1996 жылғы 9 желтоқсанда Нью-Делиде жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Үндiстан Республикасының Үкiметi арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы 2017 жылғы 6 қаңтарда Нью-Делиде жасалған хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. Назарбаев |
1996 жылғы 9 желтоқсанда Нью-Делиде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы хаттама
(2018 жылғы 12 наурызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 3, 34-құжат)
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі,
1996 жылғы 9 желтоқсанда Нью-Делиде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға катысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және Хаттамаға (бұдан әрі - Конвенция) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама жасасуға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
I бап
Конвенцияның 2-бабы (Конвенция қолданылатын салықтар) 3-тармағының а) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"а) Қазақстан Республикасында:
(i) корпоративтік табыс салығы;
(ii) жеке табыс салығы;
(iii) заңды және жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық;
(бұдан әрі "Қазақстан салығы" деп аталатындар);".
II бап
1. Конвенцияның 3-бабы (Жалпы анықтамалар) 1-тармағы а) тармақшасының (і) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"(і) "Қазақстан" Қазақстан Республикасын білдіреді және географиялық мағынада пайдаланған кезде "Қазақстан" термині Қазақстан Республикасының мемлекеттік аумағын және оның заңнамасына және халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан өзінің егемендік құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыратын аймақтарды қамтиды;".
2. Конвенцияның 3-бабының 2-тармағы мынадай редакциядағы сөйлеммен толықтырылсын:
"Осы Уағдаласушы Мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес кез келген мағына осы Уағдаласушы Мемлекеттің басқа заңдары бойынша терминге берілетін мағынадан басым болады.".
III бап
1. Конвенцияның 4-бабының (Резидент) 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін "Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті" термині осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша оның тұрғылықты жері, резиденттігі, инкорпорация жері, басқару орны немесе осыған ұқсас сипаттағы кез келген басқа критерий негізінде онда салық салынуға жататын кез келген тұлғаны білдіреді, сондай-ақ Уағдаласушы Мемлекетті және кез келген әкімшілік-аумақтық бөлімшені немесе жергілікті билік органын қамтиды.
Алайда бұл термин осы Уағдаласушы Мемлекеттегі көздерден алынатын табысқа немесе онда орналасқан капиталға қатысты ғана осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынуға жататын кез келген тұлғаны қамтымайды.".
2. Конвенцияның 4-бабы 1-тармағының мақсаттары үшін "инкорпорация жері" деген сөздер "тіркелген жері" дегенді қамтиды деп түсініледі.
IV бап
1. Конвенцияның 5-бабы (Тұрақты мекеме) 3-тармағының б) тармақшасындағы "12 айдан астамға" деген цифрлар мен сөздер "6 айдан астамға" деген цифрмен және сөздермен ауыстырылсын.
2. Конвенцияның 5-бабы 3-тармағының б) тармақшасындағы "астамға созылса." деген сөздер "астамға созылса," деген сөздермен ауыстырылып, мынадай редакциядағы с) тармақшамен толықтырылсын:
"с) егер осындай сипаттағы қызмет (осындай немесе онымен байланысты жоба үшін) Уағдаласушы Мемлекеттің шегінде кез келген 12 айлық кезең шегінде 90-нан астам күнді құрайтын кезең немесе кезеңдер ішінде жалғасса, кәсіпорын осындай мақсаттар үшін жалдаған қызметшілер немесе басқа персонал арқылы кәсіпорынның консультациялық қызметтер көрсетуін қоса алғанда, қызметтер көрсетуін қамтиды.".
3. Конвенцияның 5-бабы 3-тармағының с) тармақшасын есепке ала отырып, егер екінші Уағдаласушы Мемлекетте қызмет көрсететін Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны белгілі бір уақыт кезеңі ішінде осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте болатын және дәл осындай қызметтер көрсететін бір немесе одан да көп жеке тұлғалар арқылы осындай немесе онымен байланысты жобалар үшін осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте осыған ұқсас қызметтер көрсететін екінші кәсіпорынмен байланысты болса, онда бірінші аталған кәсіпорын екінші Уағдаласушы Мемлекетте осындай немесе онымен байланысты жобалар үшін осындай тұлғалар арқылы қызметтер көрсетеді деп есептеледі. Алдыңғы сөйлемнің мақсаттары үшін, егер кәсіпорындардың біреуін екіншісі тікелей немесе жанама бақылайтын болса немесе екі кәсіпорынды да сол бір тұлғалар тікелей немесе жанама бақылайтын болса, осындай тұлғалардың Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, кәсіпорын екінші кәсіпорынмен байланысты деп есептеледі.
V бап
Конвенцияның 7-бабының (Кәсіпкерлік қызметтен алынатын пайда) 6-тармағынан кейін мынадай редакциядағы 7-тармақпен толықтырылсын:
"7. Егер кәсіпорын пайдасының жалпы сомасын оның әртүрлі бөлімшелерінің арасында барабар бөлу негізінде тұрақты мекемеге жататын пайданы айқындау Уағдаласушы Мемлекетте әдеттегі практика болып табылса, онда осы баптың 2-тармағында ештеңе де осы Уағдаласушы Мемлекетке салық салынатын пайданы әдеттегі практика негізінде осындай бөлу арқылы айқындауға тыйым салмайды, алайда таңдалған бөлу әдісі осы бапта қамтылған қағидаттарға сәйкес келетін нәтижелер беруге тиіс.".
VI бап
Конвенцияның 9-бабында (Ассоциацияланған кәсіпорындар) қолданыстағы мәтін 1-тармақпен нөмірленсін және мынадай редакциядағы 2-тармақпен толықтырылсын:
"2. Егер Уағдаласушы Мемлекет осы Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының пайдасына екінші Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынатын пайдасын қосса және оған тиісінше салық салса және осылайша қосылған пайда, егер екі кәсіпорынның арасындағы өзара қарым-қатынастар тәуелсіз кәсіпорындардың арасындағы қарым-қатынастардай болғанда бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнына есептелетін пайда болып табылса, онда осы екінші Уағдаласушы Мемлекет осындай пайдадан есептелген салық сомасына тиісінше түзету енгізеді. Осындай түзетуді айқындау кезінде осы Конвенцияның басқа да ережелері ескерілуге тиіс және қажет болған кезде Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары бірімен-бірі консультация жүргізіп отыруға тиіс.".
VII бап
Конвенцияның 11-бабының (Проценттер) 6-тармағындағы "осы Мемлекеттің өзі, саяси-әкімшілік бөлімшесі немесе" деген сөздер алып тасталсын.
VIII бап
Конвенцияның 12-бабы (Роялти және техникалық қызмет үшін сыйақы) 5-тармағының бірінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
"Егер төлеуші осы Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, техникалық қызметтер үшін роялти немесе сыйақы Уағдаласушы Мемлекетте пайда болды деп есептеледі.".
ІХ бап
Конвенцияның 21-бабының (Жоғары оқу орындарының, мектептердің оқытушылары және күндізгі оқу аспиранттары) 1-тармағында "келген күннен бастап екі жылдан" деген сөздер "алғашқы келген күнінен бастап екі жылдан" деген сөздермен ауыстырылсын.
Х бап
Конвенцияның 22-бабының (Басқа табыстар) 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекет резидентінің Конвенцияның алдыңғы баптарында көрсетілмеген және екінші Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын табыстарына екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынады.".
XI бап
Конвенцияның 27-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
"27-бап Ақпарат алмасу
1. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы Конвенцияның ережелерін орындау немесе әкімшілендіру немесе Уағдаласушы Мемлекеттердің немесе олардың әкімшілік-аумақтық бөлімшелерінің, орталық немесе жергілікті билік органдарының атынан салық салу осы Конвенцияға қайшы келмейтіндей шамада алынатын кез келген түрдегі және сипаттағы салықтарға қатысты ұлттық заңнаманы қолдану үшін қажетті ақпарат алмасады. Ақпарат алмасу осы Конвенцияның 1 және 2-баптарымен шектелмейді.
2. Уағдаласушы Мемлекет осы баптың 1-тармағына сәйкес алған кез келген ақпарат осы Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес алынған ақпарат сияқты құпия болып есептеледі және осы баптың 1-тармағында айтылған салықтарға қатысты бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлеп өндіріп алумен немесе сот қудалауымен немесе апелляцияларды қараумен де, жоғарыда көрсетілгендердің барлығын қадағалаумен де айналысатын тұлғаларға немесе органдарға (соттарды және әкімшілік органдарды қоса алғанда) ғана жария етіледі. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшін ғана пайдалана алады. Олар ақпаратты ашық сот отырысы барысында немесе сот шешімдерін қабылдау кезінде жария етуі мүмкін.
Жоғарыда айтылғандарға қарамастан, Уағдаласушы Мемлекет алған ақпарат, егер осындай ақпарат екі Мемлекеттің заңнамасына сәйкес пайдаланылса және Мемлекеттің ақпаратты берген құзыретті органы осындай пайдалануға рұқсат берсе, өзге мақсаттар үшін пайдаланылуы мүмкін.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері Уағдаласушы Мемлекетке:
а) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына және әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларды қолдану;
б) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша немесе әдеттегі әкімшілендіру барысында алуға болмайтын ақпаратты ұсыну;
в) қандай да бір сауда, кәсіпкерлік, өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны немесе сауда процесін жария етуі мүмкін ақпаратты немесе жария ету мемлекеттік саясатқа (ordre public) қайшы келуі мүмкін ақпаратты ұсыну міндеттемесін жүктейтіндей түсіндірілмейді.
4. Егер ақпаратты осы бапқа сәйкес бір Уағдаласушы Мемлекет сұратса, екінші Уағдаласушы Мемлекет осындай ақпарат тіпті осы екінші Уағдаласушы Мемлекетке жеке салықтық мақсаттары үшін қажет болмаса да, сұрау салынған ақпаратты жинау бойынша шаралар қабылдайды. Алдыңғы сөйлемде қамтылған міндеттеме осы баптың 3-тармағының шектеулерінің аясында болады, бірақ мұндай шектеулер Уағдаласушы Мемлекетке осындай ақпаратқа ішкі мүдделіліктің болмауы себебінен ғана ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беру ретінде түсіндірілмейді.
5. Осы баптың 3-тармағының ережелері банк, басқа қаржы мекемесі, номиналды ұстаушы немесе агент немесе сенімді өкіл ақпарат иесі болып табылатындығы себебінен немесе ақпарат меншік құқығы берілген тұлғаға қатысты болуы себебінен ғана Уағдаласушы Мемлекетке ақпарат ұсынудан, бас тартуға рұқсат беру ретінде түсіндірілмейді.".
XII бап
Конвенцияның 28-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
"28-бап Салықтарды жинауға көмек
1. Уағдаласушы Мемлекеттер табыс талаптарын орындауға біріне-бірі көмек көрсетеді. Мұндай көмек осы Конвенцияның 1 және 2-баптарының қолданылуымен шектелмейді. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары өзара келісім бойынша осы бапты қолданудың рәсімдерін белгілейді.
2. Осы бапта пайдаланылатын "табыс талабы" термині пайыздарды, әкімшілік айыппұлдарды және осындай сомаға жататын өндіріп алу не қамтамасыз ету шараларын қолдану бойынша шығыстарды қоса алғанда, салық салу осы Конвенцияға немесе тараптары Уағдаласушы Мемлекеттер болып табылатын кез келген басқа актіге қайшы келмейтіндей шамада Уағдаласушы Мемлекеттердің немесе олардың әкімшілік-аумақтық бөлімшелерінің немесе жергілікті билік органдарының атынан алынатын кез келген түрдегі және сипаттағы салықтарға қатысты тиесілі берешек сомасын білдіреді.
3. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің табыс талабы осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес мәжбүрлі орындалуға жататын болса және ол бойынша борышкер осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес оны орындауды болдырмайтын тұлға болып табылса, мұндай табыс талабын осы Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы бойынша екінші Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органы орындау мақсаты үшін қабылдайды. Мұндай табыс талабын, егер осы табыс талабы екінші Уағдаласушы Мемлекеттік табыс талабы болып табылатындай болса, өзінің меншікті салықтарын мәжбүрлеп өндіріп алуға қолданылатын оның заңнамасының ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы Мемлекет орындайды.
4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің табыс талабы оған қатысты осы Уағдаласушы Мемлекет өзінің заңнамасына сәйкес оны орындау мақсатында қамтамасыз ету шараларын қолдана алатын талаптар болып табылса, мұндай табыс талабы осы Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы бойынша екінші Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органының қамтамасыз ету шараларын қолдану мақсаты үшін қабылданады. Екінші Уағдаласушы Мемлекет өз заңнамасының ережелеріне сәйкес мұндай табыс талабына қатысты, егер осы табыс талабы осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің табыс талабы болып табылатындай тіпті егер осындай шараларды қолдану кезінде мұндай табыс салығы бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекетте мәжбүрлеп орындауға жатпаса да немесе ол бойынша борышкер оның орындалуын болдырмау құқығы бар тұлға болып табылса да, қамтамасыз ету шараларын қолданады.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарының ережелеріне қарамастан, осы баптың 3 немесе 4-тармақтарына сәйкес Уағдаласушы Мемлекет қабылдаған табыс талабы осы Уағдаласушы Мемлекетте уақытша шектеулерге немесе талаптың сипатына қатысты осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес табыс талабына қолданылатын кез келген басымдығын айқындауға жатпайды. Осыған қосымша ретінде, осы баптың 3 немесе 4-тармағына сәйкес Уағдаласушы Мемлекет қабылдаған табыс талабының осы Уағдаласушы Мемлекетте екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес мұндай табыс талабына қолданылатын басымдығы болмайды.
6. Уағдаласушы Мемлекеттің табыс талабының болуына, заңдылығына немесе сомасына қатысты сот қуынымдары екінші Уағдаласушы Мемлекеттің сотында немесе басқа да әкімшілік органдарында қозғалмайды.
7. Егер осы баптың 3 немесе 4-тармақтарына сәйкес Уағдаласушы Мемлекет сұрау салуды жібергеннен кейін және екінші Уағдаласушы Мемлекет тиісті табыс талабын орындағанға дейін және бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекетке тиісті соманы аударғанға дейінгі кез келген уақытта тиісті табыс талабы:
а) осы баптың 3-тармағына сәйкес сұрау салынған жағдайда осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес мәжбүрлеп орындалуға жататын бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекеттің табыс талабы болмайды және ол бойынша борышкер осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес оның орындалуын болдыра алмайтын тұлға болып табылады, немесе
б) осы баптың 4-тармағына сәйкес сұрау салынған жағдайда бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекеттің табыс талабы болмайды, осыған қатысты осы Уағдаласушы Мемлекет өзінің заңнамасына сәйкес оны орындау мақсатында қамтамасыз ету шараларын қолдана алады,
бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органын осы факт туралы дереу хабардар етеді және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің таңдауы бойынша бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекет өзінің сұрау салуын не тоқтата тұрады не кері қайтарып алады.
8. Осы баптың ережелері Уағдаласушы Мемлекетке:
а) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына және әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларды қолдану;
б) мемлекеттік саясатқа (ordre public) қайшы келетін шараларды қолдану;
в) егер екінші Уағдаласушы Мемлекет өз заңнамасына немесе әкімшілік практикасына сәйкес орындау немесе мән-жайларға қарай қолжетімді қамтамасыз ету шараларын қолдану жөнінде барлық тиісті шараларды қабылдамаса, көмек көрсету;
г) осы Уағдаласушы Мемлекет үшін әкімшілік шығындар екінші Уағдаласушы Мемлекет алатын пайдаға мөлшерлес болмаған жағдайларда көмек көрсету міндеттемесін қолдануды жүктейтіндей түсіндірілмейді.".
XIII бап
Конвенцияның 28-бабынан кейін мынадай редакциядағы 28А бабымен толықтырылсын:
"28 А бабы
Жеңілдіктерді шектеу
1. Осы Конвенцияның ережелері ешқандай жағдайда Уағдаласушы Мемлекетке өзінің ішкі заңнамасының ережелерін және салықтық жалтаруға немесе шын мәнінде осындай ретте сипатталған жалтаруға қарсы шараларды қолдануға тыйым салмайды.
2. Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне, егер басты мақсаты немесе басты мақсаттарының бірі оның істері осы Конвенциядан пайда алу болып табылатындай құрылған болса, осы Конвенцияны қолдануға құқық берілмеуге тиіс.
3. Осы Конвенцияның ережелері екінші Уағдаласушы Мемлекеттен алынған табыстың немесе онда орналасқан капиталдың іс жүзіндегі иесі болып табылмайтын тұлғаға қолданылмайды.".
XIV бап
1996 жылғы 9 желтоқсанда қол қойылған Хаттамада мынадай сөйлемдер алып тасталсын:
"10, 11 және 12-баптарға қатысты:
10, 11 және 12-баптарға қатысты, егер Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасының Үкіметтері мен үшінші Мемлекет арасындағы кез келген Конвенция, Келісім немесе Хаттама бойынша не Қазақстан, не Үндістан аталған табыс түрлеріне арналған осы Конвенцияда қолданылатын мөлшерлемеге немесе қолданылу аясына қарағанда дивидендтерге (бірыңғай мөлшерлеме), пайыздарға, роялти немесе техникалық қызметтер үшін қаламақыларға барынша төмен мөлшерлеме немесе қолданылу аясы бойынша барынша шектеулі салық салуға шектеуді белгілесе, онда аталған табыс түрлеріне арналған осы Конвенцияда, Келісімде немесе Хаттамада қолданылатын бірдей мөлшерлеме немесе қолданылу аясы осы Конвенцияға да қолданылуға тиіс.".
ХV бап
1. Осы Хаттама Уағдаласушы Мемлекеттердің осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күні күшіне енеді.
2. Осы Хаттаманың ережелері:
а) Қазақстанда алынған табысқа немесе иелігінде бар капиталға қатысты осы Хаттама күшіне енетін күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін басталатын кез келген қаржы жылында; және
б) Үндістанда алынған табысқа немесе иелігінде бар капиталға қатысты осы Хаттама күшіне енетін күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың бірінші сәуірінен бастап немесе одан кейін басталатын кез келген қаржы жылында қолданылады.
Осыны куәландыру үшін қол қоюға тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Конвенцияның ажырамас бөлігі болып табылатын осы Хаттамаға қол қойды.
2017 жылғы 6 қаңтарда Нью-Дели қаласында әрқайсысы қазақ, үнді, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Мәтіндерде алшақтықтар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін айқындаушы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Үндістан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Хаттаманың үнді және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.