Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № 391-VI ҚРЗ.

      Мемлекет басшысы 2020 жылғы 25 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға (бұдан әрі - Заң) қол қойды.

      Заң бюджет процесін одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленді және бюджет қаражатын ұқыпты әрі үнемді жұмсауға бағытталған.

      Заңда мынадай бағыттар бойынша түзетулер көзделген.

      1. Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау байланысын жақсарту мақсатында мемлекеттік органдар шығыстарының лимиттерін айқындау тәсілдері реформалануда. Лимиттер басымдылығы ескеріле отырып, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының мақсаттары мен нысаналы индикаторларына қарай айқындалатын болады. Осылайша, лимиттер стратегиялық жоспарларға бағынады.

      2. Бюджеттік субсидиялар мен бюджеттік инвестициялық жобаларға мәлімделген шығыстардан экономикалық қайтарымды бағалау (бюджет кірістері, жұмыс орындары, инвестициялар, экспорт және т.б.) енгізіледі. Ол бюджеттік өтінімдерді дайындау кезінде жоспарлау кезеңінде жүргізілетін болады.

      3. Мемлекеттік органның тұрақты шығыстары бойынша бюджеттік өтінімдерді бекітетін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әрбір әкімшісі жанынан ведомстволық бюджеттік комиссиялар құру көзделеді.

      Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінімді енгізу рәсімі оңайлатылды.

      4. Бюджет кодексінде Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін айқындау бөлігінде бюджеттік қағида регламенттеледі.

      Қағида мұнайдың жоғары бағалары кезінде Ұлттық қорда көбірек қаражатты үнемдеуге және төмен бағалар кезінде бюджетті қолдауға мүмкіндік береді.

      5. Мемлекеттік тапсырмалар тетігін жетілдіру шеңберінде мемлекеттік тапсырмаларды орындауды беруге 50 %-тен аспайтын мөлшерде шектеу белгіленеді.

      Әкімшілердің мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау әдістемесін бекіту жөніндегі құзыреті енгізіледі.

      6. Жер қойнауын пайдаланушылар аударымдарының бір бөлігін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға облыстық бюджеттен аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерге облыстық мәслихаттың нормативтері бойынша беру мүмкіндігі көзделеді.

      7. Сондай-ақ бюджеттің атқарылу процесін жетілдіру бойынша нормалар көзделеді.

      Заңды қабылдау бюджет қаражатын неғұрлым тиімді пайдалануға, бюджет шығыстарының экономикалық қайтарымдылығын арттыруға ықпал ететін болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз