Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 92-VII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 19-бапта:

      үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымдық міндеттерін атқаруына байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы айғақтар беруге міндетті емес.";

      мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "4. Осы баптың бiрiншi, екiншi және үшінші бөлiктерiнде көзделген жағдайларда аталған адамдар айғақтар беруден бас тартуға құқылы және бұл үшiн оларды қандай да бір жауаптылыққа тартуға болмайды.";

      2) мынадай мазмұндағы 668-1-баппен толықтырылсын:

      "668-1-бап. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің заңды қызметіне араласу не кедергі келтіру

      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты оның заңды қызметін жүзеге асыруына араласу не кедергі келтіру – лауазымды адамдарға – он бес, заңды тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.";

      3) 684-баптың бірінші бөлігі "668," деген цифрлардан кейін "668-1," деген цифрлармен толықтырылсын;

      4) 804-баптың бірінші бөлігінің 33) тармақшасындағы "668-баптар" деген сөздер "668, 668-1-баптар" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) мынадай мазмұндағы 874-1-баппен толықтырылсын:

      "874-1-бап. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу шарттары мен тәртібі

      1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге өз өкiлеттiгі мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келiсімінсiз күштеп әкелуді, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға болмайды.

      2. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді сот тәртібімен әкімшілік жаза қолдануға алып келетін әкімшілік жауаптылыққа тартуға, күштеп әкелуге келісім алу үшін әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердiң ведомстволық бағыныстылығына сәйкес мемлекеттік органның бірінші басшысы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына ұсыну енгізеді. Ұсыну әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі сотқа жіберер алдында, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткізу қажеттігі туралы мәселені шешер алдында енгізіледі.

      3. Мемлекеттік органның бірінші басшысы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының шешімін алғаннан кейін іс бойынша одан әрі іс жүргізу осы Кодекстің 819-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      4. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты сот тәртібімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараудың заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.";

      6) 875-бапта:

      тақырыптағы "Бас прокурорына" деген сөздер "Бас Прокурорына, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Егер судья iстi қарағанға дейiн Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 4-тармағында, 71-бабының 5-тармағында, 79-бабының 2-тармағында, 83-бабының 3-тармағында аталған мемлекеттiк органдар күштеп әкелуге келiсiм беруден бас тартқан болса немесе мұндай келiсім сұралмаса, судья осы Кодекстiң тиісінше 870-бабының екiншi бөлiгiнде, 874-1-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртiппен күштеп әкелуге келiсiм беру туралы ұсыну жасап, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшелерiне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шарасы ретiнде күштеп әкелуді қолдануға құқылы.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады