Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстан Республикасында ЮНЕСКО аясында Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын (2-санат) құру туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 1 наурыздағы № 50-VІ ҚРЗ.

      2012 жылғы 29 мамырда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстан Республикасында ЮНЕСКО аясында Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын (2-санат) құру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н.НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстан Республикасында Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру (2-санат) туралы Келісім

      (2017 жылғы 29 маусымда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 5, 62-құжат)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас директоры,

      ЮНЕСКО Бас конференциясы Қазақстан, Алматыда Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру жолымен халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесуге ұмтылатын 36С/22 қарарға сүйене отырып,

      ЮНЕСКО Бас конференциясына ұсынылған жобаға сәйкес ЮНЕСКО Бас конференциясы Бас директорға Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісім жасасуға уәкілеттік бергенін назарға ала отырып,

      көрсетілген Орталық қызметіне үлес қосуды жүзеге асыруға арналған шарттарды осы Келісімде айқындауға ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісімде "ЮНЕСКО" Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымын білдіреді.

      2. "Үкімет" Қазақстан Республикасының Үкіметін білдіреді.

      3. "Орталық" Қазақстан, Алматыдағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын білдіреді.

2-бап

      Үкімет 2012 жыл ішінде осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасында Орталық құру үшін қажетті барлық шараларды қабылдайды.

3-бап

      Осы Келісім ЮНЕСКО мен Үкімет арасындағы ынтымақтастықтың шарттарын, сондай-ақ одан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындауды мақсат етеді.

4-бап

      1. Орталық ЮНЕСКО-дан тәуелсіз мекеме болып табылады.

      2. Орталық Қазақстан Республикасының аумағында өз іс-шараларын орындау үшін қажетті функционалды автономияға және:

      - шарттар жасасу;

      - сотқа арыздану;

      - жылжымалы және жылжымайтын мүлікті алу және иеліктен шығару құқықтық қабілетіне ие.

5-бап

      Орталықтың Жарғысы:

      (a) Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес осы Орталыққа өз функцияларын жүзеге асыру, субсидиялар алу, көрсеткен қызметтері үшін сыйақы қабылдау және өз қызметі үшін қажетті мүлікті алу және иеліктен шығару үшін қажетті құқықтық қабілеттілік беретін құқықтық мәртебеге;

      (b) өзінің басқарушы органдарында ЮНЕСКО-ның өкілдігін қамтамасыз ететін Орталықты басқару құрылымына қатысты ережелерді қамтуға тиіс.

6-бап

      Орталық мынадай функцияларды/міндеттерді орындайды:

      1. Орталық Азиядағы үстіңгі ағыстың қалыптасу аймағында мұздықтар, қар жамылғысы және мәңгі тоң жай-күйінің мониторингіне қатысатын әртүрлі ұйымдар арасындағы ғылыми-зерттеу қызметі мен ақпарат алмасуды үйлестіруді күшейту;

      2. климаттың өзгеруінің мұздықтарға, қар жамылғысына және су ресурстарына әсерін ғылыми жағынан тереңірек түсіну үшін ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ аймақта ғылыми зерттеулер жүргізуге одан әрі қажеттіліктерді қалыптастыру;

      3. ЮНЕСКО-ның Халықаралық гидрогеологиялық бағдарламасы (ХГБ) шеңберінде өңірлік және жаһандық бастамалармен байланысты, оның ішінде, гляциология, таулы аумақтардың гидрология және климатология проблемаларына бағытталған өңірлік ғылыми-зерттеу бағдарламаларын әзірлеуді көтермелеу;

      4. қазіргі заманғы әдістер мен технологияларды қолданумен, ғарыштан түсірілген суреттерді және ГАЖ-технологияларын пайдалануды қоса алғанда, климаттың өзгеруінің қар жамылғысы мен мұздықтарға әсерін бағалау саласында адами және институционалды әлеуетті қалыптастыру мен құру және дамыту саласындағы жұмыстарды жүзеге асыру және үйлестіру;

      5. Орталық Азиядағы тау мұздықтарының еруіне байланысты болжамдар мен тәуекелдер бойынша ұлттық және өңірлік деңгейде шешім қабылдайтын адамдардың хабардар болу деңгейін көтеруге бағытталған бағдарламаны ұйымдастыру;

      6. жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелерін теориялық және практикалық семинарлар, оқу курстары, конференциялар және мерзімді басылымдар арқылы кең ғылыми орта мен ХГБ желілерінде тарату.

7-бап

      1. Орталықтың қызметін басқаруды және оның жұмысын үйлестіруді құрамы әр бес жыл сайын жаңартылатын Басқарушылар кеңесі жүзеге асырады. Кеңестің құрамына:

      (a) Қазақстан Республикасының ғылым мәселелерімен айналысатын уәкілетті мемлекеттік органының өкілі;

      (b) 13-баптың 2-тармағының ережелеріне сәйкес мүшелігіне қатысты Орталыққа хабарлама жіберіп, Кеңес құрамында өкіл болуға өзінің мүдделілігін мәлімдеген мүше мемлекеттердің өкілдері;

      (c) ЮНЕСКО-ның Бас директорының өкілі кіреді;

      мына өкілдер дауыс беру құқығынсыз байқаушы ретінде шақырылатын болады:

      (d) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің География институтының директоры;

      (е) Орталықтың директоры;

      (f) Орталықтың бюджеті мен қызметіне елеулі үлес қосатын кез келген басқа үкіметаралық немесе үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері; олардың мүше болуы туралы шешімді Басқарушылар кеңесі қабылдайды.

      2. Басқарушылар кеңесі:

      (a) Орталықтың ұзақ мерзімді және орта мерзімді бағдарламаларын бекітеді;

      (b) штаттық кестені қоса алғанда, Орталықтың жыл сайынғы жұмыс жоспары мен бюджетін бекітеді;

      (c) Орталықтың ЮНЕСКО-ның бағдарламалық мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесін екі жылда бір рет өзіндік бағалау жүргізуді қоса алғанда, Орталық директоры ұсынатын жылдық баяндамаларды қарайды;

      (d) ел заңдарына сәйкес Орталықты қаржылық, әкімшілік және кадрлық басқару қағидалары мен ережелерін қабылдайды және рәсімдерін айқындайды;

      (е) осы Келісімнің 7-бабының 1-тармағына (f) сәйкес Орталықтың жұмысына өңірлік үкіметаралық ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың қатысуы мәселелері бойынша және олардың мүшелігі мәселелері бойынша шешім қабылдайды.

      3. Басқарушылар кеңесі кезекті сессияларды тұрақты негізде күнтізбелік жылда кемінде бір рет өткізеді; кезектен тыс сессияларды Кеңес төрағасы шақырады не оның бастамасы бойынша не ЮНЕСКО-ның Бас директорының немесе Басқарушылар кеңесінің көпшілік мүшелерінің өтініші бойынша шақырылады.

      4. Басқарушылар кеңесі рәсімдердің өз қағидаларын қабылдайды. Алғашқы отырыстың рәсімін Тараптар белгілейді.

8-бап

      Орталықтың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін сессиялар арасындағы кезеңде Басқарушылар кеңесі тұрақты Атқарушы комитетке қажетті өкілеттіктер бере алады, оның құрамын Кеңес анықтайды. Атқарушы комитет Орталықтың қызметін күнделікті басқаруға жауапты болады.

9-бап

      1. Орталық хатшылығының құрамына оның директоры және Орталықтың тиісті жұмыс істеуі үшін қажетті персонал кіреді.

      2. Директорды ЮНЕСКО-ның Бас директорының кеңесімен Басқарушылар кеңесінің төрағасы тағайындайды.

      3. Хатшылықтың құрамына сондай-ақ:

      (a) ЮНЕСКО-ның регламенттейтін ережелерінде және оны басқарушы органдарының шешімдерінде көзделгеніндей, Орталыққа уақытша іссапарға жіберілетін және қарауына берілген ЮНЕСКО қызметкерлері;

      (b) Басқарушылар кеңесі белгілеген рәсімдерге сәйкес директор тағайындаған кез келген тұлға;

      (c) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Орталықтың қарауына берілген Қазақстан Республикасының азаматтық қызметшілері кіруі мүмкін.

10-бап

      Орталықтың директоры:

      1) Басқарушылар кеңесі қабылдаған бағдарламалар мен директиваларға сәйкес Орталықтың жұмысын басқарады;

      2) Басқарушылар кеңесіне бекітуге берілетін жұмыс жоспары мен бюджет жобасын ұсынады;

      3) Басқарушылар кеңесі сессиясының алғашқы күн тәртібін дайындайды және Орталықты басқару үшін пайдалы деп саналуы мүмкін кез келген ұсыныстарды оның қарауына ұсынады;

      4) Басқарушылар кеңесіне ұсыну үшін Орталықтың қызметі туралы баяндамаларды дайындайды;

      5) сотта және барлық азаматтық істерде Орталықтың атынан өкілдік етеді.

      11-бап

      1. ЮНЕСКО қажетіне қарай Орталықтың бағдарламалық қызметіне ЮНЕСКО-ның стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес техникалық қолдау нысанында мынадай:

      (a) Орталықты мамандандыру саласында өз сарапшыларының қызметін ұсыну;

      (b) тиісті қызметкерлерге еңбекақы төлеуді осы қызметкерлерді жіберетін ұйым жүргізетін уақытша негізде қызметкерлер алмасуға қатысу;

      (c) егер стратегиялық бағдарламаның басым саласының шегінде бірлескен қызметті/жобаны бірлесіп орындау үшін қажет болса, Бас директордың төтенше түрдегі шешіміне сәйкес өздерінің қызметкерлерін Орталықтың қарауына уақытша іссапарға жіберу;

      (d) атап айтқанда, ЮНЕСКО институттары мен орталықтарының су ресурстарына байланысты ортақ миссияларды іске асыру мақсатында техникалық қолдауды қамтамасыз ету жолымен көмек көрсетеді.

      2. Егер ЮНЕСКО бағдарламасы мен бюджетінде қаражат бөлу көзделмесе, осы баптың 1-тармағында жазылған жағдайларда мұндай көмек көрсетілмейді; ЮНЕСКО мүше мемлекеттерге өз қызметкерлерін пайдалану туралы және тиісті шығыстар туралы есеп береді.

      12-бап

      1. Үкімет Орталықты басқару және оның тиісінше жұмыс істеуі үшін қажетті қаржылай да, сол сияқты материалдық та барлық ресурстарды ұсынады.

      2. Үкімет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі арқылы әрекет ете отырып:

      (а) Орталыққа жылына ағымдағы шығыстарды жабу және бағдарламалар мен іс-шараларды қаржыландыру мақсатында, кемінде 95 000 000,0 теңге көлемінде (ағымдағы айырбас бағамы бойынша шамамен 650 000,0 АҚШ доллар) қаражат береді;

      (b) Орталыққа жоғарыда аталған жылдық қаржыландыру көлемінің шеңберінде тиісті қызметтік үй-жай, құралдар мен техникалық құрал-жабдықтар береді;

      (c) үй-жайды пайдалану қызметін көрсетуге, байланыс пен коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды толық жабуды қамтамасыз етеді;

      (d) Басқарушылар кеңесінің отырыстарын өткізуді ұйымдастырады және онымен байланысты шығыстарды жабуды қамтамасыз етеді;

      (е) Орталықтың иелігіне басқа көздерден түсетін жарналарға қосымша, ғылыми зерттеулерді жүргізуді, кадрларды даярлауды және мақалалар шығаруды қамтитын Орталықтың функцияларын орындау үшін қажетті әкімшілік персоналды береді.

      13-бап

      1. Орталықтың мақсаттарын іске асыруда өздерінің ортақ мүдделілігіне орай онымен ынтымақтастық жасауға ұмтылатын ЮНЕСКО-ның мүше мемлекеттері мен мүше қызметкерлерінің қатысуын көтермелейді.

      2. Орталықтың қызметіне қатысуға ниет білдірген мүше мемлекеттер мен ЮНЕСКО-ға мүше қызметкерлер Орталыққа бұл туралы хабарлама жібереді. Орталық директоры Келісім Тараптарын және басқа мүше мемлекеттерді осындай хабарламаларды алғаны туралы хабардар етеді.

      14-бап

      Орталық құқықтық тұрғыдан ЮНЕСКО-ның бір бөлігі болып табылмайтындықтан оған Орталықтың әрекеті немесе ағаттығы үшін заңды жауапкершілік жүктелмейді, сондай-ақ ол қандай да бір заңдық қудалауға ұшырамайды және осы Келісімде арнайы айтылған ережелерді қоспағанда, ешқандай қаржылық немесе өзге де міндеттемелерді мойнына алмайды.

      15-бап

      1. ЮНЕСКО:

      (а) Орталық ЮНЕСКО-ның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосатынын;

      (b) Орталықтың іс жүзіндегі қызметі осы Келісімде көзделген қызметке сәйкес келетін-келмейтінін анықтау үшін кез келген уақытта Орталықтың қызметіне бағалау жүргізе алады.

      2. ЮНЕСКО қысқа мерзімде Үкіметке барлық жүргізілген бағалаулар туралы баяндама ұсынуға міндеттенеді.

      3. Уағдаласушы тараптардың әрқайсысында осы бапта жазылған бағалау нәтижелері бойынша осы Келісімді қайта қарауды немесе 19 және 20-баптарда көзделгендей оның күшін жоюды ұсыну мүмкіндігі сақталады.

      16-бап

      1. Орталық өзінің ЮНЕСКО-мен қатынасына сілтеме жасай алады. Осыған байланысты Орталық өз атауынан кейін "ЮНЕСКО аясында" деген сөздерді пайдалана алады.

      2. Орталық ЮНЕСКО эмблемасын немесе оның түрлерін ЮНЕСКО органдарының басшылары белгілеген шарттарға сәйкес өзінің электронды құжаттары мен Web-парақтарын қоса алғанда, ресми бланкілері мен құжаттарында пайдалануға құқылы.

      17-бап

      Осы Келісім уағдаласушы Тараптар оған қол қойғаннан кейін және олар бір-бірін жазбаша нысанда дипломатиялық арналар арқылы осындай жағдайларда Қазақстан Республикасының ішкі заңнамасында және ЮНЕСКО-ның регламенттеуші ережелерінде көзделген барлық формальдылықтарды орындағаны туралы өзара хабардар еткеннен кейін күшіне енеді. Соңғы хабарлама алынған күн осы Келісімнің күшіне енген күні болып есептеледі.

      18-бап

      Осы Келісім оның күшіне енген күнінен бастап алты жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың біреуі 19-баптың ережелеріне сәйкес нақты түрде күшін жоймаса, автоматты түрде келесі алты жылдық кезеңдерге ұзартылады.

      19-бап

      1. Әрбір уағдаласушы Тарап біржақты тәртіппен осы Келісімнің күшін жоюға құқылы.

      2. Күшін жою уағдаласушы тараптардың бірінің екінші тарапқа жолдаған хабарламасы алынғаннан кейін 30 күн өткен соң күшіне енеді.

20-бап

      Осы Келісім Үкімет пен ЮНЕСКО-ның өзара келісімі бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      21-бап

      1. Келіссөздер жолымен немесе Тараптардың екеуімен де келісілген өзгеше түрде шешу мүмкін болмаған осы Келісімді талқылауға немесе қолдануға қатысты даулардың барлығы түпкілікті шешу үшін төрелік сотқа беріледі, оның құрамы үш мүшеден тұрады, мүшелердің біреуін Үкімет өкілі, екіншісін ЮНЕСКО-ның Бас директоры тағайындайды, ал осы төрелік сотқа төрағалық ететін үшінші төрешіні тағайындалған екі төреші тағайындайды. Егер алғашқы екі төреші үшінші төрешіні таңдауға қатысты келісімге келе алмаса, оны Халықаралық сот төрағасы тағайындайды.

      2. Төрелік соттың шешімі түпкілікті болып табылады.

      Осыны растау үшін төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      2012 жылғы 29 мамырда Астана қаласында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде, әрқайсысы түпнұсқа болып табылатын екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндер бірдей тең түпнұсқалы болып табылады.

      Әртүрлі тілдердегі мәтіндер арасында алшақтықтар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтіннің басым күші болады.

      Қазақстан Республикасының                  Білім, ғылым және мәдениет

      Үкіметі үшін                                    мәселелері жөніндегі Біріккен

                                                Ұлттар Ұйымы үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады