2017 жылғы 24 сәуірде Вильнюсте жасалған Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру туралы
ШАРТ
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы
екі ел арасындағы сотталған адамдар мен мәжбүрлеп емдеуде жүрген адамдарды ақтау және әлеуметтік қайта интеграциялау мақсатында оларды беру саласындағы тиімді ынтымақтастыққа ықпал етуге ниет білдіре отырып,
сот шешімі салдарынан бас бостандығынан айырылған немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған Шетелдіктер өздері шыққан қоғамдық ортада жазасын өтей алатындығын немесе мәжбүрлеп емдеуден өте алатындығын белгілейтін екіжақты шарт жасасу арқылы бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкін болады деп пайымдай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Анықтамалар
Осы Шартта мынадай анықтамалар пайдаланылады:
а) "Беруші Тарап" - бас бостандығынан айыруды көздейтін үкім не бас бостандығын шектеумен байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі шығарылған Тарап;
б) "Қабылдаушы Тарап" - жазасын одан әрі өтеу үшін не оған қатысты бас бостандығын шектеумен байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін сотталған адам берілетін Тарап;
в) "сот шешімі" - адамға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындау туралы заңды күшіне енген үкім немесе адамға бас бостандығын шектеумен байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы заңды күшіне енген қаулы/ұйғарым;
г) "медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары" - сот шешімімен тағайындалған психиатриялық ұйымда мәжбүрлеп емдеу.
2-бап
Жалпы қағидаттар
1. Тараптар осы Шарттың ережелеріне және өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес өздеріне қатысты сот шешімі шығарылған адамдарды беру саласында жан-жақты ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Беруші Тараптың аумағында өзіне қатысты сот шешімі шығарылған адам шығарылған сот шешімін орындау үшін Қабылдаушы Тарапқа берілуі мүмкін.
3-бап
Орталық органдар
1. Осы Шарттың іске асырылуына жауапты орталық орган Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Литва Республикасында - Литва Республикасының Әділет министрлігі болып табылады. Орталық органдар бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасайды.
2. Тараптардың кез келгенінің орталық органы өзгерген немесе оның функциялары басқа органға берілген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлайды.
4-бап
Беру шарттары
1. Өзіне қатысты бас бостандығынан айыру түрінде үкім шығарылған сотталған адамды беру, егер:
а) сотталған адам Қабылдаушы Тараптың азаматы болып табылған;
б) адам Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша да қылмыстық жазаланатын болып табылатын әрекет үшін сотталған;
в) сотталған адам бас бостандығынан айыру түрінде өтеуге тиіс уақыт кезеңі беру туралы сұрау салу алынған кезде кемінде алты (6) айды құраған;
г) сотталған адамның немесе оның жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне байланысты сотталған адамның заңды өкілінің жазбаша келісімі болған;
д) екі Тарап та беруге келіскен жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Сотталған адам бас бостандығынан айыру түрінде өтеуге тиіс уақыт кезеңі осы баптың 1-тармағының в) тармақшасында көрсетілгеннен аз болса да, айрықша жағдайларда Тараптар беруге келісуі мүмкін.
3. Өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот қаулысы/ұйғарымы шығарылған адамды беру, егер:
а) адам Қабылдаушы Тараптың азаматы болып табылған;
б) адам екі Тараптың да ұлттық заңнамасы бойынша қылмыстық жазаланатын әрекет жасаған;
в) екі Тараптың да ұлттық заңнамасында медициналық сипаттағы ұқсас шаралар көзделген;
г) Қабылдаушы Тараптың қажетті емдеуге және тиісті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге мүмкіндігі болған;
д) адамның немесе оның жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне байланысты бұл адамның өкілінің жазбаша келісімі болған;
е) екі Тарап та беруге келіскен жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
5-бап
Беруден бас тарту негіздері
1. Егер:
а) осы Шарттың 4-бабында көзделген беру шарттарының ең болмаса біреуі жоқ болса;
б) сот шешімін орындау Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша мүмкін болмаса;
в) беру Беруші Тараптың егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтірсе не оның ұлттық заңнамасына қайшы келуі мүмкін болса, өзіне қатысты сот шешімі шығарылған адамды беру жүзеге асырылмайды.
2. Егер өзіне қатысты сот шешімі шығарылған адам келтірген нұқсан өтелмесе, осы адамды беруден бас тартылуы не беру кейінге қалдырылуы мүмкін.
6-бап
Мәліметтер беру туралы міндеттеме
1. Өзіне қатысты сот шешімі шығарылған, осы Шарт қолданылуы мүмкін әрбір адамды Беруші Тарап осы Шарттың мазмұны туралы және берудің заңдық салдары туралы хабардар етеді.
2. Өзіне қатысты сот шешімі шығарылған адам Тараптардың оны беру туралы сұрау салуға қатысты жасайтын әрекеттері туралы жазбаша түрде хабардар етіледі.
7-бап
Беру туралы сұрау салу
1. Беру туралы сұрау салуды:
а) Беруші Тарап;
б) Қабылдаушы Тарап;
в) осы Шартқа сәйкес берілетін адамның беруге еркін білдіретін, Беруші немесе Қабылдаушы Тарапқа жолдаған жазбаша өтініш арқылы өзіне қатысты сот шешімі шығарылған адам, оның жұбайы, жақын туыстары немесе заңды өкілдері бере алады.
2. Сұрау салулар мен жауаптар жазбаша түрде ресімделеді және осы Шарттың 3-бабында айқындалған орталық органдарға жолданады.
8-бап
Ақпарат алмасу және растайтын құжаттар
1. Адамды сот шешімін одан әрі орындау үшін беру мақсатында Беруші Тарап Қабылдаушы Тарапқа мынадай құжаттар мен мәліметтерді береді:
а) адамның қолда бар дербес деректері туралы ақпарат (тегі, аты, туылған күні, азаматтығы);
б) егер ол белгілі болса, адамның Қабылдаушы Тарапта тұратын немесе тіркелген жері туралы ақпарат;
в) жазаның түрі мен мерзімін, сондай-ақ оны есептеу күнін немесе тағайындалған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын көрсететін мәліметтер;
г) сотқа дейінгі ұстау мерзімдерін қоса алғанда, жазаның өтелген және өтелуге тиіс бөлігінің мерзімдері туралы немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың басталуы және ұзақтығы туралы мәліметтер, сот шешімінің өзгертілгені туралы мәліметтер, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың ықтимал күндері туралы мәліметтер және сот шешімін орындауға келтіру үшін маңызы бар өзге де мәліметтер;
д) сот шешімі негізделетін қылмыстық заң бабының тиісті үзінді көшірмесін қоса алғанда, сот шешімінің куәландырылған көшірмесі;
е) егер бұл қажет болса, адам туралы медициналық және әлеуметтік есеп, Беруші Тарапта жүргізілетін медициналық қамсыздандыру туралы және Қабылдаушы Тарапта оның одан әрі медициналық қамсыздандырылуы туралы кез келген ұсыным туралы ақпарат;
ж) өзіне қатысты сот шешімі шығарылған адам осы Шарттың 4-бабы 1-тармағының г) тармақшасына немесе 3-тармағының д) тармақшасына сәйкес беруге келісімін білдіретін өтініш;
з) беру туралы шешім қабылдау үшін маңызды болуы мүмкін өзге де құжаттар.
2. Қабылдаушы Тарап сұрау салу бойынша мынадай құжаттар мен мәліметтерді жібереді:
а) өзіне қатысты сот шешімі шығарылған адам оның азаматы болып табылатындығын растайтын құжат немесе өзге де мәліметтер;
б) сот шешімі шығарылған қылмыстық іс-әрекеттің қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып табылатынын куәландыратын Қабылдаушы Тараптың қылмыстық заңынан үзінді көшірме;
в) шығарылған сот шешімін Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша орындау тәртібі туралы мәліметтер;
г) Қабылдаушы Тарап беру туралы шешім шығару үшін қажет деп санайтын кез келген басқа да ақпарат немесе мәліметтер.
3. Қажет болған жағдайда Тараптардың орталық органдары қосымша құжаттарды немесе мәліметтерді сұрата алады. Олар болмаған жағдайда беру туралы сұрау салу қолда бар құжаттар мен мәліметтер негізінде шешіледі.
9-бап
Тіл және заңдастыру
1. Сұрау салулар мен жауаптар орыс тілінде жазылады, ал осы Шарттың 8-бабында көрсетілген ақпарат жолданған Тараптың мемлекеттік тіліндегі не орыс тіліндегі аудармасымен қоса беріледі.
2. Осы Шартты іске асыру кезінде берілген, Тараптың құзыретті органының лауазымды адамы куәландырған және елтаңбалы мөрімен куәландырылған растайтын құжаттар мен мәліметтер қандай да бір заңдастырудың ерекше нысанын талап етпейді.
10-бап
Адамның келісімі және оны растау
1. Беруші Тарап өзіне қатысты сот шешімі шығарылған адамның не оның заңды өкілінің оның құқықтық салдарын толық сезіне отырып, беруге ерікті түрде келісім беретіндіктеріне және осыны беруге келісім беру арқылы растайтындықтарына кепілдік береді.
2. Беруші Тарап Қабылдаушы Тараптың сұрау салуы бойынша өзіне қатысты сот шешімі шығарылған адамның осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес беруге өз келісімін білдіргеніне Қабылдаушы Тарапқа дипломатиялық өкілдіктің уәкілетті адамы арқылы көз жеткізуіне мүмкіндік береді.
11-бап
Беру туралы сұрау салу бойынша шешім
1. Беру туралы сұрау салуды алғаннан кейін сұрау салынатын Тарап беруге өзінің келісетіні немесе одан бас тартатыны туралы екінші Тарапқа мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабарлайды. Адамды беруден бас тарту уәжді болуға тиіс.
2. Беруге келіскен жағдайда, Тараптар беру уақытын, орнын және басқа шарттарын мүмкіндігінше қысқа мерзімде айқындайды.
12-бап
Сот шешімдерін орындау
1. Егер сот шешімі орындауға қабылданса, онда Қабылдаушы Тараптың соты өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Беруші Тараптың сот шешіміне барынша ұқсас келетін, орындауға жататын бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны не қолдануға жататын медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын айқындайды. Қабылдаушы Тарап бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны белгілеу не медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде:
а) Беруші Тараптың сот шешімінде баяндалған, анықталған фактілермен шектеледі;
б) бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны ақшалай айыппұлға немесе бас бостандығынан айыруға байланысты емес басқа жазаға ауыстыруға құқылы емес;
в) өзіне қатысты сот шешімі шығарылған адамның құқықтық жағдайын нашарлатуға құқылы емес.
2. Егер Қабылдаушы Тараптың қылмыстық заңына сәйкес осы іс-әрекет үшін көзделген бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімі Беруші Тараптың сот шешімімен тағайындалғаннан аз болса, Қабылдаушы Тараптың соты Қабылдаушы Тараптың қылмыстық заңында осыған ұқсас қылмыс үшін көзделген бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімін белгілейді.
3. Сот шешімін орындау, оның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату не медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту Қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Беруші Тарапта өтелген мерзім бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзіміне есептеледі.
13-бап
Сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту
1. Берілетін адамға қатысты сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту құқығына тек Беруші Тарап қана ие болады.
2. Сот шешімінің күші жойылған немесе ол өзгертілген жағдайда Беруші Тарап бұл туралы Қабылдаушы Тарапқа хабарлайды, ол тиісті сот шешімінің орындалуын дереу қамтамасыз етеді.
14-бап
Рақымшылық және кешірім жасау
Тараптардың әрқайсысы бұл туралы екінші Тарапты дереу хабардар етіп, берілген сотталған адамға қатысты өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес рақымшылық жасауға немесе кешірім жасау актісін қолдануға құқылы.
15-бап
Сот шешімінің орындалуы туралы хабарлау
Қабылдаушы Тарап сот шешімінің орындалғаны туралы Беруші Тарапқа:
а) сот шешімінің орындалуы аяқталғанда немесе тоқтатылған;
б) берілген адам сот шешімінің орындалуы аяқталғанға дейін қашып кеткен;
в) берілген адам сот шешімінің орындалуы аяқталғанға дейін қайтыс болған;
г) егер Беруші Тарап осы мәселе бойынша ақпарат сұратқан жағдайларда хабарлайды.
16-бап
Транзит
1. Тараптардың бірі үшінші мемлекетпен ынтымақтаса отырып, өздеріне қатысты сот шешімі шығарылған адамдар транзитін екінші Тараптың аумағы арқылы жүзеге асырған жағдайда, алғашқысы соңғысына транзитке рұқсат беруге арналған сұрау салуды жіберуге тиіс.
2. Транзит туралы сұрау салуға үшінші мемлекеттің құзыретті органының транзитке жататын адамды беру туралы шешімінің көшірмесі, оның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және оның азаматтығы туралы деректер қоса берілуге тиіс.
3. Транзит туралы сұрау салу жіберілген Тарап, бұл берілетін адамды өзінің аумағы арқылы тасымалдауды қамтамасыз ету үшін қажет болған не осы адамды сұрау салынатын Тараптың аумағында транзиттеу уақытында ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет жасаған жағдайларды қоспағанда, транзитке жататын адамға қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға, оны ұстауға немесе өзге тәсілмен бас бостандығын шектеуге құқылы емес. Тасымалданатын адам сұрау салынатын Тараптың аумағында өзін транзиттеу кезінде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет жасаған жағдайда Тараптар консультациялар жүргізеді.
4. Әуе көлігі пайдаланылған және екінші Тараптың аумағында қону жоспарланбаған жағдайда транзитке рұқсат талап етілмейді.
5. Сұрау салынатын Тарап, егер:
а) өзіне қатысты сот шешімі шығарылған адам оның азаматы болып табылса;
б) адамды транзиттеу сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтірсе не оның ұлттық заңнамасына қайшы келуі мүмкін болса, транзиттен бас тартуға құқылы.
17-бап
Шығыстар
1. Қабылдаушы Тарап:
а) тек қана Беруші Тараптың аумағында жұмсалған шығыстардан басқа, берілетін адамды тасымалдауға байланысты;
б) беруден кейін сот шешімін орындауды жалғастыруға байланысты шығыстарды көтереді.
2. Транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды транзит туралы сұрау салумен жүгінген Тарап көтереді.
18-бап
Дербес деректерді қорғау
1. Осы баптың 2-тармағына нұқсан келтірместен, дербес деректерді Тараптар бере алады, сондай-ақ, егер бұл осы Шарттың мақсаттары үшін қажет және жеткілікті болса ғана, мұндай деректерді берілген Тарап өңдей алады.
2. Дегенмен, мұндай деректер, егер бұған не деректерді жіберген Тарап не мұндай деректердің субъектісі болып табылатын адам алдын ала келісім берсе, кез келген басқа да мақсаттарда өңделуі мүмкін. Келісім дербес деректерді беретін Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес берілуге тиіс.
3. Осы Шарттың ережелерін орындау нәтижесінде дербес деректерді беруді жүзеге асыратын кез келген Тарап деректер берілген Тараптан мұндай деректердің өңделуі туралы ақпаратты ұсынуды сұратуға құқылы.
4. Осы баптың 6-тармағына нұқсан келтірместен, осы Шартқа сәйкес берілген дербес деректер мұндай деректер берілген Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес өңделуге және жойылуға тиіс. Көрсетілген шектеулерге қарамастан, алынған деректер олар берілген мақсаттар үшін қажет болуын тоқтата салысымен, жойылуға тиіс.
5. Дербес деректер субъектісі Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес:
а) құзыретті органдардың оның дербес деректерін өңдеуіне қатысты ақпаратты сұратуға;
б) оның дербес деректерін өзгертуді және толықтыруды, жоюды немесе бұғаттауды сұратуға;
в) егер оның сұрау салуы сақталмаса, өз құқықтарын қорғауға құқылы.
6. Дербес немесе басқа да деректерді беретін Тараптар берілген деректерді өңдеуге қатысты қосымша шарттар белгілеуі мүмкін. Осы тармаққа сәйкес қосымша шарттар белгіленген жағдайда, деректер берілген Тарап оларды осы шарттарға сәйкес өңдеуге тиіс.
19-бап
Басқа халықаралық шарттармен арақатынас
Осы Шарттың ережелері Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.
20-бап
Шарттың қолданылуы
Осы Шарт, егер сұрау салу тіпті осы Шарт күшіне енгенге дейін шығарылған сот шешімін орындауға қатысты болса да, ол күшіне енгеннен кейін жіберілген кез келген сұрау салуға қолданылады.
21-бап
Дауларды реттеу
1. Осы Шартты түсіндіруге немесе қолдануға байланысты кез келген дау Тараптардың орталық органдары арасында консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.
2. Егер орталық органдар келісімге қол жеткізбесе, дау дипломатиялық арналар арқылы консультациялар жүргізу жолымен шешіледі.
22-бап
Шарттың күшіне енуі, өзгертілуі және қолданысының тоқтатылуы
1. Осы Шарт Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) тәулік өткен соң күшіне енеді.
2. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Шарттың ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалар түрінде ресімделеді.
3. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасасылады. Әрбір Тарап бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етіп, кез келген уақытта осы Шарттың күшін тоқтатуға құқылы. Осы Шарттың қолданысы тиісті хабарлама алынған күннен бастап алты (6) ай өткен соң тоқтатылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
2017 жылғы 24 сәуірде Вильнюс қаласында әрқайсысы қазақ, литва және орыс тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін басым болады.
Қазақстан Республикасы үшін | Литва Республикасы үшін |
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Шарттың литва тіліндегі мәтіні берілген.