Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Туймазы – Омбы – Новосибирск-2" және "Омбы – Павлодар" магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 21 қарашадағы № 195-VІ ҚРЗ.

      2017 жылғы 9 қарашада Челябинскіде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Туймазы – Омбы – Новосибирск-2" және "Омбы – Павлодар" магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Туймазы - Омбы - Новосибирск-2" және "Омбы - Павлодар" магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы
КЕЛІСІМ

      (2018 жылғы 11 желтоқсанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2019 ж., № 1, 4-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі

      1992 жылғы 9 қазандағы Құқықтарды өзара тану және меншік қатынастарын реттеу туралы келісімді назарға ала отырып,

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында мұнай саласында қалыптасқан достық қарым-қатынастарды ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай түсініктер пайдаланылады:

      "Омбы - Павлодар" магистральдық мұнай құбырындағы мұнай" - "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамының балансында көрсетілген және Ресей Федерациясының аумағында орналасқан "Омбы - Павлодар" магистральдық мұнай құбырындағы аталған магистральдық мұнай құбырын мақсатына сәйкес өнеркәсіптік пайдалану үшін қажетті технологиялық мұнай ретінде шаруашылық операцияларын жүргізген кезде ескерілетін 141728 тонна мөлшеріндегі мұнай;

      "Туймазы - Омбы - Новосибирск-2" магистральдық мұнай құбырындағы мұнай" - "Транснефть - Урал" акционерлік қоғамының ("Транснефть" жария акционерлік қоғамы еншілес қоғамының) балансында көрсетілген және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан "Туймазы - Омбы - Новосибирск-2" магистральдық мұнай құбырындағы аталған магистральдық мұнай құбырын мақсатына сәйкес өнеркәсіптік пайдалану үшін қажетті технологиялық мұнай ретінде шаруашылық операцияларын жүргізген кезде ескерілетін 62048 тонна мөлшеріндегі мұнай.

2-бап

      Тараптар:

      "Омбы - Павлодар" магистральдық мұнай кұбырындағы мұнай және "Туймазы - Омбы - Новосибирск-2" магистральдық мұнай құбырындағы мұнай өздерінің сапалық сипаттамалары бойынша ұқсас болып табылады;

      "Омбы - Павлодар" магистральдық мұнай құбырындағы мұнайдың 62048 тонна мөлшеріндегі бөлігі "Транснефть - Урал" акционерлік қоғамына ("Транснефть" жария акционерлік қоғамының еншілес қоғамына) тиесілі болатын меншік құқығын;

      "Омбы - Павлодар" магистральдық мұнай құбырындағы мұнайдың 79680 тонна мөлшеріндегі бөлігі "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамына тиесілі болатын меншік құқығын;

      "Туймазы - Омбы - Новосибирск-2" магистральдық мұнай құбырындағы 62048 тонна мөлшеріндегі мұнай "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамына тиесілі болатын меншік құқығын таниды.

3-бап

      Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 10 ай ішінде Тараптар "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамына тиесілі 79680 тонна мұнайды "Омбы - Павлодар" магистральдық мұнай құбыры арқылы Ресей Федерациясының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына бірнеше партиямен ығыстырып шығаруды қамтамасыз етеді.

4-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру кезінде Тараптар мемлекеттерінің монополияға қарсы органдарымен келісу талап етілмейді.

      Салық салу мақсатында осы Келісімнің 2-бабына сәйкес "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамының және "Транснефть - Урал" акционерлік қоғамының ("Транснефть" жария акционерлік қоғамы еншілес қоғамының) мұнайға меншік құқығын тану Қазақстан Республикасына қатысты - корпоративтік табыс салығын (төлем көзінен ұсталатын салықты қоса алғанда), Ресей Федерациясына қатысты - ұйымдар пайдасына салықты есептеу кезінде кіріс ретінде қаралмайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында жанама салықтарды (қосылған құн салығын және акцизді) есептеу үшін өткізу (өткізу бойынша айналым) болып табылмайды, Қазақстан Республикасында салық салынатын импорт деп танылмайды, Қазақстан Республикасы заңнамасында және Ресей Федерациясының заңнамасында белгіленген өзге де салықтар, алымдар және басқа да міндетті төлемдер алуға жатпайды.

5-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты даулар Тараптар арасында туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар жолымен шешеді.

6-бап

      Тараптар өзара уағдаласу бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажыратылмас бөлігі болып табылады.

7-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2017 ж. 9 қарашада Челябинск қ. әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланады.

      Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады