2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 30 қазандағы № 101-VІ ҚРЗ.

      2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2017 жылғы 23 наурызда Астанада жасалған хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ

2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
ХАТТАМА

      (2017 жылғы 17 қарашада күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 6, 83-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі

      2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) 15-бабының 2-тармағын және Тараптар мемлекеттері арасында жолаушыларды автомобильмен халықаралық тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты дамыту қажеттілігін басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Келісімге және Келісімді қолдану туралы Атқару Хаттамасына (бұдан әрі - Атқару Хаттамасы) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. Келісімнің Кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі

      Тараптар мемлекеттері арасында жолаушылар мен жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттілігін басшылыққа ала отырып,

      жолаушылар мен жүктерді Тараптар мемлекеттері арасындағы, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы транзитпен орындалатын автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыруды жеңілдетуге ұмтыла отырып,

      осы мәселелерді өзара көмек, ынтымақтастық және өзара тиімділік негізінде реттеуді қалай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:"

      2. Келісімнің 1-бабының 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Келісімнің ережелері жолаушылар мен жүктерді Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы, олардың аумақтары арқылы транзитпен орындалатын автомобильмен халықаралық тасымалдауларға, Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген автокөлік құралдары жүзеге асыратын үшінші елдерден/елдерге тасымалдарға қолданылады.".

      3. Келісімнің 2-бабының 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. "Тасымалдаушы" термині:

      Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген, жолаушылар мен жүктердің халықаралық тасымалдарын ұлттық заңнамаға сәйкес ақы үшін немесе өз есебінен жүзеге асыруға құқығы бар жеке немесе заңды тұлғаны білдіреді.".

      2. "Автокөлік құралы" термині:

      жолаушыларды тасымалдау кезінде - автобус, яғни жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнын қоса алғанда, отыруға арналған кемінде 9 орны бар автокөлік құралын;

      жүктерді тасымалдау кезінде - жүк автомобилін, тіркемесі бар жүк автомобилін, автомобильдік тартқышты немесе жартылай тіркемесі бар автомобильдік тартқышты қоса алғанда, жүктерді тасымалдауға арналған автокөлік құралын білдіреді.".

      4. Келісімнің 2-бабы мынадай мазмұндағы 7, 8 және 9-тармақтармен толықтырылсын:

      "7. "Жолаушылардың тұрақты тасымалдары" термині:

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында алдын ала келісілген маршруттар, кесте, тарифтер және тасымалдаушы жолаушыларды отырғызуды және түсіруді жүргізетін аялдама пункттері бойынша жүзеге асырылатын жолаушыларды автобуспен тасымалдауды білдіреді.

      8. "Жолаушылардың тұрақты емес тасымалдары" термині:

      "жолаушылардың тұрақты тасымалдары" деген терминге жатпайтын, жолаушыларды автобустармен тасымалдауды білдіреді.

      9. "Транзиттік тасымал" термині:

      Жолаушыларды немесе жүктерді Тараптардың бірі мемлекетінің аумағы арқылы тасымалдауды білдіреді, бұл тасымалдау кезінде жөнелту пункті мен межелі пункт осы мемлекеттің аумағынан тыс жерде орналасады.".

      5. Келісімнің III бөлімінің атауы мынадай редакцияда жазылсын:

"III. Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау".

      6. Келісімнің 4-бабы мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары рұқсат бланкілерін алмасу тәртібін өзара келіседі. Бұл бланкілерде рұқсатты берген құзыретті органның мөрі мен жауапты адамның қолы болуға тиіс.".

      7. Келісім мынадай мазмұндағы 5-1 және 5-2-баптармен толықтырылсын:

"5-1-бап

      1. Жолаушылардың тұрақты тасымалдары Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасындағы келісу бойынша ұйымдастырылады.

      2. Жолаушылардың Тараптар мемлекеттері арасындағы немесе олардың аумақтары арқылы транзитпен орындалатын тұрақты тасымалдары Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің аумағы арқылы өтетін маршрут учаскесіне беретін рұқсат негізінде жүзеге асырылады. Рұқсаттарды Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары келісілген тәртіппен 5 жылға дейінгі кезеңге береді.

      3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары тұрақты тасымалдарды ұйымдастыру туралы ұсыныстарды бір-біріне береді және бұл ұсыныстарда мынадай деректер:

      а) тасымалдаушының атауы;

      б) соңғы автовокзалдар (автостанциялар) көрсетілген жүру маршруты;

      в) қозғалыс кестесі мен тарифтер;

      г) тасымалдарды орындаудың белгіленетін кезеңі мен тұрақтылығы;

      д) тасымалдаушы жолаушыларды отырғызуды және түсіруді жүргізетін аялдама пункттері, сондай-ақ шекараны кесіп өту пункттері;

      е) қызметті бірнеше тасымалдаушы бірлесіп көрсеткен жағдайда, бірлескен шарт қамтылуға тиіс.

      4. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің аумақтары арқылы жолаушылардың тұрақты тасымалдарын ұйымдастыру тәртібін (жазбаша нысанда) келіседі.

5-2-бап

      1. Осы баптың 2-тармағында көзделген тасымалдарды қоспағанда, жолаушылардың Тараптар мемлекеттері арасындағы немесе олардың аумақтары арқылы транзитпен орындалатын тұрақты емес тасымалдары Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін рұқсат негізінде жүзеге асырылады.

      2. Мынадай:

      а) егер бүкіл сапар барысында бір ғана сол құрамдағы жолаушылар тобы бір ғана сол автобуспен тасымалданса, және бұл ретте:

      не сапар автобус тіркелген Тарап мемлекетінің аумағында басталған және аяқталған;

      не сапар автобус тіркелген Тарап мемлекетінің аумағында басталып, автобус басқа Тарап мемлекетінің аумағынан бос шығып кеткен жағдайда, осы басқа Тарап мемлекетінің аумағында аяқталған;

      не автобус осы тасымалдаушының бұрын жеткізген жолаушылар тобын әкету үшін басқа Тарап мемлекетінің аумағына бос кірген,

      б) жарамсыз автобус басқа автобуспен алмастырылған жағдайларда, жолаушылардың тұрақты емес тасымалдарын жүзеге асыру үшін осы баптың 1-тармағында көрсетілген рұқсат талап етілмейді.

      3. Осы баптың 2-тармағының а) тармақшасында көзделген тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде автобус жүргізушісінде Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары келіскен нысан бойынша жасалған жолаушылар тізімі болуға тиіс.

      4. Жолаушылардың әрбір тұрақты емес тасымалына, бару және келу үшін бір рейс жасау құқығын беретін жеке рұқсат берілуге тиіс.".

      8. Келісімнің 6-бабының 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Келісім (4-баптың 2-тармағы, 5-баптың 1-тармағы, 5-1-баптың 2-тармағы және 5-2-баптың 1-тармағы) бойынша талап етілетін рұқсаттар, сондай-ақ басқа да тасымалдау құжаттары осы Келісімде көзделген барлық тасымалдар кезінде автокөлік құралында болуға және талап етілген кезде тексеру үшін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының өкілдеріне ұсынылуға тиіс.".

      9. Келісімнің 8-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

"8-бап

      1. Осы Келісімде көзделген тасымалдарды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес халықаралық жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыруға жіберілген тасымалдаушылар ғана орындай алады.

      2. Жолаушылар мен жүктердің халықаралық тасымалдарын жүзеге асыратын автокөлік құралдары өз мемлекетінің тіркеу және айырым белгілеріне ие болуға тиіс.

      Жүк автомобильдері немесе автомобильдік тартқыштар Тараптар мемлекеттерінің тіркеу және айырым белгілеріне ие болған жағдайда, тіркемелер мен жартылай тіркемелер басқа елдердің тіркеу және айырым белгілеріне ие бола алады.

      3. Тараптардың тасымалдаушылары өз аумағында жолаушылар мен жүктердің тасымалдаулары жүзеге асырылатын мемлекеттің жол жүрісі қағидалары мен басқа да заңдарын сақтауға міндетті.".

      10. Келісімнің 9-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

"9-бап

      Автокөлік құралдары иелерінің үшінші тұлғаларға келтірілген залал үшін азаматтық жауапкершілігі міндетті сақтандырылған жағдайда, осы Келісім негізінде жолаушылар мен жүктердің тасымалдары жүзеге асырылады. Тасымалдаушы көрсетілген тасымалдарды орындайтын әрбір автокөлік құралын алдын ала сақтандыруға міндетті.".

      11. Келісімнің 12-бабында:

      1-тармақтың б) және в) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "б) жолаушылар мен жүктерді тасымалдау уақытында пайдалану үшін қажетті мөлшердегі жағармай материалдары;

      в) жолаушылар мен жүктердің халықаралық тасымалын жүзеге асыратын автокөлік құралын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар кедендік төлемдер мен алымдарды төлеуден өзара босатылады.";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Келісім шеңберінде жолаушылар мен жүктердің тасымалдарын жүзеге асыратын автокөлік құралдары автокөлік құралдарын иеленуге немесе пайдалануға байланысты алымдар мен төлемдерден, егер ақылы автомобиль жолдарын, автомагистральдарды, көпірлер мен тоннельдерді пайдаланғаны үшін алымдар мен төлемдер басқа Тарап мемлекетінің автокөлік құралдарынан өндіріп алынатын болса, осындай алымдар мен төлемдерді қоспағанда, осы мемлекеттің автомобиль жолдарын пайдалануға немесе күтіп ұстауға байланысты алымдар мен төлемдерден өзара босатылады.".

      12. Атқару Хаттамасының 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Келісімнің құзыретті органдары мыналар:

      Қазақстан Республикасы тарапынан:

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі.

      Өзбекстан Республикасы тарапынан:

      Өзбек автомобиль және өзен көлігі агенттігі, Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кеден комитеті және Автомобиль жолдары жөніндегі мемлекеттік комитеті болып табылады.

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының ресми атаулары өзгерген жағдайда, Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.".

2-бап

      Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Тараптардың жазбаша хабарламасының соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Хаттама Келісімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап өз қолданысын тоқтатады.

      2017 жылғы 23 наурызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндерде айырмашылық болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Хаттаманың өзбек тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады