Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 7 мамырдағы № 252-VІ ҚРЗ

      2017 жылғы 11 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өз үкіметтерінің атынан

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың және Еуразиялық экономикалық одақ құқығының ережелерін негізге ала отырып,

      авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды иеленушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісім авторлардың, орындаушылардың, фонограмма дайындаушылардың (жасаушылардың) және авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды өзге де иеленушілердің (бұдан әрі - құқық иеленушілер) жеке тәртіппен авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды іс жүзінде жүзеге асыруы қиын болған немесе мүше мемлекеттердің заңнамаларында осы құқықтар объектілерін құқық иеленушілердің келісімінсіз, бірақ сыйақы төлей отырып пайдалануға жол берілетін жағдайларда, мүше мемлекеттердің аумақтарында авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібін белгілейді.

      2. Мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалатын, авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару салаларында мүше мемлекеттер құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарды (бұдан әрі - ұйым) құру мүмкіндігін көздейді.

      3. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, ұйымдар құқық иеленушімен, сондай-ақ басқа да ұйымдармен жазбаша нысанда жасасатын құқықтарды басқару жөніндегі өкілеттіктерді беру туралы шарт осындай ұйымдардың өкілеттіктерді жүзеге асыруы үшін негіз болып табылады.

      4. Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ұйымдарға авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды ұжымдық басқарудың тиісті салаларында тиісті өкілеттіктерін осындай ұйымдарға тікелей берген құқық иеленушілердің де, құқықтарды басқарудан олардың мүддесінде бас тартпаған құқық иеленушілердің де құқықтарын ұжымдық басқару жөніндегі өкілеттіктер берілуі мүмкін. Осындай өкілеттіктер өзінің заңнамасына сәйкес берілген мүше мемлекеттің аумағы шегінде жарамды болып табылады.

      5. Егер мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес ұйымға тиісті өкілеттіктерін осындай ұйымға тікелей берген құқық иеленушілердің де, құқықтарды басқарудан олардың мүддесінде бас тартпаған құқық иеленушілердің де мүддесінде құқықтарды ұжымдық басқару және сыйақы жинау жөніндегі өкілеттіктер берілсе, мүше мемлекет өз заңнамасында тиісті мемлекеттік органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) осындай ұйымның қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктер беруді көздейді.

      Мүше мемлекеттердің заңнамасында ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырудың өзге де жағдайлары белгіленуі мүмкін.

      Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары өзара әрекет етеді, оның ішінде бір-біріне ұйымдардың қызметі туралы қажетті ақпарат береді.

2-бап

      1. Мүше мемлекеттердің аумақтарында ұйымдардың қызметі ашықтық, айқындық, есептілік, бақылауда болу, әділдік (кемсітпеушілік) қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

      2. Ұйымның ұйымдық-құқықтық нысаны және құқықтық мәртебесі, оған тиісті өкілеттіктерді беру ерекшеліктері, ұйымның функциялары, оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ осы Келісімде реттелмеген өзге де мәселелерді шешу тәртібі мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалады.

3-бап

      1. Ұйым пайдаланушылармен осындай ұйымның басқаруындағы авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарға қатысты авторлық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланудың тиісті тәсілдеріне жай (айрықша емес) лицензия жағдайларында шарттар жасасады және осындай пайдаланушылардан мұндай объектілерді пайдалану құқығын бергені үшін сыйақы жинайды.

      Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес авторлық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін құқық иеленушілердің келісімінсіз, бірақ оларға сыйақы төлей отырып пайдалануға жол берілетін жағдайларда, ұйым пайдаланушылармен немесе мүше мемлекеттердің заңнамасында сыйақы төлеу үшін қаражат төлеу жөніндегі міндет жүктелген өзге де тұлғалармен сыйақы төлеу туралы шарттар жасасады және құқық иеленушілерге сыйақы төлеу үшін қаражат жинайды.

      2. Ұйым авторлық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланғаны үшін жиналған сыйақыны құқық иеленушілер арасында бөлуді және көрсетілген сыйақыны оларға төлеуді жүзеге асырады.

      Жиналған сыйақыны бөлу ұйым пайдаланушылардан алатын құжаттар мен мәліметтер, сондай-ақ авторлық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдалану туралы өзге де деректер, оның ішінде статистикалық сипаттағы мәліметтер негізінде айқындалатын, жылына бір реттен сиретпей авторлық және (немесе) сабақтас құқықтардың тиісті объектілерінің нақты пайдаланылуына пропорционалды жүзеге асырылады.

      Пайдаланушылар ұйымға авторлық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдалану туралы есептерді, сондай-ақ сыйақыны жинау және бөлу үшін қажетті өзге де мәліметтер мен құжаттарды ұсынуға міндетті. Құжаттар мен мәліметтердің тізімі және оларды ұсыну мерзімдері ұйым пайдаланушылармен жасасатын шарттарда айқындалады.

      Құқық иеленушілерге сыйақы төлеуді ұйым тұрақты түрде, жылына 1 реттен сиретпей жүзеге асыруға тиіс. Көрсетілген төлем есепті жыл аяқталғаннан кейін 12 айдан кешіктірілмей жүзеге асырылуға тиіс.

      Шетелдік авторларға немесе құқық иеленушілерге жиналған сыйақыны аудару мерзімділігі шетелдік ұйымдармен жасалатын мүдделерді білдіру туралы шарттарда белгіленеді, бірақ жылына 1 реттен кем болмайды.

      3. Ұйым жиналған сыйақыдан құқықтарды ұжымдық басқаруды жүзеге асыру жөніндегі өз шығыстарын (бұдан әрі - ұйымның шығыстары) жабуға сомаларды ұстап қалуға құқылы.

      Ұйымның шығыстары негізделген және құжатпен расталған болуға тиіс.

      Мүше мемлекет өз заңнамасында ұйымның өзі өкілдік ететін құқық иеленушілердің келісімімен және мүдделерінде әлеуметтік, мәдени және білім беру мақсаттарына жұмсалатын қосымша қаражатты (бұдан әрі - арнайы қаражат) ұстап қалу мүмкіндігін белгілей алады.

      Арнайы қаражатқа қатысты құқықтық режим мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленеді.

      Ұйымның жиналған сыйақы сомасының 50 пайыздан астамын ұйымның шығыстарына және арнайы қаражатқа ұстап қалуға құқығы жоқ.

      Мұндай ұстап қалу әрбір құқық иеленушіге тиесілі әрбір сомадан пропорционалды түрде жүзеге асырылуға тиіс. Мүше мемлекеттердің заңнамасында мұндай ұстап қалудың төменірек шекті жалпы мөлшері белгіленуі мүмкін.

      Ұйым сыйақы төлеумен бір мезгілде құқық иеленушіге оның құқықтарын пайдалану туралы және ұйым ұстап қалған сомаларды, оның ішінде арнайы қаражатты егжей-тегжейлі көрсете отырып, мұндай пайдалану үшін жиналған сыйақы мөлшері туралы есеп беруге міндетті.

      4. Егер құқық иеленушіге тиесілі сыйақыны осы баптың 2-тармағының төртінші абзацында белгіленген мерзімде төлеу мүмкін болмаса, ұйым мұндай мерзім аяқталған күннен бастап 12 ай ішінде мұндай құқық иеленушіні белгілеу және анықтау үшін барлық қажетті шараларды қолдануға міндетті.

      Мүше мемлекеттер өз заңнамасында ұйымның төленбеген ақша қаражатын сақтау, сондай-ақ талап қоюдың жалпы ескіру мерзімі өткен соң талап етілмеген сыйақы сомаларын пайдалану тәртібін белгілейді.

4-бап

      1. Ұйым, атап айтқанда:

      1) өз қызметі туралы ақпаратты орналастыру (жариялау) үшін "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде ресми сайт (бұдан әрі - ресми сайт) жасауға (айқындауға);

      2) ресми сайттың тәулік бойы режимдегі қолжетімділігін, ресми сайтта орналастырылатын ақпараттың ашықтығын, сондай-ақ осындай ақпараттың өтеусіз негізде берілуін қамтамасыз етуге;

      3) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құқық иеленушінің келісімінсіз жариялауға болмайтын мәліметтерді қоспағанда, құқық иеленушілер, осындай ұйымға басқаруға берілген авторлық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілері және құқықтар туралы мәліметтерді қамтитын тізілімдерді (бұдан әрі - тізілімдер) қалыптастыруға;

      4) тізілімдерді ресми сайтта орналастыруға, сондай-ақ пайдаланушылармен шарттарды жасасу және сыйақы төлеу мақсатында оларды жүргізуді және уақтылы жаңартып отыруды жүзеге асыруға;

      5) құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі басқа да ұйымдарға, сондай-ақ мүдделерінде ұйым пайдаланушылармен шарттар жасасатын құқық иеленушілерге тізілімдерде қамтылған және өзі басқаратын құқықтарға қатысты кез келген дәлсіздіктер туралы хабардар етуге мүмкіндік беретін рәсімдерді енгізуге міндетті.

      2. Ұйымның мүліктік құқықтары өзіне басқаруға берілген авторлық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға құқығы жоқ.

      3. Ұйым құқық иеленушінің атынан немесе өз атынан сотта талап қоюға, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес өзіне басқаруға берілген құқықтарды қорғау үшін өзге де заңды әрекеттерді жасауға құқылы.

5-бап

      1. Ұйым өзінің бухгалтерлік (қаржылық) есептілігіне аудит жүргізу, сондай-ақ сыйақыны жинауды, бөлуді және төлеуді жүзеге асыру кезінде ақша қаражатымен операцияларды жүргізуді және құжатпен ресімдеуді, жиналған сыйақыны бөлудің ұйым бекіткен әдістемеде көзделген талаптарға сәйкестігін тексеру, нысаналы түсімдерді және арнайы қаражат есебінен жүзеге асырылған төлемдерді есепке алу, осындай ұйымның қызметіне қойылатын және осы Келісімнің 3-бабында белгіленген өзге де талаптарды сақтау үшін тәуелсіз аудиторлық ұйымды тартуға міндетті (бұдан әрі — тексеру).

      Аудитті және тексеруді жүргізу мерзімділігі мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленеді, бірақ 2 жылда 1 реттен сирек болмайды.

      2. Ұйым аудиторлық қорытындыны және тексеру нәтижелерін олар бекітілген (оларға қол қойылған) күннен бастап бір ай мерзімде ресми сайтта тиісті бухгалтерлік (қаржылық) есептілікпен бірге жариялауға міндетті, олар 5 жыл бойы құқық иеленушілер үшін ашық қолжетімділікте болуға тиіс.

      Аудитке және тексеруге жататын бухгалтерлік (қаржылық) есептілік және өзге де ақпарат құпия сипаттағы мәліметтерді қамтитын ақпаратқа, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияға жатқызылмайды.

      3. Аудитті және тексеруді жүргізуге арналған шығыстар ұйым шығыстарының құрамына енгізіледі.

      4. Ұйымдардың функциялары мен міндеттерін мемлекеттік орган (мемлекеттік ұйым) жүзеге асыратын мүше мемлекеттерде аудит және тексеру осы баптың ережелері ескеріле отырып, мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

6-бап

      1. Мүше мемлекеттер өздерінің заңнамасында:

      1) мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, авторлық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін құқық иеленушінің не оның тиісті құқықтарын басқаратын ұйымның келісімінсіз, сондай-ақ сыйақы төлемей пайдаланғаны немесе сыйақы төлеу үшін қаражат төлеуден жалтарғаны үшін;

      2) ұйымның құқық иеленушіге жиналған сыйақыны осы ұйымның құқықтарды басқару тәртібін бұзуы салдарынан төлемегені;

      3) жиналған сыйақы сомасынан ұйымның шығыстарына және арнайы қаражатқа мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген ұстап қалудың шекті мөлшерінен асырғаны;

      4) осы Келісімнің 5-бабында көзделген аудит және тексеру жүргізу жөніндегі міндеттемені орындамағаны үшін жауаптылық белгілейді.

      2. Мүше мемлекеттер ұйымдар жауаптылығының өзге де жағдайларын белгілей алады.

      3. Мүше мемлекеттер осы баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттер үшін жауаптылықты көздейтін заңнама нормаларын үндестіру жөнінде қажетті шаралар қабылдайды.

7-бап

      Ұйым құқық иеленушілермен өзара іс-қимыл жасау кезінде мынадай қағидаттарға сүйенеді:

      1) құқық иеленушілердің кез келген кезде өз құқықтарын ұйымның басқаруынан толық немесе ішінара бас тартуға құқығы бар;

      2) егер мұндай құқық мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген болса, құқық иеленушілердің ұйымның басқару органдарының қызметіне осындай ұйымның жарғысында айқындалған тәртіппен қатысуға құқығы бар;

      3) сыйақыны бөлу және төлеу әділ, азаматтығы, тұратын елі, құқық иеленушінің санаты белгілері немесе өзге де негіздер бойынша кемсітушіліксіз жүзеге асырылуға тиіс;

      4) ұйым осы Келісімнің 3-бабы 2-тармағының төртінші абзацына сәйкес сыйақыны тұрақты төлеу үшін барлық қажетті шараларды қолдануға тиіс;

      5) ұйым мүдделерінде пайдаланушылармен шарт жасасқан құқық иеленушілер алдында статистикалық сипаттағы мәліметтерді қоса алғанда, барлық жиналған және бөлінген сыйақы сомалары, көрсетілген сомалардан кез келген аударымдар, сондай-ақ оларды бөлу әдістемесі туралы тұрақты түрде есеп беруге тиіс.

8-бап

      1. Осы Келісім күшіне енгенге дейін туындаған құқықтық қатынастар бойынша оның ережелері осы Келісім күшіне енгеннен кейін туындайтын құқықтар мен міндеттерге қолданылады.

      2. Осы Келісім күшіне енген күні жүзеге асырылатын авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару осы Келісімге қайшы келмейтін бөлігінде жүзеге асырылуын жалғастырады.

9-бап

      Мүше мемлекеттердің өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

10-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта белгіленген тәртіппен шешіледі.

11-бап

      1. Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіреді.

      2. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

      Мүше мемлекеттер осы Келісімді іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар туралы Еуразиялық экономикалық комиссияға дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.

      2017 жылғы 11 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әр мүше мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

      Армения Республикасының Үкіметі үшін
      Беларусь Республикасының Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін

      Осы арқылы бұл мәтін 2017 жылғы 11 желтоқсанда Мәскеу қаласында:

      Армения Республикасының Үкіметі үшін - Армения Республикасының Вице-Премьер-министрі В.В. Габриелян;

      Беларусь Республикасының Үкіметі үшін - Беларусь Республикасы Премьер-министрінің Бірінші орынбасары В.С. Матюшевский;

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары А.Ұ. Мамин;

      Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін - Қырғыз Республикасының Вице-премьер-министрі Т.С. Абдыгулов;

      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін - Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының Бірінші орынбасары И.И. Шувалов қол қойған Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімнің толық әрі теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатындығын растаймын.

      Төлнұсқа дана Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.

      Еуразиялық экономикалық комиссияның
Құқықтық департаментінің
директоры
В.И. Тараскин
     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады