Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 5 қарашадағы № 189-VІ ҚРЗ.

      2017 жылғы 25 желтоқсанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шарт

      Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы (бұдан әрі - Тараптар),

      2001 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы шартты негізге ала отырып,

      Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара (бұдан әрі - мемлекеттік шекара) сызығын шегендеу мақсатында,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      1999 жылғы 25 тамыздағы Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Қырғыз Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімде айқындалған, Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Қырғыз Республикасы мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі мемлекеттік шекараның бастапқы нүктесі болып табылады.

      2001 жылғы 15 маусымдағы Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімде айқындалған, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі мемлекеттік шекараның соңғы нүктесі болып табылады.

      Шегенделген мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 1257,07 км құрайды.

      Тараптар шегенделген мемлекеттік шекара сызығында барлығы 683 шекаралық белгі орнатты, оның ішінде 354 шекаралық белгі тікелей құрлықтық мемлекеттік шекара сызығында орнатылған бір шекаралық бағанадан тұрады; 286 шекаралық белгі, олардың әрқайсысы шекаралық өзендердің, каналдар мен жолдардың жағаларында орнатылған екі шекаралық бағанадан тұрады; 43 шекаралық белгі, олардың әрқайсысы ішкі және шекаралық өзендердің, каналдар мен жолдардың бірігуі жерлерінде, сондай-ақ мемлекеттік шекараның сулы және құрлық сызығының ауысуы жерлерінде орнатылған үш шекаралық бағанадан тұрады.

      Тараптар барлығы 1055 шекаралық бағана орнатты, оның ішінде 537 негізгі, олардың 273-ін Қазақстан Тарапы, 264-ін Қырғыз Тарапы; 518-і аралық шекаралық бағана, олардың 260-ын Қазақстан Тарапы, 258 Қырғыз Тарапы орнатты.

2-бап

      Шегенделген мемлекеттік шекара сызығының өтуі және шекаралық белгілердің орналасқан жері Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекара сызығы өтуінің хаттама-сипаттамасында көрсетілген (1-қосымша).

      Мемлекеттік шекара сызығы және шекаралық белгілердің орналасқан жері Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы масштабы 1:50 000 Мемлекеттік шекара картасының (бұдан әрі - Мемлекеттік шекара картасы) 46 парағына түсірілген (2-қосымша), әр парағы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде дайындалған.

      Әрбір шекаралық белгінің тікбұрышты және геодезиялық координаталары, биіктік белгілері және басқа деректері төрт томнан тұратын Шекаралық белгілердің хаттамаларында (3-қосымша), Шекаралық белгілердің координаталары мен биіктіктерінің каталогында (4-қосымша) және екі томнан тұратын Шекаралық белгілер бағаналарының өзара орналасу схемаларында (5-қосымша) көрсетілген.

      Осы Шартқа барлық қосымшалар оның ажырамас бөлігі болып табылады.

3-бап

      Осы Шарт күшіне енгеннен кейін Тараптар 10 жылда бір рет мемлекеттік шекара сызығының белгіленуіне бірлесіп тексеру жүргізеді. Тараптардың келісуі бойынша тексеру мерзімдері өзгертілуі мүмкін, сондай-ақ мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелерін бірлесіп тексеру жүргізілуі мүмкін.

      Тараптар Мемлекеттік шекара сызығының белгіленуін тексеру жөніндегі бірлескен комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады. Комиссиядағы Тараптардың делегация құрамдарын және олардың өкілеттіктерін Тараптар дербес бекітеді. Бірлескен жұмыс тәртібін Комиссия айқындайды.

      Мемлекеттік шекара сызығының белгіленуін әрбір бірлесіп тексеру нәтижелері Бірлесіп тексеру хаттамасымен ресімделеді.

4-бап

      Әрбір Тарап шекаралық белгілерді қорғау жөніндегі шаралар қолданады, олардың бүлінуінің, орны ауыстырылуының немесе қирауының алдын алады, сондай-ақ өздері орнатқан шекаралық белгілер үшін жауапты болады және оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз етеді.

      Тараптар шекаралық белгілердің жай-күйін дербес немесе бірлесіп тексеру жүргізуі мүмкін.

      Тараптардың бірі шекаралық белгінің бүлінгендігін, орнынан жылжытылғандығын немесе жоғалғандығын анықтаған жағдайда, ол бұл туралы қысқа мерзімде екінші Тарапты жазбаша хабарлайды. Осы шекаралық белгінің сақталуы үшін жауапты Тарап оның қалпына келтіру немесе бұрынғы орнына қайтадан орнату жөнінде шаралар қабылдайды және осындай жұмыстарды жүргізу қажеттілігі туралы олар басталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын екінші Тарапты жазбаша түрде хабардар етеді. Тараптардың бірі жұмыстарды жүргізу кезінде екінші Тараптың тиісті құзыретті органдарының өкілдері қатысады.

      Тараптардың бірінің қандай да бір шекаралық белгіні қалпына келтіру немесе қайтадан орнату үшін оған өз аумағынан баруға мүмкіндік болмаған жағдайда, екінші Тарап осы Тарапқа мұндай белгіге өз аумағынан баруға рұқсат етеді.

5-бап

      Шекаралық белгіні бұрынғы орнына қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда, Тараптардың уағдаласуы бойынша шекаралық белгі басқа қолайлы орынға орнатылады, бұл ретте мемлекеттік шекара сызығының өтуі өзгермейді. Бір шекаралық бағанадан тұратын шекаралық белгіні көшіру қажет болған кезде, мұндай белгіні көшіру қатаң түрде мемлекеттік шекара сызығы бойынша жүргізіледі.

      Осы шекаралық белгіні басқа орынға қайтадан орнатқаннан кейін Тараптар жаңа Шекаралық белгінің хаттамасын, Шекаралық белгі бағаналарының өзара орналасу схемасын және қайтадан орнатылған шекаралық белгінің орналасқан жеріне қатысты Шекаралық белгінің координаталары мен биіктіктері каталогының, Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекара сызығы өтуінің хаттама-сипаттамасының және Мемлекеттік шекара картасының фрагменттерін жасайды.

      Комиссия бірлескен тексеру жүргізгеннен кейін аталған құжаттар осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын Бірлесіп тексеру хаттамасымен ресімделеді.

6-бап

      Тараптардың бірде-бірі мемлекеттік шекара сызығында осы Шартта айтылмаған, мемлекеттік шекараны белгілейтін шекаралық немесе өзге де белгілерді біржақты тәртіппен орнатпайды.

7-бап

      Жергілікті жердегі, оның ішінде шекаралық өзендердегі кез келген өзгерістер мемлекеттік шекара сызығының өтуіндегі өзгерістерге алып келмейді.

8-бап

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты, шегенделген мемлекеттік шекара сызығының өтуіне қатысты емес барлық мәселелерді Тараптар консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.

9-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Шартқа шегенделген мемлекеттік шекара сызығының өтуіне қатысты емес, осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Шарт дипломатиялық арналар арқылы оны ратификациялау туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Шарт мерзімсіз болып табылады және денонсациялауға жатпайды.

      2017 жылғы 25 желтоқсанда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың қырғыз тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады