс фактілерінің сипаттамасы;
c) қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімдері туралы ережелерді және ол бойынша құқықтық көмек сұратылып отырған қылмыс үшін жауаптылық көзделетін қылмыстық заңнамадан үзінді көшірмені қоса алғанда, ұлттық заңнаманың қолданылатын ережелерін көрсету;
d) сұрау салынатын іс-шаралардың сипаттамасы;
e) негізделген шұғыл жағдайларда, сұрау салудың орындалуы күтілетін мерзімді көрсету;
f) осы Шарттың 6-бабының 3-тармағына сәйкес сұрау салуды орындау кезінде қатысуы қажет адамдарды көрсету;
g) Сұрау салушы Тарапқа келу үшін шақырылған адамның алуына құқығы бар төлемдер мен шығыстардың өтемақылары туралы ақпарат;
h) осы Шарттың 12-бабында көзделген бейнеконференция арқылы айғақтарды алу үшін қажетті ақпарат қамтылуға тиіс.
3. Сұрау салуда қажеттілігіне қарай мыналар да:
a) өзіне қатысты тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан адам туралы ақпарат;
b) танылуға немесе орналасқан жері анықталуға тиіс адам туралы ақпарат;
c) табыс ету жүргізілуге тиіс адамның жеке басы және тұратын жері туралы ақпарат, сондай-ақ табыс ету жүргізілуге тиіс тәсіл;
d) айғақтар беруге тиіс адамның жеке басы және тұратын жері туралы ақпарат;
e) қарап-тексерілуге тиіс орынның немесе заттың орналасқан жері мен сипаттамасы;
f) тінту жүргізілуі қажет орынның орналасқан жері мен сипаттамасы және алып қойылуы немесе тәркіленуі қажет заттарды көрсету;
g) сұрау салуды орындау үшін талап етілетін кез келген арнайы рәсімді және ол үшін тиісті себептерді көрсету;
h) сақталуы талап етілетін құпиялылық дәрежесі және оның себептері;
і) сұрау салуды орындауға ықпал ете алатын кез келген басқа да ақпарат қамтылады.
4. Егер Сұрау салынатын Тарап сұрау салуда қамтылған ақпарат оны орындау үшін жеткіліксіз деп пайымдаса, ол қосымша ақпарат сұрата алады.
5. Осы бапқа сәйкес жіберілетін сұрау салу мен растаушы құжаттар Сұрау салушы Тараптың ресми тілінде жазбаша түрде жасалады және оларға Сұрау салынатын Тараптың ресми тіліне не ағылшын тіліне аудармасы қоса беріледі.
6. Құқықтық көмек туралы сұрау салулар және оларға байланысты хабарламалар осыны Сұрау салынатын Тарап талап еткен кезде, сұрау салудың түпнұсқасы кейіннен жіберіле отырып, факсті немесе электрондық хабарламаны қоса алғанда, ақпарат берудің жедел тәсілімен жіберілуі және алынуы мүмкін.
6-бап
Сұрау салуды орындау
1. Сұрау салынатын Тарап өзіне Сұрау салушы Тарап жіберген сұрау салуды орындауды өзінің ұлттық заңнамасында көзделген рәсімдерге сәйкес және тәртіппен жүзеге асырады.
2. Құқықтық көмекті көрсеткен кезде Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша Сұрау салушы Тарап талап ететін арнайы рәсімді осындай рәсім оның ұлттық заңнамасына үйлесетін дәрежеге дейін қолдана алады.
3. Сұрау салушы Тараптың лауазымды адамдары, егер Сұрау салынатын Тарап осыған рұқсат берсе, сұрау салуды орындау кезінде қатыса алады. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау күні мен орнын Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.
4. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.
5. Егер өзіне қатысты сұрау салу орындалуға тиіс адам ол орындалғанға дейін Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес иммунитетіне, артықшылықтарына немесе әрекетке қабілетсіздігіне сілтеме жасаса, онда оның құзыретті органы тиісті шешім шығарады және бұл туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.
6. Сұрау салуды орындау ретінде жіберілетін құжаттар Сұрау салынатын Тараптың ресми тілінде жасалады, сондай-ақ Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуды орындаған құзыретті әділет органының мөрімен куәландырылады.
7-бап
Адамдардың немесе заттардың орналасқан жерін анықтау және
оларды сәйкестендіру
Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салуда көрсетілген және өзінің аумағында болуы болжанатын адамның немесе заттың орналасқан жерін анықтау үшін бар күш-жігерін салады және нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа ақпарат береді.
8-бап
Шақыру қағаздарын және құжаттарды табыс ету
1. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тарап жіберген шақыру қағаздарын және өзге де құжаттарды табыс ету бойынша бар күш-жігерін салады.
2. Сұрау салынатын Тарап шақыру қағаздарын және құжаттарды табыс еткеннен кейін Сұрау салушы Тарапқа жеткізілу күнін, орны мен тәсілін, сондай-ақ құжаттар жеткізілген адам туралы мәліметтерді көрсете отырып, табыс етуді жүзеге асырған лауазымды адамның қолымен немесе органның мөрімен табыс еткені туралы растауды жібереді. Егер табыс ету жүргізілмесе, Сұрау салынатын Тарап бұл туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді және табыс етпеудің себептері туралы хабарлайды.
3. Сұрау салушы Тараптың құзыретті әділет органына келу туралы шақыру қағаздарын табыс ету туралы сұрау салу осы Шарттың 10-бабының 2-тармағында белгіленген мерзім өткенге дейін жіберіледі.
4. Келмей қалған жағдайда, Сұрау салушы Тараптың құзыретті әділет органына шақыру туралы шақыру қағазында және табыс етуге жататын құжаттарда мәжбүрлеу шараларын қолданудың ешқандай қаупі болмауға тиіс.
9-бап
Сұрау салынатын Тарапта айғақтарды алу
1. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Сұрау салынатын Тараптағы куәлардан, жәбірленушілерден, күдіктілерден немесе айыпталушылардан, сарапшылардан немесе басқа да адамдардан айғақтарды алу үшін бар күш-жігерін салады, сондай-ақ сұрау салуда көрсетілген материалдарды, құжаттарды және басқа да кез келген айғақтарды алады және Сұрау салушы Тарапқа береді.
2. Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардан, оның ішінде осы Шарттың 6-бабының 3-тармағында көзделген мақсаттар үшін айғақтарды алу күні, орны және уақыты туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді.
3. Айғақтар беру үшін шақырылған адам кез келген Тараптың ұлттық заңнамасы осыған жол берген жағдайда, оларды беруден бас тартуға құқылы. Осы мақсатта Сұрау салушы Тарап сұрау салуда осындай құқықтар туралы көрсетеді.
4. Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген әрбір ретте Сұрау салынатын Тарап айғақтар беру үшін шақырылған адамның адвокатына қатысуға рұқсат береді.
10-бап
Сұрау салушы Тарапта айғақтарды алу
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша осы Шарттың 1-бабы 2-тармағының с) тармақшасында көрсетілген адамдарды шақырады. Сұрау салынатын Тарап шақырылған адамның жауабы туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді.
2. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа Сұрау салушы Тараптың құзыретті әділет органы алдына келу үшін шақыру қағазын табыс ету туралы сұрау салуды, Сұрау салынатын Тарап неғұрлым қысқа мерзімді келіскен шұғыл жағдайлардан басқа, келу үшін белгіленген күнге дейін алпыс тәуліктен кешіктірмей береді.
3. Сұрау салушы Тарап сұрау салуда Сұрау салушы Тараптың аумағына келу үшін шақырылған адамның алуға құқығы бар кез келген төлемдер мен шығыстардың өтемақы мөлшерін көрсетеді.
11-бап
Кепілдіктер және арнайы қағида
1. Осы Шарттың 10-бабына сәйкес адам Сұрау салушы Тарапта болған кезең ішінде, ол:
a) Сұрау салушы Тараптың аумағына келгенге дейін жасаған іс-әрекеттері үшін өзінің азаматтығына қарамастан, осы Тараптың аумағында қылмыстық қудалауға, күзетпен ұстауға немесе жеке бас бостандығын шектейтін кез келген басқа да шектеуге ұшырамайды;
b) айғақтар беруге не бұл адам осыған өз келісімін берген жағдайлардан басқа, құқықтық көмек туралы сұрау салуда көрсетілгеннен өзге талқылауға қатысы бар кез келген іс-шараға қатысуға мәжбүрленбеуге тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағы, егер онда көрсетілген адам:
a) оның болуы одан әрі қажет емес екендігі туралы оған ресми түрде хабардар етілген күннен бастап қырық бес тәулік ішінде Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпесе, өз қолданысын тоқтатады. Осы мерзім жоғарыда аталған адамның Сұрау салушы Тараптың аумағынан өзіне байланысты емес себептер бойынша кетпеген кезеңді қамтымайды;
b) Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп, өз еркімен қайтып оралса, өз қолданысын тоқтатады.
3. Осы Шарттың 9 және 10-баптарында көзделген тәртіппен жауап алу жүргізілетін жәбірленуші, куә немесе сарапшы әрбір Тараптың олар жасаған қылмысқа қатысты юрисдикциясы сақтала отырып, Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес құзыретті әділет органына келген кезінде берген айғақтарының, сараптама қорытындысының мазмұны үшін жауапты болып табылады.
12-бап
Бейнеконференция арқылы тыңдау
1. Егер екінші Тараптың аумағындағы адамнан куә, жәбірленуші, күдікті, айыпталушы немесе сарапшы ретінде Сұрау салушы Тараптың құзыретті әділет органдары жауап алуға тиіс болса, соңғысы жауап алуды бейнеконференция арқылы жүргізу туралы өтініш білдіре алады. Осы Шарттың 3-бабында көзделген құқықтық көмектен бас тарту үшін негіздемелерге қосымша, егер:
а) күдікті немесе айыпталушы адам өзінің келісімін бермесе; немесе
b) осындай шараны орындау нақты жағдайда Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келетін болса да, бейнеконференция арқылы тыңдаудан бас тартылуы мүмкін.
2. Тыңдауға қатысты практикалық уағдаластықтар Тараптармен келісілуге тиіс және Сұрау салынатын Тарап:
a) осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес тыңдауға қатысу үшін шақыруға және шақырылған адамға Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес оның құқықтары туралы ақпарат беруге;
b) тыңдалатын адамның жеке басын анықтауды қамтамасыз етуге тиіс.
3. Адамды бейнеконференция арқылы тыңдаған кезде, мынадай қағидалар қолданылады:
a) Сұрау салынатын Тараптың құзыретті әділет органының лауазымды адамы қатысуға және тыңдалатын адамның жеке басын анықтауды қамтамасыз ету үшін де, Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасының негізгі қағидаттарын құрметтеу үшін де жауапты болуға тиіс. Егер Сұрау салынатын Тарап тыңдау кезінде оның ұлттық заңнамасының негізгі қағидаттары бұзылды деп есептесе, ол аталған қағидаттарға сәйкес тыңдауды жалғастыруды қамтамасыз ету үшін барлық шараларды дереу қолдануға тиіс;
b) қажет болған кезде тыңдалатын адамды қорғау шаралары Тараптар арасында келісілуге тиіс;
c) тыңдау тікелей немесе Сұрау салынатын Тараптың құзыретті әділет органының басшылығымен оның ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізіледі;
d) Сұрау салушы Тараптың немесе тыңдалатын адамның өтініші бойынша Сұрау салынатын Тарап тыңдалатын адамды аудармашымен қамтамасыз етуге тиіс;
e) тыңдалатын адам Тараптардың кез келгенінің ұлттық заңнамасына сәйкес өзіне берілетін айғақтарды бермеу құқығы туралы мәлімдей алады; мүдделі адамға оның осындай құқығы туралы тыңдау алдында хабарлануға тиіс;
f) Сұрау салынатын Тарап тыңдалатын адамның адвокатының қатысуына рұқсат береді.
4. Сұрау салынатын Тарап тыңдау аяқталған соң тыңдау күні мен орнын, тыңдалған адамның жеке басын, Сұрау салынатын Тарапта тыңдауға қатысқан барлық басқа да адамдардың жеке басын және функцияларын, ант бере отырып жасалған кез келген мәлімдемелерді және тыңдау орын алған техникалық шарттарды көрсете отырып, хаттама жасайды. Көрсетілген хаттаманың түпнұсқасы Сұрау салушы Тарапқа жолдануға тиіс.
5. Егер куә, жәбірленуші немесе сарапшы осы бапқа сәйкес бейнеконференция арқылы тыңдалса және айғақтар беруге міндетті бола тұра, айғақтар беруден бас тартса немесе жалған айғақтар берсе, Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасын тыңдау ішкі рәсім ретінде өткендей қолдануға тиіс.
6. Тараптар өзгеше уағдаласқан жағдайлардан басқа, Сұрау салынатын Тараптың бейнеконференцияны жүргізуіне байланысты шеккен шығыстарын Сұрау салушы Тарап өтейді.
7. Сұрау салынатын Тарап бейнеконференция технологияларын, адамдар мен заттарды тану немесе беттестіру жүргізу мақсаттары үшін осындай пайдалануды қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілгеннен өзгеше мақсаттар үшін де пайдалануға рұқсат етуге құқылы.
13-бап
Күзетпен ұсталған адамдарды Сұрау салушы Тараптың құзыретті
әділет органдары алдына куәлар ретінде келуі үшін уақытша беру
1. Сұрау салушы Тарап куә ретінде жеке келуі туралы сұрау салған, күзетпен ұсталып отырған адам оның аумағына Сұрау салынатын Тарап көрсеткен мерзім ішінде кері қайтарылуға тиіс деген шартпен уақытша беріледі.
2. Егер:
a) күзетпен ұсталып отырған адам беруге өзінің келісімін бермесе;
b) оның Сұрау салынатын Тарапта өткізілетін қылмыстық процестерге қатысуы қажет болса;
c) беру оның күзетпен ұсталуын ұзартуы мүмкін болса; немесе
d) оны Сұрау салушы Тараптың аумағына бермеуге басқа да елеулі негіздер болса, беруден бас тартылуы мүмкін.
3. Берілген адам, Сұрау салынатын Тарап оны босату туралы өтініш берген жағдайларды қоспағанда, Сұрау салушы Тараптың аумағында және қолдануға болатын жерде, транзит сұратылатын үшінші мемлекеттің аумағында күзетпен ұсталуға тиіс.
14-бап
Ресми немесе жалпыға бірдей қолжетімді құжаттарды беру
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша Сұрау салушы Тарапқа мемлекеттік мекемелерден немесе қоғамдық ұйымдардан жалпыға бірдей қолжетімді материалдардың немесе құжаттардың көшірмелерін береді.
2. Сұрау салынатын Тарап мемлекеттік мекемелерден немесе қоғамдық ұйымдардан жалпыға бірдей қолжетімді емес материалдардың немесе құжаттардың көшірмелерін Сұрау салынатын Тараптың сот немесе құқық қорғау органдарына осы көшірмелер қолжетімді болатындай шамада және шарттарда беруге құқылы. Осындай көшірмелерді Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес куәландыруға тиіс.
15-бап
Құжаттарды, материалдарды немесе заттарды беру
1. Сұрау салу осы Шарттың 14-бабында көрсетілмеген құжаттарды немесе материалдарды беруге қатысты болса, Сұрау салынатын Тарап олардың көшірмелерін бере алады. Сұрау салушы Тарап түпнұсқаларды беру туралы өтініш білдірген кезде Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды мүмкіндігіне қарай орындайды.
2. Сұрау салушы Тарапқа берілген құжаттардың және материалдардың түпнұсқалары, сондай-ақ заттар, Сұрау салынатын Тарап оларды қайтаруды талап етпеген жағдайлардан басқа, алғашқы мүмкіндік болған кезінде Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылады.
16-бап
Тінту, алып қою және алдын алу шаралары
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша өзінің аумағында қылмыс жасаудан түскен кірістерді немесе қылмысқа қатысы бар заттарды анықтау бойынша шаралар қабылдайды және нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.
2. Қылмыс жасаудан түскен кірістер немесе қылмысқа байланысты заттар табылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша қылмыс жасаудан түскен кірістерді не қылмысқа байланысты заттарды алып қою немесе олардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында өзінің ұлттық заңнамасында көзделген кез келген шараларды қолданады.
3. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап қылмыс жасаудан түскен кез келген кірістерді немесе қылмысқа байланысты заттарды, сондай-ақ оларды өткізуден түскен кез келген ақшалай соманы Тараптар арасында келісілген шарттарға сәйкес толық не ішінара береді.
4. Сұрау салынатын Тарап, егер олар басқа ішкі талқылаулар үшін қажет болса, кез келген сұратылған, қылмыстан түскен кірістерді немесе қылмысқа қатысы бар заттарды беруді кейінге қалдыра алады.
5. Осы бапты қолдану кезінде жоғарыда аталған, қылмыс жасаудан түскен кірістерге немесе қылмысқа байланысты заттарға қатысты Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптардың кез келген құқықтары сақталады.
17-бап
Банкті анықтау және қаржылық ақпарат
1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс жасады деп күдіктелетін немесе айыпталатын адам өзінің аумағында орналасқан кез келген банкте немесе басқа да қаржы мекемелерінде банк шотының немесе шоттардың ұстаушысы болып табылатынын-табылмайтынын анықтайды және осындай шоттарды пайдалануға уәкілетті адамдар, шоттардың орналасқан жері және оларға байланысты кез келген транзакциялар туралы мәліметтерді қоса алғанда, Сұрау салушы Тарапты тиісті ақпаратпен қамтамасыз етеді.
2. Осы Шарттың 5-бабының ережелеріне қосымша осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпаратқа сұрау салуда:
a) осындай шоттарды орналастыруға немесе транзакцияларға қатысы бар жеке немесе заңды тұлғаның сәйкестендіру деректері;
b) мыналар:
i. қызығушылық білдірілетін жеке немесе заңды тұлға қылмысқа қатысы бар және Сұрау салынатын Тараптың аумағындағы банктерде немесе банктік емес қаржы мекемелерінде сұратылатын ақпарат болуы мүмкін деп негізді күдіктену;
ii. сұратылатын ақпарат қылмыстық тергеп-тексеруге немесе талқылауға жатады деген қорытындыға келу үшін Сұрау салынатын Тараптың құзыретті әділет органын қамтамасыз ету үшін жеткілікті ақпарат;
с) мүмкіндігінше сұрау салуды орындауды жеңілдете алатын кез келген басқа да ақпарат қамтылуға тиіс.
3. Осы бапта көрсетілген құқықтық көмектен банк құпиясы негізінде бас тартуға болмайды.
4. Сұрау салушы Тарап осы бапқа сәйкес алынған ақпарат тек қана сұрау салуда көрсетілген қылмыстық процесс мақсатында пайдаланылатынына кепілдік беруге тиіс.
18-бап
Қылмыстық талқылаулар және
сотталғандықтар туралы ақпарат алмасу
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша және қылмыстық талқылаудың мақсаттары үшін Сұрау салушы Тарапқа осы Шарттың 19-бабына сәйкес Сұрау салушы Тараптың азаматтарына қатысты қылмыстық талқылаулар, сотталғандығы және шығарылған үкімдер туралы ақпаратты береді.
2. Қылмыстық талқылау мақсаттары үшін Сұрау салушы Тараптың құзыретті әділет органына қажетті сотталғандық туралы мәліметтер осыған ұқсас жағдайларда олар Сұрау салынатын Тараптың құзыретті әділет органына берілуі мүмкін сияқты берілуге тиіс.
19-бап
Дербес деректерді қорғау
1. Осы баптың 2-тармағына нұқсан келтірмей, дербес деректер, егер бұл қажет және құқықтық көмек туралы сұрау салуда көрсетілген мақсаттарға мөлшерлес болғанда ғана жинақталуы және берілуі мүмкін.
2. Осы Шартқа сәйкес жіберілген сұрау салуды орындау нәтижесінде екінші Тарапқа берілген дербес деректерді осындай деректер берілген Тарап тек қана мынадай мақсаттарда:
a) осы Шартқа сәйкес құқықтық көмек сұратылған қылмыстық іс жүргізулер мақсатында;
b) осы тармақтың а) тармақшасында көрсетілген іс жүргізулерге тікелей байланысты басқа да сот немесе әкімшілік талқылаулар үшін;
с) қоғамдық қауіпсіздікке кенеттен және елеулі қатерді болғызбау үшін пайдалана алады.
3. Осындай деректер, егер дербес деректерді берген Тарап немесе дербес деректер субъектісі - адам алдын ала тиісті келісім берсе, кез келген басқа да мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін. Келісім дербес деректерді берген Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес берілуге тиіс.
4. Тараптардың кез келгені, егер осындай деректер оның ұлттық заңнамасымен қорғалса және деректерді қорғаудың осындай дәрежесін екінші Тарап қамтамасыз ете алмағанда, дербес деректерді беруден бас тарта алады.
5. Дербес деректерді беретін Тараптардың кез келгені осындай деректер берілген Тараптан осы деректердің пайдаланылуы туралы ақпарат ұсынуды талап ете алады.
6. Осы Шартқа сәйкес берілген дербес деректер осындай деректерді алған Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес өңделуге және жойылуға тиіс. Осы шектеулерге қарамастан, берілген деректер өздері берілген мақсаттарда бұдан былай талап етілмеген кезде жойылуға тиіс.
7. Осы бап дербес деректерді беретін Тараптың осындай шарттар болмаған кезде құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындау мүмкін емес нақты жағдайда қосымша шарттар белгілеу мүмкіндігіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Осы тармаққа сәйкес қосымша шарттар белгіленген жағдайда дербес деректер берілген Тарап алынған деректерді осындай шарттарға сәйкес өңдейді.
8. Егер дербес деректерді берген соң оларды берген Тарап нақты жағдайда қосымша шарт белгілеу үшін себеп болатын мән-жайлар туралы білсе, Тараптар дербес деректер қорғалуы мүмкін дәрежені айқындау үшін бір-бірімен консультациялар жүргізе алады.
20-бап
Ұлттық заңнама туралы ақпарат
Тараптар сұрау салу бойынша қолданыстағы немесе бұрын қолданыста болған ұлттық заңнама туралы және өзінің сот практикасы туралы ақпарат алмасады.
21-бап
Заңдастырудан босату
Осы Шартқа сәйкес ұсынылған құжаттар мен материалдар қандай да бір заңдастыруды, төлнұсқалылығын растауды немесе куәландыруды талап етпейді.
22-бап
Құпиялылық
1. Сұрау салынатын Тарап, егер Сұрау салушы Тарап сұрау салудың және оның мазмұнының құпиялылығын сұратса, осындай құпиялылықты қамтамасыз етеді. Егер сұрау салуды сұратылған құпиялылықты бұзбай орындау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Тарап бұл туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлауға тиіс, ол содан кейін сұрау салу осыған қарамастан орындалуға-орындалмауға тиіс екенін айқындайды.
2. Сұрау салынатын Тараптың тиісті сұрау салуы бойынша Сұрау салушы Тарап, тергеп-тексеру және қылмыстық талқылаулар кезінде дәлелдемелер мен ақпаратты пайдалану жағдайларын қоспағанда, құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындау кезінде алынған дәлелдемелер мен ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтайды.
23-бап
Шығыстар
1. Осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырады.
2. Осы баптың 3-тармағына нұқсан келтірмей, Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді.
3. Сұрау салушы Тарап мынадай шығыстарды:
a) осы Шарттың 6-бабының 3-тармағында көрсетілген адамдардың жол жүру және Сұрау салынатын Тарапта болу шығыстарын;
b) осы Шарттың 10-бабында көрсетілген адамдардың жол жүру және Сұрау салушы Тарапта болу шығыстарын;
c) осы Шарттың 12-бабының 6-тармағында көзделген ережені сақтай отырып, бейнеконференция өткізу жөніндегі шығыстарды;
d) Шарттың 13-бабына сәйкес сұрау салуды орындаудан туындайтын шығыстарды;
e) сарапшылардың шығыстары мен гонорарларын;
f) жазбаша және ауызша аудармалар үшін шығыстар мен гонорарларды және көшірме жасау жөніндегі шығындарды;
g) алып қойылған заттарды сақтау және беру жөніндегі шығындарды көтереді.
4. Сұрау салуды орындау күтпеген сипаттағы шығыстарға әкеп соққан жағдайда, Тараптар сұрау салу орындалуға тиіс талаптарды және тиісті шығыстарды бөлу критерийлерін келісу мақсатында консультациялар жүргізеді.
24-бап
Басқа халықаралық шарттармен үйлесімділік
Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушы болып табылатын кез келген халықаралық шарттардан туындайтын, ал Мажарстан үшін Еуропалық Одаққа мүше мемлекет ретінде туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
25-бап
Дауларды реттеу
Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру барысында туындайтын кез келген дау Тараптар арасында келіссөздер немесе дипломатиялық консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.
26-бап
Шарттың күшіне енуі, өзгерістер мен толықтырулар енгізу және
қолданысын тоқтату
1. Осы Шарт белгіленбеген уақыт кезеңіне жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
2. Осы Шартқа Тараптардың келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
3. Тараптардың кез келгені бұл туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу жолымен кез келген уақытта осы Шарттың қолданысын тоқтатуға құқылы. Осы Шарт осындай хабарлама алынған күннен бастап жүз сексен тәулік өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
4. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданысы кезеңінде алынған құқықтық көмек туралы сұрау салулар осы Шарттың ережелеріне сәйкес орындалуға тиіс.
5. Осы Шарт ол күшіне енгеннен кейін жіберілген кез келген сұрау салуға, оның ішінде, егер тиісті қылмыстар ол күшіне енгенге дейін жасалған болса, қолданылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ үшін осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
2015 жылғы 1 сәуірде Астана қаласында әрқайсысы қазақ, мажар және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы әрі олардың күші бірдей болып табылады.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.
Қазақстан Республикасы Мажарстан
үшін үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Шарттың мажар және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.
2015 жылғы 1 сәуірде Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың қазақ, мажар және ағылшын тілдеріндегі мәтіннің орыс тіліндегі мәтінге дәлме-дәлдігін растаймын.
Начальник Департамента
международного сотрудничества
Генеральной прокуратуры
Республики Казахстан С. Досполов