Әріптестік туралы негіздемелік келісімді (2014 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасын экономикалық әртараптандыру және оның орнықты дамуына, жалпы өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге түзетулер мен толықтырулар) ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2020 жылғы 14 мамырдағы № 328-VІ ҚРЗ.

      БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗІ

      2019 жылғы 27 тамызда Нұр-Сұлтанда жасалған Әріптестік туралы негіздемелік келісім (2014 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасын экономикалық әртараптандыру және оның орнықты дамуына, жалпы өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге түзетулер мен толықтырулар) ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

Әріптестік туралы негіздемелік келісім
(2014 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасын экономикалық әртараптандыру және оның орнықты дамуына, жалпы өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге түзетулер мен толықтырулар)

      (2020 жылғы 30 маусымда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2020 ж., № 4, 18-құжат)

      Осы Әріптестік туралы негіздемелік келісім (ӘНК) Қазақстан Республикасының Үкіметі (Үкімет) мен Азия Даму Банкі (АДБ) (бірлесіп "Тараптар" деп аталады) арасында 2014 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасын экономикалық әртараптандыру және оның орнықты дамуына, жалпы өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге (2014 жылғы ӘНК) түзетулер мен толықтырулар ретінде 2019 жылғы 27 тамызда жасалды.

      Сонымен қатар:

      (A) АДБ Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық дамуға жәрдемдесу мақсатында Азия Даму Банкін құру туралы келісімге ("АДБ жарғысы") сәйкес құрылған және жұмыс істейтін халықаралық қаржы институты болып табылады. 1994 жылдан бастап АДБ мүшесі бола отырып, Қазақстан Республикасы (Қазақстан) АДБ жарғысының ережелерін сақтауға келісті.

      (B) 2014 жылғы 4 мамырда Үкімет пен АДБ 2014 жылғы ӘНК-ге қол қойды. Сол кезден бері Үкімет Қазақстанның ұлттық стратегиялық даму жоспарын, оның ішінде инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды және басқаларын жүзеге асырып келеді. 2018 жылғы шілдеде АДБ жаңа корпоративтік "2030 жылға дейінгі стратегияны" қабылдады, онда оған мүше елдердің өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне ден қоюдың кең ауқымды пайымы мен стратегиялық шаралары баяндалады және мүше елдерінің даму басымдықтарын іске асыруға үлес қосуды қамтамасыз етудің маңыздылығы атап көрсетіледі.

      (C) АДБ операциялары Үкіметке Қазақстан 2015 жылы қабылдаған БҰҰ-ның Орнықты Даму Мақсаттарына қол жеткізуде жәрдем көрсетуге және инфрақұрылым саласы мен басқа да тақырыптық салалардағы АДБ сараптамасын пайдалануға бағытталған.

      (D) Қазақстанның АДБ-ға кіруінің 25 жылдығында Тараптар өз ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға, тереңдетуге және кеңейтуге ниетті.

      Бұл ретте Тараптар 2014 жылғы ӘНК-ге мынадай түрде түзетулер мен толықтырулар енгізуге уағдаласты:

      1. Ынтымақтастықтың мақсаттары мен бағыттары

      1.1. Осы ӘНК Әріптестіктің Елдік Стратегияларында (ӘЕС) және жыл сайынғы елдік операциялық бизнес-жоспарларда (ЕОБЖ) баяндалған, Үкімет пен АДБ бірлесіп әзірлейтін және келісілген АДБ операцияларын іске асыруға жәрдем көрсетуге арналған.

      1.2. АДБ қызметінде Қазақстанның макроэкономикалық орнықтылығын арттыруға; инфрақұрылым мен коммуналдық көрсетілетін қызметтерді жаңғыртуға; ауыл шаруашылығы секторын дамытуға жәрдемдесуге; шағын және орта бизнес (ШОБ) үшін қаржыландыруға қолжетімділікті жақсартуға; инфрақұрылымға және денсаулық сақтау мен білім беру сияқты әлеуметтік секторларға инвестицияларды, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) арқылы ұлғайтуға баса назар аударылады. Басқару және институционалдық реформалар, жеке секторды дамыту, өңірлік ынтымақтастық және интеграция, климаттың өзгеру салдарларын жұмсарту және бейімделу, экологиялық орнықтылық, гендерлік теңдік және білім саласындағы жұмыс ӘЕС-ні іске асырудың негізгі факторлары болып табылады. Қызметтің осындай факторлары арқылы АДБ жұмыс орындарын құру, инновацияларды ынталандыру, әлеуетті ұлғайту, білім мен үздік халықаралық практикаларды енгізу негізінде кең ауқымды қолдау көрсету арқылы Қазақстан экономикасына өз үлесін қосады.

      2. Іске асыру тетіктері

      2.1. Егер АДБ-ның жәрдемдесуі қажет болған және белгіленген тәртіппен мақұлданған жағдайда, Үкімет көзделген даму бағдарламалары шеңберінде АДБ-ның жәрдемдесуімен инвестициялық жобаларды іске асыратын болады.

      2.2. АДБ ӘЕС шеңберінде және оның құралдарының көмегімен:

      • мемлекеттік бағдарламаларды қолдауда гранттық негізде консультациялық қолдауды және техникалық көмекті (ТК);

      • кредиттеуді және басқа да қаржылық қолдауды;

      • оқу бағдарламаларын, әлеуетті дамытуға және білім алмасуға қолдау корсетуді;

      • МЖӘ-ні қолдауды;

      • жеке сектордың инвестицияларын тарту үшін қаржы ресурстарын; сондай-ақ

      • мемлекеттік даму бағдарламаларына мониторинг және бағалау жүргізу үшін қолдау көрсетуді ұсына алады.

      2.3. Тараптар қаржыландыру көзіне қарамастан мемлекеттік қарыздар мен мемлекет кепілдік берген қарыздар шеңберінде АДБ қаржыландыратын және/немесе әкімшілендіретін барлық жобалар Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, негізгі еңбек стандарттары, төлемдер, ақпаратты ашу, гендерлік даму, тауарларды, жұмыстар мен консультациялық және консультациялық емес көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша, экологиялық және әлеуметтік қорғау шараларын қоса алғанда, АДБ-ның қолданылатын саясаттары мен талаптарының ең соңғы нұсқаларын, сондай-ақ АДБ жарғысына сәйкес АДБ мезгіл-мезгіл қабылдайтын басқа да саясаттар мен талаптарды қамтуы тиіс АДБ-ның заңдық келісімдерінің және қарыздар мен гранттар берудің тиісті қағидаларының ережелері мен шарттарына сәйкес әзірленуі және іске асырылуы тиіс екендігін таниды.

      2.4. АДБ инфрақұрылымдық қажеттіліктерге, венчурлік капиталға, таза және тиімді энергияға, ШОБ-ты дамытуға, цифрлық технологиялар мен өңірлік дамуға және басқаларға байланысты мәселелерді шешу үшін арнайы мақсаттағы қорлар құруға жәрдемдесу мүмкіндігін қарастырады.

      3. Институционалдық тетіктер

      3.1. Үкімет Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқаратын және Үкімет, АДБ және басқа да халықаралық қаржы институттарының өкілдерінен тұратын, бірақ олармен шектелмейтін, Үйлестіру кеңесі немесе басқа да тиісті тетіктер арқылы осы ӘНК-ні іске асырады.

      3.2. Үкімет пен АДБ Қазақстанның даму мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін осы ӘНК шеңберінде жобалар мен бағдарламаларды бағалау үшін бірлесіп күш-жігер салуды және іске асыру мәселелерін уақтылы шешуді жалғастырады.

      3.3. Үкімет пен АДБ ӘЕС әзірлеу, сондай-ақ жыл сайынғы ЕОБЖ дайындау арқылы бағдарламалар мен жобаларды іріктеу, әзірлеу және іске асыру жөніндегі жұмысты тығыз үйлестіруді жалғастырады.

      3.4. Осы ӘНК-нің тиісінше орындалуын қамтамасыз ету үшін Үкімет пен АДБ жобаларды жоспарлау және іске асыру жөніндегі тиісті рәсімдердің тиімділігін, нәтижелілігін және уақтылылығын арттыру жөніндегі бірлескен жұмыс тобы шеңберінде жұмысты жалғастырады.

      4. Қорытынды ережелер, күшіне енуі, дауларды тоқтату және шешу

      4.1. Осы ӘНК АДБ Үкіметтен осы ӘНК-нің күшіне енуі үшін қажетті ратификациялау рәсімінің аяқталғаны туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.

      4.2. Осы ӘНК Тараптардың жазбаша нысандағы өзара келісуі бойынша бұдан әрі өзгертілуі мүмкін. Мұндай түзетулер 4.1-тармақта көзделгендей күшіне енеді.

      4.3. Осы Келісімнің қолданылуы тараптардың келісуі бойынша немесе кез келген тараптың дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберуі арқылы тоқтатылуы мүмкін. Мұндай тоқтату осы хабарламаны алған күннен кейін 30-ыншы (отыз) күні күшіне енеді.

      4.4. Осы ӘНК-де ештеңе де АДБ-ның өз артықшылықтарынан, ерекшеліктерінен және иммунитеттерінен бас тартуы ретінде болжанбайды және түсіндірілмейтін болады, керісінше, осымен АДБ-ның артықшылықтары, ерекшеліктері мен иммунитеттері резервтелгені айрықша атап көрсетіледі.

      4.5. Келіссөздер жолымен реттелмеген осы ӘНК-ні түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген дау түпкілікті шешу үшін үш төрешіден тұратын трибуналға беріледі: біреуін Үкімет тағайындайды, біреуін АДБ тағайындайды, ал трибуналдың төрағасы болатын үшіншісін алғашқы екі төреші сайлайды. Егер алғашқы екі төреші үшіншісі туралы уағдаласа алмаса, Үкімет пен АДБ Халықаралық Соттың төрағасынан үшінші төрешіні сайлауды сұрауы тиіс. Төрешілердің көпшілік даусы түпкілікті және міндетті болатын шешім қабылдау үшін жеткілікті болуы тиіс. Үшінші төреші, егер осы мәселе бойынша келіспеушіліктер болса, кез келген жағдайда, рәсімнің барлық мәселелерін шешуге уәкілетті болуға тиіс.

      4.6. Осы ӘНК-нің 2.2-тармағында санамаланған құралдардың көмегімен 1.2-тармақта аталған секторларда қызметті жүзеге асыру кезінде Тараптар даму жөніндегі басқа әріптестермен және жергілікті мүдделі тараптармен кең ауқымды ынтымақтастықты дамытатын болады.

      4.7. Осы ӘНК ақпаратқа қол жеткізу саласындағы АДБ саясатына және іске асыру тетіктеріне, сондай-ақ Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес үшінші тараптарға ашылуы мүмкін.

      4.8. Осы ӘНК-ге сәйкес кез келген хабарлама немесе сұрау салу жазбаша түрде жасалуы тиіс және ол қолына немесе пошта, факсимильді немесе электрондық пошта арқылы тарапқа және төменде көрсетілген мекенжайға жеткізілген кезде, тиісті түрде берілген немесе жасалған болып есептеледі.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін:

      Руслан Дәленов

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан, Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 8

      факс нөмірі: +7 (7172) 74-38-24

      пошта: r.dalenov@economy.gov.kz

      Азия Даму Банкі үшін:

      Вернер Е. Липах

      Азия Даму Банкі Орталық және Батыс Азия департаментінің бас директоры

      Филиппин, 1550 Метро Манила, Мандалуйонг қаласы, АДБ даңғылы, 6

      факс нөмірі: (+632) 8636-2444

      пошта: wliepach@adb.org

      4.9. Осы ӘНК жоғарыда көрсетілген күні Нұр-Сұлтан қаласында ағылшын тілінде екі түпнұсқа данада жасалды.

      Қазақстан Республикасының Азия Даму Банкі үшін
      Үкіметі үшін
      __________________ _____________________
      Руслан Дәленов Вернер Е. Липах
      Ұлттық экономика министрі Бас директор

      Осымен 2019 жылғы 27 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында жасалған Әріптестік туралы негіздемелік келісімнің (2014 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасын экономикалық әртараптандыру және оның орнықты дамуына, жалпы өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге түзетулер мен толықтырулар) осы аудармасы орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келетінін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
Үлттық экономика
министрлігінің Ішкі
әкімшілендіру
департаменті
Мемлекеттік тіл
басқармасының басшысы
Қисықова

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Әріптестік туралы негіздемелік келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады