1996 жылғы 12 маусымдағы Табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № 182-VІ ҚРЗ.

      1996 жылғы 12 маусымдағы Табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы 2017 жылғы 23 наурызда Астанада жасалған хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н. НАЗАРБАЕВ

1996 жылғы 12 маусымдағы Табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы хаттама

      (2018 жылғы 10 қазанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 6, 74-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі,

      1996 жылғы 12 маусымда Алматы қ. қол қойылған Табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы келісімге (бұдан әрі - Келісім) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасында хаттаманы жасасуға ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Келісімнің 2-бабының 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Келісім қолданылатын салықтар мыналар болып табылады:

      - Қазақстан Республикасында:

      (I) корпоративтік табыс салығы;

      (II) жеке табыс салығы;

      (III) заңды және жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық

      (бұдан әрі "Қазақстан салықтары" ретінде аталатындар);

      - Өзбекстан Республикасында:

      (I) заңды тұлғалардың пайдасына салынатын салық;

      (II) жеке тұлғалардың табысына салынатын салық;

      (III) мүлік салығы

      (бұдан әрі "Өзбекстан салықтары" ретінде аталатындар).".

2-бап

      1. Келісімнің 3-бабының 1-тармағы а) тармақшасының екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "- "Қазақстан" термині Қазақстан Республикасын білдіреді және географиялық мағынасында пайдаланған кезде "Қазақстан" деген термин Қазақстан Республикасының мемлекеттік аумағын және өзінің заңнамасына және халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан өзінің егемендік құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыратын аймақты білдіреді;".

      2. Келісімнің 3-бабы 1-тармағының е) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "е) "Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны" және "екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны" терминдері тиісінше Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын кәсіпорынды және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын кәсіпорынды білдіреді;".

      3. Келісімнің 3-бабының 2-тармағы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:

      "Осы Уағдаласушы Мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес кез келген мағына осы Уағдаласушы Мемлекеттің басқа заңдары бойынша терминге берілетін мағынадан басым болады.".

3-бап

      Келісімнің 4-бабының 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Егер осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес жеке тұлғадан өзге тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінің де резиденті болып табылса, ол оның нақты басқару орны орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі.".

4-бап

      1. Келісімнің 5-бабының 2-тармағына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      1) с) тармақшасындағы "кеңсе" деген сөз "офис" деген сөзбен ауыстырылсын;

      2) f) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "f) шахта, кеніш, мұнай немесе газ ұңғымасы, карьер, қондырғы, құрылыс (бұрғылау қондырғысын қоса алғанда), теңіз кемесі немесе табиғи ресурстарды барлайтын немесе өндіретін кез келген басқа орын, сондай-ақ осыған байланысты көрсетілетін қадағалау қызметтері;";

      3) мынадай мазмұндағы g) тармақшасымен толықтырылсын:

      "g) қойма немесе тауарларды өткізетін өзге орын.".

      2. Келісімнің 5-бабының 3-тармағына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) b) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "b) Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнының қызметшілер немесе кәсіпорын осы мақсат үшін жалдаған басқа персонал арқылы консультациялық немесе басқарушылық қызметтер көрсетуін қоса алғанда, қызметтер көрсету, бірақ осындай сипаттағы қызмет (бір жоба немесе онымен байланысты жоба үшін) екінші Уағдаласушы Мемлекет аумағында жиынтығыңда 12 айдан асатын кезең немесе кезеңдер ішінде жалғасатын болса ғана.";

      2) с) тармақшасы алып тасталсын.

      3. Келісімнің 5-бабының 6-тармағы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:

      "Алайда, мұндай агенттің қызметі осындай кәсіпорынның атынан толық немесе толық дерлік орындалатын болса, онда ол осы тармаққа сәйкес тәуелсіз мәртебесі бар агент болып есептелмейді.".

      4. Келісімнің 5-бабы мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:

      "8. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, бір Уағдаласушы Мемлекеттің сақтандыру ұйымы, егер ол екінші Уағдаласушы Мемлекеттің аумағында жарна жинаумен айналысса немесе онда бола тұрып, осы баптың 6-тармағының ережелері қолданылатын тәуелсіз мәртебесі бар агенттен өзге тұлға арқылы тәуекелдерді сақтандырса, қайта сақтандыруды қоспағанда, екінші Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекеме құрады.".

5-бап

      Келісімнің 7-бабының 3-тармағы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:

      "Осыған ұқсас, резиденттің бас мекемесінен (офисінен) немесе оның кез келген басқа мекемелерінен (офистерінен) патенттерді немесе басқа да құқықтарды пайдаланғаны үшін роялти, алымдар немесе осыған ұқсас төлемдер түрінде, нақты көрсеткен қызметтері немесе менеджмент үшін комиссиялық төлемдер түрінде немесе бас мекемесіне (офисіне) немесе оның кез келген басқа мекемелеріне (офистеріне) несиеге берілген сомаға пайыздар түрінде алған сомалар тұрақты мекеменің пайдасына қосылмауға тиіс.".

6-бап

      Келісімнің 9-бабының 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Егер бір Уағдаласушы Мемлекет осы Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының пайдасына екінші Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынатын пайдасын қосса және оған тиісінше салық салса және осылайша қосылған пайда, егер екі кәсіпорынның арасындағы жағдайлар тәуелсіз кәсіпорындардың арасындағыдай болғанда бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнына есептелетін пайда болып табылса, онда осы екінші Уағдаласушы Мемлекет осындай пайдадан есептелген салық сомасына тиісінше түзету енгізеді. Осындай түзетуді айқындау кезінде осы Келісімнің басқа ережелері ескеріледі, ал Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары, қажет болған кезде бірімен-бірі консультация жүргізіп отырады.".

7-бап

      Осы Келісімнің 10-бабы мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

      "6. Егер акцияларды немесе дивидендтер төлеуге қатысты басқа құқықтарды құруға немесе бөлуге байланысты кез келген тұлғаның негізгі мақсаты немесе негізгі мақсаттарының бірі осы бапқа сәйкес осындай құру немесе бөлу жолымен пайда табу болып табылса, осы баптың ережелері қолданылмайды.".

8-бап

      1. Келісімнің 11-бабының 3-тармағының b) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "b) проценттердің нақты алушысы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе Өзбекстан Республикасының Орталық банкі, мемлекеттік экспорттық және импорттық кредиттерге кепілдік беру жөніндегі ұйым немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің Үкіметіне толығымен тиесілі өзге де қаржы ұйымдары болып табылса, Уағдаласушы Мемлекетте туындаған проценттер осы Мемлекетте салықтан босатылады.".


      2. Келісімнің 11-бабының 4-тармағындағы мынадай мазмұндағы сөйлем алып тасталсын:

      "Уақтылы төленбеген төлемдер үшін айыппұлдар осы баптың мақсаттары үшін проценттер ретінде қарастырылмайды.".

      3. Келісімнің 11-бабының 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Егер төлеуші осы Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, проценттер Уағдаласушы Мемлекетте туындаған болып есептеледі. Алайда, егер проценттерді төлейтін тұлға Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатындығына немесе табылмайтындығына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесі немесе тұрақты базасы болып, соған байланысты проценттерді төлеу бойынша міндеттеме туындаса және мұндай проценттер бойынша шығыстарды осы тұрақты мекеме немесе тұрақты база көтеретін болса, онда проценттер осындай тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте туындаған болып есептеледі.".

9-бап

      Келісімнің 12-бабының 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Егер төлеуші осы Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, роялти Уағдаласушы Мемлекетте туындаған болып есептеледі. Алайда, егер роялти төлеуші тұлға Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатындығына немесе табылмайтындығына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесі немесе тұрақты базасы болып, соған байланысты роялтиді төлеу бойынша міндеттеме туындаса және мұндай роялти бойынша шығыстарды осы тұрақты мекеме немесе тұрақты база көтеретін болса, онда роялти тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан сол Уағдаласушы Мемлекетте туындаған болып есептеледі.".

10-бап

      1. Келісімнің 13-бабының 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен өз құнының 50 пайызынан астамын тікелей немесе жанама түрде алатын компания капиталындағы акцияларын, қатысу үлесін немесе өзге де құқықтарын иеліктен шығарудан алған табыстарға осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.".

      2. Келісімнің 13-бабы мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Осы баптың алдыңғы тармақтарында көзделгендегіден өзге кез келген мүлікті иеліктен шығарудан алынатын табыстарға мүлікті иеліктен шығарушы тұлға резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.".

11-бап

      14-баптың 1-тармағының а) және b) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "а) жеке тұлғаның өзінің қызметін жүзеге асыру мақсаттары үшін екінші Уағдаласушы Мемлекетте өз иелігіндегі тұрақты базасы бар болса немесе бұрын болған болса, мұндай жағдайда табыстың осы тұрақты базаға қатысты бөлігіне ғана; немесе

      b) жеке тұлға екінші Уағдаласушы Мемлекетте кез келген 12 айлық кезеңнің ішінде жалпы алғанда 183 күннен асатын кезең немесе кезеңдер бойы болса немесе болған болса, мұндай жағдайда осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте көрсетілген қызметтерге қатысты бөлігіне ғана салық салынуы мүмкін.".

12-бап

      21-бап мынадай редакцияда жазылсын:

"21-бап Басқа табыстар

      1. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің резидентінің осы Келісімнің басқа баптарында көзделмеген табыс түрлеріне, олардың қайда туындағанына қарамастан, тек осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

      2. Осы Келісімнің 6-бабының 2-тармағында айқындалған жылжымайтын мүліктен алынатын табысты қоспағанда, егер мұндай табысты алушы бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті бола тұра, екінші Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса немесе осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан тәуелсіз жеке қызметтер көрсетсе және оларға қатысты табыс төленетін құқық немесе мүлік іс жүзінде осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланысты болса, ол табыстарға осы баптың 1-тармағының ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда, мән-жайларға қарай осы Келісімнің 7 немесе 14-баптарының ережелері қолданылады.".

13-бап

      Келісімнің 26-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

"26-бап Ақпарат алмасу

      "1. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті орғандары осы Келісімнің ережелерін орындау немесе әкімшілендіру немесе салық салу осы Келісімге қайшы келмейтіндей шамада Уағдаласушы Мемлекеттердің немесе олардың әкімшілік бөлімшелерінің немесе жергілікті билік органдарының атынан алынатын кез келген түрдегі және сипаттағы салықтарға қатысты ұлттық заңнаманы қолдану үшін қажетті ақпаратпен алмасады. Ақпарат алмасу осы Келісімнің 1 және 2-баптарымен шектелмейді.

      2. Уағдаласушы Мемлекет осы баптың 1-тармағына сәйкес алған кез келген ақпарат осы Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес алынған ақпарат сияқты құпия болып есептеледі және осы баптың 1-тармағында айтылған салықтарға қатысты бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлеп өндіріп алумен немесе сот қудалауымен немесе апелляцияларды қараумен де және жоғарыда көрсетілгендердің барлығын қадағалаумен де айналысатын тұлғаларға немесе органдарға (соттарды және әкімшілік органдарды қоса алғанда) ғана жария етіледі. Мұндай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшін ғана пайдалана алады. Олар бұл ақпаратты ашық сот отырысы барысында немесе сот шешімдерін қабылдау кезінде жария ете алады.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармағының ережелері Уағдаласушы Мемлекетке:

      а) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы мен әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларын қолдану;

      b) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша немесе әдеттегі әкімшілендіру барысында алуға болмайтын ақпаратты ұсыну;

      c) қандай да бір сауда, кәсіпкерлік, өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіби құпияны немесе сауда процесін ашуы мүмкін ақпаратты немесе ашылуы мемлекеттік саясатқа қайшы келуі мүмкін ақпаратты ұсыну міндеттемелерін жүктейтіндей мағынада түсіндірілмейді.

      4. Егер ақпаратты осы бапқа сәйкес бір Уағдаласушы Мемлекет сұратса, екінші Уағдаласушы Мемлекет осындай ақпарат тіпті осы екінші Уағдаласушы Мемлекетке өзінің жеке салықтық мақсаттары үшін қажет болмаса да, сұрау салынған ақпаратты жинау жөнінде шаралар қолданады. Алдыңғы сөйлемде қамтылған міндеттеме осы баптың 3-тармағының шектеулеріне түседі, бірақ мұндай шектеулер Уағдаласушы Мемлекетке осындай ақпаратқа ішкі мүдделіліктің болмауы себебінен ғана ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей мағынада түсіндірілмейді.

      5. Осы баптың 3-тармағының ережелері ақпарат иесі банк, басқа қаржы мекемесі, номиналды ұстаушы немесе агент немесе сенім білдірілген өкіл болып әрекет ететін тұлға ақпарат иесі болып табылатындығы себебінен немесе ақпарат меншік құқығы берілген тұлғаға қатысты болуы себебінен Уағдаласушы Мемлекетке ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей мағынада түсіндірілмейді.".

14-бап

      Келісімнің 27-бабы мынадай редакцияда жазылсын:

"27-бап Салықтарды өндіріп алуға жәрдемдесу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттер өздеріне тиесілі салық міндеттемелерін өндіріп алуда бір-біріне өзара жәрдемдесіп отырады. Мұндай жәрдемдесу осы Келісімнің 1 және 2-баптарының ережелерімен шектеліп қалмайды. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы баптың қолданылу тәртібін өзара келісім бойынша айқындайды.

      2. Тиісті салықтарды салу осы Келісімге немесе Уағдаласушы Мемлекеттер қатысушылары болып табылатын кез келген өзге халықаралық шартқа қайшы келмейтіндей шамада "Салық міндеттемесі" термині осы бапта қолданылған кезде Уағдаласушы Мемлекеттердің әрқайсысының, олардың әкімшілік бөлімшелерінің немесе жергілікті билік органдарының атынан алынатын салықтың кез келген түрі мен сипаттамасы ретінде төлеуге жататын соманы, сондай-ақ осындай салықтарға жататын пайыздарды, әкімшілік айыппұлдар мен өндіріп алу немесе өндіріп алуды қамтамасыз ету бойынша шыққан шығындарды білдіреді.

      3. Егер Уағдаласушы Мемлекеттердің бірінің алдындағы салық міндеттемесі осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес өндіріп алуға жататын болса және оны осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңдарына сәйкес осы кезде оны өндіріп алуға кедергі келтіре алмайтын тұлға төлеуге тиісті болса, онда мұндай салық міндеттемесі осы Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті орғандарының сұрау салуы бойынша екінші Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органдары өндіріп алуы үшін қабылданады. Мұндай салық міндеттемесін, өзінің салықтарын өндіріп алу үшін қолданатын заңнамасының ережелеріне сәйкес, осы міндеттеме осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің алдындағы салық міндеттемесі болып табылатындай, осы екінші Уағдаласушы Мемлекет өндіріп алады.

      4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің салық міндеттемесі, оны өндіріп алу үшін осы Уағдаласушы Мемлекет өзінің заңнамасына сәйкес оған қатысты қамсыздандыру шараларын қолдануы мүмкін міндеттеме болып табылса, мұндай міндеттеме осы Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы бойынша екінші Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органы қамсыздандыру шараларын қолдану мақсаттары үшін қабылдауы тиіс. Осы екінші Уағдаласушы Мемлекет өз заңнамасының ережелеріне сәйкес осы салық міндеттемесіне қатысты қамсыздандыру шараларын, егер де тіпті осындай шараларды қолдану сәтінде осы салық міндеттемесі бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекетте өндіріп алуға жатпаса да немесе оны өндіріп алуға кедергі келтіруге құқылы тұлға болып табылса да қолданады.

      5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарының ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекеттердің біреуінің заңнамасына сәйкес уақытша шектеулер мен басымдық тәртібі осындай міндеттеменің сипатына байланысты салық міндеттемесіне қолданылуы мүмкін болса, осы Уағдаласушы Мемлекет осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген мақсаттар үшін қабылдайтын салық міндеттемесіне қатысты қолданылмайды. Сонымен бірге, Уағдаласушы Мемлекеттердің біреуі осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген мақсаттар үшін қабылдайтын салық міндеттемесіне осы Уағдаласушы Мемлекетте екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасында көзделген басымдық тәртібін қолдануға болмайды.

      6. Уағдаласушы Мемлекеттердің біреуінің алдында салық міндеттемесінің бар-жоғын, рас екенін немесе оның мөлшерін анықтау бойынша рәсімдер екінші Уағдаласушы Мемлекеттің сот немесе әкімшілік органдарының қарауына шығарылмайды.

      7. Егер Уағдаласушы Мемлекеттердің біреуі осы баптың 3 немесе 4-тармақтарына сәйкес сұрау салу жібергеннен кейін және екінші Уағдаласушы Мемлекет тиісті салық міндеттемесінің оған тиесілі сомасын өндіріп алғанға және оны бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекетке бергенге дейін кез келген кезде мұндай салық міндеттемесі:

      a) осы баптың 3-тармағына сәйкес сұрау салынған кезде - осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес өндіріп алуға жататын және оны осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңдарына сәйкес осы кезде өндіріп алуға кедергі келтіре алмайтын тұлғаның өтеуі тиіс болатын Уағдаласушы Мемлекеттердің біреуінің алдындағы салық міндеттемесі;

      b) осы баптың 4-тармағына сәйкес сұрау салынған кезде - осы Уағдаласушы Мемлекет өзінің заңнамасына сәйкес оны өндіріп алу үшін қамсыздандыру шараларын қолдана алатын бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекеттің салық міндеттемесі болып табылуын тоқтатса, -

      онда бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органдары екінші Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органдарына бұл туралы дереу хабарлайды және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің қалауы бойынша бірінші аталған Уағдаласушы Мемлекет өзінің сұрау салуын тоқтата тұрады немесе кері қайтарып алады.

      8. Осы баптың ережелері Уағдаласушы Мемлекеттерге мынадай:

      a) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына және әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларды қолдану;

      b) қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін шараларды қолдану;

      c) егер екінші Уағдаласушы Мемлекет әрбір нақты жағдайда өзінің заңнамасына немесе әкімшілік практикасына сәйкес өз иелігіндегі өндіріп алу немесе өндіріп алуды қамтамасыз ету бойынша барлық ақылға сыйымды шараларды қабылдамаған болса, жәрдемдесу;

      d) егер осындай жәрдем көрсететін Уағдаласушы Мемлекетке жүктелетін әкімшілік шығындар, нәтижесінде екінші Уағдаласушы Мемлекет алуы мүмкін артықшылықтармен мүлдем мөлшерлес келмеген жағдайда жәрдемдесу міндеттемелерін жүктеу ретінде түсіндірілмейді.".

15-бап

      Келісім мынадай редакциядағы 27-1-баппен толықтырылсын:

"27-1-бап Жеңілдіктерді шектеу

      Осы Келісімнің ережелері Уағдаласушы Мемлекетке салық салудан жалтаруды болдырмау жөнінде оның ішкі заңнамасының ережелерін қолдануға кедергі келтіру ретінде түсіндірілмейді.".

16-бап

      Келісім мынадай редакциядағы 28-1-баппен толықтырылсын:

"28-1-бап Өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

      Уағдаласушы Мемлекеттер өзара келісу бойынша осы Келісімге толықтырулар мен өзгерістер енгізе алады, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 29-бабына сәйкес күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.".

17-бап

      1. Осы Хаттама осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Хаттама:

      a) осы Хаттама күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін төленетін немесе есептелетін сомаларға, төлем көзінен өндіріп алынатын салықтарға қатысты;

      b) осы Хаттама күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін басталатын салық салынатын кезеңдер үшін басқа салықтарға қатысты қолданылады.

      Осыны куәландыру үшін тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қойғандар Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын осы Хаттамаға қол қойды.

      2017 жылғы 23 наурызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, орыс тіліндегі мәтін басым болады.

      Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады