Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 203-VІ ҚРЗ.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңына
ПРЕСС-РЕЛИЗ

      2018 жылғы 26 желтоқсанда Мемлекет басшысымен "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Заң) қол қойылды.

      Заң Мемлекет басшысының:

      2018 жылғы 10 қаңтардағы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сапалы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік қамсыздандырудың әділ жүйесін қамтамасыз етуге;

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 10 қыркүйектегі кеңейтілген отырысында берілген, кірістерді есепке алу, салықтар төлеу және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелеріне қатысуы жөніндегі мәселелерді іс жүзінде пысықтауға қатысты тапсырмаларына сәйкес әзірленді.

      Заң жобасының негізгі жаңалығы бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық органдарында тіркеудің жеңілдетілген тәртібін көздейтін Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізу болып табылады.

      Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеумен қатар, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді.

      Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер үшін кіріс салығы және әлеуметтік төлемдер бойынша ең төмен ставкалар республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда 1 айлық есептік көрсеткіш (2019 жылда 2 525 теңге), басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 0,5 айлық есептік көрсеткіш (2019 жылда 1 263 теңге ) деп белгіленді.

      Бұл ретте күнтізбелік жылға шекті табыс 1 175 (бір мың жүз жетпіс бес) айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс, (жылына 2 966 теңге, 2019 жылы айына 247 мың теңге).

      Бірыңғай жиынтық төлем бизнесін табыс алу мақсатында жүзеге асыратын жеке тұлғаларға қолданылады, олар:

      1) жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбау;

      2) жұмыс істеу, жеке тұлғалар үшін қызмет көрсету;

      3) жеке тұлғалардың тұтынуы үшін жеке қосалқы шаруашылықты пайдаланудан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу сияқты шарттарды сақтауға тиіс.

      Жалпы алғанда, Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандарға:

      Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және сомасы мен түрлері шектелмеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге, медициналық мекемелерді таңдауға;

      зейнет жасына жетуіне байланысты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға және жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемін алуға;

      еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайға, жүктілік пен босануға, бала асырап алуға, бала 1 жасқа дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді.

      Заңның қабылдануы Қазақстан Республикасының халықтың жұмыспен қамтылуы туралы заңнамасын одан әрі жетілдіру және дамыту қажеттілігіне негізделген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз