Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 18 қазандағы № 69-VII ҚРЗ.

      2020 жылғы 18 желтоқсанда жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісім мынадай ескертпемен ратификациялансын: "Қазақстан Республикасы ұлттық инженерлік бөлімшені Келісімнің 5-бабының 2-абзацында көзделген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет болып табылмайтын үшінші мемлекеттің аумағында Бірлескен бөлімшенің құрамында гуманитарлық минасыздандыру операциясына қатысу үшін жіберу туралы мәселені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес қарайтын болады.".

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Бейресми аударма

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің
бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер

      гуманитарлық минасыздандыру саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру қажеттілігін мойындай отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде қабылданған халықаралық шарттарды басшылыққа ала отырып,

      гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезінде Тараптар қарулы күштерінің ынтымақтастығын тереңдету ниетін білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі (бұдан әрі - Бірлескен бөлімше) - екі және одан да көп ұлттық инженерлік бөлімшеден тұратын және гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға арналған құрама жасақ;

      ұлттық инженерлік бөлімше - Бірлескен бөлімшенің құрамына бөлінген Тараптар қарулы күштерінің инженерлік бөлімшесі;

      мина қаупі - миналармен және жарылу қаупі бар заттармен (жарылмаған оқ-дәрілермен) (бұдан әрі - жарылу қаупі бар заттар) байланысты, яғни гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындау ауданындағы миналар және жарылу қаупі бар заттар санына, сипатына, орналасуына (орналасқан жеріне) және табылуына байланысты ықтимал әлеуетті нұқсанның болу белгілері бар қатер;

      сұрау салушы Тарап - гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындау үшін аумағында Бірлескен бөлімшені қолдану туралы сұрау салумен өтініш білдіретін Тарап;

      қабылдаушы Тарап - сұрау салуға сәйкес гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындау үшін аумағында Бірлескен бөлімше қолданылатын Тарап;

      жіберуші Тарап - гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындау үшін Бірлескен бөлімшенің құрамына ұлттық инженерлік бөлімшені жіберетін Тарап;

      транзиттік Тарап - қабылдаушы немесе жіберуші Тараптың аумағына жол жүру кезінде оның аумағы арқылы Бірлескен бөлімше және оның жылжымалы мүлкі өткізілетін Тарап;

      әскери қызметші - Тараптың қарулы күштерінде әскери қызмет өткеретін және ұлттық инженерлік бөлімшенің құрамында гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға қатысатын адам;

      әскери қызметшінің мәртебесі - осы Келісімде, Тараптардың әрқайсысының заңнамасында және Тараптар қатысушылары болып табылатын тиісті халықаралық шарттарда белгіленген әскери қызметші құқықтарының, бостандықтарының, міндеттері мен жауапкершілігінің, әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерінің жиынтығы;

      Бірлескен бөлімшенің жылжымалы мүлкі - Бірлескен бөлімшенің қызмет етуі үшін қажетті қару-жарақ пен әскери техника, әскери-техникалык мүлік, арнайы техника мен арнайы құралдар, көлік және басқа да материалдық-техникалық құралдар, сондай-ақ жіберуші немесе қабылдаушы Тараптың меншігі болып табылатын өзге де жүктер;

      жылжымайтын мүлік (жылжымайтын мүлік объектілері) - қабылдаушы/транзиттік Тараптың меншігі болып табылатын және оның келісімімен Бірлескен бөлімшенің уақытша пайдалануындағы жер учаскелері және оларда орналасқан әскери және азаматтық инфрақұрылым объектілері.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Бірлескен бөлімшені қалыптастыру, қолдану және қызметін аяқтау тәртібін, қабылдаушы/транзиттік Тараптың аумағындағы оның мәртебесін, сондай-ақ гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезеңінде Тараптар әскери қызметшілерінің мәртебесін айқындау болып табылады.

3-бап

      Тараптар Бірлескен бөлімшені құруға және оның қызметіне өзінің қатысу дәрежесін дербес айқындайды.

      Гуманитарлық минасыздандыру операцияларына қатысу үшін ұлттық инженерлік бөлімшені жіберу туралы шешімді жіберуші Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды.

      Әрбір Тарап осы Келісімді іске асыру жүктелетін уәкілетті органды айқындайды, бұл туралы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабардар етумен бір мезгілде депозитарийге хабарлайды.

      Уәкілетті орган өзгерген жағдайда тиісті Тарап бұл туралы депозитарийге 30 күн мерзімде хабарлайды.

      Тараптар қарулы күштерінің инженерлік әскерлері және Бірлескен бөлімшенің ұлттық инженерлік бөлімшелері гуманитарлық минасыздандыруды жүзеге асыру кезінде тікелей өзара іс-қимыл жасау субъектілері болып табылады.

4-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықты үйлестіру Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесіне жүктеледі, ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің Хатшылығы және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің жанындағы Инженерлік қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі үйлестіру комитеті (бұдан әрі - Үйлестіру комитеті) арқылы Бірлескен бөлімшеге басшылық жасауды жүзеге асырады.

5-бап

      Бірлескен бөлімшені құрудың мақсаты Тараптардың өтініштеріне сәйкес гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін үйлестіріп орындау болып табылады.

      Бірлескен бөлімше халықаралық ұйымдар мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдары арқылы осы көмекті сұраған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер болып табылмайтын мемлекеттер (үшінші мемлекеттер) аумақтарында гуманитарлық минасыздандыру жөніндегі халықаралық бағдарламаларды, жобалар мен операцияларды іске асыру барысында гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға тартылуы мүмкін.

      Үшінші мемлекет аумағында Бірлескен бөлімшенің күштерімен және құралдарымен гуманитарлық минасыздандыру операцияларын жүзеге асыру туралы шешімді үшінші мемлекеттің өтініші негізінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттері басшыларының кеңесі қабылдайды.

      Үшінші мемлекеттер аумақтарында Бірлескен бөлімшенің гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауы жекелеген халықаралық шарттармен регламенттеледі.

6-бап

      Гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін шешу кезінде Бірлескен бөлімшенің кызметін ұйымдастыру:

      бірыңғай ниет және өзара іс-қимылдың келісілген жоспары бойынша күштер мен құралдарды қолдану;

      ұлттық инженерлік бөлімшелердің іс-қимылдарын орталықтандырылған басқару;

      гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға және тиісті мамандарды даярлауға ұлттық инженерлік бөлімшелердің әзірлігіне қойылатын негізгі талаптардың тұтастығы;

      ұлттық инженерлік бөлімшелердің меншікті техникалық қамтамасыз етуді (жарақтандыруды) пайдалануы;

      өз қызметінде Халықаралық минаға қарсы қызмет стандарттарының (IMAS) ұсынымдарын ескере отырып, барлық Тараптардың ұлттық стандарттары негізінде әзірленген операциялық рәсімдердің бірыңғай стандарттарын пайдалану қағидаттарына негізделеді.

7-бап

      Бірлескен бөлімшенің негізгі міндеттері:

      мина алаңдарын техникалық барлау;

      объектілерді миналардың және жарылу қаупі бар заттардың болуы тұрғысынан техникалық барлау;

      бұрын жауынгерлік іс-қимылдар жүргізілген аудандарды миналардың және жарылу қаупі бар заттардың болуына техникалық барлау;

      мина алаңдары мен объектілерді минасыздандыру;

      бұрын жауынгерлік іс-қимылдар жүргізілген аудандарды миналардан және жарылу қаупі бар заттардан тазарту;

      акваторияларды миналардан және жарылу қаупі бар заттардан тазарту;

      табылған миналарды және жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру болып табылады.

      Бірлескен бөлімше міндеттерді осы Келісімге сәйкес қару мен оқ-дәрілерді қолданбай орындайды және гуманитарлық минасыздандыру шеңберіндегі іс-шараларға қатысатын басқа да бөлімшелермен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

      Егер өзгеше келісілмесе, жарылғыш заттар мен жару құралдарын қабылдаушы Тараптың ұлттық инженерлік бөлімшелері ғана пайдаланады.

      Егер өзгеше келісілмесе, қабылдаушы Тарап міндеттерді орындау аудандарының топографиялық карталарын ұсынады.

8-бап

      Халықаралық ұйымдар мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының органдары арқылы көмек сұрайтын Тараптардың бірінің не үшінші мемлекеттің өтінішіне сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттері басшыларының кеңесі Бірлескен бөлімшенің күштерімен және құралдарымен гуманитарлық минасыздандыру операцияларын жүзеге асыру және оны жүргізу мерзімі туралы шешім қабылдайды.

      Сұрау салушы Тараптың сұрау салуында Бірлескен бөлімшені қолдану туралы шешім қабылдау үшін мынадай деректер болуға тиіс:

      а) сұрау салушы Тараптың уәкілетті органының атауы;

      б) миналармен және жарылу қаупі бар заттармен ластанған орындардың (аумақтардың, акваториялардың) координаттарын көрсете отырып, мина қаупі бар аумақтардың (акваториялардың) сипаттамасы;

      в) мина қаупі бар аумаққа іргелес жердің толық сипаттамасы;

      г) Бірлескен бөлімшені қолдану қажеттілігінің негіздемесі;

      д) Бірлескен бөлімше орындауы қажет минасыздандыру жөніндегі болжамды міндеттердің тізбесі мен көлемдері, сондай-ақ оларды болжамды орындау мерзімдері;

      е) мамандарға, техникалық және өзге де құралдарға қажеттілік туралы ақпарат;

      ж) Бірлескен бөлімшенің жиын орны;

      з) жиын орнына жол жүрудің ұсынылған маршруттары;

      и) мемлекеттік шекараны кесіп өту орындары;

      к) ұлттық инженерлік бөлімшелерді күтіп aлy орны мен уақыты;

      л) байланыс телефондары мен басқа да байланыс арналары, сондай-ақ сұрау салуды орындау үшін қажет болуы мүмкін өзге де мәліметтер.

9-бап

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі Тараптардың ұсыныстары негізінде қажеттілігіне қарай нақтыланатын Бірлескен бөлімшенің күштері мен құралдарының құрамын айқындайды.

      Үйлестіру комитеті Бірлескен бөлімшенің қызметіне, оның құрылымын жетілдіруге, кадрлар даярлауға байланысты мәселелерді қарайды және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесіне ұсыныстар дайындайды.

10-бап

      Бірлескен бөлімше қолбасшылықтан, штабтан және ұлттық инженерлік бөлімшелерден тұрады.

      Бірлескен бөлімшенің командирі Үйлестіру комитетінің ұсынуы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің шешімімен тағайындалады.

      Бірлескен бөлімше командирінің орынбасарлары Тараптардың әрқайсысының заңнамасына сәйкес лауазымдарға тағайындалған ұлттық инженерлік бөлімшелердің командирлері болып табылады.

      Бірлескен бөлімшенің командирі осы Келісімге, аумағында гуманитарлық минасыздандыру міндеттері орындалатын Тараптың заңнамасына және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде қабылданған құжаттарға сәйкес Бірлескен бөлімшені тікелей дайындауды және қолдануды ұйымдастырады.

      Ұлттық инженерлік бөлімшенің командиріне бағынысты бөлімшеге басшылық жасау жүктеледі. Ол ұлттық инженерлік бөлімшенің гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға әзірлігі үшін жауап береді және бірлескен іс-шараларды жүргізу барысында гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін тікелей дайындау және орындау кезеңінде Бірлескен бөлімшенің командиріне бағынады.

      Бірлескен бөлімшенің командирі гуманитарлық минасыздандыру міндеттерінің орындалуы туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесіне белгіленген тәртіппен (осы орган айқындайды) баяндайды, ол содан кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттері басшыларының кеңесіне хабарлайды.

11-бап

      Штаб Бірлескен бөлімшенің негізгі басқару органы болып табылады және ұлттық инженерлік бөлімшелердің арнайы және күнделікті қызметіне басшылық жасауға (қызметін үйлестіруге) арналған.

      Бөлімшенің штаб бастығы болып қабылдаушы Тараптың өкілі тағайындалады.

12-бап

      Күнделікті қызметте (гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға әзірлік режимінде) ұлттық инженерлік бөлімшелер тұрақты орналасу пункттерінде болады және гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындау және бірлескен іс-шараларды жүргізу үшін бірге біріктіріледі.

      Гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға әзірлікті арттыру мақсатында ұлттық инженерлік бөлімшелердің өзара іс-қимылын ұйымдастыру бойынша бірлескен іс-шаралар жүргізіледі.

      Ұлттық инженерлік бөлімшені даярлау Бірлескен бөлімше үшін әзірленген және Үйлестіру комитетінің ұсынуы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі бекіткен мамандарды даярлау бағдарламасына сәйкес келуге тиіс.

13-бап

      Бірлескен бөлімшені қолдану жоспарын қабылдаушы Тарап дайындайды.

      Бірлескен бөлімше құрамында ұлттық инженерлік бөлімшелерді өрістетуді қамтамасыз ету үшін гуманитарлық минасыздандыру жөніндегі операцияға қатысатын Тараптардың әрқайсысы саны кемінде 3 адам болатын алдыңғы топты жібереді.

      Қабылдаушы Тарап гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындау кезінде Бірлескен бөлімше штабының ұлттық инженерлік бөлімшелермен байланысын қамтамасыз етеді.

14-бап

      Тараптар Бірлескен бөлімшенің құрамына кіретін ұлттық инженерлік бөлімшелер үшін Тараптардың мемлекеттік шекараларын кесіп өтудің оңайлатылған рәсімдерін қолданады.

      Ұлттық инженерлік бөлімшелер мемлекеттік шекараны қабылдаушы/транзиттік Тараппен келісілген өткізу пункттерінде жіберуші Тараптың уәкілетті органдары куәландырған жылжымалы мүлік тізбелерін көрсеткен кезде қабылдаушы/транзиттік Тараптың аумағына келу мақсаттарын және онда болу мерзімдерін көрсете отырып кесіп өтеді.

      Жіберуші Тарап қабылдаушы/транзиттік Тараптың мемлекеттік шекарасын кесіп өткенге дейін кемінде 45 тәулік бұрын қабылдаушы/транзиттік Тараптың уәкілетті органдарына қабылдаушы/транзиттік Тараптың құзыретті органдарымен алдын ала келісу үшін жеке құрамның атаулы тізімдерін және жылжымалы мүліктің тізбелерін береді.

      Егер Тараптардың халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, ұлттық инженерлік бөлімшелердің әскери қызметшілері мемлекеттік шекараны қабылдаушы/ транзиттік Тараппен келісілген өткізу пункттерінде жеке құрамның атаулы тізімі бойынша және жіберуші Тараптың ұлттық заңнамасында белгіленген олардың жеке басын және әскери және басқа да құралымдарға тиесілілігін куәландыратын құжаттарды көрсеткен кезде кесіп өтеді.

      Ұлттық инженерлік бөлімшелер әскери қызметшілерінің жеке пайдалануға арналған заттарды, сондай-ақ валюталық қаражатты қабылдаушы/транзиттік Тараптың мемлекеттік шекарасы арқылы әкелуі (әкетуі) қабылдаушы/транзиттік Тарап қолданатын заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      Қабылдаушы/транзиттік Тараптың кеден органдары қабылдаушы/транзиттік Тараптың кедендік шекаралары арқылы әкелінетін (әкетілетін) ұлттық инженерлік бөлімшелердің жылжымалы мүлкіне қатысты кедендік ресімдеуді (кедендік операцияларды жасайды) және кедендік бақылауды бірінші кезектегі тәртіппен жүзеге асырады. Тараптардың әрқайсысының заңнамасына сәйкес берілген әскери рұқсаттаманы не оны алмастыратын өзге де ресми құжатты ұсынған кезде осы мүлікке қатысты қабылдаушы Тараптың заңнамасына және олар қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес кедендік баждарды, салықтар мен алымдарды төлеуден босату беріледі.

      Тараптардың әрқайсысының кеден органдары олардың заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда ұлттық инженерлік бөлімшелердің әскери қызметшілерінің жеке басын жете тексеруді және багажын жете тексеруді жүргізе алады және жылжымалы мүлік тізбесіне енгізілген заттарды (мүлікті) қоспағанда, әкелуге және әкетуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған заттарды алып қоя алады.

15-бап

      Тараптар алдын ала келісілген маршрут бойынша өз аумақтары арқылы Бірлескен бөлімшенің және оның жылжымалы мүлкінің белгіленген орнына кедергісіз жүріп-тұруын, сондай-ақ Тараптардың әрқайсысының заңнамасының талаптарына сәйкес алдын ала өтінімдер негізінде теміржол, автомобиль, теңіз, өзен және әуе көлігі мен көлік коммуникацияларын бірінші кезекте беруді қамтамасыз етеді.

      Авиацияның ұшуы Тараптардың мүдделі министрліктерімен және ведомстволарымен, сондай-ақ әуе қозғалысын басқару органдарымен және әуеден бақылау органдарымен келісілген маршруттар бойынша, сондай-ақ аймақтарда (аудандарда) орындалады. Әскери және азаматтық әуеайлақтарда әуе кемелерін қабылдауды, әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз етуді және күзетуді Тараптардың әуеайлақтық қызметтері жүзеге асырады.

      Тараптар құралымдарының корабльдері мен кемелерінің қабылдаушы Тараптың суларында жүзуі және порттарында болуы алға қойылған міндеттерді орындау қажеттілігін ескере отырып, қабылдаушы Тарап белгілеген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

      Бірлескен бөлімшенің осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтары арқылы транзитіне қабылдаушы Тарап, не жіберуші Тарап жасаған тиісті шарттарда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

16-бап

      Қабылдаушы Тарап өз аумағы шегінде Бірлескен бөлімшенің жеке құрамы мен мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

17-бап

      Тараптар Бірлескен бөлімшенің қабылдаушы/транзиттік Тараптың аумағында уақытша болуына байланысты юрисдикция мәселелерінде мынадай қағидаттарды басшылыққа алатын болады:

      қабылдаушы/транзиттік Тараптың юрисдикциясы жіберуші Тараптың әскери қызметшілері қызметтік міндеттерін орындау кезінде жасаған әрекеттерге (әрекетсіздіктерге) қолданылмайды;

      әскери қызметшілердің қабылдаушы/транзиттік Тараптың юрисдикциясынан иммунитеті оларды жіберуші Тараптың юрисдикциясынан босатпайды.

18-бап

      Әрбір Тарап оның Бірлескен бөлімше құрамында орын ауыстыруын және қолданылуын қоса алғанда, өзінің ұлттық инженерлік бөлімшесін даярлау және материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін жауап береді.

      Тараптар міндеттерді орындау ауданына жеткізілетін техника мен жабдықтың техникалық ақаусыздығына кепілдік береді. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету осы Келісімге және Тараптардың әрқайсысының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Жіберуші Тарап өз есебінен өзінің ұлттық инженерлік бөлімшесін тамақ, су және отын қорларымен - тіршілік әрекетінің 3 тәулігіне жеткілікті мөлшерде, ал киім-кешек қызметінің материалдық құралдарымен бірлескен іс-шараларды өткізудің бүкіл кезеңіне қамтамасыз етеді. Қабылдаушы Тараптың аумағында жіберуші Тараптың ұлттық инженерлік бөлімшесін заттай қамтамасыз ету қиын болған жағдайда, ол қабылдаушы Тараптың материалдық ресурстары есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте материалдық құралдардың орнын толтыру және олар үшін кейінгі өзара есеп айырысулар жіберуші және қабылдаушы Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы уағдаластықтар негізінде жүргізіледі.

      Жіберуші Тараптың ұлттық инженерлік бөлімшесінің жеке құрамын материалдық құралдармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етуді қабылдаушы Тарап қабылдаушы Тараптың ұлттық инженерлік бөлімшесінің жеке құрамымен тең шарттарда жүзеге асырады.

      Бірлескен бөлімшенің жеке құрамын орналастыруға, оны тамақтандыруға және монша-кір жуу қызметін көрсетуге арналған шығыстарды қабылдаушы Тарап көтереді.

      Қабылдаушы Тарап өз аумағында жіберуші Тараптың ұлттық инженерлік бөлімшесін өзінің ұлттық қарулы күштері азық-түлік үлесінің нормалары бойынша тамақпен, сондай-ақ 4-тәуліктен бастап өрістетудің барлық мерзіміне отынмен және сумен қамтамасыз етеді және өзінің мемлекеттік шекарасын кесіп өткеннен кейін қамтамасыз етуді тоқтатады.

      Жіберуші Тарап міндеттерді орындау аудандарында өзінің ұлттық инженерлік бөлімшесін өрістету (қызметін аяқтау) үшін жауап береді.

      Қабылдаушы Тарап өз есебінен ұлттық инженерлік бөлімшелердің техникасы мен мүлкін тиеу-түсіру жұмыстарын орналастыруды қамтамасыз етеді.

      Жіберуші тарап Бірлескен бөлімшенің құрамына кіретін өзінің ұлттық инженерлік бөлімшесін Бірлескен бөлімшенің құрамында осы ұлттық инженерлік бөлімшені өрістету мерзіміне өзінің техникасы мен мүлкіне қызмет көрсету үшін қажетті қосалқы бөлшектермен, жағармай материалдарымен және арнайы сұйықтықтармен қамтамасыз ету үшін жауап береді.

      Қажет болған кезде қабылдаушы Тарап бірлесіп пайдаланылатын және оның аумағында сақталатын техникаға қосалқы бөлшектерді, жағармай материалдарын және арнайы сұйықтықтарды, сондай-ақ жіберуші Тараптың ұлттық инженерлік бөлімшесіне жөндеу және техникалық қызмет көрсету пункттерін береді. Осы талаптарды қанағаттандыру мақсатында Тараптар жіберілуге және өрістетілуге тиіс өз техникасы мен мүлкінің тізімдерімен алмасады.

      Тараптардың әрқайсысы өзінің ақаулы техникасы мен мүлкін жөндеу және ауыстыру үшін жауап береді.

19-бап

      Тараптар гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезеңінде әскери қызметшілердің мәртебесін сақтауды қамтамасыз етеді.

20-бап

      Әскери қызметшілер қызметтік міндеттерін орындау кезінде осы Келісімге және жіберуші Тараптың заңнамасына сәйкес олар үшін командирлер (бастықтар) болып табылатын адамдарға ғана бағынады.

      Гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу барысында әскери қызметшілердің қызметтік істеріне араласуға ешкім құқылы емес.

21-бап

      Гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезеңінде әскери қызметшілерге:

      а) әскери қызметшінің гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға қатысуға тартылған күнге дейін құқылы болған ақшалай қамтылымның айлықақылары, ай сайынғы және басқа да төлемдері, жәрдемақылары мен өтемақылары сақталады;

      б) гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін тікелей орындау кезеңі үшін жіберуші Тараптың заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен ақшалай төлемдер (сыйақылар) жүргізіледі;

      в) демалыс өткізілетін жерге бару және кері қайту уақытын есепке алмағанда, ұзақтығы 2 апта болатын ақы төленетін қосымша демалыс беріледі.

      Гуманитарлық минасыздандыру жөніндегі іс-шараларға қатысатын әскери қызметшілер үшін жіберуші Тараптың ұлттық заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепілдіктер мен өтемақылар сақталады.

      Бұл ретте жіберуші Тарап мынадай қосымша әлеуметтік кепілдіктерді белгілейді:

      а) гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезінде әскери қызметшінің қызмет уақытын - бір күн қызметті 3 күнге еңбек сіңірген жылдарына есепке жатқызу;

      б) еңбекке уақытша қабілетсіздікке алып келген, мүгедектікке әкеп соқпаған гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін тікелей орындауға байланысты қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған), ауруға шалдыққан әскери қызметшіге біржолғы өтемақыны - ақшалай қамтылымның 5 айлықақысын, ал мүгедектікке әкеп соққандары үшін ақшалай қамтылымның 10 айлықақысын төлеу.

      Әскери қызметші гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның отбасы мүшелерінің жіберуші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес біржолғы өтемақы алуға құқығы бар.

      Осы Келісімде көзделген әлеуметтік және құқықтық кепілдіктер бөлімшені немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кеткен; қылмыстық жазаланатын әрекет жасаған, өзіне-өзі қол жұмсаған (соттың заңды күшіне енген үкімі болған кезде өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізу жағдайларын қоспағанда); өзіне-өзі қасақана қандай да бір дене жарақатын келтірген (дене мүшесіне зақым келтіру); медициналық көрсетілімдер болмаған кезде гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындау кезеңінде алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйде болу жағдайын туғызатын заттарды тұтынған не қолданған (медициналық куәландырудың тиісті қорытындысы болған кезде), сондай-ақ кәсіби талаптарға сәйкес келмеу себебінен кері қайтарылған адамдарға қолданылмайды.

22-бап

      Гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындау кезінде әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығы жіберуші Тараптың қаражаты есебінен міндетті сақтандырылуға тиіс.

23-бап

      Әскери қызметшілер үшін осы Келісімде көзделген әлеуметтік және құқықтық кепілдіктер қолданысының басталуы және тоқтатылуы Тараптардың уағдаластықтарына сәйкес айқындалады.

24-бап

      Тараптардың әрқайсысы әскери қызметшілерге жазатайым оқиғалар, жарақаттар, уланулар және олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да жағдайлар мен аурулар кезінде медициналық көмек көрсетілгенге дейін алғашқы көмек беруді қамтамасыз етеді.

      Жедел медициналық араласуды талап ететін және пациенттің өміріне қауіп төндіретін (шұғыл нысанда) не пациенттің өміріне төнген қауіптің анық белгілері болмағанда (кезек күттірмейтін нысанда) кенеттен болған қатты аурулар, жай-күйлер, жазатайым оқиғалар, жарақаттар, уланулар, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде қабылдаушы Тараптың мемлекеттік және муниципалдық денсаулық сақтау жүйелерінің медициналық ұйымдары (денсаулық сақтау мекемелері) Бірлескен бөлімшенің жеке кұрамына медициналық көмекті өмірге төнетін қауіп жойылған және медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымның дәрігерлік комиссиясы (консилиум) жіберуші Тараптың аумағына эвакуациялау мүмкін деп белгілеген кезге дейін кедергісіз, тегін және толық көлемде жедел көрсетеді.

      Медициналық көмекті одан әрі көрсету жіберуші Тарап есебінен жүзеге асырылады.

      Қабылдаушы Тарап Бірлескен бөлімшенің науқас және жараланған адамдарын жіберуші Тараптың мемлекеттік шекарасына немесе Тараптар келіскен пунктке эвакуациялауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.

      Жоспарлы нысандағы медициналық көмек қабылдаушы/транзиттік Тараптың аумағында Бірлескен бөлімшенің жеке құрамына жіберуші Тарап есебінен ақылы негізде көрсетіледі.

25-бап

      Жіберуші Тараптың әскери қызметшісі (өкілі) қабылдаушы/транзиттік Тараптың аумағында қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда соңғысы бұл туралы жіберуші Тарапқа хабарлауға міндетті. Жіберуші Тараптың әскери қызметшісінің (өкілінің) қайтыс болған кезін айқындау қабылдаушы/транзиттік Тараптың ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Қабылдаушы/транзиттік Тарап Бірлескен бөлімшенің қаза тапқан әскери қызметшілерінің мәйіттерін жіберуші Тараптың мемлекеттік шекарасына жеткізуді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.

26-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық кезінде Тараптар арасында ақпарат алмасу және оны қорғау Тараптардың әрқайсысының заңнамасына сәйкес қамтамасыз етіледі.

      Мемлекетаралық құпиялармен жұмыс істеу тәртібі және оларды қорғау 2013 жылғы 25 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісімге және құпия ақпаратты (мемлекеттік құпияларды) өзара қорғау (сақтау) туралы екіжақты шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Тараптардың бірі осы Келісімді іске асыру барысында алған ақпаратты тиісті Тараптың жазбаша келісімінсіз және басқа Тараптардың мүдделеріне нұқсан келтіретіндей пайдалана алмайды.

27-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

      Осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды қаржыландыру Тараптардың әрқайсысының бюджеттерінде қорғаныс министрліктеріне (қорғаныс ведомстволарына) көзделетін қаражат, сондай-ақ Тараптардың әрқайсысының заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа да көздер шегінде жүзеге асырылады.

28-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.

29-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

30-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

31-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін кемінде 6 ай бұрын депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп және Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.

32-бап

      Осы Келісім күшіне енгенінен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      2020 жылғы 18 желтоқсанда орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

Әзербайжан Республикасы үшін
-----------------------
Ресей Федерациясы үшін
В.Путин
Армения Республикасы үшін
Н.Пашинян
Тәжікстан Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін
А.Лукашенко
Түрікменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін
Қ.-Ж.Тоқаев
Өзбекстан Республикасы үшін
---------------------
Қырғыз Республикасы үшін
Т.Мамытов
Украина үшін
Молдова Республикасы үшін

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімге ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕСКЕРТПЕСІ

      Қазақстан Республикасы ұлттық инженерлік бөлімшені Келісімнің 5-бабының 2-абзацында көзделген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет болып табылмайтын үшінші мемлекеттің аумағында Бірлескен бөлімшенің құрамында гуманитарлық минасыздандыру операциясына қатысу үшін жіберу туралы мәселені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес қарайтын болады.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев


      Осы арқылы қоса беріліп отырған мәтін бейнеконференц байланысты пайдалана отырып, 2020 жылғы 18 желтоқсанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысқан TМД-ға қатысушы мемлекеттер делегациялары басшыларының қол қою нәтижелері бойынша ресімделген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына катысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімнің теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын. Қолдардың төлнұсқаларымен жоғарыда аталған Келісімнің даналары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.

      Атқарушы комитет Төрағасының -
ТМД Атқарушы хатшысының
бірінші орынбасары
В.А. Гуминский

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтінге сәйкес аударылғанын растаймын.

      ҚР ҚМ Халықаралық ынтымақтастық
департаментінің бастығы полковник
О. Хұсайынов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады