Төлемдер және төлем жүйелері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 26 шілдедегі № 11-VІ ҚРЗ.

№ 20 БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
"Төлемдер және төлем жүйелері туралы"
Қазақстан Республикасының Заңы туралы
2016 жылғы 2 тамыз Алматы қ.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2016 жылғы 26 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) қол қойғанын хабарлайды.

      Қазақстанда төлем жүйелерінің жұмыс істеп тұруын кешенді регламенттеу және төлем қызметтері нарығын реттеу, сондай-ақ төлем қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту және төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру саласындағы банк практикасын жетілдіру Заңның мақсаты болып табылады.

      Заңда мына бағыттар бойынша жаңалықтар көзделген:

      Төлем жүйелерінің жұмыс істеуі саласында Заңда "төлем жүйесі", "төлем жүйесінің операторы" және "төлем жүйесіне қатысушылар" деген негізгі ұғымдар, төлем жүйелерінің жіктелуі және олардың маңыздылығының өлшемшарттары (жүйелік маңызы бар, маңызды және өзге де төлем жүйелері), төлем жүйелерінің операторларына қойылатын талаптар енгізілген және олардың қызметін ұйымдастырудың құқықтық негізі айқындалған.

      Төлем жүйелерінің қызметін жүзеге асырудың хабарлау сипаты енгізіледі, атап айтқанда, төлем жүйесінің операторы Қазақстанда төлем жүйесі жұмыс істей бастаған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде бұл жөнінде Ұлттық Банкке хабарлайды. Төлем жүйесінің операторы Интернет-ресурсында төлем жүйелерінің қағидаларын, бұл қағидаларға өзгерістер мен толықтыруларды, қызметтің құнын және тарифтер бойынша барлық өзгерістерді жариялауға тиіс болады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағында Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қызметін жүзеге асырған төлем жүйелерінің операторлары өз қызметін Заң алғашқы рет ресми жарияланған күннен кейін алты ай ішінде оның талаптарына сәйкес келтіруі қажет. Заңда жүйелік маңызы бар және маңызды төлем жүйелері операторларының Ұлттық Банкке тиісті мәліметтерді ұсынуы да көзделген.

      Ұлттық Банк жұмыс істеп тұрған төлем жүйелерінің тізілімін жүргізетін болады, төлем жүйелерінің маңыздылығы көрсетіле отырып, нарықта осындай жүйелердің бар екендігі туралы ақпарат Ұлттық Банктің ресми Интернет-ресурсында жарияланады.

      Төлем қызметтері нарығын реттеу саласында Заң төлем қызметтерін берушілердің тізбесін және олар көрсететін төлем қызметтерінің түрлерін айқындайды, сондай-ақ жеке банктік емес төлем ұйымдары үшін Ұлттық Банкте есептік тіркелу рәсімін енгізеді.

      Төлем қызметтерін берушілерге Заңға сәйкес:

      1) банктер;

      2) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар;

      3) почталық ақша аударымдарын жүзеге асыратын пошта операторлары;

      4) төлем ұйымдары;

      5) төлем агенттері мен қосалқы агенттер жатады.

      Мұндай жағдайда төлем ұйымы, төлем агенттері және банктің қосалқы агенттері нарықтың жаңа субъектілері болып табылады, Заңда олар үшін төлем қызметтерін көрсету үшін құқықтық негіз көзделген.

      Жұртшылықты хабардар ету үшін Ұлттық Банкте есептік тіркеуден өткен төлем ұйымдарының тізілімі Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында орналастырылатын болады.

      Заңда "төлем қызметтерін маңызды беруші" деген ұғым енгізіледі, сондай-ақ төлем қызметтерін берушілерді маңызды берушілерге жатқызудың өлшемшарттары айқындалады. Ұлттық Банк төлем қызметтерін маңызды берушілердің тізілімін жүргізетін болады және ақпаратты Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында орналастырады.

      Төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру саласында төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәсілдері мен негізгі рәсімдері жетілдірілді, төлемдерді орындау мерзімдерін қысқарту үшін (4 күннен 2 күнге дейін) жағдай жасалды, сондай-ақ банк қызметтерін көрсетудің айқындылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар көзделді.

      Заңда банктердің халыққа арналған базалық төлем қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған халыққа белгілі бір төлем қызметтерін көрсету үшін агенттер мен қосалқы агенттер желілерін тарту мүмкіндігі белгіленген.

      Төлем жүйелерінің және төлем қызметтері нарығының жұмыс істеуі саласындағы қарым-қатынастарды мемлекеттік реттеуді енгізу нәтижесінде оң әлеуметтік-экономикалық салдарлар күтілуде: банк қызметтерінің айқындылығы мен қолжетімділігін арттыру, төлемдерді жылдамдату, төлем қызметтері нарығында қолайлы бәсекелес жағдайлар тудыру, Қазақстан аумағында жұмыс істейтін төлем жүйелері, төлем қызметтерінің маңызды берушілері мен төлем ұйымдары туралы жұртшылыққа хабарлау, банктік емес төлем ұйымдарының қызметтерін пайдалану кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту.

      Заңда қосымша халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған шаралар көзделген.

      Атап айтқанда, келесі қаржы көздері бойынша үшінші тұлғалардың талап етулерімен клиенттердің ақшасын өндіріп алуға шектеулер қойылған – жәрдемақылар және әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй төлемдері, азаматтардың нотариус депозиті шартымен енгізілген ақшалары, сондай-ақ азаматтардың білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ашылған банк шоттарындағы ақшалары.

      Заңда банктер мен өзге төлем қызметтерін берушілерге халықаралық төлемдерді есептемегенде, көрсетілетін төлем қызметтері бойынша тарифтерді ұлғайту жағына біржақты тәртіпте өзгертуге тыйым да салынған, сондай-ақ олардың клиентті төлем операциясын жасағанға дейін комиссияның мөлшерімен таныстыру міндеті енгізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз