Баспасөз релизі!2015 жылғы 15 қазанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру жəне құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н.НАЗАРБАЕВ |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2017 жылғы 5 шілдеде күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 4, 50-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы 1944 жылғы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның (бұдан әрі - Конвенция) қатысушылары болып табылатынын назарға ала отырып,
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының шектес мемлекеттердің іздестіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастыққа қатысты стандарттары мен ұсынылатын тәжірибесін ескере отырып,
апатқа ұшырау жағдайындағы адамдар үшін жедел көмектің өмірлік маңызды мәнін сезіне отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін Конвенцияға 12-қосымшаның 1-тарауында қамтылған терминдер мен анықтамалар, сондай-ақ Конвенцияға 11-қосымшаның 1-тарауында көрсетілген мәнге ие "ұшу ақпаратының ауданы" термині қолданылады.
2-бап
1. Іздестіру-құтқару операцияларын ұйымдастыру мен орындауды осы Келісімге сәйкес Тараптар жүзеге асырады. Мұндай операцияларды ұйымдастыру мен орындау үшін негіз ретінде Конвенцияға 12-қосымша және Халықаралық теңіз ұйымы мен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Халықаралық авиациялық және теңіздегі іздестіру мен құтқару жөніндегі нұсқамасы қолданылады.
2. Осы Келісім теңіздегі іздестіру-құтқару операцияларын ұйымдастыру мен орындау мәселелерін реттемейді.
3-бап
1. Тараптар өз мемлекеттерінің шектес аумақтары мен іргелес ұшу ақпаратының аудандары арасындағы шекараны олардың іздестіру және құтқару аудандары арасындағы шекара деп қарайды.
2. Әрбір Тарап өзінің іздестіру және құтқару ауданында авиациялық іздестіру-құтқару қызметтерінің (бұдан әрі - іздестіру-құтқару қызметтері) болуын қамтамасыз етеді. Мұндай қызметтер тәулік бойы кезекшілікті жүзеге асырады.
3. Осы Келісімді іске асыру үшін жауапты құзыретті органдар:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іздестіру-құтқару қызметтерінің функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар;
Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясының Көлік министрлігі немесе осы Министрлік орындайтын функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті кез келген тұлға не ұйым болып табылады.
Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін жауапты құзыретті органдардың өзгергені туралы дипломатиялық арналар бойынша бір-біріне хабарлайды.
4-бап
Тараптар мемлекеттерінің аумағында, сондай-ақ іргелес ұшу ақпаратының аудандарында іздестіру және құтқару жөніндегі шаралар тиісті Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап
1. Егер бір Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметі өзінің іздестіру және құтқару ауданындағы авиациялық оқиғалар немесе инцидент туралы хабарлама алған жағдайда, бұл қызмет іздестіру және құтқару жөніндегі барлық қажетті шараларды дереу қолданады.
2. Егер бір Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметі екінші Тарап мемлекетінің іздестіру және құтқару ауданындағы авиациялық оқиғалар немесе инцидент туралы хабарлама алған жағдайда, бұл қызмет мұндай оқиғалар немесе инцидент туралы екінші Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметіне дереу хабарлайды.
3. Егер бір Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметіне осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайдағыдай екінші Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметінің көмегіне қажеттілік туындаған жағдайда, ол мұндай көмекті сұрата алады. Мұндай жағдайда көмек сұраған Тарап өз мемлекетінің аумағына екінші Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару күштері мен құралдарының жеделдетіп жіберілуі бойынша барлық шараларды қолданады. Одан әрі шаралар екі Тарап мемлекеттерінің іздестіру-құтқару қызметтерінің өзара іс-қимыл жасауымен қолданылады.
4. Қауіпті жағдайдағы кез келген адамға көмек мұндай адамның азаматтығына немесе мәртебесіне не бұл адамның қандай жағдайда табылғанына қарамастан, көмек көрсетіледі.
5. Әрбір Тарап екінші Тарапты өзінің іздестіру және құтқару ауданында осы екінші Тараптың мемлекетінде тіркелген әуе кемелерінің қатысуымен болған барлық инциденттер туралы және қолданылған шаралар туралы хабарлауға міндеттенеді.
6. Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекетінің дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемелеріне тірі қалған адамдарды құтқару немесе қаза тапқан адамдар - осы екінші Тарап мемлекетінің азаматтары табылғаны туралы хабарлайды. Ақпарат (мүмкіндігінше) тегі, есімі, туған күні, үй мекенжайы, жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері, сондай-ақ құтқарылған адамдар денсаулығының жай-күйі мен орналасқан жері туралы немесе қаза тапқандардың мәйіттерінің орналасқан жері туралы мәліметтер көрсетіле отырып, дереу беріледі.
6-бап
1. Тараптар өз мемлекеттерінің іздестіру-құтқару қызметтерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Мұндай ынтымақтастық өзіне атап айтқанда, іздестіру және құтқару бойынша бірлескен оқу-жаттығуларды, мемлекетаралық байланыс арналарын тұрақты тексеруді, іздестіру және құтқару бойынша сарапшылардың өзара сапарларын, іздестіру-құтқару ақпаратымен және тәжірибемен алмасуды қамтиды.
2. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімді іске асыру тәртібін өзара келіседі.
3. Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастық мәселелерін қарау және шешу үшін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары қажеттілігіне қарай (бірақ жылына кемінде бір рет) Қазақстан Республикасында және Ресей Федерадиясында кезек-кезек кездесулер өткізеді.
7-бап
1. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелеріне уақтылы көмек көрсету үшін халықаралық апаттық, шұғыл берілетін, ескерту сигналдары және іздестіру-құтқару операциялары кезінде қолданылатын сигналдар іске қосылады.
2. Іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге арналған, әуе кемелерінде орнатылуға тиіс техникалық құралдардың тізбесі әрбір Тарап мемлекеті қабылдайтын қағидалармен айқындалады.
8-бап
Әрбір Тарап осы Келісім шеңберінде өзінің жауапкершілік аймағында іздестіру-құтқару операцияларын жүзеге асыру кезінде туындайтын шығыстарды дербес көтереді.
9-бап
Осы Келісімдегі ештеңе де Тараптардың әрқайсысының өз мемлекетінің қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.
10-бап
Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты Тараптар арасындағы туындаған кез келген дау Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі. Егер құзыретті органдар келісімге келмесе, дау дипломатиялық арналар бойынша шешіледі.
11-бап
1. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін түзетулер енгізілуі мүмкін.
2. Егер Тараптардың бірі осы Келісімге түзетулер енгізуді ұсынған жағдайда, Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары мұндай түзетулерді енгізуге қатысты консультациялар өткізеді. Консультациялар, егер Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары бұл мерзімді өзгерту туралы келіспесе, оларды өткізу туралы сұрау салуды алған күннен бастап 60 күн ішінде басталуы тиіс.
12-бап
Осы Келісім және оған кез келген түзетулер Халықаралық азаматтық авиация ұйымында тіркелуге жатады.
13-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар бойынша алынған күннен бастап күшіне енеді.
14-бап
Әрбір Тарап өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы кез келген уақытта дипломатиялық арналар бойынша екінші Тарапты хабардар етуі мүмкін.
Осы Келісім екінші Тараптың осындай хабарламасын алған күннен бастап 12 айдан соң, өз қолданысын тоқтатады.
2015 жылғы 15 қазанда Астана қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде, екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
Қазақстан Республикасының | Ресей Федерациясының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |