ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 1 ақпандағы № 4-VII ҚРЗ.

      Баспасөз-релиз


      2018 жылғы 2 қарашада Астанада жасалған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

      Бейресми аударма

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,

      атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану процесінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің аса маңызды екенін атап өте отырып,

      ядролық аварияларды болғызбау және олардың зардаптарын барынша азайту бойынша қабылданған жан-жақты шараларды күшейту мақсатында,

      ядролық авария туындаған немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған жағдайда трансшекаралық радиациялық зардаптарды барынша азайту мақсатында ақпарат пен көмекті жедел беру қажет екенін атап өте отырып,

      2014 жылғы 21 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ядролық және радиациялық қауіпсіздік тұжырымдамасын, сондай-ақ 1986 жылғы 26 қыркүйектегі Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенцияның және 1986 жылғы 26 қыркүйектегі Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек туралы конвенцияның ережелерін назарға ала отырып,

      мамандандырылған авариялық-құтқару құралымдарының, осы құралымдарды техникалық жарақтандыру ретінде пайдаланылатын жабдықтардың, көлік құралдары мен материалдардың қозғалу рәсімдерін оңайлату қажет деп санай отырып,

      ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты халық денсаулығы мен қоршаған орта үшін теріс зардаптарды барынша азайтуға ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      АТЭНХА-ның Қауіпсіздік мәселелері бойынша глоссарийінде айқындалған (2007 жылғы басылым) терминдерден бөлек, осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары болады:

      көмек көрсету жөніндегі топ - ұсынушы Тараптың ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал жағдайында көмек көрсету үшін жіберілетін, оның ішінде өзінің құрамында арнайы техникамен, жабдықпен, жарақпен, құралдармен және материалдармен жарақталған мамандандырылған авариялық-құтқару құралымдары бар білікті мамандарының ұйымдасқан тобы;

      сұрау салушы Тарап - көмек көрсету жөніндегі топтарды жіберу немесе арнайы техниканы, жабдықтарды, жарақтарды, құралдар мен материалдарды беру туралы өтінішпен басқа Тарапқа жүгінетін Тарап;

      ұсынушы Тарап - сұрау салушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды жіберу немесе арнайы техниканы, жабдықтарды, жарақтарды, құралдар мен материалдарды беру туралы өтінішін сұрау салушы Тараптың уәкілетті (құзыретті) органымен келісу бойынша қанағаттандыратын Тарап;

      уәкілетті (құзыретті) орган - ядролық авариялар мен радиациялық авариялық ахуалдарға ден қоюды және олардың жойылуын жүзеге асыру жөнінде өкілеттіктер берілген және осы Келісімнің орындалуына жауапты болып табылатын, Тараптың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін министрлік, ведомство, мемлекеттік корпораңия немесе өзге де ұйым;

      "ядролық авария" термині 1986 жылғы 26 қыркүйектегі Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенцияның 1 - 3-баптарында айқындалған мағынаға ие болады.

2-бап

      Тараптар ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал жағдайларында олардың зардаптарын барынша азайту және халықтың денсаулығын, мүлікті және қоршаған ортаны радиоактивті шығарындылар мен иондаушы сәуленің әсерінен қорғау үшін кідіртпей көмек беруге жәдемдесу мақсатында осы Келісімнің және өз мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес өзара ынтымақтасады.

3-бап

      Мемлекетінің аумағында ядролық авария болған немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған Тарап өзінің уәкілетті (құзыретті) органы арқылы басқа Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдарына көмек беру туралы жазбаша өтінішпен жүгіне алады.

      Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары бірлесіп АТЭНХА ұсынымдарының негізінде құлағдар етудің біріздендірілген нысандарын әзірлейді, берілетін ақпараттың мазмұнын, байланыс және құлағдар ету пункттері жабдықтарының сәйкестендірілуін айқындайды, атом энергиясын пайдаланатын ядролық және радиациялық қауіпті объектілер мониторингінің мемлекетаралық жүйесін құруда ынтымақтасады.

      Тараптар осы Келісім күшіне енгеннен кейін 30 күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы депозитарийді өздерінің осы Келісімді іске асыруға жауапты уәкілетті (құзыретті) органдары туралы, сондай-ақ көрсетілген органдардың өзгеруі туралы хабардар етеді.

4-бап

      Көмек жазбаша өтініш негізінде беріледі, онда сұрау салушы Тарап ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал туралы және мүмкіндігінше, қажетті көмектің түрі мен көлемін көрсете отырып, оның қауіптілік дәрежесін бағалау туралы хабарлайды.

      Ұсынушы Тарап сұрау салушы Тараптың өтінішін кідіртпестен қарайды және өз кезегінде сұрау салушы Тарапқа көмек, оның ішінде қаржылық көмек көрсету мүмкіндігі, көлемі мен шарттары туралы, сондай-ақ көмек көрсету жөніндегі топтардың тағайындалған басшылары туралы хабарлайды және онымен тиісті келісулерді жүргізеді.

      Сұрау салушы және ұсынушы Тараптар өзара іс-қимылды уәкілетті (құзыретті) органдар арқылы жүзеге асырады.

      Сұрау салушы Тарап қажетті көмектің түрі мен көлемін айқындай алмайтын жағдайда және ұсынушы Тараптың көмек көрсетуге келісімі болған кезде, тиісті уәкілетті (құзыретті) органдар көмектің түрі мен көлемін нақтылау мақсатында консультациялар жүргізеді.

      Сұрау салушы немесе ұсынушы Тарап кез келген уақытта басқа Тарапқа көмекті тоқтату туралы жазбаша нысанда өтініш жолдай алады, содан кейін Тараптар кідіртпестен көмек беруді аяқтау тәртібі туралы консультациялар жүргізеді.

5-бап

      Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары көмек көрсету жөніндегі топтарды жіберу немесе арнайы техниканы, жабдықтарды, жарақтарды, құралдар мен материалдарды беру арқылы ядролық аварияның немесе радиациялық авариялық ахуалдың зардаптарын жоюға көмек көрсетеді.

      Сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағы шегінде көмек көрсету жөніндегі топтардың іс-қимылын басқаруды, бақылау мен үйлестіруді сұрау салушы Тараптың уәкілетті (құзыретті) органы жүзеге асырады.

      Көмек көрсету жөніндегі топтар ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал аймағында авариялық-құтқару жұмыстарын орындау үшін пайдаланылады.

      Сұрау салушы Тарап көмек көрсету жөніндегі топтарға ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал аймағында нақты жұмыс учаскелерінде қалыптасқан жағдай туралы хабарлайды және қажет болған кезде осы топтарды байланыс құралдарымен, орталықтандырып орналастырумен және тамақтандырумен қамтамасыз етеді, сондай-ақ өтеусіз негізде күзетті ұсынады және медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырады.

      Көмек көрсету жөніндегі топтарды қажетті құралдармен жарақтандыру, егер сұрау салушы және ұсынушы Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары қосымша түрде өзгеше келіспеген болса, ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал аймағында 72 сағат бойы дербес іс-қимыл жүргізуге жеткілікті болуға тиіс. Егер Тараптар қосымша түрде өзгеше келіспеген болса, запастар біткен соң сұрау салушы Тарап көрсетілген топтарды олардың одан арғы жұмысы үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

6-бап

      Сұрау салушы Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес ұсынушы Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының өз мемлекеті аумағына бірінші кезекте (басымдықпен) кіруін қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттік шекараны кесіп өту сұрау салушы Тарап мемлекетінің заңнамасына және осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Осы Келісімге қатысушы әрбір мемлекет сұрау салушы немесе ұсынушы Тараптың жазбаша өтініші негізінде, өзінің заңнамасына сәйкес көмек көрсету жөніндегі топтардың, арнайы техниканың, жабдықтардың, жарақтардың, құралдар мен материалдардың өз аумағы арқылы сұрау салушы Тараптың мемлекетіне және одан кедергісіз транзитіне жәрдемдесуге ұмтылады.

7-бап

      Көмек көрсету жөніндегі топты әуе көлігімен тасымалдаған жағдайда, ұсынушы Тараптың уәкілетті (құзыретті) органы сұрау салушы Тараптың уәкілетті (құзыретті) органына көмек көрсету үшін әуе кемелерін пайдалануды шешкенін хабарлап, әуе кемелерінің типі мен тану белгілерін, ұшу маршрутын, экипаж мүшелерінің санын, көмек көрсету жөніндегі топтың құрамын, жүктің сипатын және ұшу мен қонудың жоспарланған орнын көрсетеді.

      Сұрау салушы Тарап өз мемлекетінің аумағындағы қону орнын келіседі және өз мемлекетінің аумағындағы келісілген пунктке ұшып өтуге рұқсат береді. Көмек көрсету жөніндегі топтарды тіркеуге байланысты мәселелер Тараптардың уағдаластығы бойынша шешіледі.

      Ұшу Халықаралық азаматтық авиация ұйымы белгілеген нормаларға сәйкес және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      Сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына уақытша әкелінетін арнайы техника, жабдық, жарақ, құралдар мен материалдар көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан және оларды қатерсіздендіргеннен кейін Тараптар келіскен тәртіппен ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағына қайтарылуға (әкелінуге) жатады.

      Егер арнайы техниканы, жабдықты, жарақты, құралдар мен материалдарды, оның ішінде одан әрі пайдалануға жарамдыларын әкету орынсыз болса, онда олар сұрау салушы және ұсынушы Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Тараптар келіскен шарттарда сұрау салушы Тараптың уәкілетті (құзыретті) органына өтеусіз берілуі мүмкін.

      Ядролық аварияның немесе радиациялық авариялық ахуалдың зардаптарын жою кезінде пайда болған радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу үшін жауапкершілік сұрау салушы Тарапқа жүктеледі.

9-бап

      Ядролық аварияның немесе туындаған радиациялық авариялық ахуалдың зардаптарын жою үшін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өткізу пункттері арқылы көлік құралдарының, арнайы техниканың, жабдықтардың, жарақтардың, құралдар мен материалдардың өткізілуін бақылаудың бірыңғай әдістері мен тәсілдерін іске асыру мақсатында Тараптар өткізу пункттеріндегі техникалық бақылау құралдарын біріздендіруге және өз мемлекеттерінің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал жағдайына ден қою жөніндегі заңнамаларын үйлестіруге ықпал етеді.

10-бап

      Шұғыл жағдайларда зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету қажет болған кезде осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен тіркелген, оның ішінде құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілік препараттардың талап етілетін саны сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына әкелінуі мүмкін.

      Мұндай дәрілік препараттарды тек қана медицина қызметкерлері сұрау салушы Тарап өкілдерінің бақылауымен, көмек көрсету жөніндегі топ ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағына қайтқан кезде, кеден органдарына көрсету үшін жұмсалу актілерін ресімдей отырып пайдаланады.

      Пайдаланылмаған, құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілік препараттар осы препараттардың номенклатурасы мен санын растайтын құжаттар негізінде ұсынушы Тарап мемлекетінің аумағына кері әкетілуге тиіс.

11-бап

      1. Сұрау салушы Тарап осы Келісімге сәйкес ұсынушы Тарап жүзеге асыратын қызмет шеңберінде:

      егер Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары өзгеше келіспесе, ұсынушы Тарап сұрау салушы Тарапқа шығындарды үш айлық мерзімде өтеу туралы өтініш жіберген болса, сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағында көмек көрсетуге байланысты барлық шығыстарды ұсынушы Тарапқа өтейді;

      көмек көрсету қызметі шеңберінде көмек көрсету жөніндегі топтарға қамауға алудан, ұстап алудан және сот талқылауынан иммунитет береді, сондай-ақ сұрау салушы Тараптың заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес көрсетілген тауарлардың құнына немесе қызметтердің ақысына енгізілгендерді қоспағанда, әкелінетін және әкетілетін арнайы техникаға, жабдықтарға, жарақтарға, құралдарға, материалдар мен дәрілік препараттарға қатысты салықтардан, баждар мен алымдардан босатады;

      ұсынушы Тарапқа, оның уәкілетті (құзыретті) органына және көмек көрсету жөніндегі топтарға ешқандай кінәраттар және талаптар қоймайды;

      үшінші Тараптардың ұсынушы Тарапқа, оның уәкілетті (құзыретті) органына немесе көмек көрсету жөніндегі топқа қоятын талаптары мен кінәларына қатысты материалдық жауаптылықтан босатуды, құқықтық қорғауды және істерді жүргізуді қамтамасыз етеді;

      ұсынушы Тарапқа, оның уәкілетті (құзыретті) органына немесе көмек көрсету жөніндегі топқа: егер Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары өзгеше уағдаласпаса, ұсынушы Тарап сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес сұрау салушы Тараптың шығындарды өтеуі туралы өтініш жіберген кезде, көмек көрсету кезінде орын алған мамандардың қайтыс болу жағдайында өтемақы төленуін, оларға келтірілген зиянға толық көлемде өтемақы төленуін, сондай-ақ тұтынылмайтын мүлікке залал келтіру және (немесе) оны жоғалту жағдайында келтірілген зиянға толық көлемде өтемақы төленуін қамтамасыз етеді.

      2. Көмек көрсету жөніндегі топтарды сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағына жіберуді қаржыландыру ұсынушы Тараптың ұлттық бюджетінде көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.

      3. Көмек көрсету жөніндегі топтың мүшесі қасақана және құқыққа сыйымсыз әрекеттердің (әрекетсіздіктің) нәтижесінде келтірген зиян сұрау салушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.

12-бап

      Ақпараттық өзара іс-қимыл жасау кезінде Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары:

      ақпараттық өзара іс-қимылға әсер ететін бағдарламалық және техникалық шешімдер туралы өзара ұдайы хабарлауды;

      берілетін ақпараттың анықтығы мен толықтығын;

      бұрын берілген ақпаратқа түзетулер мен нақтылаулардың жедел енгізілуін;

      қандай да бір күтілмеген мән-жайлар туындаған жағдайда, ақпаратты (ресми сұрау салуларды) берудің немесе қабылдаудың мүмкін еместігі туралы өзара ескертудің уақтылы жасалуын;

      алынған ақпараттың тек қана осы Келісімнің мақсатында пайдаланылуын;

      осы Келісім шеңберінде берілетін және Тараптар "таратылуы шектелген қызметтік ақпарат" ретінде қарастыратын ақпараттың нақты айқындалуы мен белгіленуін;

      таратылуы шектелген қызметтік ақпараттың осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес алынған ақпараттың қорғалуын қамтамасыз ететін бағдарламалық және техникалық құралдарды пайдалана отырып берілуін;

      таратылуы мен берілуі шектелген ақпаратты өзара алмасу кезінде алынатын ақпаратқа қолжетімділігі бар адамдар тобының шектелуін қамтамасыз етеді.

      Осы Келісімді іске асыру барысында бір Тарап басқа Тараптан алған ақпаратты пайдалану ақпаратты алған Тарапқа Келісімнің қолданысы тоқтатылғаннан кейін осы Келісімнің ережелерімен реттеледі.

13-бап

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясы осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастыруға жәрдемдеседі.

      Ядролық және радиациялық қауіпсіздікті арттыру мақсатында Тараптар осы Келісімнің қолданылу аясына жататын оқиғалардың тәжірибесін ескере отырып, бұдан әрі ядролық аварияларды немесе радиациялық авариялық ахуалдарды болғызбауға бағытталған шараларды әзірлеу бойынша ведомствоаралық комиссиялар құра алады.

14-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

15-бап

      Тараптар арасында осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.

16-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

17-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін оған ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен қосылуы үшін ашық.

      Қосылушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

18-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалды. Тараптардың әрқайсысы депозитарийге осы Келісімнен шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп және осы Келісімнің қолданысы кезінде туындаған міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      2018 жылғы 2 қарашада Астана қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін

Армения Республикасының
Үкіметі үшін

Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін

Түрікменстанның Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін

Украинаның Үкіметі үшін

Молдова Республикасының
Үкіметі үшін


ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімге Қырғыз Республикасының
ЕСКЕРТПЕСІ

      "ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді көмек көрсету жөніндегі топтарға қамауға алудан, ұстап алудан және сот талқылауынан иммунитет беру бөлігінде іске асыру топтардың құрамындағы адамдар Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес қамауға алу, ұстап алу мен сот талқылауы көзделетін құқық бұзушылықтардың туындауына жол бермеуге мүмкіндігі болса да өздерінің әдейі әрекеттерімен осындай бұзушылықтарға жол берген жағдайларды қоспағанда жүзеге асырылады".

      Қырғыз Республикасының
      Премьер-министрі М.Д. Абылгазиев

      Осы арқылы қоса беріліп отырған мәтіннің 2018 жылғы 2 қарашада Астана қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшыларының кеңесі отырысында қол қойылған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімнің теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын. Жоғарыда аталған Келісімнің төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.

      ТМД Атқарушы комитеті
      Төрағасының – Атқарушы
      хатшысының бірінші орынбасары В.А. Гуминский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады