1992 жылғы 6 шілдедегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 13 маусымдағы № 158-VІ ҚРЗ.

      1992 жылғы 6 шілдедегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 2017 жылғы 13 қыркүйекте Минскіде жасалған хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ

      (2019 жылғы 7 ақпанда күшіне енген - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2019 ж., № 1, 9-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер

      1969 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 39-бабын басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      1992 жылғы 6 шілдедегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) 2-бабында "құрамына" деген сөз "судьялар тізіліміне" деген сөздермен ауыстырылсын.

2-бап

      Келісімнің 3-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының болатын жері Беларусь Республикасының Минск қаласы болып табылады.".

3-бап

      Келісім мынадай мазмұндағы 3.1-баппен толықтырылсын:

      "3.1-бап

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотын қаржыландыруды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшыларының кеңесі мөлшерін айқындайтын үлестік жарналар есебінен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының бірыңғай бюджетінен қатысушы мемлекеттер жүзеге асырады.".

4-бап

      Келісім мынадай мазмұндағы 3.2-баппен толықтырылсын:

      "3.2-бап

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты нақты істерді қарау жөніндегі өз қызметін аd һос форматында жүзеге асырады.

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының Төрағасы қызметін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының болатын жерінде тұрақты негізде жүзеге асырады.

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты нақты істерді қарау үшін үш судьядан тұратын палаталар құрамында болатын жерде жиналады.".

5- бап

      Келісімнің 4-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Келісімге қол қойған мемлекеттер үшін осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Заңнамасы осындай келісімдерді ратификациялауды талап ететін мемлекеттер үшін – ратификациялық грамоталарды депозитарийге тапсырған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кез келген қатысушы мемлекеттің қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы қосылуы үшін ашық.

      Қосылушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.".

6- бап

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Соты туралы ереженің (бұдан әрі - Ереже) 6-тармағы алып тасталсын.

7-бап

      Ереженің 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Экономикалық Сот судьяларының тізілімі халықаралық құқық саласында жоғары білікті мамандар болып табылатын, әдетте, жоғары сот лауазымдарына немесе мемлекеттік қызметтің құқық саласындағы басшы лауазымдарына тағайындау үшін қойылатын талаптарға сай келетін адамдардың арасынан қалыптастырылады.

      Экономикалық Соттың судьялары қатысушы мемлекеттерде көзделген тәртіппен Экономикалық Сот судьяларының тізіліміне он жыл мерзімге сайланады (тағайындалады). Судьяларды сайлау (тағайындау) туралы тиісті хабарламаны қатысушы мемлекет судьялардың тізіліміне енгізу үшін Экономикалық Сотқа жібереді.

      Экономикалық Сот судьяларының өкілеттіктері мынадай негіздер:

      Экономикалық Сот қызметінің тоқтатылуы;

      судья өкілеттіктері мерзімінің өтуі;

      судьяның өз өкілеттіктерін тоқтату туралы жазбаша өтініші;

      судьяның өзі өкілдік ететін қатысушы мемлекеттің азаматтығынан айырылуы;

      судьяның өкілеттіктерімен үйлеспейтін қызметпен айналысуы;

      денсаулық жағдайы бойынша немесе өзге де дәлелді себептермен судья өкілеттіктерін жүзеге асыра алмауы;

      судьяның өз жоғары мәртебесімен үйлеспейтін елеулі теріс қылық жасауы;

      судьяға қатысты соттың айыптау үкімінің не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі;

      судьяның әрекетке қабілетін шектеу не оны әрекетке қабілетсіз деп тану туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі;

      судьяның қайтыс болуы немесе соттың оны қайтыс болды деп жариялау не хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы шешімінің заңды күшіне енуі бойынша тоқтатылады.

      Экономикалық Сот судьясының өкілеттіктерін тоқтату туралы бастаманы Экономикалық Соттың судьясын тағайындаған қатысушы мемлекет немесе судьяның өзі жасауы мүмкін. Экономикалық Сот судьясының өкілеттіктерін тоқтату туралы шешімді судьяны тағайындаған қатысушы мемлекет қабылдайды.

      Экономикалық Соттың судьяларына осы тармақтың үшінші бөлігінің алтыншы, сегізінші және тоғызыншы абзацтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, олардың өкілеттіктері аяқталғаннан кейін және тоқтатылған соң қатысушы мемлекеттердің заңнамасында көзделген кепілдіктер қолданылады.".

8-бап

      Ереженің 8-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Экономикалық Соттың судьялары істерді қарау бойынша өз өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде, сондай-ақ Экономикалық Сот Төрағасының өкілеттіктерін орындау кезінде тәуелсіз болады әрі оған қол сұғылмайды, қандай да бір мемлекеттік және халықаралық органдар мен ұйымдардан, коммерциялық құрылымдардан, саяси партиялар мен қозғалыстардан, сондай-ақ жекелеген адамдардан нұсқаулар сұратуға немесе алуға тиіс емес.

      Экономикалық Соттың Төрағасы, Экономикалық Соттың судьялары өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қатысушы мемлекеттердің юрисдикциясынан иммунитетті пайдаланады, атап айтқанда:

      а) Экономикалық Соттың судьялары ретінде өздерінің айтқаны немесе жазғаны және барлық жасаған әрекеттері үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілік жауапқа тартылмайды;

      б) Экономикалық сот төлейтін жалақы және өзге де сыйақылар салық салудан босатылады;

      в) Экономикалық Соттың судьялары ретінде өз міндеттерін атқару кезінде олар уақытша болатын мемлекетте көшіп келу бойынша шектеулерден, шетелдіктер ретінде тіркелуден және мемлекеттік қызметтік міндеттіліктен босатылады;

      г) Экономикалық Соттың судьялары ретінде өз міндеттерін атқару кезінде өздері уақытша болатын мемлекетте халықаралық дағдарыстар кезінде дипломатиялық өкілдер репатриация бойынша қандай жеңілдіктерді пайдаланса, дәл сондай жеңілдіктерді пайдаланады;

      "б)" тармақшасының күші Экономикалық Сот болу мемлекетінің азаматтары болып табылатын Экономикалық Соттың Төрағасына және судьяларына қолданылмайды;

      "г)" тармақшасының күші Экономикалық Соттың болу мемлекетінің азаматтары болып табылатын немесе онда тұрақты тұратын Экономикалық Соттың Төрағасына және судьяларына қолданылмайды.".

9-бап

      Ереже мынадай мазмұндағы 8.1-тармақпен толықтырылсын:

      "8.1. Экономикалық Соттың Төрағасы мен оның орынбасары Пленумның Регламентіне сәйкес Пленум мүшелерінің көпшілік дауысымен Экономикалық Соттың судьялары тізіліміне енгізілген судьялардың арасынан екі жыл мерзімге сайланады.".

10-бап

      Ереже мынадай мазмұндағы 8.2-тармақпен толықтырылсын:

      "8.2. Мүдделі мемлекеттің өтініші бойынша дауды қарау үшін Экономикалық Соттың Төрағасы үш судьядан тұратын палата құрады. Даудың әрбір тарапы судьялар тізілімінен палатаға бір-бір судьядан тағайындайды. Палатада төрағалық ету функциясын атқаратын палатаның үшінші судьясын Экономикалық Соттың Төрағасы тағайындайды немесе осы функцияларды дербес атқарады.

      Егер даудың тарапы палата судьясын Экономикалық Сотқа өтініш келіп түскен күннен бастап 30 күн ішінде тағайындамаса, тағайындауды Экономикалық Соттың Төрағасы жүзеге асырады. Дауды қарау жөніндегі палатаға дау тарапы мемлекетінің азаматтығы бар бір судьядан артық кіре алмайды.

      Экономикалық Соттың толық құрамы жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шығарылатын шешімдердің құқықтық біліктілігі мәселелері бойынша Экономикалық Сот палаталарының шешімдеріне шағымдарды Экономикалық Соттың Регламентінде белгіленген тәртіппен қарайды. Экономикалық Соттың толық құрамын Экономикалық Соттың Төрағасы Экономикалық Сот судьяларының тізіліміне кіретін судьялар арасынан, әр қатысушы мемлекеттен бір-бір судьядан тағайындайды. Экономикалық Соттың толық құрамында судьясы Экономикалық Соттың Төрағасы болып сайланған қатысушы мемлекет атынан Төраға ғана өкілдік етеді.

      Экономикалық Соттың Төрағасы түсіндіру туралы сұрау салуларды қарау үшін үш судьядан тұратын судьялар палатасын құрады. Түсіндіру туралы сұрау салуларды қарау үшін палатаға судьяларды Экономикалық Соттың Төрағасы ротациялық негізде тағайындайды. Палатада төрағалық етуші Экономикалық Соттың Регламентінде көзделген тәртіппен айқындалады.

      Түсіндіру туралы даулар мен сұрау салуларды қарау жөніндегі сот ісін жүргізу мерзімдері Экономикалық Соттың Регламентінде белгіленеді, бірақ Экономикалық Сот істі іс жүргізуге қабылдау туралы шешім шығарған күннен бастап жалпы алғанда алты айдан аспауға тиіс. Қандай да бір дау тарапының өтінішхаты бойынша Экономикалық Сот, егер өтінішхаттың жеткілікті түрде негізделгеніне көз жеткізген болса, сот ісін жүргізу мерзімін ұзарта алады. Мұндай мерзімдер істің сипаты қаншалықты мүмкіндік берсе, соншалықты қысқа болуға тиіс. Бұл ретте сот ісін жүргізудің жалпы мерзімін ұзарту мұндай жағдайда үш айдан аспауға тиіс.

      Экономикалық Сот палатасының шешіміне шешімнің құқықтық біліктілігі мәселелері бойынша шағым жасалған кезде, Экономикалық Соттың толық құрамына Экономикалық Соттың Төрағасын қоспағанда, шешіміне шағым жасалған істі қарауға қатыспаған судьялар енгізіледі.".

11-бап

      Ереже мынадай мазмұндағы 8.3-тармақпан толықтырылсын:

      "8.3. Істі қарауға дайындау сатысында Экономикалық Сот ауызша тыңдаулар өткізбей, тек қана қашықтықтан жұмыс істеу құралдарын пайдаланады.

      Экономикалық Сот сот талқылауы сатысында, әдетте, істерді қараудың жазбаша рәсімін қолданады. Ауызша тыңдаулар - дау тарапының бірінің сұрау салуы бойынша, ал түсіндіру туралы істер бойынша судьялар палатасы судьяларының бірінің бастамасы немесе өтініш берушінің бастамасы бойынша өткізілуі мүмкін.

      Бір істі қарау шеңберінде шешім шығару рәсімін қоса алғанда, ауызша тыңдаулардың мерзімі: даулар бойынша - жиырма күннен, ал түсіндіру мәселесі бойынша бес күннен аспайды.".

12-бап

      Ереженің 10-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Экономикалық Соттың жоғары алқалы органы Пленум болып табылады. Пленум Экономикалық Соттың Төрағасы азаматы болып табылатын мемлекетті қоспағанда, Экономикалық Соттың Төрағасынан және әрбір қатысушы мемлекеттен бір-бір судьядан, сондай-ақ экономикалық дауларды қарау жөніндегі құзыреті бар жоғары ұлттық сот төрағаларынан тұрады.

      Пленум:

      Экономикалық Соттың Төрағасын және Төрағасының орынбасарын сайлайды;

      Экономикалық Соттың Регламентін, Экономикалық Сот Пленумының Регламентін бекітеді;

      Экономикалық Сот практикасы мен жұмыс әдістерін талдауды жүзеге асырады және оның қызметін жетілдіру мақсатында талдау қорытындылары бойынша ұсынымдар қабылдайды;

      халықаралық шарттарды, Достастық органдарының істерді қарау нәтижелері бойынша басқа да актілерін қолданудың біркелкі практикасын қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар қабылдайды;

      қатысушы мемлекеттердің заңнамасындағы коллизияларды жою жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді және қатысушы мемлекеттердің қарауына енгізеді;

      Экономикалық Сот қызметінің өзге де мәселелерін қарайды.

      Пленум өзінің отырыстарын 12 айда бір рет үш күннен аспайтын ұзақтықпен өткізеді.".

13-бап

      Ереженің 12-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Экономикалық Сотқа жүгінуге баж салынбайды. Дау тарапынан Экономикалық Сот айқындайтын сот шығасылары түрінде өндіріп алынған қаражат Экономикалық Соттың шығыстарын өтеуге бағытталады.

      Түсіндірме туралы сұрау салуларды қарау кезіндегі сот шығасыларының шығыстары Экономикалық Сотқа жүктеледі.".

14-бап

      Ереженің 13-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Экономикалық Сот судьяларының тізіліміне енгізілген судьяға (Экономикалық Соттың Төрағасынан басқа), егер ол өзінің негізгі жұмысына (қызметіне) байланысты сыйақы төленбейтін адам болып табылмаса, әрбір нақты істі қарағаны үшін оған сыйақы төленеді.

      Істі қарау бойынша шешім шығару рәсімін қоса алғанда, судьялар істі қарау бойынша ауызша тыңдауларға қатысу кезеңінде және Пленум жұмысында Экономикалық Соттың болатын (Пленум өткізілетін) жеріне дейін және кері қарай жол жүру құжаттарымен, сондай-ақ олар Экономикалық Соттың болатын (Пленум өткізілетін) жерінде тұрақты тұратын жағдайды қоспағанда, тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз етіледі. Шешім шығару рәсімін қоса алғанда, ауызша тыңдауларға қатысу кезеңінде Экономикалық Соттың судьяларына Экономикалық от ғимаратынан қызметтік әкімшілік үй-жайлар, көлік қызметін көрсету және өкілеттіктерін іске асыру үшін қажетті, ақылға қонымды көлемде техникалық құралдар ұсынылады.

      Экономикалық Соттың Төрағасы мен Экономикалық Сот аппаратының қызметкерлеріне еңбекақы төлеу шарттарын, істерді қарағаны үшін сыйақы мөлшерін және шешім шығару рәсімін қоса алғанда, ауызша тыңдауларға қатысу кезеңінде судьялардың қызметін қамтамасыз ету тәртібін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшыларының кеңесі айқындайды.".

15-бап

      Ереженің 14-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Экономикалық Соттың Төрағасы Экономикалық Соттың қызметін ұйымдастырады, дауды шешу туралы өтінішпен не түсіндіру туралы сұрау салумен нақты жүгінуді қарау үшін Экономикалық Соттың палатасына судьяларды тағайындайды, Экономикалық Соттың аппаратына басшылық етуді және өз құзыреті шегінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Экономикалық Соттың Төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын Экономикалық Сот Төрағасының орынбасары қашықтықтан жұмыс істеу құралдарын қолдана отырып, өзі тұрақты болатын жерінде жүзеге асырады.".

16-бап

      Ереже мынадай мазмұндағы 14.1-тармақпен толықтырылсын:

      "14.1. Экономикалық Соттың қызметін тұрақты негізде Экономикалық Соттың аппараты қамтамасыз етеді.

      Экономикалық Соттың аппараты мынадай функцияларды орындайды:

      іс материалдарын қарауға дайындау және оларды палатаның судьяларына жіберу;

      өз өкілеттіктері шегінде судьялармен, қатысушы мемлекеттермен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы институттарымен, процеске қатысушылармен және басқа да адамдармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асыру;

      сот отырысы хатшысының функцияларын жүзеге асыру;

      Экономикалық Соттың және Экономикалық Сот Пленумының отырыстарын дайындау;

      Экономикалық Соттың қызметі туралы, соның ішінде оның практикасы мен жұмыс әдістеріне талдамалық материалдарды дайындау;

      Экономикалық Сотты материалдық-техникалық қамтамасыз ету;

      өз өкілеттіктері шегінде Экономикалық Соттың қызметін қамтамасыз етуге қатысты өзге де мәселелерді шешу.

      Экономикалық Сот аппаратының санын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшыларының кеңесі бекітеді.

      Экономикалық Соттың қызметін қамтамасыз ету үшін санын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшыларының кеңесі айқындайтын әкімшілік-техникалық персонал тартылуы мүмкін.".

17-бап

      Осы Хаттама қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді. Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Хаттама тиісті құжаттарды депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін Келісімге кез келген қатысушы мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы қосылуы үшін ашық. Қосылушы мемлекет үшін осы Хаттама косылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекеттер басшылары Кеңесінің, Үкіметтер басшылары кеңесінің, Сыртқы істер министрлері кеңесінің және Экономикалық кеңесінің рәсімдер қағидалары 7-қағидасының 9-тармағында белгіленген тәртіппен орыс тілінде жасалды.

      Әзербайжан Республикасынан Ресей Федерациясынан
      Армения Республикасынан Тәжікстан Республикасынан
      Беларусь Республикасынан Түрікменстаннан
      Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасынан
      Қырғыз Республикасынан Украинадан
      Молдова Республикасынан

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады