Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 29 маусымдағы № 13-VIII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

      1) 116-баптың 3-тармағының 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) тауарлық газға және сұйытылған мұнай газына;";

      2) 124-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "124-1-бап. Тауарлық газға және сұйытылған мұнай газына баға белгілеу

      1. Мемлекет Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес тауарлық газға және сұйытылған мұнай газына бағаларды реттейді.

      2. Газды өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ тауарлық газды және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша өзі айқындаған жағдайларда және тәртіппен белгілейді.

      3. Тауарлық газды немесе сұйытылған мұнай газын өнім беру жоспары шеңберінде өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар белгіленген шекті бағаларды асырып жібермеуге міндетті.".

      2. "Газ және газбен жабдықтау туралы" 2012 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      18) және 28-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "18) газ толтыру пункті – сұйытылған мұнай газын сақтауға, тұрмыстық баллондарға қотару мен құюға, сондай-ақ тұрмыстық баллондарды жөндеуге және кәдеге жаратуға арналған инженерлік құрылысжай;";

      "28-1) мұнай-газ-химия өнімдері – химиялық процестерді жүзеге асыру арқылы көмірсутек шикізатынан алынатын және дайын өнім немесе кейіннен химиялық түрлендіру үшін шикізат ретінде пайдаланылатын өнім;";

      мынадай мазмұндағы 31-1) және 34-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "31-1) сұйытылған мұнай газын өндірушінің өндірістік объектісі – көмірсутек шикізатын қабылдауға, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін сұйытылған мұнай газын өндіруге, сақтауға, қотаруға, құюға, айдауға, тасымалдауға, тиеп-жөнелтуге және өткізуге арналған технологиялық жабдықты, резервуарлық паркті, сұйытылған мұнай газын автомобиль, сондай-ақ теміржол (бар болған кезде) арқылы құю эстакадаларын, техникалық құрылғылар мен коммуникацияларды қамтитын ғимараттар мен құрылысжайлар кешені;";

      "34-1) тауарлық газды, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндіру – тауарлық газды, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды алуды қамтамасыз ететін, көмірсутек шикізатын және (немесе) оны қайта өңдеу өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі жұмыстар кешені;";

      36) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "36) топтық резервуарлық қондырғы – ыдыстар тобынан, сақтандыру-бекіту және реттеу арматурасынан, газ құбыржолдарынан тұратын және сұйытылған мұнай газын сақтауға және газ тұтыну жүйелеріне беруге арналған инженерлік құрылысжай;";

      2) 6-бапта:

      7) және 18-5) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің, сұйытылған мұнай газын Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары (бұдан әрі – өнім беру жоспары) шеңберінде тауар биржаларынан тыс көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын, сондай-ақ оларды белгілеу қағидаларын бекітеді;";

      "18-5) өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс бөлінген сұйытылған мұнай газын бөлу жөніндегі комиссия туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 18-7) және 18-8) тармақшалармен толықтырылсын:

      "18-7) сұйытылған мұнай газын есепке алу аспаптарының көлемдік көрсеткіштерін массалық көрсеткіштерге ауыстырудың өңірлік коэффициенттерін есептеу және сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерінің объектілерін пайдалану кезіндегі ысырапты есептеу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;

      18-8) өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс бөлінген сұйытылған мұнай газын бөлу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      3) 7-бапта:

      2-тармақ мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-2) газ толтыру станциялары, газ толтыру пункттері, автогаз құю станциялары иелерінің және өнеркәсіптік тұтынушылардың – қысыммен жұмыс істейтін түтіктерді сұйытылған мұнай газын сақтау үшін пайдаланатын олардың иелерінің тізілімін жүргізеді және өзінің интернет-ресурсында жариялайды;";

      4-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің, сұйытылған мұнай газын өнім беру жоспары шеңберінде көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын, сондай-ақ оларды белгілеу қағидаларын келіседі;";

      мынадай мазмұндағы 4-2-тармақпен толықтырылсын:

      "4-2. Мемлекеттік кіріс органы уәкілетті органға сұйытылған мұнай газының айналымы туралы ақпарат береді.";

      5-тармақта:

      1-2) және 1-3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-2) өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс бөлінген сұйытылған мұнай газының көлемдерін бөлуді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады;

      1-3) сұйытылған мұнай газының көлемдерін бөлу жөніндегі комиссияларды құрады;";

      мынадай мазмұндағы 1-4), 1-5), 1-6) және 6-4) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-4) сұйытылған мұнай газының көлемдерін бөлу жөніндегі комиссия туралы ережелерді әзірлейді және бекітеді;

      1-5) тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың алдағы тоқсанға сұйытылған мұнай газына деген қажеттілігін айларға бөле отырып, уәкілетті органға тоқсан сайын береді;

      1-6) топтық резервуарлық қондырғылар иелерінің тізілімін жүргізеді және интернет-ресурста жариялайды;";

      "6-4) сұйытылған мұнай газын есепке алу аспаптарының көлемдік көрсеткіштерін массалық көрсеткіштерге ауыстыру коэффициенттерін бекітеді;";

      4) 10-бапта:

      3-тармақта:

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі газ толтыру станцияларының, газ толтыру пункттерінің, топтық резервуарлық қондырғылардың және автогаз құю станцияларының осындай объектілерді пайдалануды жүзеге асыратын иелері;";

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Нақ сол тұлға бір мезгілде газ толтыру станциясының, газ толтыру пунктінің, топтық резервуарлық қондырғының және (немесе) автогаз құю станциясының иесі бола алады.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Уәкілетті орган сұйытылған мұнай газын өндірушілерді есепке алуды жүргізеді және олардың тізбесін өзінің интернет-ресурсында жариялайды.";

      мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Мыналарға:

      1) екі және одан көп жеке және (немесе) заңды тұлғаның бір мезгілде нақ сол газ толтыру станцияларын пайдалануына;

      2) газ толтыру станциялары мен газ толтыру пункттері иелерінің сұйытылған мұнай газын сақтауға, қотару мен құюға арналған технологиялық өзара байланысты өндірістік және өзге де объектілерді, инженерлік құрылысжайларды үшінші тұлғаларға иеленуге және (немесе) пайдалануға беруіне тыйым салынады.";

      5) 17-баптың 4-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) сұйытылған мұнай газын өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде өндіруді жүзеге асырған, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 722-бабының 1-тармағына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие жер қойнауын пайдаланушылардан тікелей сатып алынған сұйытылған мұнай газы меншік иелерінің өткізуіне жол беріледі.";

      6) 19-баптың 4-тармағы "жүзеге асыратын" деген сөздерден кейін "газ толтыру станциясының," деген сөздермен толықтырылсын;

      7) 20-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және сұйытылған мұнай газын өнім беру жоспары шеңберінде көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын белгілеу қағидаларында айқындалған жағдайларда және тәртіппен Қазақстан Республикасында тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын мемлекеттік реттеу белгіленуі мүмкін.";

      5-тармақ алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:

      "5-1. Сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі өнім беру өңіріне және оны сатып алуды жүзеге асыратын сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері субъектілерінің санатына қарай айқындалуы мүмкін.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Тауарлық газды ішкі нарықта немесе сұйытылған мұнай газын өнім беру жоспары шеңберінде өткізуді жүзеге асыратын тұлғалар белгіленген шекті бағаларды асырып жібермеуге міндетті.";

      8) 26-баптың 2-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) сұйытылған мұнай газын өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде өндіруді жүзеге асырған, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 722-бабының 1-тармағына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие жер қойнауын пайдаланушылардан тікелей сатып алынған сұйытылған мұнай газының меншік иелері жүзеге асыруға құқылы.";

      9) 27-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізуді:

      1) сұйытылған мұнай газының өндірістік объектілерінің меншікті құю эстакадалары арқылы – сұйытылған мұнай газын өндірушілер;

      2) сұйытылған мұнай газын өндірушілердің өндірістік объектілерінің құю эстакадалары арқылы – өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;

      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және Қазақстан Республикасының аумағына тұтыну үшін әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері;

      4) сұйытылған мұнай газы топтық резервуарлық қондырғылардың, газ толтыру пункттерінің және (немесе) автогаз құю станцияларының иелеріне өткізілген жағдайда – газ толтыру станциялары арқылы осындай газ толтыру станцияларының иелері;

      5) сұйытылған мұнай газын өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде өндіруді жүзеге асырған, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 722-бабының 1-тармағына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие жер қойнауын пайдаланушылардан тікелей сатып алынған сұйытылған мұнай газының меншік иелері жүзеге асыруға құқылы.

      Өзге тұлғалар сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізуді жүзеге асыруға құқылы емес.";

      3-тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) сұйытылған мұнай газын өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде өндіруді жүзеге асырған, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 722-бабының 1-тармағына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие жер қойнауын пайдаланушылардан тікелей сатып алынған сұйытылған мұнай газының меншік иелері ие болады.";

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Сұйытылған мұнай газын өндірушілердің өндірістік объектілері сұйытылған мұнай газын автомобиль арқылы құю эстакадаларымен жарақтандырылуға тиіс.";

      10) 27-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "27-1-бап. Сұйытылған мұнай газын өнім беру жоспары шеңберінде Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізу

      1. Қазақстан Республикасы ішкі нарығының сұйытылған мұнай газына деген қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында уәкілетті орган өзі айқындайтын тәртіппен өнім беру жоспарын қалыптастырады және оны өзінің интернет-ресурсында жариялайды.

      Өнім беру жоспары уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы қалыптастырылады.

      2. Өнім беру жоспарында мыналар көрсетіледі:

      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілердің атауы және олар мәлімдеген сұйытылған мұнай газын өндіру көлемдері;

      2) сұйытылған мұнай газын әрбір өндіруші облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органы бекіткен бөлуге сәйкес Қазақстан Республикасының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігіне (бірліктеріне) беруге міндетті болатын сұйытылған мұнай газының көлемдері;

      3) Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес тауар биржалары арқылы Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізілуі міндетті сұйытылған мұнай газының көлемдері.

      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өнім беру жоспары шеңберінде бөлінген сұйытылған мұнай газының көлемдерін бөлуді бекітеді, оны өзінің интернет-ресурсында жариялайды және уәкілетті орган мен сұйытылған мұнай газын өндірушілерге жібереді.

      4. Өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілер, оның меншік иелері өнім беру жоспарын және сұйытылған мұнай газының бөлінген көлемдерін бөлуді орындауға міндетті.

      5. Осы баптың 4-тармағында аталған тұлғалар өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізетін сұйытылған мұнай газын сатып алу құқығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының тізілімдеріне енгізілген:

      1) газ толтыру станцияларының иелері – топтық резервуарлық қондырғылардың, газ толтыру пункттерінің және автогаз құю станцияларының иелеріне кейіннен көтерме саудада өткізу, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өнеркәсіптік тұтынушыларға тұрмыстық баллондарда бөлшек саудада өткізу және (немесе) өздеріне меншік құқығында және (немесе) өзге де заңды негіздерде тиесілі топтық резервуарлық қондырғылар, газ толтыру пункттері және автогаз құю станциялары арқылы бөлшек саудада өткізу үшін қажетті көлемдерде;

      2) қоғамдық маңызы бар нарықтардың субъектілері болып табылатын топтық резервуарлық қондырғылардың иелері – өздерінің технологиялық циклдарына сәйкес осындай топтық резервуарлық қондырғылар арқылы тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға кейіннен бөлшек саудада өткізу үшін қажетті көлемдерде;

      3) газ толтыру пункттерінің иелері – тұрмыстық баллондарда кейіннен бөлшек саудада өткізу үшін қажетті көлемдерде;

      4) автогаз құю станцияларының иелері – көлік құралдарына құю арқылы тұтынушыларға осындай автогаз құю станциялары арқылы кейіннен бөлшек саудада өткізу үшін қажетті көлемдерде;

      5) сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру кезінде шикізат ретінде пайдалану үшін қажетті көлемдерде ие болады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында аталған тұлғаларға беру мақсаттары үшін пропан-пропилен және (немесе) бутан-бутилен фракциялары да сұйытылған мұнай газы деп танылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында аталған тұлғалардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

      6. Осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігінде аталған, сұйытылған мұнай газын одан әрі өткізу мақсаттары үшін өнім беру жоспары шеңберінде сатып алуды жүзеге асырған тұлғалар сатып алынған сұйытылған мұнай газын өнім беру жоспары шеңберінде бөлінген облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағы шегінде ғана өткізуге міндетті.

      7. Сұйытылған мұнай газының көлемдерін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың алушылары арасында бөлу кезінде сұйытылған мұнай газын:

      1) топтық резервуарлық қондырғылар арқылы;

      2) тұрмыстық баллондарды есепке алу жүйелері берген бірегей кодтары бар тұрмыстық баллондарда;

      3) автогаз құю станциялары арқылы кейіннен бөлшек саудада өткізу мақсаттары үшін беруге арналған өтінімдердің орындалуына басымдық беріледі.

      8. Егер сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушы сұйытылған мұнай газы фракцияларының бір бөлігін ғана тұтынса, онда сұйытылған мұнай газының қалған фракциялары осындай өнеркәсіптік тұтынушының өндірістік объектілерінен тиеп-жөнелту және оның сұйытылған мұнай газы фракцияларын алуы үшін қажетті мерзімдер ескеріле отырып, осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлғаларға өнім беру жоспары шеңберінде бөлінуге жатады.

      9. Осы баптың ережелері:

      1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде, Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген;

      2) тиісті инвестициялық келісімшартта көрсетілген шикі газды қайта өңдеу жөніндегі инвестициялық жобаның өзін-өзі ақтау кезеңі ішінде, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жобаны іске асыру кезінде газ және газбен жабдықтау саласындағы әріптестік шеңберінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелеріне қолданылмайды.";

      11) 28-бапта:

      1-тармақтың 3) тармақшасы мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте қыс мезгілінде топтық резервуарлық қондырғылардың ыдыстарында шөгетін сұйытылған мұнай газының фракциялары (бутандар) уәкілетті орган айқындайтын тауарлық газды және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану тәртібіне сәйкес сұйытылған мұнай газын өзге де тұтынушыларға өткізілуі мүмкін;";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Сұйытылған мұнай газын тұрмыстық баллондарда бөлшек саудада өткізуді тұрмыстық баллондардың жарамды техникалық жай-күйін қамтамасыз етуге міндетті газ толтыру станциялары мен газ толтыру пункттерінің иелері жүзеге асырады.

      Бұл ретте сұйытылған мұнай газын тұрмыстық баллондарға құюға газ толтыру станциялары мен газ толтыру пункттерінде ғана жол беріледі.";

      6-тармақта:

      бірінші абзац "Газ" деген сөзден кейін "толтыру станциялары мен газ" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) тармақша "газ" деген сөзден кейін "толтыру станциясы мен газ" деген сөздермен толықтырылсын;

      7-тармақта:

      2) тармақша алып тасталсын;

      3) тармақшадағы "пайдалануына тыйым салынады." деген сөздер "пайдалануына;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газын тұрмыстық баллондарға құюға тыйым салынады.";

      12) 34-бапта:

      4-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) осы Заңның 27-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы 2024 жылғы 30 маусымға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "1) сұйытылған мұнай газының өндірістік объектілерінің құю эстакадалары арқылы – сұйытылған мұнай газын өндірушілер;";

      2) тармақшадағы "2022 жылғы 1 қаңтар – 2024 жылғы 31 желтоқсан аралығында" деген сөздер "2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5-тармақ алып тасталсын.

      3. "Табиғи монополиялар туралы" 2018 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      24-бапта:

      7-тармақта:

      бірінші бөлікте:

      1) тармақшадағы "екі" деген сөз "бес" деген сөзбен ауыстырылсын;

      2) тармақшадағы "бес" деген сөз "он" деген сөзбен ауыстырылсын;

      екінші бөліктегі "жобалау мен салудың нормативтік кезеңіне" деген сөздер "үш жылға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:

      "7-1. Құрылыстың нормативтік ұзақтығы үш жылдан асқан жағдайда, техникалық шарттардың қолданылу мерзімі құрылыстың басталғаны туралы растаушы құжаттардың ұсынылу талабымен құрылыс кезеңіне ұзартылады.

      Құрылыстың басталғаны туралы растаушы құжаттар ұсынылмаған жағдайда, техникалық шарттар берілген күнінен бастап үш жыл өткен соң жарамсыз деп есептеледі.";

      16-тармақтың екінші бөлігіндегі "бір жұмыс күні" деген сөздер "үш жұмыс күні" деген сөздермен ауыстырылсын.

      4. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      2-баптың 5 және 6-тармақтары алып тасталсын.

      2-бап.

      1. Осы Заң:

      1) 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 4-тармағын;

      2) 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағы 10) тармақшасының бірінші – үшінші, бесінші – жетінші, тоғызыншы – жиырма жетінші абзацтарын;

      3) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағы 4) тармақшасының тоғызыншы – он екінші абзацтарын, 11) тармақшасының он екінші және он үшінші абзацтарын, 3-тармағын;

      4) 2024 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағы 1) тармақшасының алтыншы абзацын, 9) тармақшасының он екінші және он үшінші абзацтарын, 10) тармақшасының төртінші абзацын;

      5) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2-тармағы 10) тармақшасының сегізінші абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылыс жүргізіліп жатқан техникалық шарттарды қоспағанда, осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген газбен жабдықтау жүйесіне қосылуға арналған техникалық шарттар берілген күнінен бастап үш жыл өткен соң, бірақ 2024 жылғы 1 шілдеден кейін өз қолданысын тоқтатады деп белгіленсін.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады