Лотереялар және лотерея қызметі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 9 сәуірдегі № 495-V ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 18-баптан қараңыз.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Кіріспе алып тасталды – ҚР 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бас жүлде – тираждың ұтыс ойынын өткізу барысында ойнатылмаған және лотереяны өткізу шарттарына сәйкес бір тираждан келесі тиражға ауысатын тираждық лотереяның жүлде қорының бір бөлігі;

      2) жүлде қоры – лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін тарату (өткізу) есебінен не лотерея операторының дербес қаражаты есебінен қалыптастырылатын және лотереяға қатысушыларға ұтыс түрінде төленетін ақша және (немесе) өзге де мүлік;

      3) жүлде қорының ұтыс ойыны – лотерея билеттері, электрондық лотерея билеттері таратылғаннан (өткізілгеннен) кейін жүргізілетін және ұтқан лотереяға қатысушыны (қатысушыларды) анықтауға бағытталған процесс;

      4) лотерея – осы Заңға, лотереяны өткізу талаптарына және шарттарына сәйкес өткізілетін, егер ол лотереяны өткізу шарттарына сәйкес ұтқан деп танылатын болса, бір тарап (лотерея операторы) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізетін, ал екінші тарап (лотереяға қатысушы) ұтысқа құқық алатын ойын. Коммерциялық ұйымдардың тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) сатуын ынталандыруға бағытталған жүлделердің ұтыс ойыны лотерея болып табылмайды;

      5) лотереялық ақпаратты өңдеу орталығы – байланыс желілеріне қосылған және таратылған (өткізілген) лотерея билеттері, электрондық лотерея билеттері, өткізілген лотерея билеттерінен, электрондық лотерея билеттерінен түскен түсім, төленген ұтыстар туралы ақпаратты алуға, сақтауға және есепке алуға және оны лотерея операторынан лотереялық есептілік орталығына беруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

      6) лотерея билеті – лотереяға қатысу құқығын растайтын құжат;

      7) лотерея есептілігінің орталығы – байланыс желілері арқылы лотерея ақпаратын өңдеу орталығына қосылған, таратылған (өткізілген) лотерея билеттері, электрондық лотерея билеттері, өткізілген лотерея билеттерінен, электрондық лотерея билеттерінен түскен түсім, төленген ұтыстар туралы ақпаратты лотерея операторынан уақтылы алуға мүмкіндік беретін аппараттық-бағдарламалық кешен;

      8) лотерея жабдығы – ұтыс комбинациясын анықтауға арналған құрылғы немесе құрылғылар (кездейсоқ сандардың генераторы, механикалық, электрлік, электрондық немесе өзге де техникалық құрылғылар);

      9) лотереялар және лотерея қызметі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – лотереялар және лотерея қызметі саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) лотерея комбинациясы – лотереяны өткізу шарттарында көзделген, лотерея билетінде, электрондық лотерея билетінде көрсетілген нышандар (жазбалар, сандар, белгілер, суреттер) жиынтығы;

      11) лотереяға қатысушы – жүлде қорының ұтыс ойынына қатысу құқығын беретін лотерея билетін, электрондық лотерея билетін иеленген, он сегіз жасқа толған жеке тұлға;

      11-1) лотерея мобильді қосымшасы – лотерея операторының ұялы байланыстың абоненттік құрылғысында орнатылған және іске қосылған электрондық лотерея билеттерін өткізуге (ресімдеуге) қолжетімділік беретін бағдарламалық өнімі;

      12) алып тасталды – ҚР 10.06.2020 № 343-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      13) лотерея операторы – лотерея өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      14) лотереяны өткізу – лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін дайындау не оларды дайындауға арналған шарттарды жасасу, сондай-ақ лотереялық жабдықты және лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де жабдықты, бағдарламалық өнімдерді дайындаушымен шарттарды және (немесе) лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де шарттарды (келісімшарттарды) жасасуды, лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін таратуды (өткізуді) және есепке алуды, жүлде қорының ұтысын ойнатуды, ұтыс шыққан лотерея билеттеріне, электрондық лотерея билеттеріне сараптама жасауды, лотереяға қатысушыларға ұтыстарды төлеуді, лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де іс-қимыл мен іс-шараларды жүзеге асыруды қамтитын іс-шараларды жүзеге асыру;

      14-1) лотерея таратушы (агенті) – сыйақы үшін лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін таратуды (өткізуді), ұтыс шыққан лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін тексеруді, сондай-ақ лотерея операторы атынан және есебінен ұтыстар төлеуді жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

      15) лотерея терминалы – лотерея билеттерін өткізуге (ресімдеуге) арналған жабдық;

      16) мезеттік лотерея – ұтыстарды анықтауға мүмкіндік беретін нышандар (жазбалар, сандар, белгілер, суреттер) жиынтығы лотерея билеттеріне, электрондық лотерея билеттеріне дайындау сатысында және олар лотереяға қатысушылар арасында таратылғанға (өткізілгенге) дейін салынатын лотерея түрі. Мезеттік лотереяны өткізу кезінде мұндай лотереяға қатысушы лотерея билеті, электрондық лотерея билеті ақысы төленгеннен кейін және лотерея билеті, электрондық лотерея билеті берілгеннен (ресімделгеннен) кейін тікелей өз ұтысының бар екенін және мөлшерін немесе оның жоқ екенін анықтайды;

      17) тираж – лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүлде қорының (жүлде қорының бір бөлігінің) ұтыс ойынына қатысатын таратылған (өткізілген) лотерея билеттерінің, электрондық лотерея билеттерінің саны;

      18) тираждық лотерея – лотереяға қатысушылар арасында жүлде қорының ұтыс ойыны лотерея жабдығын пайдалану арқылы лотерея билеттері, электрондық лотерея билеттері таратылғаннан (өткізілгеннен) кейін бір мезгілде өткізілетін лотерея түрі;

      19) ұтыс – лотерея операторы лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жеңімпаз деп танылған лотереяға қатысушыға лотереяны өткізу шарттарына сәйкес мөлшермен және нысанда (ақшамен немесе заттай) төлейтін жүлде қорының бір бөлігі.

      20) электрондық лотерея билеті – лотереяға қатысу құқығын растайтын электрондық-цифрлық нысандағы құжат.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 10.06.2020 № 343-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

1-1-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасының мақсаттары мен міндеттері

      1. Лотереяға қатысушылар құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз ету, лотерея операторының қызметін реттеу Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасының мақсаттары болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасының міндеттері:

      1) лотереялар және лотерея қызметін ұйымдастырудың және оны өткізудің шарттары мен ерекшеліктерін айқындау;

      2) лотереялар және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау мен реттеудің ұйымдастырушылық негіздерін белгілеу.

      Ескерту. 1-1-баппен толықтырылды – ҚР 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Лотерея және лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар

      Лотерея және лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар:

      1) лотереяға қатысушылардың ұтысқа мүмкіндіктерінің теңдігі болжанатын, лотереяға қатысу шарттарының теңдігін қамтамасыз ету;

      2) лотереяны өткізу шарттарының және тираждық лотереялардың жүлде қорының ұтыс ойыны нәтижелерінің міндетті түрде жариялануы болжанатын жариялылықты қамтамасыз ету болып табылады.

4-бап. Лотереяға қатысушылар құқықтарының кепілдіктері

      1. Лотерея операторы мен лотереяға қатысушы арасындағы шарт лотереяға қатысушы лотерея билетінің, электрондық лотерея билетінің құнын төлеген және лотерея билетін, электрондық лотерея билетін берген (ресімдеген) кезден бастап жасалған деп танылады.

      2. Лотерея билетін, электрондық лотерея билетін сатып алу азаматтық-құқықтық міндеттеменің туындауына негіз болады, оған сәйкес лотереяға қатысушы лотерея операторынан мыналарды:

      1) лотереяны өткізу шарттарын сақтауды;

      2) ұтысты төлеуді талап етуге құқылы.

      3. Лотереяға қатысушы лотерея операторының шешімдерін және әрекеттерін (әрекетсіздігін) сотта даулауға құқылы.

      4. Лотерея операторының Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, лотереяны ұтқан қатысушы туралы мәліметтерді, егер оның жазбаша келісімі алынбаса, жария етуге құқығы жоқ.

      5. Лотерея операторы мәртебесінен айырылған жағдайда, лотерея операторы лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін таратуды (өткізуді) тоқтатуға, бұл туралы лотереяға қатысушыларды мерзімді баспасөз басылымдары және лотерея операторының интернет-ресурсы арқылы хабардар етуге, ұтыс ойыны өткізілген тиісті лотерея бойынша ұтыстарға үш ай ішінде төлем жүргізуге және жүлде қорының ұтыс ойыны өткізілмеген, сатылған лотерея билеттері, электрондық лотерея билеттері үшін ақшаны қайтаруға міндетті.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 10.06.2020 № 343-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Лотерея түрлері және оларды өткізу ерекшеліктері

      Ескерту. 5-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 10.06.2020 № 343-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Лотерея оны өткізу тәсіліне қарай мынадай:

      1) мезеттік;

      2) тираждық түрлерге бөлінеді.

      1-1. Лотереяларды өткізу ерекшеліктері лотереялар өткізу қағидаларында айқындалады.

      2. Осы Заңда көзделген тәртіппен ұйымдастырылатын және өткізілетін лотереяларды қоспағанда, Қазақстан Республикасында өзгеше лотереяларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады.

      3. Құмар ойындарды және (немесе) бәс тігуді лотерея түрінде өткізуге жол берілмейді.

      4. Лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея өткізуіне тыйым салынады.

      5. Лотерея операторы немесе лотерея таратушы (агенті) болып табылмайтын тұлғаның лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін таратуына (өткізуіне) тыйым салынады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 10.06.2020 № 343-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. ЛОТЕРЕЯ ЖӘНЕ ЛОТЕРЕЯ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі лотерея және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) лотерея және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;

      1-1) лотерея операторын және оған лотерея өткізу құқығын беру мерзімін айқындайды;

      2) лотереялар және лотерея қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      3) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тәуекелді бағалаудың өлшемшарттарын, тексеру парақтарын әзірлейді және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді;

      3-1) лотереялар өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      3-2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лотереялар және лотерея қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      4) осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 10.06.2020 № 343-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.07.2022 № 131-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. ЛОТЕРЕЯНЫ ӨТКІЗУ

8-бап. Лотерея операторына қойылатын жалпы талаптар

      1. Лотерея операторының лотерея өткізуден басқа кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерімен айналысуға құқығы жоқ.

      2. Мына:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы-шаруашылық қызметі тоқтатыла тұрған;

      2) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілген;

      3) атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар және атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган борышкерлердің тиісті тізіліміне енгізген;

      4) құрылтайшылары (қатысушылары) және (немесе) атқарушы органы және (немесе) олардың үлестес тұлғасы уәкілетті орган басшыларының жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары болып табылатын;

      5) құрылтайшылары (қатысушылары) және (немесе) атқарушы органы және (немесе) олардың үлестес тұлғасы экономика саласындағы қылмысы үшін не ауырлығы орташа қасақана қылмысы, ауыр қылмысы, аса ауыр қылмысы үшін алынбаған немесе өтелмеген сотталғандығы бар және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты тұлғалар тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілген тұлғалар болып табылатын заңды тұлғалар лотерея операторы ретінде әрекет ете алмайды.

      3. Лотерея операторы уәкілетті органда лотерея есептілігінің орталығын орналастыруды қамтамасыз етуге тиіс.

      Лотерея операторы лотерея ақпаратын өңдеу орталығы арқылы таратылған (өткізілген) лотерея билеттері, электрондық лотерея билеттері, өткізілген лотерея билеттерінен, электрондық лотерея билеттерінен түскен түсім, төленген ұтыстар туралы ақпаратты жинауды, қалыптастыруды, сақтауды және есепке алуды және оны лотерея есептілігінің орталығына айына бір реттен сиретпей ұсынуды қамтамасыз етуге тиіс.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 10.06.2020 № 343-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-1-бап. Лотерея таратушы (агенті)

      Лотерея таратушы (агенті) өз қызметін лотерея операторымен жасалатын тапсырма шарты негізінде жүзеге асырады.

      Тапсырма шарты осы Заңда және лотереялар өткізу қағидаларында көзделген лотерея тарату (өткізу) жөніндегі ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалады.

      Ескерту. 3-тарау 8-1-баппен толықтырылды – ҚР 10.06.2020 № 343-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

9-бап. Лотерея терминалына, лотереялық ақпаратты өңдеу орталығына, лотерея есептілігінің орталығына, лотерея жабдығына қойылатын талаптар

      1. Лотерея терминалдары "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексіне) сәйкес модельдері бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген бақылау-касса машиналарымен жарақтандырылуға тиіс.

      Лотерея терминалдары, төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалуды есепке ала отырып, ұтыстарды төлеуді жүзеге асыру мүмкіндігін де көздей алады.

      2. Лотереялық ақпаратты өңдеу орталығы Қазақстан Республикасының аумағында орналасуға тиіс.

      Лотереялық ақпаратты өңдеу орталығы мен лотерея есептілігінің орталығы ақпаратты жоғалудан, ұрланудан, бұрмаланудан, жалған ақпарат жасаудан, рұқсатсыз қолжетімділіктен және оны тарату, бұғаттау, жою, түрлендіру, көшіру жөніндегі әрекеттерден және өзге де заңсыз әрекеттерден қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.

      3. Лотерея жабдығының техникалық сипаттамалары жүлде қорын ұтыс ойынына салу кезінде ұтыстарды бөлудің кездейсоқ болуын қамтамасыз етуге тиіс.

      4. Лотерея жабдығының жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу нәтижелерін осындай ұтыс ойыны басталғанға дейін алдын ала айқындауға мүмкіндік беретін жасырын мүмкіндіктері және (немесе) рәсімдері мен алгоритмдері болмауға тиіс.

      5. Лотерея жабдығы байланыс желісі арқылы лотерея терминалдарымен қосылмауға тиіс.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 10.06.2020 № 343-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

10-бап. Лотереяны өткізу шарттары

      1. Лотереяны өткізу шарттарын лотерея операторы әзірлейді және бекітеді.

      Лотереяны өткізу, өзгерістер мен толықтырулар енгізу шарттары уәкілетті органда осы бапта белгіленген тәртіппен келісілуге тиіс.

      2. Лотереяны өткізу шарттары мынадай мәліметтерді:

      1) лотереяның атауын;

      2) лотерея өткізу тәсілінің, аумағының және технологиясының, сондай-ақ жүлде қорын қалыптастыру тәсілінің көрсетілуін;

      3) орналасқан жері, банктік деректемелері, бизнес сәйкестендіру нөмірі көрсетілген лотерея операторының атауын;

      4) лотерея өткізілетін мерзімдерді;

      5) лотерея тұжырымдамасының сипаттамасын;

      6) лотереяның ұйымдастырушылық-технологиялық сипаттамасын;

      7) лотереяға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін;

      8) ұтты деп танылған лотереяға қатысушыға ұтысты төлеу тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ ұтыс шыққан лотерея билеттеріне, электрондық лотерея билеттеріне сараптама жүргізу мерзімдерін;

      9) лотереяға қатысушыларды лотереяға қатысу қағидалары және жүлде қорын ұтысқа салу нәтижелері туралы хабардар ету тәртібін;

      10) лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін тарату (өткізу) тәртібін;

      11) лотерея билетінің, электрондық лотерея билетінің бағасын;

      12) ұтыстың мөлшері мен нысанын (ақшалай немесе заттай);

      13) жүлде қорының жоспарланып отырған мөлшерін;

      14) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу тәртібін, ұтыстарды айқындау алгоритмін, бас жүлдені (бар болса) қалыптастыру мен ұтысқа салу қағидаларын қамтуға тиіс.

      3. Лотерея операторы лотереяны өткізу, өзгерістер мен толықтырулар енгізу шарттарын уәкілетті органда Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан келісуге міндетті.

      Лотерея операторы уәкілетті органда бекітілген және келісілген лотереяны өткізу шарттарынсыз лотерея өткізуге құқылы емес.

      Лотереяны өткізу, өзгерістер мен толықтырулар енгізу шарттары уәкілетті органмен келісу болмаған кезде жарамсыз деп есептеледі.

      4. Уәкілетті орган лотерея өткізу, өзгерістер мен толықтырулар енгізу шарттарын келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде келіседі не келісуден бас тартады.

      5. Лотерея операторы уәкілетті органмен келісілген лотереяны өткізу шарттары бекітілгеннен кейін олардың түпнұсқа данасын оны өткізу басталғанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей уәкілетті органға жіберуге және лотереяны өткізу шарттарын күнтізбелік бір күннен кешіктірмей өзінің интернет-ресурсына орналастыруға міндетті.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 10.06.2020 № 343-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Жүлде қорын қалыптастыру және бөлу

      1. Лотерея операторы нақты лотереяның өткізілген лотерея билеттерінен, электрондық лотерея билеттерінен түскен түсімнің кемінде елу пайызы мөлшерінде не өз қаражаты есебінен жүлде қорын қалыптастыруды қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Жүлде қоры осы бапқа және лотереяны өткізу шарттарына сәйкес қалыптастырылады.

      3. Тираждық лотереяның жүлде қоры оны ұтыс ойынына салу басталғанға дейін қалыптастырылады.

      4. Лотерея операторына, лотереяға қатысушылар алдындағы ұтыстарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, жүлде қорына қандай да бір міндеттемелермен ауыртпалық салуға, сондай-ақ жүлде қорының қаражатын ұтыстарды төлеуден басқаға пайдалануға тыйым салынады.

      5. Жүлде қорын (бас жүлдені) бірнеше тираж бойына жинақтап қалыптастыру қағидаты өткізу шарттарында пайдаланылатын тираждық лотереяны қоспағанда, тираждық лотереяның жүлде қоры оған қатысы бар тираж шеңберінде толығымен ұтысқа салынуға тиіс.

      6. Ұтыстарды төлеу осы Заңға және лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ұтыстарды төлеу тиісті тираж өткізілгеннен кейін отыз күн мерзімнен кешіктірілмей басталуға және осы тираждың (жүлде қорын ұтысқа салудың) нәтижелері жарияланған кезден бастап кемінде алты ай бойы жалғасуға тиіс. Бұл мерзім аяқталған соң талап етілмеген ұтыстар бойынша наразылықтар лотереяны өткізу шарттарында көзделген тәртіппен қабылданады.

      7. Лотерея операторы лотерея өткізу шарттарында белгіленген мерзімде талап етілмеген ұтыстарды тиісті тираждың нәтижесі (жүлде қорын ұтысқа салу) жарияланған кезден бастап үш жыл бойы сақтайды, одан кейін олар салықтық емес төлем түрінде бюджет кірісіне есепке жатқызылады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 10.06.2020 № 343-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Лотерея билеттеріне, электрондық лотерея билеттеріне қойылатын талаптар

      1. Лотерея билеттерінде мынадай міндетті ақпарат:

      1) лотереяның атауы;

      2) лотерея операторының атауы, орналасқан жері, телефон нөмірлері және интернет-ресурсы;

      3) тираждың нөмірі немесе атауы (тираждық лотереялар үшін);

      4) лотерея билетінің нөмірі;

      5) лотерея билетінің бағасы;

      6) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу күні мен орны (тираждық лотерея үшін);

      7) ұтысты алу орны мен мерзімдері туралы деректер;

      8) жүлде қорының мөлшері қамтылуға тиіс.

      1-1. Электрондық лотерея билеттерінде мынадай міндетті ақпарат:

      1) лотерея операторының атауы;

      2) электрондық лотерея билетінің нөмірі;

      3) электрондық лотерея билетінің бағасы;

      4) лотерея операторының орналасқан жері, телефон нөмірлері және интернет-ресурсы, лотереяның атауы, тираждың нөмірі немесе атауы, жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу күні мен орны, ұтысты алу орны мен мерзімдері, жүлде қорының мөлшері туралы кеңейтілген ақпаратқа қол жеткізуге сілтеме қамтылуға тиіс.

      2. Электрондық лотерея билеттеріндегі ақпарат Қазақстан Республикасы тілдер туралы заңнамасының талаптарына сай болуға тиіс.

      3. Электрондық лотерея билеті электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыруды талап етпейді.

      Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 10.06.2020 № 343-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-1-бап. Лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін таратуға (өткізуге), лотерея терминалдарын орнатуға қойылатын талаптар

      1. Лотерея операторы лотерея билеттерін таратуды (өткізуді) дербес және (немесе) лотерея таратушы (агенті) арқылы жүзеге асырады.

      2. Лотерея операторы электрондық лотерея билеттерін таратуды (өткізуді) өзінің ресми интернет-ресурсы және (немесе) лотерея мобильді қосымшасы арқылы дербес жүзеге асырады.

      3. Лотерея билеттерін тарату (өткізу):

      1) лотерея терминалдары;

      2) стационарлық емес сауда объектілері;

      3) Ұлттық пошта операторының пошта байланысы бөлімшелері;

      4) лотерея операторының бөлімшелері (лотерея орталығы) арқылы жүзеге асырылады.

      4. Мыналарда:

      1) көппәтерлі тұрғын үйлерде, жатақханаларда;

      2) білім беру ұйымдарында және олардан бір жүз метр радиуста;

      3) денсаулық сақтау ұйымдарында және олардан бір жүз метр радиуста;

      4) ғибадат ғимараттарында (құрылысжайларында);

      5) мәдениет ұйымдары орналасқан жеке тұрған ғимараттар мен құрылысжайларда лотерея билеттерін таратуға, ал лотерея терминалдарын орнатуға болмайды.

      5. Осы Заңда көзделгеннен басқа, өзгеше тәртіппен және тәсілдермен лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін таратуға (өткізуге), лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.

      Ескертпу. 12-1-баппен толықтырылды – ҚР 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Жүлде қорының ұтыс ойынын өткізуге қойылатын талаптар

      1. Жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу осы Заңға және лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын лотереяға қатысушы өз ұтысын анықтау мақсатында генерациялау арқылы кездейсоқ ұтқан лотерея комбинациясын өзінің лотерея билетіндегі, электрондық лотерея билетіндегі лотерея комбинациясымен салыстыруға тиіс лотерея жабдығы жүзеге асырады.

      3. Тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу кезінде лотерея операторы тираждық комиссия құрады, ол өз қызметін осы Заңға және лотереялар өткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

      Тираждық комиссияның құрамына қоғамдық бірлестіктердің немесе өзге де коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері енгізілуге тиіс.

      4. Тираждық комиссияның міндеттері:

      1) лотерея өткізу шарттарының Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін растау;

      2) тираждың ұтыс ойынына қатысатын лотерея билеттерінің, электрондық лотерея билеттерінің санын растау;

      3) тираждық комиссия мүшелерінің тираждық комиссия хаттамасына және тиражды өткізу нәтижелерінің ресми кестесіне қол қою арқылы тиражды өткізу нәтижелерін растау.

      Тираждық комиссия хаттамасына және тиражды өткізу нәтижелерінің ресми кестесіне тираждың ұтыс ойыны өткізілген датадан бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қол қойылады.

      5. Лотерея операторы ұтыстарды айқындау рәсімін көрсете отырып, тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын телеарнада тікелей эфирде немесе интернет желісінде трансляциялауды қамтамасыз етеді.

      6. Тираждық лотереяның жүлде қорының әрбір ұтыс ойынының және лотерея билеттері, электрондық лотерея билеттері бойынша ұтыстардың нәтижелерін лотерея операторы көрсетілген ұтыс ойыны өткізілген кезден бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды немесе он екі сағат ішінде лотерея операторының интернет-ресурсында орналастырады.

      7. Тираждық лотереяны өткізу тоқтатылған жағдайда, бас жүлдені қоса алғанда, оның жүлде қоры толық ойнатылуға тиіс.

      8. Мезеттік лотереяның жүлде қорының ұтыс ойыны:

      1) лотереяға қатысушының лотерея билетінде, электрондық лотерея билетінде дайындау кезеңінде оған салынған жасырын лотерея комбинациясын анықтауынан;

      2) лотереяға қатысушы анықтаған ақпаратты лотереяны өткізу шарттарымен салыстырып-тексеруден тұрады.

      9. Мезеттік лотереяның жүлде қорының мұндай ұтыс ойынын өткізу нәтижесін ұтыс ойыны басталғанға дейін алдын ала айқындауға мүмкіндік беретін рәсімдер мен алгоритмдерді пайдалануға тыйым салынады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 10.06.2020 № 343-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Лотереядан аударымдар

      Лотерея операторы өткізілген лотерея билеттерінен, электрондық лотерея билеттерінен түскен түсім мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемінде он пайызын дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бірыңғай операторға дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін, сондай-ақ өткізілген лотерея билеттерінен, электрондық лотерея билеттерінен түскен түсім мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемінде он пайызын "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына міндетті мүліктік жарна нысанында тоқсан сайын жіберуге міндетті.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді – ҚР 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЛОТЕРЕЯЛАР ЖӘНЕ ЛОТЕРЕЯ
ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ. ҚАЗАҚСТАН
РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЛОТЕРЕЯЛАР ЖӘНЕ ЛОТЕРЕЯ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ
ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫНА МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

15-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

16-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау

      1. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

      2. Алып тасталды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

17-бап. Өтпелі ережелер

      Лотереяларды ұйымдастыру және өткізу саласындағы қызметті жүзеге асыратын лицензиаттар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде бас жүлделерді қоса алғанда, тиісті лотереялардың жүлде қорларын толық ұтысқа салу, ұтыстарды төлеуді жүргізуге және жүлде қорын ойнату өткізілмеген, сатылған лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар үшін ақшаны қайтаруға міндетті.

18-бап. Осы заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң күшіне енгізілген күннен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін осы Заңның 5-бабының 2 және 4-тармақтарын қоспағанда, осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады