2021 жылғы 28 мамырда Минскіде жасалған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Бейресми аударма |
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге катысушы мемлекеттердің үкіметтері,
2010 жылғы 19 қарашадағы Зияткерлік меншікті құқықтық күзету мен қорғау саласындағы ынтымақтастық және Зияткерлік меншікті құқықтық күзету мен қорғау мәселелері жөнінде мемлекетаралық кеңес құру туралы келісімді негізге ала отырып, 1883 жылғы 20 наурыздағы Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясының және 1994 жылғы 15 сәуірдегі Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімнің ережелерін назарға ала отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
Тараптар арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге маңызды мән бере отырып,
тұтынушылар мен өндірушілерді қорғалатын тауар белгілерімен және географиялық көрсеткіштермен бірдей немесе айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас белгілемелермен заңсыз таңбаланған тауарларды өткізуден қорғау жөнінде бірлескен шараларды жүзеге асыру қажеттілігін мойындай отырып,
осындай жаңылыстыратын белгілемелерді, сондай-ақ жосықсыз бәсекелестіктің өзге де әрекеттерін пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай анықтамалар пайдаланылады:
тауар - қандай да бір қоғамдық қажеттілікті қанағаттандыратын, сату және айырбастау үшін өңдірілген, яғни оны басқа тауарларға айырбастау процесінде белгіленген құндылыққа ие зат;
тауар белгісі - осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын және азаматтық айналымға қатысушылардың бірінің тауарларын азаматтық айналымға басқа қатысушылардың тауарларынан дараландыру үшін қызмет ететін белгілеме;
географиялық көрсеткіш - құқықтары осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес туындаған және егер тауардың сапасы, беделі немесе өзге де сипаттамалары оның географиялық шығарылған жеріне елеулі дәрежеде негізделген болса, тауарды осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағынан, осы аумақтардағы өңірден немесе жергілікті жерден шығарылған деп сәйкестендіретін белгілемесі. Тараптар географиялық көрсеткіштер осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тауарлар шығарылған жерлердің атаулары ретінде қорғалуы мүмкін екенін мойындайды;
жалған тауар белгісі - тауарға түсірілуі тиісті тауар белгілерінің құқық иелерінің құқықтарын бұзатын және (немесе) тұтынушыларды тауардың сапасына, шығарылған жеріне немесе өзге де сипаттамаларына катысты жаңылыстыруға әкелетін белгілеме;
жалған географиялық көрсеткіш - тауарға түсірілуі тиісті географиялық көрсеткіштердің құқық иелерінің құқықтарын бұзатын және (немесе) тұтынушыларды тауардың сапасына, шығарылған жеріне немесе өзге де сипаттамаларына катысты жаңылыстыруға әкелетін белгілеме.
2-бап
Осы Келісімнің мақсаты Тараптарға түсірілген жалған тауар белгілері және географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіру мен өткізу, сондай-ақ осындай тауарларды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу фактілерінің алдын алу, оларды анықтау және олардың жолын кесу мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жағдайлар жасау болып табылады.
3-бап
Осы Келісімді іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасын басшылыққа ала отырып:
түсірілген жалған тауар белгілері және географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіру мен өткізудің, оның ішінде оларды экспорттаудың немесе импорттаудың, сондай-ақ тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді қорғауға байланысты басқа да құқық бұзушылықтардың профилактикасы, оларды анықтау, олардың жолын кесу мен алдын алу жөніндегі іс-шараларды бірлесіп жоспарлайды және жүзеге асырады;
сұрау салу бойынша:
осы Келісімнің қолданылу аясына жататын мәселелерді реттейтін нормативтік құқықтық актілер;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдары анықтаған, түсірілген жалған тауар белгілері және географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіру мен өткізу фактілері, экспорттау немесе импорттау әрекеттері;
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағына әкелінетін тауарларға түсірілген тауар белгілері және географиялық көрсеткіштер туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
өнеркәсіптік меншік саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге жәрдемдеседі;
семинарлар мен конференциялар өткізеді;
зияткерлік меншік саласында кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру саласында ынтымақтасады;
тиісті әдістемелік және арнайы әдебиеттермен алмасуды жүзеге асырады.
4-бап
Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес бірлескен іс-қимылдар және өздеріне ерікті түрде қабылданған міндеттемелер негізінде түсірілген жалған тауар белгілері және географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіру мен өткізудің алдын алу және жолын кесу бойынша келісілген шаралар қабылдайды.
5-бап
Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелері болып табылатын осы Келісімге катысушы мемлекеттер жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесуге қатысты бөлігінде 1994 жылғы 15 сәуірдегі Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімде тіркелген өз міндеттемелерін растайды.
Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелері болып табылмайтын осы Келісімге катысушы мемлекеттер көрсетілген Келісімге енгізілген қағидалар мен нормаларды ұстануға талпынады.
6-бап
Тараптар тауар белгілеріне және географиялық көрсеткіштерге қатысты мыналардың:
1) тауарды белгілеу немесе таныстыру кезінде осы тауардың нақты шығарылған жерінен өзгеше географиялық ауданнан шыққанын көрсететін немесе онымен байланыс тудыратын, осылайша оның тұтынушыны тауардың шығарылған жері мен қасиеттеріне қатысты жаңылыстыруға әкелетін кез келген құралдарды пайдаланудың;
2) 1883 жылғы 20 наурыздағы Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясының 10-bis бабының мағынасы бойынша жосықсыз бәсекелестік әрекеті болып табылатын кез келген пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік беретін құқықтық қорғау құралдарын көздейді.
7-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тауар белгісін тіркеуден немесе тауар белгісіне айрықша құқыққа билік етуді тіркеуден бас тартуы мүмкін немесе тауар белгісін тіркеуді немесе осы Келісімге катысушы қандай да бір мемлекеттің көрсетілген аумағынан шығарылмайтын тауарлар үшін тауар белгісінде осындай тауарлардың нақты шығарылған жеріне катысты тұтынушыларды жаңылыстыратын осындай атау пайдаланылған жағдайда, географиялық объектінің атауынан тұратын немесе оны қамтитын тауар белгісіне айрықша құқыққа билік етуді тіркеуді жарамсыз деп тануы мүмкін.
8-бап
Осы Келісімнің 7-бабында көрсетілген құқықтық қорғау құралдары тауарлар шығарылатын аумаққа, өңірге немесе жергілікті жерге катысты дәлме-дәл дұрыс болса да, тұтынушыларға тауарлардың аумақтық шығарылған жері туралы қате түсінік беретін географиялық көрсеткіштерге қатысты да қолданылады.
9-бап
Осы Келісімде көзделген құқықтық қорғау құралдарын қолдануды оңайлату үшін Тараптар географиялық көрсеткіштер мен тауарлар шығарылған жерлердің атауларын тіркеудің және құқықтық қорғаудың көпжақты жүйесін, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарында оларды қорғау туралы ақпарат алмасу тетігін құру туралы келіссөздер жүргізу мүмкін.
10-бап
Тараптар осы Келісімге катысушы мемлекеттердің заңнамасына осындай бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шұғыл шараларды және бұзушылықтар болған жағдайда әкімшілік-құқықтық санкцияны білдіретін құралдарды қоса алғанда, осы Келісімде айтылған құқықтардың кез келген бұзылуына қарсы тиімді шараларды көздейтін тауар белгілеріне және географиялық көрсеткіштерге құқықтарды сақтау жөніндегі рәсімдер туралы ережелерді енгізуді қамтамасыз етеді. Бұл рәсімдер заңды сауданы теріс пайдаланудан қорғауды қамтамасыз етуге және онда кедергілер келтіруге тосқауыл болуға тиіс.
11-бап
Тауар белгілеріне және географиялық көрсеткіштерге құқықтардың сақталуын қамтамасыз ететін рәсімдер барлығына тең және әділ болуға тиіс.
12-бап
Тараптар осы Келісімнің ережелерін іске асыру бойынша ынтымақтастықты осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдары арқылы жүзеге асырады.
Тараптар өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдарының тізбесін айқындайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны тапсыру кезінде бұл жөнінде депозитарийге хабарлайды. Уәкілетті (құзыретті) органдар тізбесінің өзгеруі туралы Тараптардың әрқайсысы бір ай ішінде дипломатиялық арналар арқылы депозитарийді жазбаша хабардар етеді.
13-бап
Тараптардың осы Келісімнің ережелерін іске асыру бойынша өзара іс-қимылын үйлестіру Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастық органы - Зияткерлік меншікті құқықтық күзету мен қорғау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңеске жүктеледі.
14-бап
Осы Келісімді іске асыру бойынша Тараптар өткізетін іс-шараларды қаржыландыру осы Келісімге катысушы мемлекеттердің бюджеттерінде тиісті министрліктер мен ведомстволарға олардың функцияларын орындауға жыл сайын көзделетін қаражат шеңберінде жүзеге асырылады.
15-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
16-бап
Тараптар арасында осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.
17-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
18-бап
Осы Келісім ол күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Қосылушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
19-бап
Осы Келісім шектелмеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы депозитарийге осы Келісімнен шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып және Келісімнің қолданысы кезінде туындаған міндеттемелерді реттей отырып, одан шығуға құқылы.
20-бап
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттер үшін осы Келісім өздері үшін күшіне енген күннен бастап 1999 жылғы 4 маусымдағы Жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі шаралар туралы келісім өз қолданысын тоқтатады.
2021 жылғы 28 мамырда Минск қаласында орыс .тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін |
Армения Республикасының Үкіметі үшін |
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін |
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін |
Молдова Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |
Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін |
Түрікменстан Үкіметі үшін |
Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін |
Украина Үкіметі үшін |
2021 жылғы 28 мамырдағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімге ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕСКЕРТПЕСІ
Әзербайжан Республикасы Армения Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы қақтығыстың салдарлары толық жойылғанға және қатынастар қалыпқа келтірілгенге дейін Келісімнің ережелерін Армения Республикасына катысты қолданбайтын болады.
Әзербайжан Республикасының
Премьер-Министрі Али Асадов
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісім туралы 2021 жылғы 28 мамырдағы шешіміне АРМЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ПІКІРІ
ТМД Үкімет басшылары кеңесінің ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісім туралы 2021 жылғы 28 мамырдағы шешіміне Әзербайжан Республикасының ескертпе ұсынуына байланысты армениялық тарап мынаны атап өтуді қажет деп санайды.
Армения Республикасы Әзербайжан Республикасының Арцах Республикасына қарсы әскери агрессиясының салдары толық жойылғанға дейін және таулы-карабах қақтығысы БҰҰ Жарғысында бекітілген мақсаттарға қол жеткізу мүддесі үшін халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттарына сәйкес саяси-дипломатиялық жолмен шешілгенге дейін Келісімнің ережелерін Әзербайжан Республикасына қатысты қолданбайтын болады.
Армения Республикасы Вице-премьерінің м. а. |
М.Г. Григорян |
Осымен қоса беріліп отырған мәтін 2021 жылғы 28 мамырда Минск қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкімет басшылары кеңесінің отырысында қол қойылған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімнің теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын. Жоғарыды аталған Келісімнің түпнұсқасы данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.
Атқару Комитеті төрағасының Бірінші орынбасары - ТМД Атқарушы хатшысы |
Л.В. Анфимов |