Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 5 шiлдедегi № 16-VIII ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 14-баптан қараңыз
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

      Осы Заң Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы – бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағында ядролық қару сынақтарының салдарынан нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген арнаулы құқықтық режим қолданылатын Қазақстан Республикасы аумағының шектеулі бөлігі;

      3) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағының паспорты – аумақты сипаттайтын көрсеткіштер жүйесін, аумақ пен функционалдық аймақтардың тұрған жері көрсетілген, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының инфрақұрылым объектілері, географиялық координаттары белгіленген, оның аумағының шекаралары, алаңдары сипатталған карта-схеманы, күзету режимдерінің түрлерін, рұқсат етілген және тыйым салынған қызмет түрлерін, бару қағидаларын, жұмыс істеу режимін, жер учаскелерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылар, олардың міндеттемелері туралы мәліметтерді қамтитын құжат;

      4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті ұйым (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік кәсіпорындар қатарынан осы Заңға сәйкес айқындалатын заңды тұлға;

      5) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының инфрақұрылым объектілері (бұдан әрі – инфрақұрылым объектілері) – Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында орналасқан және оның жұмыс істеуі үшін пайдаланылатын өндірістік алаңдар мен сынақ алаңдарының, техникалық құралдардың, құрылғылардың, инженерлік және көліктік коммуникациялардың, ғимараттардың, құрылысжайлар мен олардың кешендерінің, жер учаскелерінің кешені;

      6) ядролық қару сынақтары жүргізілген аумақтарды кешенді экологиялық зерттеп-қарау (бұдан әрі – кешенді экологиялық зерттеп-қарау) – ядролық қару сынақтарының салдарынан нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында және (немесе) оған іргелес аумақтарда қоршаған ортаның жай-күйін бағалауға бағытталған радиоэкологиялық зерттеп-қарау.

2-бап. Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

3-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру мақсаттары, міндеттері және заңнамалық реттеу қағидаттары

      1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы Қазақстан Республикасында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағының жерлерін шаруашылық айналымға біртіндеп қайтаруға мүмкіндік жасау үшін оның аумағын оңалту мақсатында құрылады.

      2. Мыналар Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру міндеттері болып табылады:

      1) мемлекеттің ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында және оған іргелес жерлерде ядролық қаруды таратпау режимін қолдап отыру жөніндегі міндеттемелерін орындау;

      2) инфрақұрылым объектілерін тиімді басқаруды және оларға тиісінше қызмет көрсетуді, оларды жөндеуді, реконструкциялауды және жаңғыртуды ұйымдастыру;

      3) радиоактивті ластанудың таралуын шектеу, нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған жерлерді оңалту және Семей ядролық қауіпсіздік аймағының қауіпсіздігін күшейту бойынша жұмыстар жүргізу;

      4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағында атмосфералық ауаның, жерасты және жерүсті суларының, топырақ пен өсімдіктердің радиоактивті ластану деңгейіне тұрақты мониторингті қамтамасыз ету, сондай-ақ радионуклидтердің таралу параметрлерін айқындау;

      5) атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоэкология саласында ғылым мен техниканы дамыту.

      3. Мыналар Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның қызметін жүзеге асыру саласындағы заңнамасының қағидаттарына жатады:

      1) қауіпсіздік – кешенді экологиялық зерттеп-қарау, радиоактивті ластану деңгейіне мониторинг жүргізу кезінде радиоэкологиялық ахуалды сапалы және анық талдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ радионуклидтердің таралу параметрлерін айқындау;

      2) жариялылық – Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі туралы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ осы Заңды іске асыруға байланысты қызметті жазып-көрсету жөніндегі іс-шараларды өткізу;

      3) таратпау – Қазақстан Республикасының ядролық материалдардың таралуын шектеу және Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындау;

      4) болғызбау – радиоактивті ластанудың таралуын шектеуге және нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалтуға бағытталған қызметті жүзеге асыру.

2-тарау. СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК АЙМАҒЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖҰМЫС ІСТЕУІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы құзыретіне мыналар жатады:

      1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;

      2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, оның жер учаскелерінің шекараларын, алаңдарын белгілеу және өзгерту;

      3) уәкілетті органның ұсынуы бойынша уәкілетті ұйымды айқындау;

      4) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындау.

5-бап. Мемлекеттік органдардың Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы құзыреті

      1. Уәкілетті органның құзыретіне мыналар жатады:

      1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы қызметті салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;

      3) кешенді экологиялық зерттеп-қарау жүргізуді ұйымдастыру;

      4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын белгілеуді және оларды өзгертуді негіздейтін кешенді экологиялық зерттеп-қарау материалдарын келісу;

      5) босалқы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жерлеріне ауыстыру қағидаларын әзірлеу және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсыну;

      6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру туралы, оның жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын белгілеу және өзгерту, босалқы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жерлеріне ауыстыру туралы ұсыныс енгізу;

      7) Қазақстан Республикасының Үкіметіне уәкілетті ұйымды айқындау туралы ұсыныс енгізу;

      8) уәкілетті ұйымның Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын өзгерту туралы ұсынысын келісу;

      9) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағының паспортын әзірлеу және тіркеу (қайта тіркеу) қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      10) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағының паспортын тіркеу (қайта тіркеу);

      11) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша кешенді экологиялық зерттеп-қарау жүргізу әдістемесін әзірлеу және бекіту;

      12) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Семей ядролық қауіпсіздік аймағында атмосфералық ауаның, жерасты және жерүсті суларының, топырақ пен өсімдіктердің радиоактивті ластану деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізу, сондай-ақ радионуклидтердің таралу параметрлерін айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      13) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне мыналар жатады:

      1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын белгілеуді және оларды өзгертуді негіздейтін кешенді экологиялық зерттеп-қарау материалдарына мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу;

      2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның құзыретіне мыналар жатады:

      1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында азаматтардың денсаулығын қорғауға бағытталған санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын белгілеуді және оларды өзгертуді негіздейтін кешенді экологиялық зерттеп-қарау материалдарына санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

6-бап. Шекараларында Семей ядролық қауіпсіздік аймағы орналасқан облыстардың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті

      Шекараларында Семей ядролық қауіпсіздік аймағы орналасқан облыстардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне мыналар жатады:

      1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асыру;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру.

3-тарау. СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК АЙМАҒЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖҰМЫС ІСТЕУІ

7-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, оның жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын белгілеу немесе өзгерту

      1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, оның жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын белгілеу немесе өзгерту, сондай-ақ босалқы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жерлеріне ауыстыру туралы ұсынысты уәкілетті ұйым кешенді экологиялық зерттеп-қараудың негіздемесін, нәтижелерін және мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын ұсына отырып, уәкілетті органға енгізеді.

      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, оның жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын белгілеу немесе өзгерту, сондай-ақ босалқы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жерлеріне ауыстыру туралы актісінің жобасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және шекараларында Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жер учаскелері орналасқан облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен келісіледі.

      3. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдары мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы болған кезде кешенді экологиялық зерттеп-қарау материалдарының негізінде белгіленеді немесе өзгертіледі.

      4. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер пайдалануға берілген жер учаскелерін қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде құрылады. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жерлері иеліктен шығарылуға жатпайды.

      5. Уәкілетті орган Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын өзгерту туралы ұсынысты осы баптың 1-тармағында көрсетілген материалдар енгізілген күннен бастап алпыс жұмыс күні ішінде қарайды.

      6. Уәкілетті орган:

      1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын өзгерту туралы ұсыныс мемлекеттік саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген;

      2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын өзгерту туралы ұсыныс Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген;

      3) ұсынылған материалдар толық болмаған жағдайларда, уәкілетті ұйымның Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын өзгерту туралы ұсынысын қабылдамайды.

      Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын өзгерту туралы ұсынысты қабылдамау Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын өзгерту туралы ұсынысты қайтадан енгізуге кедергі болмайды.

      7. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекаралары мен алаңдарын қайта қарау рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі бастамашылық жасауы мүмкін.

      8. Жергілікті жерде Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасы арнаулы ескерту белгілерімен белгіленеді.

8-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі

      1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында осы Заңға, Қазақстан Республикасының салық, жер, экология заңнамасына сәйкес Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі шарттарының жиынтығы болып табылатын арнаулы құқықтық режим қолданылады.

      2. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жерлері өнеркәсіп, көлік, байланыс жерлері, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, ядролық қауіпсіздік аймағы мұқтажына арналған жерлер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жерлер санатына жатады.

      3. Инфрақұрылым объектілері мемлекеттік меншік болып табылады.

9-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы негізгі қызмет түрлері

      1. Мыналар Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы негізгі қызмет түрлері болып табылады:

      1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының және инфрақұрылым объектілерінің ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасының ұлттық және халықаралық міндеттемелері шеңберінде Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету;

      3) ядролық сынақтар салдарының әсерін болғызбау, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының радиоактивті ластанған жерлерін оңалту және оның қауіптілігін төмендету;

      4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының стратегиялық объектілерін физикалық қорғау жүйелерін құру және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      5) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында радиоактивті және қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу, оларды сақтау және көму үшін орналастыру;

      6) қауіпті өнеркәсіптік объектілердегі авариялар мен оқыс оқиғаларға ден қою, сондай-ақ олардың салдарын жою бойынша оқу-жаттығу қызметін жүзеге асыру;

      7) атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоэкология саласында ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізу.

      2. Уәкілетті ұйым Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы негізгі қызмет түрлерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      3. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін және уәкілетті мемлекеттік органдар мен тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің функцияларын орындауға бағытталған өзге де қызметті қоспағанда, өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыруға тыйым салынады.

      4. Семей ядролық қауіпсіздік аймағында негізгі қызмет түрлерін орындау үшін уәкілетті ұйымның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бөгде ұйымдарды тартуға құқығы бар.

      5. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттерін салу және салу ауданы туралы шешім Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес қабылданады.

      Қауіпті қалдықтардың полигондарын салу және салу ауданы туралы шешім Қазақстан Республикасының Экология кодексіне сәйкес қабылданады.

10-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы стратегиялық объектілерінің күзетілуін қамтамасыз ету

      1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы стратегиялық объектілерінің күзетілуін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдар, ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдары жүзеге асыра алады.

      2. Уәкілетті ұйым Семей ядролық қауіпсіздік аймағының стратегиялық объектілерін мемлекеттік күзетуді жүзеге асыратын субъектілермен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

      3. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы стратегиялық объектілерінің физикалық қорғалуын қамтамасыз ету тәртібі мемлекеттік күзетілуге жататын объектілердің инженерлік-техникалық тұрғыдан нығайтылуы жөніндегі талаптарда айқындалады.

11-бап. Уәкілетті ұйымның функциялары

      1. Уәкілетті ұйым Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) кешенді экологиялық зерттеп-қарауды жүргізу, мемлекеттік экологиялық сараптаманың және санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындыларын алу;

      2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мен инфрақұрылым объектілерінің ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ұйымдастыру;

      3) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері шеңберінде Семей ядролық қауіпсіздік аймағында ядролық қаруды таратпау режимін қолдап отыру және нығайту саласындағы іс-шараларды орындау;

      4) инфрақұрылым объектілерінің сенімді және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      5) ядролық қаруды, радиоактивті заттарды сынау салдарының әсерін болғызбау және Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумақтарын қауіпсіз деңгейге дейін оңалту жөніндегі іс-шараларды іске асыру;

      6) Семей ядролық қауіпсіздік аймағында атмосфералық ауаның, жерасты және жерүсті суларының, топырақ пен өсімдіктердің радиоактивті ластану деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізу, сондай-ақ радионуклидтердің таралу параметрлерін айқындау;

      7) инфрақұрылым объектілерін салу, жөндеу және негізгі қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін қаражат тарту;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында радиоактивті қалдықтарды сақтау мен көму пунктерін, қауіпті қалдықтар полигондарын құру;

      9) радиоактивті қалдықтармен және иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істеу;

      10) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында сақталатын радиоактивті қалдықтарды және пайдаланылған ядролық отынды есепке алу мен бақылауды жүргізу;

      11) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында табиғат қорғау іс-шараларын әзірлеу және орындау;

      12) осы Заңды іске асыруға байланысты қызметті жазып-көрсету жөніндегі іс-шараларды жүргізу, халыққа радиациялық ахуал, оны жақсарту бойынша қабылданатын шаралар, сондай-ақ Семей ядролық қауіпсіздік аймағының құқықтық режимі және оны бұзғаны үшін жауаптылық туралы хабарлау;

      13) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының стратегиялық объектілерін физикалық қорғау жүйелерін құру және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асыру;

      14) жергілікті жерде Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекараларын арнаулы ескерту белгілерімен белгілеу;

      15) мемлекеттік органдар мен ұйымдарға осы Заңды іске асыруға байланысты қызмет туралы ақпаратты олардың сұрау салулары бойынша беру.

      2. Уәкілетті ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, атом энергиясы пайдаланылатын пайдаланушы объектілермен жұмыс істеудің барлық кезеңінде авариялық әзірлік және ден қою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді.

12-бап. Уәкілетті ұйымның қызметін қаржыландыру

      1. Уәкілетті ұйымның қызметін қаржыландыру мыналардың:

      1) уәкілетті ұйым ұсынатын (орындайтын) көрсетілетін қызметтер (жұмыстар) үшін сыйақының;

      2) нысаналы қарыздық қаржыландырудың;

      3) жарғылық капиталға енгізілген мүліктің;

      4) бюджет қаражатының;

      5) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған уәкілетті ұйымның қызметінен түсетін өзге де кірістердің есебінен жүзеге асырылады.

      2. Уәкілетті ұйымның қызметін бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалады.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

13-бап. Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

14-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады