Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі, қорғаныс және ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 15 қарашадағы № 72-VII ҚРЗ.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі, қорғаныс және ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы бойынша БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      2021 жылғы 15 қарашада Мемлекет басшысымен "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі, қорғаныс және ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға (бұдан әрі – Заң) қол қыйылды.

      Заң, жекелеген ережелерді қоспағанда, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Заңмен "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңына мынадай түзетулер қарастырылған:

      БІР КӨЗДЕН САТЫП АЛУДЫ ҚЫСҚАРТУ

      Біріншісі, шартты тікелей жасасудың 52 негізінен бір көзден сатып алудың 4 негізі алып тасталынады:

      8) мемлекеттік материалдық резервтің жаңарту тәртібімен шығарылатын материалдық құндылықтарын сатып алу;

      19) жеке тұлғалар үшін мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына байланысты көрсетілетін қызметтердi сатып алу (егер жеке тұлға білім беру ұйымын өзі таңдаса);

      37) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тұлғадан мүлікті сенімгерлік басқару бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      42) 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, сондай-ақ 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен қызметтерді сатып алу.

      Екіншісі, тапсырыс берушінің сатып алудың бәсекелестік тәсілдерін басым түрде жүзеге асыруы туралы норма көзделеді. Осы тетікті пайдалану мүмкін болмаған жағдайда ғана (интернетке қол жетімділік жоқ, жеткізу мүмкін емес және т. б.) бір көзден сатып алу жүзеге асырылатын болады.

      Бұл ретте, бір көзден сатып алу бойынша тапсырыс берушінің бірінші басшысының жеке жауапкершілігін көздейтін норма қарастырылған.

      Бұл бір көзден сатып алуды қысқартуға мүмкіндік береді.

      САТЫП АЛУДЫ ЖЕТІЛДІРУ

      Біріншісі, рәсімдерді оңайлату мақсатында негіздемелік келісімдерді пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі.

      Бұл тәсілді орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шеңберінде бірыңғай ұйымдастырушылар қолданатын болады.

      Анықтама: бірінші кезеңде негіздемелік келісім жасасатын, белгіленген талаптарға сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілер іріктелетін болады. Екінші кезеңде тапсырыс берушілер мұндай өнім берушілерге тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға өтінімдер жіберетін болады. Шарт ең жақсы ұсынысты ұсынған жеткізушілермен жасалады.

      Екіншісі, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өмірлік циклінің құнын есептеуді пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі.

      Сапалы және инновациялық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды ынталандыру мақсатында өнім берушілерді сатып алу бағасының негізінде емес, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бүкіл қызмет ету мерзімінің құны негізінде таңдау ұсынылады (бұл норма 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).

      Үшіншісі, дауларды сотқа дейін реттеу шеңберінде тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган ретінде "келісу комиссиясын" енгізу көзделеді. Келісу комиссиясы шарт жасасудан жалтарып, сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілердің өтініштерін қарау үшін тапсырыс берушілердің базасында құрылатын болады.

      Төртіншісі, аукционға қатысушылар арасындағы сөз байласуды болдырмау мақсатында аукционды өткізу дәйектілігі қайта қаралды.

      Енді, бірінші кезеңде аукцион аты-жөндері жасырылып қатысушылар арасында өткізілетін болады. Бұл олардың арасындағы қастандық фактілерін жояды.

      Екінші кезеңде бағасы ең төмен болып табылатын аукционға қатысушының өтінімі қаралатын болады. Оның өтінімі сатып алу талаптарына сәйкес келген жағдайда аукционға қатысушылардың басқа өтінімдерін ашпай-ақ, аукцион қорытындыларын бірден қалыптастырылады.

      СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН ТӨМЕНДЕТУ

      Біріншісі, конкурстық рәсімдерде рейтингтік-баллдық жүйе түрінде жаңа тәсіл енгізіледі.

      Бұл қағидат мемлекеттік сатып алу процесіне адамның қатысуын болдырмау мақсатында енгізіледі.

      Мемлекеттік сатып алудың электрондық жүйесін кеңінен интеграциялау арқылы, веб-портал әлеуетті өнім берушілерге автоматты түрде тиісті рейтинг меншіктейтін болады.

      Бұл баға мен сапа критерийлерін біріктіре отырып, өнім берушіні автоматты таңдауға көшуге мүмкіндік береді.

      Екіншісі, 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, сондай-ақ 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мүмкіндігі алып тасталғандықтан, Электрондық дүкен түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі.

      Бұл тәсіл өнім берушіні таңдаудың объективті және ашық критерийлерін қолданады және онлайн режимінде сатып алуға мүмкіндік береді.

      Анықтама: Электрондық дүкенді енгізу мыналарға:

      - коммерциялық ұсыныстарды ұсыну қажеттілігін алып тастауға, өйткені бағалар электронды дүкенде кез-келген уақытта қалыптасады;

      - өнім берушіні таңдау процесін едәуір жылдамдатуға:

      - бір көздің көлемін азайтуды, сондай-ақ маңыздылығы төмен тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер үшін айқын, жоғары бәсекелі нарық құру есебінен бюджет қаражатының үнемделуін арттыруға;

      - жеткізу жылдамдығын арттыруға (оның ішінде тауарды қайтару пайызын төмендету) мүмкіндік береді.

      Сонымен қатар, заңмен:

      - "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодекске, кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісім жасасу бөлігінде;

      - "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Заңға одан әрі сақталуы нақты қауіп төндіретін және дереу жоюды қажет ететін оқ-дәрілер айналымының ерекшеліктеріне қатысты нормалар;

      - "Ғылым туралы" Заңға ғылымды қаржыландырудың жаңа түрін енгізу бөлігінде - іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру; Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдерін апелляциялаудың жаңа институтын енгізу бөлігінде – апелляциялық комиссия; жетекші ғалым санатын заңнамалық бекіту, сондай – ақ оның еңбегіне ақы төлеуді регламенттеу және т. б. түзетулер қарастырылған.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз