"Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 2021 жылғы 20 желтоқсандағы № 82-VII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 14-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) тәртіптік іс жүргізу шеңберінде судьяның әрекеттерін тексеру үшін оған қатысты материалдарды Сот жюриіне беру туралы мәселені Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде облыстық соттың жалпы отырысының талқылауына шығаруды қамтамасыз етеді;";

      2) 22-баптың 2-1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1. Жоғарғы Соттың судьялары, сондай-ақ облыстық соттардың кеңейтілген жалпы отырыстары жіберетін жергілікті соттардың судьялары қатысатын Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысы:

      1) сот жүйесінің бюджетін шығыстардың деңгейлері мен бағыттары бойынша бөлуді бекітеді;

      2) Жоғары Сот Кеңесінің, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің және Кадр резерві жөніндегі комиссияның құрамдарына, сондай-ақ Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамына кандидаттарды ұсынады.";

      3) 29-бапта:

      7-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) егер Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия оған қатысты басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы шешім шығарған күннен бастап екі жылдан аз уақыт өтсе, судьяның;";

      мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:

      "9-1. Жоғары Сот Кеңесінің құрамына тағайындалған судьяларға Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі болып жұмыс істеген уақыты судьялық жұмыс өтіліне қосылады және отставкаға шыққан кезде ескеріледі.";

      10-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы лауазымына тағайындалуына байланысты өз өкілеттігін тоқтатқан судьяға Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы болып жұмыс істеген уақыты судьялық жұмыс өтіліне қосылады және отставкаға шыққан кезде ескеріледі.";

      4) 30-бапта:

      2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Жоғарғы Соттың ұсынысы бойынша тізбесін Жоғары Сот Кеңесі бекітетін, құқықтың жекелеген салаларында мамандар болып табылатын, облыстық сот судьясының бос лауазымына орналасуға үміткер адамдар үшін жеке конкурс өткізілуі мүмкін. Мұндай жеке конкурстық іріктеудің тәртібін Жоғары Сот Кеңесі айқындайды.";

      4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Шалғай жерде орналасқан соттарда немесе штат саны үш бірліктен аспайтын соттарда кемінде бес жыл жұмыс істеген судьялар аудандық соттарда тең дәрежелі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу кезінде өзге жағдайлары тең болса, басымдыққа ие болады.";

      5) 30-1-бапта:

      1-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Судьяның кәсіби қызметін бағалау бірінші рет судья лауазымындағы бір жылдық жұмысының нәтижелері бойынша жүргізіледі. Одан кейін судьяның кәсіби қызметін бағалау әр бес жыл сайын жүргізіледі.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Судьяның кәсіби қызметін бағалауды Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жүзеге асырады.

      Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жеті мүшеден – облыстық соттардың үш судьясынан, Жоғарғы Соттың үш судьясынан және отставкадағы бір судьядан тұрады.

      Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияны қалыптастыру және оның жұмысын ұйымдастыру тәртібі Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Ережеде айқындалады.

      Судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүргізу әдістемесін Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия әзірлейді және Жоғары Сот Кеңесімен алдын ала келісілгеннен кейін Жоғарғы Соттың жалпы отырысы бекітеді.";

      6) 33-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) судья Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі болып тағайындалса;";

      мынадай мазмұндағы 2-3-тармақпен толықтырылсын:

      "2-3. Судья Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі болып тағайындалған кезде оның судья атағы мен судьялар қоғамдастығына жататыны сақтала отырып, өкілеттігі тоқтатыла тұрады.";

      7) 42-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізу теріс қылық анықталған күннен бастап – бір жылдан кешіктірілмей және теріс қылық жасалған күннен бастап екі жылдан кешіктірілмей басталуы мүмкін.

      Судьяның тәртіптік теріс қылық анықталған күннен кейін дәлелді себеппен жұмыста болмаған уақыты осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерге қосылмайды.";

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Жоғары тұрған сот сатысының заңдылықты бұзу фактісін анықтаған сот актісінің заңды күшіне енген күні судьяның сот ісін қарау кезінде заңдылықты бұзуына байланысты тәртіптік теріс қылықтың анықталған күні болып есептеледі, ал заңсыз сот актісі шығарылған күн осындай теріс қылықтың жасалған күні болып есептеледі.

      Судья әдебі жөніндегі комиссияның судьяның судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасау фактісін анықтаған шешім шығарған күні судья әдебіне қайшы келетін тәртіптік теріс қылықтың анықталған күні болып есептеледі, ал осындай теріс қылық жасалған күн немесе кезең оның жасалған күні болып есептеледі.

      Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы енгізілген, лауазымдық міндеттерді тиісінше орындамау фактісін анықтаған облыстық соттардың және Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының шешімдер қабылдаған күні соттар төрағаларының, соттардың сот алқалары төрағаларының өз лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты тәртіптік теріс қылықтың анықталған күні болып есептеледі, ал соттар төрағаларының, соттардың сот алқалары төрағаларының өз лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамаған күні немесе кезеңі осындай теріс қылықтың жасалған күні болып есептеледі.

      Егер тәртіптік теріс қылық жасалған күн уақыт кезеңімен айқындалатын болса, осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімдерді есептеу кезең аяқталғаннан кейінгі келесі күннен бастап жүзеге асырылады.";

      8) 44-бапта:

      1-тармақта:

      2) және 6) тармақшалар алып тасталсын;

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген шешімі ұсынымдық сипатта болады.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Жоғары Сот Кеңесінің судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыным беруден бас тартуы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия шығарған шешімнің күшін жояды. Жоғары Сот Кеңесінің Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия шешімінің күшін жоюы Жоғары Сот Кеңесінің не Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның осы бапта көзделген өзге шешім қабылдауы үшін негіз болып табылады.";

      9) 44-1-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Жоғары Сот Кеңесінің сот төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыным беруден бас тартуы не Жоғары Сот Кеңесінің судьяға қандай да бір тәртіптік жаза қолданудың негізсіздігі туралы шешімі Сот жюриі шығарған шешімнің күшін жояды және тәртіптік іс қайта қарауға жіберіледі.

      Сот жюриі шешімінің күші жойылған кезде Жоғары Сот Кеңесі Сот жюриіне осы Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген өзге тәртіптік жазаны қолдануды не судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді тоқтатуды ұсынуға құқылы.";

      10) 57-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "57-бап. Соттарды қаржыландыру

      1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотын, жергілікті және басқа соттарын қаржыландыру республикалық бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылады.

      2. Сот жүйесінің бюджеті соттардың өз конституциялық өкілеттіктерін орындауын толық қамтамасыз етуге тиіс.

      Сот жүйесінің шығыстары өткен қаржы жылы үшін республикалық бюджетте белгіленген барлық мемлекеттік органдардың 001-бюджеттік бағдарламасы бойынша шығыстарының жалпы сомасының кемінде алты жарым пайызын құрайды.

      3. Республикалық бюджетті нақтылау, республикалық бюджетті түзету немесе секвестр жүргізу нәтижесінде барлық мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламасы бойынша шығыстардың жалпы сомасы төмендеген жағдайда республикалық бюджетте тиісті жоспарлы кезеңге белгіленген сот жүйесіне арналған шығыстардың мөлшері азайтуға жатпайды.

      4. Республикалық бюджетте тиісті жоспарлы кезеңге белгіленген сот жүйесіне арналған шығыстар секвестрлеуге жатпайды.

      Ағымдағы қаржы жылы ішінде республикалық бюджетті нақтылау, түзету кезінде республикалық бюджетте тиісті жоспарлы кезеңге белгіленген сот жүйесіне арналған шығыстар азайтуға жатпайды.

      Сот жүйесінің бюджеттік бағдарламалар әкімшісі үшін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген ағымдағы әкімшілік шығыстар лимиті белгіленбейді.

      5. Сот жүйесінің бюджетін шығыстардың деңгейлері мен бағыттары бойынша бөлу өзі бекітетін регламентке сәйкес Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысында бекітіледі.

      6. Сот жүйесінің бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бюджеттік өтінімі республикалық бюджет жобасына өзгерістер жасалмай енгізіледі.

      Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығару үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен сот жүйесінің бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бюджеттік өтініміне Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкестігі мен есеп-қисаптардың дұрыстығына қорытынды дайындайды.

      7. Халықаралық кеңестің қызметін ұйымдастыру үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      8. Уәкілетті органның басшысы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген тәртіппен құрылатын Республикалық бюджет комиссиясының мүшесі болып табылады.".

      2-бап. Осы Конституциялық заң:

      1) 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2) және 10) тармақшаларын;

      2) 2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3) тармақшасының төртінші және бесінші абзацтарын және 6) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады