Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2020 жылғы 16 мамырдағы № 330-VІ ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Төтенше жағдай туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2003 ж., № 3, 18-құжат; 2006 ж., № 2, 14-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; 2010 ж., № 7, 32-құжат; 2011 ж., № 5, 43-құжат; 2013 ж., № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; 2017 ж., № 11, 29-құжат; 2018 ж., № 24, 93-құжат; 2019 ж., № 5-6, 27-құжат):

      1) 4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Төтенше жағдай кезінде және осыған байланысты туындаған әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарыс жағдайында қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер";

      2) 15-бапта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Төтенше жағдай енгiзiлген кезде оның қолданылу кезеңiнде мынадай негiзгi шаралар мен уақытша шектеулер:";

      мынадай мазмұндағы 2-тармақпен толықтырылсын:

      "2. Төтенше жағдай енгізілген кезеңде және осыған байланысты туындаған әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарыс жағдайында елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес салық, бюджет, кеден, банк, еңбек заңнамасының, монополияға қарсы заңнаманың, халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі, мемлекеттік сатып алу, валюталық реттеу туралы, азаматтарды әлеуметтік қорғау, мемлекеттік мүлік салаларындағы, бәсекелестікті қорғау, мемлекеттік бақылау және қадағалау, елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру мәселелері жөніндегі заңнаманың қолданылу ерекшеліктері белгіленуі мүмкін.";

      3) 21-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-бап. Төтенше жағдайдың қолданылуын тоқтатудың құқықтық салдарлары

      1. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған және жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарын уақытша шектеуге байланысты нормативтік құқықтық актілер төтенше жағдай енгізілген мерзім ішінде ғана қолданылады және осы Заңның 15-бабының 2-тармағына сәйкес қабылданған актілерді қоспағанда, төтенше жағдайдың қолданылуының тоқтатылуымен бiр мезгiлде бұл туралы арнайы хабардар етілмей күшiн жояды.

      Осы Заңның 15-бабының 2-тармағына сәйкес қабылданған құқықтық актілердің ережелері, егер Қазақстан Республикасының Президентімен немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша актілердің өзінде өзгеше қолданылу мерзімі белгіленбесе, төтенше жағдайдың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады.

      2. Төтенше жағдайдың қолданылуын тоқтату төтенше жағдай режимiн бұзу туралы iстер бойынша әкiмшiлiк iс жүргiзудiң тоқтатылуына алып келеді.".

      2. "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2016 ж., № 7-I, 46-құжат; 2017 ж., № 14, 51-құжат; № 16, 56-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 14, 44-құжат; № 16, 53, 55-құжаттар; № 19, 62-құжат; 2019 ж., № 2, 6-құжат; № 15-16, 67-құжат; № 21-22, 90, 91-құжаттар):

      46-баптың 1-тармағы:

      "тоқтата тұру" деген сөздерден кейін ", осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген нормаларының қолданысы "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда және тәртіппен тоқтатыла тұруы мүмкін.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2020 жылғы 15 наурыздан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады