Париж келісімін ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 4 қарашадағы № 20-VІ ҚРЗ

      2015 жылғы 12 желтоқсанда Парижде жасалған Париж келісімі ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының
 
Президенті
Н. Назарбаев

      

ПАРИЖ КЕЛІСІМІ

      Осы Келісімнің тараптары,
      бұдан әрі "Конвенция" деп аталатын Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының Тараптары бола отырып,
      неғұрлым белсендірек әрекеттер жасау үшін Конвенция Тараптары Конференциясының он жетінші сессиясында 1/СР.17 шешімімен құрылған Дурбан платформасының мандатын атқару үшін,
      Конвенцияның мақсатына ұмтыла отырып және оның қағидаттарына, соның ішінде әділеттілік және жалпы, бірақ әртүрлі ұлттық жағдайларға орай сараланған жауапкершілік пен тиісті мүмкіндіктер қағидаттарына сәйкес,
      қолда бар ең озық ғылыми білім негізінде климаттың шұғыл өзгеру қатеріне тиімді және прогрессивті ден қою қажеттілігін мойындай отырып,
      сондай-ақ Конвенцияда көзделгендей, дамушы елдер болып табылатын, әсіресе климаттың өзгеруінің қолайсыз салдарына төтеп бере алмайтын Тараптардың нақты қажеттіліктерін және ерекше мән-жайларын мойындай отырып,
      ең төмен дамыған елдердің қаржыландыруға және технологияларды беруге қатысты нақты қажеттіліктері мен ерекше жағдайларын толығымен назарға ала отырып,
      Тараптардың климаттың өзгеруінен ғана емес, оған ден қою мақсатында қабылданатын шаралардың әсерінен де зардап шегуі мүмкін екендігін мойындай отырып,
      климаттың өзгеруімен күрес бойынша әрекеттердің, климаттың өзгеруіне ден қою шараларының және климаттың өзгеру әсерлерінің орнықты дамуға әділ қол жеткізумен және кедейлікті жоюмен ажырамас байланысты екендігін атап көрсете отырып,
      азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және аштықты жоюға негіз болатын басымдықты және азық-түлік өндіру жүйелерінің климаттың өзгеруінің қолайсыз салдары алдында ерекше осал екендігін мойындай отырып,
      жұмыс күші саласында әділ өзгерістердің және ұлттық деңгейде айқындалатын даму басымдықтарына сәйкес лайықты еңбек жағдайлары мен сапалы жұмыс орындарын құрудың сөзсіз қажет екендігін назарға ала отырып,
      климаттың өзгеруі адамзаттың ортақ алаңдаушылығы болып табылатындықтан, Тараптардың климаттың өзгеруімен байланысты проблемаларды шешу мақсатында әрекеттерді жүзеге асыру кезінде өзінің адам құқтары саласындағы тиісті міндеттемелерін, денсаулыққа құқықты, байырғы халықтардың, жергілікті қауымдардың, көшіп-қонушылардың, балалардың, мүгедектер мен жағдайы нашар адамдардың құқықтарын және дамуға құқықты, сондай-ақ гендерлік теңдікті, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңеюін және ұрпақаралық әділдікті құрметтеуі, көтермелеуі және назарға алуы керек екендігін мойындай отырып,
      Конвенцияда айтылған парниктік газдар сіңіргіштері мен жинағыштарын мән-жайларға қарай сақтау мен көбейтудің маңыздылығын мойындай отырып, мұхиттарды қоса алғанда, барлық экологиялық жүйелердің тұтастығын қамтамасыз етудің және кейбір мәдениеттермен Жер-Ана ретінде танылатын биологиялық әртүрлілікті қорғаудың маңыздылығын атап көрсете отырып және климаттың өзгеруімен байланысты проблемаларды шешу бойынша әрекеттерді жүзеге асырған кезде "климаттық әділдік" тұжырымдамасының кейбірі үшін маңыздылығын атап көрсете отырып,
      кадрларды оқытудың, даярлаудың, жұртшылықты хабардар етудің, жұртшылықтың қатысуының, жұртшылықтың ақпаратқа қолжетімділігінің және осы Келісімде қаралатын мәселелер бойынша барлық деңгейлердегі ынтымақтастықтың маңыздылығын растай отырып,
      климаттың өзгеруімен байланысты проблемаларды шешуде Тараптардың тиісті ұлттық заңнамасына сәйкес үкіметтің барлық деңгейлері мен түрлі субъектілердің қатысуының маңыздылығын мойындай отырып,
      сондай-ақ, дамыған елдер болып табылатын Тараптар жетекші рөл атқарып отырған кезде орнықты өмір сүру салты және тұтыну мен өндірудің ұтымды модельдері климаттың өзгеруімен байланысты проблемаларды шешуде маңызды рөл атқаратынын мойындай отырып,
      мыналар туралы уағдаласты:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін Конвенцияның 1-бабында қамтылған барлық айқындамалар қолданылады. Бұған қоса:
      а) "Конвенция" Нью-Йоркте 1992 жылғы 9 мамырда қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясын білдіреді.
      b) "Тараптардың Конференциясы" Конвенция Тараптарының Конференциясын білдіреді.
      с) "Тарап" осы Келісімнің Тарапын білдіреді.

2-бап

      1. Осы Келісім Конвенцияны оның мақсатымен қоса жүзеге асыруды жандандыра отырып, орнықты даму және кедейлікті жою бойынша күш-жігерді жұмсау тұрғысынан климаттың өзгеру қатеріне жаһандық ден қоюды нығайтуға бағытталған, соның ішінде:
      а) бұл климаттың өзгеру тәуекелдері мен әсерлерін едәуір қысқартатынын мойындай отырып, жаһандық орташа температураның өсуін индустрияға дейінгі деңгейлерден 2оС-тан анағұрлым төменірек деңгейде ұстау және температураның өсуін 1,5оС-қа дейін шектеу мақсаттарында күш-жігер жұмсау;
      b) климаттың өзгеруінің қолайсыз әсерлеріне бейімделу қабілетін арттыру және климаттың өзгеруіне төзімділік пен парниктік газдар шығарындыларының азық-түлік өндірісін қатерге ұшыратпайтындай төмен деңгейінде дамуына жәрдемдесу; және
      с) қаржы ағындарын шығарындылардың төмен деңгейімен және климаттың өзгеруіне төзімділікпен сипатталатын даму бағытындағы траекториямен сәйкес келтіру арқылы нығайтуға бағытталған;
      2. Осы Келісім әділдікті және ортақ, бірақ әртүрлі ұлттық жағдайларға қарай сараланған жауапкершілік пен тиісті мүмкіндіктер қағидатын көрсететіндей түрде жүзеге асырылатын болады.

3-бап

      Климаттың өзгеруіне жаһандық ден қоюға ұлттық деңгейде айқындалатын үлес ретінде 2-бапта айтылғандай, осы Келісімнің міндеттерін орындау мақсатында 4, 7, 9, 10, 11 және 13-баптарда айқындалғандай, барлық Тараптар өршіл күш-жігерлерін салуға және хабарлауға тиіс. Осы Келісімді тиімді жүзеге асыру мақсатында дамушы елдер болып табылатын Тараптарға қолдау көрсету қажеттілігін мойындаған кезде барлық Тараптардың күш-жігері уақыт өте келе алға ілгерілей түсетінін білдіретін болады.

4-бап

      1. Тараптар 2-бапта белгіленген ұзақ мерзімді жаһандық температуралық мақсатқа қол жеткізу үшін дамушы елдер болып табылатын Тараптардың парниктік газдар шығарындыларының шыңына жетуі ұзағырақ уақыт алатынын мойындай отырып, оның жаһандық шыңына тезірек қол жеткізуге, сондай-ақ осы ғасырдың екінші жартысында әділдіктің негізінде және орнықты даму мен кедейлікті жою жөніндегі күш-жігер тұрғысынан көздерден шыққан антропогендік шығарындылар мен парниктік газдарды сіңіргіштері абсорбциясы арасында теңгерімділікке қол жеткізу мақсатында, қолда бар ең озық ғылыми білімдерге сәйкес оларды тез азайтуға қол жеткізуге ұмтылады.
      2. Әрбір Тарап өзі қол жеткізуге ниеттеніп отырған, ұлттық деңгейде айқындалатын дәйекті үлестерін дайындайды, хабарлайды және сақтайды. Тараптар осындай үлестердің мақсаттарына қол жеткізу үшін климаттың өзгеруін болғызбау жөнінде ішкі шараларды қабылдайды.
      3. Тараптың ұлттық деңгейде айқындалатын әрбір келесі үлесі ағымдағы ұлттық деңгейде айқындалатын үлестен жоғары ілгерілегенін білдіретін болады және оның ортақ, бірақ әртүрлі ұлттық жағдайларға қарай сараланған жауапкершілігі мен тиісті мүмкіндіктерін көрсете отырып, оның неғұрлым жоғары өршіл екендігін көрсетеді.
      4. Дамыған елдер болып табылатын Тараптар бүкіл экономика ауқымындағы шығарындыларды абсолютті азайтудың нысанасы көрсеткіштерін белгілеуі арқылы жетекші рөл атқаруын жалғастыруы керек. Дамушы елдер болып табылатын Тараптар климаттың өзгеруін болғызбау жөніндегі өзінің күш-жігерін жандандыруды жалғастыруы керек және уақыт өте келе әртүрлі ұлттық жағдайларға қарай бүкіл экономика ауқымындағы шығарындыларды шектеудің немесе азайтудың нысаналы көрсеткіштеріне көшуге үндеу тасталады.
      5. Дамушы елдер болып табылатын Тараптар үшін неғұрлым елеулі қолдау көрсету олардың әрекеттерінің өршілдігін арттыруға мүмкіндік беретінін мойындаған жағдайда, дамушы елдер болып табылатын Тараптарға 9, 10 және 11-баптарға сәйкес осы бапты жүзеге асыру үшін қолдау ұсынылады.
      6. Ең төмен дамыған елдер мен шағын аралдардағы дамушы мемлекеттер парниктік газдар шығарындыларының деңгейі төмен болған кезде дамыту мақсатында олардың ерекше жағдайларын көрсететін стратегияларды, жоспарлар мен әрекеттерді дайындай және хабарлай алады.
      7. Бейімдеу жөніндегі әрекеттердің және/немесе Тараптардың экономикасын әртараптандыру жоспарларының нәтижесінде климаттың өзгеруін болғызбау үшін ілеспелі пайда, осы бапқа сәйкес климаттың өзгеруін болғызбау саласындағы нәтижелерге ықпал етуі мүмкін.
      8. Тараптардың бәрі өздерінің ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерін хабарлаған кезде 1/СР.21 шешімге және осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының кез келген тиісті шешімдеріне сәйкес айқындықты, транспаренттілікті және түсінушілікті қамтамасыз ету үшін қажетті ақпарат береді.
      9. Әрбір Тарап 1/СР.21 шешімге және осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының тиісті шешімдеріне сәйкес ұлттық деңгейде айқындалатын үлесті бес жылда бір рет хабарлап отырады және 14-бапта айтылған жаһандық қорытынды шығару нәтижелерін ақпараттық негіз ретінде пайдаланады.
      10. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы ұлттық деңгейде айқындалатын үлестер үшін жалпы мерзімдер туралы мәселені өзінің бірінші сессиясында қарайды.
      11. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы қабылдаған басшылыққа алынатын нұсқауларға сәйкес оның өршілдік деңгейін арттыру мақсатында Тарап өзінің ұлттық деңгейде айқындалатын қолда бар үлесін кез келген уақытта түзете алады.
      12. Тараптар хабарлаған ұлттық деңгейде айқындалатын үлестер хатшылық жүргізетін жария тізілімде тіркеледі.
      13. Тараптар өздерінің ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерін есепке алуды жүргізеді. Тараптар өздерінің ұлттық деңгейде айқындалатын үлестеріне сәйкес келетін антропогендік шығарындылар мен абсорбцияларды есепке алған кезде экологиялық біртұтастыққа, транспаренттілікке, дәлдікке, толықтыққа, салыстырмалылық пен келісушілікке ықпал етеді, сондай-ақ осы Келісім - Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы қабылдаған басшылыққа алынатын нұсқауларға сәйкес қосарлы есепке алуға жол берілмеуін қамтамасыз етеді.
      14. Тараптар өздерінің ұлттық деңгейде айқындалатын үлестері тұрғысынан антропогендік шығарындылар мен абсорбцияларға қатысты климаттың өзгеруін болғызбау бойынша әрекеттерді мойындаған және жүзеге асырған кезде осы баптың 13-тармағының ережелеріне орай Конвенцияға сәйкес қолда бар әдістер мен басшылыққа алынатын нұсқауларды тиісті түрде назарға алуға тиіс.
      15. Тараптар осы Келісімді жүзеге асырған кезде экономикасы ден қою шараларының әсерінен неғұрлым зардап шеккен Тараптардың, әсіресе дамушы елдер болып табылатын Тараптардың алаңдаушылығын назарға алады.
      16. Тараптар, соның ішінде өңірлік экономикалық интеграция ұйымдары мен осы баптың 2-тармағына сәйкес бірлесе әрекет ету келісіміне қол жеткізген олардың мүше мемлекеттері осы Келісімнің шарттары туралы, соның ішінде олар өзінің ұлттық деңгейде айқындалатын үлесін хабарлаған кезде әрбір Тарап үшін тиісті уақыт кезеңіне белгіленген шығарындылар деңгейі туралы хатшылықты хабардар етеді. Хатшылық өз кезегінде Конвенцияның Тараптары мен сигнатарийлеріне осы Келісімнің шарттары туралы хабарлайды.
      17. Осындай Келісімнің әрбір Тарапы осы баптың 16-тармағында айтылған Келісімде белгіленгеніндей, өзінің шығарындылар деңгейі үшін осы баптың 13 және 14-тармақтарына және 13 және 15-баптарға сәйкес жауапты болады.
      18. Егер бірлесіп әрекет ететін Тараптар оны осы Келісімнің Тарапы болып табылатын өңірлік экономикалық интеграция ұйымы шеңберінде немесе сонымен бірлесіп жасаса, осы өңірлік экономикалық интеграция ұйымының мүшесі - әрбір мемлекет жеке өзі және өңірлік экономикалық интеграция ұйымымен бірлесіп, осы баптың 16-тармағына сәйкес хабарланған, Келісімде белгіленгендей түрдегі өзінің шығарындылар деңгейі үшін осы баптың 13 және 14-тармақтарына және 13және 15-баптарға сәйкес жауапты болады.
      19. Тараптардың бәрі өзінің ортақ, бірақ әртүрлі ұлттық жағдайларына қарай сараланған жауапкершілігін және тиісті мүмкіндіктерін назарға ала отырып, 2-бапты ескеріп, парниктік газдар шығарындыларының төмен деңгейімен дамудың ұзақ мерзімді стратегияларын тұжырымдауға және хабарлауға талпынуы керек.

5-бап

      1. Конвенцияның 4-бабының 1 (d) тармағында айтылғандай, Тараптар ормандарды қоса алғанда, тиісті жағдайларда парниктік газдардың сіңіргіштері мен жинағыштарын қорғау және олардың сапасын арттыру жөнінде әрекеттер жасауы керек.
      2. Тараптар жүзеге асыру мен қолдау бойынша, соның ішінде мыналар: ормансыздану мен ормандардың жұтаңдауы нәтижесінде шығарындылардың азаюымен және дамушы елдердегі ормандарды сақтау, ормандарды орнықты басқару және ормандардағы көміртек жинағыштарды көбейту рөлімен байланысты қызметке арналған саяси тәсілдер мен жағымды ынталандыру; және осындай тәсілдермен байланысты көміртектік емес пайданы тиісті түрде ынталандырудың маңыздылығын растаған кезде ормандарды кешенді және орнықты басқару мақсатында климаттың өзгеруін болғызбауды және бейімделуді үйлестіретін тәсілдер сияқты баламалы саяси тәсілдер үшін Конвенцияға сәйкес қабылданып қойған тиісті басшылыққа алынатын нұсқаулар мен шешімдерде жазылғандай, төлемдер нәтижелеріне, қолда бар шеңберлерге негізделген көмек арқылы әрекет етуді қабылдауға үндеу тасталады.

6-бап

      1. Тараптар кейбір Тараптардың климаттың өзгеруін болғызбау мен бейімделу және орнықты даму мен экологиялық біртұтастықты көтермелеу жөніндегі әрекеттерінің өршілдігін арттыруға мүмкіндіктер жасау үшін өздерінің ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерін жүзеге асырған кезде ерікті ынтымақтастықты пайдаланатынын мойындайды.
      2. Тараптар ұлттық деңгейде айқындалатын үлестер мақсаттары үшін халықаралық деңгейде берілетін климаттың өзгеруін болғызбау нәтижелерін пайдалануды қамтитын бірлескен тәсілдерге ерікті негізде қатысқанда, орнықты дамуды көтермелейді және экологиялық біртұтастылық пен транспаренттілікті, соның ішінде басқару саласында қамтамасыз етеді және басқасынан бөлек осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы қабылдаған басшылыққа алынатын нұсқауларға сәйкес қосарлы есепке алуға жол берілмеуін қамтамасыз ету үшін сенімді есепке алуды қолданады.
      3. Халықаралық деңгейде берілетін климаттың өзгеруін болғызбау нәтижелерін ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерге қол жеткізу үшін пайдалану осы Келісімге сәйкес ерікті негізде және қатысушы Тараптардың рұқсатымен жүзеге асырылады.
      4. Осы арқылы Тараптардың ерікті негізде пайдалануы үшін Париж келісімі Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының басшылығымен және басқаруымен, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға жәрдемдесуге және орнықты дамуды қолдауға арналған тетік құрылады. Ол осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы тағайындаған органның қадағалауымен жұмыс істейді және оның мақсаты:
      а) орнықты дамуды көтермелеу кезінде парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға жәрдемдесу;
      b) парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға Тарап уәкілеттік берген мемлекеттік және жекеше субъектілердің қатысуын ынталандыру және көтермелеу;
      с) климаттың өзгеруін болғызбау жөніндегі қызметтен пайда алатын қабылдаушы Тарапқа шығарындылар деңгейін қысқартуға жәрдемдесу, оның нәтижесі өзінің ұлттық деңгейде айқындалатын үлесін орындау үшін басқа Тарап та пайдалана алатын шығарындыларды қысқарту болып табылады; және
      d) жаһандық шығарындыларды жаппай қысқартуды қамтамасыз ету.
      5. Осы баптың 4-тармағында айтылған тетікті қолдану нәтижесі болып табылатын шығарындыларды қысқарту, егер оны өзінің ұлттық деңгейде айқындалатын үлесіне қол жеткізуін демонстрациялау үшін басқа Тарап пайдаланып жатса, онда қабылдаушы Тарап ұлттық деңгейде айқындалатын үлеске қол жеткізгенін демонстрациялау үшін пайдаланбайды.
      6. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы осы баптың 4-тармағында айтылған тетік шеңберіндегі қызметтен түсетін түсімдердің бір бөлігі әкімшілік шығындарды жабу үшін, сондай-ақ климаттың өзгеруінің қолайсыз салдарларына ерекше осал, дамушы елдер болып табылатын Тараптарға бейімделу жөніндегі шығыстарын жабуға көмек көрсету үшін пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
      7. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы осы баптың 4-тармағында айтылған тетікке арналған қағидаларды, шарттар мен рәсімдерді өзінің бірінші сессиясында қабылдайды.
      8. Тараптардың ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерін жүзеге асыруға жәрдемдесу үшін, орнықты даму және кедейлікті үйлестірілген әрі тиімді түрде түп-тамырымен жою, соның ішінде басқалармен қатар, климаттың өзгеруін болғызбау, бейімдеу, қаржыландыру, мән-жайларға қарай технологияларды беру және әлеуетті нығайту арқылы жою тұрғысынан өздерінің иелігіндегі кешенді, біртұтас және теңдестірілген нарықтық емес тәсілдердің маңызды екенін Тараптар мойындайды. Бұл тәсілдердің мақсаты:
      а) климаттың өзгеруін болғызбау және бейімделу жөніндегі әрекеттердің өршілдігін арттыру;
      b) ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерді жүзеге асыруға мемлекеттік және жекеше секторлардың қатысуын кеңейту;
      с) құралдар мен тиісті институционалдық тетіктердің арасында үйлестіру үшін мүмкіндіктер жасау.
      9. Осы арқылы осы баптың 8-тармағында айтылған нарықтық емес тәсілдерді көтермелеу мақсатында орнықты дамуға арналған нарықтық емес тәсілдер үшін шеңбер айқындалады.

7-бап

      1. Тараптар 2-бапта айтылған температуралық мақсат тұрғысынан орнықты дамуға жәрдемдесу және барабар бейімделушілік ден қойылуын қамтамасыз ету мақсатында бейімделу мүмкіндіктерін нығайтудан, климаттың өзгеруіне қарсы тұра білуді арттырудан және осалдықты төмендетуден тұратын бейімделу жөніндегі жаһандық мақсатты осы арқылы құрады.
      2. Тараптар бейімделудің жергілікті, қосалқы ұлттық, өңірлік және халықаралық өлшемдерде барлық ел алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерді білдіретінін және ол адамдарды, тіршілікке қажет құралдарды және экологиялық жүйелерді қорғау мақсатында климаттың өзгеруіне ұзақ мерзімді жаһандық ден қоюдың шешуші құрамдасы болып табылатынын және климаттың өзгеруінің қолайсыз салдарларына ерекше осал, дамушы елдер болып табылатын Тараптардың кейінге қалдыруға болмайтын және шұғыл қажеттіліктерін назарға ала отырып, осындай ден қоюға үлес қосатынын мойындайды.
      3. Дамушы елдер болып табылатын Тараптардың бейімделу бойынша күш-жігерлері осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының бірінші сессиясында қабылданатын шарттарға сәйкес танылады.
      4. Тараптар бейімделуге қазіргі қажеттіліктің елеулі болып табылатынын және климаттың өзгеруін болғызбаудың неғұрлым жоғары деңгейлері бейімделу бойынша қосымша күш-жігерлерге қажеттіліктерді төмендете алатындығын, сондай-ақ бейімделуге неғұрлым елеулі қажеттіліктер бейімделуге жұмсалатын неғұрлым жоғары шығыстармен ұштасуы мүмкін екендігін мойындайды.
      5. Тараптар бейімделу саласындағы қызмет елдердің бастамасына, гендерлік аспектілерге, осал топтарды, қауымдарды және экологиялық жүйелерді назарға ала отырып, олардың кең ауқымда қатысуына және толықтай транспарентті тәсілге сүйенуге тиіс екенін және қолда бар ең үздік ғылыми білімдерге және тиісті жағдайларда, дәстүрлі білімдерге, байырғы халықтың білімі мен жергілікті білім жүйелеріне негізделуге және бейімдеуді тиісті әлеуметтік-экономикалық және табиғатты қорғау стратегиясы мен әрекеттеріне тиісінше интеграциялау мақсатында оларды басшылыққа алуға тиіс екендігін мойындайды.
      6. Тараптар осы салада бейімделу бойынша күш-жігерлерді қолдаудың және халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын, сондай-ақ дамушы елдер болып табылатын Тараптардың, әсіресе климаттың өзгеруінің қолайсыз салдарына ерекше осал Тараптардың қажеттіліктерін есепке алудың маңыздылығын мойындайды.
      7. Тараптардың бейімделуі үшін Канкун негіздемелігін назарға ала отырып, бейімделу жөніндегі әрекеттерді жандандыру мақсатында өзінің ынтымақтастығын нығайтқаны жөн, соның ішінде мыналарға:
      а) ақпаратпен, тиімді практикамен, тәжірибемен және өмірден алынған тағылымдарымен алмасуға, соның ішінде, тиісті жағдайларда, бейімделу жөніндегі әрекеттерге байланысты ғылымға, жоспарлауға, саясатқа және жүзеге асыруға қатысты алмасуға;
      b) тиісті ақпарат пен білімді қорытуды қолдау үшін және Тараптарға техникалық қолдау мен басшылыққа алынатын нұсқаулар беру үшін осы Келісімге қызмет көрсететін институционалдық тетіктерді, соның ішінде Конвенцияға сәйкес нығайтуға;
      с) зерттеулерді қоса алғанда, климат туралы ғылыми білімді тереңдетуге, климат жүйесін және ертерек алдын алу жүйесін жүйелі түрде байқауға, осылайша, климаттық қызмет көрсету үшін ақпараттық негіз құруға және шешімдер қабылдау процесін қолдау көрсетуге;
      d) тиімді бейімделу практикасын, бейімделу қажеттіліктерін, басымдықтарын, бейімделу бойынша әрекеттер мен күш-жігерлер үшін берілген және алынған қолдауды, сын-қатерлер мен олқылықтарды осындай практиканы көтермелеумен сәйкес келетіндей етіп анықтауда дамушы елдер болып табылатын Тараптарға жәрдем көрсетуге; және
      е) бейімделу бойынша әрекеттердің тиімділігі мен ұзақтығын арттыруға қатысты нығайтқаны жөн болады.
      8. Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелері мен агенттіктеріне осы баптың 5-тармағының ережелерін ескере отырып, Тараптардың осы баптың 7-тармағында көрсетілген әрекеттерді жүзеге асыру жөніндегі күш-жігерін қолдауға үндеу тасталады.
      9. Әрбір Тарап тиісті жоспарларды, саясатты және/немесе үлестерді әзірлеуді немесе нығайтуды қоса алғанда, бейімделу саласындағы әрекеттерді жоспарлау және жүзеге асыру процестеріне тиісті түрде қатысады, олар мыналарды қамтуы мүмкін:
      а) бейімделу жөніндегі әрекеттерді, уәделерді және/немесе күш-жігерлерді жүзеге асыруды;
      b) бейімделу саласындағы ұлттық жоспарларды тұжырымдау және жүзеге асыру процесін;
      с) неғұрлым осал адамдардың қажеттіліктерін, жерлер мен экологиялық жүйелерді назарға ала отырып, ұлттық деңгейде айқындалатын басым әрекеттерді тұжырымдау мақсатында, климаттың өзгеруінің әсерлерін және осалдықты бағалауды;
      d) бейімделу саласындағы жоспарларды, саясатты, бағдарламалар мен әрекеттерді мониторингілеу мен бағалауды және олардың негізінде оқытуды; және
      е) әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жүйелердің төзімділігін арттыру, соның ішінде экономиканы әртараптандыру мен табиғи ресурстарды орнықты басқару арқылы арттыру.
      10. Әрбір Тарап дамушы елдер болып табылатын Тараптар үшін қандай да бір қосымша ауыртпалық салмастан, олардың басымдықтарын, қолдауды жүзеге асырудағы қажеттіліктерін, жоспарлары мен әрекеттерін қамтуы мүмкін, бейімделу мәселелері жөніндегі хабарламаны тиісті түрде ұсынуы және оларды кезең-кезеңмен жаңартып отыруы керек.
      11. Осы баптың 10-тармағында айтылған бейімделу мәселелері жөніндегі хабарлама, мән-жайларға қарай, бейімделу саласындағы ұлттық жоспарды, 4-бапта, 2-тармақта аталған ұлттық деңгейінде айқындалатын үлесті және/немесе ұлттық хабарламаны қоса алғанда, басқа хабарламаның құрамдас бөлігі ретінде немесе басқа хабарламамен немесе құжаттармен бір мезгілде ұсынылады және кезең-кезеңмен жаңартылып отырады.
      12. Осы баптың 10-тармағында аталған бейімделу мәселелері жөніндегі хабарламалар хатшылық жүргізетін жария тізілімде тіркеледі.
      13. Дамушы елдер болып табылатын Тараптарға 9, 10 және 11-баптардың ережелеріне сәйкес, осы баптың 7, 9, 10 және 11-тармақтарын жүзеге асыру үшін үздіксіз және кеңейтілген халықаралық қолдау көрсетіледі.
      14. 14-бапта айтылған жаһандық қорытындылау, өзгелермен қатар:
      а) дамушы елдер болып табылатын Тараптардың бейімделу жөніндегі күш-жігерін таниды;
      b) осы баптың 10-тармағында айтылған бейімделу мәселелері жөніндегі хабарламаларды ескере отырып, бейімделу жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруды жандандырады;
      с) бейімделудің және бейімделу үшін берілетін қолдаудың барабарлығына және тиімділігіне шолу жүргізеді; және
      d) осы баптың 1-тармағында айтылған бейімделу саласындағы жаһандық мақсатқа қол жеткізудегі жалпы прогреске шолу жүргізеді.

8-бап

      1. Тараптар қысылтаяң ауа-райы құбылыстары мен баяу жүретін құбылыстарды қоса алғанда, климаттың өзгеруінің қолайсыз әсерлеріне байланысты шығындар мен залалдар мәселелерінің алдын алудың, оларды мейлінше азайтудың және шешудің маңыздылығын, сондай-ақ шығындар мен залалдар тәуекелін төмендетуде орнықты дамудың рөлін таниды.
      2. Климаттың өзгеруінің әсері салдарынан шығындар мен залалдар жөніндегі Варшава халықаралық тетігі осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының басқаруымен және басшылық етуімен жұмыс істейді және осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының шешімі бойынша кеңейтілуі және нығайтылуы мүмкін.
      3. Тараптардың климаттың өзгеруінің қолайсыз әсерлеріне байланысты шығындар мен залалдарға қатысты ынтымақтастық пен ынталандыру негізінде, түсіністікті тереңдеткені, әрекеттері мен қолдауды, соның ішінде, қажет болған кезде, Варшава халықаралық тетігі арқылы жандандырғаны жөн.
      4. Осылайша, түсіністікті тереңдету, әрекеттер мен қолдауды жандандыру жөніндегі ынтымақтастық пен жәрдемдесу салалары мыналарды:
      а) ертерек алдын алу жүйелерін;
      b) төтенше жағдайларға әзірлікті;
      с) баяу жүретін құбылыстарды;
      d) қайтымсыз және үздіксіз шығындар мен залалдарға әкелуі мүмкін құбылыстарды;
      е) кешенді бағалауды және тәуекелді басқаруды;
      f) тәуекелді сақтандыру құралдарын, климаттық тәуекелдер пулдарын құруды және сақтандыру саласындағы басқа да шешімдерді;
      g) экономикалық емес шығындарды; және
      h) қауымның төзімділігін, өмір сүру құралдарын және экологиялық жүйелерді қамтуы мүмкін.
      5. Варшава халықаралық тетігі осы Келісімге сәйкес жұмыс істеп тұрған органдармен және сарапшылар топтарымен, сондай-ақ Келісімнің шегінен тыс тиісті ұйымдармен және сарапшылар топтарымен ынтымақтасады.

9-бап

      1. Дамыған елдер болып табылатын Тараптар дамушы елдер болып табылатын Тараптарға климаттың өзгеруін болғызбау сияқты, Конвенция бойынша өзінің бұрыннан бар міндеттемелерін жалғастыруда бейімделуге де қатысты жәрдем көрсету үшін қаржылық ресурстарды береді.
      2. Басқа да Тараптарға ерікті негізде осындай қолдау беруге немесе қолдау беруді жалғастыруға үндеу тасталады.
      3. Дамыған елдер болып табылатын Тараптардың жаһандық күш-жігерлер шеңберінде, елдердің бастамасы бойынша жүзеге асырылатын стратегияларды қолдауды қоса алғанда, әртүрлі әрекеттер арқылы, мемлекеттік қорлардың елеулі рөлін атап көрсете отырып, сондай-ақ дамушы елдер болып табылатын Тараптардың қажеттіліктері мен басымдықтарын ескере отырып, климаттың өзгеруін болғызбау үшін кең ауқымды қаржы көздерінен, құралдардан және арналардан алынатын қаржы қаражатын жұмылдыруда алдағы уақытта да жетекші рол атқарғаны жөн. Климаттың өзгеруімен күресу үшін қаржы қаражатын бұлайша жұмылдыру бұрынғы күш-жігерлерден асыра алға жылжуды білдіруге тиіс.
      4. Ауқымды түрде ұлғайтылатын қаржылық ресурстарды беру елдердің бастамасына сүйенетін стратегияларды, сондай-ақ дамушы елдер болып табылатын Тараптардың, ең алдымен климаттың өзгеруінің қолайсыз салдарларына ерекше осал және айтарлықтай шектеулі әлеуеті бар, ең төмен дамыған елдер мен шағын аралдағы дамушы мемлекеттер сияқты Тараптардың басымдықтары мен қажеттіліктерін ескере отырып, бейімделу үшін мемлекеттік және гранттарға негізделген қаржылық ресурстарға қажеттілікті назарға ала отырып, бейімдеу әрекеттері мен климаттың өзгеруін болғызбау жөніндегі әрекеттердің арасындағы теңгерімге қол жеткізуге бағытталуға тиіс.
      5. Дамыған елдер болып табылатын Тараптар, дамушы елдер болып табылатын Тараптарға берілетін, мемлекеттік қаржылық ресурстардың болжамды деңгейлері болған кезде, оларды қоса алғанда, осы баптың 1 және 3-тармақтарына қатысты, бағдарланған сандық және сапалық ақпаратты, егер бұл қолданылатын болса, екіжылдық негізде хабарлайды. Ресурстарды беретін басқа Тараптарға ерікті негізде екі жылда бір рет осындай ақпаратты хабарлап отыруға үндеу тасталады.
      6. 14-бапта айтылған жаһандық қорытындылар шығару барысында дамыған елдер болып табылатын Тараптар және/немесе Келісім органдары климаттың өзгеруімен күресу үшін қаржы қаражатына қатысты күш-жігерлер туралы ұсынған тиісті ақпарат ескеріледі.
      7. Дамыған елдер болып табылатын Тараптар дамушы елдер болып табылатын Тараптарды қолдау туралы транспарентті және келісілген ақпаратты ұсынады, олар 13-баптың 13-тармағында көзделгендей, осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының бірінші сессиясында қабылданатын шарттарға, рәсімдер мен басшылыққа алынатын қағидаттарға сәйкес екі жылдық негізде, мемлекеттің араласуы көмегімен беріледі және жұмылдырылады. Басқа Тараптарға осылай істеуге үндеу тасталады.
      8. Конвенцияның қаржылық тетігі, оның жедел органдарын қоса алғанда, осы Келісімнің қаржылық тетігінің функцияларын орындайды.
      9. Конвенцияның Қаржылық тетігінің жедел органдарын қоса алғанда, осы Келісімге қызмет көрсететін мекемелер климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ұлттық стратегиялар мен жоспарлар тұрғысынан, дамушы елдер болып табылатын Тараптар үшін, атап айтқанда, ең төмен дамыған елдер мен шағын аралдық дамушы мемлекеттер үшін әзірлікті қамтамасыз ету ісінде қолдауды мақұлдаудың және кеңейтудің оңайлатылған рәсімдері арқылы қаржылық ресурстарға тиімді қолжетімділікті қамтамасыз етуге ұмтылады.

10-бап

      1. Тараптар климат өзгеруіне төзімділікті арттыру және парниктік газдар шығарындыларын қысқарту мақсатында технологияларды әзірлеу мен беруді толық іске асырудың маңыздылығының ұзақ мерзімдік пайымымен келіседі.
      2. Тараптар осы Келісімге сәйкес климаттың өзгеруін болғызбау мен бейімделу жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруға арналған технологиялардың маңыздылығын атай отырып және технологияларды енгізу мен тарату жөніндегі қолда бар күш-жігерлерді тани отырып, технологияларды әзірлеу мен беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі әрекеттерді нығайтады.
      3. Конвенцияға сәйкес құрылған технологиялар жөніндегі тетікке осы Келісім қызмет көрсетеді.
      4. Мұнымен осы баптың 1-тармағында айтылған ұзақ мерзімдік пайымды іске асыру мүдделерінде осы Келісімнің жүзеге асырылуын қолдау мақсатында, технологияларды әзірлеу және беру жөніндегі анағұрлым белсенді әрекеттерді көтермелеу және жеңілдету ісінде Технологиялар жөніндегі тетіктің жұмысын жалпыға ортақ басшылықты қамтамасыз етуге арналған технологиялар мәселелері жөніндегі шеңбер құрылады.
      5. Инновацияларды тездету мен көтермелеу және оларға қолайлы жағдайлар жасау климаттың өзгеруіне тиімді, ұзақ мерзімдік жаһандық ден қою үшін және экономикалық өсім мен орнықты дамуды көтермелеу үшін зор маңызға ие. Мұндай күш-жігерлер зерттеулер мен әзірлемелерге бірлескен тәсілдерді әзірлеу, сондай-ақ технологияларға қолжетімділікті кеңейту, атап айтқанда, дамушы елдер болып табылатын Тараптар үшін технологиялық циклдің бастапқы кезеңдерінде кеңейту үшін тиісінше қолдау табады, соның ішінде Технологиялар жөніндегі тетіктер тарапынан және Конвенцияның Қаржылық тетігінің қаржы қаражаты есебінен тиісті қолдау табады.
      6. Дамушы елдер болып табылатын Тараптарға климаттың өзгеруін болғызбауды қолдау мен бейімделуді қолдау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету мақсатында, осы бапты жүзеге асыру үшін, соның ішінде технологиялық циклдің әртүрлі кезеңдерінде технологияларды әзірлеу және беру саласында бірлескен әрекеттерді нығайту үшін қаржылық қолдауды қоса алғанда, қолдау көрсетіледі. 14-бапта айтылған жаһандық қорытындыларды шығару барысында дамушы елдер болып табылатын Тараптарға технологияларды әзірлеу және беру саласындағы қолдауға қатысты күш-жігерлері туралы қолда бар ақпарат ескеріледі.

11-бап

      1. Осы Келісімге сәйкес әлеуетті нығайту дамушы елдер болып табылатын Тараптардың, әсіресе ең төмен дамыған елдер сияқты мүмкіндіктері едәуір төмен елдердің және шағын аралдық дамушы мемлекеттер сияқты климаттың өзгеруінің қолайсыз әсерлеріне ерекше осал елдердің мүмкіндіктері мен қабілеттерін нығайтуға, климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі тиімді әрекеттерді жүзеге асыруға, соның ішінде өзгелермен қатар, климаттың өзгеруіне бейімделу мен оны болғызбау жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруға тиіс, сондай-ақ технологияларды әзірлеуді, тарату мен енгізуді және климаттың өзгеруімен күресті қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілтуге, ағартудың, кадрларды даярлаудың және жұртшылықты хабардар етудің тиісті аспектілеріне жәрдемдесуге және ақпаратты транспарентті, уақтылы және дәл хабарлауды жеңілдетуге тиіс.
      2. Әлеуетті нығайту елдердің бастамасы бойынша жүзеге асырылуға, ұлттық қажеттіліктерге негізделуге және оларға ден қоюға тиіс, сондай-ақ елдердің, әсіресе дамушы елдер болып табылатын Тараптардың ортақтастығын, соның ішінде ұлттық, қосалқы ұлттық және жергілікті деңгейде нығайтуға тиіс. Әлеуетті нығайту алынған тағылымдарды, соның ішінде Конвенцияға сәйкес әлеуетті нығайту жөніндегі қызмет барысында алынған тағылымдарды басшылыққа алуға тиіс және ол кеңінен қатысуға негізделетін, тікелей сипатқа ие және гендерлік аспектілерді ескеретін тиімді, циклді процесті білдіруге тиіс.
      3. Барлық Тараптардың осы Келісімді жүзеге асыру саласында дамушы елдер болып табылатын Тараптардың әлеуетін нығайтуда ынтымақтасқаны жөн болады. Дамыған елдер болып табылатын Тараптардың дамушы елдер болып табылатын Тараптардың әлеуетін нығайту мақсатында әрекеттерді қолдауды ұлғайтқаны жөн.
      4. Дамушы елдер болып табылатын Тараптардың әлеуетін нығайтушы барлық Тараптар осы Келісімді орындау, соның ішінде өңірлік, екіжақты және көпжақты тәсілдер негізінде орындау үшін, әлеуетті нығайту жөніндегі осы әрекеттер немесе шаралар туралы үнемі хабарлап отырады. Дамушы елдер болып табылатын Тараптардың осы Келісімді жүзеге асыру жөніндегі жоспарларды, саясатты, әрекеттерді немесе шараларды жүзеге асыруда қол жеткізген прогресс туралы үнемі хабарлап отырғаны жөн.
      5. Әлеуетті нығайту жөніндегі қызмет осы Келісімге қызмет көрсететін Конвенцияға сәйкес құрылған тиісті институционалдық тетіктерді қоса алғанда, осы Келісімді жүзеге асыруға қолдау көрсетуге арналған тиісті институционалдық тетіктердің көмегімен жандандырылады. Осы Келісім Тарапының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы өзінің бірінші сессиясында әлеуетті нығайту үшін бастапқы институционалдық тетіктер туралы шешімді қарайды және қабылдайды.

12-бап

      Тараптар осы Келісімге сәйкес әрекеттерді жандандыру үшін осы қадамдардың маңыздылығын тани отырып, ағартуды, кадрлар даярлауды, жұртшылықты хабардар етуді, жұртшылықтың қатысуын және климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі ақпаратқа жұртшылықтың қолжетімділігін жандандыру жөніндегі шараларды тиісті түрде жүзеге асыруда ынтымақтасады.

13-бап

      1. Өзара сенім мен сенімділікті нығайту және тиімді жүзеге асыруға жәрдемдесу мақсатында, осы арқылы, әрекеттер мен қолдаудың транспаренттілігін қамтамасыз ету үшін оралымдылықты көздейтін, Тараптардың әртүрлі мүмкіндіктерін ескеретін және ұжымдық тәжірибеге сүйенетін кеңейтілген шеңберлер құрылады.
      2. Транспаренттілікті қамтамасыз етуге арналған шеңберлерде дамушы елдер болып табылатын Тараптар үшін, олардың мүмкіндіктері тұрғысынан қажетті, осы баптың ережелерін жүзеге асыру кезіндегі оралымдылық көзделеді. Осы баптың 13-тармағында айтылған шарттар, рәсімдер мен басшылыққа алынатын қағидаттар осындай оралымдылықты көрсетеді.
      3. Транспаренттілікті қамтамасыз етуге арналған шеңберлер ең төмен дамыған елдер мен шағын аралдық дамушы мемлекеттердің ерекше жағдайларын тани отырып, Конвенцияға сәйкес транспаренттілікті қамтамасыз ету тетіктерін пайдаланады әрі жандандырады және олар ұлттық егемендікті құрметтеу кезінде және Тараптарға шамадан тыс ауыртпалық салуға жол бермеу кезінде ынталандырушы, интрузивті емес, жазаламау тәсілдерімен жүзеге асырылады.
      4. Ұлттық хабарламаларды, екіжылдық баяндамаларды және жаңартылған ақпаратты қамтитын екіжылдық баяндамаларды, халықаралық бағалау мен шолуды және халықаралық консультациялар мен талдауды қоса алғанда, Конвенцияға сәйкес транспаренттілікті қамтамасыз ету тетіктері осы баптың 13-тармағына сәйкес шарттар мен рәсімдерді және басшылыққа алынатын нұсқауларды әзірлеу үшін пайдаланылатын тәжірибенің бір бөлігін құрайды.
      5. Әрекеттердің транспаренттілігін қамтамасыз етуге арналған шеңберлердің мақсаты - айқындықты қамтамасыз етуді және 4-бапқа сәйкес Тараптардың ұлттық деңгейде айқындалатын жеке-дара үлестеріне қол жеткізу прогресін қадағалауды қоса алғанда, Конвенцияның 2-бабында жазылғандай оның мақсаты аясында климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі әрекеттерді және 14-бабына сәйкес жаһандық қорытындылар шығару үшін ақпараттық негіз құру мақсатында тиімді практиканы, басымдықтарды, қажеттіліктер мен олқылықтарды қоса алғанда, 7-бапқа сәйкес бейімделу жөніндегі Тараптардың әрекеттерін айқын түсінуді қамтамасыз етуден тұрады.
      6. Қолдаудың транспаренттілігін қамтамасыз етуге арналған шеңберлердің мақсаты - 4, 7, 9, 10 және 11-баптарға сәйкес климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі әрекеттер тұрғысынан тиісті жеке-дара Тараптар ұсынатын және алатын қолдауды айқын түсінуді қамтамасыз етуден және мүмкіндігінше, 14-бапқа сәйкес жаһандық қорытындылар шығару үшін ақпараттық негіз құру мақсатында, ұсынылатын жиынтық қаржылық қолдаудың жалпы көрінісін қалыптастырудан тұрады.
      7. Әрбір Тарап мынадай ақпаратты:
      a) Климаттың өзгеруі жөніндегі Үкіметаралық сарапшылар тобы қабылдаған және осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясымен келісілген тиісті практиканың негізіндегі әдіснаманы пайдалана отырып құрастырылған, көздерден антропогендік шығарындылардың және парниктік газдар сіңіргіштері абсорбциясының ұлттық кадастрына қатысты ақпаратты; және
      b) 4-бапқа сәйкес прогрестің ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерін жүзеге асыру және оған қол жеткізуде оны қадағалау үшін қажетті ақпаратты тұрақты түрде ұсынады.
      8. Әрбір Тарап 7-бапқа сәйкес тиісті жағдайларда да климаттың өзгеруіне әсер етуіне және бейімделуіне қатысты ақпарат беруге тиіс.
      9. Дамушы елдер болып табылатын Тараптарға ұсынылатын қаржылық қолдау, технологияларды беру саласындағы қолдау және әлеуетті нығайту саласындағы қолдау туралы ақпаратты дамыған елдер болып табылатын Тараптар 9, 10 және 11-баптарға сәйкес ұсынады, ал қолдау ұсынатын басқа Тараптардың оларды ұсынғаны жөн болады.
      10. Дамушы елдер болып табылатын Тараптар 9, 10 және 11-баптарға сәйкес қажетті және алынған қаржылық қолдау, технологияларды беру саласындағы қолдау және әлеуетті нығайту саласындағы қолдау туралы ақпаратты беруге тиіс.
      11. Осы баптың 7 және 9-тармақтарына сәйкес әрбір Тарап ұсынған ақпарат 1/СР.21 шешіміне сәйкес техникалық сарапшылардың қарауына жатады. Өз мүмкіндіктері тұрғысынан осыны қажет ететін дамушы елдер болып табылатын Тараптар үшін қарастыру процесі әлеуетті нығайту саласындағы қажеттіліктерді анықтауға көмек беруді қамтиды. Бұдан басқа, әрбір Тарап прогресті 9-бапқа сәйкес күш-жігерлерге және оның ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерін онымен тиісті жүзеге асыруына және қол жеткізуіне қатысты ынталандырушы, көпжақты тұрғыдан қарауға қатысады.
      12. Осы тармаққа сәйкес техникалық сарапшылардың қарауына өзіне тиісті жағдайларда Тараптың ұсынған қолдауын қарауды, сондай-ақ оның ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерді жүзеге асыруын және оған қол жеткізуін қамтиды. Қарау, сондай-ақ осы Тарап үшін жақсартуды талап ететін салаларды айқындайды және осы баптың 2-тармағына сәйкес Тарапқа ұсынылатын оралымдылықты ескере отырып, осы баптың 13-тармағында аталған шарттарға, рәсімдерге және басшылыққа алынатын нұсқауларға ақпараттардың сәйкестігін қарауды қамтиды. Қарау кезінде дамушы елдер болып табылатын Тараптардың тиісті ұлттық мүмкіндіктері мен мән-жайларына ерекше назар бөлінеді.
      13. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы өзінің бірінші сессиясында Конвенцияға сәйкес транспаренттілікке байланысты тетіктер жұмысының тәжірибесі негізінде және осы баптың ережелеріне сүйене отырып, мән-жайларға қарай әрекеттер мен қолдаудың транспаренттілігін қамтамасыз ету үшін жалпы шарттарды, рәсімдерді және басшылыққа алынатын қағидаттарды қабылдайды.
      14. Дамушы елдерге осы бапты жүзеге асыру үшін қолдау көрсетіледі.
      15. Дамушы елдер болып табылатын Тараптарға, сондай-ақ транспаренттілікке байланысты әлеуетті нығайту үшін үздіксіз негізде қолдау көрсетіледі.

14-бап

      1. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы осы Келісімнің міндеттерін орындауда ұжымдық прогресті бағалау және оның ұзақ мерзімді ("жаһандық қорытынды шығару" сияқты аталатын) мақсаттарына қол жеткізу үшін осы Келісімді жүзеге асырудың қорытындыларын кезең-кезеңмен шығарып отырады. Ол мұны климаттың өзгеруін болғызбауды, бейімделуді және жүзеге асыру мен қолдау құралдарын қарастыра отырып және әділдік пен ең озық қолда бар ғылыми білім аясында жалпыға ортақ қамту мен ынталандыру түрінде жасайды.
      2. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы бірінші жаһандық қорытынды шығаруды 2023 жылы өткізеді және егер осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы өзгедей шешім қабылдамаса, кейіннен әрбір бес жыл сайын қорытындылар жасап отырады.
      3. Жаһандық қорытынды шығару нәтижелері осы Келісімнің тиісті ережелеріне сәйкес олардың ұлттық деңгейде айқындалатын әрекеттері мен қолдауын жаңарту және белсенді ету кезінде, сондай-ақ климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі әрекеттер үшін халықаралық ынтымақтастықты жандандыру кезінде Тараптар үшін ақпараттық негіз ретінде қызмет етеді.

15-бап

      1. Осы арқылы, осы Келісімнің ережелерін жүзеге асыруға жәрдемдесу және оның ережелерінің сақталуын көтермелеу тетігі құрылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған тетік сарапшылар біліміне негізделген комитеттен тұрады және ол ынталандырушы сипатқа ие және транспаренттілік, қастыққа бармау және жазаламау түрінде жұмыс істейді. Комитет Тараптардың тиісті ұлттық мүмкіндіктеріне және мән-жайларына ерекше көңіл бөледі.
      3. Комитет Париж келісімі Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының қабылдаған шарттары мен рәсімдеріне сәйкес жұмыс істейді, оның бірінші сессиясында және жыл сайын осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының баяндамаларын ұсынады.

16-бап

      1. Конвенцияның жоғары органы - Тараптар Конференциясы осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет етеді.
      2. Осы Келісімнің Тараптары болып табылмайтын Конвенция Тараптары осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының кез келген сессиясының жұмысына бақылаушы ретінде қатыса алады. Тараптар Конференциясы осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет етсе, осы Келісімге қатысты шешімдерді тек осы Келісімнің Тараптары ғана қабылдай алады.
      3. Тараптар Конференциясы осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет етсе дәл осы кезде осы Келісімнің Тарапы болып табылмайтын Конвенция Тарапының мүддесін білдіретін Тараптар Конференциясы Төралқасының кез келген мүшесі, өздерінің арасынан осы Келісімнің Тараптары сайлайтын қосымша мүшемен алмастырылады.
      4. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптардың Конференциясы осы Келісімнің жүзеге асырылуын ұдайы қарайды және өз мандатының шеңберінде оның тиімді жүзеге асырылуына жәрдемдесу үшін қажетті шешімдер қабылдайды. Ол осы Келісімге сәйкес өзіне жүктелген функцияларды атқарады; және:
      a) осы Келісімді жүзеге асыру үшін талап етілетін осындай көмекші органдарды құрады; және
      b) осы Келісімді жүзеге асыру үшін талап етілуі мүмкін осындай басқа да функцияларды орындайды.
      5. Тараптар Конференциясы осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін кезде консенсус негізінде өзге шешім қабылдай алатын жағдайларды қоспағанда, Тараптар Конференциясы рәсімдерінің қағидалары мен Конвенцияға сәйкес қолданылатын қаржы рәсімдері осы Келісімге mutatis mutandis қолданылады.
      6. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының бірінші сессиясын Хатшылық осы Келісім күшіне енетін күннен кейін жоспарланған Тараптар Конференциясының бірінші сессиясымен бір мезгілде шақырады. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының кейінгі сессиялары, егер осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы өзгеше шешім қабылдамаса, Тараптар Конференциясының кезекті сессияларымен бір мезгілде өткізіледі.
      7. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы қажет деп тапқан кезде немесе хатшылық осы талапты Тараптарға жіберген кезде оны Тараптардың кемінде үштен бірі қолдаса, алты айдың ішінде Тараптардың кез келгенінің жазбаша талабы бойынша осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының кезектен тыс сессиялары шақырылады.
      8. Біріккен Ұлттар Ұйымы, оның мамандандырылған мекемелері және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік, сондай-ақ Конвенцияның Тараптары болып табылмайтын осы ұйымдардың кез келген мүше мемлекеті немесе олардың жанындағы байқаушылар осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының сессияларына байқаушылар ретінде өкілдерін жіберуі мүмкін. Осы Келісім қолданылатын салаға жататын мәселелерде құзыреті бар және осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының сессиясына өкілдерін жіберуге ниеті туралы хатшылықты хабардар еткен кез келген ұлттық немесе халықаралық, үкіметтік немесе үкіметтік емес органдар немесе мекемелер, бұған қатысушы Тараптардың кемінде үштен бірі қарсы болған жағдайларды қоспағанда, оған бақылаушы ретінде қатысуға жіберілуі мүмкін. Байқаушылардың қатысуына рұқсат ету және қатысуы осы баптың 5-тармағында көзделген рәсімдер қағидаларымен реттеледі.

17-бап

      1. Конвенцияның 8-бабына сәйкес құрылған хатшылық осы Келісімнің хатшылығы ретінде әрекет етеді.
      2. Хатшылықтың функциялары туралы Конвенцияның 8-бабының 2-тармағы және хатшылықтың жұмыс істеуін ұйымдастыру туралы Конвенцияның 8-бабының 3-тармағы осы Келісімге mutatis mutandis қолданылады. Бұдан басқа, хатшылық осы Келісімге және осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясына сәйкес өзіне жүктелген функцияларды атқарады.

18-бап

      1. Конвенцияның 9 және 10-баптарына сәйкес құрылған Ғылыми және техникалық аспектілер бойынша консультация беруге арналған көмекші орган және Жүзеге асыру жөніндегі көмекші орган тиісінше Ғылыми және техникалық аспектілер бойынша консультация беруге арналған көмекші орган және осы Келісімді Жүзеге асыру жөніндегі көмекші орган ретінде жұмыс істейді. Конвенцияға сәйкес осы екі органның жұмыс істеуіне қатысты ережелер осы Келісімге mutatis mutandis қолданылады. Ғылыми және техникалық аспектілер бойынша консультация беруге арналған көмекші орган және осы Келісімді Жүзеге асыру жөніндегі көмекші орган отырыстарының сессиялары тиісінше Ғылыми және техникалық аспектілер бойынша консультация беруге арналған көмекші органның және Конвенцияны Жүзеге асыру жөніндегі көмекші органның отырыстарына байланысты жүргізіледі.
      2. Осы Келісім Тараптары болып табылмайтын Конвенция Тараптары көмекші органдардың кез келген сессиясының жұмысына байқаушы ретінде қатыса алады. Көмекші органдар осы Келісімнің көмекші органдары ретінде жұмыс істеген кезде осы Келісімге қатысты шешімдерді осы Келісім Тараптары болып табылатын Тараптар ғана қабылдайды.
      3. Конвенцияның 9 және 10-баптарына сәйкес құрылған көмекші органдар осы Келісімге байланысты мәселелерге қатысты өздерінің функцияларын атқарған кезде, бұл сәтте осы Келісімнің Тарапы болып табылмайтын Конвенция Тарапынан өкілдік ететін осы көмекші органдардың кез келген бюро мүшесі осы Келісім Тараптары өздерінің арасынан сайланатын қосымша мүшемен алмастырылады.

19-бап

      1. Осы Келісімде аталған көмекші органдар мен институционалдық тетіктерден басқа көмекші органдар немесе Конвенция құрған немесе Конвенцияға сәйкес кез келген басқа институционалдық тетіктер осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясының шешіміне сай осы Келісімге қызмет көрсетеді. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы осындай көмекші органдар немесе тетіктер орындайтын функцияларды айқындайды.
      2. Осы Келісім Тараптарының кеңесі ретінде әрекет ететін Тараптар Конференциясы осындай көмекші органдарға және институционалдық тетіктерге одан әрі қарай басшылыққа алынатын нұсқаулар бере алады.

20-бап

      1. Осы Келісім қол қою үшін ашық және Конвенция Тараптары болып табылатын экономикалық интеграция мемлекеттері мен өңірлік ұйымдарының ратификациялауына, қабылдауына немесе мақұлдауына жатады. Ол Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде 2016 жылғы 22 сәуір мен 2017 жылғы 21 сәуір аралығында қол қою үшін ашық. Осы Келісім қол қою үшін оның жабылу күнінен кейінгі күні оған қосылу үшін ашық болады. Ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжаттар Депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      2. Осы Келісімнің Тарапына айналатын, бірақ бұл ретте оған мүше мемлекеттердің бірде бірі Тарап болмайтын кез келген экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымдары осы Келісімнен туындайтын барлық міндеттемелерді мойнына алады. Экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымдарының бірі немесе бірнеше мүше мемлекеті осы Келісімнің Тараптары болып табылатын жағдайда, осы ұйым және барлық мүше мемлекеттер осы Келісім бойынша өздеріне алған міндеттемелерді орындау жөніндегі тиісті міндеттемелеріне қатысты шешімдерді қабылдайды. Мұндай жағдайларда осы ұйым және оған мүше мемлекеттер осы Келісімге сәйкес құқықтарды бір мезгілде пайдалана алмайды.
      3. Экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымдары өздерінің ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжаттарында осы Келісіммен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің шегі туралы жариялайды. Осы Ұйымдар Депозитарийді де хабардар етеді, ол өз кезегінде олардың құзыреті шегіндегі кез келген елеулі өзгерістер туралы Тараптарды хабардар етеді.

21-бап

      1. Осы Келісім парниктік газдардың жалпы жаһандық шығарындылары жиынтығының кемінде 55 пайызы бағалануы бойынша үлесіне тиетін Конвенция Тараптарының кемінде 55-і ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы өздерінің құжаттарын сақтауға тапсырғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
      2. Осы баптың 1-тармағының шектеулі мақсаты үшін ғана "парниктік газдардың жалпы жаһандық шығарындылары" Конвенция Тараптары осы Келісім қабылданған күні немесе ертерек хабарлаған соңғы мөлшерді білдіреді.
      3. Осы Келісімді ратификациялайтын, қабылдайтын немесе мақұлдайтын және оған оның күшіне енуі үшін осы баптың 1-тармағына сәйкес шарттарды орындағаннан кейін қосылатын экономикалық интеграцияның әрбір мемлекеті немесе әрбір өңірлік ұйымы үшін осы Келісім экономикалық интеграцияның осындай мемлекеті немесе осындай өңірлік ұйымы өздерінің ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжаттарын сақтауға тапсырғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
      4. Осы баптың 1-тармағының мақсаты үшін экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымдары сақтауға тапсырған бір де бір құжат осы ұйымның мүше мемлекеттері сақтауға тапсырған құжаттарға қосымша құжат ретінде қаралмайды.

22-бап

      Конвенцияға түзетулерді қабылдау туралы Конвенцияның 15-бабының ережелері осы Келісімге mutatis mutandis қолданылады.

23-бап

      1. Қосымшаларды қабылдау туралы және Конвенцияға қосымшаларға түзетулерді қабылдау туралы Конвенцияның 16-бабының ережелері осы Келісімге mutatis mutandis қолданылады.
      2. Осы Келісімге қосымшалар оның ажырамас бөлігін құрайды және егер тікелей өзгеше көзделмесе, осы Келісімге сілтеме сонымен бір мезгілде оған кез келген қосымшаға сілтемені білдіреді. Осындай қосымшалар тізбелерімен, нысандармен немесе ғылыми, техникалық, рәсімдік немесе әкімшілік мәселелерге қатысты сипаттамалық сипаттағы кез келген басқа да материалдармен шектеледі.

24-бап

      Дауларды реттеу туралы Конвенцияның 14-бабының ережелері осы Келісімге mutatis mutandis қолданылады.

25-бап

      1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, әрбір Тарап бір дауысқа ие.
      2. Экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымдары өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша осы Келісімнің Тараптары болып табылатын оларға мүше мемлекеттердің санына тең дауыс санымен дауыс беруге қатысады. Мұндай ұйым, егер оның қандай да бір мүше мемлекеттері өз құқығын пайдаланса дауыс беру құқығын пайдаланбайды, және керісінше.

26-бап

      Осы Келісімнің Депозитарийі функциясын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы атқарады.

27-бап

      Осы Келісімге ескертпелер жасауға жол берілмейді.

28-бап

      1. Сол немесе өзге Тарап үшін осы Келісім күшіне енген күннен бастап үш жыл өткен соң кез келген уақытта осы Тарап Депозитарийге жазбаша хабарлама жіберіп, осы Келісімнен шыға алады.
      2. Кез келген осындай шығу Депозитарий шығу туралы хабарлама алған күннен бастап немесе шығу туралы хабарламада көрсетілуі мүмкін сондай неғұрлым кеш мерзімде, бір жыл өткеннен кейін күшіне енеді.
      3. Конвенциядан шығатын кез келген Тарап осы Келісімнен шықты деп есептеледі.

29-бап

      Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері теңтүпнұсқалы болып табылатын осы Келісімнің төлнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
      Екі мың он бесінші жылғы желтоқсан айының он екісі күні Парижде ЖАСАЛДЫ.
      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН оған тиісінше өкілеттік беріліп, төменде қол қойғандар осы Келісімге өз қолдарын қойды.
      Жоғарыда көрсетілген мәтін 2015 жылғы 12 желтоқсанда Парижде жасалған Париж келісімінің дәл (төлнұсқа) көшірмесі болып табылатынын, түпнұсқасы оның депозитарийі - Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысында сақталынуда екенін осы арқылы растаймын.
      Бас хатшыға,
      Құқықтық мәселелер жөніндегі
      Бас хатшының орынбасарына және
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Заң кеңесшісіне
      _______________ (қолы)
      Біріккен Ұлттар Ұйымы
      Нью-Йорк, 2016 жылғы 14 наурыз
      Париж келісімінің мәтіні екендігін растаймын.

Қазақстан Республикасының
 
Энергетика министрі
Қ. Бозымбаев

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады