Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 15 наурыздағы № 472-V ҚРЗ

      2007 жылғы 21 қарашада Братиславада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак
Республикасының Үкіметі арасындағы
Инвестицияларды көтермелеу және өзара
қорғау туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі,
      екі Уағдаласушы елдің өзара пайдасы үшін экономикалық ынтымақтастықты ұлғайтуға ниет білдіре отырып;
      екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын Уағдаласушы Тараптардың бірі мемлекетінің инвесторлары үшін қолайлы жағдайлар жасауға және қолдауға ниет білдіре отырып;
      мұндай инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау осы саладағы іскерлік бастамаларды ынталандыратынын ұғына отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Айқындамалар

      Осы Келісімнің мақсаты үшін:
      1. «Инвестициялар» термині бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторлары екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес соңғы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестициялайтын активтердің барлық түрлерін және атап айтқанда, бірақ айрықша емес мыналарды:
      (а) жылжымалы және жылжымайтын мүлік немесе кепілге салу, жалға алу немесе кепілдеме сияқты мүліктік құқықтарды;
      (b) компаниялардағы үлестерді, акцияларды, борыштық міндеттемелерді және қатысудың кез келген басқа нысандарын;
      (c) ақшалай талаптарды немесе экономикалық құндылығы бар  келісім-шартқа сәйкес жұмыстарды кез келген орындауды;
      (d) авторлық құқықтарға, патенттерге, өнеркәсіптік үлгілерге немесе модельдерге, техникалық процестерге, сауда белгілері мен қызмет көрсету белгілеріне, сауда маркаларына, ноу-хауға және гуд виллге қатысты құқықтарды және Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес басқа да құқықтарды қоса алғанда, зияткерлік меншік құқықтарын;
      (е) табиғи ресурстарды зерттеуге, жаңғыртуға, алуға немесе пайдалануға арналған концессияларды қоса алғанда, заңнамаға сәйкес немесе келісім-шартқа сай ұсынылған, экономикалық құндылығы бар концессияларды қамтуы мүмкін.
      Активтер инвестицияланатын немесе кері инвестицияланатын нысанды кез келген өзгерту олардың инвестициялар ретіндегі сипатын қозғамауы тиіс.
      2. «Кіріс» термині инвестициялардан алынған соманы білдіреді, атап айтқанда, бірақ айрықша емес пайданы, пайыздарды, дивиденттерді, роялтиді, лицензиялау өтемақылары мен басқа да сыйақыларды қамтиды.
      3. «Инвестор» термині мұндай Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің кез келген жеке немесе заңды тұлғасын білдіреді.
      (a) «жеке тұлға» термині бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылатын және осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес инвестицияларды жүзеге асыруға құқылы келген жеке тұлғаны білдіреді, және
      (b) «заңды тұлға» термині бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған және тіркелген құқылы кез келген заңды тұлғаны білдіреді.
      4. «Аумақ» термині:
      Қазақстан Республикасына қатысты - мемлекет халықаралық құқықтарға сәйкес егемендігін жүзеге асыратын және заңи құзыретін қолданатын құрлықты, суды, жер қойнауын және әуе кеңістігін қоса алғанда, құрлық, теңіз және әуе шекараларының шегіндегі мемлекеттің аумағын;
      Словак Республикасына қатысты - мемлекет халықаралық құқықтарға сәйкес егемендігін, егеменді құқықтарын жүзеге асыратын және заңи құзыретін қолданатын жер аумақтарын, ішкі суларын және олардың үстіндегі әуе кеңістігін білдіреді.
      5. «Еркін айырбасталатын валюта» халықаралық мәмілелер үшін төлемдерді жүзеге асыруға кеңінен пайдаланылатын және негізгі халықаралық валюта нарығында кеңінен айырбасталатын валютаны білдіреді.

2-бап
Инвестицияларды көтермелеу және қорғау

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің аумағында екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларының инвестицияларын көтермелейді және олар үшін қолайлы жағдайлар жасайды және мұндай инвестицияларды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мойындайды.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің аумағында екінші Уағдаласушы Тарап мемлекеті инвесторларының инвестицияларына және инвестицияларынан түсетін кірістерге әділ және тең құқылы режим және толық қорғау мен қауіпсіздікті ұсынады.
      3. Уағдаласушы Тараптардың ешбіреуі де өз мемлекетінің аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың мемлекеті инвесторларының инвестицияларын басқаруды, қолдауды, пайдалануды, иелік етуді немесе басқаша иеленуді өз бетінше немесе кемсітетін шаралармен қандай да түрде бұзбайды.

3-бап
Ұлттық режим және неғұрлым қолайлы режим

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің аумағында екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларына және олардың инвестициялары мен инвестицияларынан түсетін кірістеріне өз инвесторларына не үшінші мемлекеттің инвесторлары мен олардың инвестицияларына инвестицияларды ұлғайтуға, басқаруға, қолдауға, пайдалануға, иелік етуге, сатуға немесе басқа да билік етуге қатысты ұсынған режимнен қолайлылығы кем емес режимді ұсынады.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына және олардың инвестициялары мен инвестицияларынан түсетін кірістеріне осы баптың 1-тармағына сәйкес неғұрлым қолайлы болып табылатын режимді ұсынады.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері кез келген Уағдаласушы Тарап оның кедендік, экономикалық немесе монетарлық одақ, бірыңғай нарық немесе еркін сауда аймағы бойынша оның мүшелігіне немесе міндеттемелеріне байланысты өз инвесторларына, мұндай одаққа, бірыңғай нарыққа немесе еркін сауда аймағына мүше мемлекеттердің немесе кез келген басқа үшінші мемлекеттің инвесторларына берген қолданыстағы немесе болашақтағы басымдықтардың барлығына қолданылмайды.
      4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері Уағдаласушы Тараптардың кез келгені Қосарлы салық салуды болдырмау туралы келісімнің немесе толық немесе ішінара салық салу мәселелеріне қатысы бар кез келген келісімнің негізінде үшінші мемлекеттің инвесторларына беретін кез келген басымдықтарға қолданылмайды.

4-бап
Залалдарды өтеу

      1. Екінші Уағдаласушы Тараптың аумағындағы соғыстың немесе басқа да қарулы қақтығыстың, төңкерістің, көтерілістің, бүліктің, ұлттық төтенше жағдай жай-күйінің немесе азаматтық толқулардың салдарынан залал шеккен бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларына алдыңғы Уағдаласушы Тарап реституцияға, орнын толтыруға, өтеуге немесе кез келген басқа да реттеу нысандарына қатысты, алғашқы Уағдаласушы Тарап инвестор үшін неғұрлым қолайлы болып табылатын, өз инвесторларына немесе үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынатыннан қолайлылығы кем емес режимді ұсынады.
      2. Осы баптың 1-тармағына залалсыз көрсетілген тармақта айтылған кез келген жағдайларда мыналардың:
      (a) Уағдаласушы Тараптың олардың меншіктерін иеліктен айыруы, немесе
      (b) әскери іс-қимылдардан туындамаған немесе жағдайдың қажеттілігімен талап етілмеген екінші Уағдаласушы Тараптың олардың меншіктерін бұзуы нәтижесінде екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында шығынға ұшыраған бір Уағдаласушы Тараптың инвесторлары,
      осындай жағдайларда екінші Уағдаласушы Тарап немесе үшінші мемлекеттің инвесторы алатыннан қолайлылығы кем емес реституция немесе барабар өтемақы алады.

5-бап
Экспроприация

      1. Бір Уағдаласушы Тараптың мемлекеті инвесторларының, инвестициялары экспроприацияланбауы, мемлекет иелігіне алынуы, реквизицияланбауы немесе ұлттық заңнамаға сәйкес кемсітпеушілік негізде және дереу, барабар әрі тиімді өтеумен мемлекеттік мақсаттарда қабылданатын шаралардан басқа, екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында экспроприацияға, мемлекет иелігіне алуға немесе реквизациялауға күші тең әсері бар кез келген басқа да шараларға басқаша түрде ұшырамауы тиіс.
      2. Өтемақы экспроприация жүргізілген күн алдындағы күнге не экспроприация барынша ертерек болып табылатыны жалпыға белгілі болғанға дейінгі экпроприацияланған инвестициялардың нарықтық құнына тең болуы тиіс. Мұндай өтемақы экспроприация күнінен бастап төлем күніне дейін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық ставка жөніндегі пайызды қамтуы тиіс. Өтемақы инвестор инвестицияны жүзеге асырған валютада немесе инвестордың келісімі бойынша кез келген басқа валютада төленуі тиіс. Өтемақы толық іске асырылатын және шектеусіз әрі артық кідіртусіз еркін аударылатын болуы тиіс.
      3. Экспроприациядан зардап шеккен кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторы оның ісін екінші Уағдаласушы Тараптың сот немесе өзге де құзыретті және тәуелсіз билік органдарының дереу қарауына немесе оның инвестицияларын осы бапта белгіленген ережелерге сәйкес бағалауына құқығы бар.
      4. Уағдаласушы Тарап бұл Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес тіркелген немесе құрылған және екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторлары үлестерге ие компания активтерін экспроприациялаған жағдайда осы баптың ережелері дереу, барабар және тиімді өтемақыны қамтамасыз ету үшін қажетті шектерде қолданылатын болады.

6-бап
Аударымдар

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына олар қаржылық міндеттемелерді орындағаннан кейін олардың инвестицияларымен байланысты негізгі сомалар мен кірістерді қоса алғанда, төлемдерді еркін аударуға кепілдік береді. Мұндай төлемдер, атап айтқанда, мыналарды қамтиды, бірақ айрықша емес:
      (a) инвестицияларды ұстауға және дамытуға арналған бастапқы капиталды және қосымша сомаларды;
      (b) кірістерді;
      (с) инвестицияларды толық немесе ішінара сатудан немесе жоюдан түскен түсімді;
      (d) заем туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылатын төлемдерді қоса алғанда, келісім-шарт бойынша төлемдерді;
      (е) 4 және 5-баптарға сәйкес өтемақыны;
      (f) дауларды шешуге байланысты төлемдерді;
      (g) инвестицияларға байланысты шетелде жалданған персоналға төленетін жалақыны және басқа да сыйақыны;
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Баптың 1-тармағында айтылған аударымды аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың аудару күні қолданыстағы валюта айырбастау бағамы бойынша еркін айырбасталатын валютада жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс.
      3. Шетелдік валюта үшін айырбастау нарығы болмаған кезде қолданылатын бағам ретінде Халықаралық валюта қорының ережелеріне сәйкес айқындалған валютаның соңғы бағамы болуы тиіс.
      4. Алайда әрбір Уағдаласушы Тарап осы Баптың 12 және 3-тармақтары үшін нұқсан келтірместен мыналарға:
      (a) қабылдайтын Уағдаласушы Тарап үшін елеулі макроэкономикалық қиыншылықтар немесе төлем теңгерімі бойынша елеулі қиыншылықтар ретінде ерекше жағдайларда қабылдануы мүмкін қажетті уақыт кезеңінде қорғау шараларын қабылдауға;
      (b) кредит берушілердің банкроттығына, төлем қабілетсіздігіне немесе құқықтарын қорғауға;
      (c) бағалы қағаздарды, фьючерстерді, опциондық және туынды қаржы құралдарын шығаруға, сатуға немесе олармен жасалатын операцияларға;
      (d) құқық бұзушылықтарға;
      (е) қаржылық есеп беруге немесе заңды жүзеге асыруға немесе қаржылық бақылау органдарына жәрдемдесу қажет болған кезде аударымдардың есебін жүргізуге;
      (f) валюталық операцияларға;
      (g) сот процестерінде үкімдерді, бұйрықтарды немесе сот шешімдерін орындауды қамтамасыз етуге;
      (h) төленбеген салықтарға немесе басқа міндетті төлемдерге жататын өз ұлттық заңнамасын тең құқылы, кемсітпей және әділ қолдану жолымен алдын ала немесе шектей алады.
      5. 4-тармақтың (а) тармақшасында аталған шаралар туынды немесе кемсітуші болмауы тиіс, шектелген уақыт кезеңінде жүзеге асырылуы және төлем теңгерімінің жағдайымен байланысты қиыншылықтарды реттеу үшін қажетті шаралардан аспауы тиіс. Осы бапқа сәйкес шараларды белгілейтін Уағдаласушы Тарап осы шараларды қабылдау туралы екінші Уағдаласушы Тарапқа кешіктірмей хабарлайды.

7-бап
Суброгациялар

      1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе ол айқындаған агенттік екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестицияларға қатысты берілген кепілдіктер немесе өтемдер бойынша өзінің меншікті инвесторларына төлемді жүзеге асырады, соңғы Уағдаласушы Тарап мыналарды:
      (a) алдыңғы Тарапқа немесе ол айқындаған агенттікке осындай инвестордың кез келген құқықтарға немесе талаптарға көшуін; және
      (b) алдыңғы Уағдаласушы Тарапқа немесе ол айқындаған агенттікке осы инвесторлардың құқықтарын жүзеге асыру және талаптарын орындауға суброгациясына қарай құқық беретінін мойындауы тиіс.
      2. Суброгацияланған құқықтар немесе талаптар инвестордың бастапқы құқықтарынан немесе талаптарынан аспауы тиіс.

8-бап
Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің
инвесторы арасындағы инвестициялық дауларды реттеу

      1. Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тарап мемлекеті инвесторының арасындағы инвестицияларға қатысты кез келген дауды даудың тараптары мүмкіндігінше достық рәуіште шешуі тиіс.
      2. Егер дау кез келген Уағдаласушы Тараптың дау туралы хабарлама жасаған күннен бастап алты (6) ай ішінде шешілмеген болса, ол инвестордың немесе дау тараптарының талабы мен таңдауы бойынша мыналарға:
      (a) аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың жергілікті құзыретті сотына, немесе
      (b) 1965 жылғы 18 наурыздағы Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің жеке немесе заңды тұлғалары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға (бұдан әрі - Вашингтон Конвенциясы) сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа; немесе
      (с) Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) төрелік ережесіне сәйкес құрылатын «ad hoc» төрелік сотына берілуі тиіс.
      3. Дауды жергілікті соттың қарауына жіберген инвестор, егер жергілікті сот қаралатын мәселе бойынша шешім шығарғанға дейін инвестор ұлттық сот рәсімдері арқылы істі одан әрі жалғастырмайтындығын жарияласа және істі қайтарса, осы баптың 2-тармақтың (b) тармақшасында немесе 2-тармақтың (с) тармақшасында аталған төрелік трибуналға жүгінуіне болады.
      4. Вашингтон Конвенциясының 26-бабына нұқcан келтірместен әрбір Уағдаласушы Тарап осымен осы бапқа сәйкес екінші Тарап мемлекетінің инвесторы мен осындай Уағдаласушы Тарап арасындағы оны шешу үшін дауды беруге өз келісімін береді.
      5. Төрешінің шешімі дау тараптары үшін түпкілікті және міндетті болуы тиіс. Әрбір Уағдаласушы Тарап мұндай шешімді кешіктірмей орындауы және өз мемлекетінің аумағында мұндай шешімдерді тиімді орындауды қамтамасыз етуі тиіс.

9-бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды реттеу

      1. Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мүмкіндігінше консультациялар жолымен шешіледі.
      2. Егер дау бұлайша шешілмесе мұндай консультацияларға кез келген Уағдаласушы Тарап жазбаша түрде сұрау салған күннен бастап алты ай ішінде осы баптың ережелеріне сәйкес ол «ad hoc» төрелік соттың (бұдан әрі - төрелік сот) қарауына берілуі тиіс.
      3. Мұндай төрелік сот әрбір жекелеген іс бойынша мынадай үлгіде құрылуы тиіс: төрелік ету туралы өтінішті алғаннан кейін екі (2) ай ішінде әрбір Уағдаласушы Тарап төрелік соттың бір мүшесін тағайындайды. Одан кейін бұл екі мүше екі Уағдаласушы Тарап мақұлдағаннан кейін басқа екі мүше тағайындалған күннен бастап төрт (4) ай ішінде тағайындалатын үшінші мемлекеттің азаматын сот Төрағасы етіп сайлауы тиіс.
      4. Егер осы баптың 3-тармағында айқындалған кезең ішінде қажетті тағайындаулар жасалмаса, кез келген Уағдаласушы Тарап, кез келген басқа келісім болмағанда, БҰҰ Халықаралық сотының Төрағасына осындай тағайындау жасауға сұрау сала алады. Егер Төраға кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылса немесе өзге де жағдай көрсетілген функцияны орындауға кедергі келтірсе, онда БҰҰ Халықаралық сотының Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің азаматы болып табылмайтын, лауазымы бойынша жоғары келесі мүшесі қажетті тағайындауды жасауға шақырылуға тиіс.
      5. Төрелік сот шешімді басым дауыспен қабылдауы тиіс. Мұндай шешім екі Уағдаласушы Тарап үшін де түпкілікті әрі міндетті болуы тиіс. Әрбір Уағдаласушы Тарап төрелік процесте өз төрешісінің және оның өкілдігінің шығыстарын көтереді. Екі Уағдаласушы Тарап Төраға шығыстарын тең үлеспен көтереді. Алайда, төрелік сот өз қалауы бойынша шығыстардың ауқымды бөлігін немесе барлық шығыстарды бір Уағдаласушы Тарап төлейді деп ұйғаруы мүмкін. Барлық қалған қатынастарда төрелік сот өзінің жеке рәсімін айқындайды.
      6. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген дауларға қатысты барлық мәселелер осы Келісімнің ережелеріне және халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттарына сәйкес шешілетін болады.

10-бап
Консультациялар

      Кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша екінші Уағдаласушы Тарап осы Келісімді түсіндіру және/немесе қолдану жөнінде консультациялар жүргізуге кешіктірмей келіседі.

11-бап
Басқа да ережелер мен арнайы міндеттемелерді қолдану

      1. Егер кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасының немесе Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелері екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторлары жүзеге асыратын инвестицияларға осы Келісімде ұсынылатыннан неғұрлым қолайлы режим беретін жалпы немесе ерекше ережелерді қамтитын болса, онда неғұрлым қолайлы режим ұсынылады.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларының инвестицияларына қатысты өзі кірген міндеттемелерді сақтауға кепілдік береді.

12-бап
Осы келісімнің қолданылуы

      Осы Келісім кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторлары екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісім күшіне енгенге дейін және енгеннен кейін жүзеге асырған барлық инвестицияларға қолданылады, бірақ ол күшіне енгенге дейін туындаған және (немесе) реттелген инвестицияларға жататын кез келген дауға немесе талапқа қолданылмайды.

13-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша нысанда бір-біріне хабар беретін дипломатиялық арналар арқылы соңғы хабарламаны алған күнінен бастап тоқсаныншы (90) күні күшіне енеді.
      2. Осы Келісім он (10) жылға жасалады және егер қандай да бір Уағдаласушы Тарап болжалды шығу күніне дейін кемінде 12 ай бұрын осы Келісімнің күшін тоқтату ниеті туралы екінші Уағдаласушы Тарапқа алдын ала жазбаша хабарлама жібермесе, ол өткеннен кейін белгіленбеген мерзімге ұзартылады.
      3. Осы Келісімді тоқтату күніне дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты 1-12-баптардың ережелері осы Келісім тоқтатылған күннен бастап одан арғы 10 (он) жыл мерзімге күшінде қалады.
      4. Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      Осыны растау үшін тиісті түрде өкілеттік берілгендер осы Келісімге қол қойды.

      2007 жылы қарашаның 21-де Братислава қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ, словак, ағылшын және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндер дәлме-дәл болып табылады. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде ауытқушылықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін негізге алынады.

      Қазақстан Республикасының      Словак Республикасының
           Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

          Ғалым Оразбақов                 Ян Почиатек
    Индустрия және сауда министрі        Қаржы министрі

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің ағылшын және словак тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады