Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2022 жылғы 1 шiлдедегi № 132-VII ҚРЗ.

      1-бап. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 62-баптың үшінші бөлігі мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) алып келген, ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операциялар жасағаны үшін заңды тұлға әкімшілік құқық бұзушылық жасалған күннен бастап үш жылдан кешіктірілмей әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады.";

      2) 214-бап мынадай мазмұндағы 3-1-бөлікпен толықтырылсын:

      "3-1. Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұрау салуы бойынша заңды тұлғалардың "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-3-бабының 4-тармағында көзделген ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды бермеуі, уақтылы бермеуі –

      шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – сексен, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.";

      3) мынадай мазмұндағы 214-1-баппен толықтырылсын:

      "214-1-бап. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) алып келген, ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операция жасау

      Заңды тұлғаның жеке тұлғасы үшін көрінеу қылмыстық жолмен алынған, ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті иеленуге, пайдалануға немесе оған билік етуге заңды түр беруге алып келген, көрсетілген ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операцияны осы заңды тұлғаның жасауы –

      шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – жеті жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      Ескертпелер.

      1. Осы бапта жеке тұлға деп осы баптың бірінші абзацында аталған заңды тұлғада тұрақты, уақытша не арнайы өкілеттік бойынша ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды жүзеге асыратын адамды немесе осындай заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының заңдарына немесе заңды тұлғаның жарғысына сәйкес ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операциялар жасау құқығына ие қызметкерін немесе осындай заңды тұлғаның "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 3) тармақшасында айқындалған бенефициарлық меншік иесін түсінген жөн.

      2. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) алып келген, ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалған операция туралы ерікті түрде мәлімдеген заңды тұлға, егер оның әрекеттерінде өзге құқық бұзушылық құрамы болмаса, әкімшілік жауаптылықтан босатылады.";

      4) 684-баптың бірінші бөлігіндегі "214," деген цифрлар "214 (бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші және он үшінші бөліктерінде), 214-1," деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) мынадай мазмұндағы 722-2-баппен толықтырылсын:

      "722-2-бап. Қаржы мониторингін жүзеге асыратын уәкілетті орган

      1. Қаржы мониторингін жүзеге асыратын уәкілетті орган осы Кодекстің 214 (3-1-бөлігінде)-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды.

      2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға қаржы мониторингін жүзеге асыратын уәкілетті органның бірінші басшысы, оның орынбасарлары және уәкілетті қызметкерлері құқылы.";

      6) 804-баптың бірінші бөлігінде:

      23) тармақша "134," деген цифрлардан кейін "214 (бұл бұзушылықтарды цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар жасаған кезде)," деген сөздермен толықтырылсын;

      27-1) тармақшада:

      түзету орыс тіліндегі мәтінге енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      "214" деген цифрлардан кейін "(бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші және он үшінші бөліктері)" деген сөздермен толықтырылсын;

      "бухгалтерлер жасаған кезде)," деген сөздерден кейін "214-1, 462," деген цифрлармен толықтырылсын.

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады