2021 жылғы 7 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті (бұдан әрі - Тараптар)
қалыптасқан өзара достық қарым-қатынастарды және әскери саладағы ынтымақтастықты күшейтуге ниет білдіре отырып,
1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Әскери саладағы ынтымақтастық туралы шарттың ережелерін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қазақстан Тарапы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін және қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету мақсатында Қырғыз Тарапына әскери мүлікті өтеусіз беру түрінде әскери-техникалық жәрдем көрсетеді.
Әскери мүліктің атаулары мен көлемдерін осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 2 ай мерзімде Тараптардың уәкілетті органдары дипломатиялық арналар арқылы келіседі.
Қырғыз Тарапы Қазақстан тарапынан алған әскери мүлікті тек қана осы Келісімнің мақсатында пайдаланады, үшінші Тарапқа бермейді және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге қарсы пайдаланбайды.
2-бап
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
Қырғыз Тарапынан - Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрлігі болып табылады.
Уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
3-бап
Қазақстан Тарапы әскери мүлікті Қазақстан Республикасының аумағынан Қырғыз Республикасының аумағына (Қой-Таш елді мекені) дейін автомобиль көлігімен жеткізуді қамтамасыз етеді, онда Тараптардың уәкілетті органдары тағайындаған өкілдер актіні ресімдей отырып, әскери мүлікті қабылдау-беруді жүргізеді. Қой-Таш елді мекеніне дейінгі көлік шығыстарын Қазақстан Тарапы төлейді.
4-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамалармен ресімделеді.
5-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
6-бап
Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Қазақстан Тарапының жазбаша хабарламасын Қырғыз Тарапы дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім Қырғыз Тарапына осы Келісімге сәйкес берілетін әскери мүлік толық берілген сәттен бастап өз қолданысын тоқтатады, оны Тараптар дипломатиялық арналар арқылы растайды.
2021 жылғы "7" желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз РеспубликасыныңМинистрлер Кабинеті Үшін |