2015 жылғы 29 маусымда Бейжіңде жасалған Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі Келісімінің Баптары ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
АЗИЯ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР БАНКІ
келісімінің баптары
Осы Келісімге өздерінің атынан қол қойылған елдер мыналар туралы уағдаласты:
Азия елдерінің орнықты өсуін қолдау және олардың экономикалық және әлеуметтік дамуын ынталандыру үшін өңірлік ынтымақтастықтың маңызды екендігін ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП, сонымен қатар өңір экономикаларының әлеуетті ықтимал қаржы дағдарыстары мен жаһандану контексіндегі өзге де сыртқы сілкіністерге қатысты орнықты болуына жәрдемдесе отырып;
өңірлік байланыстарды кеңейту мен өңірлік интеграция деңгейін арттыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызды екендігін МОЙЫНДАЙ ОТЫРЫП, сонымен қатар Азия халқының өсуі мен орнықты әлеуметтік дамуын қолдауға ықпал етіп, сондай-ақ әлемдік экономиканың даму серпініне үлес қоса отырып;
Азияда инфрақұрылымның дамуын қаржыландыруға ұзақ мерзімді айтарлықтай қажеттіліктер қазіргі көпжақты даму банктері мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (бұдан әрі – Банк) арасындағы әріптестік шеңберінде неғұрлым толық қанағаттандырылатынын СЕЗІНЕ ОТЫРЫП;
инфрақұрылымды дамытуға бағытталған көпжақты қаржы ұйымы ретінде Банкті құру Азия ішінде және одан тыс жерлерде аса қажетті қосымша ресурстарды жұмылдыруға және Азияның жекелеген елдері бетпе-бет келетін қаржыландыру саласындағы қысылтаяң тұстарды жоюға ықпал ететініне, сондай-ақ Азияда орнықты әрі тұрақты өсуге жәрдемдесу үшін қазіргі көпжақты даму банктерінің қызметін толықтыратынына КӨЗ ЖЕТКІЗЕ ОТЫРЫП;
Төмендегі ережелерге сәйкес әрекет ететін Банк құру жөнінде УАҒДАЛАСТЫ:
I ТАРАУ
МАҚСАТ, ФУНКЦИЯЛАР ЖӘНЕ МҮШЕЛІК
1-бап Мақсаттар
1. Банктің мақсаты: (i) инфрақұрылымға және экономиканың басқа да өндірістік секторларына инвестицияларды жүзеге асыру арқылы Азияда орнықты экономикалық дамуға жәрдемдесуден, әл-ауқатты арттырудан және инфрақұрылымдық байланыстарды жақсарту; және (ii) басқа да көпжақты және екіжақты даму институттарымен тығыз өзара іс-қимыл жасау есебінен даму саласындағы проблемаларды шешу үшін өңірлік ынтымақтастық пен әріптестікті ынталандыру болып табылады.
2. Осы Келісімде «Азия» және «өңір» деген ұғымдар пайдаланылатын барлық жағдайларда, егер Басқарушылар кеңесі өзге шешім қабылдамаса, бұл ұғымдар БҰҰ сыныптауышына сәйкес Азия мен Океанияға жататын географиялық өңірлер мен олардың құрамдас бөліктерін қамтиды.
2-бап Функциялар
Өз мақсатына қол жеткізу үшін Банкке мынадай функциялар беріледі:
(i) даму мақсаттарына, әсіресе, инфрақұрылым мен басқа да өндірістік салаларды дамыту үшін өңірге мемлекеттік және жекеше капиталды инвестициялауға ықпал ету;
(ii) өңірдегі осыған ұқсас дамуды, оның ішінде тұтастай алғанда өңірдегі үйлесімді экономикалық өсуге неғұрлым тиімді түрде ықпал ететін жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру үшін өзіндегі ресурстарды пайдалану, сондай-ақ Банктің дамуы төмен мүше елдерінің өңірде ұсынып отырған қажеттіліктеріне ерекше көңіл бөлу;
(iii) өңірдегі экономикалық дамуға ықпал ететін жобаларға, кәсіпорындар мен қызмет салаларына, әсіресе, инфрақұрылым мен басқа да өндірістік салаларға салынатын жекеше инвестицияларды көтермелеу, сондай-ақ жекеше капиталды қолайлы шарттармен тарту мүмкін болмаған жағдайларда жекеше инвестицияларды толықтыру; және
(iv) осы функцияларды орындауға ықпал ете алатын өзге де қызметті жүзеге асыру және осындай басқа да қызметтер көрсету.
3-бап Мүшелік
1. Банкке мүше болу Халықаралық қайта құру және даму банкінің немесе Азия даму банкінің мүшелері үшін ашық болады.
(а) Осы Келісімге А қосымшаның А бөлігінде тізбеленген мемлекеттер және осы Келісімнің 1-бабына сәйкес Азия өңірінің құрамына кіретін өзге де мүше мемлекеттер өңірлік мүшелер болып табылады. Қалған барлық мемлекеттер өңірлік емес мүшелер болып табылады.
(b) Осы Келісімге А қосымшада тізбеленген, осы Келісімге 57-бапта көрсетілген күні немесе оған дейін қол қойған және осы Келісімнің 58-бабының 1-тармағында көрсетілген соңғы күнге дейін мүшеліктің барлық өзге де талаптарын орындаған мемлекеттер құрылтайшылар болып табылады.
2. Осы Келісімнің 58-бабына сәйкес Банкке мүше бола алмайтын Халықаралық қайта құру және даму банкінің немесе Азия даму банкінің мүшелері Банк осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей, Басқарушылар кеңесінің арнайы көпшілік даусымен айқындайтын шарттарға сәйкес мүшелікке қабылдануы мүмкін.
3. Егер мүшелікке кандидат егемен мемлекет болмаған немесе өзінің сыртқы саясатын жүргізуге жауапты болмайтын жағдайда, оның Банкке мүшелікке өтінішін осы мүшелікке кандидаттың сыртқы саясатына жауапты Банк мүшесі ұсынуға немесе онымен келісуге тиіс.
II ТАРАУ
КАПИТАЛ
4-бап Шығарылуы рұқсат етілген капитал
1. Банктің шығарылуы рұқсат етілген капиталы осы Келісімнің 5-бабының ережелеріне сәйкес өзіне жазылу Банк мүшелері үшін ғана ашық бір жүз мың доллар ($100000) номиналды құнға ие, бір миллион (1000000) акцияға бөлінген бір жүз миллиард ($100000000000) АҚШ долларын құрайды.
2. Шығарылуы рұқсат етілген бастапқы капитал төленетін акциялар мен талап ету бойынша төленетін акцияларға бөлінеді. Номиналды жиынтық құны жиырма миллиард долларды ($20000000000) құрайтын акциялар төленетін акциялар болып табылады, ал номиналды жиынтық құны сексен миллиард долларды ($80000000000) құрайтын акциялар талап ету бойынша төленетін акциялар болып табылады.
3. Банктің шығарылуы рұқсат етілген капиталы осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей, Басқарушылар кеңесінің шешімі бойынша басым көпшілік дауыспен, төленетін акциялар мен талап ету бойынша төленетін акциялар арасындағы пропорция өлшемдерін қоса алғанда, өзі орынды деп санайтын мерзімдерге және шарттармен ұлғайтылуы мүмкін.
4. Осы Келісімде «доллар» деген ұғым мен «$» деген символ пайдаланылған жағдайларда, олар Америка Құрама Штаттарының ресми төлем валютасы деп түсініледі.
5-бап Акцияларға жазылу
1. Банктің әрбір мүшесі Банктің капиталын құрайтын акцияларға жазылады. Шығарылуы рұқсат етілген бастапқы капиталға әрбір жазылу төленетін акциялар мен талап ету бойынша төленетін акцияларға екінің (2) сегізге (8) арақатынасында жүзеге асырылады. Осы Келісімнің 58-бабына сәйкес Банктің мүшелері болатын мемлекеттер жазыла алатын акциялардың бастапқы саны А қосымшасында белгіленген.
2. Осы Келісімнің 3-бабының 2-тармағына сәйкес мүшелікке қабылданатын мемлекеттер жазыла алатын акциялардың бастапқы санын Басқарушылар кеңесі айқындайды; алайда, егер Басқарушылар кеңесі осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей басым көпшілік дауыспен өзге шешім қабылдамаса ғана, нәтижесінде Банктің өңірлік мүшелеріне тиесілі капиталдың пайыздық үлесі бөлінген капиталдың жалпы мөлшерінің жетпіс бес (75) пайызынан төмен деңгейге дейін төмендеуі орын алатын болса, ешбір мұндай жазылуға жол берілмейді.
3. Басқарушылар кеңесі Банк мүшесінің сұрау салуы бойынша осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей Басқарушылар кеңесінің басым көпшілік даусымен айқындалуы мүмкін осындау шарттармен бұл мүшенің жазылу мөлшерін ұлғайта алады; алайда, егер Басқарушылар кеңесі осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей басым көпшілік дауыспен өзге шешім қабылдамаса ғана, нәтижесінде өңірлік мүшелерге тиесілі капиталдың пайыздық үлесі жазылу капиталының жалпы мөлшерінің жетпіс бес (75) пайызынан төмен деңгейге дейін төмендеуі орын алатын болса, Банк мүшесінің ешбір мұндай жазылуына жол берілмейді.
4. Басқарушылар кеңесі әрбір бес (5) жылда кемінде бір рет Банк капиталына шолу жүргізеді. Шығарылуы рұқсат етілген капиталдың мөлшері ұлғайтылған жағдайда, Банктің әрбір мүшесі Басқарушылар кеңесі айқындаған шарттармен Банктің осы мүшесі мұндай ұлғайтуға дейін жалпы бөлінген капиталда жазылған акциялардың үлесіне баламалы болатын капиталды ұлғайтудағы үлеске жазылу үшін жеткілікті мүмкіндікке ие болады. Банктің бірде бір мүшесі ұлғайтылған капиталдың қандай да бір бөлігіне жазылуға міндетті емес.
6-бап Акцияларға жазылуға ақы төлеу
1. Осы Келісімге қол қойған, осы Келісімнің 58-бабына сәйкес Банктің мүшесі болатын әрбір тарап бастапқыда қол қойған бөлінген капиталдың үлесін төлеу, осы Баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы сомадан әрқайсысы жиырма (20) пайыздан тұратын бес (5) жарнамен төленеді. Алғашқы жарнаны осы Келісім күшіне енгеннен кейін отыз (30) күн ішінде немесе Банк мүшесі атынан осы Келісімнің 58-бабының 1-тармағына сәйкес ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы құжатты сақтауға қою жүзеге асырылған күнге (не ол болғанға дейін), көрсетілген күннің қайсысы кеш болатынына қарай әрбір Банк мүшесі төлейді. Екінші жарнаны төлеу мерзімі осы Келісім күшіне енген күннен кейін бір (1) жыл өткен соң басталады. Қалған үш (3) жарнаның әрқайсысы алдыңғы жарнаны төлеу мерзімі басталған күннен бастап, бір (1) жылдан кейін рет-ретімен төлеуге жатады.
2. Осы Баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, бастапқы төленген капиталға бастапқы жазылу бойынша әрбір жарнаны төлеу доллармен немесе басқа айырбасталатын валютамен жүзеге асырылады. Банк мұндай төлемдерді кез келген уақытта долларға айырбастай алады. Төленетін акциялардан және дауыс беру құқығын қоса алғанда төлеу мерзімі келген, бірақ Банк төлемді алмаған, талап ету бойынша төленетін, олармен байланысты акциялардан туындайтын, барлық құқықтардың қолданысы Банк толық төленген тиесілі соманы алғанға дейін тоқтатыла тұрады.
3. Банктің талап ету бойынша төленетін капиталына жазылу сомасын төлеу Банкке өз міндеттемелерін орындау үшін қажет болған кезде ғана талап етілуі мүмкін. Мұндай талаптар туындаған жағдайда, төлем тиісті Банк мүшесінің таңдауы бойынша доллармен немесе Банктің талаптың туындауына байланысты болған міндеттемелерін орындау үшін қажет валютамен жүргізілуі мүмкін. Төленбеген жазылуға қатысты талаптардың талап ету бойынша төленетін бүкіл акциялар бойынша пайызбен мәні бірдей.
4. Басқарушылар кеңесінің инаугурациялық отырысына дейін осы Баптың 1-тармағында айтылған алғашқы жарнаны төлеу Банктің сенімді тұлғасы болып табылатын Қытай Халық Республикасы Үкіметінің пайдасына жүргізілетін жағдайда, Банк осы Бапқа сәйкес кез келген төлемді аудару үшін орынды айқындайды.
5. Неғұрлым аз дамыған мемлекет деп саналатын Банк мүшесі осы тармақтың мақсаттары үшін балама ретінде өзінің Банк капиталына жазылуын осы Баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес мына тәсілдердің бірімен төлей алады:
(а) әрқайсысы жалпы соманың он (10) пайызына тең 10 жарнадан аспайтын доллармен немесе басқа айырбасталатын валютамен толығымен төлей алады; алғашқы және екінші жарнаны төлеу мерзімі 1-тармаққа сәйкес басталады, ал үшінші - оныншы аралығындағы жарналарды төлеу мерзімі екінші жылдан соң және осы Келісім күшіне енген күннен кейінгі келесі әрбір жыл сайын келеді; немесе
(b) осы Баптың 1-тармағында көзделген төлеу кестесіне сәйкес ішінара доллармен немесе өзге айырбасталатын валютамен, сондай-ақ үлесі әрбір жарна сомасының елу (50) пайызынан аспайтын Банк мүшесінің ұлттық валютасымен төлей алады. Келесі ережелер осы тармақшаға (b) сәйкес жасалатын төлемдерге қатысты қолданылады:
(і) Банк мүшесі жазылу кезінде осы Баптың 1-тармағына сәйкес Банкке ұлттық валютамен жүзеге асырылатын төлемдердің үлесі туралы хабарлайды.
(іі) Осы 5-тармаққа сәйкес Банк мүшесінің ұлттық валютадағы әрбір төлемі Банк төленетін жазылудың доллармен берілген сомасына барабар ретінде айқындайтын соманы құрауы тиіс. Бастапқы төлем осы Келісімге сәйкес Банк мүшесі оңтайлы деп санайтын, бірақ Банк төлемнің долларлық баламасын қамтамасыз ету үшін қажет деп санайтын және осындай төлем жүзеге асырылуы тиіс күннен бастап тоқсан (90) күн ішінде жүргізілетін түзетілуі тиіс соманы құрайды.
(ііі) Банктің пікірі бойынша Банк мүшесінің шетел валютамен берілген ұлттық валютасының құны елеулі төмендеген барлық жағдайларда, осы Банк мүшесі Банк акцияларына жазылуды төлеу салдарынан алынған осы валютада Банк ұстап тұрған бүкіл соманың құнын ұстап тұру үшін қажет ұлттық валютадағы қосымша соманы ақылға қонымды мерзімде төлейді.
(іv) Банктің пікірі бойынша Банк мүшесінің шетел валютасымен берілген ұлттық валютасының құны елеулі ұлғайған барлық жағдайларда, Банк осындай Банк мүшесіне Банк акцияларына жазылуды төлеу салдарынан алынған осы валютада Банк ұстап тұрған бүкіл соманың құнын түзету үшін қажет соманы осындай валютада ақылға қонымды мерзімде төлейді.
(v) Банк өзінің төлем алу құқығынан (ііі) тармақшаға сәйкес бас тарта алады, ал Банк мүшесі өзінің төлем алу құқығынан (іv) тармақшаға сәйкес бас тарта алады.
6. Банк, өзінің жазылуын осы Баптың 5 (b) тармақшасына сәйкес төлейтін кез келген Банк мүшесінен осы Банк мүшесінің үкіметі немесе осы мемлекет тағайындаған депозитарий шығарған жай вексельдерді немесе басқа да міндеттемелерді, бұл қаражат Банктің операциялық қызметті жүзеге асыруы үшін талап етілмейтін жағдайда, Банк мүшесінің ұлттық валютасында төленуге жататын соманың орнына қабылдай алады. Мұндай вексельдер немесе міндеттемелер айналымнан тыс, пайызсыз болып табылады және Банктің талабы бойынша номиналы бойынша төленуге жатады.
7-бап Акциялар шығару шарттары
1. Банк мүшелері бастапқыда жазылатын акциялар номиналды құны бойынша шығарылады. Басқа акциялар, егер Басқарушылар кеңесі осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей, арнайы көпшілік дауыспен оларды ерекше жағдайларда шығару туралы шешім қабылдамаса, номиналды құны бойынша шығарылады.
2. Акцияларды кепілге беруге болмайды және оларға қандай да бір ауыртпалық салынбайды және Банкке ғана берілуге жатады.
3. Банк мүшелерінің акциялар бойынша жауапкершілігі шығарылатын акциялар бағасының төленбеген бөлігімен шектеледі.
4. Бірде бір Банк мүшесі Банктегі мүшелікке байланысты Банктің міндеттемелері бойынша жауапты болмайды.
8-бап Әдеттегі ресурстар
Банктің «әдеттегі ресурстары» деген ұғым, осы Келісімде қолданылатын мағынасында мыналарды:
(і) шығаруға рұқсат етілген Банк капиталын, оның ішінде Төленетін акцияларды және осы Келісімнің 5-бабына сәйкес жазылу жүзеге асырылған талап ету бойынша төленетін акцияларды;
(іі) Банк осы Келісімнің 16-бабының 1-тармағына сәйкес алған өкілеттіктері негізінде тартқан, осы Келісімнің 6-бабының 3-тармағында көзделген талап ету бойынша міндеттеме қолданылатын қаражатты;
(ііі) осы Баптың (і) және (іі) тармақшаларында көрсетілген ресурстар немесе капиталға қатысудан немесе тиісті ресурстарды пайдалану арқылы, осы Келісімнің 11-бабының 2 (vі) тармақшасына сәйкес бекітілген өзге де қаржыландыру түрлерінен түскен түсімдер есебінен ұсынылған қарыздарды немесе кепілдіктерді өтеу кезінде алынған қаражатты;
(іv) жоғарыда көрсетілген қаражат есебінен ұсынылған қарыздан немесе осы Келісімнің 6-бабының 3-тармағында көзделген талап бойынша міндеттеме қолданылатын, берілген кепілдіктерден алынған кірістер; және
(v) Банк алған және осы Келісімнің 17-бабында айтылған оның Арнайы қорлар ресурстарының бөлігі болып табылмайтын өзге де қаражатты немесе кірістерді қамтиды.
ІІІ ТАРАУ
БАНКТІҢ ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ
9-бап Ресурстарды пайдалану
Банктің ресурстары мен мүмкіндіктері тиісінше осы Келісімнің 1 және 2-Баптарында көзделген мақсаттарға қол жеткізу және функцияларды орындау үшін ғана, ақылға қонымды банктік практика қағидаттарына сәйкес пайдаланылады.
10-бап Әдеттегі және арнайы операциялар
1. Банк операциялары:
(і) осы Келісімнің 8-бабында айтылған әдеттегі ресурстардан қаржыландырылатын әдеттегі операциялардан; және
(іі) осы Келісімнің 17-бабында айтылған Арнайы қорлар ресурстарынан қаржыландырылатын арнайы операциялардан тұрады.
Операциялардың осы екі түрі бір жобаның немесе бағдарламаның элементтерін бір-бірінен тәуелсіз қаржыландыра алады.
2. Әдеттегі ресурстар мен Банктің Арнайы қорларының ресурстары әрдайым және барлық қатынастарда өзгеше түрде, бір-бірінен толығымен тәуелсіз есепке алынады, пайдаланылады, бөлінеді, инвестицияланады немесе іске асырылады. Банктің қаржылық есептілігінде ағымдағы операциялар мен ерекше операциялар бөлек көрсетіледі.
3. Ешбір мән-жайларда Банктің әдеттегі ресурстарын арнайы операциялардан немесе бастапқыда Арнайы қорлардың ресурстары пайдаланылған немесе пайдаланылуы жоспарланған өзге қызмет түрлерінен туындайтын шығындарды немесе міндеттемелерді орындау үшін жұмсауға немесе пайдалануға болмайды.
4. Тікелей әдеттегі операцияларға жататын шығыстар Банктің әдеттегі ресурстары есебінен жүзеге асырылады. Тікелей арнайы операцияларға жататын шығыстар Арнайы қорлардың ресурстары есебінен жүзеге асырылады. Кез келген өзге де шығыстарды жүзеге асыру Банктің қалауы бойынша жүргізіледі.
11-бап Алушы елдер және операциялық қызмет әдістері
1. (а) Банк кез келген Банк мүшесіне немесе оның кез келген билік органына, мемлекеттік мекемесіне немесе оған саяси тұрғыдан тәуелді органға, мүше мемлекеттің аумағында әрекет ететін кез келген ұйымға немесе кәсіпорынға және қызметі өңірдің экономикалық дамуына байланысты халықаралық немесе өңірлік құрылымдарға немесе ұйымдарға қаржы ұсына алады немесе қаржы ұсынуға жәрдемдесе алады.
(b) Ерекше мән-жайларда, егер Басқарушылар кеңесі басым көпшілік дауыспен осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей: (і) мұндай жәрдемдесу Банктің мақсаттарына қол жеткізуге тартылғанын және Банк функциясының шеңберінен шықпайтынын, сондай-ақ Банк мүшелерінің мүдделеріне сәйкес келетінін анықтаған; және (іі) осы Баптың 2-тармағына сәйкес осындай алушыға көрсетілуі мүмкін нақты жәрдемдесу түрлерін айқындаған жағдайда ғана жоғарыда жазылған (а) тармақшада көрсетілген оның ресурстарын алушыға жәрдемдесе алады.
2. Банк өз қызметін мынадай кез келген тәсілдермен:
(і) қарыз бере, оларды бірлесіп қаржыландыра немесе оларға қатыса отырып;
(іі) ұйымдардың немесе кәсіпорындардың капиталына қатыса отырып;
(ііі) экономикалық дамуға жәрдемдесуге бағытталған қарыз сомасының барлығына немесе бір бөлігіне қатысты міндеттемелер бойынша бірінші немесе екінші жауапкер ретінде кепілдіктер бере отырып;
(іv) Арнайы қорлардың ресурстарын пайдалану жөніндегі келісімдерге сәйкес оларды пайдалана отырып;
(v) осы Келісімнің 15-бабына сәйкес техникалық жәрдем көрсете отырып; немесе
(vі) осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей, Басқарушылар кеңесінің басым көпшілік даусымен айқындалуы мүмкін қаржыландырудың басқа түрлерін ұсына отырып жүзеге асыра алады.
12-бап Әдеттегі операциялар бойынша шектеулер
1. Өтелмеген қарыздардың, капиталға инвестициялардың, кепілдіктердің және Банк осы Келісімнің 11-бабының 2 (і), (іі), (ііі) және (vі) тармақшаларына сәйкес өзінің әдеттегі операциялары бойынша ұсынған басқа да қаржыландыру түрлерінің жалпы сомасы қандай мән-жайда да ұлғайтылмауы тиіс, егер мұндай ұлғаю орын алған жағдайда оның ауыртпалық жүктелмеген бөлінбеген капиталының, оның әдеттегі ресурстарының сомасына қосылған резервтер мен пайдалардың жалпы сомасы артады. Алдыңғы ұсыныстың ережелеріне қарамастан, Басқарушылар кеңесі Банктің қаржылық ұстанымы мен қаржылық жағдайына байланысты осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей басым көпшілік дауыспен кез келген уақытта осы тармақ бойынша шектеулерді Банк әдеттегі ресурстарының сомасына қосылған, оның ауыртпалық жүктелмеген бөлінбеген капиталының, резервтері мен пайдаларының сомасынан 250%-ға дейін ұлғайтылуы мүмкін екенін айқындайды.
2. Кез келген уақытта Банктің капиталға қатысу көлемі жазылу жүзеге асырылған ауыртпалық жүктелмеген төленетін капиталдың және ортақ резервтердің жалпы сомасынан аспауға тиіс.
13-бап Операциялық қызметтің қағидаттары
Банктің операциялары төменде жазылған қағидаттарға сәйкес жүргізіледі.
1. Банк барлық операцияларда ақылға қонымды банктік практика қағидаттарын басшылыққа алады.
2. Банктің операциялары негізінен осы Келісімнің 15-бабына сәйкес нақты жобаларды немесе нақты инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыруды, капиталға қатысуды және техникалық жәрдем көрсетуді көздейді.
3. Банк Банкке мүше қандай да бір мемлекеттің аумағында ешқандай іс-шараларды, егер Банктің мұндай мүшесі осындай қаржыландыруға қарсылық білдірсе, қаржыландырмайды.
4. Банк өзі жүргізетін операцияларының әрқайсысының Банктің операциялық және қаржылық саясатына, оның ішінде шектемей оның қызметінің экологиялық және әлеуметтік аспектілерін реттейтін саясаткерлерге шектеу қоймай сәйкестігін қамтамасыз етеді.
5. Қаржыландыруды алуға арналған өтінімдерді қараған кезде Банк басқа көздерден және Банк барлық факторлардың бар мәнін ескере отырып, алушы үшін тиімді деп есептейтін жағдайларда өтінім берушінің қаржыландыруды тарту мүмкіндігіне ерекше көңіл бөледі.
6. Қаржыландыруды немесе кепілдіктерді берген кезде Банк алушының немесе кепілгердің, егер мұндай болған жағдайда, қаржыландыру туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін қаншалықты орындай алатынына басты назар аударады.
7. Қаржыландыру немесе кепілдік берген кезде пайыздық мөлшерлеме және басқа комиссиялар, сондай-ақ борыштың негізгі сомаларын өтеу кестесі сияқты қаржылық шарттар Банктің пікірі бойынша тиісті қаржыландыруға қатысты да, сондай-ақ Банк үшін ілеспе тәуекелдерге де қолайлы болуға тиіс.
8. Банк Банктің әдеттегі және арнайы операциялары бойынша жүзеге асырылатын қандай да бір қаржыландыру нәтижесінде алынған қаражат есебінен Банкке мүше қандай да бір мемлекеттен тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сатып алуға қандай да бір шектеулер белгілемейді.
9. Банк Банктің ұсынылған немесе кепілдендірілген кез келген қаржыландыруынан немесе Банк қатысқан қаржыландырудан түскен қаражат осы қаржыландыру ұсынылған мақсаттарда ғана пайдаланылуы үшін қажетті шараларды қабылдайды, бұл ретте үнемдеу мен тиімділік пайымдарын тиісінше ескереді.
10. Банк өз ресурстарын Банктің қандай да бір мүшесінің пайдасына пропорционалды емес пайдалануға жол бермеу ниетіне ерекше көңіл бөледі.
11. Банк өзінің ұйымдар капиталына қатысуын тиісінше әртараптандыруды қолдауға ұмтылатын болады. Акционерлік капиталға инвестицияларды жүзеге асырған кезде Банк капиталына өзі қатысатын қандай да бір ұйымды немесе кәсіпорынды басқару бойынша өзіне жауапкершілік алмайды, сондай-ақ Банк инвестицияларын сақтау үшін қажет болған жағдайларды қоспағанда, осы ұйымға немесе кәсіпорынға бақылауды алуға ұмтылмайды.
14-бап Қаржыландыруды ұсыну шарттары
1. Банк қарыз ұсынған, оған қатысқан немесе оған кепілдіктер берген жағдайда көрсетілген қарыздар мен кепілдіктерді ұсыну шарттары осы Келісімнің 13-бабында және осы Келісімнің өзге де ережелерінде жазылған операциялық қызмет қағидаттарына сәйкес келісімшартта айқындалады. Мұндай шарттар белгіленген кезде Банк өз кірісін және өзінің қаржылық жағдайының қорғалуын қамтамасыз ету қажеттілігін толығымен ескереді.
2. Қарыз алушы немесе қарыз бойынша кепілдік алушы Банк мүшесі болып табылмаған жағдайда Банк мұны орынды деп есептесе, аумағында тиісті жоба іске асырылуы тиіс осы мүшеден немесе Банк үшін қолайлы осы мүше мемлекеттің кез келген билік органынан немесе мемлекеттік мекемесінен борыштың негізгі сомасын өтеуге, сондай-ақ қарыз бойынша оның шарттарына сәйкес пайыздар мен басқа да алымдарды төлеуге кепілдік беруін талап ете алады.
3. Банктің капиталға кез келген қатысу мөлшері тиісті ұйымның немесе кәсіпорынның акционерлік капиталындағы Директорлар кеңесі бекіткен саясат шеңберінде рұқсат етілген үлестен аспауы тиіс.
4. Банк өзінің операциялық қызметі барысында қаржыландыруды валюталық тәуекелдерді азайтуға бағытталған саясатқа сәйкес мүдделі елдің валютасында ұсына алады.
15-бап Техникалық жәрдемдесу
1. Банк өзінің мақсатына қызмет ететін және өз функцияларының шеңберінен шықпайтын техникалық консультациялар және техникалық жәрдем және жәрдемдесудің өзге де ұқсас нысандарын ұсына алады.
2. Мұндай қызметтер көрсету кезінде келтірілген шығыстар өтелуге жатпайтын болған жағдайда, Банк осы шығыстарды өз кірістері есебінен жабады.
IV ТАРАУ
БАНК ҚАРЖЫСЫ
16-бап Жалпы өкілеттіктер
Осы Келісімнің басқа бөлімдерінде аталған өкілеттіктерден басқа, Банктің төменде келтірілген өкілеттіктері бар.
1. Банк тиісті құқықтық нормалар шеңберінде мүше мемлекеттерден немесе өзге елдерден қарыз алуды жүзеге асыру жолымен немесе өзге тәсілдермен қаражат тарта алады.
2. Банктің өзі шығарған немесе кепілдік берген немесе өз қаражатын инвестициялаған бағалы қағаздарды сатып ала және сата алады.
3. Банк өз қаражатын инвестициялаған бағалы қағаздарға оларды сатуды жеңілдету мақсатында кепілдік бере алады.
4. Банк Банктің мақсаттарына сәйкес келетін мақсатта қандай да бір ұйым немесе кәсіпорын шығарған бағалы қағаздарды орналастыруды ұйымдастыра алады немесе орналастыруға қатыса алады.
5. Банк өз операциялары үшін талап етілмейтін ақшалай қаражатты инвестициялай алады немесе депозитке орналастыра алады.
6. Банк шығарған немесе кепілдік берген әрбір бағалы қағаздың беткі жағында қандай да бір үкіметтің міндеттемесі болып табылмайтындығы туралы анық көрінетін белгі болуын Банк қамтамасыз етуі тиіс, егер ол іс жүзінде нақты бір үкіметтің міндеттемесі болып табылса, онда соңғы жағдайда бұл міндеттеме көрсетіледі.
7. Банк сенімгерлік қорларды құра алады және үшінші тұлғалардың мүддесі үшін құрылған сенімгерлік қорларды мұндай сенімгерлік қорлар Басқарушылар кеңесі бекіткен сенімгерлік басқарудың жалпы қағидаттары негізінде Банк мақсатына қызмет етсе және оның функцияларының щеңберінен шықпаса, басқара алады.
8. Банк осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей еншілес құрылымдар Басқарушылар кеңесінің арнайы басым көпшілік даусымен бекітілген жағдайда ғана, Банк мақсатына қызмет етсе және оның функцияларының щеңберінен шықпаса, еншілес құрылымдарды құра алады.
9. Банк кез келген басқа өкілеттіктерді жүзеге асыра алады және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес өз мақсаттарына қол жеткізу және функцияларды орындау үшін қажетті немесе орынды болуы мүмкін қағидалар мен ережелерді белгілей алады.
17-бап Арнайы қорлар
1. Банк өз мақсатына қызмет ететін және Банк функциясының щеңберінен шықпайтын Арнайы қорды басқаруды қабылдауға құқылы; мұндай Арнайы қорлардың қаражаты Банк ресурстары болып табылады. Мұндай кез келген Арнайы қорды басқарумен байланысты шығыстар толығымен осы Арнайы қор есебінен жабылады.
2. Банктің басқаруына қабылданған Арнайы қорлар Банктің мақсаттары мен функцияларына және мұндай қорларға қатысты келісімдердің ережелеріне сәйкес келетін жағдайларда пайдаланылуы мүмкін.
3. Банк әрбір Арнайы қорды құру, әкімшілендіру және пайдалану үшін талап етілуі мүмкін ерекше қағидалар мен ережелерді қабылдайды. Мұндай қағидалар мен ережелер Банктің әдеттегі операцияларына ғана айқын қолданылатын ережелерді қоспағанда, осы Келісімге сәйкес келеді.
4. «Арнайы қорлардың ресурстары» деген ұғым кез келген Арнайы қордың ресурстарына жатады және мыналарды:
(і) қандай да бір Арнайы қорға қосу үшін Банк қабылдаған қаражатты;
(іі) Банктің осы Арнайы қорды реттейтін қағидалары мен ережелеріне сәйкес осы Арнайы қор алған қарыздар немесе кепілдіктер бойынша төленген қаражатты және кез келген Арнайы қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын, капиталға кез келген қатысудан алынған кірістерді;
(ііі) Арнайы қорлардың ресурстарын инвестициялаудан алынған кірісті; және
(іv) кез келген Арнайы қордың билік етуіне берілетін басқа да ресурстарды қамтиды.
18-бап Таза табысты бағыттау және бөлу
1. Басқарушылар кеңесі жылына кемінде бір рет резервтерді құрғаннан кейін Банктің таза пайдасының қандай бөлігі бөлінбеген пайдаға бағытталуы немесе басқа мақсатқа бөлінуі тиіс екендігін, ал қандай бөлігінің, егер мұндай болған жағдайда, Банк мүшелері арасында бөлінуі тиіс екендігін айқындайды. Банктің таза пайдасын басқа мақсаттарға бағыттау туралы кез келген мұндай шешім осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей басым көпшілік дауыспен қабылданады.
2. Алдыңғы тармақта аталған бөлу Банктің әрбір мүшесіне тиесілі акциялар санына пропорционалды түрде жүргізіледі, ал төлемдер Басқарушылар кеңесі айқындайтын тәртіппен және валютада жүргізіледі.
19-бап Валюталар
1. Банк мүшелері кез келген елде төлемдерді жүзеге асыру үшін валютаны Банктің немесе Банктің қаржыландыруын кез келген алушылардың алуына, иеленуіне, пайдалануына немесе аударуына қатысты ешқандай шектеулер қоймайды.
2. Осы Келісім бойынша басқа валютада көрсетілген қандай да бір валютаның құнын бағалау немесе қандай да бір валютаның айырбасталатынын айқындау қажеттілігі туындаған барлық жағдайда мұндай бағалауды немесе айқындауды Банк жүзеге асырады.
20-бап Банктің залалдарын жабу тәсілдері
1. Банк өзінің әдеттегі операцияларын жүзеге асырған кезде төлем төлеу мерзімі өткен немесе Банк ұсынған қарыздар, өзі қатысатын немесе кепілдік беретін қарыздар бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда, сондай-ақ осы Келісімнің 11-бабының 2 (vі) тармақшасына сәйкес капиталға қатысудан немесе қаржыландыруды ұсынудың басқа түрлерінен залалға келген жағдайда Банк өзі орынды деп есептейтін шараларды қабылдайды. Банк ықтимал залалдар жағдайына тиісті резервтерді қолдайды.
2. Банктің ағымдағы операциялары барысында туындайтын залалдар:
(і) бірінші кезекте, жоғарыдағы 1-тармақта көрсетілген Банк резервтеріне;
(іі) екінші кезекте, таза пайдаға;
(ііі) үшінші кезекте, резервтер мен бөлінбеген пайдаға;
(іv) төртінші кезекте ауыртпалық жүктелмеген төленетін капиталға; және
(v) соңында осы Келісімнің 6-бабының 3-тармағының ережелеріне сәйкес талап ету бойынша төленуге жататын талап етілмеген бөлінген капиталдың тиісті сомасына жатады.
V ТАРАУ
ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ
21-бап Құрылым
Банкте Басқарушылар кеңесі, Директорлар кеңесі, Президент, бір немесе бірнеше вице-президент және басқа да осындай қажет болатын лауазымды адамдар мен қызметкерлер болады.
22-бап Басқарушылар кеңесі: құрамы
1. Банктің әрбір мүшесі Басқарушылар кеңесінде болуға тиіс және бір басқарушы мен оның бір орынбасарын тағайындайды. Әрбір басқарушы мен оның орынбасары өздерін тағайындаған Банкке мүше мемлекеттің қалауы бойынша өз лауазымдарында болады. Басқарушы орынбасарының басқарушыны алмастыратын адам болмаған жағдайда ғана дауыс беру құқығы болады.
2. Әрбір жыл сайынғы жиналыста Басқарушылар кеңесі басқарушылардың біреуін Төраға етіп сайлайды, ол келесі Төраға сайланғанға дейін бұл лауазымда болады.
3. Басқарушылар мен олардың орынбасарлары өз міндеттерін Банктен сыйақы алмастан орындайды, бірақ бұл ретте, Банк оларға отырыстарға қатысуына байланысты шығыстарды ақылға қонымды шектерде төлей алады.
23-бап Басқарушылар кеңесі: өкілеттіктері
1. Банктің барлық өкілеттіктері Басқарушылар кеңесіне беріледі.
2. Басқарушылар кеңесі Директорлар кеңесіне мынадай өкілеттіктерді:
(і) Банктің жаңа мүшелерін қабылдауды және олардың Банкке қосылу жағдайларын айқындауды;
(іі) Банктің шығаруға рұқсат етілген капиталының мөлшерін ұлғайтуды немесе қысқартуды;
(ііі) Банкке мүшелікті тоқтата тұруды;
(іv) Директорлар кеңесі жасаған осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану туралы дауларды шешуді;
(v) Банк директорларын сайлауды және егер осы Келісімнің 25-бабының 6-тармағына сәйкес мұндай көзделген болса, төленуге жататын директорлар мен директорлар орынбасарларының шығыстары мен сыйақыларының мөлшерін айқындауды;
(vі) Президентті сайлауды, оны атқаратын лауазымынан шеттетуді немесе босатуды, сондай-ақ оның сыйақы мөлшерін және оның міндеттерді орындауының басқа да шарттарын айқындауды;
(vіі) аудиторлардың қорытындысымен танысқаннан кейін балансты және Банктің пайдасы мен залалдары туралы есепті бекітуді;
(vііі) Банктің резервтерінің мөлшерін айқындауды және таза пайдасын аударуды және бөлуді;
(іx) осы Келісімге өзгерістер енгізуді;
(x) Банк қызметін түпкілікті тоқтату және оның активтерін бөлу туралы шешім қабылдауды; және
(xі) Басқарушылар кеңесіне осы Келісіммен тікелей берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асыруды қоспағанда, өзінің кез келген өкілеттіктерін жүзеге асыруды бере алады.
3. Басқарушылар кеңесі осы Баптың 2-тармағына сәйкес Директорлар кеңесіне берілген кез келген мәселе бойынша шешімдер қабылдау үшін өкілеттіктерді толық мөлшерде сақтайды.
24-бап Басқарушылар кеңесі: жұмыс тәртібі
1. Басқарушылар кеңесі жыл сайынғы отырыстар мен басқа да осындай отырыстарды өз қалауына қарай немесе Директорлар кеңесінің талабы бойынша өткізеді. Басқарушылар кеңесінің отырыстарын Банктің бес (5) мүшесінің өтінуі бойынша Директорлар кеңесі де шақырады.
2. Басқарушылардың көпшілігі, осындай көпшілік Банк мүшелерінің жалпы дауыс санының кемінде үштен екісін білдірген жағдайда, Басқарушылар кеңесінің кез келген отырысында кворум құрайды.
3. Басқарушылар кеңесі өз өкімімен рәсімдерді белгілей алады, оған сәйкес Директорлар кеңесі Басқарушылар кеңесінің отырыстарын шақырмай, қандай да бір нақты мәселе бойынша басқарушыларға сұрау жүргізу арқылы және ерекше жағдайларда электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып, Басқарушылар кеңесінің отырыстарын өткізуді көздейтін дауыс беруді өткізе алады.
4. Басқарушылар кеңесі мен Директорлар кеңесі өз өкілеттіктері шегінде Банктің қызметін қамтамасыз ету үшін өздері қажетті немесе қолайлы деп есептейтін осындай қосалқы органдар құра алады және қағидалар мен рәсімдерді қабылдай алады.
25-бап Директорлар кеңесі: құрамы
1. Директорлар кеңесі Басқарушылар кеңесінің мүшелері болып табылмайтын, он екі (12) мүшеден тұрады және олардың ішінде:
(і) тоғызын (9) Банкке мүше өңірлік мемлекеттердің атынан өкілдік ететін басқарушылар сайлайды; және
(іі) үшеуін (3) Банкке мүше өңірлік емес мемлекеттердің атынан өкілдік ететін басқарушылар сайлайды.
Директорлар В қосымшасына сәйкес сайланатын, экономикалық және қаржылық мәселелерде құзыреті жоғары адамдар болып табылады. Директорлар өздерін басқарушы етіп сайлаған Банк мүшелерінің, сондай-ақ басқарушылар өз дауыстарын берген Банк мүшелерінің атынан өкілдік етеді.
2. Басқарушылар кеңесі мезгіл-мезгіл Директорлар кеңесінің саны мен құрамына шолу жасайды және қажет болған жағдайда, оның санын ұлғайта алады немесе азайта алады, сондай-ақ осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей, басым көпшілік дауыспен оның құрамын қайта қарай алады.
3. Әрбір директор өзі болмаған кезде оның атынан әрекет етуге толық уәкілетті өзінің орынбасарын тағайындайды. Басқарушылар кеңесі саны белгілі бір саннан асатын мүше мемлекеттер сайлаған директорға қосымша директордың орынбасарын тағайындауға мүмкіндік беретін қағидалар қабылдайды.
4. Директорлар мен директорлардың орынбасарлары Банкке мүше мемлекеттердің азаматтары болуға тиіс. Нақ сол бір елдің екі немесе одан көп азаматтары директор бола алмайды, сол сияқты нақ сол бір елдің екі немесе одан көп азаматтары директорлардың орынбасарлары бола алмайды. Директордың орынбасарлары Кеңестің отырыстарына қатыса алады, алайда директорды алмастырған кезде ғана дауыс беру құқығы болады.
5. Директорлар екі (2) жыл бойы өз міндеттерін орындайды және олар қайта сайлана алады.
(а) Директорлар өздерінің мирасқорлары сайланғанға және өз міндеттерін орындауға кіріскенге дейін өз міндеттерін орындауды жалғастырады.
(b) Егер директордың лауазымы оның өкілеттіктерінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін бір жүз сексен (180) күннен астам бос тұрған жағдайда, В қосымшасына сәйкес бұрынғы директорды сайлаған басқарушылар мерзімнің қалған бөлігіне оның мирасқорын сайлайды. Көрсетілген сайлау үшін осы басқарушылардың көпшілік дауысын жинау қажет. Директорды сайлаған басқарушылар, егер директордың лауазымы оның өкілеттіктерінің мерзімі аяқталғанға дейін бір жүз сексен (180) күннен аз мерзімде бос тұратын болса, осылайша оның мирасқорын сайлай алады.
(с) Директордың лауазымы бос болған уақытта, бұрынғы директордың орынбасары, директордың орынбасарын тағайындау жөніндегі өкілеттіктерді қоспағанда, оның өкілеттіктерін жүзеге асырады.
6. Директорлар мен оның орынбасарлары өз міндеттерін, егер Басқарушылар кеңесі өзге шешім қабылдамаса, Банктен сыйақы алмастан орындайды, бірақ Банк оларға отырыстарға қатысуға байланысты шығыстарды ақылға қонымды шектерде төлей алады.
26-бап Директорлар кеңесі: өкілеттіктері
Директорлар кеңесі Банктің қызметіне жалпы басшылық үшін жауапты болады және осы мақсаттар үшін осы Келісіммен өзіне тікелей берілген өкілеттіктерге қосымша Басқарушылар кеңесі оған берген барлық өкілеттіктерді жүзеге асырады және атап айтқанда:
(і) Басқарушылар кеңесінің жұмысын дайындауды жүзеге асырады;
(іі) Банк саясатын белгілейді және Банкке мүше мемлекеттердің жалпы дауыс санының кемінде төрттен үшін білдіретін көпшілік дауысымен маңызды операциялық және қаржылық саясатқа және өкілеттіктерді Банктің саясатына сәйкес Президентке беруге қатысты шешімдер қабылдайды;
(ііі) осы Келісімнің 11-бабының 2-тармағында көрсетілген Банк операциялары бойынша және Банкке мүше мемлекеттердің жалпы дауыс санының кемінде төрттен үшін білдіретін көпшілік дауысымен осы өкілеттіктерді Президентке беру туралы шешімдер қабылдайды;
(іv) Банкті басқаруды және оның жұмыс істеуін тұрақты негізде бақылауды жүзеге асырады және осы мақсаттар үшін айқындық, ашықтық, тәуелсіздік және есеп беру қағидаттарына сәйкес қадағалау тетігін құрады;
(v) Банктің стратегиясын, жылдық жоспары мен бюджетін бекітеді;
(vі) құрылуы орынды деп саналатын комитеттерді тағайындайды; және
(vіі) әрбір қаржы жылы үшін аудиторлық тексерістен өткен есептілікті Басқарушылар кеңесінің бекітуіне ұсынады.
27-бап Директорлар кеңесі: жұмыс тәртібі
1. Директорлар кеңесі отырыстарды Банктің қызметін қамтамасыз ету үшін қаншалықты қажет болса, соншалықты жиі, тұрақты негізде жыл бойы өткізеді. Директорлар кеңесі, егер осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей, Басқарушылар кеңесі басым көпшілік дауыспен өзге шешім қабылдамаса, мүшелері Банктің штаб-пәтері орналасқан жерде тұрақты болмайтын орган ретінде өз міндеттерін орындайды. Отырыстарды Директорлар кеңесінің төрағасы шақыра алады немесе ол үш (3) директордың өтінуі бойынша шақырылуы мүмкін.
2. Директорлардың көпшілігі, осы көпшілік Банкке мүше-мемлекеттердің жалпы дауыс санының кемінде үштен екісін білдірген жағдайда, Директорлар кеңесінің кез келген отырысында кворум құрайды.
3. Басқарушылар кеңесі қағидалар қабылдайды, оларға сәйкес директорлар құрамында Банкке мүше қандай да мемлекеттің өкілі болмаған жағдайда, Банктің осы мүшесі өз өкілін Банктің осы мүшесі үшін ерекше мәні бар мәселе талқыланатын Директорлар кеңесінің кез келген отырысына қатысу үшін дауыс беру құқығынсыз жібере алады.
4. Директорлар кеңесі рәсімдер белгілейді, оларға сәйкес Кеңес электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып, отырыстар өткізе алады немесе отырыстарды шақырмастан, мәселе бойынша дауыс беруді жүргізе алады.
28-бап Дауыс беру
1. Банктің әрбір мүшесінің құқығы бар дауыстардың жалпы саны базалық дауыстардың, акцияларға бекітілген дауыстардың және осы мүше Банктің құрылтайшысы болған жағдайда алынған құрылтайшылар дауыстарының санынан тұрады.
(і) Банктің әрбір мүшесінің базалық дауыстары бұл - Банкке мүше барлық мемлекеттердің арасында базалық дауыстардың, акцияларға бекітілген дауыстардың және құрылтайшылар дауыстарының жиынтық санының он екі 12 пайызын тең бөлу нәтижесінде алынған дауыстар.
(іі) Банктің әрбір мүшесінің акцияларға бекітілген дауыстарының саны Банктің осы мүшесінің иелігіндегі Банк капиталындағы акцияларының санына тең.
(ііі) Банктің құрылтайшысы болып табылатын оның әрбір мүшесі құрылтайшылардың алты жүз (600) дауысын алады.
Егер Банктің қандай да бір мүшесі осы Келісімнің 6-бабына сәйкес төленетін акцияларға қатысты өз міндеттемелері бойынша төлеуге тиіс соманың қандай да бір бөлігін төлемеген жағдайда, Банк мүшесі пайдалануы мүмкін акцияларға бекітілген дауыстар саны, осы төлемеу сақталған кезде Банк капиталында осы мүше мемлекет қол қойған төленетін акциялардың номиналды құнының жалпы сомасындағы ол төлемеген соманың үлесіне пропорционалды түрде азайтылады.
2. Басқарушылар кеңесінде дауыс берген кезде әрбір басқарушының өзі өкілдік ететін мүше мемлекеттің барлық дауысын беруге құқығы бар.
(і) Егер осы Келісімде тікелей өзгеше көзделмесе, Басқарушылар кеңесі қарайтын барлық мәселелер бойынша шешімдер көпшілік дауыспен қабылданады.
(іі) Басқарушылар кеңесінің басым көпшілігінің дауысы үшін Банк мүшелерінің жалпы дауыс санының кемінде төрттен үшін білдіретін басқарушылардың жалпы санының үштен екісінің қолдаған дауысы талап етіледі.
(ііі) Басқарушылар кеңесінің арнайы көпшілігінің дауысы үшін Банк мүшелерінің жалпы дауыс санының кемінде көпшілігін білдіретін басқарушылардың көпшілігінің қолдаған дауысы талап етіледі.
3. Директорлар кеңесінде дауыс берген кезде әрбір Директордың өзін сайлаған басқарушылардың құқығы бар дауыс санын беруге, сондай-ақ В қосымшасына сәйкес оған өз дауыстарын берген басқарушылардың құқығы бар дауыстарға құқығы бар.
(і) Банкке мүше бір мемлекеттен көп дауысты беруге құқығы бар Директор Банктің осы мүше мемлекеттерінің дауыстарын бөлек бере алады.
(іі) Егер осы Келісімде өзгеше ескерілмесе, Директорлар кеңесі қарайтын барлық мәселелер бойынша шешімдер берілген көпшілік дауыспен қабылданады.
29-бап Президент
1. Басқарушылар кеңесі кандидаттардың кәсіби сапасы ескерілген ашық, айқын процесс арқылы осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей, басым көпшілік дауыспен Банктің Президентін сайлайды. Ол Банктің өңірлік мүшесінің азаматы болуға тиіс. Президент лауазымда болған кезде басқарушы немесе директор не басқарушының немесе директордың орынбасары бола алмайды.
2. Президент өкілеттігінің мерзімі бес (5) жылды құрайды. Ол бір рет қайта сайлана алады. Президент, осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей, Басқарушылар кеңесінің басым көпшілігінің дауысымен қабылданған шешім бойынша атқаратын лауазымынан шеттетілуі немесе босатылуы мүмкін.
(а) Егер Президенттің лауазымы оның өкілеттігінің мерзімі ішінде қандай да бір себеппен бос тұратын болса, Басқарушылар кеңесі Президенттің міндетін атқарушыны уақытша мерзімге тағайындайды немесе осы баптың 1-тармағына сәйкес жаңа Президентті сайлайды.
3. Президент Директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады, бірақ дауыстар тең бөлінген жағдайда шешуші дауыс беру құқығын қоспағанда, оның дауыс беру құқығы болмайды. Ол Басқарушылар кеңесінің отырыстарына қатыса алады, бірақ ондай отырыстарда дауыс бермейді.
4. Президент Банктің заңды өкілі болып табылады. Ол Банк персоналын басқарады және Директорлар кеңесінің басшылығымен Банктің күнделікті қызметін басқарады.
30-бап Банктің лауазымды адамдары мен қызметкерлері
1. Директорлар кеңесі Президенттің ұсынымы бойынша кандидаттардың кәсіби сапасы ескерілетін ашық, айқын процесс арқылы бір немесе одан көп вице-президентті тағайындайды. Вице-президент Директорлар кеңесі айқындауы мүмкін мерзім ішінде өз лауазымын атқарады, сондай өкілеттіктері болады және Банкті басқару бойынша сондай функцияларды орындайды. Президент болмағанда немесе ол әрекетке қабілетсіз болған жағдайда вице-президент Президенттің өкілеттіктерін атқарады және функцияларын орындайды.
2. Президент Директорлар кеңесі қабылдайтын қағидаларға сәйкес, жоғарыда 1-тармақта көзделген шекте жұмысты ұйымдастыруға, вице-президенттерді қоспағанда, лауазымды адамдар мен қызметкерлерді тағайындауға және жұмыстан босатуға жауапты болады.
3. Банктің лауазымды адамдары мен қызметкерлерін тағайындау, сондай-ақ вице-президенттер лауазымына кандидаттар ұсыну кезінде Президент жұмыс тиімділігінің аса жоғары деңгейін және кәсіби құзыреттілікті қамтамасыз етудің айрықша маңыздылығын ескеріп, жұмысқа барынша ауқымды географиялық өкілдіктен қызметкерлер жалдауға тиісті көңіл бөледі.
31-бап Банктің халықаралық сипаты
1. Банк, оның мақсаттары мен функцияларына қандай да бір дәрежеде нұқсан келтіруі, оларды шектеуі, олардың ауытқуына әкелуі немесе өзгеше түрде өзгертуі мүмкін Арнайы қорларды, қарыздарды немесе жәрдемдерді қабылдамайды.
2. Банк, оның Президенті, лауазымды адамдары мен қызметкерлері Банк мүшелерінің ешқайсысының саяси істеріне араласпайды; олардың шешімдеріне де Банктің мүдделі мүшесінің саяси сипаты әсер етпейді. Олардың шешімдері тек қана экономикалық себептер негізінде қабылданады. Банктің мақсаттарына қол жеткізу мен функцияларын орындауды қамтамасыз ету үшін мұндай себептер ғана мүлтіксіз бағаланатын болады.
3. Банктің Президенті, вице-президенттері, лауазымды адамдары мен қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде, тек қана Банк мүддесіне әрекет етуге және биліктің өзге де органдарына бағынбауға тиіс. Банктің әрбір мүшесі олардың жағдайының халықаралық сипатын құрметтейді және өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде олардың қайсыбіріне кез келген ықпал ету әрекеттерінен тартынатын болады.
VI ТАРАУ
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
32-бап Банктің мекемелері
1. Банктің Штаб-пәтері Қытай Халық Республикасында Бейжіңде болады.
2. Банк өкілдіктерін немесе бөлімшелерін басқа да жерлерде құра алады.
33-бап Байланыс арнасы; депозитарийлер
1. Банктің әрбір мүшесі осы Келісімге байланысты туындайтын кез келген мәселе бойынша Банк байланыса алатын тиісті ресми органды айқындайды.
2. Банктің әрбір мүшесі өзінің орталық банкін немесе Банкпен келісу бойынша депозитарий, осы мүшенің валютасында барлық қаражаты, сондай-ақ Банктің басқа да активтері ретінде кез келген басқа да ұқсас мекемені тағайындайды.
3. Банк өз активтерін Директорлар кеңесі өз шешімімен айқындайтын депозитарийлерге орналастыра алады.
34-бап Есептілік және ақпарат
1. Банктің жұмыс тілі ағылшын тілі болып табылады және Банк осы Келісімнің 54-бабына сәйкес барлық шешімдер мен оны түсіндірулерде осы Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтінін басшылыққа алатын болады.
2. Банк мүшелері өздерінің функцияларын орындауға жәрдемдесу мақсатында олардан жеткілікті негіздемелермен сұрата алатын ақпаратты Банкке береді.
3. Банк өзінің мүше мемлекеттеріне аудитор тексерген оның шоттарының жағдайы туралы есепті қамтитын жылдық есепті жолдайды және осындай есепті жариялайды. Банк сонымен қатар, мүшелерге өзінің қаржылық жағдайын шолуды және Банк қызметінің нәтижелерін көрсететін пайдалар мен залалдар туралы есепті береді.
4. Банк өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ақпаратты жариялауға қатысты саясатты әзірлейді және жүргізеді. Банк өзінің мақсатына қол жеткізу және өзінің функцияларын орындау үшін орынды деп санайтын есептерді жариялай алады.
35-бап Банк мүшелерімен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық
1. Банк жұмысты осы Келісімнің ережелеріне сәйкес өзі орынды деп санаған нысанда өзінің барлық мүшелерімен, сондай-ақ өңірдің экономикалық даму мәселелерімен немесе Банк қызметіне байланысты салалармен айналысатын басқа да халықаралық қаржы институттарымен және халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта жүргізеді.
2. Банк осы Келісімге сәйкес келетін мақсаттарда Директорлар кеңесінің мақұлдауымен осындай ұйымдармен келісімдер жасаса алады.
36-бап Сілтемелер
1. Осы Келісімдегі баптар мен қосымшаларға сілтемелер, егер өзгеше көрсетілмесе, осы Келісімнің баптары мен қосымшаларына жатады.
2. Осы Келісімдегі тең дәрежедегі белгілі бір жынысқа сілтемелер кез келген жыныс өкілдеріне тең дәрежеде қолданылады.
VII ТАРАУ
МҮШЕЛІКТЕН ШЫҒУ ЖӘНЕ МҮШЕЛІКТІ ТОҚТАТА ТҰРУ
37-бап Мүшеліктен шығу
1. Банктің кез келген мүшесінің оның штаб-пәтеріне жазбаша хабарлама жібере отырып, кез келген сәтте Банктен шығуға құқығы бар.
2. Банк мүшесінің шығуы хабарламада көрсетілген күннен бастап, бірақ қандай жағдайлар болмасын, Банк көрсетілген хабарламаны алғаннан кейін кемінде 6 (алты) айдан кейін күшіне енеді және өзінің мүшелігін тоқтатады. Бұл ретте шығу туралы шешім түпкілікті күшіне енгенге дейін Банк мүшесі Банктен шығу ниеті туралы өзінің жазбаша хабарламасының күшін жою туралы кез келген сәтте Банктің жазбаша хабардар ете алады.
3. Банк мүшесі өзінің шығуынан кейін, Банкке шығу туралы хабарлама жеткен күнге ие болып отырған Банк алдындағы барлық тікелей және шартты міндеттемелер бойынша одан әрі жауапты болып қала береді. Егер шығу туралы шешім түпкілікті күшіне енсе, Банкке мүше мемлекет Банк шығу туралы хабарлама алған күннен кейін жүргізген Банк операциялары нәтижесінде туындаған міндеттемелер үшін ешқандай жауаптылықта болмайды.
38-бап Мүшелікті тоқтата тұру
1. Егер Банкке мүше мемлекет Банк алдындағы өзінің қандай да бір міндеттемелерін орындамаса, Басқарушылар кеңесі осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей, басым көпшілік дауыспен қабылданған шешімнің негізінде оның мүшелігін тоқтата тұра алады.
2. Қатысуы осылайша тоқтатыла тұрған Банкке мүше мемлекет Басқарушылар кеңесі осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей, басым көпшілік дауыспен осы мүше мемлекеттің толық құқылы қатысу мәртебесін қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған жағдайлардан басқа, Банктің мүшесі болуын қатысуы тоқтатыла тұрған күннен бастап 1 (бір) жылдан кейін автоматты түрде тоқтатады.
3. Банкке қатысуы тоқтатылған кезең ішінде Банк мүшесі шығу құқығын қоспағанда, осы Келісім бойынша қандай да бір құқықтарын іске асыруға құқылы емес, бірақ өзінің барлық міндеттемелері үшін оның жауаптылығы сақталады.
39-бап Есеп айырысуларды реттеу
1. Мемлекет Банк мүшесі болуын тоқтатқаннан кейін ол өзінің тікелей міндеттемелері бойынша Банк алдында жауапты бола береді, сондай-ақ 11-баптың 2 (іv) тармағына сәйкес жүзеге асырылған олар туралы уағдаластыққа ол мүше болуын тоқтатқанға дейін қол жеткізілген қарыздардың, кепілдіктердің, капиталға қатысудың немесе қаржыландырудың басқа да нысандарының қандай да бір бөлігі (бұдан әрі «басқа да қаржыландыру» деп аталатын) реттелмеген болып қалады, алайда бұл мүше мемлекеттің Банк мүшесі болуын тоқтатқаннан кейін Банк ұсынған қарыздар, кепілдіктер, капиталға қатысу және басқа да қаржыландыру бойынша мұндай міндеттемелері болмайды және Банктің кірістері мен шығыстарына қатыспайды.
2. Мемлекет Банк мүшесі болуын тоқтатқаннан кейін, Банк осы баптың 3 және 4-тармақтарының ережелеріне сәйкес осындай елмен есеп айрылысуларды реттеу шеңберінде осы елге тиесілі акцияларды сатып алуды ұйымдастырады. Мемлекет оның мүшесі болуын тоқтатқан күнге Банктің қаржылық есептілігіне сәйкес осы мақсат үшін акцияларды сатып алу бағасы баланстық құнға тең.
3. Банк сатып алатын акциялар құнын төлеу осы Бапқа сәйкес мынадай шарттармен айқындалады:
(і) өз акциялары үшін елге тиесілі кез келген соманы, бұл ел, оның орталық банкі немесе оның кез келген билік органдары, мемлекеттік мекемелері және саяси органдары Банк алдында қарыз алушы, кепілгер немесе капиталға қатысушы немесе басқа да қаржыландыру бойынша екінші шарттық тарап ретінде жауаптылықта болғанға дейін, Банк ұстап тұрады және мұндай сомалар Банктің қалауы бойынша оларды төлеу мерзімі басталған кезде осындай міндеттемелерді өтеуге жіберілуі мүмкін. Алайда, осы Келісімнің 6-бабының 3-тармағына сәйкес оның жазылу капиталына қойылатын келешектегі талаптары бойынша елдің шартты міндеттемелеріне қатысты ешбір сома ұсталмайды. Кез келген жағдайда Банк мүшесіне оның акциялары үшін тиесілі ешбір сома елдің Банк мүшесі болуын тоқтатқан күнінен бастап алты (6) ай өткенге дейін төленбейді.
(іі) Акциялар үшін төлемдер елдің акцияларға тиісті сертификаттарды мезгіл-мезгіл ұсынуы кезінде, бұрынғы мүше мемлекет барлық сатып алу бағасын алғанға дейін осы тармақтың (і) тармақшасында аталған қарыздар, кепілдіктер, капиталға қатысу және басқа да қаржыландыру бойынша міндеттемелердің жиынтық сомасынан осы Баптың 2-тармағына сәйкес сатып алу бағасы ретінде төленуге тиесілі сома қаншалықты артық болуы шегінде жүзеге асырылуы мүмкін.
(ііі) Төлемдер Банк өзінің қаржылық жағдайын ескере отырып белгілеген қолжетімді валюталарда жүргізіледі.
(іv) Егер Банк кез келген қарыздар, кепілдіктер, капиталға қатысу бойынша немесе елдің Банкке мүше болуы тоқтатылған күнге өтелмей қалған басқа да қаржыландыру бойынша залалға ұшыраса және осындай залалдардың мөлшері осы күнге оларды өтеуге арналған резервтер көлемінен асып түссе, мұндай ел талап бойынша, егер сатып алу бағасын есептеген кезде бұл шығындар есептелетін болса, оның акцияларын сатып алу бағасы азаятын соманы төлейді. Бұдан басқа, егер капиталға ауыртпалық салынған болса және талап оның акцияларын сатып алу бағасын есептеу кезінде қойылатын болса, Банктің бұрынғы мүшесі төленбеген жазылуға қатысты кез келген талаптар бойынша осы Келісімнің 6-бабының 3-тармағына сәйкес талап етілетін дәрежеде одан әрі де жауаптылықта бола берді.
4. Егер қандай да бір елдің мүше болуы тоқтатылған күннен бастап алты (6) айдың ішінде Банк 41-бапқа сәйкес өз қызметін тоқтататын болса, мұндай елдің барлық құқықтары 41-43-баптардың ережелерімен айқындалады. Мұндай ел көрсетілген баптардың мақсаттары үшін бұрынғысынша Банкке мүше болып есептеледі, бірақ ол дауыс беру құқығынан айырылады.
VII ТАРАУ
БАНК ҚЫЗМЕТІН ТОҚТАТА ТҰРУ ЖӘНЕ ТҮПКІЛІКТІ ТОҚТАТУ
40-бап Операцияларды уақытша тоқтата тұру
Төтенше жағдайларда Директорлар кеңесі жаңа қарыздарға, кепілдіктерге, капиталға қатысуға және қаржыландырудың басқа нысандарына қатысты операцияларды осы Келісімнің 11-бабының 2 (vі) тармақшасы негізінде орын алған жағдайды қарауға және мәні бойынша шешім қабылдауға Басқарушылар кеңесінде мүмкіндік болған кезге дейін уақытша тоқтата алады.
41-бап Операцияларды түпкілікті тоқтату
1. Банк осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей басым көпшілік дауыспен бекітілген Басқарушылар кеңесі шешімінің негізінде өз операцияларын түпкілікті тоқтата алады.
2. Операциялар осылай тоқтатылған кезде Банк осы кезден бастап реттелген сатуға, консервациялауға және өз активтерінің сақталуын қамтамасыз етуге және оның міндеттемелерін орындауға бағытталғанды қоспағанда, бүкіл қызметін тоқтатады.
42-бап Банкке мүше мемлекеттердің жауаптылығы және талаптарға ақы төлеу
1. Банк операциялары түпкілікті тоқтатылған жағдайда, оның барлық мүшелерінің Банк капиталына жазылу бойынша қойылмаған талаптарына қатысты, сондай-ақ ұлттық валюталар бағамдарының төмендеуі нәтижесінде пайда болған шығасыларға қатысты жауаптылығы кредиторлардың барлық талаптары, оның ішінде шартты міндеттемелер бойынша орындалғанға дейін сақталады.
2. Тікелей талаптары бар барлық кредиторлар алдымен Банк активтерінен және одан кейін ғана Банк қаражатынан оның акцияларына жазылу талаптары бойынша төленбеген немесе төленуге жататын төлемдер алады. Тікелей талаптары бар кредиторларға қандай да бір төлемдер жүргізердің алдында Директорлар кеңесі тікелей және шартты талаптарды ұстаушылар арасында пропорционалды бөлуді қамтамасыз ету үшін оның пікірі бойынша қажет болып табылатын шараларды қолданады.
43-бап Активтерді бөлу
1. Банкке мүше мемлекеттер арасында олардың Банктің капиталына жазылуы есебіне активтерді:
(і) кредиторлар алдындағы барлық міндеттемелер өтелгенге немесе қамтамасыз етілгенге дейін; және
(іі) мұндай болу Басқарушылар кеңесінің осы Келісімнің 28-бабына сәйкес басым көпшілік дауыспен қабылданған шешімімен бекітілгенге дейін ешқандай бөлу жүргізілмейді.
2. Банк активтерін мүшелерге кез келген бөлу әр мүше мемлекеттің капитал үлесіне пропорционалды жүргізіледі және Банк әділ әрі бірдей деп санайтын мерзімдер мен шарттарда жүзеге асырылады. Бөлінетін активтердің үлестері активтер түрлеріне қатысты біртекті болуы міндетті емес. Банкке мүше мемлекеттің ешқайсысы активтерді осындай бөлу кезінде ол Банк алдындағы өзінің барлық міндеттемелерін реттемейінше өз үлесін алуға құқылы емес.
3. Осы Бапқа сәйкес бөлінетін активтерді алатын Банкке мүше кез келген мемлекет олар бөлінгенге дейін Банк пайдаланған осы активтерге қатысты құқықтарды пайдаланады.
IX ТАРАУ
МӘРТЕБЕ, ИММУНИТЕТТЕР, АРТЫҚШЫЛЫҚТАР МЕН АЛЫП ҚОЮЛАР
44-бап Осы тараудың мақсаттары
1. Банкке өз мақсаттарына қол жеткізу және оған жүктелген функцияларды орындау мүмкіндігін беру үшін Банкке мүше әрбір мемлекет аумағында оған осы тарауда көзделген мәртебе, иммунитеттер, артықшылықтар мен алып қоюлар беріледі.
2. Банкке мүше әрбір мемлекет осы тарауда баяндалған ережелерді өз аумағында орындауы үшін қажетті шараларды кейінге қалдырмай қабылдауға және Банкті қабылданған әрекеттер туралы ақпараттандыруға тиіс.
45-бап Банктің мәртебесі
Банк толық құқық субъектілігіне ие және атап айтқанда:
(і) шарттар жасасуға;
(іі) жылжымайтын және жылжымалы мүлікті сатып алуға және оған билік етуге;
(ііі) процестік әрекеттерге бастамашылық етуге және оларға ден қоюға;
(іv) Банк мақсаттары мен қызметі үшін қажетті немесе пайдалы болуы мүмкін басқа да шараларды қабылдауға толық құқық қабілеттілігіне ие.
46-бап Сот қудалауынан иммунитет
1. Банк өзінің қарыз алулар немесе басқа да тәсілдер есебінен қаражат тарту, міндеттемелерге кепілдік беру, бағалы қағаздарды сатып алу және сату немесе бағалы қағаздарды орналастыруды жүзеге асыру өкілеттіктерін іске асыруға байланысты туындаған жағдайларды қоспағанда, Банк құқықтық қудалаудың кез келген нысанына қарсы иммунитетті пайдаланады және мұндай жағдайларда Банк өкілдігі орналасқан немесе сотқа шақыртуды немесе сот процесі жөніндегі хабарды алу үшін Банк өкілін тағайындаған не бағалы қағаздар шығарған немесе оларға кепілдік берген елдің аумағында тиісті юрисдикция сотында ғана Банкке қарсы сот талқылаулары қозғалуы мүмкін.
2. Осы Баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, Банктің қандай да бір мүшесі, Банкке мүше мемлекеттің мемлекеттік органы немесе өзге де институты немесе мүше мемлекеттің, оның органының немесе институттың атынан тікелей немесе жанама әрекет ететін немесе тиісті талап ету құқығын алған заңды немесе жеке тұлға Банкке қарсы ешқандай сот талқылауларын қозғай алмайды. Банкке мүше мемлекеттер осы Келісімде, Банктің регламентінде және ережелерінде немесе Банкпен жасалған шарттарда көзделген Банк пен оған мүше мемлекеттер арасындағы келіспеушіліктерді реттеудің арнайы рәсімдеріне жүгінуге құқылы.
3. Банктің меншігі мен активтері олар қай жерде болмасын және олардың ұстаушысы кім болмасын, Банкке қатысты соңғы сот шешімі шығарылғанға дейін тәркілеудің, тыйым салудың кез келген нысандарынан немесе өзге де орындау нысандарынан иммунитетке ие болады.
47-бап Активтер мен архивтер иммунитеті
1. Банктің мүлкі мен активтері, олар қай жерде болмасын және олардың ұстаушысы кім болмасын, тінту, тәркілеу, экспроприациялау немесе атқарушылық немесе заңды әрекеттер арқылы алып қоюдың немесе иеліктен айырудың кез келген өзге нысанынан иммунитетке ие.
2. Банк архивтеріне және тұтастай алғанда, оған тиесілі немесе ол сақтайтын барлық құжаттар, олар қай жерде болмасын және олардың ұстаушысы кім болмасын, қол сұғылмайтын болып табылады.
48-бап Активтердің шектеулерден еркіндігі
Мақсаттарға қол жеткізу және функцияларды орындау үшін қажетті дәрежеде және осы Келісімнің ережелері сақталған жағдайда, Банктің барлық мүлкі мен өзге де активтері кез келген сипаттағы шектеулерден, ұйғарымдардан, бақылау мен мораторийлерден босатылады.
49-бап Байланыс саласындағы артықшылықтар
Банкке мүше әрбір мемлекет Банктің ресми хабарламаларына кез келген басқа мүшенің ресми хабарламаларына берілетіндей режимді ұсынады.
50-бап Лауазымды адамдар мен қызметкерлердің иммунитеттері және артықшылықтары
Банктің барлық басқарушылары, директорлары, олардың орынбасарлары, президенті, вице-президенті, Банк үшін жұмысты немесе басқа да көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын сарапшылар мен консультанттарды қоса алғанда, Банктің басқа да лауазымды адамдары мен жұмыскерлері:
(і) Банк сот қудалауынан иммунитеттен бас тартқан жағдайлардан басқа, өзінің ресми өкілеттіліктерін орындауы шеңберінде қабылдайтын әрекеттерге қатысты сот қудалауына қарсы иммунитетті пайдаланады, ал олардың барлық ресми қағаздары, құжаттары мен есепке алу құжаттамасы қол сұғылмай пайдаланылады;
(іі) олар осы елдің азаматтары немесе өкілдері болып табылмайтын жағдайда, көшіп келу шектеулеріне, шетелдіктерді тіркеу жөніндегі талаптарға және мемлекеттік әскери міндетке қарсы иммунитетті және Банкке мүше мемлекеттер салыстырмалы рангтағы басқа мүше мемлекеттердің өкілдеріне, лауазымды адамдары мен қызметкерлеріне беретін валюталық заңнама нормаларына қатысты жеңілдіктерді пайдаланады;
(ііі) орын ауыстыру шарттары мен еркіндіктеріне қатысты салыстырмалы рангтағы басқа мүше мемлекеттер өкілдеріне, лауазымды адамдарына және қызметкерлеріне қолданылатындай ұқсас артықшылықтарды пайдаланады.
51-бап Салық салудан босату
1. Банк, оның мүлкі, активтері, кірістері, сондай-ақ осы Келісімге сәйкес жүргізілетін операциялар мен мәмілелер кез келген салық салуға және барлық кедендік алымдарға иммунитетті пайдаланады. Банк қандай да бір салықтарды немесе алымдарды жинау, ұстап қалу немесе төлеу бойынша кез келген міндеттемелерден де босатылады.
2. Банкке мүше мемлекет ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжатты сақтауға бере отырып, өзіне және өзінің саяси органдарына осындай мүше мемлекеттің азаматтарына немесе өкілдеріне Банк төлейтін жалақыдан және өзге де сыйақыдан салықтар алу құқығын бекіту туралы өтініш ұсынатын жағдайларды қоспағанда, директорларға, олардың орынбасарларына, президентке, вице-президенттерге және Банк үшін жұмысты және өзге де көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын сарапшылар мен консультанттарды қоса алғанда, Банктің өзге де лауазымды адамдары мен қызметкерлеріне жалақыдан және басқа да сыйақыдан, өтемақылардан, келтірілген шығыстардан немесе Банк жүзеге асыратын өзге де төлемдерге байланысты ешқандай салықтар алынбайды.
3. Ешқандай міндеттемелерге немесе дивидендтерді немесе олардың пайыздарын қоса алғанда, оларды ұстаушыға қарамастан, Банк шығарған бағалы қағаздардың ешқайсысына, егер тиісті талаптар:
(і) осындай міндеттемелерге немесе Банк шығарды деген негізбен бағалы қағаздарға қатысты кемсітушілік болып табылса; не
(іі) мұндай салық салу үшін жалғыз заңдық негіз осы қағаздар шығарылатын орын немесе валюта немесе олармен төленуі тиіс немесе төленетін валюта, сондай-ақ қандай да бір өкілдіктің орналасқан жері немесе Банк қолдайтын қызметтің орны болып табылса, ешқандай салық салынбайды.
4. Ешқандай міндеттемелерге немесе дивидендтерді немесе олардың пайыздарын қоса алғанда, оларды ұстаушыға қарамастан Банк кепілдік берген бағалы қағаздардың ешқайсысына, егер тиісті талаптар:
(і) оларға Банк кепілдік бергені үшін ғана осындай міндеттемелерге немесе бағалы қағаздарға қатысты кемсітушілік болып табылса; не
(іі) мұндай салық салу үшін жалғыз заңды негіз Банк қолдайтын қандай да бір өкілдіктің тұрған жері немесе қызмет ету орны болып табылса, ешқандай салық салынбайды.
52-бап Иммунитеттен, артықшылықтардан және алып қоюлардан бас тарту
1. Банк өз қалауы бойынша осы тарауға сәйкес ұсынылатын кез келген артықшылықтардан, иммунитеттерден немесе алып қоюлардан, мұны осылайша және Банктің ең жақсы мүдделеріне жауап береді деп санайтын шарттарда жасай отырып, кез келген сәтте және кез келген жағдайларда бас тарта алады.
X ТАРАУ
ТҮЗЕТУЛЕР, ТҮСІНДІРУ ЖӘНЕ ТӨРЕЛІК
53-бап Түзетулер
1. Осы Келісім осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей, басым көпшілік дауыспен қабылданған Басқарушылар кеңесінің шешімімен ғана өзгеруі мүмкін.
2. Осы Баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, мыналарға:
(і) Банктен шығу құқығына;
(іі) осы Келісімнің 7-бабының 3 және 4-тармақтарында көзделген жауаптылық шектеулеріне;
(ііі) осы Келісімнің 5-бабының 4-тармағында көзделген капиталдың үлесін сатып алуға қатысты құқықтарға өзгерістер енгізетін кез келген түзетуді қабылдау үшін Басқарушылар кеңесінің бір ауыздан мақұлдауы талап етіледі.
3. Осы Келісімге өзгерістер енгізу туралы Банк мүшесінен не Директорлар кеңесінен түсетін кез келген ұсыныс Басқарушылар кеңесінің төрағасына беріледі, ол ұсынысты Басқарушылар кеңесінің талқылауына шығарады. Түзетулер бекітілгеннен кейін Банк бұл фактіні барлық мүше мемлекеттердің атына жіберілетін ресми хабарламамен куәландырады. Түзету, егер Басқарушылар кеңесі күшіне енудің басқа мерзімін белгілемесе, мұндай ресми хабарлама жіберілген күннен кейін үш (3) ай өткен соң Банкке мүше барлық мемлекеттер үшін күшіне енеді.
54-бап Түсіндіру
1. Банктің кез келген мүшесі мен Банктің арасында не Банкке мүше екі және одан көп мемлекет арасында туындайтын осы Келісімнің ережелерін түсіндірудің немесе қолданудың кез келген мәселесі шешім қабылдау үшін Директорлар кеңесінің қарауына шығарылады. Кеңестің құрамында қаралатын мәселеде мүдделері тікелей қозғалған, Банкке мүше мемлекеттің азаматы болып табылатын директор болмаған жағдайда, Банктің осы мүшесі осындай қарау барысында Директорлар кеңесінде тікелей өкілдік етуге құқылы; алайда мұндай мүше мемлекет өкілінің дауыс беру құқығы болмайды. Көрсетілген өкілдік құқығын Басқарушылар кеңесі регламенттейді.
2. Осы Баптың 1-тармағына сәйкес Директорлар кеңесі шешім қабылдаған әрбір жағдайда кез келген мүше мемлекет осы мәселені шешімі түпкілікті болып табылатын Басқарушылар кеңесінің қарауына беруді талап ете алады. Басқарушылар кеңесі шешім қабылдағанға дейін Банк, егер өзі қажет деп есептесе, Директорлар кеңесі шешімінің негізінде әрекет ете алады.
55-бап Төрелік
Банк қызметінің түпкілікті тоқтатылуы туралы шешім қабылданғаннан кейін Банк пен одан шыққан Банкке мүше мемлекет арасында не Банк пен оның кез келген мүшесінің арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда, мұндай келіспеушіліктер 3 (үш) төрешіден тұратын аралық соттың шешуіне беріледі. Төрешілердің біреуін Банк, екіншісін - мүдделі ел, ал үшіншісін - егер тараптар өзге келісімге келмесе, БҰҰ Халықаралық сотының Президенті немесе Басқарушылар кеңесі бекіткен қағидаларға сәйкес айқындалуы мүмкін өзге орган тағайындайды. Түпкілікті және тараптардың орындауы үшін міндетті болып табылатын шешімді қабылдау үшін төрешілердің көпшілік дауысы жеткілікті. Осындай мәселелер бойынша тараптар арасында келіспеушіліктер туындаған әрбір жағдайда, үшінші төрешінің рәсімдік сипаттағы кез келген мәселені шешуге өкілеттіктері бар.
56-бап Болжалды мақұлдау
Осы Келісімнің 53-бабының 2-тармағына сәйкес әрекеттерді қоспағанда, Банк қандай да бір әрекет жасамас бұрын Банкке мүше қандай да бір мемлекеттің мақұлдауы талап етілетін әрбір жағдайда, егер Банкке осы мүше болжалды әрекет туралы тиісті мүше мемлекетті хабардар ету кезінде Банк белгілеуі мүмкін ақылға қонымды мерзімде наразылықтар ұсынбаған болса, тиісті мақұлдау берілді деп есептеледі.
ХІ ТАРАУ
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
57-бап Қол қою және сақтауға беру
1. Қытай Халық Республикасының Үкіметінде (бұдан әрі - Депозитарий) сақтауға қойылған осы Келісім А қосымшасында келтірілген елдердің Үкіметтері қол қою үшін 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейін ашық.
2. Депозитарий осы Келісімнің куәландырылған көшірмелерін оған қол қойған барлық тараптарға және Банктің мүшелері болатын басқа елдерге жібереді.
58-бап Ратификация, қабылдау немесе бекіту
1. Осы Келісім оған қол қойған тараптардың ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады. Ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы құжаттар Депозитарийде 2016 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірілмей немесе қажет болған жағдайда, осы Келісімнің 28-бабында көзделгендей, арнайы көпшілік дауыспен қабылданған, Басқарушылар кеңесінің шешімімен белгіленуі мүмкін неғұрлым кеш күннен кешіктірілмей сақтауға қойылады. Депозитарий Келісімге қол қойған әрбір тарапты әрбір сақтауға қою және оны жүзеге асыру күні туралы тиісті түрде хабардар етеді.
2. Келісімге қол қойған, ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы құжаты осы Келісім күшіне енген күнге дейін сақтауға қойылатын тарап осы күні Банктің мүшесі болады. Алдыңғы тармақтың ережелерін орындаған, Келісімге қол қойған басқа тарап ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы оның құжатын сақтауға қою күні Банктің мүшесі болады.
59-бап Күшіне ену
Осы Келісім ратификациялау, қабылдау немесе бекіту туралы құжаттарды бастапқы жазылуы осы Келісімнің А қосымшасында белгіленген жалпы жазылудың кемінде елу (50) пайызын білдіретін қол қойған тараптардың кемінде оны (10) сақтауға қойған жағдайда күшіне енеді.
60-бап Ұлықтау отырысы және қызметтің басталуы
1. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Банкке мүше әрбір мемлекет басқарушыны тағайындайды және Депозитарий Басқарушылар кеңесінің ұлықтау отырысын шақырады.
2. Басқарушылар кеңесі өзінің ұлықтау отырысында:
(і) Президентті сайлайды;
(іі) Басқарушылар кеңесі Банкке әлі мүше бола қоймаған мүше мемлекеттер мен қол қойған тараптар санын ескере отырып, ұзақтығы екі жылдан аз бастапқы кезеңге директорлардың аз құрамын сайлауды шеше алатынын назарға ала отырып, осы Келісімнің 25-бабының 1-тармағына сәйкес Банк директорларын сайлайды;
(ііі) Банк қызметінің басталу мерзімін айқындау үшін шаралар қолданады;
(іv) Банк операцияларын бастауға дайындалу үшін қажетті басқа шараларды қолданады.
3. Банк қызметінің басталу күні туралы Банк өз мүшелерін хабардар етеді.
Қытай Халық Республикасы, Пекинде 2015 жылғы 29 маусымда, Депозитарий архивіне сақтауға берілген бір данада ЖАСАЛДЫ, оның ағылшын, қытай және француз тілдеріндегі мәтіндері бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.
А ҚОСЫМША
58-бапқа сәйкес мүше мемлекеттер бола алатын елдер үшін
жарғылық капиталға бастапқы жазылулар бойынша сомалар
Акциялар саны Капиталға жазылу
(млн. АҚШ долл.)
А БӨЛІГІ
ӨҢІРЛІК МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕР
Аустралия 36 912 3 691,2
Әзербайжан 2 541 254,1
Бангладеш 6 605 660,5
Бруней-Даруссалам 524 52,4
Камбоджа 623 62,3
Қытай 297 804 29 780,4
Грузия 539 53,9
Үндістан 83 673 8 367,3
Индонезия 33 607 3 360,7
Иран 15 808 1 580,8
Израиль 7 499 749,9
Иордания 1 192 119,2
Қазақстан 7 293 729,3
Корея 37,388 3 738,8
Кувейт 5 360 536,0
Қырғыз Республикасы 268 26,8
Лаос Халық
Демократиялық Республикасы 430 43,0
Малайзия 1 095 109,5
Мальдив 72 7,2
Моңғолия 411 41,1
Мьянма 2 645 264,5
Непал 809 80,9
Жаңа Зеландия 4 615 461,5
Оман 2 592 259,2
Пәкістан 10 341 1 034,1
Филиппин 9 791` 979,1
Қатар 6 044 604,4
Ресей 65 362 6 536,2
Сауд Арабиясы 25 446 2 544,6
Сингапур 2 500 250,0
Шри-Ланка 2 690 269,0
Тәжікстан 309 30,9
Таиланд 14 275 1 427,5
Түркия 26 099 2 609,9
Біріккен Араб Әмірліктері 11 857 1 185,7
Өзбекстан 2 198 219,8
Вьетнам 6 633 663,3
Нақты елдерге
жатқызылмағандар 16 150 1 615,0
БАРЛЫҒЫ 750 000 75 000,0
Б БӨЛІГІ
ӨҢІРЛІК ЕМЕС МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕР
Аустрия 5 008 500,8
Бразилия 31 810 3 181,0
Дания 3 695 369,5
Мысыр 6 505 650,5
Финляндия 3 103 310,3
Франция 33 756 3 375,6
Германия 44 842 4 484,2
Исландия 176 17,6
Италия 25 718 2 571,8
Люксембург 697 69,7
Мальта 136 13,6
Нидерланд 10 313 1 031,3
Норвегия 5 506 550,6
Польша 8 318 831,8
Португалия 650 65,0
Оңтүстік Африка 5 905 590,5
Испания 17 615 1 761,5
Швеция 6 300 630,0
Швейцария 7 064 706,4
Біріккен Корольдік 30 547 3 054,7
Нақты елдерге
жатқызылмағандар 2 336 233,6
БАРЛЫҒЫ 250 000 25 000,0
ЖАЛПЫ ЖИЫНЫ 1 000 000 100 000,0
В ҚОСЫМША
ДИРЕКТОРЛАРДЫ САЙЛАУ
Басқарушылар кеңесі мына ережелерге сәйкес әрбір директорлар сайлауын өткізу жөніндегі қағидаларды белгілейді.
1. Дирекциялар. Әрбір директор дирекцияны құрайтын бір немесе бірнеше мүше мемлекеттің атынан өкілдік етеді. Осындай әрбір дирекцияның құқығы бар дауыстардың жалпы жиынтық саны директордың 28-баптың 3-тармағына сәйкес беруге құқығы бар дауыс санына тең.
2. Дирекцияға тиесілі дауыстар саны. Әрбір сайлау үшін Басқарушылар кеңесі директорларды Банктің өңірлік мүшелерінің атынан өкілдік ететін басқарушылардың (өңірлік директорларды) сайлауы үшін қажетті, дирекцияға тиесілі дауыстардың ең төмен пайызын және Банктің өңірлік емес мүшелерінің атынан өкілдік басқарушылардың директорларды (өңірлік емес директорларды) сайлауы үшін қажетті, дирекцияға тиесілі дауыстардың ең төмен пайызын белгілейді.
(а) Өңірлік директорларды сайлау үшін қажетті ең төмен пайыз өңірлік мүшелердің атынан өкілдік ететін басқарушылардың (өңірлік басқарушылардың) сайлау барысында беруге құқығы бар дауыстардың жалпы санының үлесі түрінде белгіленеді. Өңірлік директорларды сайлау үшін бастапқы ең төмен пайыз 6 %-ды құрайды.
(b) Өңірлік емес директорларды сайлау үшін қажетті ең төмен пайыз өңірлік емес мүшелердің атынан өкілдік ететін басқарушылардың (өңірлік емес басқарушылардың) сайлау барысында беруге құқығы бар дауыстардың жалпы санының үлесі түрінде белгіленеді. Өңірлік емес директорларды сайлау үшін бастапқы ең төмен пайыз 15 %-ды құрайды.
3. Түзетілген пайыз. Төмендегі 7-тармаққа сәйкес дауыс берудің кейінгі турларында қажеттілік туындаған жағдайларда әртүрлі дирекцияларға тиесілі дауыстарды түзету мақсатында Басқарушылар кеңесі әрбір сайлау үшін өңірлік директорларды сайлауға арналған түзетілген пайызды және өңірлік емес директорларды сайлауға арналған түзетілген пайызды белгілейді. Барлық жағдайларда түзетілген пайыз тиісті ең төмен пайыздан жоғары болуға тиіс.
(а) Өңірлік директорларды сайлау үшін қажетті түзетілген пайыз өңірлік басқарушылардың сайлау барысында беруге құқығы бар дауыстардың жалпы санының үлесі түрінде белгіленеді. Өңірлік директорларды сайлауға арналған бастапқы түзетілген пайыз 15 %-ды құрайды.
(b) Өңірлік емес директорларды сайлау үшін қажетті түзетілген пайыз өңірлік емес басқарушылардың сайлау барысында беруге құқығы бар дауыстардың жалпы санының үлесі түрінде белгіленеді. Өңірлік емес директорларды сайлауға арналған бастапқы ең төмен пайыз 60 %-ды құрайды.
4. Кандидаттар саны. Әрбір сайлау үшін Басқарушылар кеңесі осы Келісімнің 25-бабының 2-тармағына сәйкес Директорлар кеңесінің саны мен құрамы туралы оның шешімдерін ескере отырып, сайлауға жататын өңірлік директорлар мен өңірлік емес директорлардың санын белгілейді.
(а) Өңірлік директорлардың бастапқы саны тоғызды құрайды.
(b) Өңірлік емес директорлардың бастапқы саны үшті құрайды.
5. Кандидаттарды ұсыну. Әрбір басқарушының тек бір кандидатты ұсынуға құқығы бар. Өңірлік директор лауазымына кандидаттарды өңірлік басқарушылар ұсынады. Өңірлік емес директор лауазымына кандидаттарды өңірлік емес басқарушылар ұсынады.
6. Дауыс беру. Әрбір басқарушының осы Келісімнің 28-бабының 1-тармағына сәйкес өзін тағайындаған мүше мемлекеттің құқығы бар барлық дауыстарды бере отырып, бір кандидатқа дауыс беруге құқығы бар. Өңірлік директорлар өңірлік басқарушылардың дауыс беру нәтижелері бойынша сайланады. Өңірлік емес директорлар өңірлік емес басқарушылардың дауыс беру нәтижелері бойынша сайланады.
7. Дауыс берудің бірінші туры. Бірінші тур барысында саны сайлануға жататын директорлар санынан аспайтын, ең көп дауыс санын алған кандидаттар осы кандидаттардың тиісті ең төмен пайызға қол жеткізу үшін жеткілікті дауыс санын алғаны туралы шарт сақталған жағдайда директорлар лауазымына сайланған болып есептеледі.
(а) Дауыс берудің бірінші туры барысында директорлардың қажетті саны сайланбаған, ал кандидаттар саны сайланатын директорлар санына тең болған жағдайларда, Басқарушылар кеңесі жағдайға қарай, өңірлік директорлар немесе өңірлік емес директорлар сайлауын аяқтау үшін алдағы іс-қимылдар туралы шешім қабылдайды.
8. Дауыс берудің кейінгі турлары. Дауыс берудің бірінші туры барысында директорлардың қажетті саны сайланбаған, бірақ кандидаттар саны сайланатын директорлар санынан асқан жағдайларда, қажеттілігіне қарай, дауыс берудің кейінгі турлары өткізіледі. Дауыс берудің кейінгі турлары барысында:
(а) Дауыс берудің алдыңғы туры барысында ең аз дауыс санын алған кандидат келесі турға қатысатын кандидаттар қатарынан алып тасталады.
(b) Дауыстарды: (і) алдыңғы турда өз дауыстарын сайланбаған кандидат үшін берген басқарушылар ғана; және (іі) оларға қатысты сайланған кандидат үшін берген дауыстары осы кандидатқа дауыстар санын төмендегі (с) тармақшаға сәйкес тиісті түзетілген пайыздан жоғары көтерген деп есептелетін басқарушылар ғана береді.
(с) Әрбір кандидат үшін дауыс берген барлық басқарушылардың дауыстары тиісті түзетілген пайызды құрайтын дауыстар санынан аспайынша, санды кеміту тәртібімен қосылады. Дауыстары осындай есептеу кезінде ескерілген басқарушылар дауыстары берілген дауыстар санын түзетілген пайыздан асатын деңгейге дейін жеткізген басқарушыны қоса алғанда, өздерінің барлық дауыстарын осы директорға берген болып есептеледі. Көрсетілген есептеу кезінде дауыстары ескерілмеген қалған басқарушыларға қатысты олардың дауыстары түзетілген пайыздан асырылғаннан кейін кандидатқа берілген дауыстардың жалпы санынан асқан деп есептеледі және мұндай басқарушылардың дауыстары осы кандидатты сайлау кезінде ескерілмейді. Мұндай қалған басқарушылардың дауыс берудің келесі турына қатысуға құқығы бар.
(d) Егер дауыс берудің кез келген кейінгі туры барысында бір директор ғана сайланбаған болып қалса, мұндай директорды сайлау үшін қалған дауыстардың қарапайым көпшілігі жеткілікті. Мұндай қалған дауыстар соңғы директорды сайлау кезінде ескерілген деп есептеледі.
9. Дауыстарды табыс ету. Сайлауға қатыспайтын немесе директорды сайлау кезінде дауыстары ескерілмейтін кез келген басқарушы осындай басқарушы осы директорды сайлаған барлық басқарушылардың осындай дауыстарды табыс етуге келісімін алдын ала алған жағдайда, өзінің құқығы бар дауыстарын сайланған директорға беруге құқылы.
10. Құрылтай мүшелердің артықшылықтары. Директорлардың кандидатураларын ұсыну және оларды басқарушылардың сайлауы кезінде, сондай-ақ директорлардың өз орынбасарларын тағайындауы кезінде қағидат сақталады, оған сәйкес құрылтайшы болып табылатын әрбір мүше мемлекетке өз дирекциясында тұрақты негізде немесе ротациялау негізінде директорды немесе директордың орынбасарын тағайындау артықшылығы беріледі.
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісім баптарының ағылшын, қытай және француз тілдеріндегі мәтіні берілген.