Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану" жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2022 жылғы 21 қаңтардағы № 102-VII ҚРЗ.

      2020 жылғы 21 шілдеде Мәскеуде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану" жобасын іске асыру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану" жобасын іске асыру туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі

      өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттары негізінде Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын, жобаны іске асыруға мүдделілік білдіре отырып,

      жобаны іске асыруға байланысты жасалуға тиіс келісімдердің маңыздылығын назарға ала отырып,

      Тараптар жобаны табысты іске асыруға ықпал ету және жобаны іске асыру үшін, сондай-ақ жобаны іске асыруға қатысатын тұлғалар үшін жеңілдіктерді, қолдау шаралары мен преференцияларды қолдану мақсатында өз елдерінің мүдделерінде және атынан әрекет ете отырып, осы Келісімді жасасуға ниет білдіргенін атап көрсете отырып,

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 1998 жылғы 6 шілдедегі Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Пайдаланылатын ұғымдар

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:

      "аффилирленген тұлға" - (инвесторға, жобалау компаниясына немесе жер қойнауын пайдаланушыға қатысты инвестормен, жобалау компаниясымен немесе жер қойнауын пайдаланушымен бірге тұлғалардың бір тобына кіретін, жобаны іске асыруға тартылған кез келген тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделгендей);

      "газ" - газ беруші жеткізетін табиғи газ (осы Келісімнің 8-бабының 3-тармағында көзделгендей);

      "газ құбыры" - осы Келісімнің 8-бабының 3-тармағының "а" тармақшасымен көзделген шартқа сәйкес газ жеткізу мақсаттары үшін қажетті, қосылу нүктесінен бастап зауыттың аумағына дейінгі ұзындығы 3 (үш) километрге дейін газ бүру құбыры;

      "мемлекеттік ұйым" - Қазақстан Республикасы капитал үлесіне немесе осыған ұқсас қатысу үлесіне (тікелей немесе жанама түрде) иелік ететін, Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің агенттері мен өкілдерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасы (тікелей немесе жанама түрде) бақылайтын ұйым. Бұл ретте "бақылау" деген сөз тұлғаны басқару (тікелей немесе жанама түрде) немесе оны басқару қағидаттарын және акциялар пакетін иелену негізінде немесе шарт бойынша немесе өзге түрде (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес) саясатын айқындау өкілеттігін білдіреді;

      "Мемлекеттік орган" - Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы мәртебесі бар Қазақстан Республикасының мемлекеттік заңды тұлғаларының кез келгені, Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы немесе өкілді органдарының кез келгені немесе Қазақстан Республикасының атынан әрекет ететін кез келген өзге тұлға;

      "құрылыстың аяқталу күні" - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зауыттың толық көлемде пайдалануға берілген күні және (немесе) зауыт құрылысының толық көлемде аяқталған күні (аталған оқиғалардың қайсысы кешірек орын алатынына байланысты);

      "кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы қаржы институттары" - "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамы, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы, "QazTech Ventures" акционерлік қоғамы, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Қазақстан Республикасының кәсіпкерлігін қолдаудың басқа да қаржы институттары;

      "жобадан түсетін кірістер" - жобалау компаниясы алған, акцияларды және жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін сату кезінде күн өсімінен түсетін табысты қоса алғанда, жобалау компаниясы зауыт өнімін өндіруден және сатудан алған кез келген табыстар;

      "теміржол инфрақұрылымы" - магистральдық теміржолдар етіп қайта салу мүмкіндігімен зауыт аумағынан бастап Жаңатас станциясына (Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы) дейінгі кіреберіс теміржолдар, сондай-ақ құрылысын жобалау компаниясы жүзеге асыратын өнеркәсіптік станциядағы қабылдау-жөнелту теміржолдары;

      "зауыт" - жобалау құжаттамасында көзделген және жобалау компаниясы мердігерлер мен қосалқы мердігерлерді тарта отырып, Қазақстан Республикасы Жамбыл облысының Жаңатас қаласынан 14 (он төрт) километр жерде салып жатқан, минералдық тыңайтқыштар мен индустриялық ілеспе өнімдер шығаратын өндірістік объект;

      "шетел валютасы" - Қазақстан Республикасынан басқа кез келген мемлекеттің валютасы, оның ішінде халықаралық ақшалай және есеп айырысу бірліктері;

      "шетелдік жұмыскер" - жобалау компаниясы, оның аффилирленген тұлғалары және (немесе) олардың мердігерлері және (немесе) қосалқы мердігерлері Қазақстан Республикасының Жамбыл және (немесе) Түркістан облыстарының аумағында және (немесе) Қазақстан Республикасының Алматы қаласында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін, тартуды жоспарлап отырған, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын жеке тұлға, бұл ретте осы Келісімнің 3-бабының 3-тармағында көзделген тізбеде осындай жеке тұлғалардың көрсетілуі шарт;

      "кадрлардағы жергілікті қамту" - қазақстандық заңды тұлғаға қатысты мұндай заңды тұлға қызметкерлерінің жалпы санында Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын заңды тұлға қызметкерлері санының пайыздық қамтылуы;

      "салық" - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы біржақты тәртіппен заңнамалық түрде белгілеген, белгілі бір көлемдерде жүргізілетін, қайтарылмайтын және өтеусіз сипаттағы бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлем;

      "қосылған құн салығы" - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген анықтамаға сәйкес қосылған құн салығы;

      "айналма автомобиль жолы" - зауыт ауданында салу жоспарланған, ұзындығы 6,5 (алты бүтін оннан бес) километрге жуық "Жаңатас - Шымкент" айналма автомобиль жолының учаскесі;

      "инфрақұрылым объектісі" - зауытқа сервистік қызмет көрсетуге, жобаны іске асыру ауданында, осы Келісімнің 8-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген объектілерді қоса алғанда, жобалау компаниясының персоналының, жер қойнауын пайдаланушының және олардың аффилирленген тұлғаларының әлеуметтік мұқтаждарын қамтамасыз етуге арналған объект;

      "ұйым" - кез келген заңды тұлға, сондай-ақ кез келген бірлескен кәсіпорынды, кәсіпорынды, қауымдастықты немесе трастты қоса алғанда, олардың мемлекеттік немесе жеке, кез келген мемлекеттің заңнамасына сәйкес немесе екі немесе бірнеше тұлғалар арасындағы жазбаша келісімге сәйкес құрылғанына немесе ұйымдастырылғанына қарамастан, заңды тұлға мәртебесі жоқ құрылым;

      "мердігер" - жобалау компаниясының немесе оның аффилирленген тұлғасының, сондай-ақ осындай тұлғаның кез келген құқық мирасқорларының немесе заңды цессионарийлерінің мүддесінде зауытты салуға немесе пайдалануға байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді немесе технологияларды жеткізуге жобалау

      "өнім беруші" - Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы немесе мұндай оператор болмаған жағдайда Қазақстан Тарапы (осы Келісімнің 8-бабының 3-тармағында көзделгендей) жобалау компаниясының атына газ беруші ретінде айқындайтын өзге ұйым;

      "жоба" - жобалау құжаттамасында көзделгендей, құрылысты аяқтау күні бітетін зауыт құрылысы, сондай-ақ зауытты пайдалану;

      "жобалау компаниясы" - жобаны іске асыруды жүзеге асыратын негізгі тұлға ретінде танылатын, "ЕуроХим-Қаратау" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бизнес-сәйкестендіру нөмірі 130640023294) болып табылатын заңды тұлға;

      "жобалық келісімдер" - мемлекеттік орган немесе мемлекеттік ұйым мен жобалау компаниясы, жер қойнауын пайдаланушы немесе олардың аффилирленген тұлғалары арасында жасалған инвестициялық келісімдердің барлығы немесе кез келгені, сондай-ақ осы Келісімнің 8-бабының 3-тармағының "а" тармақшасымен көзделген шектеусіз жеткізу шарты, электр энергиясын жеткізу туралы келісімдер, сондай-ақ жобаны іске асыру мақсаттары үшін жасалатын өзге де келісімдер, оның ішінде осы Келісімді орындау мақсатында жасалатын кез келген келісімдер;

      "жобалау құжаттамасы" - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жобалау компаниясы дайындаған немесе салу немесе пайдалану мақсаттары үшін жобалау компаниясының нұсқауы бойынша дайындалған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті сараптамалардан өткен, көрсетілген құжаттардың шарттарына сәйкес ықтимал ұзарту, жаңарту, ауыстыру, түзету немесе өзге де өзгерту ескерілген, кез келген суреттер, жобалар, сызбалар, эскиздер, есеп-қисаптар, өлшемдер, сипаттамалар, таныстырылымдар, жобалауға арналған тапсырмалар, жобалау құжаттамасы және өзге де құжаттар;

      "жұмыс рұқсаты" - шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсат және (немесе) шетелдік жұмыскерді, Қазақстан Республикасының тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерінің аумағындағы жұмыскерді тарту үшін қажетті және жеткілікті кез келген өзге де құжаттар:

      "жобаны іске асыру ауданы" - Қазақстан Республикасы Жамбыл облысының Сарысу ауданы:

      "газды тасымалдауға және сақтауға арналған шығыстар" - газды газ құбырлары арқылы тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу бағасы, сондай-ақ газды сақтау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу бағасы:

      "құрылыс" - зауытқа және (немесе) оның кез келген бөлігіне қатысты, мұндай қызмет Қазақстан Республикасының аумағында немесе одан тысқары жерлерде жүргізілетініне қарамастан, және мұндай қызмет осы Келісім күшіне енген күнге дейін басталып, құрылыс аяқталатын күнге дейін жалғасады деп болжанатын (тікелей немесе жанама түрде) бағалауға, әзірлеуге, жобалауға, құрылысқа, тұрғызуға, құруға және монтаждау және (немесе) жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруға байланысты кез келген қызмет;

      "қосалқы мердігер" - барлық немесе бірнеше мердігермен немесе олардың кез келгенімен келісім (келісімдер) жасасқан және барлық немесе бірнеше мердігерге немесе олардың кез келгеніне зауытқа байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді немесе технологияларды беретін кез келген тұлға, сондай-ақ осындай тұлғаның кез келген құқық мирасқорлары немесе заңды цессионарийлері (ұғым кез келген басқа тұлғаның жұмыскерлері ретінде жұмыс істейтін жеке тұлғаларды қамтымайды);

      "кедендік тізбе" - жобаны іске асыру мақсаттары үшін қажетті, импорты кедендік баждар салудан босатуға жататын (осы Келісімнің 7-бабының 1-тармағында көзделгендей) тауарлар, шикізат, материалдар, жабдық және (немесе) жабдыққа арналған жиынтықтаушы немесе қосалқы бөлшектер тізбесі, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың құқық талаптарына сәйкес тиісті бөлігінде келісілген және осы Келісімнің 7-бабының 2-тармағымен көзделген тәртіпке сәйкес бекітілген кедендік баждар салудан осылай босатылуға құқылы тұлғалардың тізбесі;

      "тауарлар" - кез келген мүлік, оның ішінде ақпарат көздері, технологиялар, бағалы қағаздар және (немесе) валюталық құндылықтар, жол чектері, электр, жылу және өзге де энергия мен көлік құралдары, технологиялық жабдық, оларға жиынтықтаушы және қосалқы бөлшектер, шикізат пен материалдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлікке теңестірілген тасымалданатын өзге де заттар;

      "қосу нүктесі" - автоматты газ бөлу станциясы, оны салуды және магистральдық газ құбырына қосуды Қазақстан тарапы қамтамасыз етеді;

      "газ және газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті орган" - Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті органы болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;

      "жұмысқа орналастыру жөніндегі уәкілетті орган" - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмысқа рұқсаттар беруге уәкілетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;

      "инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган" - Қазақстан Республикасының инвестициялар жөніндегі уәкілетті органы болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;

      "индустрия саласындағы уәкілетті орган" - Қазақстан Республикасының индустрия және индустриялық-инновациялық даму саласында уәкілетті органы болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;

      "пайдалану" - сол немесе өзге уақыт кезеңінде зауытты және (немесе) оның кез келген бөлігін басқару, сақтандыру, оған иелік ету, пайдалану, жабдықты жөндеу, ауыстыру, зауытты және (немесе) оның кез келген бөлігін қайта жабдықтау, өндірістік немесе техникалық қызмет көрсету, кеңейту, ұзарту және қорғау, сондай-ақ жоғарыда аталғандардың кез келгенімен байланысты өзге де әрекеттер;

      "экспроприация" - экспроприациялау, ұлттық меншікке айналдыру, реквизициялау немесе экспроприациялау, ұлттық меншікке айналдыру, реквизициялау сияқты коммерциялық, экономикалық немесе құқықтық салдарлары болатын өзге де шаралар.

2-бап. Жобаның негізгі параметрлері

      Жобаның негізгі болжамды параметрлері мыналар:

      2.1.1 Қазақстан Республикасының Жамбыл облысында қуаты жылына кемінде 1 (бір) миллион тонна минералдық тыңайтқыштар мен ілеспе индустриялық өнімдер өндіретін зауыт салу;

      2.1.2 химиялық кешен бөлігінде және аралас салаларда пайдалану кезеңінде жоба іске асырылатын өңірде кемінде 1 200 (бір мың екі жүз) жаңа жұмыс орнын құру мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      2.1.3 жобалау компаниясының жобаны іске асыру мақсаттары үшін басым түрде Қазақстан Республикасының азаматтарын тартуы;

      2.1.4 осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін жобалау компаниясы жұмыскерлерінің жалпы санындағы кадрлармен жергілікті қамтудың кемінде 80 % (сексен пайыз) болуын қамтамасыз ету;

      2.1.5 құрылыстың болжамды кезеңі - 2019 - 2024 жылдар;

      2.1.6 зауытты пайдаланудың болжамды кезеңі - кемінде 50 (елу) жыл;

      2.1.7 Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, акцияларының немесе қатысу үлестерінің 50 %-дан астамы (тікелей немесе жанама түрде) ресейлік "ЕуроХим" минералдық-химиялық компаниясы" акционерлік қоғамына (бұдан әрі - инвестор) тиесілі, тағайындалатын заңды тұлғалардың, оның ішінде, "ЕуроХим-Тыңайтқыш" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бизнес-сәйкестендіру нөмірі 080740015611) (бұдан әрі - "жер қойнауын пайдаланушы") жобаны жүзеге асыруы;

      2.1.8 жобаны іске асыруды қоса алғанда, инвестордың Қазақстан Республикасында жүзеге асыруы болжанатын қызметке инвестициялардың жалпы жоспарланған сомасы 1 миллиард АҚШ долларынан астам мөлшерде;

      2.1.9 ресей өндірісінің технологияларын, материалдарын, жабдықтары мен өнімдерін барынша мүмкін пайдалану, сондай-ақ жобаны іске асыру үшін ресейлік ғылыми-зерттеу, жобалау және құрылыс ұйымдарын тарту болып табылады.

3-бап. Шетелдік жұмыскерлерді жалдау және тарту мәселелері

      3.1 Жобалау компаниясына, оның аффилирленген тұлғаларына, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне осы бапта және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілетін жұмыс рұқсаттары бойынша осы Келісім күшіне енген күннен бастап құрылыс аяқталған күннен кейін бір жыл өткен күнді қоса алғанда осы бапта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, шетелдік қызметкерлерді тартуға және (немесе) жалдауға рұқсат етіледі.

      3.2 Жобалау компаниясы, оның аффилирленген тұлғалары, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлері шетелдік жұмыскерлерді Қазақстан Республикасының Жамбыл және (немесе) Түркістан облыстарының аумағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Алматы қаласында да бірінші, екінші, үшінші және төртінші санаттағы жұмыскерлер (Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделгендей) ретінде тартады.

      3.3 Осы бапты іске асыру мақсатында жобалау компаниясы жұмысқа орналастыру жөніндегі уәкілетті органға шетелдік жұмыскерлердің, сондай-ақ оларды тартатын тұлғалардың тізбесін жібереді.

      3.4 Қазақстан Тарапы жобалау компаниясы, сондай-ақ осы баптың 3-тармағында көзделген тізбеге енгізілген оның аффилирленген тұлғалары, мердігерлері мен қосалқы мердігерлері өтініш берген әрбір жағдайда осы баптың 1-тармағына сәйкес шетелдік жұмыскерлерді жұмысқа орналастыру мақсаттары үшін жұмыс рұқсаттарын жұмысқа орналастыру жөніндегі уәкілетті органның беруін және ұзартуын қамтамасыз етеді. Мұндай жұмыс рұқсаттары тиісінше жобалау компаниясына, оның аффилирленген тұлғаларына, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне өтініш берген күннен бастап 11 (он бір) жұмыс күні ішінде беріледі. Көрсетілген жұмыс рұқсаттарының қолданылу мерзімі берілген күнінен бастап кемінде бір жылды құрайды. Берілген жұмыс рұқсаты тиісті шетелдік жұмыскерге осы баптың 6-тармағының "д" тармақшасына сәйкес жұмыс рұқсатын алуға арналған өтініште көрсетілген Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктерінің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруға құқық береді.

      3.5 Шетелдік жұмыскерлерге қатысты жұмыс рұқсаттарын алу үшін жұмысқа орналастыру жөніндегі уәкілетті органға мынадай құжаттар ұсынылады:

      3.5.1 жобалау компаниясының және (немесе) оның аффилирленген тұлғаларының жазбаша ілеспе хаты (кез келген еркін нысанда), сондай-ақ осы баптың 8-тармағында көрсетілген, жобалау компаниясы және (немесе) оның аффилирленген тұлғалары, сондай-ақ олардың тиісті мердігерлері мен қосалқы мердігерлері ұсынуы мүмкін құжаттар;

      3.5.2 шетелдік жұмыскерлерді тартуға арналған жұмыс рұқсатын беруге жобалау компаниясынан, оның аффилирленген тұлғасынан және (немесе) олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлерінен жұмысқа орналастыру жөніндегі уәкілетті органға жолданған жазбаша өтініш (кез келген еркін нысанда).

      3.6 Осы баптың 5-тармағының "б" тармақшасында көрсетілген өтініште шетелдік жұмыскерге қатысты мынадай ақпарат қамтылуы тиіс:

      3.6.1 тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      3.6.2 азаматтығы;

      3.6.3 паспортының нөмірі, берілген күні және қолданылу мерзімінің аяқталу күні, сондай-ақ құжатты берген орган;

      3.6.4 шетелдік жұмыскердің жұмыс берушісі ретінде әрекет ететін ұйымның (жобалау компаниясының немесе оның аффилирленген тұлғасының немесе олардың тиісті мердігерлері мен қосалқы мердігерлерінің) атауы;

      3.6.5 осы баптың 2-тармағында көрсетілген әкімшілік-аумақтық бірліктердің ішінен шетелдік жұмыскер еңбек қызметін жүзеге асыратын әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауы;

      3.6.6 өзіне қатысты өтініш берілген шетелдік жұмыскермен еңбек шартының қолданылу мерзімі (оның мерзімі белгіленбеген болуы да мүмкін).

      3.7 осы баптың 5-тармағының "б" тармақшасында көрсетілген өтініш өзіне қатысты осындай өтініш берілген тиісті шетелдік қызметкердің шетелдік қызметкер болып табылатыны және жобаны жүзеге асыру мақсаттары үшін тартылатыны туралы растауды қамтиды.

      3.8 осы баптың 5-тармағының "б" тармақшасында көрсетілген өтініш мынадай құжаттармен қоса беріледі:

      3.8.1 жобалау компаниясы және (немесе) оның аффилиирленген тұлғасы және (немесе) олардың мердігері немесе қосалқы мердігері куәландырған тиісті шетелдік қызметкер паспортының көшірмесі;

      3.8.2 осындай шетелдік қызметкер алған білімі және (немесе) біліктілігі туралы, оқуы туралы құжаттың көшірмесі немесе қажетті қызметті жүзеге асыру мақсатында осындай шетелдік қызметкердің білімін, біліктілігін және жұмыс тәжірибесін сипаттайтын түйіндеме.

      3.9 осы бапты қолдану шеңберінде осы баптың 5-8-тармақтарында көрсетілген құжаттар мен мәліметтер Қазақстан Республикасының аумағында нотариаттық куәландыруды, апостиль қоюды немесе қандай да бір өзге де растауды қажет етпейді.

      3.10 Осы баптың шеңберінде жұмыс рұқсаттарын беру барысында осы Келісімнің 3-бабында айқындалған құжаттар мен мәліметтерден басқа, біліктіліктің қандай да бір қосымша дәлелдемелері немесе құжаттар немесе мәліметтер талап етілмеуі тиіс.

      3.11 Қазақстан тарапы осы бапта көзделген бөлігінде шетелдік қызметкерлерді тарту тәртібі осы баптың 1-тармағында көрсетілген бүкіл кезең ішінде өзгертілмейтініне кепілдік береді.

      3.12 Осы баптың 1-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін жобалау компаниясы қызметкерлерінің жалпы санында кадрлардағы жергілікті қамту кемінде 80 (сексен) пайызды құрайтын болады.

      3.13 Қазақстан тарапы жобалау компаниясына, оның аффилиирленген тұлғаларына, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне шетелдік қызметкерлерді тартуға арналған жұмыс рұқсаттарын алу процесінде қолдау көрсетеді, сондай-ақ құжаттаманы қарау және беру процесін жеделдету мақсатында осы Келісім күшіне енген күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде 1 (бір) уәкілетті байланыс тұлғасын тағайындайды.

      3.14 Жобалау компаниясы өз қызметкерлерінің тең еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз тең ақы төлеуді қамтамасыз ету жөнінде міндет атқарады.

4-бап. Шетелдік жұмыскерлер үшін визалық қолдау

      4.1 Құрылыс және пайдалануды жүзеге асыру кезеңінде Қазақстан Тарапы құрылыс және (немесе) пайдалану мақсаттары үшін тартылған шетелдік жұмыскерлерге, сондай-ақ кез келген шетелдік жұмыскердің зайыбына немесе жұбайына және балаларына виза беруді қамтамасыз етеді.

      4.2 Осы баптың 1-тармағын орындау мақсатында құрылыс және пайдалануды жүзеге асыру кезеңінде Қазақстан Тарапы осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар үшін визаларды алуға және беруге арналған өтініштерді жедел қарау жөніндегі барлық қажетті шаралардың қолданылуын, сондай-ақ осындай өтініштердің қанағаттандырылуын және көрсетілген тұлғаларға шетелдік жұмыс күшін тартуға тиісті рұқсат кезеңінен кем болмайтын кезеңге тиісті визалардың берілуін қамтамасыз етеді. Бұл ретте тиісті шақырушы тараптардың және келетін тұлғалардың өтініштері мен құжаттарын қараудың жалпы кезеңі, егер Қазақстан Республикасы заңнамасының ұлттық қауіпсіздік бөлігіндегі талаптарында неғұрлым ұзақ мерзім көзделмесе, 5 (бес) жұмыс күнінен аспауы тиіс.

      4.3 Егер осы Келісім күшіне енген күннен кейін осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар үшін виза алу және беру туралы өтініштерді қарауға қатысты шарттарды жақсартатын Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелері күшіне енсе, онда оларға қатысты осындай шарттарды жақсартатын ережелер қолданылады.

      4.4 Осы баптың 2-тармағының ережелерін орындау үшін Қазақстан Тарапы шетелдік жұмыскерлер үшін визалар алу мен беру туралы өтініштерді жедел қарау және процесін жеделдету мен қамтамасыз ету мақсатында бір уәкілетті байланыс тұлғасын тағайындайды.

5-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасы, өзгерістер мен толықтырулар

      5.1 Қазақстан Тарапы:

      5.1.1 құрылыс барысында жобалау компаниясы және ол таңдаған мердігерлер құрылысқа қатысы бар жұмыстардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің 100 %-ға (жүз пайызға) дейінгісін қосалқы мердігерлікке беруге құқылы екенін;

      5.1.2 жобалау компаниясы құрылыс барысында салынған не тұрғызылған кез келген объектілер мен құрылыстардың (аяқталған да және аяқталмаған да) жалғыз меншік иесі болып қалатынын растайды.

      5.2 Осы Келісімнің 6-бабының 3-тармағының "б" тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер жобалау компаниясы мен инвестор арнайы өзгеше келіспесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына ешбір өзгеріс жобалау компаниясына немесе жобаға қолданылмайды және осы Келісім, жобалау келісімдері мен Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша міндеттемелерді орындауға әсер етпейді. Қазақстан Республикасының заңнамасы мен осы Келісімнің шарттары арасында қайшылық болған жағдайда (не қазіргі уақытта, не болашақта), осы Келісімнің басым күші болады, ал осы Келісімнің шарттары мен ережелеріне қайшы келетін Қазақстан Республикасы заңнамасы ережелерінің жобаға және жобалау компаниясына қатысты ешқандай әсері болмайды.

      5.3 Осы баптың 2-тармағының ережелері Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті өзгеруі жобалау компаниясының жағдайын нашарлататын немесе жобаның экономикалық көрсеткіштеріне теріс әсер ететін және Еуразиялық экономикалық одақ құқығының тікелей негізделген өзгеруі болып табылмайтын жағдайларда ғана қолданылады. Осы Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасына өзге халықаралық келісімдердің нормаларын сақтау бойынша қандай да бір қосымша міндеттемелер жүктемейді.

6-бап. Салықтар және бюджетке төленетін міндетті төлемдер

      6.1 Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына мынадай салықтық жеңілдіктер береді:

      6.1.1 корпоративтік табыс салығынан босату:

      жобалау компаниясы жобадан түсетін табыстар бойынша Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығынан босатылады. Осы тармақшаны қолдану үшін жобалау компаниясы зауыт өнімін өндіру және өткізу жөніндегі салық міндеттемелерін есептеу мақсатында салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің бөлек салықтық есебін жүргізуді жүзеге асыратын болады. Бұл ретте бөлек салықтық есепке алу зауыт құрамында салықтық есепке алу саясатына сәйкес әрбір тіркелген активтер бойынша жүргізіледі;

      осы тармақтың "а" тармақшасының екінші абзацының ережелерін қолдану мерзімі зауыттың бірінші кезегін пайдалануға беру жүргізілген жылдың 1 қаңтарынан басталады (бұл жобалау құжаттамасында көзделгендей) және зауыттың толық көлемде пайдалануға берілуі жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін (бұл жобалау құжаттамасында көзделгендей) қатарынан 10 (он) жыл өткен соң аяқталады.

      6.1.2 импортқа қосылған құн салығынан босату

      әкелінетін тауарлар, сондай-ақ импортқа қосылған құн салығын тиісті төлеушілер осы тармақтың "б" тармақшасының бесінші абзацында көрсетілген тізбеге енгізілген жағдайда, жобалық компания, оның аффилиирленген тұлғалары, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлері (жобалау компаниясының жазбаша өтініші бойынша) жүзеге асыратын кез келген тауардың импорты қосылған құн салығынан босатылады;

      осы тармақтың "б" тармақшасының екінші абзацында көзделген тұлғаларға тауарлардың импортына қосылған құн салығынан босату осы Келісім жасалған айдың 1-күнінен бастап зауыт толық көлемде пайдалануға берілгенге дейінгі мерзімге беріледі. Калий хлоридінің жобалық компаниясының импорты бөлігінде көрсетілген босату зауыттың бірінші кезегі пайдалануға берілетін айдың 1-күнінен бастап қолданылады және зауыттың бірінші кезегі пайдалануға берілген жылдан кейінгі жылдың басынан бастап 10 (он) жүйелі жыл өткен соң аяқталады;

      осы тармақтың "б" тармақшасының екінші абзацында көзделген қосылған құн салығынан босату 5 (бес) жыл ішінде жобаны іске асыру мақсаттары үшін пайдаланылмаған тауарлар импортына қатысты қолданылмайды;

      осы тармақтың "б" тармақшасының екінші абзацының ережелерін іске асыру мақсатында Қазақстан тарапы осы Келісімде белгіленген мерзімде жобаны іске асыру мақсаттары үшін қажетті тауарлардың, сондай-ақ осы тармақтың "б" тармақшасында көзделген жеңілдіктерді пайдалануға құқылы тұлғалардың тізбесін бекітуді қамтамасыз етеді. Көрсетілген тізбе мынадай тәртіппен бекітіледі (көрсетілген тәртіп тізбеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болған кезде де пайдаланылады):

      жобалау компаниясы оң сараптамадан өткен жобалау құжаттамасының негізінде, сондай-ақ өзі және өзінің аффилирленген тұлғалары тартатын мердігерлер мен қосалқы мердігерлерді ескере отырып, тізбенің жобасын индустрия саласындағы уәкілетті органның атына жібереді;

      индустрия саласындағы уәкілетті орган көрсетілген тізбені алған күнінен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде бекітеді және онымен өзінің тиісті аумақтық бөлімшелерінің танысуын қамтамасыз етеді;

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер саласындағы уәкілетті органы болып табылатын Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органы осы баптың "б" тармақшасының бесінші-алтыншы абзацтармен көзделген тәртіпке сәйкес бекітілген тізбе бойынша өзінің тиісті аумақтық бөлімшелерінің импортқа қосылған құн салығынан босатуды қолдануын қамтамасыз етеді.

      6.1.3 басқа салықтардан босату:

      жобалау компаниясы, сондай-ақ оның аффилирленген тұлғалары:

      жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын есептеу кезінде жер салығының тиісті мөлшерлемелеріне 0-ге (нөлге) тең коэффициентін қолданады;

      жобаны іске асыруға және (немесе) зауытты пайдалануға байланысты пайдаланылатын жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемді есептеу кезінде 0 (нөл) мөлшерлемесін қолданады;

      зауыттың құрамына кіретін мүлік бойынша салық базасына мүлік салығын 0 (нөл) пайыз мөлшерлемесі бойынша есептейді;

      осы баптың "в" тармақшасының екінші-бесінші ережелері зауыттың бірінші кезегі пайдалануға берілетін жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыла бастайды және қатарынан 10 (он) жыл өткеннен кейін қолданылуын тоқтатады.

      6.2 Осы Келісімнің шарттарын сақтауды қамтамасыз ету.

      Қазақстан Тарапы осы Келісім күшіне енген күннен бастап жобалау компаниясы мен оның аффилирленген тұлғалары, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлері осы Келісімде және жобалық келісімдерді қоса алғанда, оның негізінде және оны іске асыру үшін жасалған өзге де келісімдерде көзделген барлық салықтық жеңілдіктерді толық көлемде пайдалана алуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      6.3 Салық режимінің тұрақтылығын қамтамасыз ету:

      6.3.1 Осы Келісім Қазақстан Тарапы тұрақтылығына кепілдік беретін салықтық жеңілдіктерді көздейді. Осы Келісімде көзделген жеңілдіктерге Қазақстан Республикасының заңнамасы және (немесе) халықаралық шарттар осы Келімде көзделген шарттармен салыстырғанда жобалау компаниясының жағдайын жақсартатын шарттарды белгілейтін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының салық мәселелерін реттейтін халықаралық шарттары сияқты Қазақстан Республикасының қандай да бір заңнамасы және (немесе) оған толықтырулар немесе өзгерістер әсер ете алмайды. Салықтық жеңілдіктер тұрақтылығының кепілдігін Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Келісімнің бүкіл қолданылу мерзімі ішінде жоя алмайды немесе кері қайтарып ала алмайды.

      6.3.2 Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамасында тікелей көзделген кедендік баждар мен алымдарды қоспағанда, осы Келісім күшіне енген күні қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген және осы Келісімде тікелей көрсетілмеген салықтар мен өзге де міндетті төлемдер төлеу бойынша тиісті міндеттеме туындаған сәтте қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленеді. Осы Келісімнің қандай да бір ережелеріне қарамастан, жобалау компаниясы осы Келісім күшіне енген күннен кейін 15 (он бес) жыл ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамасында тікелей көзделген кедендік төлемдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасымен енгізілген қандай да бір салықтарды және (немесе) өзге де міндетті төлемдерді төлеуге міндетті емес.

      6.4 Жобалау компаниясы және оның аффилирленген тұлғалары мердігерлер мен қосалқы мердігерлер жасаған Қазақстан Республикасының заңнамасын қандай да бір бұзушылық үшін жауапты болмайды.

      6.5 Осы Келісімде көзделген жеңілдіктер, преференциялар және өзге де қолдау шаралары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жеңілдіктерге, преференцияларға және қолдау шараларына қарамастан және қосымша беріледі. Егер осы Келісімде көзделген жеңілдіктер, преференциялар және қолдау шаралары туралы қандай да бір ереже Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелеріне қайшы келсе, онда осы Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелерінен басым болады.

7-бап. Кедендік баждар

      7.1. Қазақстан тарапы Еуразиялық экономикалық одақ құқығының талаптарын ескере отырып, жобаны іске асыру мақсаттары үшін жүзеге асырылатын кез келген тауарлар (технологиялық жабдық, оның жинақтаушы және қосалқы бөлшектері бөлігінде) импортын (инвестициялық келісімшарт) жобалау компаниясы, оның аффилиирленген тұлғалары, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлері (жобалау компаниясының жазбаша өтініші бойынша) жүзеге асыратын инвестициялық келісімшарт негізінде кедендік баждарды салудан босатуды қамтамасыз етеді. Мұндай босату әкелінетін тауарлар, сондай-ақ импортқа кеден бажын тиісті төлеушілер жобаны іске асыру мақсаттары үшін қажетті тауарлар тізбесіне, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ құқығының талаптарына сәйкес келісілген (егер қолданылса) және осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіпке сәйкес бекітілген жеңілдіктерді (кедендік тізбе) пайдалануға құқылы тұлғалар енгізілген жағдайда беріледі.

      Кедендік тізбе оны бекіткен күннен бастап (оған ықтимал өзгерістерді немесе толықтыруларды ескере отырып) инвестициялық келісімшартқа қосымша ретінде қаралады.

      7.2 Осы баптың 1-тармағының ережелерін іске асыру мақсатында Қазақстан Тарапы осы Келісімде белгіленген мерзімдерде кедендік тізбені бекітуді қамтамасыз етеді. Кедендік тізбе мынадай тәртіппен (көрсетілген тәртіп кедендік тізбеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болған кезде де пайдаланылады) бекітілетін болады:

      7.2.1 жобалау компаниясы оң сараптамадан өткен жобалық құжаттаманың негізінде, сондай-ақ өзі және өзінің аффилирленген тұлғалары тартатын мердігерлер мен қосалқы мердігерлерді есепке алша отырып, кедендік тізбенің жобасын инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның атына жібереді;

      7.2.2 инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган 10 (он) жұмыс күні ішінде жобалау компаниясына кедендік тізбе жобасынан қандай да бір позицияларды алып тастауға қатысты ұсынымдар береді;

      7.2.3 жобалау компаниясы инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға өз тарапынан қол қойылған кедендік тізбенің жобасын ұсынады, онда осы баптың "б" тармақшасында көрсетілген ұсынымдар ескерілуі мүмкін;

      7.2.4 инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган Еуразиялық экономикалық одақтың құқық талаптарына (егер қолданылса) сәйкес кедендік тізбе жобасын оны алғаннан кейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті органдарымен келісуге ұсынуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган кедендік тізбені осындай органдармен жедел және неғұрлым толық келісу үшін барлық ықтимал күш-жігерін жұмсайды;

      7.2.5 инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган осы баптың "б" тармақшасына сәйкес жобалау компаниясы ұсынған кедендік тізбені осы баптың "г" тармақшасына сәйкес кедендік тізбеге келісуді алу шеңберінде енгізілген түзетулерді ескере отырып, жобалау компаниясынан оны алған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде және осы баптың "г" тармақшасына сәйкес келісу алудың қолданылатын жағдайларында бекітеді.

      7.3. Жобалау компаниясымен осы баптың 1-тармағында көрсетілген инвестициялық келісімшарт жасалғаннан кейін тауарды, сондай-ақ тиісті кедендік бажды төлеушіні бекітілген кедендік тізбеге енгізу барлық жағдайларда осы бапта көзделген кедендік баждарды салудан босатуды қолдану үшін жеткілікті және егжей-тегжейлі негіз болады.

      7.4 Жобалау компаниясы бекітілген кедендік тізбеге сәйкес тауарларды әкелуге қатысты ұсынатын есептілік қолданылатын жағдайларда осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын тауарлардың әкелінуін қамтуы тиіс.

      7.5 Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар кедендік баждарды салудан босату ұсынылатын шарттар мен талаптарды бұзған жағдайда, жобалау компаниясына бекітілген кедендік тізбеге сәйкес тауарларды әкелу кезіндегі кедендік баждарды төлеу бойынша ортақ міндет жүктеледі.

      Қазақстан Тарапы осы Келісім күшіне енген күннен кейін күнтізбелік 60 (алпыс күннен) кешіктірмей осы баптың 1-тармағында көзделген инвестициялық келісімшарттың жасалуын қамтамасыз етеді.

      7.6 Осы баптың 1-тармағында көзделген кедендік баждарды салудан босату осы баптың 1-тармағында көзделген инвестициялық келісімшарт жасалған күннен бастап кемінде қатарынан 10 (он) жыл мерзімге берілуі тиіс.

      7.7 Аффилирленген тұлғалардың, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлерінің осы баптың 1-тармағында көрсетілген инвестициялық келісімшарттың талаптарын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауаптылықты жобалау компаниясы көтереді.

      7.8 Осы баптың ережелерін орындауды Қазақстан Республикасының Үкіметі Еуразиялық экономикалық одақ құқығы жол беретін шектерде жүзеге асырады.

8-бап. Жобаны мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары

      8.1 Айналма автомобиль жолын салу:

      8.1.1 Қазақстан Тарапы 2021 жылғы 30 маусымнан кешіктірмей айналма автомобиль жолын салуды және пайдалануға беруді қамтамасыз етеді. Көрсетілген құрылыстың мақсаттары үшін жобалау компаниясы тиісті уәкілетті мемлекеттік орган тұлғасында Қазақстан Тарапына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен, айналма автомобиль жолына қатысты әзірленген жобалау құжаттамасын береді.

      8.1.2 Егер айналма автомобиль жолы осы баптың "а" тармақшасында көзделген мерзімде толық көлемде пайдалануға берілмесе және халықтың пайдалануы үшін қолжетімді болмаса, жобалау компаниясы өз қалауы бойынша мердігерлерді немесе қосалқы мердігерлерді тарта отырып, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолы ретінде айналма автомобиль жолын (не оның пайдалануға дайын емес тиісті бөлігін) салуды өзі дербес жүзеге асыруға құқылы болады.

      8.1.3 Келісімнің осы бабының "б" тармақшасында көзделген жағдайда Қазақстан Тарапы аса қысқа мерзімде жобалау компаниясына, оның мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне айналма автомобиль жолын (не оның пайдалануға дайын емес тиісті бөлігін) салуға барлық қажетті рұқсаттар мен келісулердің ұсынылуын және берілуін, сондай-ақ осындай айналма автожолды салу және пайдалану үшін қажетті жер учаскелеріне тиісті құқықтардың берілуін қамтамасыз етеді. Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес айналма автомобиль жолын (оның тиісті бөлігін) пайдалануға қабылдауды да қамтамасыз етеді.

      8.1.4 Қазақстан Тарапы жобалау компаниясынан шығындардың жүзеге асырылу фактісін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсына отырып және айналма автомобиль жолының (оның тиісті бөлігінің) пайдалануға берілгені туралы растай отырып, өтінім алғаннан кейін 60 (алпыс) жұмыс күнінен кешіктірмей жобалау компаниясының айналма автомобиль жолын (оның тиісті бөлігін) салуға жұмсалған шығындарын ақшалай мәнде толық, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес құрылыстың жалпы құнынан аспайтын көлемде өтеуді қамтамасыз етеді. Көрсетілген өтеу жобалау компаниясы мен облыстың жергілікті атқарушы органы (немесе өзге уәкілетті мемлекеттік орган) арасында айналма автомобиль жолына (оның тиісті бөлігіне) қатысты бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу және жүзеге асыру жолымен немесе жобалау компаниясымен келісілген өзге де тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте осындай шартты жасасу үшін жобалау компаниясының қажетті лицензиялары бар тиісті мердігерлерді тартуы шартымен, жобалау компаниясының қандай да бір лицензияларының болуы қажет болмайды.

      8.2 Теміржол инфрақұрылымын салу:

      8.2.1 Қазақстан Тарапы зауыттың іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсаттары үшін 2021 жылғы 30 маусымнан кешіктірмей теміржол инфрақұрылымын салуды және оның тиісті бөліктерін реконструкциялауды немесе жобаны іске асыру мақсаттары үшін көрсетілген инфрақұрылымды жобалау компаниясына беруді қамтамасыз етеді. Көрсетілген құрылыстың мақсаттары үшін жобалау компаниясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен теміржол инфрақұрылымын салуға және тиісті бөлігінің реконструкциясына қатысты жобалау құжаттамасын әзірлейді және тиісті уәкілетті мемлекеттік орган тұлғасында Қазақстан Тарапына береді;

      8.2.2 Егер теміржол инфрақұрылымы осы баптың "а" тармақшасында көрсетілген күнге дейін жобалау компаниясының пайдалануы үшін қолжетімді болмаса, жобалау компаниясы өз қалауы бойынша мердігерлерді немесе қосалқы мердігерлерді тарта отырып, теміржол инфрақұрылымын (не оның пайдалануға дайын емес тиісті бөлігін) салуды және тиісті бөлігін реконструкциялауды өзі дербес жүзеге асыруға құқылы болады;

      8.2.3 Осы баптың "б" тармақшасында көзделген жағдайда, Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына және оның мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне тиісінше осындай магистральдық теміржолды және (немесе) теміржол станциясын салу үшін қажетті барлық рұқсаттар мен келісулерге тиісті өтінімдерді алғаннан кейін осындай рұқсаттар мен келісулерді тез арада ұсынуды қамтамасыз етеді. Қазақстан Тарапы мұндай жағдайда құрылысын жобалау компаниясы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асыратын теміржол инфрақұрылымын (оның тиісті бөлігін) пайдалануға қабылдауды да қамтамасыз етеді;

      8.2.4 жобалау компаниясы жоба үшін барынша тиімді болуына сүйене отырып, орналасуын жобалау компаниясы айқындайтын теміржол инфрақұрылымын пайдалану мақсатында өнеркәсіптік теміржол станциясын салуды өзі дербес жүзеге асыруға құқылы. Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына және оның мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне жобаны жүзеге асыру мақсаттары" үшін өнеркәсіптік теміржол станциясын салу үшін қажетті барлық рұқсаттар мен келісулерге тиісті өтінімдерді алғаннан кейін тез арада ұсынуды қамтамасыз етеді. Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жобаны жүзеге асыру мақсаттары үшін теміржол станциясын пайдалануға қабылдауды да қамтамасыз етеді;

      8.2.5 Қазақстан Тарапы жобалау компаниясынан шығындардың жүзеге асырылу фактісін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсына отырып және теміржол инфрақұрылымының (оның тиісті бөлігінің) пайдалануға енгізілгенін растай отырып өтінім алғаннан кейін 60 (алпыс) жұмыс күнінен кешіктірмей жобалау компаниясының теміржол инфрақұрылымын (оның тиісті бөлігін) жобалауға және салуға, сондай-ақ тиісті бөлігінде реконструкциялауға арналған шығыстарын толық көлемде, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасына сәйкес құрылыстың жалпы құнынан аспайтын көлемде өтеуді қамтамасыз етеді. Көрсетілген өтеу жобалау компаниясы мен облыстың жергілікті атқарушы органы (немесе өзге де уәкілетті мемлекеттік орган) арасындағы теміржол инфрақұрылымына (оның тиісті бөлігіне) қатысты бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу және жүзеге асыру жолымен немесе жобалау компаниясымен келісілген өзге де тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте осындай шартты жасасу үшін жобалау компаниясы қажетті лицензиялары бар тиісті мердігерлерді тартқан жағдайда, жобалау компаниясына қандай да бір лицензиялардың болуы қажет болмайды;

      8.2.6 Қазақстан Тарапы теміржол инфрақұрылымын, сондай-ақ осы тармақтың "г" тармақшасында көрсетілген өнеркәсіптік теміржол станциясын салу және одан әрі үздіксіз пайдалану үшін жер учаскелеріне тиісті құқықтар беруді қамтамасыз етеді.

      8.3 Газбен жабдықтауды қамтамасыз ету:

      8.3.1 Қазақстан Тарапы осы Келісім күшіне енген күннен бастап үш ай ішінде зауытты пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында өнім берушінің жобалау компаниясымен газды көтерме жеткізудің ұзақ мерзімді шартын жасасуын қамтамасыз етеді. Жеткізу шарты зауыттың бірінші кезегі пайдалануға берілген күннен бастап 10 (он) жыл бойы өнім беруші тарапынан жобалау компаниясына жылына 200 (екі жүз) миллион текше метрге дейінгі көлемдегі газды үздіксіз жеткізуді көздейтін болады. Жеткізілетін газдың сапасы 5542-2014 ж. МемСТ талаптарына сәйкес болуы тиіс. Бұл ретте жобалау компаниясы өнім берушіні зауыттың бірінші кезегін пайдалануға беру күніне дейін алты. айдан кешіктірмей жеткізуді бастау қажеттігі туралы хабардар етеді;

      8.3.2 Қазақстан Тарапы жобалау компаниясы үшін газ және газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін жеткізілетін газ бағасын ұсынуды қамтамасыз етеді, ол жыл сайын мынадай көрсеткіштерден қалыптасатын бағадан аспайды:

      Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы үшін газ жеткізушінің газды сатып алуының орташа өлшемді бағасы;

      осы тармақтың "б" тармақшасының екінші абзацында көрсетілген орташа өлшемді бағаның 7%-ы мөлшеріндегі өнім берушінің рентабельділік нормасы;

      Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы үшін табиғи газды жеткізу үшін өнім беруші шеккен табиғи газды тасымалдаудың және сақтаудың орташа өлшемді шығыстары;

      8.3.3 Қазақстан Тарапы осы тармақтың "а" тармақшасында көрсетілген кезеңге ешбір өзге жағдайлар немесе мән-жайлар (инвестициялардың нақты көлемінің ұлғаюын немесе азаюын, шикізат, ресурстар мен түпкі өнім бағаларын, сондай-ақ операциялық және өзге де шығыстарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей) осы тармақтың "б" тармақшасында көрсетілген баға белгілеу тәртібін озгерту үшін негіз болмауын қамтамасыз етеді;

      8.3.4 Осы осы тармақтың "а" тармақшасында көзделген шарт шеңберінде газды сатып алу мақсаттары үшін Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес газ тарату ұйымы мәртебесін беруді қамтамасыз етеді. Бұл ретте мұндай мәртебе алу жобалау компаниясының үшінші тұлғалардың алдында газ жеткізуді қамтамасыз ету немесе өзіне тиесілі газ құбырына немесе газ тарату жүйесіне қол жеткізуді ұсыну бойынша қандай да бір міндеттемелерді немесе өзге де міндеттемелерді шарттар жасасу жолымен өзіне қабылдау жағдайларын қоспағанда, жобалау компаниясына осындай міндеттемелерді жүктемейді;

      8.3.5 Қазақстан Тарапы қосылу нүктесін салуды және осы осы тармақтың "а" тармақшасында көзделген шарт бойынша газды жеткізу мақсаттары үшін жобалау компаниясына оған қолжетімділікті ұсынуды қамтамасыз етеді;

      8.3.6 Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына, оның мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне газ құбырын салуға қажетті барлық рұқсаттар мен келісулердің ұсынылуын және берілуін, сондай-ақ газ құбырын осындай салу және пайдалану үшін қажетті жер учаскелеріне тиісті құқықтардың берілуін аса қысқа мерзімде қамтамасыз етеді. Қазақстан Тарапы газ құбырын пайдалануға беру және көрсетілген газ құбырын қосылу нүктесіне қосу мақсатында қажетті барлық құжаттарды келісуді де қамтамасыз етеді;

      8.4 Электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету - Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына зауыттың бірінші кезегі пайдалануға берілген күннен бастап Шүлбі және Өскемен су электр станциялары үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген тарифтер бойынша көрсетілген су электр станцияларынан 10 (он) жыл бойы 15 (он бес) мегаваттан аспайтын орташа сағаттық жүктемемен электр энергиясын ұсынуды қамтамасыз етеді.

      8.5 Зауыттың жекелеген шығындарын субсидиялау - Қазақстан Тарапы зауыттың бірінші кезегі пайдалануға берілгеннен кейін 10 (он) жыл бойы жобалау компаниясының магистральдық теміржол желісінің, локомотивтік тартқыштың көрсетілетін қызметтері мен жүк және коммерциялық жұмыстардың ақысын төлеуге арналған шығыстарының 50 %-ын (елу пайызын) субсидиялауды қамтамасыз етеді. Бұл ретте мұндай шығыстарды субсидиялаудың жыл сайынғы көлемі 1 200 000 000 (бір миллиард екі жүз миллион) теңгеден аспайды, көрсетілген сомаға Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы белгілеген инфляция коэффициенті қолданылады.

      8.6 Жер учаскелеріне құқық беру - Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына және (немесе) жобалау компаниясының өтініші бойынша өзге тұлғаларға жобаны іске асыруға байланысты инфрақұрылым объектілерін салу және пайдалану үшін кемінде 49 (қырық тоғыз) жыл мерзімге жер учаскелеріне жер пайдалану құқығын беруді қамтамасыз етеді. Бұл ретте көрсетілген құқықты беру барысында мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген рәсімдік нормаларды басшылыққа алады.

      8.7 Жер қойнауын пайдалану құқығын беру - Жер қойнауын пайдаланушыға және жобалау компаниясына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің талаптарына сәйкес келетін учаскелерде зауыттың қуаттарын ықтимал кеңейтуді ескере отырып, зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін қажетті пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы беріледі.

      8.8 Қолдауды және жәрдемдесуді қамтамасыз ету - Жобалау компаниясының өтініші бойынша Қазақстан Тарапы кез келген салық және кеден мәселелерін қарауда жобалау компаниясына толық жәрдемдесуге міндеттенеді және ресми құжаттаманы өңдеу мен ұсынуға жәрдемдесу және оны жеделдету мақсатында бірыңғай байланыс тұлғасын ұсынады.

9-бап. Жоба іске асырылатын ауданды дамыту бойынша ынтымақтастық

      9.1 Жоба іске асырылатын ауданды барынша дамыту мақсатында Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде жоба іске асырылатын ауданды тиісінше әлеуметтік-экономикалық дамытуды және жергілікті шағын және орта бизнесті қолдауды, оның ішінде Жаңатас қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ақша қаражатын бөлу жолымен, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдаудың жұмыс істеп тұрған қаржы институттарынан жеңілдікті қаржыландыруды беруді қамтамасыз ету жолымен қамтамасыз етеді.

      9.2 Жобалау компаниясы, оның аффилирленген тұлғалары, мердігерлері мен қосалқы мердігерлері өкілдерінің уақытша тұруы үшін орындар жасаудың маңыздылығын назарға ала отырып, Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде Жаңатас қаласында 50 (елу) және одан да коп орындық қонақүй салу мақсатында шағын бизнестің жергілікті субъектісі үшін жеңілдікті қаржыландыру бойынша жәрдем көрсетеді.

      9.3 Тиісті келісімшарттар және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығына лицензиялар шеңберінде жергілікті атқарушы органның бюджетіне жобалау компаниясы немесе оның аффилирленген тұлғалары жүргізетін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған аударымдарды толық көлемде жобалау компаниясымен келісілген және жергілікті атқарушы органдар бекіткен Жаңатас қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламасын іске асыру үшін пайдаланылуы тиіс.

10-бап. Экспроприация

      10.1 Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес мұндай шаралар дереу, барабар, тиісті және тиімді өтемақы төлей отырып, мемлекеттік мүдделерде кемсітусіз қолданылатын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Тарапы инвестордың, жобалау компаниясының және (немесе) олардың аффилирленген тұлғаларының кез келген инвестициялары Қазақстан Республикасының аумағында экспроприацияға ұшырамауы үшін қажетті барлық шараларды қабылдауды қамтамасыз етеді.

      10.2 Өтемақы жобалау компаниясына және (немесе) оның аффилирленген тұлғаларына алдағы экспроприация туралы белгілі болған күнге дейін тікелей экспроприациялауға ұшыраған инвестициялардың әділ нарықтық құнына, сондай-ақ егер осындай экспроприация нәтижесінде зауытты пайдаланудың экономикалық пайдасы төмендесе немесе мұндай пайдалану мүмкін болмаса, жобалау компаниясы шығындарының сомасына тең болуы тиіс. Әділ нарықтық құн бағалаудың жалпыға қабылданған қағидаттарына сәйкес айқындалуы тиіс.

      10.3 Өтемақы толық іске асырылатын және еркін айырбасталатын валютада еркін аударылатын болуға және қандай да бір шектеулерсіз және кідіріссіз жүзеге асырылуға тиіс. Өтемақы экспроприация күнінен бастап және нақты төлем күніне дейін төлем валютасына қатысты нарықтық шарттарда белгіленген қолданыстағы мөлшерлемеге сәйкес келетін пайыздарды қамтуы тиіс.

      10.4 Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері инвестициялардан алынатын экспроприацияланған кірістерге және жобалау компаниясы немесе оның аффилирленген тұлғалары таратылған жағдайда, таратудан түскен түсімге де қолданылады.

      10.5 Инвестициялары экспроприацияланған инвестор, жобалау компаниясы және (немесе) олардың аффилирленген тұлғалары өз ісінің дереу қаралуына және осы бапта жазылған ережелерге сәйкес Қазақстан Республикасының тиісті сот немесе өзге де құзыретті органдарының оның инвестицияларының құнын дереу айқындауына құқығы бар.

11-бап. Шығындарды өтеу

      11.1 Қазақстан Республикасының аумағындағы соғыс немесе басқа да қарулы қақтығыстар, бүліншілік, көтеріліс, бүлік, бағынбау актілері, азаматтық толқулар, жалпыға бірдей төтенше жағдай жарияланған жағдайлар салдарынан Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялары зиян шеккен инвесторға, жобалау компаниясына және (немесе) олардың аффилирленген тұлғаларына Қазақстан Тарапы реституцияға, өтеуге, өтемақыға немесе басқа да реттеуге қатысты ең тиімді режимді ұсынады.

      11.2 Қазақстан Тарапы осы баптың 1-тармағында аталған жағдайлардың кез келгенінде мынадай:

      инвестицияларын немесе оның бір бөлігін Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің немесе билік орындарының тәркілеуі;

      инвестицияларын немесе оның бір бөлігін Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің немесе билігінің жағдайдың қажеттілігімен талап етілмеген жоюы салдарынан залал шегетін инвесторға, жобалау компаниясына және (немесе) олардың аффилирленген тұлғаларына, кез келген жағдайда дереу, барабар және тиімді болуға тиіс реституция немесе өтемақы ұсынады.

      Бұл ретте өтемақы инвестициялар тәркіленген немесе жойылған күннен бастап нақты төлем күніне дейін осы Келісімнің 10-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

12-бап. Инвестицияларға байланысты төлемдерді еркін аудару

      12.1 Инвестордың, жобалау компаниясының және (немесе) олардың аффилирленген тұлғаларының Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы шартымен, Қазақстан Тарапы инвесторға, жобалау компаниясына және (немесе) олардың аффилирленген тұлғаларына Қазақстан Республикасына және одан тысқары жерлерге инвестицияларға байланысты барлық аударымдар мен қаражат төлемдері еркін және шектеусіз жүзеге асырылатынына кепілдік береді.

      12.2 Қазақстан Тарапы инвестордың, жобалау компаниясының және (немесе) олардың аффилирленген тұлғаларының осы Келісім қолданылатын бүкіл мерзім ішінде:

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес Қазақстан Республикасынан, пайданы қоса алғанда, жобаны іске асырудан алынған ақша қаражатын аударуға;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де жергілікті және шетелдік валютада банк шоттарын ашуға;

      капиталмен жасалатын операциялар бойынша төлемдерге және аударымдарға байланысты шектеулерден босатылуға;

      резидент еместермен келісімшарттар бойынша төлемдерді қоса алғанда, ағымдағы операциялар бойынша, сондай-ақ шетелдік жұмыскерлерге жалақы, жәрдемақылар және өзге де сыйақылар төлеуді көздейтін операциялар бойынша төлемдерге және аударымдарға байланысты шектеулерден босатылуға;

      әдеттегі банктік алымдарды қоспағанда, сатып алу, сату немесе айырбастау күнгі еркін нарықтық валюта бағамы бойынша шетелдік валютаны қандай да бір алымдарсыз немесе бажсыз сатып алуға, сатуға немесе кез келген басқа шетелдік валютаға немесе Қазақстан Республикасының заңды валютасына айырбастауға;

      осы Келісім бойынша немесе кез келген басқа жобалық келісім немесе келісімшарт немесе жобаны іске асыруға қатысты ұқсас құжат бойынша кез келген төлемдерді жүзеге асыруға;

      Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде шетелдік валютаны аударуға, ұстауға және сақтауға;

      Қазақстан Республикасынан тысқары жерде құрылған өзінің кез келген аффилирленген тұлғасының, мердігердің немесе қосалқы мердігердің жобаны іске асыру мақсаттары үшін ұсынылған тауарлары, жұмыстары, технологиясы мен көрсетілген қызметтері үшін осындай аффилирленген тұлғаға, мердігерге немесе қосалқы мердігерге шетелге төлемдерді шетелдік валютада жүзеге асыруға;

      құрылысқа және пайдалануға қатысы бар қандай да бір шартқа немесе келісімге сәйкес Қазақстан Республикасындағы банк шоттарында орналастырылған шетелдік валютаны мәжбүрлеп конвертациялау міндетті болып табылатын кезде осындай конвертациялаудан босатылуға құқығы бар екендігіне кепілдік береді.

      Жоғарыда көрсетілген құқықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

      12.3 Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы баптың 2-тармағында көрсетілген құқықтарды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің немесе басқа мемлекеттік органның рұқсаты талап етілген жағдайда, Қазақстан Тарапы инвесторға, жобалау компаниясына және (немесе) олардың аффилирленген тұлғаларына осындай рұқсатты алуға жәрдемдеседі. Мұндай рұқсат өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде беріледі.

13-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің растаулары

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің барлық бөлімшелерінің және тиісті мемлекеттік органдардың (республикалық деңгейдегі де, жергілікті деңгейдегі де) осы Келісімнің барлық шарттарын сақтауы мен орындауын, сондай-ақ осы Келісімде белгіленген әртүрлі рәсімдер мен функцияларды іске асыруға және орындауға жәрдемдесу үшін тағайындалған тұлғалардың нұсқауларын сақтауы мен орындауын қамтамасыз етеді.

14-бап. Ресей Федерациясы Үкіметінің растаулары

      Ресей Федерациясының Үкіметі Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес жобаны табысты іске асыру үшін қажет болуы мүмкін мақұлдауларды, келісулерді, рұқсаттарды ұсынуды және беруді қамтамасыз етеді.

15-бап. Тараптар арасындағы даулар

      15.1 Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптардың даулары келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

      15.2 Осы Келісімде ешнәрсе осы Келісімнің күшіне ену күніне Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген:

      - Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздікті қорғау;

      - Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздікті қорғау;

      - Қазақстан Республикасының қоғамдық тәртіпті қорғау;

      - Қазақстан Республикасының халықтың өмірін немесе денсаулығын, өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғау шараларын қабылдауына немесе қолдануына кедергі келтіретіндер ретінде түсіндірілмеуі тиіс.

16-бап. Әртүрлі

      16.1 Қазақстан Республикасында осы Келісімнің қандай да бір ережелерін қолдану осы Келісімді ратификациялау үшін қажетті актіні қоспағанда, заңнаманың қандай да бір актілерін қабылдауды талап етпейді және онда көрсетілген мемлекеттік органдарға осы Келісімде ұйғарылған іс-әрекеттерді жасау үшін тікелей жеткілікті өкілеттіктер береді. Сонымен бірге, осы Келісімде ешнәрсе осы Келісімді орындау мақсаттары үшін актілер қабылдаудан Тараптарды шектеу ретінде түсіндіріле алмайды.

      16.2 Осы Келісімге сүйене отырып қандай да бір іс-әрекет жасауға құқығы бар және (немесе) міндетті Қазақстан Тарапының қандай да бір мемлекеттік органы таратылған жағдайда, Қазақстан Тарапы осы Келісім шеңберінде осындай іс-әрекетті жасауға уәкілетті болатын мемлекеттік орғанды айқындайды.

      16.3 Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.

      16.4 Осы Келісім 20 (жиырма) жыл мерзімге жасалады.

      16.5 Осы Келісімге Тараптардың жазбаша келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      2020 жылғы 21 шілдесінде Мәскеу қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліңдегі мәтін пайдаланылады.     

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады