Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 8 желтоқсандағы N 195 Заңы.

      Ташкентте 2006 жылғы 20 наурызда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті



Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Өзбекстан
Республикасының Yкiметi арасындағы
Халықаралық автомобиль қатынасы туралы
КЕЛIСIМ

      (2007 жылғы 8 қаңтарда күшіне енді -

      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,

      2007 ж., N 1, 11-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі

      Тараптар мемлекеттері арасында жолаушылар мен жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттілігін басшылыққа ала отырып,

      жолаушылар мен жүктерді Тараптар мемлекеттері арасындағы, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы транзитпен орындалатын автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыруды жеңілдетуге ұмтыла отырып,

      осы мәселелерді өзара көмек, ынтымақтастық және өзара тиімділік негізінде реттеуді қалай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР 30.10.2017 № 101-VI Заңымен.

I. ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ

1-бап

      1. Осы Келісімнің ережелері жолаушылар мен жүктерді Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы, олардың аумақтары арқылы транзитпен орындалатын автомобильмен халықаралық тасымалдауларға, Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген автокөлік құралдары жүзеге асыратын үшінші елдерден/елдерге тасымалдарға қолданылады.

      2. Осы Келiсiм Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.10.2017 № 101-VI Заңымен.

II. АНЫҚТАМАЛАР

2-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн онда қолданылатын анықтамалар мыналарды бiлдiредi:

      1. "Тасымалдаушы" термині:

      Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген, жолаушылар мен жүктердің халықаралық тасымалдарын ұлттық заңнамаға сәйкес ақы үшін немесе өз есебінен жүзеге асыруға құқығы бар жеке немесе заңды тұлғаны білдіреді.

      2. "Автокөлік құралы" термині:

      жолаушыларды тасымалдау кезінде - автобус, яғни жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнын қоса алғанда, отыруға арналған кемінде 9 орны бар автокөлік құралын;

      жүктерді тасымалдау кезінде - жүк автомобилін, тіркемесі бар жүк автомобилін, автомобильдік тартқышты немесе жартылай тіркемесі бар автомобильдік тартқышты қоса алғанда, жүктерді тасымалдауға арналған автокөлік құралын білдіреді.

      3. "Үшiншi елдерден/елдерге тасымалдау" терминi: жүктердi бiр Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген автомобиль көлiгiмен, бiрi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында, ал екiншiсi үшiншi елдiң (осы Келiсiмге қатысушы емес) аумағында орналасқан пункттер арасында тасымалдауды бiлдiредi.

      4. "Рұқсат" терминi:

      бiр Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы беретiн және екiншi Тарап мемлекетiнде тiркелген автокөлiк құралына рұқсатты берген Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша немесе арқылы жүруге құқық/мүмкiндiк беретiн құжатты бiлдiредi.

      5. "Арнайы рұқсат" терминi:

      бiр Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы беретiн және екiншi Тарап мемлекетiнде тiркелген автокөлiк құралына арнайы рұқсат берген Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша немесе арқылы арнайы санаттағы тасымалдарды жүзеге асыруға құқық/мүмкiндiк беретiн құжатты бiлдiредi.

      6. "Қауiптi жүктер" терминi:

      оларға тән қасиеттерге және ерекшелiктерге байланысты белгiлi бiр факторлар болған кезде тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстары процесiнде тасымалданатын жүктердiң, техникалық құралдардың, құрылғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың, басқа да объектiлердiң жарылуына, өртенуiне немесе бүлiнуiне, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтiруге себеп болуы мүмкiн заттарды, материалдарды, бұйымдарды, қалдықтарды бiлдiредi.

      7. "Жолаушылардың тұрақты тасымалдары" термині:

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында алдын ала келісілген маршруттар, кесте, тарифтер және тасымалдаушы жолаушыларды отырғызуды және түсіруді жүргізетін аялдама пункттері бойынша жүзеге асырылатын жолаушыларды автобуспен тасымалдауды білдіреді.

      8. "Жолаушылардың тұрақты емес тасымалдары" термині:

      "жолаушылардың тұрақты тасымалдары" деген терминге жатпайтын, жолаушыларды автобустармен тасымалдауды білдіреді.

      9. "Транзиттік тасымал" термині:

      Жолаушыларды немесе жүктерді Тараптардың бірі мемлекетінің аумағы арқылы тасымалдауды білдіреді, бұл тасымалдау кезінде жөнелту пункті мен межелі пункт осы мемлекеттің аумағынан тыс жерде орналасады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.10.2017 № 101-VI Заңымен.

III. Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау

      Ескерту. III-бөлімнің атауы жаңа редакцияда - ҚР 30.10.2017 № 101-VI Заңымен.

3-бап

      1. Екi мемлекеттiң арасында немесе олардың аумақтары бойынша транзитпен жүк тасымалдау рұқсатсыз жүзеге асырылады.

      2. Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетiнiң аумағы бойынша, оның iшiнде үшiншi мемлекеттен/мемлекетке транзитпен жүретiн екiншi Тараптың жүк автокөлiк құралдарының өтуi үшiн қолайлы жағдайды қамтамасыз етедi.

4-бап

      1. Тасымалдаушыға екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан екi пункттiң арасында жүк тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат етiлмейдi.

      2. Егер оған екiншi Тараптың құзыреттi органының рұқсаты алынса, Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң тасымалдаушысы екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағынан үшiншi мемлекеттiң аумағына және үшiншi мемлекеттiң аумағынан екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына жүктердi тасымалдауды жүзеге асыра алады.

      3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары рұқсат бланкілерін алмасу тәртібін өзара келіседі. Бұл бланкілерде рұқсатты берген құзыретті органның мөрі мен жауапты адамның қолы болуға тиіс.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.10.2017 № 101-VI Заңымен.

5-бап

      1. Жүксiз немесе жүкпен келе жатқан автокөлiк құралының көлемдерi мен салмақтық өлшемдерi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген нормалардан артық болса, тасымалдаушы екiншi Тараптың құзыреттi органының арнайы рұқсатын алуы тиiс.

      2. Қауiптi жүктердi және әскери құрамдарды тасымалдау, сондай-ақ олардың Тараптар мемлекетiнiң аумағы бойынша транзитi, аумағында тасымалдау жүзеге асырылатын мемлекеттiң ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

5-1-бап

      1. Жолаушылардың тұрақты тасымалдары Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасындағы келісу бойынша ұйымдастырылады.

      2. Жолаушылардың Тараптар мемлекеттері арасындағы немесе олардың аумақтары арқылы транзитпен орындалатын тұрақты тасымалдары Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің аумағы арқылы өтетін маршрут учаскесіне беретін рұқсат негізінде жүзеге асырылады. Рұқсаттарды Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары келісілген тәртіппен 5 жылға дейінгі кезеңге береді.

      3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары тұрақты тасымалдарды ұйымдастыру туралы ұсыныстарды бір-біріне береді және бұл ұсыныстарда мынадай деректер:

      а) тасымалдаушының атауы;

      б) соңғы автовокзалдар (автостанциялар) көрсетілген жүру маршруты;

      в) қозғалыс кестесі мен тарифтер;

      г) тасымалдарды орындаудың белгіленетін кезеңі мен тұрақтылығы;

      д) тасымалдаушы жолаушыларды отырғызуды және түсіруді жүргізетін аялдама пункттері, сондай-ақ шекараны кесіп өту пункттері;

      е) қызметті бірнеше тасымалдаушы бірлесіп көрсеткен жағдайда, бірлескен шарт қамтылуға тиіс.

      4. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің аумақтары арқылы жолаушылардың тұрақты тасымалдарын ұйымдастыру тәртібін (жазбаша нысанда) келіседі.

      Ескерту. Келісім 5-1-баппен толықтырылды - ҚР 30.10.2017 № 101-VI Заңымен.

5-2-бап

      1. Осы баптың 2-тармағында көзделген тасымалдарды қоспағанда, жолаушылардың Тараптар мемлекеттері арасындағы немесе олардың аумақтары арқылы транзитпен орындалатын тұрақты емес тасымалдары Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін рұқсат негізінде жүзеге асырылады.

      2. Мынадай:

      а) егер бүкіл сапар барысында бір ғана сол құрамдағы жолаушылар тобы бір ғана сол автобуспен тасымалданса, және бұл ретте:

      не сапар автобус тіркелген Тарап мемлекетінің аумағында басталған және аяқталған;

      не сапар автобус тіркелген Тарап мемлекетінің аумағында басталып, автобус басқа Тарап мемлекетінің аумағынан бос шығып кеткен жағдайда, осы басқа Тарап мемлекетінің аумағында аяқталған;

      не автобус осы тасымалдаушының бұрын жеткізген жолаушылар тобын әкету үшін басқа Тарап мемлекетінің аумағына бос кірген,

      б) жарамсыз автобус басқа автобуспен алмастырылған жағдайларда, жолаушылардың тұрақты емес тасымалдарын жүзеге асыру үшін осы баптың 1-тармағында көрсетілген рұқсат талап етілмейді.

      3. Осы баптың 2-тармағының а) тармақшасында көзделген тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде автобус жүргізушісінде Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары келіскен нысан бойынша жасалған жолаушылар тізімі болуға тиіс.

      4. Жолаушылардың әрбір тұрақты емес тасымалына, бару және келу үшін бір рейс жасау құқығын беретін жеке рұқсат берілуге тиіс.

      Ескерту. Келісім 5-2-баппен толықтырылды - ҚР 30.10.2017 № 101-VI Заңымен.

IV. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

6-бап

      1. Осы Келісім (4-баптың 2-тармағы, 5-баптың 1-тармағы, 5-1-баптың 2-тармағы және 5-2-баптың 1-тармағы) бойынша талап етілетін рұқсаттар, сондай-ақ басқа да тасымалдау құжаттары осы Келісімде көзделген барлық тасымалдар кезінде автокөлік құралында болуға және талап етілген кезде тексеру үшін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының өкілдеріне ұсынылуға тиіс.

      2. Тасымалдау құжаттарын жол жүру алдында толық толтыру керек.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.10.2017 № 101-VI Заңымен.

7-бап

      1. Бiр Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушылары екiншi Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын автомобиль тасымалдары саласындағы халықаралық шарттардың ережелерiн сақтауға мiндеттi.

      Осы Келiсiмде көзделген тасымалдар Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес халықаралық автомобиль қозғалысы үшiн ашық автомобиль жолдары бойынша жүзеге асырылады. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары қажеттi жағдайда тасымалдау бағытын белгiлеуге құқылы.

      2. Тасымалдаушы немесе оның жүргiзушiсi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында қолданыстағы заңнаманы немесе осы Келiсiмнiң ережелерiн бұзған кезде аумағында автокөлiк құралдары тiркелген Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары, аумағында бұзушылық жасалған Тараптың өтiнiшi бойынша мынадай шаралардың бiрiн қолдануы мүмкiн:

      а) тасымалдаушыға қолданыстағы ережелердi сақтау қажеттiгi туралы ескерту;

      б) осы Келiсiмге сәйкес тасымалдауды орындауға уақытша тыйым салу;

      в) жауап беретiн тасымалдаушыға рұқсаттарды берудi тоқтату немесе екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы осы тасымалдаушыны тасымалдаудан шеттеткен мерзiмге берiлген рұқсатын алып қою.

      3. Осы баптың 2-тармағының б) тармақшасына сәйкес шараны сондай-ақ аумағында бұзушылық жасалған Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы тiкелей қабылдауы мүмкiн.

      4. Екi Тарап мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары қабылданған шаралар туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.

      5. Тараптар мемлекеттерiнiң автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiнде өзi басқаратын автокөлiк құралының санатына сәйкес келетiн ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiгi және 1968 жылғы 8 қарашада Венада жасалған Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жол қозғалысы туралы конвенциясының талаптарына жауап беретiн автокөлiк құралына арналған тiркеу куәлiгi болуы тиiс.

      6. Тараптар мемлекеттерiнiң автотасымалдаушылары құқық бұзушылық жасағаны үшiн аумағында құқық бұзушылық жасалған мемлекеттiң ұлттық заңнамасында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады.

8-бап

      1. Осы Келісімде көзделген тасымалдарды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес халықаралық жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыруға жіберілген тасымалдаушылар ғана орындай алады.

      2. Жолаушылар мен жүктердің халықаралық тасымалдарын жүзеге асыратын автокөлік құралдары өз мемлекетінің тіркеу және айырым белгілеріне ие болуға тиіс.

      Жүк автомобильдері немесе автомобильдік тартқыштар Тараптар мемлекеттерінің тіркеу және айырым белгілеріне ие болған жағдайда, тіркемелер мен жартылай тіркемелер басқа елдердің тіркеу және айырым белгілеріне ие бола алады.

      3. Тараптардың тасымалдаушылары өз аумағында жолаушылар мен жүктердің тасымалдаулары жүзеге асырылатын мемлекеттің жол жүрісі қағидалары мен басқа да заңдарын сақтауға міндетті.

      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 30.10.2017 № 101-VI Заңымен.

9-бап

      Автокөлік құралдары иелерінің үшінші тұлғаларға келтірілген залал үшін азаматтық жауапкершілігі міндетті сақтандырылған жағдайда, осы Келісім негізінде жолаушылар мен жүктердің тасымалдары жүзеге асырылады. Тасымалдаушы көрсетілген тасымалдарды орындайтын әрбір автокөлік құралын алдын ала сақтандыруға міндетті.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 30.10.2017 № 101-VI Заңымен.

10-бап

      Осы Келiсiмде, сондай-ақ Тараптардың екеуi де қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда реттелмеген мәселелер әрбiр Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес шешiлетiн болады.

11-бап

      1. Тараптар шудың және пайдаланылған газдағы зиянды заттардың төмен деңгейiмен ерекшелiнетiн, қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қазiргi заманғы жабдықпен жарақталған автокөлiк құралдарын пайдалануға ықпал етедi.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шаралар осы Келiсiмнiң 14-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен комиссиямен қосымша келiсiлетiн болады.

12-бап

      1. Осы Келiсiмнiң негiзiнде тасымалдарды орындау кезiнде Тараптар мемлекеттерiнiң аумағына әкелiнетiн:

      а) автокөлiк құралының әрбiр моделi үшiн жасаушы көздеген, қозғалтқыштың қоректендiру жүйесiмен технологиялық және конструкциялық байланыстағы стандартты сыйымдылықтардағы, сондай-ақ рефрижераторлармен және автокөлiк құралдарындағы басқа да қондырғылармен технологиялық байланысқан қосымша сыйымдылықтардағы жанармай;

      б) жолаушылар мен жүктерді тасымалдау уақытында пайдалану үшін қажетті мөлшердегі жағармай материалдары;

      в) жолаушылар мен жүктердің халықаралық тасымалын жүзеге асыратын автокөлік құралын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар кедендік төлемдер мен алымдарды төлеуден өзара босатылады.

      Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер қайта алып кетуге жатады, ал ауыстырылған қосалқы бөлшектер мемлекеттен шығарылуы не жойылуы не тиiстi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген тәртiппен тапсырылуы тиiс.

      2. Осы Келісім шеңберінде жолаушылар мен жүктердің тасымалдарын жүзеге асыратын автокөлік құралдары автокөлік құралдарын иеленуге немесе пайдалануға байланысты алымдар мен төлемдерден, егер ақылы автомобиль жолдарын, автомагистральдарды, көпірлер мен тоннельдерді пайдаланғаны үшін алымдар мен төлемдер басқа Тарап мемлекетінің автокөлік құралдарынан өндіріп алынатын болса, осындай алымдар мен төлемдерді қоспағанда, осы мемлекеттің автомобиль жолдарын пайдалануға немесе күтіп ұстауға байланысты алымдар мен төлемдерден өзара босатылады.

      3. Сондай-ақ Тараптар екi елдiң тасымалдаушыларын Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес, осы мемлекеттердiң аумағы бойынша транзитпен тасымалданатын жүктерден алынатын депозиттiк және кепiлдiк сомалар төлемдерiнен өзара босатады.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.10.2017 № 101-VI Заңымен.

13-бап

      1. Шекаралық, кедендiк, санитарлық және ветеринариялық, сондай-ақ фитосанитарлық бақылауға және шекарадан өтуге байланысты қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi бақылауға қатысты, Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады, ал осы шарттарда реттелмеген мәселелердi шешу кезiнде әрбiр Тараптардың әр мемлекетiнiң заңнамасы қолданылады.

      2. Шекаралық, кедендiк және санитарлық, ветеринариялық, сондай-ақ фитосанитарлық бақылау автокөлiк құралымен жануарларды, тез бүлiнетiн және қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде басым тәртiппен жүзеге асырылады.

V. БIРЛЕСКЕН КОМИССИЯ

14-бап

      1. Осы Келiсiмдi орындау және оған байланысты мәселелердi талқылау үшiн құрамына Тараптар мемлекетiнiң құзыреттi органдарының өкiлдерi кiретiн Бiрлескен Комиссия құрылады.

      2. Бiрлескен Комиссияның мәжiлiстерi қажет болған жағдайда Тараптардың бiрiнiң мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының ұсынысы бойынша өткiзiледi.

      3. Бiрлескен Комиссия қажет болған жағдайда Осы Келiсiмнiң ережелерiн өзгерту жөнiндегi ұсыныстарды басқа құзыреттi органдардың қатысуымен әзiрлейдi.

15-бап

      1. Тараптар Атқару Хаттамасында Осы Келiсiмнiң орындалу тәртiбiн белгiлейдi.

      Атқару Хаттамасына Келiсiммен бiр уақытта қол қойылады және ол оның ажырамас бөлiгi болып табылады.

      2. Осы Келiсiмге осы Келiсiмдi қолдану туралы Атқару Хаттамасына Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

      3. Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мен қолдануға байланысты туындауы мүмкiн барлық даулар мен келiспеушiлiктердi Тараптардың Бiрлескен Комиссиясы шеңберiнде өткiзiлетiн консультациялар мен келiссөздер жолымен шешетiн болады.

VI. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

16-бап

      Осы Келiсiм оған қол қойылған күннен бастап уақытша қолданылады және оның күшiне енуi үшiн қажеттi барлық мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.

      Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалды және Тараптардың бiрi екiншi Тарапты өзiнiң оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабардар еткен күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.

      2006 жылғы 20 наурызда Ташкент қаласында әрқайсысы қазақ,

      өзбек және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

Қазақстан Республикасының

Өзбекстан Республикасының

Yкiметi үшiн

Yкiметi үшiн


Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық
автомобиль қатынасы туралы келiсiмдi қолдану туралы
АТҚАРУ ХАТТАМАСЫ

      (2007 жылғы 8 қаңтарда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi (бұдан әрi Тараптар деп аталатын) 2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмдi (бұдан әрi - Келiсiм) қолдану ережелерiн белгiлеу мақсатында,

      төмендегiлер туралы уағдаласты:

      1. Келісімнің құзыретті органдары мыналар:

      Қазақстан Республикасы тарапынан:

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі.

      Өзбекстан Республикасы тарапынан:

      Өзбек автомобиль және өзен көлігі агенттігі, Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кеден комитеті және Автомобиль жолдары жөніндегі мемлекеттік комитеті болып табылады.

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының ресми атаулары өзгерген жағдайда, Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР 30.10.2017 № 101-VI Заңымен.

      2. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары Келiсiмнiң орындалу барысы, халықаралық автомобиль тасымалына, салық және кедендiк алымдарға байланысты мемлекет заңнамасындағы өзгерiстер, алдыңғы жылғы тасымалдардың жай-күйi, шекаралық өтпелер жұмысының режимдерi және жүктер тасымалын жетiлдiруге бағытталған басқа да мәселелер туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.

      3. Осы Атқару Хаттамасы Келiсiммен бiр уақытта күшiне енедi.

      2006 жылғы 20 наурызда Ташкент қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.

      Осы Атқару Хаттамасының ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

Қазақстан Республикасының

Өзбекстан Республикасының

Үкiметi үшiн

Yкiметi үшiн


      РҚАО-ның ескертуі. Келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні өзбек тілінде қайталанады (қағаз мәтінінен қараңыз).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады