Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2020 жылғы 4 мамырдағы № 321-VІ ҚРЗ

Қазақстан Республикасының "Кейбір заңнамалық актілерге еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына баспасөз релизі

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясатының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.

      Заң ағымдағы жылғы 30 сәуірде ҚР Парламенті Сенатының екі оқылымында мақұлданып, оған ағымдағы жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті қол қойды.

      Бұл Заң еңбек қатынастары, әлеуметтік әріптестік, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселелерін қамтиды, оның ішінде:

      Еңбек қатынастары саласында:

      1) еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінен еңбек шарты туралы мәліметтер алу және беру бойынша жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері бекітіледі;

      2) әкімшілік заңнамаға өндірістік-тұрмыстық жағдайлар және еңбек саласында кемсітушілік фактілеріне жол бергені үшін жұмыс берушілерді жауапкершілікке тарту үшін негіздер қосылады;

      3) еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде кемсітушілік фактілеріне жол бермеу мақсатында жұмыскердің лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларына құқығы бекітіледі;

      4) жұмыскерді әскери қызметтен шығарылуға немесе әскери жиындардың аяқталуына байланысты әскери бөлімнің тізімдерінен алып тасталған күннен бастап бір айдан кешіктірмей өзінің еңбек міндеттеріне кірісуге міндеттей отырып шұғыл әскери қызметтен өту кезеңіне азаматтардың жұмыс орнын сақтау, және оларға жалақысы сақталмайтын еңбек демалысын беру бойынша жұмыс берушінің міндеттері бекітіледі;

      5) отбасының науқас мүшесіне күтім жасайтын жұмыскерлер үшін медициналық қорытындыға сәйкес толық емес жұмыс уақытының режимі енгізіледі;

      6) жұмыскердің келісімі бойынша еңбек шартында жұмыскерге (басқа тарапқа) хабарлама жібермей, мөлшері еңбек шартында айқындалатын өтемақы төлей отырып жұмыс берушінің (тараптардың) еңбек шартын бұзу құқығын көздейтін норма алынып тасталды (ҚР Еңбек кодексінің 50-бабы)

      7) еңбегі Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттелетін жұмыскерлердің жекелеген санаттарын қоспағанда, осы Кодексте айқындалған тәртіппен жеке еңбек дауларын қарау үшін келісу комиссиясын құру туралы талап.

      Әлеуметтік әріптестік саласында:

      1) кәсіподақтардың жоғары тұрған кәсіподақ бірлестіктеріне міндетті мүше болуы алынып тасталды, ("Кәсіптік одақтар туралы" 12, 13 және 14-бабы), бұл кәсіподақтардың бірлесу еркіндігіне құқығын шектемеуге мүмкіндік береді;

      2) кәсіподақ бірлестіктерін мемлекеттік тіркеу кезінде олардың республикалық, салалық, өңірлік кәсіподақ бірлестіктері ретінде статусын растау үшін шарттар жеңілдетіледі;

      3) кәсіподақ бірлестіктерін әділет органдарында тіркеу кезінде олардың статусын растау мерзімдері 6 айдан 1 жылға дейін ұзартылады.

      4) "таратудың" орнына тіркелгеннен кейін 1 жылдың ішінде кәсіподақтар статусын растау бойынша талапты орындамаған жағдайда қызметті қалпына келтіру мүмкіндігімен кәсіподақ қызметтерін 3 айдан 6 айға дейін "тоқтата тұру" енгізіледі;

      5) әлеуметтік әріптестік жүйесінде жұмыс берушілердің өкілдерінің өкілеттіктері бекітіледі.

      Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында.

      1) кәсіпорында еңбекті қорғау жүйесін құру көзделеді;

      2) жұмыс берушінің кәсіпорында еңбекті қорғау жүйесін енгізу және оның жұмыс істеуіне бақылау жасау бойынша міндеттері бекітіледі;

      3) ұйымдағы кәсіптік тәуекелдерді басқару және бағалау бойынша жұмыс берушінің міндеттері бекітіледі;

      4) бас мердігерлік ұйымның мердігерлік ұйымдардың еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша жұмыстарды үйлестіруі көзделген.

      5) декларациялау үшін мәліметтерді әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін пайдалану арқылы жолдаудың электрондық механизмі енгізіледі және т.б.

      Заң жобасын қабылдау:

      - жұмыскерлерге лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларын жасауға;

      - жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы еңбек қатынастары субъектілерінің тиісті құқықтары мен міндеттерін белгілеу;

      - еңбек заңнамасының сақталуына бақылау жүйесін жетілдіруге;

      - әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында цифрландыруды енгізуді кеңейтуге;

      - еңбек заңнамасының нормаларын әртүрлі түсіндіру мүмкіндігін алып тастауға әкеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз