Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2020 жылғы 26 наурыздағы № 305-VІ ҚРЗ.

      2019 жылғы 3 сәуірде Мәскеуде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтау туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтау туралы келісім

      (2020 жылғы 15 маусымда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2020 ж., № 3, 14-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,

      1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісімді, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартын, 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімді басшылыққа ала отырып, "Байқоңыр" кешенін дамытуға өзара мүдделілігін білдіре отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдардың мынадай мағынасы бар:

      "газ" - газ тәріздес күйде болатын, шикі газды өңдеу өнімі болып табылатын және құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық реттеу саласындағы құқығының талаптарына сай келетін, "Байқоңыр" кешенінің аумағына "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральдық газ құбыры жүйесінен берілетін, құрамында метаны басым көмірсутегілердің көпқұрамдас қоспасы;

      "Байқоңыр" кешені" - "Байқоңыр" ғарыш айлағының сынақ, технологиялық, ғылыми, өндірістік-техникалық, әлеуметтік және қамтамасыз ету объектілері және олардың жылжымалы және жылжымайтын мүлкімен Байқоңыр қаласы;

      "газды тұтынушылар" - тұрмыстық, коммуналдық-тұрмыстық немесе өнеркәсіптік тұтынушы;

      "газбен жабдықтау объектілері" - "Байқоңыр" кешенінің аумағында орналасқан, осы Келісімге сәйкес жылжымалы мүлік болып танылатын газ құбырларынан (желілік бөліктен) және олармен ұштасып жатқан өзара байланысты құрылысжайлардан тұратын технологиялық кешен;

      "газды бөлшек саудада өткізу" - газды одан әрі сату мақсатынсыз, өз мұқтаждықтары үшін "Байқоңыр" кешенінің аумағында газды тұтынушыларға өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;

      "газбен жабдықтау ұйымы" - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және тіркелген және Байқоңыр қаласының аумағында газды бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметті тіркеусіз жүзеге асыратын "ҚазТрансГаз Аймақ" акционерлік қоғамы және/немесе оның Қызылорда өндірістік филиалы;

      "пайдалану ұйымы" - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және тіркелген, газбен жабдықтау ұйымы газбен жабдықтау объектілерін пайдалану үшін тартқан және Байқоңыр қаласының аумағында пайдалану жөніндегі қызметті тіркеусіз жүзеге асыратын заңды тұлға;

      "газбен жабдықтау операторы" - Байқоңыр қаласының әкімдігі уәкілеттік берген, балансында төмен қысымды газбен жабдықтау объектілері бар заңды тұлға.

2-бап

      Осы Келісімнің орындалуын үйлестіруді және бақылауды мына құзыретті органдар жүзеге асырады:

      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;

      Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі және "Роскосмос" ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясы.

      Құзыретті орган өзгерген жағдайда, тиісті Тарап ол туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабарлайды.

3-бап

      Байқоңыр қаласының аумағында газды бөлшек саудада өткізуді газбен жабдықтау ұйымы жүзеге асырады.

      Газбен жабдықтау ұйымы "Байқоңыр" ғарыш айлағының аумағында газды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыруға да құқылы.

      Газбен жабдықтау ұйымының газбен жабдықтау объектілерін және газбен жабдықтау операторы беретін объектілерді пайдалануды пайдалану ұйымы жүзеге асырады.

4-бап

      Байқоңыр қаласын газбен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында газбен жабдықтау ұйымы және Байқоңыр қаласының аумағындағы газды тұтынушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес газды бөлшек саудада өткізу шартын жасасады.

5-бап

      Байқоңыр қаласының тұтынушыларына газды бөлшек саудада өткізу бағасы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады және Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік саясатты әзірлейтін және іске асыратын уәкілетті органы Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының газды тұтынушылары үшін белгілейтін бағаға сәйкес келуі тиіс.

6-бап

      Осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 3 ай ішінде газбен жабдықтау операторы Байқоңыр қаласында орналасқан, өзіне тиесілі төмен қысымды газбен жабдықтау объектілерін газбен жабдықтау ұйымына сенімгерлік басқаруға береді, сондай-ақ тұтынушыларды газ тұтынуға дайындау жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.

7-бап

      "Байқоңыр" кешенінің аумағында газды тұтынушыларға газ өткізу бойынша өзара есеп айырысулар төлем жасайтын күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағамы бойынша қазақстандық теңгемен немесе Ресей рублімен жүргізіледі.

8-бап

      Газбен жабдықтау және пайдалану ұйымдарының қызметін мемлекеттік қадағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органы жүзеге асырады.

9-бап

      Байқоңыр қаласының аумағында пайдалану ұйымы қызметін Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органы беретін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына арналған аттестат негізінде жүзеге асырады.

10-бап

      Байқоңыр қаласында қызметті жүзеге асырған кезде Байқоңыр қаласының бюджетіне салықтарды және басқа да төленетін міндетті төлемдерді алу тек Байқоңыр қаласында тіркелген заңды тұлғаларға қатысты ғана жүргізіледі.

11-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты туындайтын даулар Тараптар арасында консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.

      Егер дау келіссөздер барысында' реттелмеген жағдайда, Тараптар келісу комиссиясын тағайындайды, оның шешімі екі Тарап үшін де міндетті сипатта болады.

12-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

13-бап

      Осы Келісімге қол қойылғанға дейін газды беру мәселесі бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында жасалған шарттар алты ай ішінде осы Келісімге сәйкес келтірілуге жатады.

14-бап

      Осы Келісім оған қол қойылған күннен бастап 14 күн өткен соң уақытша қолданылады. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы хабарламалардың соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді және егер Тараптардың ешқайсысы оның қолданылуының тиісті мерзімі аяқталғанға дейін 6 айдан кешіктірмей осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлау жолымен мәлімдемесе, Ресей Федерациясының "Байқоңыр" кешенін жалға алуының бүкіл мерзімінде қолданылатын болады.

      Мәскеу қаласында 2019 жылғы 3 сәуірде әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі екі мәтін де бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады