2016 жылғы 24 тамызда Белградта жасалған Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н.Назарбаев |
Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы ұстап беру туралы
ШАРТ
(2018 жылғы 16 қазанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 6, 79-құжат)
Бұдан әрі "Уағдаласушы Мемлекеттер" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы
экстрадициялау мәселелеріндегі екіжақты ынтымақтастыққа жәрдемдесу мен оны нығайтуға ниет білдіре отырып,
мыналар туралы уағдаласты:
1-бап Ұстап беру міндеттемесі
Әрбір Уағдаласушы Мемлекет ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыру немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында іздестіріліп жатқан оның аумағындағы кез келген адамды осы Шарттың талаптарына сәйкес ұстап беруге міндеттенеді.
2-бап Ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар
1. Осы Шарт мақсатында ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар деп екі Уағдаласушы Мемлекеттің де ұлттық қылмыстық заңнамасына сәйкес қылмыстық жазаланатын және оларды жасағаны үшін кемінде бір (1) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны немесе неғұрлым қатаң жазаны көздейтін қылмыстар танылады.
2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу оған қатысты ұстап беруге әкеп соғатын кез келген қылмыс үшін бас бостандығынан айыру түріндегі сот үкімін орындау үшін іздестіріліп жатқан адамға қатысты болған жағдайда, ұстап беру адам кемінде алты (6) ай мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе неғұрлым қатаң жазаға сотталған жағдайда ғана мүмкін болады.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қылмысты айқындау кезінде Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасының осы қылмысты құрайтын әрекетті осыған ұқсас қылмыстардың санатына жатқызылуы немесе осы қылмысты бірдей немесе әртүрлі терминологиямен белгілеуі маңызды болмайды.
4. Егер қылмыс Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің аумағынан тыс жерде жасалса, ұстап беру Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасы дәл осындай мән-жайларда оның аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін қылмыстық қудалауды көздеген шарттарда жүзеге асырылады. Ұстап беру, егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасы мұндай шарттарды көздемесе де, жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Егер адамды ұстап беру туралы сұрау салу екі Уағдаласушы Мемлекеттің де ұлттық заңнамасына сәйкес әрқайсысы жазаланатын, бірақ олардың кейбіреулері осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген белгілерді қамтымайтын екі немесе одан да көп қылмыстарға қатысты болса, онда Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет барлық қылмыстарға қатысты адамды ұстап беруге рұқсат етуге құқылы.
3-бап Ұстап беруден бас тарту үшін міндетті негіздер
Егер:
a) Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет сұрау салу жолданған қылмыс саяси қылмыс болып табылады деп есептесе;
b) Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің ұстап беру туралы сұрау салу адамды нәсілдік белгісі, діни сенімі, ұлты, жынысы, әлеуметтік мәртебесі, этностық тиесілігі, саяси көзқарасы бойынша қылмыстық қудалау немесе жазалау мақсатында жалпы қылмыс үшін жолданған немесе осы адамның жағдайы осындай фактілерге байланысты нашарлауы мүмкін деп пайымдауына негіздер бар болса;
c) егер Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекет Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекетке іздестіріліп жатқан адамға өлім жазасы тағайындалмайтындығы, ал тағайындалған жағдайда орындалмайтыны туралы жеткілікті кепілдіктер бермесе ғана, оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмыс Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша өлім жазасымен жазаланатын болса;
d) Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің қылмысы үшін іздестіріліп жатқан адам Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетте адамның негізгі құқықтарын құрметтеуді, оның ішінде қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, қадір-қасиетті қорлайтын іс-әрекеттерден қорғалуды қамтамасыз етпейтін жазалауға немесе кез келген өзге де әрекетке немесе әрекетсіздікке ұшыратады деп пайымдауға негіздері бар болса;
е) сұрау салу алынған кезде Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес ескіру мерзімінің өту салдарынан не Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес өзге де негіз бойынша қылмыстық қудалауды бастау немесе үкімді орындау мүмкін болмаса, ұстап беруден бас тартылуға тиіс. Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет ескіру мерзімдерін есептеу кезінде Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің аумағында осы мерзімдерді үзуге немесе тоқтата тұруға байланысты кез келген мән-жайларды немесе актілерді ескеруге тиіс;
f) ұстап берілуі сұратылып отырған адамға қатысты Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің аумағында нақ сол әрекет үшін заңды күшіне енген сот үкімі шығарылса немесе оған қарсы қылмыстық іс жүргізу тоқтатыла тұрса, тоқтатылса не оған қарсы қылмыстық істі қозғаудан бас тартылса;
g) ұстап беру туралы сұрау салу түскен адамға Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет баспана берсе;
һ) Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет адамды ұстап беру егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе оның өзге де елеулі мүдделеріне нұқсан келтіреді не оның ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп есептесе;
і) қылмыс тек әскери міндеттерді бұзумен байланысты болса, ұстап беруден бас тартылуға тиіс.
4-бап Ұстап беруден бас тарту үшін факультативтік негіздер
Мына мән-жайлардың кез келгенінің негізінде:
a) егер оған қатысты адамды ұстап беру туралы сұрау салу түсетін қылмыс Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің аумағында жасалса және оның юрисдикциясына жатса және іздестіріліп жатқан адам ұстап беру туралы сұрау салу түскен дәл сол қылмыс үшін тергеуде болса немесе оны Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органдары сот тәртібімен қудалайтын болса;
b) егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет қылмыстың ауырлық дәрежесін және Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің мүдделерін назарға ала отырып, адамды ұстап беру іздестіріліп жатқан адамның жасына, денсаулық жағдайына немесе өзге де жеке басының мән-жайларына орай ізгілік түсініктерімен үйлеспейді деп есептесе, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін. Осы жағдайларда адамды ұстап беруден бас тартудың орнына Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет ұстап беру іздестіріліп жатқан адам үшін ауыр зардаптар әкеледі деп пайымдауына себептер жойылғанға дейін ұстап беруді кейінге қалдыруға құқылы. Бұл үшін шешімді қабылдаудан бұрын Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетпен консультация жүргізуге тиіс;
с) адамды ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмыс Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің аумағынан тыс жерде жасалып, бірақ оның мүдделеріне қарсы бағытталса, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.
5-бап Өз азаматтарын ұстап беру
1. Өз азаматтарын ұстап беруге жол берілмейді.
2. Өз азаматын ұстап беруден бас тартылған жағдайда, Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің сұрау салуы бойынша осы адамды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалауға тартуға немесе Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекет шығарған заңды күшіне енген үкімді орындауға тиіс. Осы мақсат үшін Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекет осы Шарттың 6-бабында көрсетілген орталық органдар арқылы қылмыстық істі, сот шешімдерін, дәлелдемелерді және өз иелігіндегі басқа да кез келген құжаттарды және ақпаратты береді.
3. Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет осындай сұрау салу бойынша қолданылған іс-қимылдар туралы, іс бойынша талқылау қорытындылары туралы немесе қабылданған түпкілікті процессуалдық шешім туралы Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетке уақтылы хабарлайды.
4. Егер ұстап берілетін адам оны бергенге дейін Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің азаматтығын алса, онда осы баптың 2-тармағының ережелері қолданылуға тиіс.
6-бап Орталық органдар
1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Уағдаласушы Мемлекеттер айқындаған орталық органдар тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
2. Мыналар:
Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;
Сербия Республикасы үшін - Сербия Республикасының Әділет министрлігі орталық органдар болып табылады.
3. Өздерінің орталық органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, Уағдаласушы Мемлекеттер бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
7-бап Ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар
1. Ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалуға және мыналарды:
a) іздестіріліп жатқан адамның аты мен тегін, туған күнін, жынысын, азаматтығын, жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтерін және оның жеке басын және орналасқан жерін сәйкестендіруге септігін тигізуі мүмкін кез келген басқа да ақпаратты, сондай-ақ бар болса, тану деректерін, фотосуреттерді және саусақ іздерін;
b) қылмыс жасалған күнді және орнын көрсете отырып, оған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмыстың мән-жайлары туралы ақпаратты;
c) соған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмысты саралайтын және ол үшін жазаны белгілейтін тиісті заңның мәтінін;
d) қылмыс үшін қылмыстық қудалаудың немесе жазаны орындаудың мерзімін шектеуге қатысты тиісті заңның мәтінін және оның сұрау салуда көрсетілген қылмысқа қатысты қолданылуы жөніндегі ақпаратты;
е) оған қатысты ұстап беру туралы сұрау салу түскен қылмыс Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің аумағынан тыс жерде жасалғанда, мұндай қылмыс бойынша Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің юрисдикциясын көздейтін тиісті заңның мәтінін қамтуға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қосымша ұстап беру туралы сұрау салуға:
a) егер сұрау салу қылмыстық қудалауға байланысты болса, Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органы куәландырған айыптау актісінің және қамаққа алу туралы сот шешімінің/ордерінің көшірмелерін;
b) егер сұрау салу үкімді орындауға байланысты болса, Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органы куәландырған, заңды күшіне енген сот үкімінің көшірмесі, жазаның өтелген және өтеуге жататын бөлігі туралы анықтама қоса беріледі.
3. Егер адам сырттай сотталған болса, егер Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекет Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекетке осы адамға оның қорғалуға құқығын қамтамасыз ету мақсатында сырттай үкімнің қайта қаралуына құқығы бар екендігіне кепілдік берсе, ұстап беру жүзеге асырылуы мүмкін.
8-бап Қосымша ақпарат
1. Егер ұстап беру туралы сұрау салуға қоса берілген ақпарат Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің осы Шартқа сәйкес шешім қабылдауы үшін жеткіліксіз болса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет қосымша ақпарат беруді сұратуға құқылы. Сұрау салынған қосымша ақпарат осындай сұрау салуды алған кезден бастап отыз (30) тәулік ішінде берілуі тиіс.
2. Егер іздестіріліп жатқан адам қамақта болса және сұратылатын қосымша ақпарат осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім ішінде алынбаса, адам күзетпен қамаудан босатылуы мүмкін. Дегенмен, мұндай босату бұдан әрі қосымша ақпарат түскенде іздестіріліп жатқан адамның қайта қамаққа алынуына және ұстап берілуіне кедергі келтірмеуі тиіс.
3. Егер адам осы баптың 2-тармағына сәйкес күзетпен қамаудан босатылса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет бұл туралы үш (3) тәулік ішінде Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетке хабарлауға тиіс.
9-бап Құжаттардың жарамдылығы
1. Орталық немесе уәкілетті органдар куәландырған құжаттар іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру рәсімінде бұдан әрі сертификаттаусыз, түпнұсқалылығын анықтаусыз және заңдастырусыз жарамды болуға тиіс.
2. Іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің тілінде жасалуға және Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің тіліне немесе ағылшын тіліне куәландырылған аудармасымен қоса берілуге тиіс.
10-бап Ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім
1. Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет өз шешімі туралы Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетке дереу хабарлай отырып, ұстап беру туралы сұрау салу бойынша осы Шарттың ережелеріне және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес шешім қабылдайды.
2. Егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет ұстап беруден толық немесе ішінара бас тартса, ол бұл туралы Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетке оның себептерін көрсете отырып хабарлайды.
3. Ұстап беруден формалды негіздер бойынша бас тартылған жағдайда, Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекет ұстап беру туралы қайталап сұрау салу жолдауға құқылы. Ұстап беру туралы мұндай сұрау салуды жолдау кезінде сол формалдылықтар ескерілуге тиіс.
4. Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органдарына экстрадициялануына өз еркімен келісімін берген жағдайда, Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің қамаққа алу туралы сұрау салуы бойынша ұстап беруді өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қанағаттандыруға құқылы. Бұл ретте мұндай келісімнің кейіннен жойылуы мүмкін емес.
11-бап Арнайы қағида
1. Осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адам:
a) егер ұстап берілген адам осы баптың 1-тармағында көзделген кепілдіктерден бас тартқан;
b) егер қылмыс ұстап бергеннен кейін жасалған;
c) егер ұстап берілген адам Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің аумағынан ұстап бергеннен кейін кетіп, өз еркімен қайта оралған;
d) егер ұстап берілген адам Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің аумағынан оған мүмкіндігі болған кезден бастап қырық бес (45) тәуліктің ішінде кетпеген жағдайларды қоспағанда, оны ұстап бергенге дейін жасаған кез келген өзге қылмысы үшін қылмыстық қудалауға ұшырамайды, сотталмайды немесе бас бостандығын шектейтін жазаға не басқа шараға ұшырамайды. Алайда осы кезеңге жоғарыда көрсетілген адамның Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің аумағынан өзіне тәуелсіз себептер бойынша кете алмаған уақыт қосылмайды.
е) егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет оған келісім берген жағдайларды қоспағанда, оны ұстап бергенге дейін жасаған кез келген өзге қылмысы үшін қылмыстық қудалауға ұшырамайды, сотталмайды немесе бас бостандығын шектейтін жазаға не басқа шараға ұшырамайды, оны алу үшін осы Шарттың 7-бабында көрсетілген құжаттар және көрсетілген адам жасаған кез келген мәлімдемесімен ресми құжат қоса берілген сұрау салу жіберіледі. Егер әрбір нақты жағдайда осы Шартпен белгіленген ұстап берудің шарттары сақталса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет келісімін береді. Сұрау салу бойынша шешімді күту кезеңінде ұстап берілген адам Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетте оның ұлттық заңнамасына сәйкес күзетпен қамауда ұсталуы мүмкін.
2. Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің келісімінсіз Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекет осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адамды оны ұстап бергенге дейін жасалған кез келген қылмысы үшін үшінші мемлекетке ұстап беруге немесе беруге құқығы жоқ.
Статья 12 Ұстап беру мақсатында қамаққа алу
1. Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің сұрау салуы бойынша іздестіріліп жатқан адам ұстап беру туралы сұрау салу алынғанға дейін қамаққа алынуы мүмкін.
2. Қамаққа алу туралы сұрау салу орталық органдар арасында тікелей не Халықаралық Қылмыстық Полиция Ұйымының (ИНТЕРПОЛ) жәрдемдесуі арқылы жолданылуы мүмкін. Қамаққа алу туралы сұрау салу коммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып берілуі мүмкін. Сұрау салудың түпнұсқасы бір мезгілде поштамен жолдануға тиіс.
Қамаққа алу туралы сұрау салу:
a) сәйкестендіру деректерін, сондай-ақ азаматтығы туралы мәліметтерді қоса алғанда, іздестіріліп жатқан адамның сипаттамасын;
b) егер белгілі болса, оның орналасқан жері туралы мәліметтерді;
с) қылмыстың қысқаша сипаттамасын, оның жасалу уақыты мен орнын;
d) қылмыстық заңның қолданылатын ережелерін;
е) іздестіріліп жатқан адамға қатысты қамаққа алу туралы шешімнің/сот ордерінің немесе сот үкімінің бар екені туралы мәлімдемені; және
f) іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу жақын уақытта ұсынылатынына кепілдемені қамтуға тиіс.
3. Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет қамаққа алу туралы сұрау салуды қараудың нәтижелері туралы Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетке дереу хабарлауға міндетті.
4. Егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің орталық органы адамды қамаққа алған күнінен бастап отыз (30) тәулік өткеннен кейін ұстап беру туралы сұрау салуды алмаса, қамаққа алынған адам босатылуға жатады. Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің дәлелді өтініші бойынша бұл мерзім қырық бес (45) тәулікке дейін ұзартылуы мүмкін. Алайда адамды мұндай босату, егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет кейіннен ұстап беру туралы сұрау салуды алса, экстрадициялау мақсатында оны қайта қамаққа алуға кедергі келтірмеуге тиіс.
13-бап Бірнеше мемлекет жолдаған ұстап беру туралы сұрау салулар
1. Егер Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет екі немесе одан да көп мемлекеттен, оның ішінде Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттен де нақ сол немесе әртүрлі қылмыстар үшін сол бір адамға қатысты ұстап беру туралы сұрау салуларды алса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет осы адамды қайсы мемлекетке ұстап беретінін айқындайды.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес шешім қабылдауда Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет барлық мән-жайларды және әсіресе:
a) сұрау салулар осы шарттың негізінде жолданғанын;
b) қылмыстардың жасалған орны мен уақытын;
c) сұрау салушы мемлекеттердің мүдделерін;
d) қылмыстардың ауырлығы дәрежесін;
е) іздестіріліп жатқан адамның азаматтығын;
f) сұрау салушы мемлекеттер арасында бұдан әрі ұстап беру мүмкіндігін; және
g) Сұрау салушы мемлекеттерден сұрау салуларды алудың хронологиялық ретін ескеруге тиіс.
14-бап Ұстап берілген адамды беру
1. Егер ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылса, Уағдаласушы Мемлекеттер беру күнін, орнын және адамды ұстап беруге байланысты басқа да шарттарды дереу келіседі. Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетке іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру мақсатында қамақта ұсталу кезеңінің ұзақтығы туралы хабарланады және сол уақыт жазаның жалпы мерзіміне есептеледі.
2. Ұстап берілген адамды беру үшін уақыт кезеңі Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекет ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешімді алған күнінен бастап отыз (30) тәулікті құрайды.
3. Егер Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекет осы баптың 2-тармағында көрсетілген кезең ішінде ұстап берілген адамды қабылдамаса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет ол адамды дереу күзетпен қамаудан ұстауды босатады және осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы адамға қатысты нақ сол қылмысы үшін ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды қабылдамауға құқылы.
4. Уағдаласушы Мемлекеттерге байланысты емес ұстап берілген адамды беруге немесе қабылдауға кедергі келтіретін мән-жайлар кезінде Уағдаласушы Мемлекеттердің орталық органдары берудің жаңа күнін және басқа да қажетті шарттарын келісуге тиіс.
5. Егер беруден кейін ұстап берілген адам қылмыстық қудалаудан жасырынса немесе сот үкімін орындаудан жалтарса және Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің аумағына қайта оралса, онда осы адам ұстап беру туралы жаңа сұрау салудың негізінде қайта ұстап берілуі мүмкін. Бұл жағдайда ұстап беру туралы сұрау салуға осы Шарттың 7-бабында санамаланған құжаттарды ұсыну қажеттігі талап етілмейді.
15-бап Ұстап беруді кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру
1. Егер іздестіріліп жатқан адамға қатысты ұстап беру сұратылып жатқан қылмыстан өзге қылмысты жасағаны үшін қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатса немесе ол жазасын өтеп жатса, Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет адамды ұстап беру туралы шешім қабылдағаннан кейін оны беруді сот талқылауы аяқталғанға дейін немесе өз сотының үкімі толық орындалғанға дейін кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай кейінге қалдыру жағдайында Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет бұл жөнінде Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетті дереу хабардар етеді.
2. Егер ұстап беруді кейінге қалдыру істі тергеуді елеулі қиындататын немесе ескіру мерзімдерінің өтуіне әкеп соғатын жағдайда, Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет іздестіріліп жатқан адамды өзара келісілген шарттарда уақытша беруге құқылы. Уақытша берілген адам Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің аумағында болатын кезең ішінде күзетпен ұсталуға тиіс және Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекетке келісілген мерзімде қайтарылуға тиіс. Адамды күзетпен ұстау мерзімі Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет сотының үкімін орындаудың жалпы мерзіміне есептеледі.
3. Ұстап берілген адамды беру адамның денсаулық жағдайына байланысты оның өміріне қауіп төндіретін немесе денсаулық жағдайын нашарлататын кезде де кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетке өзінің құзыретті денсаулық сақтау мекемесі берген кең көлемді медициналық есепті ұсынуы қажет.
16-бап Заттар мен құжаттарды алып қою және беру
1. Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағында табылған, қылмыс жасау нәтижесінде алынған немесе дәлелдемелер ретінде қызмет ететін кез келген заттар мен құжаттарды алып қоюға, тәркілеуге және беруге тиіс. Мұндай жағдайда заттар мен құжаттар мүмкіндігінше Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетке ұстап берілген адамды беру уақытында беріледі.
2. Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің келісімімен осы баптың 1-тармағында көрсетілген заттар мен құжаттар Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекеттің сұрау салуы бойынша тіпті адамды ұстап беру мүмкін болмаған жағдайда да берілуі мүмкін.
3. Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет басқа қылмыстық талқылауды жүргізу үшін осы баптың 1-тармағында көрсетілген заттар мен құжаттарды беруді уақытша кейінге қалдыруға немесе оларды қайтару шартымен беруге құқылы.
4. Алып қойылған немесе тәркіленген заттар мен құжаттарды Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекетке беру Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің немесе үшінші тараптардың құқықтарына нұқсан келтірілмей жүзеге асырылады. Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекеттің немесе үшінші тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекет, егер Уағдаласушы Мемлекеттер басқаша уағдаласпаса, алынған мүлікті сот талқылауы аяқталғаннан кейін бір (1) ай ішінде осы тараптардың осындай мүлікке құқықтарына мөлшерлес түрде дереу және өтеусіз қайтарады.
17-бап Транзиттеу
1. Уағдаласушы Мемлекеттер өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз мүдделеріне нұқсан келтірмей екінші Уағдаласушы Мемлекетке үшінші мемлекет ұстап берген адамды өз аумағы арқылы транзиттеуге рұқсат етуге құқылы.
2. Бұл үшін Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекет Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекетке орталық органдар арқылы не аса шұғыл жағдайларда - Халықаралық Қылмыстық Полиция Ұйымы (ИНТЕРПОЛ) арқылы тасымалданушы адамның сәйкестендіру деректерін, оның азаматтығы туралы мәліметтерді және істің қысқаша мән-жайларының баяндалуын қамтитын транзиттеу туралы сұрау салуды жолдайды. Транзиттеу туралы сұрау салуға адамның ұстап берілгенін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
3. Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет өз аумағынан тасымалданушы адамды күзетпен ұстауға тиіс.
4. Егер ол әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзиттеу мемлекетінің аумағында қону жоспарланбаса, транзиттеуге рұқсат талап етілмейді. Транзиттеу мемлекетінің аумағында жоспарланбаған қону болған жағдайда, транзиттеуді жүзеге асырушы мемлекет бұл жөнінде транзиттеу мемлекетін дереу хабардар етеді және транзиттеу мемлекеті транзиттеуге рұқсат беру туралы сұрау салуды күту барысында тасымалданушы адамды он бес (15) тәулік мерзімге дейін күзетпен ұстауға тиіс.
5. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімде транзиттеуге сұрау салу алынбаса, егер Уағдаласушы Мемлекеттер өзгеше айтпаса, адам босатылуға жатады.
18-бап Шығыстар
1. Осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды аумағында пайда болған Уағдаласушы Мемлекет өтейді.
2. Транзиттеуге байланысты шығыстарды Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекет көтереді.
3. Адамды транзиттік тасымалдау кезінде оны күзетпен ұстауға байланысты шығыстарды Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекет көтереді.
19-бап Нәтижелер туралы хабарлау
Сұрау салушы Уағдаласушы Мемлекет Сұрау салынатын Уағдаласушы Мемлекетке ұстап берілген адамға қатысты қылмыстық қудалау, сот талқылауы туралы не сот үкімін орындау туралы ақпаратты не ұстап берілген адамды үшінші мемлекетке экстрадициялау туралы ақпаратты ұсынады.
20-бап Осы Шарттың басқа халықаралық келісімдермен арақатынасы
Осы Шарт Уағдаласушы Мемлекеттер қатысушылары болып табылатын кез келген халықаралық келісімдерден туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
21-бап Келіспеушіліктерді реттеу
Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру барысында туындайтын кез келген келіспеушіліктер Уағдаласушы Мемлекеттердің орталық органдары арасында консультациялар мен келіссөздер өткізу арқылы шешіледі.
22-бап Қорытынды ережелер
1. Осы Шарт ратификациялануға жатады.
2. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы Мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
3. Уағдаласушы Мемлекеттердің өзара келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
4. Осы Шарт өз қолданысын Уағдаласушы Мемлекеттердің бірі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің Шарттың қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткеннен кейін тоқтатады.
5. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, ол қолданылу кезеңінде адамдарды ұстап беру бойынша басталған рәсімдер олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
2016 жылғы 24 тамызда Белградта әрқайсысы қазақ, серб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндері теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.
Қазақстан Республикасы үшін |
Сербия Республикасыүшін |
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Шарттың серб және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.
2016 жылғы 24 тамызда Белградта қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шарттың қазақ, серб және ағылшын мәтінің орыс тіліндегі мәтінге дәлме-дәлдігін растаймын.
И.о. Начальника Департамента международного сотрудничества Генеральной прокуратуры Республики Казахстан |
Г. Койгелдиев |