Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келiсiмді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2022 жылғы 21 қаңтардағы № 103-VII ҚРЗ.

      2019 жылғы 30 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келiсiм ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІМЕН АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫНЫҢ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ӘУЕ ҚАТЫНАСЫ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Кұрама Штаттарының Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталады)

      үкімет тарапынан ен аз араласушылық және реттеушілік болатын, нарықта авиакәсіпорындар арасында бәсекелестікке негізделген халықаралық авиация жүйесінің нығаюына ниет білдіре отырып;

      авиакәсіпорындардың жолаушылар мен жүк жөнелтушілерге қызмет көрсетудің әртүрлі нұсқаларын ұсынуын мүмкін етуге ниет білдіре отырып және жекелеген авиакәсіпорындардың дамуына және жаңашыл әрі бәсекеге қабілетті баға белгілеуді қолдануына түрткі болуға ниет білдіре отырып;

      халықаралық әуе қатынастары мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдесуге ниет білдіре отырып;

      халықаралық әуе қатынастарында ұшу кауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздіктің барынша жоғары дәрежесін қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып және әуе кемелерінің қауіпсіздігіне қарсы бағытталған, адамдарға немесе мүлікке қауіп төндіретін, әуе тасымалын жүзеге асыруға теріс әсерін тигізетін және жұртшылықтың азаматтық авиацияның қауіпсіздігіне деген сенімділігіне нұқсан келтіретін актілерге немесе қатерлерге қатысты өздерінің елеулі алаңдаушылығы туралы тағы да мәлімдей отырып; және

      1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қабылданған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның қатысушылары бола отырып;

      төмендегілер туралы уағдаласты:

      1-бап

      Анықтамалар

      Егер өзгеше көзделмесе, осы Келісімнің мақсаттары үшін:

      1. "Авиациялық биліктер" термині Қазақстан Республикасына қатысты - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін немесе индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі орындайтын функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген кез келген тұлғаны немесе ведомствоны және Құрама Штаттарға қатысты Көлік департаментін білдіреді.

      2. "Келісім" термині осы Келісімді және оған кез келген түзетулерді білдіреді.

      3. "Әуе тасымалы" термині сыйақы үшін немесе жалдау арқылы әуе көлігімен жолаушыларды, багажды, жүкті және поштаны жеке немесе біріктіріп, тұрақты немесе чартермен жүзеге асырылатын қоғамдық тасымалды білдіреді.

      4. "Тараптың авиакәсіпорны" термині Тараптың авиациялық биліктерінен пайдаланушы сертификатын (ПС) алған және негізгі қызмет орны осы Тараптың аумағындағы авиакәсіпорынды білдіреді.

      5. "Конвенция" термині 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қабылданған Халықаралық азаматтық авиацияға туралы конвенцияны білдіреді және мыналарды:

      a. Конвенцияның 94 (а)-бабына сәйкес күшіне енген және екі Тарап та ратификациялаған кез келген түзетуді; және

      b. Конвенцияның 90-бабына сәйкес екі Тарап үшін кез келген уақытта осындай қосымшаның немесе түзетудің заңдық күші болатын шамада қабылданған кез келген Қосымшаны немесе оған кез келген түзетуді қамтиды.

      6. "Толық құн" термині қызмет көрсету құнын, оған қоса ақылға қонымды әкімшілік шығын төлемін білдіреді.

      7. "Халықаралық әуе тасымалы" термині біреуден көп мемлекет аумағының әуе кеңістігі арқылы жүзеге асырылатын әуе тасымалын білдіреді.

      8. "Баға" термині халықаралық әуе тасымалымен байланысты жерүсті тасымалдарын қоса алғанда, әуе тасымалдарын орындау кезінде жолаушыларды, багажды немесе жүкті (поштаны қоспағанда) тасымалдағаны үшін авиакәсіпорындар, оның ішінде олардың агенттері тағайындайтын кез келген төлемді, мөлшерлемені немесе алымды, сондай-ақ осындай төлемнің, мөлшерлеменің немесе алымның бар екендігін айқындайтын шарттарды білдіреді.

      9. "Коммерциялық емес мақсаттардағы аялдау" термині жолаушыларды, багажды, жүкті немесе поштаны бортқа қабылдаудан немесе одан түсіруден өзге кез келген мақсаттағы қонуды білдіреді.

      10. "Аумақ" термині Тараптың егемендігіндегі құрлықтық аумақтарды, ішкі суларды және аумақтық теңізді білдіреді; және

      11. "Пайдаланушылардан алынатын алым" термині әуежайды, тиісті құралдар мен қызметтерді қоса алғанда, әуежайлық және аэронавигациялық құралдар мен қызметтер, сондай-ақ әуежай аймағындағы қоршаған ортаны қорғау мен авиациялық қауіпсіздік құралдары мен кызметтерін пайдалануға ұсынғаны үшін авиакәсіпорындардан алынатын алымды білдіреді.

      2-бап

      Құқықтар беру

      1. Әрбір Тарап екінші Тараптың авиакәсіпорындарының халықаралық әуе тасымалдарын орындауы үшін екінші Тарапқа мынадай құқықтарды:

      a. өз аумағы арқылы қонбай ұшып өту құқығын;

      b. өз аумағында коммерциялық емес мақсаттармен аялдау құқығын;

      c. пункттер арасында мынадай маршруттармен:

      (i) Қазақстанның авиакәсіпорындары үшін - Қазақстан шегінен тыс пункттерден, Қазақстан және аралық пункттер арқылы Америка Құрама Штаттарының кез келген пунктіне немесе пункттеріне және одан кейінгі пункттерге, және тек жүк тасымалдары үшін, Америка Құрама Штаттары мен кез келген пункт немесе пункттер арасында;

      (ii) Америка Құрама Штаттарының авиакәсіпорындары үшін - Америка. Құрама Штаттары шегінен тыс орналасқан пункттерден, Америка Құрама Штаттары және аралық пункттер арқылы Қазақстанның кез келген пунктіне немесе пункттеріне және одан кейінгі пункттерге, және тек жүк тасымалдары үшін, Қазақстан және кез келген пункт немесе пункттер арасында жүзеге асырылатын халықаралық әуе тасымалдарын жүзеге асыру құқықтарын; және

      d. осы Келісімде көзделген басқа да құқықтарды береді.

      2. Тараптың әрбір авиакәсіпорны кез келген немесе барлық рейстерде және өз қалауы бойынша, бағыт бойынша шектеусіз немесе географиялық шектеусіз және осы Келісімге сәйкес тасымалдауды орындауға қандай да бір құқықтарды жоғалтпай, тек жүк тасымалдарын қоспағанда, тасымалдау авиакәсіпорынның өзі тіркелген мемлекет аумағында орналасқан пунктке көрсетілетін қызметтің бір бөлігі тасымал болып табылады деген шартпен:

      a. рейстерді кез келген бір немесе екі бағытта да жүзеге асыруы;

      b. бір әуе кемесінің ұшуы шеңберінде рейстердің әртүрлі нөмірлерін біріктіруі;

      c. шегінен тыс, аралық және одан кейінгі пункттерге және Тараптардың аумақтарындағы пункттерге кез келген үйлесімде және кез келген тәртіппен кызмет көрсетуі;

      d. кез келген пунктте немесе пункттерде аялдамауы;

      е. кез келген пунктте өзінің кез келген әуе кемесінен өзінін кезкелген басқа әуе кемесіне тасымалды беруі;

      f. әуе кемесін немесе рейстің нөмірін ауыстырып немесе ауыстырмай өз аумағындағы кез келген пункт шегінен тыс пункттерге қызмет көрсетуі, сондай-ақ қызметтер көрсету жолымен жұртшылыққа осындай көрсетілетін қызметтерді ұсынуы және тікелей рейстер ретінде жарнамалауы;

      g. кез келген Тараптың аумағында да, оның аумағынан тыс та, кез келген пункттерде стоповер жасауы;

      һ. екінші Тараптың аумағы арқылы транзиттік тасымалды тасымалдауы; сондай-ақ

      і. осы тасымалдау қай жерден басталатынына қарамастан, белгілі бір әуе кемесінде тасымалды біріктіруі мүмкін.

      3. Жоғарыдағы маршруттардың кез келген учаскесінде немесе учаскелерінде, тек жүк тасымалдарын қоспағанда, шығу бағытында осындай пункттен тыс тасымалдау авиакәсіпорын тіркелген мемлекет аумағынан тасымалдаудың жалғасы болып табылады және келетін бағытқа қатысты, авиакәсіпорын тіркелген мемлекет аумағына тасымалдау одан тыс орналасқан осы пункттен тасымалдаудың жалғасы болып табылады деген. шартпен, Тараптың кез келген авиакәсіпорны халықаралық әуе тасымалдарын маршруттағы кез келген пунктте пайдаланылатын әуе кемелерінің типін немесе санын өзгертуге қатысты қандай да бір шектеулерсіз орындай алады.

      4. Осы Бапта ештеңе бір Тараптың авиакәсіпорнына немесе авиакәсіпорындарына екінші Тараптың аумағында сыйақы үшін тасымалданатын және осы екінші Тараптың аумағындағы басқа пунктке баратын жолаушыларды, багажды, жүкті немесе поштаны бортқа қабылдау құқығын беру болып есептелмейді.

      5. Бір бағытта немесе "бару және кері қайту" бағытында болсын, кез келген Тараптың аумағында басталатын халықаралық чартерлік әуе тасымалдарын орындайтын Тараптың кез келген авиакәсіпорны өз қалауы бойынша чартерлік тасымалдарға қатысты өзі тіркелген мемлекеттің не екінші Тараптың заңдарын, қағидаларын және нормаларын сақтай алады. Егер қандай да бір Тарап өзінің бір немесе бірнеше авиакәсіпорнына немесе басқа елдердің авиакәсіпорындарына қатысты өзге нормалар, қағидалар, ережелер, шарттар немесе шектеулер қолданса, екінші Тараптың әрбір авиакәсіпорны осындай талаптардың ең төменгі шектеу талабына бағынады. Осы тармақта ештеңе екі Тараптың да авиакәсіпорындарынан Тараптың жолаушылардың қаражатын қорғауға және жолаушылардың брондарын күшін жою және төлеген ақысын қайтарып алу құқықтарына қатысты талаптарды орындауды талап ету құқықтарын шектемейді. Осы тармақта аталған тұтынушыларды қорғау қағидаларын қоспағанда, Тараптардың ешбіреуі екінші Тараптың авиакәсіпорнынан осы екінші Тараптың немесе үшінші елдің аумағынан бір бағытта немесе "бару және кері қайту" бағытында тасымалдауға байланысты осы бөлімде аталған қолданыстағы заңдарға, қағидалар мен нормаларға оның сәйкес келуі туралы немесе тиісті авиациялық биліктер берген заңдардың, қағидалардың немесе нормалардың қолданысынан босату туралы біреуден коп хабарлама беруді талап етпейді.

      3-бап

      Рұқсат беру

      Әрбір Тарап екінші Тараптың авиакәсіпорындарынан пайдалануға уәкілеттік беру және техникалық рұқсат беру үшін ұйғарылған тәртіп және белгіленген нысан бойынша өтінімді алғаннан кейін ең аз рәсімдік кідіріспен:

      a. осы авиакәсіпорынға басымдықпен иелік ету және іс жүзінде бақылау жасау екінші Тарапқа, осы Тараптың азаматтарына немесе екеуіне де тиесілі:

      b. авиакәсіпорын өтінімді немесе өтінімдерді қарайтын Тараптың халықаралық әуе қатынастарын жүзеге асыру кезінде әдетте қолданылатын заңдарға және қағидаларға сәйкес белгіленген талаптарға сай келеді; және

      c. екінші Тарап 6-бапта (Қауіпсіздік) және 7-бапта (Авиациялық қауіпсіздік) жазылған ережелерді қамтамасыз етеді және орындайды деген шартпен тиісті уәкілеттік пен рұқсатты береді.

4-бап Рұқсаттың күшін жою

      1. Әрбір Тарап авиакәсіпорынның пайдалануға уәкілеттік беруіне немесе техникалық рұқсаттарына катысты, егер:

      a. авиакәсіпорын (4)-бапқа сәйкес екінші Тараптың авиакәсіпорны болып табылмаса;

      b. осы авиакәсіпорынға басымдықпен иелік ету және іс жүзінде бақылау жасау екінші Тарапқа, осы Тараптың азаматтарына немесе екеуіне де тиесілі болмаса; не

      c. осы авиакәсіпорын осы Келісімнің 5-бабында (Заңдарды қолдану) аталған заңдардың және қағидалардың сақталуын қамтамасыз етпесе, күшін жоюы, тоқтата тұруы, шектеуі немесе шарт қоюы мүмкін.

      2. Дереу іс қимыл жасау осы баптың 1с тармақшасының одан әрі сақталмауын болдырмау үшін қажет болған жағдайларды қоспағанда, осы бапта белгіленген құқықтар басқа Тараппен консультация жасау арқылы ғана жүзеге асырылатын болады.

      3. Осы бап Тараптардың кез келгенінің 6-баптың (Қауіпсіздік) және 7-баптың (Авиациялық қауіпсіздік) ережелеріне сәйкес екінші Тарап авиакәсіпорнының немесе авиакәсіпорындарының пайдалануға уәкілеттік беруіне немесе техникалық рұқсат беруіне қатысты бас тарту, кері қайтарып алу, тоқтата тұру, шектеу немесе шарт қою құқығын шектемейді.

5-бап

Заңдарды қолдану

      1. Халықаралық әуе навигациясына тартылған әуе кемелерінің бір Тараптың аумағына келуіне немесе оның аумағынан кетуіне немесе оның аумағы шегінде болған уақытта осындай әуе кемесінің пайдаланылуына және навигациясына рұқсат беруге қатысты оның заңдары мен қағидаларын осындай әуе кемелері осы Тараптың аумағына келуі, одан кетуі кезіңде және оның шегінде болуы кезеңінде сақтауға тиіс.

      2. Бір Тараптың аумағына келу кезінде, аумағында болған уақытта немесе аумағынан кету кезінде әуе кемелеріндегі жолаушылардың, экипаждың немесе жүктің оның аумағына кіруіне немесе оның.аумағынан кетуіне қатысты оның заңдары және қағидаларын (келуге, ресімдеуге, авиациялық қауіпсіздікке, иммиграцияға, паспорттық, кедендік бақылау мен карантинге қатысты қағидаларды немесе поштаны тасымалдаған жағдайда, пошта қағидаларын қоса алғанда) басқа Тараптың авиакәсіпорындарының жолаушыларымен, экипаждарымен, немесе олардың атынан, немесе жүгіне қатысты сақталады.

6-бап

Қауіпсіздік

      1. Әрбір Тарап осы Келісімде көзделген әуе тасымалдарын орындау мақсаттары үшін басқа Тарап берген немесе күшіне енгізген және мұндай сертификаттар мен лицензияларға қойылатын талаптар кем дегенде Конвенцияға сәйкес белгіленуі мүмкін ең төменгі стандарттарға тең болады деген шартпен күшінде қалатын ұшуға жарамдылық туралы куәліктерді, біліктілігі туралы куәліктерді және лицензияларды жарамды деп таниды. Алайда әрбір Тарап өз аумағының үстінен ұшуды орындау мақсаттары үшін екінші Тараптың өз азаматтарына берген немесе таныған біліктілік туралы куәліктерді жарамды деп танудан бас тарта алады.

      2. Әрбір Тарап аэронавигациялық құралдарға, ұшу экипаждарына, әуе кемелеріне және екінші Тарап авиакәсіпорындарын пайдалануға қатысты екінші Тарап сақтайтын ұшу қауіпсіздігі стандарттарына катысты консультация жүргізу туралы өтінішпен жүгінуі мүмкін. Егер осындай консультациялардың нәтижесінде Тараптың бірі екінші Тараптың кемінде Конвенцияға сәйкес белгілене алатын ең төменгі стандарттарға тең келетін осы салалардағы ұшу қауіпсіздігі нормалары мен талаптарын тиімді сақтамайтынын және қолданбайтынын анықтаса, екінші Тарап осындай ең төменгі стандарттарды орындау үшін қажетті деп саналатын тұжырымдар мен шаралар туралы хабардар етіледі және екінші Тарап тиісті түзету іс-қимылдарын қабылдайды. Егер екінші Тарап ақылға қонымды мерзімде осындай тиісті түзету іс-қимылдарын жасамаса, әрбір Тарап екінші Тараптың авиакәсіпорны немесе авиакәсіпорындарына пайдалануға уәкілеттік беруге немесе техникалық рұқсат беруге қатысты бас тарту, күшін жою, тоқтата тұру, шектеу немесе шарт қою, сондай-ақ егер екінші Тарап жоғарыда аталған стандарттарды қолданбаса және сақтамаса, осы авиакәсіпорынға немесе авиакәсіпорындарға қатысты консультацияларға дейін дереу іс-қимылдар жасау құқығын өзінде сақтайды, жедел іс-қимылдар одан әрі сақтамауды болдырмау үшін қажет.

7-бап

Авиациялық қауіпсіздік

      1. Тараптар өздерінің бір-біріне қатысты: алған азаматтық авиацияның қауіпсіздігін заңсыз араласу актілерінен қорғау міндеттемесі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатынын растайды, Халықаралық құқық бойынша өз құқықтары мен міндеттемелерінің жалпы қолданысын шектемей Тараптар, атап айтқанда, 1963 жылғы 14 қыркүйекте Токиода жасалған Әуе кеменің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы. конвенцияның, 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада жасалған Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияның, 1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреальда жасалған Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттерге қарсы күрес туралы конвенцияның және 1988 жылғы 24 ақпанда Монреальда жасалған Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілерге қарсы күрес туралы конвенцияны толықтыратын Халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететін әуежайлардағы заңсыз күш қолдану актілеріне қарсы күрес туралы хаттаманың ережелеріне сәйкес әрекет етеді.

      2. Тараптар өтініш бойынша азаматтық әуе кемесін заңсыз басып алу актілерінің және осындай әуе кемелерінің, олардың жолаушылары мен экипаждарының, әуежайлар мен аэронавигациялық құралдардың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған басқа да заңсыз актілердің алдын алу, сондай-ақ азаматтық авиация қауіпсіздігіне кез келген басқа қауіп-катердің алдын алу үшін бір-біріне барлық қажетті көмекті көрсететін болады.

      3. Тараптар өздерінің өзара қатынастарында Конвенцияға қосымшалар деп аталатын Халықаралық азаматтық авиация ұйымы белгілеген авиациялық қауіпсіздік стандарттарына және тиісті ұсынылатын практикаға сәйкес іс-қимыл жасайды; олар өздерінде тіркелген әуе кемелерін пайдаланушылардың, негізгі кызмет орны немесе тұрақты болатын жері олардың аумағындағы әуе кемелерің пайдаланушылардың сондай-ақ олардың аумағындағы әуежайларды пайдаланушылардың авиациялық қауіпсіздік жөніндегі осындай ережелерге сәйкес әрекет етуін талап етеді.

      4. Әрбір Тарап екінші Тараптың аумағына келген, одан келген кезде немесе осы екінші Тарап аумағында болу кезінде екінші Тарап талап ететін кауіпсіздік жөніндегі ережелерді сақтауға және бортқа отырғызуға немесе тиеуге дейін және соның кезінде әуе кемелерін қорғау және жолаушыларды, экипажды, қол жүктерін, багажды, жүкті, борт керек-жарақтарын тексеру үшін тиісті шараларды қолдануға келіседі. Әрбір Тарап нақты қауіп-қатерге байланысты арнайы қауіпсіздік шараларын қолдану туралы екінші Тараптың кез келген өтінішіне де оң қарайды,

      5. Әуе кемесін заңсыз басып алуға немесе жолаушылардың, экипаждың, әуе кемелерінің. әуежайлардың немесе аэронавигациялық құралдардың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған басқа да заңсыз актілерге байланысты инцидент немесе инцидент қаупі туындаған жағдайда, Тараптар өзара байланысты жеңілдету және осыңдай инцидентті немесе оның қаупін жылдам және сәтті тоқтату мақсатында басқа да тиісті шаралар қолдану жолымен бір-біріне көмек көрсетеді.

      6. Егер Тараптың бірі екінші Тарап осы Баптың авиациялық қауіпсіздік ережелерінен ауытқыды деп пайымдауға елеулі негіздері болса, осы Тараптың авиациялық биліктері екінші Тараптың авиациялық биліктерінен жедел консультация өткізуге сұрау салуы мүмкін. Осындай сұрау салу күнінен бастап 15 күн ішінде қанағаттанарлық келісімге қол жеткізілмеуі осы Тараптың авиакәсіпорнына немесе авиакәсіпорындарына пайдалануға уәкілеттік беруге және техникалық рұқсат беруге қатысты беруден бас тарту, кері қайтарып алу, шектеу немесе шарт белгілеу үшін негіз болып табылады. Төтенше жағдайда Тарап 15 күн өткенге дейін уақытша шаралар қолдана алады.

8-бап

Коммерциялық мүмкіндіктер

      1. Әрбір Тарап авиакәсіпорындары әуе тасымалдарын жарнамалау және сату үшін екінші Тараптың аумағында өкілдіктер құруға құқылы.

      2. Әрбір Тарап авиакәсіпорындары екінші Тараптың кіруге, тұруға және жалдауға қатысты заңдары мен ережелеріне сәйкес басқа Тараптың аумағына әуе тасымалдарын қамтамасыз ету үшін қажетті әкімшілік, сауда, техникалық, пайдаланушылық және басқа мамандарды жеткізуге және онда ұстауға құқылы.

      3. Әрбір авиакәсіпорын екінші Тараптың аумағында жерүсті кызметін көрсетуді ("өзіне-өзі қызмет көрсету") дербес жүзеге асыруға немесе авиакәсіпорынның қалауы бойынша осындай көрсетілетін қызметтерді толығымен немесе ішінара ұсыну үшін бәсекелес агенттер арасынан таңдауға құқылы. Құқықтар ұшу қауіпсіздігі түсінігімен байланысты физикалық шектеулерге ғана қолданылады. Егер мұндай түсініктер өзіне-өзі қызмет көрсетуді болғызбаса, жерүсті көрсетілетін қызметтері барлық авиакәсіпорындарға тең негізде қолжетімді болуға тиіс; алымдар көрсетілетін қызметтердің құнына негізделуге тиіс; және мұндай көрсетілетін қызметтер өзіне-өзі кызмет көрсету мүмкін болатындай көрсетілетін қызметтің түріне және сапасына салыстырмалы болуға тиіс.

      4. Тараптың авиакәсіпорны жолаушылардың қаражатын қорғауға, сондай-ақ жолаушылардың брондарының күшін жою және төлеген ақысын қайтарып алу құқықтарына қатысты, чартерлік тасымалдар басталатын елдің чартерлік тасымалдарға қатысты қағидаларында нақты көзделуі мүмкін жағдайларды қоспағанда, екінші Тараптың аумағында әуе тасымалдарын тікелей және авиакәсіпорынның қалауы бойынша өз агенттері арқылы сатуды жүзеге асыра алады. Әрбір авиакәсіпорынның осындай тасымалды сатуға құқығы бар және кез келген адамның мұндай тасымалды осы аумақтың валютасымен немесе еркін айырбасталатын валютамен сатып алуға құқығы бар.

      5. Әрбір авиакәсіпорынның басқа Тараптың аумағында алынған шығындардан артылған табыс сомасын өз еліне және жалпыға бірдей қолданылатын заңнамаға немесе реттеуге қайшы келетін жағдайларды қоспағанда, өз таңдауы немесе талабы бойынша кез келген басқа елге немесе елдерге аудару және аударым жасау құқығы бар. Аударуға және аударымға авиакомпания аударуға өтінімге бастама жасаған күні ағымдағы операциялар мен аударымдарға қолданылатын айырбастау бағамы бойынша оларға қатысты шектеулерсіз немесе салық салынбай дереу рұқсат етілуге тиіс.

      6. Әрбір Тараптың авиакәсіпорындарына екінші Тараптың аумағында отын сатып алуды қоса алғанда, жергілікті шығыстарды жергілікті валютамен төлеуге рұқсат етіледі, Әрбір Тараптың авиакәсіпорындары өз қалауы бойынша екінші Тараптың аумағында мұндай шығыстарды жергілікті валюталық қағидаларға сәйкес еркін айырбасталатын валютамен төлей алады.

      7. Осы Келісімге сәйкес уәкілетті тасымалдарды жүзеге асыра немесе ұсына отырып, бір Тараптың кез келген авиакәсіпорны, мысалы, блок-орынға, код-шерге немесе жалға беру туралы келісімге катысты:

      a. Тараптардың кез келгенінің авиакәсіпорнымен немесе авиакәсіпорындарымен;

      b. үшінші елдердің авиакәсіпорнымен немесе авиакәсіпорындарымен; және

      c. кез келген елдің жерүсті тасымалдаушыларымен;

      мұндай келісімге барлық қатысушылар (і) тиісті уәкілеттікке ие (іі) және осындай келісімдерге әдетте қолданылатын талаптарға сай келуі шартымен бірлескен маркетингтік келісімдер жасай алады.

      8. Екі Тараптың авиакәсіпорындары мен жүк тасымалының жанама жабдықтаушыларына халықаралық әуе тасымалдарына байланысты кеден органдары бар барлық әуежайларға және барлық әуежайлардан тасымалды қоса алғанда, Тараптар аумағында немесе үшінші елдерде кез келген пункттерге немесе кез келген пункттерден жүкті тасымалдау үшін және қолданылатын заңдар мен қағидаларға сәйкес кеден қоймасында тұрған жүкті тасымалдау үшін кез келген жерүсті көлігі құралдарын қандай да бір шектеулерсіз пайдалануға рұқсат етіледі. Мұндай жүкке, жерүсті немесе әуе көлігімен тасымалданатынына қарамастан, әуежайдағы кедендік ресімдеуге және кедендік құралдарға рұқсат беріледі. Авиакәсіпорындар, басқа авиакәсіпорындар және жүк әуе тасымалының жанама жабдықтаушылары жүзеге асыратын жерүсті тасымалын қоса алғанда, жерүсті тасымалын орындауды өздігінен таңдай алады немесе басқа жерүсті тасымалдаушыларымен келісім жасау арқылы қамтамасыз ете алады. Жүк жөнелтушілерді осындай тасымал бойынша фактілерге қатысты жанылыстырмауы шартымен мұндай аралас жүк тасымалдары, құрамдастырылған әуе және жерүсті тасымалдары үшін бірыңғай ортақ баға бойынша ұсыныла алады.

9-бап

Кедендік баж бен алымдар

      1. Бір Тараптың аумағына келген кезде екінші Тараптың авиакәсіпорындарының халықаралық әуе тасымалдарын жүзеге асыратын әуе кемелері, олардың борт жабдығы, жерүсті жабдығы, жанармай, жағармай материалдары, техникалық шығыс, материалдары, қосалқы бөлшектер (қозғалтқыштарды қоса алғанда), авиациялық қорлары (тамақ өнімдері, сусындар және спирттік ішімдіктер, темекі өнімдері және ұшу кезінде шектеулі көлемде сатуға немесе жолаушылардың пайдалануына арналған басқа да өнімдерді қоса алғанда, бірақ ондай өнімдермен шектелмей) және халықаралық әуе тасымалын орындайтын әуе кемесінің пайдалануына немесе оған қызмет көрсетуге ғана арналған немесе пайдаланылатын басқа да заттар, мұндай жабдықтар мен материалдар әуе кемесінің бортында қалу шартымен өзара негізде (а) мемлекеттік органдар белгілейтін және (Ь) көрсетілетін қызметтер құнына негізделмеген импортқа барлық шектеулерден, меншікке салынатын салықтардан және капиталға салынатын салықтардан, кедендік баждардан, акциздерден. және ұқсас алымдар мен төлемдерден. босатылады.

      2. Өзара негізде мынадай:

      a. тіпті мұндай қорлар олар бортқа қабылданатын Тарап аумағының шегінде ұшу жолының бір бөлігінде пайдаланылатын болса да, Тараптың аумағына әкелінетін немесе жеткізілетін және екінші Тараптың халықаралық әуе тасымалдарын жүзеге асыратын авиакәсіпорындарының ұшып шығатын әуе кемесінде пайдалану үшін ақылға қонымды шекте бортқа қабылданатын авиациялық қорларды;

      b. басқа Тарап авиакәсіпорнының халықаралық әуе тасымалдарын жүзеге асыратын әуе кемелеріне кызмет көрсету, оларды күтіп-ұстау немесе жөндеу үшін Тараптың аумағына әкелінетін жерүсті жабдығы және қосалқы бөлшектерді (қозғалтқыштарды қоса алғанда);

      c. тіпті мұндай материалдар олар бортқа қабылданған Тарап. аумағының шегінде жасалатын ұшу жолының бір бөлігінде пайдаланылатын болса да, екінші Тарап авиакәсіпорнының халықаралық әуе тасымалдарын жүзеге асыратын Тараптың аумағына әкелінетін немесе жеткізілетін жанармай, жағармай материалдарын және техникалық шығын материалдарын; және

      d. тіпті мұндай материалдар олар бортқа қабылданатын Тарап аумағының шегінде жасалатын ұшу жолының бір бөлігінде пайдаланылатын болса да, Тараптың аумағына әкелінетін немесе жеткізілетін және басқа Тараптың халықаралық әуе тасымалын жүзеге асыратын авиакәсіпорнының ұшып кететін әуе кемелерінде пайдалану үшін ақылға қонымды шекте бортқа қабылданатын ақпараттық және жарнама материалдарын ұсыну жөніндегі көрсетілетін қызметтер құнының негізіндегі алымдарды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтардан, баждан, төлемдер мен алымдардан босатылады,

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында айтылған жабдықтар мен материалдардың тиісті биліктердің қадағалауымен немесе бақылауымен сақтауы талап етілуі мүмкін.

      4. Осы бапта көзделген босатулар бір Тараптың авиакәсіпорындары екінші Тараптың аумағында осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген заттарды жалға алғаны немесе аудару үшін екінші Тарапта қолданылатын босатуларды ұқсас тәсілмен пайдаланатын басқа авиакәсіпорындармен шарт жасасқан жағдайларда да қолжетімді болады.

10-бап

Пайдаланушылардан алынатын алымдар

      1. Әрбір Тараптың алымдарды алатын құзыретті биліктері немесе органдары екінші Тараптың авиакәсіпорындарына салуы мүмкін пайдаланушылардан алынатын алымдар әділ және орынды болады, ретсіз кемсітушілік сипатта болмайды және пайдаланушылардың әртүрлі санаттары арасында әділ бөлінеді. Кез келген жағдайда екінші Тараптың авиакәсіпорнына кез келген басқа авиакәсіпорынға алымдар салынатын сәтте ұсынылатын қолайлы шартқа қарағанда қолайлылығы кем болмайтын шартпен кез келген сондай салымдар салынады.

      2. Басқа Тараптың авиакәсіпорындарына салынатын пайдаланушылардан алынатын алымдар, алымдарды алатын құзыретті билік орындары немесе органдарының қамтамасыз ететін әуежайдағы немесе әуежай жүйесі шеңберінде тиісті әуежайлық және аэронавигациялық құралдар мен қызметтер, сондай-ақ, әуежай аймағындағы қоршаған ортаны және авиациялық кауіпсіздікті қорғау құралдары мен қызметтерін көрсетуі мүмкін, бірақ толық құнынан аспауға тиіс. Мұндай алымдар амортизацияны шегергенде активтерге ақылға қонымды тиесілі табысты қамтуы мүмкін. Құралдар мен қызметтерді қамтамасыз ету үшін алынатын алымдар тиімді және үнемді негізде ұсынылады.

      3. Әрбір Тарап өз аумағында алымдарды алатын құзыретті биліктері немесе органдары мен қызметтерді және құралдарды пайдаланатын авиакәсіпорындар арасында консультациялар өткізуді көтермелейді және алымдарды алатын құзыретті биліктерінің немесе органдардың және авиакәсіпорындардың осы баптың 1 және 2-тармақтарындағы қағидаттарға сәйкестігі тұрғысынан алымдардың негізділігін нақты тексеру үшін қажет болуы мүмкін осындай ақпарат алмасуын көтермелейді. Әрбір Тарап алымдарды алатын құзыретті биліктерді пайдаланушылардың өзгерістер енгізілгенге дейін өз пікірлерін айтуына мүмкіндігі болуы үшін пайдаланушылардан алынатын алымдардағы өзгерістерге қатысты кез келген ұсыныстар туралы пайдаланушыларды уақтылы хабардар етуді көтермелейді.

      4. 14-бапқа сәйкес дауларды шешу рәсімдерін жүзеге асыру кезінде Тараптардың ешқайсысы. егер: (а) ол ақылға қонымды уақыт кезеңінде екінші Тарап берген шағымның нысанасы болып табылатын алымдарды немесе практиканы кайта қарауды жүргізсе; немесе (b) осындай қайта қараудан кейін ол осы бапқа сыйымсыз кез келген алымды немесе кез келген практиканы түзету үшін билігіндегі барлық шараларды қолданса, осы баптың қандай да бір ережелерін бұзған болып есептелмейді.

11-бап Адал бәсекелестік

      1. Әрбір Тарап екі Тараптың да авиакәсіпорындарына осы Келісіммен реттелетін халықаралық әуе тасымалдарын ұсынуда әділ және тең бәсекелесуге мүмкіндік береді.

      2. Әрбір Тарап әрбір авиакәсіпорынға нарықтағы коммерциялық пайымдарға сүйене отырып, олар ұсынатын халықаралық әуе тасымалдарының жиілігі мен сыйымдылығын айқындауға рұқсат береді. Осы құқыққа сәйкес Тараптардың ешқайсысы бұған кедендік, техникалық, пайдалану себептерімен байланысты немесе қоршаған ортаны қорғау себептеріне байланысты жағдайларды қоспағанда, Конвенцияның 15-бабына сай келетін біркелкі талаптарға сәйкес екінші Тараптың авиакәсіпорындары пайдаланатын әуе кемелерінің тасымалдау көлеміне, тасымалдау жиілігіне немесе тұрақтылығына, әуе кемелерінің типіне немесе типтеріне біржақты тәртіппен шектеу енгізбейді.

      3. Тараптардың ешқайсысы екінші Тараптың авиакәсіпорындары үшін бірінші бас тарту құқығын, жүктеудің дәрежесі, қарсылық білдіру құқығының болмауы үшін алым туралы немесе осы Келісімнің мақсаттарына сәйкес келмейтін тасымалдау сыйымдылығына, жиілігіне немесе кез келген басқа көлеміне қатысты талаптарды енгізбейді.

      4. Тараптардың ешқайсысы осы баптың 2-тармағында көрсетілген біркелкі талаптардың орындалуын тең құқықтық негізде талап етілуі мүмкін болатын немесе осы Келісімде арнайы айтылуы мүмкін жағдайларды қоспағанда, екінші Тарап авиакәсіпорнының чартерлік рейстерінің кестелерін және жоспарларын немесе ұшуды жүргізу жоспарларын бекітуге ұсынуын талап етпейді. Егер қаңдай да бір Тарап мәлімет үшін ақпарат ұсынуды талап етсе, онда ол делдал авиакөлік органдарына және екінші Тараптың авиакәсіпорындарына мәліметтерді ұсыну талаптары мен рәсімдерінің әкімшілік ауыртпалығын барынша азайтады.

12-бап Баға белгілеу

      1. Әрбір Тарап екі Тараптың да авиакәсіпорындарына нарықтағы коммерциялық пайымдардың негізінде әуе тасымалдарының бағасын белгілеуге мүмкіндік береді.

      2. Тараптар аумақтарының арасындағы халықаралық әуе тасымалдары үшін бағаларды ұсыну талап етілмейді. Жоғарыда айтылғанға қарамастан, Тараптардың авиакәсіпорындары Тараптардың авиациялық биліктеріне өтініш түскеннен кейін бұрынғы, қолданыстағы және ұсынылатын бағалар туралы ақпаратқа авиациялық биліктер үшін қолайлы тәсіл мен форматты пайдалана отырып, дереу қол жеткізуді ұсынады.

13-бап Консультациялар

      Әрбір Тарап осы Келісімге қатысты консультациялар өткізуге кез келген уақытта сұрау сала алады, Мұндай консультациялар мүмкіндігінше таяу уақытта, бірақ егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, екінші Тарап өтінішті алған күннен бастап 60 күннен кешіктірілмей басталады.

14-бап Дауларды реттеу

      1. 12-бапқа (Баға белгілеу) сәйкес туындауы мүмкін дауларды қоспағанда, 13-бапқа сәйкес консультациялар үшін белгіленген күннен бастап 30 күн ішінде шешілмеген, осы Келісімге сәйкес туындайтын кез келген дау Тараптардың келісуі бойынша шешім кабылдау үшін белгілі бір тұлғаға немесе органға берілуі мүмкін. Егер Тараптар бұған келіспесе, Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің дауды төрелікке тапсыруды сұрайтыны туралы жазбаша хабарлама жібере алады.

      2. Төрелікті құрамында үш төрешісі бар аралық сот жүзеге асырады, ол мынадай тәсілмен құрылады:

      a) төрелік туралы өтінішті алғаннан кейін 30 күн ішінде әрбір Тарап бір төрешіні тағайындайды. Осы екі төреші тағайындалғаннан кейін 60 күн ішінде олар уағдаластық бойынша үшінші төрешіні тағайындайды, ол төрелік соттың төрағасы ретінде әрекет етеді;

      b) егер қандай да бір Тарап төрешіні тағайындамаса немесе осы тармақтың а) тармақшасына сәйкес үшінші төреші тағайындалмаса, Тараптардың кез келтені 30 күн ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Кеңесінің Президентіне қажетті төрешіні немесе төрешілерді тағайындау туралы өтінішпен жүгіне алады. Егер Кеңестің Президенті Тараптың біреуінің азаматтығына ие болса, осы негізде құқық қабілеті жоқ деп танылмаған Вице-президенттердің ішіндегі ең үлкені тағайындауды жүзеге асырады.

      3. Аралық сот осы Келісім бойынша өзінің құзыреті шеңбері туралы шешім қабылдауға құқылы және өзгеше келісілген жағдайларды қоспағанда, өзінің рәсім қағидаларын белгілейді, Төрелік сот құрылғаннан кейін өзінің нақты шешімін шығарғанға дейін Тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша көмек көрсету бойынша уақытша шараларды ұсына алады. Егер Тараптардың қайсыбірі осыны талап етсе немесе сот осыны орынды деп тапса, төрелік сот толық қалыптасқаннан кейін 15 күннен кешіктірілмей төрелік талқылауға жататын нақты мәселелерді шешу жөнінде кеңес және қолданылуға жататын нақты рәсімдер өткізілуі тиіс.

      4. Өзгеше келісілген немесе төрелік сот қаулысымен көзделмеген болса, талап-арыз аралық сот толық құрылған сәттен бастап 45 күн ішінде ұсынылуға тиіс, ал талап-арыз бойынша қарсылық білдіру осыдан кейін 60 күнінен кейін ұсынылуға тиіс. Өтініш берушінің кез келген жауабы талап-арыз бойынша қарсылық білдіру ұсынылған кезден бастап 30 күн ішінде берілуге тиіс. Талап қоюшының кез келген жауабы талап-арыз бойынша қарсылық ұсынылғаннан кейін 30 күн ішінде берілуге тиіс. Егер Тараптардың қайсыбірі осыны өтінсе не.месе аралық сот осыны орынды де.п тапса, аралық сот соңғы жауаптың мерзімі өткеннен кейін 45 күн ішінде тыңдауды өткізуге тиіс.

      5. Аралық сот тыңдау аяқталғаннан кейін немесе егер тыңдау өткізілмесе, соңғы жауап ұсынылғаннан кейін 30 күн ішінде жазбаша шешім шығаруға ұмтылады. Аралық сотта көпшілік қабылдаған шешім басым күшке ие болады.

      6. Тараптар шешім шығарылғаннан кейін 15 күн ішінде оны түсіндіру туралы өтініш бере алады және кез келген түсіндіру осындай өтінішпен жүгінгеннен кейін 15 күн ішінде беріледі.

      7. Әрбір Тарап өзінің мемлекеттік заңнамасына үйлесімді дәрежеде аралық соттың кез келген шешіміне немесе қаулысына толық заңдық күш береді.

      8. Төрешілердің алымдары мен шығындарын қоса алғанда, аралық соттың шығыстары Тараптар арасында тең бөлінеді. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Кеңесі Президентінің осы баптың 2b тармағының рәсімдеріне байланысты шеккен кез келген шығыстары аралық сот шығыстарының бір бөлігі болып есептеледі.

15-бап Қолданысын тоқтату

      Әрбір Тарап кез келген уақытта екінші Тарапқа өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату шешімі туралы жазбаша хабарлама жібере алады. Осындай хабарлама бір мезгілде Халықаралық азаматтық авиация ұйымына жіберіледі. Осы Келісім хабарлама осы мерзім аяқталғанға дейін Тараптардың келісуі бойынша кері қайтарып алынған жағдайларды қоспағанда, оны тоқтату туралы жазбаша хабарлама күнінен кейін бір жыл бойы қолданылатын Халықаралық әуе көлігі ұйымының (ІАТА) көлік кезеңінің соңында сағат 00:00-де (екінші Тарап хабарламаны алған жері бойынша) қолданысын тоқтатады.

16-бап ИКАО-да тіркеу

      Осы Келісім және оған кез келген түзету Халықаралық азаматтық авиация ұйымында тіркеледі.

17-бап Күшіне енуі

      Осы Келісім Тараптар арасындағы дипломатиялық ноталар алмасуда осы Келісімнің күшіне енуі үшін барлық қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғанын растайтын соңғы нота алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осыны КУӘЛАНДЫРУ үшін өздерінің тиісті үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      2019 ж. "30" желтоқсанда Нұр – Сұлтан қаласында екі төлнұсқа данада қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ЖАСАЛДЫ, барлық мәтіндердің күші бірдей.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ ҮШІН

АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТATTАРЫНЫҢ ҮКІМЕТІ ҮШІН


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады